Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 шілдедегі N 574 Қаулысы
Қабылданған нөмірі: 574
Қабылданған күні: 06.07.2007
Қабылданған орны: Астана қаласы
Мем. тізілімдегі нөмірі: 33998
Соңғы редакциядағы күні: 06.09.2007
Әрекет ету аймағы:
Қазақстан Республикасы
Деректер Базасының бөлімі:
Жерді пайдалану және қорғау
Жарияланды:
Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 24, 272-құжат
РҚАО-ның ескертуі. Бұл қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.
"Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11
қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ
ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі;
2) жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялауға
қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Жерге орналастыру, топографиялық-геодезиялық және
картографиялық жұмыстарды лицензиялауға қойылатын біліктілік
талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000
жылғы 30 қыркүйектегі N 1481 қаулысы (Қазақстан Республикасының
ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 41, 479-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 30
қыркүйектегі 1481 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 30 наурыздағы N 285 қаулысы
(Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 13, 151-құжат);
3) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
лицензиялау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы"
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 шілдедегі
N 779 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 31, 414-құжат) 1-тармағының 2) тармақшасы.
3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 6 шілдедегі
N 574 қаулысымен
бекітілген
Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау
ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20
маусымдағы Жер кодексіне, Қазақстан Республикасының "Геодезия және
картография туралы" 2003 жылғы 3 шілдедегі, "Лицензиялау туралы"
2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленді және жерге
орналастыру, топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар
жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін айқындайды.
2. Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті лицензиялау
мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды:
жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу;
топография-геодезиялық жұмыстар жүргізу;
картографиялық жұмыстар жүргізу.
3. Топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу
жөніндегі қызметті лицензиялауды жер ресурстарын басқару жөніндегі
орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
Жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметті
лицензиялауды облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
астананың) жергілікті атқарушы органдарының жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.
4. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа
жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.
5. Лицензиялар қолданылу мерзіміне шек қойылмай бір данада
беріледі және Қазақстан Республикасының барлық аумағында қолданылады.
6. Лицензияға лицензиар басшысының не осыған уәкілетті
тұлғаның қолы қойылады және лицензиардың мөрімен куәландырылады.
7. Лицензия жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметке қойылатын
біліктілік талаптарына жауап беретін жеке немесе заңды тұлғаларға беріледі.
8. Лицензиаттардың міндеттеріне жерге орналастыру, геодезия
және картография саласындағы нормативтік құқықтық актілердің
талаптарын және техникалық талаптарды сақтау кіреді.
2. Лицензия беру, қайта ресімдеу және оны беруден бас тарту
тәртібі
9. Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстарды жүргізуге лицензияны алу үшін мынадай
құжаттар қажет:
1) белгіленген нысандағы өтініш;
2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды
тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың
көшірмесі;
4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде
мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған
көшірмесі;
5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы
куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
6) жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметтің өтініш берілген
түрімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алым төленгенін растайтын құжат;
7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар:
зауыттық нөмірлерді көрсете отырып аспаптар, жабдықтар,
құрал-саймандар жиынтықтарының болуы туралы жалға алу шартының
немесе теңгерім үзіндісінің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
зауыттық нөмірлерді көрсете отырып аспаптар, жабдықтар,
құрал-саймандар жиынтығы бар ұйыммен жасалған қызмет көрсетуге
арналған шарттың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
деректерді өңдеуге арналған меншікті бағдарламалық кешенге
оны жалға алу шартының немесе авторлық куәлігінің нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
деректерді өңдеуге арналған бағдарламалық кешені бар ұйыммен
жасалған қызмет көрсетуге арналған шарттың нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
Қазақстан Республикасының аумағында өлшем құралдары болып
табылатын аспаптар мен құрал-саймандарды түгендеу туралы
сертификаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;
Өлшемдер құралдарының мемлекеттік тізілімінде тіркелген және
Қазақстан Республикасында қолдануға жіберілген аспаптардың,
жабдықтар мен бағдарламалық өнімдер сертификаттарының нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
тиісті салада жұмыс өтілін растайтын еңбек кітапшасының
немесе еңбек шартының нотариалды куәландырылған көшірмесі;
жерге орналастыру, геодезия және картография саласында жоғары
немесе орта арнайы білімі туралы дипломдардың нотариалды
куәландырылған көшірмелері;
статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшірмесі.
Лицензиясы бар жерге орналастыру, топография-геодезиялық
және картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі лицензияға қосымшаны
алу үшін мынадай құжаттар қажет:
1) белгіленген нысандағы өтініш;
2) лицензияның нотариалды куәландырылған көшірмесі;
3) осы Ереженің 9-тармағының 2)-13) тармақшаларында көзделген
мәліметтер мен құжаттар.
10. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін
тиісті лицензиарға ұсынылған барлық құжаттар тізімдеме бойынша
қабылданады, оның көшірмесі көрсетілген органның құжаттарды қабылдау
күні туралы белгісімен өтініш берушіге жіберіледі (беріледі).
11. Лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін
он жұмыс күнінен кешіктірмей осы Ережеде белгіленген тиісті
құжаттарды қоса өтініш ұсынылған күннен бастап береді.
Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны
және (немесе) лицензияға қосымшаны беруге не лицензияны және
(немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тартудың себептері туралы
жазбаша түрде дәлелді жауап беруге міндетті.
12. Егер лицензиар белгіленген мерзімде өтініш берушіге
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны бермеген жағдайда не
өтініш берушіні лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны
беруден бас тартудың себебі туралы жазбаша хабардар етпеген
жағдайда, лицензияны беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен
бастап, бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды
қызметтің өзі өтініш берген түрін және (немесе) қызметтің кіші түрін
жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
13. Лицензиар өтініш беруші жазбаша хабарламаны алған сәттен
бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей лицензияны және (немесе)
лицензияға қосымшаны өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен
күннен бастап беруге міндетті.
14. Егер:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы
санаты үшін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынған;
2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс
етілмеген жағдайда лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден
бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған
жағдайда, өтініш жалпы негіздерде қаралады;
3) қызмет түріне өтініш берілген жағдайда, қызметтің өтініш
берілген түрімен айналысу құқықты үшін лицензиялық алым
енгізілмеген;
4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің өтініш берілген
түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған
жағдайларда лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беруден бас
тартылуы мүмкін.
15. Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізуге лицензияны және (немесе)
лицензияға қосымшаны беруден бас тартқан кезде, өтініш берушіге
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беру үшін белгіленген
мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату, одан айыру
16. Лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы жоғалған,
бүлінген жағдайда, лицензиат лицензияның және (немесе) лицензияға
қосымшаның телнұсқаларын алуға құқылы.
Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат
лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның және (немесе) лицензияға
қосымшаның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса)
берген күннен бастап жарамсыз деп есептеледі.
Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде
жаңа нөмір бере отырып және жоғарғы оң жақ бұрышында "Телнұсқа"
деген жазуы бар лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
телнұсқаларын береді. Бұл ретте лицензиат лицензияның телнұсқасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде берген кезде жерге орналастыру, топография-геодезиялық және картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметпен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым төлейді.
Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.09.06. N 775 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
17. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда,
бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу, өзгеру нысанында
заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген,
сондай-ақ қызмет түрінің және (немесе) кіші қызмет түрінің атауы
өзгерген кезде, егер де мұндай өзгеріс қызмет түрі және (немесе)
кіші қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялар мәнінің
өзгеруіне әкеп соқпаса, лицензиат отыз күнтізбелік күн ішінде
көрсетілген және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу туралы
өтініш беруге міндетті.
Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап, он
жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны және (немесе) лицензияға
қосымшаны қайта ресімдейді.
18. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан
Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында
көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
19. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы
мынадай жағдайларда:
1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
2) лицензия алып қойылғанда;
3) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға
таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу
нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта
ұйымдастырылғанда;
4) лицензия және (немесе) лицензияға қосымша лицензиарға
ерікті түрде қайтарылғанда;
5) лицензияланатындардың тізбесінен қызмет түрі және (немесе)
кіші қызмет түрі алып тасталса тоқтатылады.
20. Лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның
қолданылуы тоқтатылған кезде, лицензиат он жұмыс күні ішінде
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны лицензиарға қайтаруға
міндетті.
4. Лицензиялар тізілімі
21. Лицензиар лицензиялар тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.
Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер:
лицензиардың атауы;
лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның берілген күні
және нөмірі;
дара кәсіпкер үшін - жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты,
тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжатының деректері,
сондай-ақ жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген
жағдайда куәліктің нөмірі және берілген күні;
заңды тұлға үшін - атауы және ұйымдық-құқықтық нысаны,
орналасқан жері;
қызмет түрі және (немесе) кіші қызмет түрлері;
лицензияның қолданылу мерзімі;
салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күн;
лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны қайта ресімдеу
негіздері және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңарту негіздері
және күні;
лицензияның қолданылуын тоқтату негіздері және күні көрсетілуге тиіс.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 6 шілдедегі
N 574 қаулысымен
бекітілген
Жерге орналастыру, топография-геодезиялық және
картографиялық жұмыстар жүргізу жөніндегі қызметті
лицензиялауға қойылатын біліктілік талаптары
1. Жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге байланысты қызметті
лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары:
1) жерге орналастыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін
аспаптардың, жабдықтар мен құрал-саймандардың меншікті немесе жалға
алынған жиынтығының не зауыттық нөмірлерін көрсете отырып
аспаптардың, жабдықтардың, құрал-саймандардың жиынтығы бар ұйыммен
қызмет көрсетуге арналған шарттық;
2) деректерді өңдеу үшін меншікті немесе жалға алынған
бағдарламалық кешендердің не бағдарламалық қамтамасыз етілуі бар
ұйыммен қызметтер көрсетуге арналған шарттың;
3) аспаптардың, жабдықтардың, құрал-саймандар мен
бағдарламалық өнімдердің жиынтығын метрологиялық қамтамасыз етудің;
4) заңды тұлғаларда:
штатында жерге орналастыру саласында жоғары немесе орта
арнайы білімі және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар
кемінде екі маманның;
жеке тұлғаларда:
жерге орналастыру саласында жоғары немесе орта арнайы
білімінің және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуын
қамтиды.
2. Топография-геодезиялық жұмыстарды жүргізуге байланысты қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары:
1) топография-геодезиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік
беретін аспаптардың, жабдықтар мен құрал-саймандардың меншікті
немесе жалға алынған жиынтығының не зауыттық нөмірлерін көрсете
отырып аспаптардың, жабдықтардың, құрал-саймандардың жиынтығы бар
ұйыммен қызмет көрсетуге арналған шарттың;
2) деректерді өңдеу үшін меншікті немесе жалға алынған
бағдарламалық кешендердің не бағдарламалық қамтамасыз етілуі бар
ұйыммен қызметтер көрсетуге арналған шарттың;
3) аспаптардың, жабдықтардың, құрал-саймандар мен
бағдарламалық өнімдердің жиынтығын метрологиялық қамтамасыз етудің;
4) заңды тұлғалар үшін:
штатында геодезия және картография саласында жоғары немесе
орта арнайы білімі және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар
кемінде екі маманның;
жеке тұлғаларда:
геодезия және картография саласында жоғары немесе орта арнайы
білімінің және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуын
қамтиды.
3. Картографиялық жұмыстарды жүргізуге байланысты қызметті
лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары:
1) картографиялық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін
аспаптардың, жабдықтардың меншікті немесе жалға алынған жиынтығының
не зауыттық нөмірлерін көрсете отырып аспаптардың, жабдықтардың
жиынтығы бар ұйыммен қызмет көрсетуге арналған шарттың;
2) деректерді өңдеу үшін меншікті немесе жалға алынған
бағдарламалық кешендердің не бағдарламалық қамтамасыз етілуі бар
ұйыммен қызметтер көрсетуге арналған шарттың;
3) аспаптардың, жабдықтар мен бағдарламалық өнімдердің
жиынтығын метрологиялық қамтамасыз етудің;
4) заңды тұлғаларда:
штатында картография саласында жоғары немесе орта арнайы
білімі және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар кемінде екі
маманның;
жеке тұлғаларда:
картография саласында жоғары немесе орта арнайы білімінің
және осы салада кемінде үш жыл жұмыс өтілінің болуын қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |