ЖЕРГЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ
Жерге меншік құқығы түсінігі
Қазақстан Республикасында жерге мемлекеттік меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
Меншiк құқығының субъектiлерi:
республика аумағындағы жерге мемлекеттік меншiк құқығының субъектiсi - Қазақстан Республикасы;
жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар. Азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады.
Меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар. Жердiң меншiк иесi ретіндегі мемлекеттiң құқықтарын өз құзыретiне сәйкес мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Жер учаскесiне меншiк құқығы келесі жағдайларда туындайды:
1) меншiк құқығын табыстау;
2) меншiк құқығын беру;
3) меншiк құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен (мұраға қалдыру, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы) ауысуы арқылы туындайды.
Меншiк құқығын табыстау, беру және оның ауысуы жер учаскесiнiң нысаналы мақсаты ескерiле отырып, жүзеге асырылуға тиіс.
Жер учаскесiне меншiк құқығы:
1) мемлекеттік органдар актілерінiң;
2) азаматтық-құқықтық мәмiлелердiң негiзiнде;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздерде туындайды.
Мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерi азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншiкке берiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншiгiнде шаруа немесе фермер қожалығын, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, орман өсiру, бағбандық, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ үйлердi (құрылыстарды, ғимapaттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) мен олардың кешендерiн салуға берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу, орман өсiру үшiн, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi болуы мүмкiн.
Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) олардың мақсатына сәйкес қызмет көрсетуге арналған жердi қоса алғанда, өндiрiстiк және өндiрiстiк емес, оның iшiнде тұрғын үйлер (құрылыстар, ғимараттар) мен олардың кешендерiн салу үшiн берiлген (берiлетiн) немесе олар салынған жер учаскелерi шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдiк заңды (мемлекеттік емес) тұлғалардың жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді.
Мемлекеттiк билiк органдарына, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берiлген, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, сауықтыру және тарихи-мәдени мақсаттағы, орман және су қорларының, елдi мекендер жерiндегi ортақ пайдаланудағы, босалқы жер қорындағы, оның iшiнде арнайы жер қорының жер учаскелерi, кенттер мен ауылдық елдi мекендердiң маңындағы жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ жеке меншiкке берiлмеген шалғайдағы жайылымдар мен басқа да жерлер мемлекеттiк меншiкте болады.
Мынадай жер учаскелерi:
қорғаныс және мемлекеттік қауiпсiздiк, мемлекеттік меншiктегi қорғаныс өнеркәсiбi қажеттерiне; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету үшiн тұрғызылған инженерлiк-техникалық құрылыстар, коммуникациялар орналасқан; кеден қажеттерiне арналған жер учаскелерi;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
орман қорының жерi;
су қорының жерi;
магистральдық темір жол желiлерi мен ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдары;
жеке меншiк құқығындағы үйлер мен ғимараттардың және оларға қызмет көрсетуге қажеттi жер учаскелерiн қоспағанда, елдi мекендердегi ортақ пайдаланудағы аумақтар орналасқан жер учаскелерi жеке меншiкте бола алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |