Жертөледегі жазу



бет22/29
Дата14.06.2016
өлшемі2.03 Mb.
#134303
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29

ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУ

ШОВИНИЗМ КӘНДЕНI

Аллахвердиев белеске бiр шығып алғаннан кейiн аттың басын iрiккен жоқ, тiзгiн қағып, төбесi қылт-қылт көрiнiп мен мұндалаған нысанаға тезiрек жетсем деп тепеңдей түстi.

Ертеңiнде Әзиз-Сұлтанмен тағы үш қазақ жiгiтiн бiрдей ғып киiндiрiп, қатар тұрғызып қойды да үстерiне айғақ ретiнде бiр әйелдi кiргiздi. Ұйпалақ сабан шашы желкесiне түскен жас келiншек. Көзiнiң жиегi қанталаған, қарашығы жүгiрiп бiр орында тоқтамайды. Ерiнiн бояп, бетiн опалап қанша «ретуш» жасағанмен алкаш екенi көрiнiп тұр. Ешкiмге көз тоқтатып қарамастан терiсi көгiс тартып сидиған қолы қалт-қалт етiп бiрден Әзиз-Сұлтанды нұсқады:

– Мынау.


– Қателесiп тұрған жоқсыз ба? Дұрыстап қараңыз, – дедi тергеушi жұтынып спектакльдiң жымын бiлдiрмеуге тырысқан түрмен.

– А?


Әзиз-Сұлтанның кеуде тұсында қалтыраған қол қураған жапырақтай құлап түстi. Әйел бұл қалай дегендей, абыржып тергеушiге қарады.

– Жоқ, жәй сұрап тұрмын. Нақ осы ғой? – дедi тергеушi «жобаң дұрыс» деген ишара танытып.

– Иә, осы, осы!

– Мен не iстеппiн? – дедi Әзиз-Сұлтан шыдамай кетiп.

– Сен кiсi өлтiргенсiң.

– Қашан?


– Оны өзiң бiлесiң.

– Ал, сен бiлмейсiң!

– Доғар сөздi! – дедi тергеушi ызбарланып. – Сен айтарыңды осы уақытқа дейiн айтып болғансың. Жетедi!.. Сiз боссыз. – Әйел әлдене дәметкендей айналсоқтай берiп едi, – Ана жаққа барыңыз! – дедi қатулана есiктi иегiмен нұсқап.

Бұларды орынын ауыстырып тұрғызып, тағы да айғақ шақырды. Ендiгi кiрген төртбақ, кеудесi қайқайған, етжеңдi саркiдiр әйел. Тасыған самаурындай бұрқ-сарқ қайнап ентiге кiрдi. «Шайнап тастайын ба, осы!» деп шабынып тұр. Ызалы, өктем. Есесi кеткен дұшпанын аямауға бекiнген көк жұлын өшпендiлiк лапылдайды көгiс тартқан сұп-суық жүзiнде. Шекесi тырысқан, қарашығы қос тамшы удай көгерген. Автобус, базарларда сүйкенiп кеткен адаммен iлiнiсiп, жоқ нәрсеге шу шығарып жататын, ерегессе, шаштасып, жұлыса кететiн «бой-баба», бомба қатынның классикалық үлгiсi.

– Мария Ивановна, он сегiзi күнi түстен кейiн Сәтбаев – Мир көшелерiнiң қиылысында, яғни сiздiң үйдiң жанында ереуiлге шыққан бұзықтар халық жасақшысын тепкiлеп, айуандықпен өлтiргенiн бiлесiз. – Тергеушi қолдарын кеудесiне айқастырып, тұрған орнында өкшесiн көтерiп-түсiрiп теңселiп тұр. – Бәрi көз алдыңызда өттi. Бiрi болмаса, бiрi есiңiзде қалған шығар. Қазiр көрсеңiз, таныр ма едiңiз?

– Әрине танимын.

– Мына тұрған төртеудiң iшiнде солар жоқ па? Жақсылап қараңызшы.

Алдыңғы әйелдей бiрден бас салған жоқ, бұл өз ролiн талантты ойнады. Жымқырылған жұқа ерiндерiнiң жiгi жiптей тартылып, әрқайсысының бетiне телмiрiп ұзақ қарады. Бiресе жақындап кеп көзiн сығырайта үңiлiп, бiресе екi-үш қадам шегiнiп барып шалқая қарап, шырамытқандай еңкейе берiп қайта басын шайқайды. Ойқастап оңды-солды жүрдi де, бiр уақытта қалт тұра қалып, бiр қолымен мықынын таянып, екiншi қолын Әзиз-Сұлтанның кеудесiне мылтықтай кезеп:

– Мынау! – дедi. Рольге берiлiп кеткенi соншалық, келесi сәтте шап берiп жағасына жармаса кеттi. – Дәл осының өзi! – Еркiне қоя берсе, қылқындырмақ ойы бар. Әзиз-Сұлтан қос бiлегiн бұрай сiлкiп итерiп жiберсе де құзғынның шеңгелiндей сойдиған тырнақтарымен бетiне қарай шапшып, елiре, есiре шаптығып жүр. – Бандит! Орыстың еш жазығы жоқ баласын көз алдымда тепкiлеп өлтiрдiңдер. Балконнан бәрiн көрiп тұрдым, қанiшер, азғын. Сендей жауызды, маған ерiк берсе, түрегелтiп қойып бауыздар ем! Ух, андағы сығырайған көзiңдi тырнап ағызып жiберсе ғой! Құтырған калбит, тойынған соң құдайыңды ұмытайын деген екенсiң. Әйтпесе орыстан не жамандық көрдiңдер. Оқытып, моншаға түсiрiп, мың ғасырлық кiрiңдi кетiрiп адам қатарына қосқаны ма бар жазығы? Сендердi құл ғып ұстау керек, табанға сап таптау керек!..

Мұнысы ендi рольдiң сөзi емес. Шынайы өшпендiлiктiң өзi. Ол Әзиз-Сұлтанға ғана емес, барлық қазаққа ашулы. Қан боп қатқан қарғысын, мүмкiндiк берсе, көшеде ұшырасқан кез келген қазаққа дәл осылай жаудырар едi. Өктем империяның күллi кек-ызасын кiшкентай кеудесiне сыйғызып жарылғалы тұр. Кухняда шәуiлдеген шовинизм канденi жалғыз-ақ сәтте арыстанға айналып, шиыршық ата күркiреп құйрығымен жер сабалады. Көзi қанталап, кекке қылқынып, түкiрiгiне шашала-қақала шаптығып ұмтылған әйелдi тергеушi әзер дегенде айырып, сүйрегендей ғып есiктен шығарып жiбердi.

Әзиз-Сұлтан мең-зең. Тұла бойынан әл кетiп, ой-санасын бiр терең қараңғылық – қара оппа тұңғиығына тартып барады. Дәл мұндай жабайы, қатыгез қиянат болар деп ойлап па? Күнi бүгiнге дейiн бiр әдiлет бар ғой, құрдымға жiбермес деп, қорқынышқа аса бой алдырмай, дәтке қуат боп көкiрек түбiнде жылтыраған әлсiз үмiт далбаса екен. Мiне, ендi күрестiң ешбiр әдiл тәртiбiн мойындамайтын, өзiмшiл, озбыр зұлымдықпен бетпе-бет келiп тұр: бұның қолы байлаулы, оның қолында – көк найза; ол – ат үстiнде, бұл – қалт-құлт етiп құздың жиегiнде – найзасын кеңiрдектен бойлата тыға ма, құздан итере сала ма – ол өз еркiнде.

Тергеушi дегенiне жеттi. Мың жерден бұлқынса да тырп еткiзген жоқ, құлағынан басып отырып басын боққа батырды, iстемегенiңдi iстедiң деп, қарақшы ғып шығарып, қарсы алдында, мiне, «қалай екен бәлем!» дегендей, мұртын сылап жымсиып отыр. Осыдан кейiн өзiңдi қалай адаммын деп сезiнесiң! «Адам деген асқақ ат», «Совет адамдарының жан-жақты, жарасымды дамуына барлық жағдай жасалған», «Адамның хұқық, мүддесiнен жоғары ештеңе жоқ...» деп газеттi ашып қалсаң – көретiн, радионы қосып қалсаң – еститiн сөздердiң бәрi өтiрiк. Сен – қоңыз, құмырсқасың, кез келген уақытта таптай салады. Бұларға ойланатын-толғанатын адам қажет емес, үнсiз бағынып, мөңiре десе – мөңiреп, маңыра десе – маңырайтын мал ғана керек.

Қайрансыздықтан тiзесi бүгiлiп, өзегi қалтырады. Iлгешегi үзiлiп түскен ескi пальтодай, қабырғаға сүйенiп арқасымен сырғыған күйi сылқ етiп еденге жүресiнен отыра кеттi. Еңсесiн тiк ұстап еңкейтпей келген iштегi әлдебiр тiрек опырылып түскендей.

Пiлдiң табанының астына түскен құмырсқа не iстей


алады? Бұл да сол. Осы күнге дейiн әдiлетке сенiп күрескенi, тiрескенi бос әурешiлiк екен. Жалған елес қуып далбасалап келгенiн айтсаңшы. Шындық, мiне, мұның қаншалық түкке тұрғысыз бейшара екенiн көзге түртiп көрсетiп тұр. Ендi алға әлденендей мақсат қойып талпынудың, күпiнудiң керегi не.

Өмiр бiр-ақ сәтте сұрықсыз, қызықсыз, мәнсiздiкке айналды. Сотталам, атылам деп титтей де селт еткен жоқ. Көкiрегi бiтеуленiп, сезiмсiз, меңiреу бiр хал меңдеп алды.



ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ

N13 КАМЕРА

1

Мұның аяғын құшар келесi бiр бейбаққа орын сайлағандары ма, әлде ешкiммен сөйлесiп көңiлiн алдарқатпасын, ойдан басқа серiгi болмай, қасыреттiң жегiқұрты көкiрегiн кемiрiп, жаншыла түссiн деген жәдiгөйлiктiң тағы бiр түрi ме, тергеуден шыққан соң Әзиз-Сұлтанды қасына отырғызып қойған жансыз да болса дәткеқуат екi серiктесiнен оңашалап, подвалдағы басқа бiр камераға апарып, жалғыз қамады. Табалдырықтан аттағанда-ақ өзiнiң ендiгi басталар қапас өмiрiнiң қақпасын ашып тұрғандай, сұп-суық қорқынышты сезiм өзегiн қалтыратып өттi, үңiрейген бiр тымырсық, тылсым. Жоғарыда, төбемен астасқан алақан аумағындай ғана әйнектен сыздықтап, ымырттың әлсiз жарығы шаңытып тұр. Үйездеген ала-көбең көлеңкеден сүзiлiп сұрғылт қабырғалар көзге шалынады әзер-әзер. Тыныс тарылтқан сызды ауа. Борсып, қаңсыған жағымсыз иiс келедi мұрнына. Не сұмдықтың тiлсiз куәсi – мына ескi еденнiң астында, талайлардың аузынан аққан қара қанын жеп семiрген қора-қора тышқан мен атжалман дүбiр салып жүр ме, құдай бiлсiн.

