Жемқорлықпен күрес Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті
Адамзат тарих сахнасына шыққан ғасырлар үрдісінде ақыл-ойдың теңдесі жоқ талай-талай тамаша үлгілерін жасады. Ғылымды ғарыштық қадамдармен дамытып, тәрбие-тәлімін баламасыз биік тұғырларға шығарды.
Алайда, өркениет асқарына шыққан адамзаттың «тамырына балта шаба алмай» отырған бір кеселі бар. Ол – адамзат әлмисақтан арыла алмай келе жатқан «сыбайлас жемқорлық» атты індет. Жаһанды жайлаған бұл қауіпті кеселден біздің еліміз де ада емес.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет»- деп атап айтқан. Ұлт жоспарындағы 13-қадам осы кеселді жоюға арналған.
Ғылымда жемқорлық түрлерін былай жіктейді:
Іскерлік саладағы жемқорлық, корпоративтік (бірлесе жеу, жең ұшынан жалғасып, топтаса тонау), тұрмыстық (жол-жоралғы, орамалын беріп шаруасын шешу), саяси немесе партиялық жемқорлық.
Жемқорлықтың соңғы түрі барлық дамыған елдерде орын алған. Біздің елімізде ол әлі дами қойған жоқ.
Сондықтан оның алдын алу – қазіргі таңдағы басты міндет.
Қазіргі таңда жемқорлық бір елдің шеңберінде ғана шектелген індет емес. Ол жаһандану заманындағы ғаламдық құбылысқа айналып отыр.
Мәселен, БҰҰ соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық кеселіне қарсы бірнеше конвенция қабылдауға мәжбүр болды.
Еуро одақ сол конвенциялардың барлығын мақұлдады.
Жемқорлыққа қарсы күрес жөнінен біздің еліміз ТМД елдерінің арасындағы алдыңғы қатарда тұр. Қазақстан достастық елдері арасында ең алғашқы болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заң қабылдады.
Жалпы, жемқорлықтан таза ел болу үлкен проблема. Бұл індеттен тазару-жалпы ұлттық үлкен күрестің арқасында жүзеге аспақ. Осыған орай Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жалпы ұлттық жоспарын жариялады.
Елбасы ашық алға қойып отырған бұл күрес елімізде бұлтартпайтын заңдылықты орнату. Бұл еліміздің барлық халқы қолдап отырған басты мақсат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жалпы ұлттық жоспарына сай 2008 жылы «НұрОтан» партиясы жанынан Республикалық , облыстық және аудандық деңгейде жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестер құрылды.
Бұлар консультативтік – кеңестік органдар болып табылады. Кеңестің жұмысы жемқорлықтың шығу фактілерін жаппай әшкерелеу және құзіретті органдарға тиісті ұсыныстар енгізе отырып, оған қатысы бар тұлғаларды жауапқа тарту жолы арқылы жүзеге асырылады.
Осындай қоғамдық кеңес Тарбағатай ауданында 21 – ақпан 2008 жылы құрылды. Құрамы 7 адамнан тұрады. Кеңес типтік ереже негізінде ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын басшылыққа алып жұмыс істейді.
Кеңестің алғашқы отырысында жоспары бекітіліп, кеңес мүшелеріне міндеттер бөлінді. Қоғамдық кеңестің аудандық ақсақалдар кеңесі және жастар ұйымдарымен бірлесіп аудан халқына арнаған Үндеуі аудандық «Тарбағатай» газетінде жарияланды.
Сондай-ақ жергілікті баспасөзде «Қоғамдық кеңес халықтың қолдауына сүйенеді» деген тақырыпта кеңес төрағасының сұхбаты берілді.
Онда кеңестің мақсат міндеті және атқаратын қызметі жөнінде халыққа түсінік берілді.
Кеңес әр жылда тоқсанына бір рет кеңейтілген отырыс өткізіп отырады. Оған аудан әкімі, құқық қорғау органдарының басшылары, мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері және мекеме басшылары қатысады.
Екі отырыс ашық түрде Ақсуат және Ақжар ауылдарында өтті. Оған бұқара халық та қатысты. Отырыстарда төмендегідей мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Аудандық ішкі істер бөлімінің, ауылдық округ әкімдерінің, мекеме басшыларының «Жемқорлыққа қарсы күрестің аудандық бағдарламасының» орындалу жөніндегі есептері .
Аудандық мәслихат депутаттарының халықпен жемқорлыққа байланысты кездесулердің қорытындысы туралы « НұрОтан» партиясы фракциясының төрағасының есебі.
Аудандық денсаулық сақтау бірлестіктерінің,құрылыс, білім беру және жер қатынастары бөлімдерінің, аумақтық басқарманың жемқорлыққа қарсы күрес ісінің жағдайлары туралы жұмыстары.
Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі аудандық коалиция құру туралы.
Республикалық «НұрОтан» партиясы ұйымдастырған «Өзіңнен баста» атты акцияға қатысу туралы.
Аудандағы орта мектеп директорларының арыз шағымдарымен жұмысы туралы есептері тыңдалды.
Отырыстарда осындай келелі мәселелерді тыңдаумен бірге кеңес ай сайын жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді де қарап, өтініш иелеріне уақытында жауаптар қайтарып отырды.
Қоғамдық кеңес мүшелері осы уақыттарда барлық ауылдарда және аудандағы ірі мекемелерде кездесулер өткізді.
Кеңес мүшелері арнайы жасаған кесте бойынша «НұрОтан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекшілік атқарады.
Кеңестің атқарған жұмыстары жөнінде аудандық «Тарбағатай» газетінің бірқатар нөмірлерінде хабарлар жарияланды.
Қоғамдық кеңеске осы уақытқа дейін бірнеше материалдар мен арыздар түсті. Арыздардың мазмұндары бойынша тиісті құқық қорғау органдарына жіберіліп, олардан келген жауаптар уақытында арыз иелеріне жолданып отырды.
Кеңеске түскен арыздың мазмұнына қарай және кеңес отырысында қаралатын мәселеге байланысты эксперттік комиссиялар мен жұмыс топтары құрылып, жұмыс жасайды.
Қоғамдық кеңестің тікелей араласуымен Республика көлемінде өткен «Өзіңнен баста» атты акцияға аудандағы мемлекеттік қызметкерлер мен лауазымды тұлғалар қатысып, аудандық «Тарбағатай» газетіне өздерінің табыстарын жариялады.
Қоғамдық кеңес аудандық ұлттық қауіпсіздік комитетімен, прокуратурамен, ауданаралық қаржы полициясымен және ішкі істер бөлімімен меморандум негізінде бірлесіп жұмыс істейді.
Кеңестің ұйымдастыруымен екі жылда бір рет «жемқорлыққа – жол жоқ!» атты аудандық Форумдар өткізіледі. Оның мақсаты «жемқорлыққа қарсы күреске бұқара халықты жұмылдыру» болып табылады.
Қорыта айтқанда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жемқорлықпен күрестің жалпы ұлттық жоспарын жариялады. Жоспарда жемқорлықпен күрестің нақты және тиімді жолдары айқындалған. Ендігі міндет – осы жоспарды орындауға халық болып жұмылу, ұлт болып ұйысу қажет. ҚР – ның әрбір азаматы жемқорлықпен күресуді өзінің ең басты міндеті деп түсінуі керек.
Ержан Құттыбаев – облыстық мәслихаттың депутаты, НұрОтан партиясы жанындағы Тарбағатай аудандық жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы.
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылы.
Достарыңызбен бөлісу: |