238-бап. Түрлендіру ұғымы және түрлері
1. Бір лицензия бойынша бір жер қойнауы учаскесін басқа лицензия бойынша басқа жер қойнауы учаскесіне (негізгі учаске) қосу тәсілімен немесе бір лицензия бойынша бір жер қойнауы учаскесінен басқа учаскені (бөлінген учаске) бөлу арқылы жүргізілетін аумақтық шекараларын өзгерту пайдалы қатты қазбаларды барлауға немесе өндіруге берілген жер қойнауы учаскелерін түрлендіру болып табылады.
2. Түрлендірілетін жер қойнауы учаскелерінің пайдаланушысы (пайдаланушылары) бір тұлға (тұлғалар) болып табылатын жағдайда жер қойнауы учаскелерін түрлендіруге жол беріледі.
3. Жер қойнауы учаскелерін түрлендіруді құзыретті орган жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзімде жүргізеді.
239-бап. Жер қойнауы учаскелерін қосу
1. Жер қойнауы учаскелерін қосу пайдалы қатты қазбаларды өндірудің бір учаскесін басқа өндіру учаскесіне қосқан жағдайда жүргізіледі.
2. Бір өндіру учаскесін басқа өндіру учаскесіне қосу мынадай шарттар сақталған:
1) қосылатын өндіру учаскесінің негізгі өндіру учаскесімен аралас шекарасы болған;
2) негізгі және қосылатын өндіру учаскелеріне ұстап тұру мәртебесі толық немесе бір бөлігінде берілмеген;
3) қосылатын өндіру учаскесіне арналған лицензия негізгі учаске бойынша өндіруге арналған лицензиядан кейін берілген;
4) егер негізгі немесе қосылатын өндіру учаскесін өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынған болса, кепіл ұстаушының қосылуға алдын ала келісімі болған;
5) негізгі және қосылатын өндіру учаскелерінің лицензиялары бойынша орындалмаған міндеттемелер болмаған кезде жүргізіледі.
3. Қосылған өндіру учаскесіне жүргізілген қосылу ескеріле отырып негізгі өндіру учаскесі лицензиясының күші қолданылады, ал қосылатын өндіру учаскесінің лицензиясы өз қолданысын тоқтатады. Өндіру учаскесін негізгі өндіру учаскесіне қосу негізгі учаскені өндіруге арналған лицензияға өзгерістер енгізумен ресімделеді.
240-бап. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару
1. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару мынадай:
1) барлауға арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі бөліп шығарылған;
2) өндіруге арналған лицензия бойынша жер қойнауы учаскесінің бір бөлігі бөліп шығарылған жағдайларда жүргізіледі.
2. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару мынадай шарттар сақталған:
1) бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесінің ұстап тұру мәртебесі болмаған;
2) егер бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіне арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынса, кепіл ұстаушының бөліп шығаруға алдын ала келісімі болған;
3) бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіне арналған лицензия бойынша орындалмаған міндеттемелер болмаған;
4) бөліп шығарылған учаскедегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түрі бөліп шығару жүргізілетін жер қойнауы учаскесіндегі жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар түріне сәйкес келген кезде жүргізіледі.
3. Жер қойнауы учаскесін бөліп шығару бөліп шығарылатын жер қойнауы учаскесіне арналған лицензияға өзгерістер енгізумен және бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесіне жеке лицензия берумен ресімделеді.
4. Бөліп шығарылған жер қойнауы учаскесі бойынша барлауға арналған лицензия мерзімі учаскенің бір бөлігін бөліп шығару жүргізілген жер қойнауы учаскесін барлауға арналған лицензияның қалған мерзіміне тең болады.
5. Бөліп шығарылған учаске бойынша өндіруге арналған лицензия мерзімі учаскенің бір бөлігін бөліп шығару жүргізілген жер қойнауы учаскесін өндіруге арналған лицензияның қалған мерзімінің ұзақтығымен айқындалады.
6. Жер қойнауы учаскелерін учаскені бөліп шығару арқылы түрлендіру осы Кодекстің 191 және 208-баптарында көзделген міндеттемелердің көлемін жер қойнауы учаскелерінің пайда болған аумақтарының көлемдеріне пропорционалды түрде өзгертуге және қайта есептеуге алып келеді.
241-бап. Жер қойнауы учаскесін түрлендіруге арналған өтініш
1. Жер қойнауы учаскесін түрлендіруге арналған өтініш құзыретті орган белгілеген нысан бойынша жасалады.
2. Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) түрлендіру тәсіліне нұсқау;
2) түрлендірілетін учаскелерді пайдаланатын жер қойнауын пайдаланушы туралы мәліметтер:
жеке тұлғалар үшін - өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер, өтініш иесін салық төлеуші ретінде тіркеу туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін - өтініш иесінің толық атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу және салық органдарында тіркеу туралы мәліметтер, басшылары туралы мәліметтер;
3) лицензияларға және түрлендірілуге жататын жер қойнауы учаскелеріне нұсқау.
3. Өтініш қазақ және орыс тілдерінде беріледі.
4. Өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін тұлғаның, егер мұндай тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өкілеттігін растайтын құжат өтінішке қоса беріледі.
Өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде жасалуы тиіс. Өтінішке қоса берілетін шет тілде жасалған құжаттардың көшірмелері дұрыстығын нотариус куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен ұсынылады.
5. Лицензиялық учаскелерді түрлендіру туралы мәселені құзыретті орган өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде мұндай түрлендірудің әрбір жағдайы үшін жеке-жеке қарайды.
6. Құзыретті органның жер қойнауы учаскелерін түрлендіруден бас тартуы уәжді болуға тиіс және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтініш иесі бас тарту туралы хабарлама алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде даулауы мүмкін.
32-тарау. Пайдалы қатты қазбаларды қайта өңдеу туралы келісім
Достарыңызбен бөлісу: |