Бiр айдан бергi тепкi-соққыдан сау тамтық жерi жоқ, әсiресе басына таяқ көп тиiп, миы қатты зақымдалған сияқты. Мойнын оқыс бұрса не жүргенде өкшесiн қаттырақ басса, төбесiне бiреу тебен ине қаққандай омыртқасы тiлiнiп, есiнен тана жаздайды. Сондықтан соңғы кезде табанына матрастың мақтасын салып, өкшесiн тигiзбей аяғының ұшымен ғана тiзесiн бүгiп, бүкшиiп жүретiн ғадет тапқан.

Бүгiнгi сорақы қиянат тiптен қанын қайнатып жiбердi. Құрсауы кеткен бөшке сияқты қауашағы қазiр-ақ қақырап түсердей. Миын жыбырлаған қарақұрт кемiрiп үңгiп жатыр ма, сұққылап, солқылдап, көзi қарауытып жығылғалы дәс тұр. Таңдайы темiр татып, кеңiрдегiне лоқсық кептелдi. Ауа жетпей алқымын ағытып, суық қабырғаға күйiп-жанған екi алақанын тiрей еңкейiп, сәл ес жиған соң тәлтiректеп барып оң жақтағы матрас, жұқа одеял төселген жайдақ тахтаға жантайды. Аяқтарын созып, шалқалап жатты. Матрастың бiр бұрышын бүктеп желкесiнiң астына тығып, басын биiктеттi. Сол қалпында қозғалыссыз жатып едi, жаны сәл сая тапқандай. Басын оңға не солға бұрып қырындап жантаяйын десе, көз алды шарықтасша шыр айналып, запыраны көтерiлiп, бiр түпсiз шыңырауға құлап бара жатқандай болады. Амалсыз шалқалаған күйi екi қолын кеудесiне айқастырып, тапжылмай жатты. Перде артында бiреу әлсiз жанған шырақты алыстатып әкетiп бара жатқнадай, қиығына жас кiлкiген шала жұмық жанарының нұрын суырып кiшкентай терезе бiрте-бiрте қараңғылана бердi.

Түнге қарай науқас бiткеннiң ауырлайтын әдетi ғой. Басының қақсағаны үдеп, әлдебiр аяусыз қол темiр құрсаумен қысып, сүйегiн сықыр-сықыр сындырып жатқандай, жанын қоярға жер таппай аласұрды. Тұлабойы жанған өрт. Әрi-берiден соң көз алдынан қилы елес көшiп, сандырақтай бастаған. Бiр ысып, бiр қалтырап, арлы-берлi арпалысып жатып, тақтай еденге шарқ етiп қалай құлап түскенiн де сезген жоқ.

Бұл – елу жыл бұрын Сәкен Сейфуллин жатқан N13 камера едi. Жарық дүниедегi ақырғы түнi осында өткен. Естiр құлақ, сезер жүрек болса, мынау тас қабырғаларда ақынның күңiренген өкiнiштi hәм өксiктi үнi жаңғырып тұр, әр бұрышта мөлдiреген мұңлы жанарының сәулесi қалған. Ұрпағы тәу етiп дұғасын бағыштар артында бейтi де қалмаған қайғылы ақынның сая таппай әлемдi шарқ ұрған рухы әрекiдiк осы тар қапасқа да соғып кететiн шығар.

Көз алдын тұмшалаған қараңғылықтың тұңғиығы кенет қылаңытқандай болды да, iле әлдекiмнiң сұлбасы көрiндi. Сыбдырсыз басып, сағым боп сырғып келедi. Қара шаш, қара сақал, қара киiмi қою түннiң қойнынан суырылып шыға алмай, тым таянбастан құрық бойы жерге кеп тоқтады. Имек сапты жылтыраған қоңыр таяққа қос қолдап сүйенген күйi бiр аяғын алға тастай шалқайып, сылқым, серi қалыппен сырбазданып тұр.

– Бүгiлме, көтер еңсеңдi, бауырым! Түрегел! – орнықты қоңыр даусын көтерiп, қолын созып едi, еңкейгенде жақыннан жүзiн көрiп бұл шыңғырып жiбере жаздады. Бiр қасы жоғары, бiр қасы төмен, бiр көзi жұмық, бiр көзi айналып сыртына шығып кеткен; мұрнының жотасы жапырайған, аузы опырайған; мұрттың бiр шалғысы бар, бiр шалғысы жоқ, күйген бе, жұлынған ба – белгiсiз. Кейiпсiз құбыжық! Бұның шошынғанын сездi де, қолын тартып алып, бойын қайта тiктедi, жүзiн қараңғыға бұрып, бiр қырындап тұрды.

– Мен – Сейфуллин Садуақаспын. Сендер Сәкен дейсiңдер.

– Жо-жоқ! – Әзиз-Сұлтанның көзi ұясынан шығып кете жаздады.– Мүмкiн емес!

– Түсiнемiн! – Аруақ даусы бәсеңдеп, терең күрсiндi. – Сенуiң қиын, әрине. Сендер менiң кiтаптағы суретiмдi көрiп өстiңдер. Сұлу әнiм, сырлы жырыммен әлдиленiп келесiңдер. Көзiмдi көрген замандастарым мен жақындарымның естелiгiн оқып тамсандыңдар. Пай-пай, ақ шағи киген, ақ боз ат мiнiп, айдында сыланған аққуға ән қосқан қайран күндер-ай! Рас, мен сұлу едiм, серi едiм, әйел затына сиқырым бар перi де едiм. Той жасап жатқан сұлудың өзi бiр көргеннен елiгiп, иек қақсам болды, бәрiн тастап соңымнан ерiп жүре беретiн. Желдей есiп, күндей күркiреп тұрғанда не iстемедiк, бәрi де өттi ғой бастан.

Бұл кiсi туралы, бәлкiм асырып айтар, ел аузында әйтеуiр қаусет көп: «Сәкен ауылға келгенде, өңi шырайлы бойжеткенi бар үй, ойбай, Сәкен көрсе, пәленшекеңнiң қызы маған шай құйып берсiн деп әлек салады деп қорқып, қыздарының бетiне күйе жағып қояды екен»; «Арқадан Бетпақты басып Созаққа келгенде Сәкен бiр байдың үйiне түсiптi. Тоқалы толықсыған жас екен. Жiгiттiң сұлу өңi, сиқырлы әнiне арбалған перизат ертеңiнде: «Күйеуiмдi көңiлiм қаламайды, малдың күшiмен зорлап алып отыр, басыма бостандық әперiңiз, ағатай!» – деп соңынан қалмай қойыпты. Аз күн сайраннан кейiн оны Сәкен Ташкентке апарып тастап кетiптi»; «Жетпiсiншi жылдарға дейiн Шымкенттегi драма театрдың алдындағы Сәкеннiң үлкен портретiне ертелi-кеш телмiрiп бiр кемпiр отырады екен. Жас кезiнде Сәкенге бiр ұшырасқаннан ғашық болып, тұрмысқа шықпай ақынға деген махаббатын өмiр бойы жүрегiнде сақтап өтiптi»; «Москва университетiнде оқып жүрген бiр орыстың қызы Сәкен атылды дегендi естiгенде, поездың астына секiрiп өлiптi...»

– Ойыңды оқып тұрмын, бауырым, – дедi аруақ тұнжырап.– Мен жүрекпен өмiр сүрдiм. Лүпiлдеген албырт, асау жүрек талай жарға соғып адастырған да шығар, бәлкiм. Күнiм өтiп бара жатқанын сездiм бе, әдемiлiктiң бәрiн көрiп қалуға, сұлудың бәрiн сүйiп қалуға тырыстым. Ынтызарлықпен етегiме жабысқан мұңлықтарды бiр күнге, бiр сәтке болса да бақытты еткiм келдi... Бiрақ басы сайран өмiрiмнiң аяғы ойран болды. Бұл – менiң сендер бiлмейтiн түрiм, НКВД жендеттерiнен басқа ешкiм көрген жоқ. «Үштiктiң» алдына апара жатқанда суретке тартып алып едi, сақталса, сол сурет қана сақталған шығар. Ақырғы рет бақұлдасып қалуға рұқсат етсе де Гүлбаhраммен жолығудан бас тарттым. Жүрегiн одан сайын жаралағым келмедi, ең болмаса, сол баяғы әдемi, асқақ қалпымда қалайын дедiм көңiлiнде... Ендi көзiң жеттi ме менiң кiм екенiме?

Құйрығымен жылжи-жылжи арқасын қабырғаға тiреп сiлейiп отырған Әзиз-Сұлтан аяныштан жасқа булығып өксiп жiбердi:

– Сiздi бұлай көрмей-ақ қойғаным жақсы едi!

– Бұл – менiң бетiм емес, заманның бетi, жауыздықтың жазуы, бақиға алып кеткен еншiм.

– Сiз түрмедегi қинауға шыдай алмай, ақырғы сәтте жынданып кеттi деген сөз бар. Сол рас па? – дедi Әзиз-Сұлтан ел аузында жүрген лақапты есiне алып.

– Есiм ауысып кетсе, жақсы болар едi ғой, ештеңенi ойламайтын, ештеңенi бiлмейтiн... – Аруақ басын төмен салып, мұңайып аз-кем үнсiз қалды. – Бекер. Гүлбаhрам бейшараның түсiнбей айтқан сөзiнен елге тарап кеткен өсек қой. Гүлбаhрам соңғы рет жолығуға келгенде есiмдерiн әйелдiң аттарына айналдырып дос-жарандардың хабарын сұрадым. Құлағы едiрейiп көк желкеде тұрған күзетшiге бiлдiрмей әдейi жұмбақтап отырғанымды ол түсiнбедi. «Қайдағы қатындарды айтқанша, өз балаңның жағдайын неге сұрамайсың?» дедi ашуланып. «Несiн сұраймын, ол өлiп қалған жоқ па!» дедiм. «Қайдағы өлген, не сандырақтап тұрсың? Ойбай, мынау жынданып кетiптi!» деп сол жерде бақырып, түрменi басына көтердi. Жалғыз ұлым Аянның бұ дүниелiк емес екенiн түсiмде көрiп, күдерiмдi үзгенмiн. Көп өтпей түсiм айна-қатесiз келдi. Гүлбаhрамды Қарағанды жаққа қарай айдауға алып бара жатқан жолда бiр жастан жаңа асқан Аян шетiнедi. Қайғыдан есеңгiреген байқұс ана өлген баланы құшақтап станция басында зар еңiреп үш күн теңселiп жүргенде бiр адам жуыған жоқ. Төртiншi күнi бiр мосқал тартқан қайырымды темiржолшы жолығып, баланы жерге көмдi.

Әзиз-Сұлтан орнынан қалай тұрып кеткенiн бiлген жоқ. Жанын тырнаған азабын ұмытты. Өзiнен әлдеқайда қасыреттi аруақты аяп, қасына келдi:

– Сәбидiң жазығы не едi?

– Жазығы – менiң балам болғандығы. Менiң жазығым –
ақындығым. Құл-құтан құрған үкiметке ақынның да, ақылдың да керегi жоқ. Өйткенi Лениннiң өзi «интеллигенция – ұлттың күл-қоқыр, нәжiсi» деген.

Әзиз-Сұлтан өмiр бойы жырын жаттап өскен жүрегiндегi Сәкен мен мына көз алдындағы Сәкеннiң қайсысына сенерiн бiлмей дал.

– Сiздiң бiз оқыған кiтаптарыңызда мұндай сөздiң бiрi де жоқ қой?

– Мен – қателiгiмдi тас түрменiң iшiнде түсiнген адаммын. Оған дейiн көзiмнiң алды көк тұман болды. Марксшiлдердiң әдемi ұранына, сөз жүзiндегi асқақ идеяларына елiгiп, имандай ұйыдым. Соның бәрi халқымды шексiз сүйгендiктен ғой. Мен ескi күнде елiмнiң еңiреген көз жасын көрдiм. Қараңғылық тұмшалаған мешеу едi, отаршылдардың табанында тапталып қорланған құл едi. Азаттыққа, бiлiм hәм мәдениетке жеткiзетiн бiрден-бiр тура жол осы деп есептедiм. Сондықтан революцияға шүбә келтiрген ешкiмдi аямадым, тап жауы деп өлтiре соқтым. Бәрi түкiрiгi түйме алтын саналған мысық мұрт тиранның «қоғам неғұрлым алға басқан сайын, тап тартысы солғұрлым шиеленiсе түседi» дейтiн сандырағына көзсiз сенгендiктен ғой. Жалғыз мен емес, бүкiл жарты дүние сендi. Жақсының да, жақынның да бет-жүзiне қарағам жоқ. Әулиедей Әлихан мен Ахмет, Мiржақып пен Жүсiпбек, Халел мен Нәзiр бастатқан Алаштың небiр аяулыларымен тар жол-тайғақ кешуде аш бурадай шайнастым. Төңкерiсшiл, советшiл болмадың деп Мағжанды айыптадым. Басқаның жүрегi бүлк-бүлк деп соқса, Мағжанның жүрегi ұлт-ұлт деп соғады. «Жөргегiмде табым деп жырлап жаттым» деген ана Сәбит сияқты неге болмайсың дедiм. Адасқан қайран өмiр! Не тындырдым?

– Неге өкiнесiз, Сiз шын мәнiнде революцияның қызыл сұңқары емессiз бе!

– Жоқ, мен бар-жоғы сыңарынан айрылған «Жетiм аққу», «Ақсақ киiк» қанамын. Келер күннiң құлағына сол мұңлы үнiм жетсе де жақсы.

– Сiз әсем әнiңiзбен-ақ тарихта қалдыңыз емес пе!

– Мен әсем ән ғана емес, асқақ жыр, шалқар проза едiм. Құдай менiң көкiрегiме нұр құйды, дара ғып жаратты. Не жаздым, не бiтiрдiм, не қалды артымда ұлы талантыма лайық? Алыс-жұлыс, қайыры жоқ алдамшы iске өмiрiмдi рәсуа еттiм. Небiр асыл жыр, асқақ арман көкiректен бұлқынып ұша алмай, көрге көмiлдi ғой. Мағжанмен алысқанша, Мағжанмен жарысып, маржандай жыр жазсамшы! Бәлкiм, өмiрiмнiң бұлай қасыретпен аяқталуы сол бағландардың обалына қалғандығымнан шығар? Қарақшының көрдей қараңғы көңiлiнде шұбартып ордалы жылан жатқанын қайдан бiлейiк. Сүт бетiндегi қаймақты сыпырғандай, әуелi оқыған зиялыларды «зиянкес, iштен iрiтушi, пантюркист» деген қырық түрлi желеумен көзiнен тiзiп, атқанын атып, атпағанын түрмеге тоғытты. Жиырма сегiзiншi жылы бас көтерер байларды, қожа-молланы кәмпескелеп, тұқымын тұздай тоздырды. Қорғансыз қалған момын елдi отыз екiншi жылы колхоздастырамыз деп талғажу етiп отырған малын аша тұяқ қалдырмай, сыпырып алды. Аштан бұрлықтырып, қынадай қырды. Тiрi қалғаны екi аяқты мақұлықтай тышқан аулап, тентiреп кеттi. Басқа не қылсын, қайрақ болар көсемi түрмеде жатса, қайрат қылар бай-бағлан итжеккенде жүрсе аяқ-қолындағы кiсенiн сылдырлатып. Ал Мен... халқымды түнектен құтқарамын, азат күнге жеткiзем деп алысқан мына Мен сары дала өлiктен сасып жатқанда:

Советстан, бiздiң Стан, Совстан,

Экспресс, талма екпiндi шабыстан...

Трат-тат-тат, жасасын, жасасын! – деп жырладым; жақсы мен жайсаңды көгенге тiзiп атып-асқан қанқұйлы жендет Ежовты «Арыстан пәленше ұлы ердiң ерi» деп елеуредiм. «Шiрiген» интеллигенцияның тамырына балта шауып, бай-құлақтың омыртқасын опырып, атқа бұт арта алады-ау дегендердi түгел жусатты – ендi не керек, социализмге барар сара жол қоқыс, кедергiден аршылды емес пе деп жүргенде, жалт берiп қанды азуын ендi маған ақситты. Айналадағы дүмпуден сескенсем де күдiктенбедiм. Арқамды кеңге салдым. Қылша мойныма қыл тұзақ түскенше сенгем жоқ. Суықтөбеде, жайлауда жатқанымда түнделетiп бiр жiгiт келдi. Қосарында ерттеулi аты бар, мейiздей қатқан жарау күрең. Жiгiт менi оңашалап, күреңдi алдыма көлденең тартып:

– Аға! – дедi жерге тiзерлей кетiп, – заманның бетi қатты, түннен қалмай кетiңiз. Апақ-сапақ басылғанша алысқа барып бой тасалай тұрыңыз. Сенiмдi адамдар жiбердi, бүгiн-ертеңнен қалдырмай Сiздi де тұтқындамақ!..

– Оттапсың, жоғал! – дедiм маузерiмдi кезеп. – Менi ешкiм тұтқындай алмайды. Өз қолыммен құрған үкiметiм өзiме қалай қол көтермек. Сендер араңдатып жүрсiңдер. Жоғалт көзiңдi, әйтпесе – атам!

– Әттең, аға!.. Қор боласыз ғой... Өкiнесiз, өкiнесiз!... – Жiгiт сыбырлай өксiп, қараңғыға сiңiп ұзай бердi.

Қайран дүние-ай, бауырыма кезеңген сол тапаншаны дұшпаныма кезене алмадым ғой. Ең болмаса жастығымды ала жатпадым! Бар бiтiргенiм – «бұл – түсiнбеушiлiк. Мен Сталиннiң тура өзiне хат жазамын!» деп жұлқынғанда, бетiме қарап жымсия күлген тергеушiнi орындықпен ұрып жықтым. Олар, әрине, сол күнi сыбағамды бердi... Тоқта, мiне, сезесiң бе, күйiк иiсi шығып тұр? – Аруақ ауырсынып алақанымен ернiнiң үстiн басты. – Тура андағы сен отырған жер болатын. Тепкiлеп тезегiмдi шығарған соң, жендеттер сүйреп әкелiп сирағымнан төмен қаратып төбеге асты. Екi қолымнан екеуi керiп, бiреуi шашымнан ұстап тұрды. «А, мауыққан талай қаншықтың тамағын қытықтаған арам мұртың осы ма?!» деп от жағып өртегенде, ой, шыбын жаным шырқырады-ау. – Аузын ашты.– Көрдiң бе? – Опырайған қара үңгiр. – Тiсiм сызат түспеген маржандай едi ғой. Тiстеуiкпен қара қанын ағызып, бiр-бiрлеп жұлды... – Содан соң екi қолын алға созды. Саусақтарында бiр де тырнақ жоқ. Iштанын тiзе тұсынан шымшып ұстап, балағын көтерiп, жалаң аяғын көрсеттi. Онда да тырнақ жоқ. – Темiр орындыққа байлап қойып жұлды ғой!.. Бiр ғажабы, осындай қиналып, есеңгiреген сәттерде кешегi өзiм алысып көп қиянат көрсеткен Алаштың арыстары қаз-қатар тiзiлiп көз алдыма елестейдi. «Тар жол- тайғақ кешуде» аяусыз шенеп, өлтiре соққам шетiнен. Кейiн сол сөзiмдi айғақ қып НКВД жендеттерi көбiнiң түбiне жеттi ме деп қорқамын. Аузымнан қара қан ағып қиналған бейшара түрiме анадайдан сырбаз қалпымен қолдарын арқасына айқастыра ұстап Әлекең, Халел, Нәзiрлер қарап тұрады. «Шоқ-шоқ, сол керек!» деген табалау емес, тұнжырап, аянышпен қарап тұрады. Ал Ахмет, айналайын әулие Ахаң, көзi жасаурап маңдайымнан сипайды: «Қарағым-ай! – дейдi қамығып, – бiздi азап пен тозаққа салса – бiз жаумыз, жөнiмiз, жолымыз бөлек. Сенi зәбiрлейтiндей не қисын бар едi. Қарсылас болсаң да жамандыққа қимаушы ем, сенi де маңдайға сыйғызбады ма!» Қайран Ахаң! Қазақтың арғы-бергi даналығын бойына сiңiрген шын асыл ғой. Кек сақтамапты. Баяғы мүйiзiмiз сықырлап айқасып жүргеннiң өзiн де: «Большевик деп Сәкендi шеттете бермейiк, ол да халқын сүйедi!» дейтiн. Алысты болжайтын кемеңгер елге пайдасы тиер әр азаматтың амандығын ойлады ғой. Совет нығайып, Алашорданың болашағы бұлдыр тарта бастағанда: «Бәрiмiз бiрдей құрып кетпейiк. Артта бас көтерер бiреу қалсын. Алашпен ат құйрығын үзiскен боп жаманда, бар күйенi бiзге жап. Өз басыңды арашала» деп ақыл айтып, Мұхтардың қилы заманда аман қалуына себеп болған да осы Ахаң... Мұхтар сонда көнбей, көзге шыққан сүйел мен болдым ба деп үш күн бойы өкпелеп тулап әзер ақылға келген болатын.

– Ол кiсi сонда қалай партия қатарына өтiп жүр?

– Ол – айла. Шын коммунист адам «Маркс айтты екен деп тоқтай алмаймын!» дей ме?... Иә, бұл менiң талай қорланып қиналғанымды көрген бөлме. Шыңғырған дауысым әлi мына қабырғаларда жаңғырып тұр, мiне, естисiң бе?

– Естимiн, аға, естимiн! – дедi Әзиз-Сұлтан қалш-қалш етiп. Өз басынан өткен сұмдықты айтсам ба, айтпасам ба деп екi ойлы боп тұр. Сыр бөлiссе, «е, сенiң де көрмегенiң жоқ екен ғой» деп Аруақтың қасыретi сәл де болса жеңiлдей ме деген далбаса ғой.



2

Осыдан алты күн бе, жетi күн бе бұрын айласы таусылып аласұрған Аллахвердиев, тағы не пәленi iшiне бүккенiн кiм бiлсiн, мұны көп кiсiлiк камераға апарып қаматқан. Аллахвердиев жаңа кезекшi старшинамен әлдененi құпиялап сырласқанда-ақ Әзиз-Сұлтан өзiнiң мұнда тегiн келмегенiн сезген. Торға қамалған арыстанның алдына топ еткiзiп тастай салғандай жүрегiн жабайы үрей тұншықтырды. Кiсiлiк кейiптен айрылған ылғи бiр азғын тобыр. «Қошақаным, келдiң бе?» деп аш қасқырлар қуанып кеттi азуын ақситып.

Ұры-қары, кiсi өлтiргiш қанпезерлердi әдейi бөлек камерада ұстап, тергеу орындары кейбiр тұтқындарды өз дегендерiне көндiрiп, сындыру үшiн солардың ортасына салып жiбередi дегендi еститiн. Мiне, ендi сол тозаққа келiп тұр. Ұрар, азаптар, бiрақ өлтiрмес деген. Бұлардың сұмдығы ойлағанынан әлдеқайда асып түстi.

Бiр қорап шайды бiр литрлiк шөңкеге қайнатып, қойылған қандай қызыл-күрең чифирдi ұрып алған соң, айналасында төрт диюы ебелек қаққан Пахан тiптен құтырып кеттi. Үстiндегi жейдесiнiң омырауын дар айырып лақтырып жiбердi. Алқымына дейiн тiкiрейген қара бұйра қыл. Маңдайы жарты-ақ елi, қабағы жалбыраған әлде бiр аты белгiсiз қорқау жыртқыш. Төртбақ денесiн әзер билеп теңселiп тұр. Бiтиген шегiр көздерiнде тағылықтың оты тұтанып, айналасына шабына қарайды. Күркiреп кiмге атылары белгiсiз. Бiр сойқанның басталарын Әзиз-Сұлтан сездi, және найза ұшы өзiне бағытталарына еш шүбә келтiрген жоқ. Арқасын қабырғаға берiп ыңғайланып отыр. Әр талшығы болат сымша тартылып, бүкiл денесi тас түйiлген бұлшық етке айналды.

– Маған қатын керек! Қатын әкелiңдер! – Жыртқыштың жүн басқан аузы апандай үңiрейдi.

– Құп, қазiр, қазiр... – төрт жендет жалаңдап төрт жаққа қарады. – Бүгiн кiмнiң кезегi едi? – Тыртық бет Әзиз-Сұлтанға көзiн ойнақшытып, иегiн қасыды. Бөлме iшiн кезген қорқынышты көлеңкелер түйiсiп түкпiрдегi кереуетке төндi:

– Ей, Шымшық, тығылма, шық берi!

Шымшық шырылдап қоя бердi:

– Ағатайлар-ай, аяңдаршы. Не iсте десеңдер де орындайын. Тек бұл емес, тек бұл емес...

– Тыртыспа, жiбер қолыңды. Босқа таяқ жегенше, өз еркiңмен көн. Бағың жанып, бәлкiм, Паханның сүйiктiсi боп кетерсiң!

– Адам баласы емессiңдер ме, бұларың не. Мен аурумын, геморроймын.

– Қазiр көремiз!

– Рас айтам, аяңдаршы, аяңдаршы!

– Жап аузыңды. Паханның кайфын бұзасың. Ашуланса, бiлесiң ғой!..

Толқынды сабан шашын артқа қайырған, пiсте мұрын, сепкiл бет балаң жiгiт екен, жендеттер шырқыратып сүйреп келедi. Ойласа қиялы жетпес мұндай тағылықты күтпеген Әзиз-Сұлтан төбеден ұрғандай сiлейiп тұрып қалған. Келесi сәтте тез ес жиды да ышқынған ашумен жендеттердiң алдына жетiп барды:

– Жiберiңдер, жiгiттер. Бұларың хайуандық қой! – Дәу сарының сол жақ езуiнен шықшытына дейiн ырсиған тыртық жыландай ирең еттi:

– Оқытатын кiсi табылды. Макаренко! Тұр былай былшылдамай! – Жағасына жармасқалы жақындай берген жуан, түктi бiлектi Әзиз-Сұлтан қағып жiбердi:

– Тұрмаймын. Жiберiңдер мына жiгiттi!

– Не, қышып шыдай алмай тұрсың ба? Саған да кезек келедi қазiр! – Асқазанның астынан оқыс тиген жойқын соққыдан Әзиз-Сұлтан екi бүктетiлiп сылқ ете түстi.

Көзiн ашса, екi қолтығынан екi жендетке асылып тұр екен. Қарсы алдындағы жабайы суреттiң өңi не түсi екенiн тұманданған санасы көпке дейiн саралай алған жоқ. Қаумалай ұстаған шалажансар Шымшықтың жалаңаш бөксесiне жабысып өнебойы жүн-жүн Пахан хайуандық қорқаулықпен құнжұң-құнжұң етедi. Әзиз-Сұлтан ышқына бұлқынып едi, екi қолын топшысынан қайырып, қайтсең де көресiң дегендей, төбе шашынан тартып, басын кекжитiп ұстап тұрды. Пахан солығын басып шегiне бергенде жалаңдап екiншiсi ұмтылды. Солай кезек-кезек... Дәрменсiздiгiнен ызаға булығып Әзиз-Сұлтан қыстыға өксiдi. Пахан арсыз бетiн берi бұрды:

– Ендi сенiң кезегiң. Сенi қатын қылам!..

Әзиз-Сұлтан жаралы қабыландай ширықты. Бүйтiп тiрi жүргенше қолында өлмей ме. Ышқырына қолын салып ырсиып жақындай берген жауызды ышқына серпiлiп, көкiректен қос аяқтап тепкен. Алып дене кескен теректей гүрс етiп құлап, кереуеттiң астына басымен сырғып кiрiп кеттi. Қолдарынан қалай сытылып шығып кеткенiн бiлмей қасында аңырып тұрған екеудi де еш жиғызбай орнынан тiк секiре өкшесiмен орай теуiп, екi жаққа ұшырған, ұзынынан сұлап, қимылсыз қалды. Өзгелерi жақындауға батқан жоқ. Әзиз-Сұлтан бұрышқа шегiнiп барып, қауiп төнердей болса, айқасуға оңтайланып тұрды. Пахан жығылдым – жеңiлдiм дейтiн қарақшының сортынан емес екен. Ес жиысымен шүйдесiн сипап сәл отырды да басын шайқап-шайқап жiберiп ұшып тұрды. Ышқырына қолын тығып жiберiп жарқ еткiзiп пышақ суырып алды. Жүзi сүйем қарыс, жалтыраған ақ болат. Әзиз-Сұлтан бұл хайуанды жаңа қайтып тұрмастай ғып сiлейiтiп тастамағанына өкiндi.

– Падла, перережу глотку и напьюсь кровью твоей поганной. Мне терять нечего, я шестой раз сижу. Сүмелек, кеңiрдегiңдi қырқып қара қаныңды iшемiн, абақтыда алтыншы рет отырмын, маған түк емес! – Пышағын кезей ұстап жақындай бердi. Жалбыраған қабақтың астындағы қызарған көз емес, меңiрейген қос түйiр қанды кек. Соншалық қорқынышты, топас түр. Төрт жендетi төрт жағынан өре тұрып, тұтаса түйiлiп қара түнек боп төнiп келедi. Екi аттаса, сiлтеген селебесi кеңiрдегiн орып түспек. Жүрегi мұздап, не iстерiн бiлмей меңiрейiп қалған. Кенет темiр есiк салдыр-гүлдiр ашылып, iшке әлгiндегi кезекшi старшина кiрiп келдi.

– Бұл не шу? Тағы да сен бе, Шибөрi!

– Иә, мен, – дедi Пахан пышағын жеңiнiң iшiне зып еткiзiп.– Тәртiп орнатып жатырмын, жолдас бастық.

– Сенiң тәртiбiң белгiлi ғой. Байқа, жылыңа жыл қосып алып жүрме.

– Мне пофиг. Ұрғаным бар. Түрме менiң – өз үйiм. Ал мынаны... статьясы шықсын. Все равно опущу. Қатын қылмай қоймаймын!..

Екi бұты алшая, жарқыраған бөксесi қып-қызыл қанға бөгiп, тас еденде етпеттеп өксiп, өкiрiп жатқан Шымшықты старшина байқамаған боп тұр. Бұған бұрылып, жүр деп арқасынан есiкке қарай итердi. Бұлардың бағанадан берi есiктегi кiшкентай дүрбiшеден бәрiн бақылап тұрғанын Әзиз-Сұлтан сезген жоқ, бiрақ қабақ астынан сүзе қарап суық жылтыраған шегiр көздерден «бiздiң айтқанымызға көнсең – көндiң, көнбесең – көретiнiң осы!» деген жымысқы ишараны анық ұқты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет