1.2 Жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық қатынастарды реттеудің қағидаттары мен әдістері
Құқықтың кез келген саласының ықпал етер ауқымындағы қатынастарды ғылыми тұрғыдан зерттеу үшін оның қағидаттары мен ұстанымдарын анықтап алу қажет. Бұл дегеніміз - оның негізделмек идеялар, құқық саласына негіз болған, оның мәнін білдіретін және оның әрекет етуін белгілейтін бағдар берер бастауларды анықтап алу деген сөз.
Құқықтық норма мен құқықтық қатынас атаулының бәрінің негізінде қағидаттар жататыны белгілі. Олар нормативті актілерде көрініс тауып, бекітілуі мүмкін, бекітіле тұра құқық нормаларының жиынтығынан логикалық тұрғыдан келіп шығуы да мүмкін.
Қолданылмақ құқықты шығару мен жүзеге асырудың негізі бола отырып қағидаттар қоғамдық өмірдің барлық саласын одан ары демократияландыру мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға бағдарланады. А.А.Хаджиев дұрыс көрсеткендей, «қағидаттар субстанция ретінде, құқықтық материя құрылғысының объективті түрде шарттас, бастапқы негіздері ретінде көрінеді, құқықтық реттеудің барлық жүйесін анықтайды» [32]. Ф.Н.Фаткуллин құқық қағидаттары «құқықтың мазмұнына тікелей енеді, ең маңызды нормалар ретінде беріледі, осы нормаларда шынайы бейнеленіп, шынайы бекітіледі» деп есептейді [33]. В.И.Леушин «құқық қағидаттары жалпы құқық үшін, оның жекелеген салалары мен құқықтық ірі институттар үшін құқық пен құқықтық реттеудің бірлігін қамтамасыз ететінін» нықтай түседі [12, с.120]. Н.Б.Мұхитдиновтің пікірінше, құқық қағидаттары «қоғамда бар объективті заңдылықтарды бейнелеуі жағынан алғанда объективті, ал қалыптасуы мен жүзеге асуы жағынан алғанда олар - субъективті санаттар» [16, с.101].
Бұл ғылыми көзқарастармен келісе отырып әрі зерттеуіміздің пәніне қатысты ғылыми әзірлемелерге сүйеніп, құқық қағидаттарының құқықтың қоғамдағы қызметі мен мәнін, мазмұнын сипаттайтын жетекші идеялар екендігі туралы қорытындыға келуге болады.
Сөз етіп отырған мәселеміз қаншалықты зерттелді десек те, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының қағидаттарының проблемалары өзектілігі мен маңыздылығын жоғалтқан жоқ.
Құқық қағидаттарын, әдетте, жалпы құқыққа тән, оның жеке салаларына тән я шектес салалар тобына тән сипаттарына қарай жалпықұқықтық, салалық (мысалы, жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының қағидаттары) я салааралық (мысалы, табиғат ресурстары жөніндегі құқық қағидаттары) деп бөледі. Осылай бола тұрақұқық қағидаттарының негізгі жіктемесі олардың құқықтық кеңістікті қамтитын ауқымына сүйенеді. Мұндайда құқықтық нормаларына бұған дейін кірген жетекші идеялар ғана құқық қағидаттары бола алады. Осыған орай С.С.Алексеевтің: «құқықтық нормаларда бекімеген негіздер құқық қағидаттарының қатарына кіре алмайды. Олар құқықтық сананың идеялары (негіздері), ғылыми тұжырымдар ғана болады, ал құқық қағидаттары бола алмайды», - деп атап көрсеткен пікірін ескерген жөн.
Құқықтық актілерге назар аударайық.
Қазақстан Республикасы Конституциясының мазмұнынан құқыққа тұтастай алғанда қолданылатын және құқықтың салаларының қай-қайсына да жеке алғанда қолданылатын жалпықұқықтық қағидаттарды айқындап алуға болады. Олар - демократияшылдық, адам құқығы мен бостандығына құрмет, Конституцияның жоғарылығы мен нормативтік құқықтық басқа актілерге қарағанда ратификацияланған халықаралық шарттардың басымдығы, азаматтардың тең құқылығы, меншік түрлері атаулының теңдігі және басқалар.
ҚР АК 5-бабында, егер заңнамада олқы тұс болатын болса, азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мәнісін ғана емес, адалдық, парасат пен әділдікті талаптарын (құқық аналогиясы) қолдану мүмкіндігіде қарастырылған. Бұл талаптардың жалпықұқықтық маңызы бар, сондықтан да оларды тілеулестік, парасат пен әділдік қағидаттарынан келіп шыққан деп ұйғарудың қисыны бар.
Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығына қолдануға болатын және осыған тән кейбір жалпықұқықтық қағидаттарды қарастырып көрейік:
1) демократизм қағидаты бойынша: құқық нормасы халықтың қатысуымен, тікелей референдум жолымен, қабылданады; заңшығарушы органда сайланған депутаттар арқылы қабылданады; жанама түрде, яғни, қалауы бойынша кез келген адамның өз пікірін білдіруге мүкіндік беріп заң жобаларын талқылау арқылы қабылданады;
2) әділдік қағидаты құқықтың жалпыұлттық мәнін білдіреді. Сонымен қоса бұл қағидат белгіленген заңнамалық талаптар орындалмаған жағдайда тиісті заңды жауаптылық жүктелетінін білдіреді;
3) құқықтар мен міндеттердің бірлігі қағидаты бойынша құқық бір тұтастық ретінде құқықтарды да, міндеттерді де қамтуы ұйғарылады. Мұндайда кез келген субъективті құқық, құқықтық қатынастардың басқа субъектісі тиісті міндеттерді орындаса ғана, жүзеге асады;
4) заңдылық қағидаты бойынша, құқықты я міндетті орындау заңда алдын ала белгіленген амалдар ретін қатаң сақтауға сүйенеді;
5) сот әділдігі қағидаты субъективті құқықтар мен заңды мүдделерді сот тәртібімен қорғауға берілетін кепілдікті білдіреді.
Бұлардан басқа, В.И.Леушин мен В.Д.Перевалов дұрыс көрсеткендей, мемлекет пен құқық дамуының көп ғасырлық тарихында құқықтық аксиомалар деген ат алған басқа да белгілі жалпықұқықтық қағидаттар қалыптасқан. Бұған мысал ретінде мынадай тұжырымдарды келтіруге болады: заңда кері күш болмайды; заң тыйым салмағанның бәріне ерік беріледі; өз ісіне ешкім де төреші бола алмайды; құқық бұзылған сол бір іс үшін екі рет жауапқа тартуға болмайды және т.б. [24, с.240]. Мұндай құқықтық қағидат-аксиомалардың бірқатары заңдарда бекіген.
Салааралық қағидаттар құқықтың шектес я тектес бірнеше саласына ықпал етеді. Мәселен, табиғат ресурстары жөніндегі құқық қағидаттары туралы айтатын болсақ, оларды, И.Б.Калининнің пікірі бойынша [35], табиғи ресурстарына және ресурстарды пайдалануға қатысты екі топқа бөліп қараған жөн. Оның тұрғысына сүйенсек, табиғи ресурстар мәртебесі мына қағидаттарға сүйенеді: табиғи ресурстардың мемлекет меншігі екендігі; табиғи ресурстарды азаматтық құқық айналымына шығару; табиғатта таусылмас ештеңе болмайтындықтан, табиғи ресурстардың шектеулілігі;табиғи ресурстарды өндіру мен пайдалануға энергия мен еңбек шығынының көбеюінен табиғи ресурстар мүмкіндігінің құлдырауы; табиғи ресурстарға мемлекеттің есеп жүргізуі; табиғи ресурс түрлерінің әралуандығын сақтау.
Ал ресурс пайдалану қағидаттарына мыналар жатқызылады: ресурс пайдаланудың ұтымдылығы, бұл - табиғи ресурстардың пайдалысын неғұрлым толық алу, ресурстардың сапасының нашарлауын болдырмау, өндіру мен пайдалану кезінде ресурс шығынын азайту; антропогендік қарекет қажеттіліктерін қанағаттандыра ресурс пайдаланудың тұрақтылығы; ресурс пайдаланудың қауіпсіздігі, бұған өндіру мен пайдалануда жоғары технологияларды таңдай білу арқылы қол жетеді; табиғи ресурстарды мақсатты түрде пайдалану, бұл - ресурс пайдаланушыға ресурсты лицензия немесе/және келісімшарт тағайындамасы мен шарттарына қатаң түрде сәйкестіріп пайдалану құқығын беру дегенді білдіреді; ең соңғысы, ресурс пайдаланудың мерзімділігі.
Әрине, И.Б.Калининнің кейбір пайымдауларымен келісе қою қиын. Мәселен, ол табиғи ресурстарды азаматтық құқық айналымынан шығарып тастауды табиғи ресурстар жөніндегі құқық қағидаттарының бірі деп таниды. Мұндай тұрғы Қазақстанның да, Ресейдің де қолданыстағы заңдарына қайшы келеді. Жоғарыда көрсетілгендей, жер қойнауын пайдалану құқығы заттық құқықтың бір түрі ретінде азаматтық заңнамаларда мүлікті жалға беру нысанына жатқызылады (ҚР АК 541-баптың 2-тармағы). Заңнамалық актілерде «жер қойнауы телімдері мен басқа да оңаша табиғи нысандары» да мүлікті жалға берудің, соның ішінде концессиялық келісім негізінде берудің, бір ерекшелігі ретінде қарастырылған (ҚР АК 541-баптың 4-тармағы). Осыған сәйкес норма РФ АК-нде де бар (607-бап). Оның үстіне, жер қойнауын пайдаланушылар мен/я табиғат пайдаланушылар алған табиғи ресурстар, мысалы, көмірсутек шикізаттары, кең тараған пайдалы қазбалар, су, емдік батпақтар, минералды шикізат сатып алу-сатудың және басқа азаматтық құқықтық келісімдердің нысаны бола адады. Сондықтан да бұларды азматтық құқық айналымынан алын\п тастау мүмкін емес.
Салалық қағидаттарға келетін болсақ, олар құқықтың қандай да бір жеке саласына қолданылады. Сондықтан бұл санаттың сипатын айқындау үшін жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының қағидаттарына жүгінбекпіз. Өйткені аталмыш құқықтық санат жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының сипаттамасын беруде аса бір маңызды санат болып саналады.
Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығының қағидаттарына арналған ғылыми зерттеулер бұған байланысты екі түрлі тұрғы бар екенін көрсетеді: бірқатар авторлар кен құқығын құқықтың дербес саласы деп таныса, бірқатары оны табиғи ресурстар жөніндегі құқықтың құрамында қарайды. Ұсынып отырған бұл еңбегімізде кен құқығы терминінің орнына жер қойнауы мен оны пайдалану құқығы деген термин қолданылады, өйткені кен құқығы жер қойнауын зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғауға байланысты қалыптасқан қатынастарды түгелдей қамти алмайды. Мұны осы зерттеудің келесі тармақтарында теориялық тұрғыдан негіздейтін боламыз.
Кен, жер, су, орман және экологиялық құқықтардың негізін құрайтын қағидаттар ұқсас болып келетіні туралы пайымдауды дұрыс санаймыз. Бұл - табиғи ресурстар жөніндегі құқық қағидаттарының И.Б.Калинин ұсынған жіктемесінен де айқын байқалады. Алайда, Н.Б.Мұхитдинов көрсеткендей, «құқықтың әр саласында ықпал ететін сол бір қағидат өзі реттейтін қатынастардың сипатына және құқықтық реттеудің салалық әдісінің ерекшелігіне қарай өзгешеленеді» [16, с.97]. Бұл пікірге дау айту қиын.
Жер қойнауы мен оны пайдалану құқығында табиғи ресурстар құқығының жүйесіне енетін, құқық салаларына тән жалпы қағидаттардан басқа өзіндік арнайы қағидаттары бар. Олардың көбі заңнамалық актілерде бекітілген.
Жер қойнауы және оны пайдалану құқығына тән мұндай арнайы қағидаттарына мыналар жатады:
а) жер қойнауын пайдаланудың ұтымдылығын, кешенділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
ә) жер қойнауы мен қоршаған ортаның қорғалуын қамтамасыз ету;
б) республикалық (жалпымемлекеттік) және өңірлік (облыстық және оған теңестірілген субъектілер) мүдделердің үйлестігін қамтамасыз ету;
в) минералды шикізаттық қордың ұдайы өндірілуін қамтамасыз ету;
г) жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жүргізудің жариялылығы;
ғ) жер қойнауын пайдаланудың ақылылығы;
д) жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жүргізуге инвестициялар тартуға жайлы жағдайлар жасау;
е) жер қойнауын пайдалану саласында өнім мен оның өміршеңдік цикліндегі үдерістердің адам денсаулығы мен өміріне және қоршаған ортаға қауіпсіз болуын қамтамасыз ету.
Жер қойнауын игеруге байланысты басқару, шаруашылық және басқа қызметтер атқарғанда бұл құқықтық қатынастарға түсушілер жоғарыда көрсетілген қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс. Қағидаттардың ұтымдылық, кешенділік, қауіпсіздік, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғау, өнім мен оның өміршеңдік циклі үдерісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бөліктері жер қойнауын пайдаланушыға тікелей қатысты. Сондықтан ол жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жұргізген кездегі өзінің нақты қызметінде бұларды ұстануға міндетті. Қағидаттардың ақылылық, мемлекет пен өңір мүдделерінің үйлестігі, жариялылық, минералдық-шикізаттық қордың ұдайы өндірісін қамтамасыз ету, жеке инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау сияқты келесі бөлігі мұндай қатынастардың қалыптасуының жалпы тұжырымдамалық әдістерін көрсетеді. Бұл негізгі арнайы қағидаттар мемлекеттік жоспар мен тапсырыстарға сүйенген бұрынғы мемлекеттік әкімшілік (ССРО-дағы социалистік шаруашылық жүргізу) орнын басқан нарықтық қатынастар жағдайында экономика саласын реттеудің жаңа әдістеріне тірек болады. Бұл қағидаттар Қазақстанның жерасты қазынасын игеріп жатқан шаруашылық субъектілерінің қалыпты қызмет етуін және кен өндіру саласының бірыңғай дамуын құқық және өзінің өкілетті органдары арқылы мемлекеттің қамтамасыз етуіне жол ашады.
Қазақстанда жер қойнауын игеру тәжірибесі көрсеткендей, жер қойнауы және оны пайдалану құқығының заңда бекітілген, жоғарыда келтіріліп отырған қағидаттары мемлекетттің жер қойнауын игеру үдерісін тиімді басқаруы үшін жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан бұларды теориялық ізденістерге сүйеніп жаңа арнайы қағидаттар есебінен кеңейту қажеттігі туады. Бұл сияқты ойларды кен құқығы саласының жетекші маман ғалымдары Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз айтқан болатын. Олардың пікірінше, заң ғылымы құқық қағидаттарын табу мен қалыптастыруға қатыса алады, қатысуға тиіс те, ал мұндай қағидаттардың маңызды ерекшелігі олардың ықпалының шындығында, нақтылығында болуы керек [16, 43-б.].
Қосымша жаңаша қағидаттарды айырықшалау мақсатында бұл зерттеу аясында жер қойнауы және оны пайдалану құқығының мынадай арнайы қағидаттары ұсынылады: жер қойнауын қайтару; жер қойнауының пайдаланылмаған немесе ретсіз пайдаланылған телімдерін алып қоюдың мәжбүрлілігі; жер қойнауын ретсіз және тиімсіз пайдаланғаны үшін жер қойнауын пайдаланушыларға экономикалық санкциялар қолдану; мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушылардың экономикалық мүдделерінің үйлестігі. Бұл жаңа қағидаттар жер қойнауы мен пайдалы қазбаларға деген мемлекеттік айырықша меншіктен туындайтын міндеттерді орындауға мүмкіндік жасауға арналған. Аталған қағидаттарды заңнамамен бекіту жер қойнауын пайдаланушының жауапкершілігін арттыруға, жер қойнауын ұтымды және мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге, осы құқықтық қатынастарға түсуші тараптардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік тудырады. Н.Б.Мұхитдинов өзінің ертеректегі еңбектерінде жер қойнауын пайдалану құқығының тұрақтылығы қағидатын да ұсынған болатын. Бұл қағидат бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың ешқайсын да заңда көрсетілген негіздерден басқа себептермен бұл құқықтан айыруға болмайды [16, 110-б.]. Бұл идея - айырықша ден қоюға тұрарлық идея. Себебі аталмыш қағидатты біз ұсынып отырған қағидаттармен қабыстырсақ, экономиканың осы саласындағы қатынастарды тиімді реттеуге болады.
Қазіргі кезеңде келісімшарт ережелері мен/немесе лицензия шарттарының тұрақтылығы қағидатын заңнама арқылы тану қажеттігі туып отыр. Бұл орындалса, жер қойнауын пайдаланушылардың мүддесін қорғау міндеті атқарылар еді, инвестициялық ахуалға сенімділік нығаяр еді, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуде құқықтың негізгі қағидаттары - заңдылық, парасаттылық пен әділдікті ұстану үрдіске айналар еді. Жер қойнауы және оны пайдалану құқығында мұндай қағидаттың болуы жер қойнауын игеруді реттеудің мемлекеттік әдістері мен келісімшарттық әдістерін үйлестіру негізінде басқарудың демократиялық ұстындарының бекуіне ықпал етеді. Бұл идеяны іске асыруға заңды негіздер бар. Өйткені қолданыстағы заңдарда келісімшарт негізінде, яғни, құзырлы мемлекеттік орган мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы азаматтық-құқықтық келісім негізінде, жер қойнауын пайдалану құқығын беру қарастырылған. Қандай келісімшарт болсын тараптардың ерікті түрде мәмілеге келуіне сүйенеді. Ал ол келісімшарттың қағидалары, көпшілік қабылдаған заңдық ережелерге сәйкес, тараптардың келісімінсіз алынып тасталуы, өзгертілуі я толықтырылуы мүмкін емес. Мұндай өзгеше әрекет заңдарда тікелей көрсетілсе ғана, орындалуы мүмкін.
Құқықтық қағидаттардың қоғамда шынайы болып жатқан қатынастарды ескере отырып, құқық пен мемлекетттік басқаруды демократияландыру жағдайында дамуы мен жетіле түсуі - заңды үдеріс. Прогресшіл заңнама жасамақшы мемлекет, объективті себептер болса, мемлекеттік меншікті, нақтылай айтсақ, жер қойнауын неғұрлым ұтымды да тиімді басқаруға сеп болатын құқықтың демократиялық ұстанымдарын орнықтыру ісіне баруға тиіс. К.Маркстің: «те же самые люди, которые устанавливают общественные отношения соответственно развитию материального производства, создают также принципы, идеи и категории соответственно своим общественным отношениям» [36], - деп жазғаны бар. Бәлкім, коммунизм идеологінің бұл айтқаны біз дәлелдемек пайымдарға толықтай сәйкесе де қоймас, алайда ұтымды негіз бар. Ол - қоғамдық жаңа қатынастар мен материалдық өндірістің жаңаша дамуы бұл қатынастарды реттеудің жаңа қағидаттарын тауып белгілеуді талап ететіндігі. Орынды ой. Бұған мемлекеттің демократиялық дамуын да қоссақ, тіпті ұтымды болар еді.
Сонымен, жер қойнауы және оны пайдалану құқығы қағидаттарын айқындап, қалыптастырып, заңнамамен бекіту теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан да аса маңызды іс болмақ. Өйткені құқық қағидаттары құқықтық реттеудің әдісінің, оны таңдап алудың негізі болып табылады. Бұл дегеніміз - қоғамдық қатынастарға ықпал етудің ерекше әділеттік тәртібі, әділеттік құралы деген сөз. Құқықтық реттеудің пәні мен әдісінің арасындағы байланыс аса тығыз болатыны жалпыға белгілі, өйткені әдістің өзі құқықтық реттеу пәнінің ерекшеліктеріне қарай белгіленеді. Соған қарамастан құқықтық реттеу әдісі құқық саласының дербестігін көрсететін әділеттік критерий де болады.
Қазіргі заманда мемлекет пен құқық теориясы ғылымының маңыхды міндеттерінің бірі - дәйім өзгеріп отыратын қоғамдық қатнастарға құқықтық нормаларды сәйкестендіріп отыру үшін заңнаманың жетіліп отыруын теориялық тұрғыдан қамдау, сондай-ақ қазіргі құқықтық нормалардың ықпалының, басқаша айтсақ, құқықты қолдану әдістерінің, тиімділігін арттыру. Бұл міндетті орындауда әділет нормаларының қоғамдық қатынастарға ықпал ету тәсілі ретіндегі құқықтық реттеу әдістерін зерттеудің қажеттеріне айырықша мән беріледі.
Құқық теориясында құқықтық реттеудің мынадай классикалық екі әдісі анықталып қабылданған:
1) императивті, бұл - құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастарға түсушілерге биліктің ықпал ету тәсілі және
2) диспозитивті, бұл - қоғамдық қатынастарға түсуші тең құқықты тараптар арасындағы қатынастарды реттеу тәсілі.
Осыған қоса диспозитивті әдіс қоғамдық қатынастарды реттеудің үш тәсілін қамтиды: құқықтық сипаты бар белгілі әрекеттерді орындауға ерік беру; құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастарға түсушілерге белгілі бір құқықтар беру; белгілі бір өзара қатынастарға түсушілерге қылық-әрекетін таңдау мүмкіндігін беру.
Құқықтық реттеу әдісінің классикалық үлгісі осындай. Алайда, арнайы әдебиеттерде дербес әдістер ретінде мыналар да белгіленеді: ынталандыру әдісі (еңбек құқығына тән); сендіру әдісі (құқық салалрының басым көбіне тән); мәжбүрлеу әдісі (заңдық жауапқа тарту қарастырылған құқық салаларына тән).
Сонымен қатар құқықтың әр саласында, мұның ішінде жер қойнауы және оны пайдалану құқығы да бар, дербес сала ретінде құқықтық реттеудің өзіндік әдісі болады. Мұның өзіндік ерекшеліктері қоғамдық қатынастардың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты болады. Ал ерекше сипаттары мыналармен байланысты:
- құқықтық қатынастарға түсушінің жағдайына;
- құқықтық қатынастардың мазмұнының ерекшелігіне;
- заңдық айғақтар құрамының ерекшелігіне;
- жауапкерліктің өзіндік ерекшелігіне.
Құқық саласында құқықтық реттеудің бір ғана әдісі болуға тиіс пе әлде бірнеше әдісі болуға тиіс пе? Мұндай таласты ойға берілмей-ақ белгілі бір салаларда (бұған жер қойнауы және оны пайдалану құқығы да жатады) реттеудің бірнеше әдісі қолданылатынын атап көрсетуді жөн санаймыз. Мәселен, жер қойнауын игеру саласындағы қатынастарды реттеуде императивті әдіс те, диспозитивті әдіс те жұмсалады, өйткені реттеу пәніне қатынастардың горизонталдығы (тең қатынас) да, вертикалдығы да (бағынышты және мәжбүрлі қатынастар) енеді. Осыған орай айта кеткен жөн, жер қойнауы және оны пайдалану құқығы өзінің табиғатына сай билік пен бағыныштылық негіз тән болатын қатынастарды реттейді. Себебі жер қойнауы мемлекеттік меншік болғандықтан, мемлекет меншік иесі ретінде әрекет етеді, ал басқа субъектілерде иелік құқық болмайды, оларға тек иггеруге және пайдалануға мүмкіндік беріледі. Бұл қатынастарда мемлекеттің жер қойнауын пайдаланушыдан заңда белгіленген белгілі бір нақты әрекет-қылықты талап етуіне қақысы болады.
Құқықтық реттеудің диспозитивті әдісі жер қойнауын пайдалану құқығын берудің рұқсаттық-келісімшарттық жүйесінен көрінеді. Мұндайда мемлекет өзінің құзырлы органы арқылы жеке және заңды тұлғамен келісімшарт негізінде қарым-қатынасқа түседі. Келісімшартта оны жасасқан және орындайтын тараптардың тең құқығын көрсетіледі. Заңнамада тікелей қарастырылса, мемлекеттің жер қойнауын пайдаланушыдан гөрі құқығының сирек те болса басым болатыны бар. Осы мәселені талдай келе Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз кен ісіндегі қатынастарды реттеудің диспозитивті әдісінің маңызды деген сипаттарын белгілейді. Бұлар кең мағынасында алғанда жер және оның қойнауын пайдалану құқығына да тән болып келеді. Нақтылай көрсетсек, олар мынадай жайттарды алға тартады:
1) кен құқығы қатынастарындағы тараптардың құқығы мен міндеттері құқықтық екі желі бойынша, нормативті акт және келісімшарт бойынша, қалыптасады;
2) мемлекеттің біржақты өкіметтік ескертулерде түгелдей қамту сипаты болмайды, келісімшарт жасасуды қатынас субъектілерінің өз еркіне қалдырады;
3) кен құқығындағы қатынастарды реттейтін нормативті акт мемлекетке құқық қатынастарының субъектісі ретінде құқық беріп қана қоймайды, міндеттер де жүктейді;
4) мемлекет пен контрагенттің өзара қатынасы алынған міндеттерді орындауға биліктің біржақты мәжбүрлеуімен шектеліп қалмайды, міндеттер тиісінше орындалса материалдық мүдделілікті арттыратын экономикалық ынталандыру жолдары да пайдаланылады;
5) кен құқығы қатынастарының құқығы мен міндеттері анағұрлым таразыланған, басқаша айтқанда, олар «билік пен бағыныштылықтың» қатаң кесімін жасамайды;
6) құқықтық қатынастардың заңды формасы жер қойнауын пайдалану жөнінде жасалған келісімшарт болады, ал тараптардың бірі мемлекет болады;
7) жер қойнауын пайдалануға жасаған келісімшарт тараптарға құқық пен міндет жүктейді, мемлекеттің құқығы жер қойнауын пайдаланушыға қарағанда едәуір ауқымды болады;
8) жер қойнауын пайдалану келісімшарты, кен құқығы қатынастарын реттейтін нормативті құқықтық акт мүкіндік берсе ғана, жасалуы мүмкін [17, 41-42-б.].
Осылай бола тұра жер және оның қойнауын пайдалану құқығында рұқсат беруші мен тыйым салушы нормалардан гөрі міндеттеуші (императивті) нормалар басым болады. Жоғарыда көрсетілгендей, мұның себебі экономиканың бұл саласындағы қатынастардың мазмұнынандағы ерекшелік және жер қойнауын мемлекеттің алғаусыз меншігі екендігі. Пікірімізді жандандыру үшін жер қойнауын игеру саласындағы қатынастарды реттейтін жалпыға белгілі сипаттарды келтірейік. Бұларды осы тақырып бойынша зерттеулерді талдау нәтижесінде Н.Б.Мұхитдинов пен С.П.Мороз топтастырған [17, 39-б.]:
1) құқықтық қатынастар субъектілерінің қылық-әрекетін (құқықтар мен міндеттерді белгілеу арқылы), әдетттегідей, нормативті сипаты бар құқықтық актілерде мазмұндалған біржақты өкіметтік ескерту жасау тәсілімен мемлекет анықтайды;
2) бұл ескерту тараптардың қылық-әрекетін егжей-тегжейлі регламенттейді;
3) тараптардың өзара құқығы мен міндеттері өзара келісімнен емес мемлекет тарапынан туындайды және осы қатынасты реттейтін нормативті актіден шығады;
4) тараптардың олар үшін міндеттеуші сипаты бар мемлекеттік ескертулерді ұстанудан бас тартуға құқы жоқ;
5) мемлекеттің ескертулерінің орындалуын не сот арқылы, не біржақты ретпен мемлекетттің уәкілетті органы жүзеге асыратын мәжбүрлеу механизмі қамтамасыз етеді;
6) тараптардың қылық-әрекетті таңдау мүмкіндігі, соның ішінде өзара келісіммен жасалатын әрекеттерді таңдау мүмкіндігі де, я атымен болмайды, я маңызсыз жайттарға ғана қатысты болады;
7) ескертуді орындамау заң алдында (қаржылық- құқықтық, әкімшілік, қылмыстық) жауапқа тартылуға әкеп соғады;
8) құқықтық қатынастарда мемлекет өкілі болатын субъектіге құқық кеңінен беріледі, соған орай онда, әдетте, мемлекет ескертулерін күштеп жүзеге асыратын билік өкілеттігі болады.
Жер және оның қойнауын пайдалану құқығына қатынастарды реттеудің басқа арнайы әдістері де тән. Мұның өзі бұл саланың дербестігі туралы тұжырымымызды тағы да дәлелдей түседі. Ол әдістерді атап көрсеткен жөн. Жер және оның қойнауын пайдалану құқығында қолданылатын реттеудің маңызды әдісі келістіру болып саналады. Мұнда құқық субъектісі қандай да бір мәселенің шешімін осы қатынастағы басқа субъектімен келісіп барып қабылдайды. Мысалы, жер қойнауын пайдаланушы минералды шикізат өндірудің Жылдық жұмыс бағдарламасын әзірлеп, бекітеді де, оны Энергетика және минералды ресурстар министрлігіндегі Әзірлеу бойынша орталық комиссияның келісімін алады. Бұл міндетті қолданыстағы заңдар алға тартады (ҚР Жер қойнауы жөніндегі заңының 8-1 және 64-баптары).
Жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеу мен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне мониторинг жүргізу үдерісінде басқа арнайы әдістер кеңінен қолданылады. Мысалы: міндетті ескертулер әдісі, бұл бойынша құқықтық қатынастардың бір тарапы (бұл, әдеттегідей, мемлекеттік құзырлы орган) келесі тарапқа (жер қойнауын пайдаланушыға) орындалуы міндетті ескерту береді; нұсқау беру әдісі, бұл бойынша құқықтық қатынастардағы бір тарап келесі тарапқа қызметтің я жұмыстың белгілі бір түріне қатысты нұсқау кеңестер береді; тыйым әдісі, бұл - заң шығарушының қоғамдық қатынастарға және осы қатынастардың субъектілерінің қылық-әрекетіне ықпал ету тәсілі ретінде қолданылады. Соңғы әдіске тән мысал ретінде жер қойнауы теліміне сервитут беруге тыйым салуды келтіруге болады. Мұндай тыйым, егер бұл қадам адамдардың денсаулығы мен өміріне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болғандықтан жер қойнауы телімінде барлау жүргізу және (немесе) өндіру мүмкін болмаса я рентабельді болмаса, салынады (ҚР «Жер және оның қойнауын пайдалану туралы» 1996 жылғы 27 қаңтардағы № 2828 заңының 11-2-бабының 2-тармағы).
Ескерілуі қажет бір жайт сол, құқық жүйесі қолда бар ғылыми нәтижелер мен түсініктерді нығайту мен нақтылау себебінен ғана емес, қоғамдық қатынастардың өзінде өтіп жатқан өзгерістердің объективті себебінен де өзгеріп, жетіліп отырады. Реттейтін қатынастары жойылғандықтан я ескіргендіктен кейбір салалар мен құқықтық институттар маңызсыз болып қалады. Кейде, керісінше, қоғамдық қатынастардың жаңа саласының өмірге келуінен құқық жүйесінің құрылымдық бөлігі түзіледі, құқықтың дербес жаңа саласы өмірге келеді. Айталық, аграрлық сектордағы басымдылығынан айырылғандықтан және ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа формалары шығуынан колхоз құқығы қазіргі кезеңде мәртебесін жоғалтты. Ал жер және оның қойнауын пайдалану құқығы, керісінше, табиғат ресурстары құқығының ішкі саласынан Қазақстан Республикасындағы құқық жүйесінің негізгі компоненттерінің біріне айналып отыр. Өйткені жер қойнауын зерттеу, пайдалану, ұдайы өндіру мен қорғау істерімен байланысты қоғамдық қатынастар өндірістік және әлеуметтік қатынастардың дербес те маңызды саласы болып шықты. Соған орай оларды құқықтық реттеудің арнайы әдістерін талап етіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |