Жетекшісі: Еңсепов Бауыржан тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы



Дата25.02.2016
өлшемі118.02 Kb.
#19857
Ортаева Береке Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті И-12-1 оқу тобы студенті

Жетекшісі: Еңсепов Бауыржан тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы



Темірбек Жүргенов еңбектері тарихи дерек ретінде


ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақ елінің білімі мен ғылымын жәнеде жаңа социалистік мәдениетін қалыптастыруда, сонымен бірге жоғары мектептің негізін қалауда Темірбек Қараұлы Жүргеновтің еңбегі ерекше. Ол 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келеді[1, 20-21 пп]. Темірбек алғашқыда Мұхаметжан деген ауыл мұғалімінен сабақ алып, кейіннен шығыс тілінің білгірі, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтен оқуын жалғастырады. Ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтен Темірбек, парсы, өзбек, тәжік тілдерін меңгеріп, шығыс әдебиетін бойына сіңіреді. Темірбектің әкесі Қара баласының білімге деген құмарлығын байқап, зеректігін ескеріп, он жасында оны екі сыныптық орыс-қазақ Аламесек мектебіне оқуға береді. Т. Жүргенов Аламесектегі мектепте демократиялық көзғарастағы мұғалімдер Омар Сатаев, Досмұхамбет Букин секілді ұстаздардан білім алады. Темірбек Аламесек мектебін 1913 жылы бітіріп, сол жылы Перовскідегі Суханский атындағы қалалық жоғары орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі[2, 17 б]. Осы училищеде ол Б. Есенов, И. Давыдов, Н. Шипков және басқа да озық ойлы ұстаздардан дәріс алады. Училищені 1917 жылы бітіріп, сол жылы Уфадағы жер өлшеу училищесінде білімін жалғастырады. Бірақ 1918 жылы басталған азамат соғысы салдарынан оқу орны жабылып, ендігі кезекте Темірбек бар ынта-жігерімен саяси өзгерістер мен жаңарулар алдында тұрған елінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып кетеді. 1918-1921 жылдары Торғай, Ырғыз, Ақмешіт өңірлерінде түрлі кеңес қызметтерін атқарады[3, с 67]. Ол 1918 жылы Торғайда «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, 1920 жылы коммунистік партия қатарына өтеді. 1921 жылы Темірбек Орынбордағы жұмысшылар факультетіне оқуға түсіп, оны 1923 жылы аяқтағаннан кейін, оқуын жалғастыру мақсатында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне түседі. Бұл кезде университет 2 мыңнан астам студенті және 370 профессор мен оқытушысы бар ірі оқу орнына айналған-ды[4, 228-229 бб].

Осы жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде Т. Жүргеновтің таланты ашылып, күллі Түркістанға танымал қайраткер дәрежесіне жетеді. Сол жылдарда бірнеше қызметті қатар атқару, мемлекет және шаруашылық мекемелерінің жұмысына жоғары оқу орындары мен техникумдарда оқитын, тәжірибелі, сенімді студенттерді тарту мамандардың жетіспеушілігінен туған бір үрдіс еді. Екінші семестрден бастап, Темірбек Жүргенов те университеттегі оқуынан қол үзбей жауапты қызметке - 3-4 жыл қатарынан Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы өкілетті уәкілі міндетін, соңғы курста Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметін қоса атқарады. Қазақстан мен Түркістан Орталық Атқару комитеттеріне мүшелікке сайланады. Сонымен қатар, ол көптеген облыстық, республикалық, өлкелік мәслихаттар мен пленумдарға делегат ретінде қатысады. Сол кезеңнің басты мәселесі – Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік шекарасын межелеу ісіне белсене араласып, Қазақстанның іргесін кеңейтуге және ұлттық жағынан тұтастануына студент болса да зор үлес қосады. Оқуды мемлекеттік және қоғамдық үлкен қызметпен қоса қабат жүргізу, болашақ заң қызметкерінің оқу үлгерімін одан әрі жақсартып, құқық, саяси экономика, тарих ғылымдарына шындап ден қойып, статистикалық, демографиялық зерттеулермен айналысуына көмектеседі. 1924 жылы Жүргенов өзінің «Орта Азия республикасында тұратын қазақтардың хал-жағдайы» атты тарихи-демографиялық очерктерін жариялап, Орта Азиядағы қазақтардың тұрмыс-күйі мен мәдениетіне қатысты мәселелерді анықтауға арнайды[5]. Жүргеновтің бұл еңбегінде Түркістан АКСР-інде тұратын қазақ халқының әлеуметтік–экономикалық жағдайы мен мәдени дәрежесіне жалпы сипаттама береді. Сондай-ақ қазақтардың қарақалпақтар, қырғыздар, өзбектер, түрікмендер және Орта Азияның басқа да халықтарымен этникалық және мәдени байланыстарын ашады. Соның ішінде автор бұл халықтардың құрамында ортақ рулар, ру бөліктері бар екендігін атап көрсетеді[6, 4-8 бб]. Университетте оқып жүріп-ақ, Т. Жүргенов баспасөз беттерінде көптеген зерттеулері мен мақалаларын жариялайды. Оның еңбектерінде қазан төңкерісі қарсаңындағы Орта Азия мен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық жағдайы, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің алғы шарттары мен қозғаушы күштері, социалистік мәдениеттің дамуы туралы пікірлері қарастырылған. Мәселен, «1916 жылғы қазақтар көтерілісі кезіндегі қала мен ауыл» [7], «Қазақ университетін құру жөнінде» [8], «Мектептің түрі, тілі туралы» [9], «Қазақстанның ақындары мен жыршылары» [10] деген еңбектері Т. Жүргеновтің зерттеушілік қабілетін жоғары екенін көрсетеді.

1927 жылы ол Орта Азия мемлекеттік университетін үздік бітірген соң, оның Қазақстан жерін әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан аудандастыруға қатысты дипломдық жұмысы аса жоғары бағаланып, профессор Н.Н. Филатовтың алғысөзімен жеке кітап болып басылып шығады. Орта Азия мемлекеттік университетінің профессоры, Н.Н. Филатов кітапшаға жазған алғы сөзінде былай деп атап көрсетеді: «Сынақ комиссиясы бұл жұмысты дипломдық жұмыстарға қойылатын дағдылы талаптар дәрежесінің шеңберінен жоғары деп бағалады. Зерттеу жұмысының авторы мемлекеттік құқық кафедрасына ғылыми қызметкер есебінде факультетте қалдырылып отыр» [11].

Ғылыми жұмыс үш тарауға бөлінген; 1. Аудандастырудың тарихы мен теориясы. 2. Аудандастыру саласындағы кеңес үкіметінің саясаты. 3. Қазақстандағы аудандастыру мәселесі. Сонымен қатар, профессор Н.Н. Филатов Жүргеновтің таңдаған тақырыбы, зерттеген нысаны, өз кезеңі үшін аса өзекті мәселе екенін ашып көрсетеді. Сол тұста Қазақстан аумағын межелеудің жай күйінде шешімін таппаған мәселелер әлдеқайда көп еді. Диплом жұмысындағы үш тараудың екеуі тікелей Қазақстанға қатысты болмаса да, Н.Н. Филатов әділ атап көрсеткендей, бұл тарауларда да Жүргенов өз бетімен ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге қабілеттілігін, еңбексүйгіштігін, ыждаһаттылығын, адалдығын, алған тақырыбына шығармашылық тұрғыдан қарайтындығын танытты. Н.Н. Филатов автордың мәселе қоюдағы өзіндік ерекшелігіне тоқтала келіп, жұмыстың бұл тақырыпқа арналған басқа еңбектерден айырмашылығы автор ретінде «мәселенің экономикалық қойылысын әкімшілік құқық мәселелерімен ұштастыра білгендігін» атайды. Тақырып кездейсоқ таңдалмаған, жоғарыда атап көрсеткендей Т. Жүргенов Қазақстанның Түркістан республикасындағы өкілі ретінде ұлттық межелеу ісінде белсенді жұмыс жүргізді. Сүйтіп ол біріктіру жұмысында практикалық тәжірбиесі толысқан, тақырып бойынша орасан зор нақты материалдар жинаған күйде отырды. Жұмыстың алғашқы тарауында аудандастыру ұғымына ғылыми сипаттама беріледі, оның шартты қағидалары, классификациялау тәртібі ұғымды тілмен түсіндіріледі. Автор тарауды қорыта келіп аудандастырудың негізгі үш белгісін көрсеткен:

1. Тарихи жаралыстану белгісі. Бұл сөз болып отырған ауданның ауа райына, жер суына және өсімдік дүниесіне байланысты.

2. Экономикалық белгі. Бұл белгі ауданның шарауашылық кәсібін (мал шаруашылығы немесе егін шаруашылығы) тұғыр етеді.

3. Саяси белгі. Ауданның геосаяси жағдайын ескереді.

Т. Жүргенов аудандастырудың ең басты шарты ретінде ұлттық этносты бағамдауды ұсынады[2, 28 б]. Бұл айтылған үш шарттың да негізгі арқауы ол жер мәселесі болатын. Өйткені Қазақ даласы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында патша үкіметінің жарлығы негізінде еуропалық келімсектердің келуімен көптеген шұрайлы жерлерінен айырылып қалған еді. Сондықтан Түркістан мен Қазақстан зиялы қауымы ең алдымен жер мәселесін күн тәртібіне қойды. Міне осы орайда Т. Жүргеновтің ХХ ғасырдың 20 жылдарында жазған еңбегі теориялық та, практикалық та маңызын жойған жоқ[12]. Диплом жұмысының екінші тарауында патша үкіметінің әкімшілік шаруашылық бөлініс сипатын талдап, онымен кеңестік кезеңдегі аудандастыру бағытын салыстырса, үшінші тарауында Қазақстанды әкімшілік аумақтық тұрғыдан бөлудің жаңа жоспарын ұсынады. Диплом жұмысында Жүргенов республиканы облысқа бөлу жобаларын сынға алып, оның орнына әкімшілік-аумақтық бөліністің сол жылдардағы тиімділігі округтерге бөлудің дұрыстығын ашып көрсетті. Онда Жүргенов тиісті орындар ұсынған жобадағы қала мен оның төңірегіндегі елді мекендерді экономикалық-шаруашылық жағынан ұштастырудың ұсыныстары кейбір әкімшілік аудандарға келгенде формальды сипат алатынын дәлелдейді. Ол республиканың экономикалық құрылымына талдау жасап, жаңа аудандардың шекарасын белгілеген кезде шаруашылық жүргізудің әр түрінің (көшпелі, жартылай көшпелі, мал мен егін шаруашылығы, аралас және біріңғай егін шаруашылығы) белгілі бір аумақтың аясында орналасқанын анықтайды. Осы орайда Жүргенов жаңа аумақтық бөлініс жобасы авторларын өткен тарихи мағлұматтарды, революцияға дейін өңірді зерттеген ғалымдар тәжірбиесін есепке алмағанын сынап, осы орайда ол Н.М. Крашенников құрастырған «Қазақстанның орталық аймағындағы өсімдіктер дүниесінің сызба картасының» маңызын ғылыми негізде саралайды. Әсіресе Жүргенов орыс ғалымының картасында қай ауданға қазақ шаруашылығының қандай түрі сәйкес келетінін нақпа-нақ көрсетуін үлкен жетістік ретінде бағалаған. Темірбек Қараұлы одан әрі жоба авторлары болашақ әкімшілік аймақтарды белгілеген кезде республикадағы аса бай кен көздерін игеру бойынша өнеркәсіптік кешен болатын аудандарды, сонымен қатар, елдегі әлеуметтік-тұрмыстық ерекшеліктерінің, рулық қоғам сарқыншақтарының, көшпелі халықтың әдеп-ғұрпы мен дәстүрінің жеткілікті түрде ескерілмегенін ашып көрсетеді. Сондай ақ Т. Жүргенов аймақты шағын аудандарға бөлу кезінде сол кезде қолдалынып жүргендей ру-румен әкімшілік тұрғыдан бөлудің қажет еместігін, қайта іргелі, саны мол руларды мүмкіндігінше жеке аудан болыстарға және әкімшілік ауылдарға бөліп отыруды ұсынады. Бұл пайымдаудың астарында ауылды жаңа жағдайда мәдени шаруашылық тұрғыдан жаңғырту ісіне кедергі жасайтын рулық қатынастарды жою ниеті жатқанын байқау қиын емес. Диплом жұмысының қорытынды бөлімінде ауылды кеңестендіру, оны бірте бірте жаңа өмір жолына салу мәселесіне көңіл бөледі[2, 29 б].

Т. Жүргенов Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген соң, мемлекеттік құқық пәні бойынша сол университетке ұстаздық қызметке қалдырылады. Университеттен кейінгі екі жыл шын мәнісінде жемісті еңбек пен білім толықтыру жылдары болды. Республиканың ғылымы мен мәдениетінің келелі мәселелері оны бұрынғысынша толғандыра берді. Мемлекеттік жауапты жұмыстарда жүргенде де ғылыми қызметке қайта оралуды ойынан шығарған емес. 1928 жылы ол Қазақстанның алғашқы оқу орындарының студенттеріне Михайловскийдің «Саяси экономия» деп аталатын оқулығын қазақшаға аударады[13]. Аударманың сәтті шыққаны соншалықты, бұл оқулықты қазақ студенттерінің кең аудиториясы, ғылыми және творчестволық интеллигенция өкілдері ондаған жылдар бойы үздіксіз пайдаланады. Сонымен қатар, Жүргенов Орта Азия Мемлекеттік университетінде жүріп, өзінің аудармалары, мақалалары және кітапшалары арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға, ғылыми терминология жасауға көп үлес қосып, аударма ісінің практикасы мен теориясын байыта түсуге септігін тигізді[6, 4-8 бб].

ВКП(б) Орталық Комитеті Ортаазиялық бюросының қаулысы бойынша 1929 жылы Т.Жүргенов Тәжікстанға жіберіледі. 1929-1930 жылдары Т.Жүргенов Тәжік АКСР-інің Орталық Статистикалық Басқармасының бастығы қызметін атқарады. 1929 жылдың аяғында Тәжік АКСР-інің мемлекеттік құрылымын Тәжік КСР-і етіп өзгерту жөніндегі құрылған комиссия құрамына қатынасып, өзі басқарып отырған статистикалық басқармадан тағыда 4 білікті маманды комиссия құрамына қатыстырады. Жүргеновтің бұл әрекеті Тәжік КСР-ін қалыптастыруда жергілікті халықтың өкілдері қатысып, тарихи оқиғаның жасаушылары қатарында болғандығын қалағанынан болса керек. Орталық Статистика басқармасының басшысы болып жүрген уақытында Тәжік елінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағынан тұрақтануына, мемлекеттік аппарат қызметтерінің қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуіне зор еңбек сіңірді[14]. Орталық Статистика басқармасының басшысы қызметінде абыройлы жұмыс жүргізіп, таза әрі әділетті еңбек ете білген Т.Жүргеновті, 1930 жылдың сәуір-мамыр айларында Тәжік КСР-інің Қаржы халық комиссары етіп тағайындайды. Т. Жүргеновтің бұл қызметке тағайындалуы оның қаржы-экономикалық саладағы біліктілігі мен даярлығы өз септігін тигізсе керек. Қаржы халкомы ретінде елдің экономикалық тұрғыдан өсуіне мүмкіндігінше мол қаражат бөліп, жергілікті ұлт өкілдері жастарының Кеңес мемлекетінің білімі мен ғылымы шоғырланған ірі орталықтары Мәскеу, Петербор, Томск, Ташкент секілді қалаларда білім алып, жоғары білікті маман болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді.

Темірбек Жүргенов Түркістан республикасында Қазақстан өкілі болып тұрған кезінде де қызмет бабымен Тәжікстанға жиі барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен, экономикалық хал-ахуалынан жақсы хабардар еді. Темірбектің ескі өзбек және тәжік тілдерін жақсы білуі оның жергілікті халықпен араласуын көп жеңілдетті. Тәжік КСР-інде Т.Жүргенов бұрынғысынша ғылыми зерделенген мақалалар жазып, мемлекеттік істердің ресми құжаттарын әзірлеп, көптеген жиналыстар мен үкімет отырыстарында тәжік тілінде баяндамалар жасап, шығармашылық интеллегенция өкілдерімен байланыс орнатып, қоғамдық өмірде барынша белсенді қызметін жалғастырды.

Т. Жүргенов 1930-1933 жылдары Өзбек АКСР-інің халық ағарту қызметтерін атқарады. Сол кездегі қолға алынған реформа кеңестік мәдени революцияны іске асыруға кірісіп, жүздеген мектептер ашып, оқулықтар шығаруға барынша ат салысты. Ташкентте Өзбек циркін ұйымдастырды. 1933 жылы Алматыға келіп 1937 жылдың 2 тамызына дейін Қазақ АКСР-інің халық ағарту комиссары, әрі Қазақ КСР Халкомы жанындағы өнер ісі басқармасын басқарды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшелігіне, КСРО орталық Атқару Комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Белгілі тарихшы ғалым Х.М. Әбжанов «Бір қарағанда Т. Жүргенов Қазақстандағы мәдени құрылысқа төрт-ақ жыл басшылық жасады. Бірақ бұл жылдар қазақ халқы үшін айрықша жылдар. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық екі миллион қазақтың өмірін алып кетті, ауылдар қаңырап бос жатты. Тозған, босқан елді қайта жинау, ұйымдастыру, мәдениетін тездете ілгерілету бәрі Темірбек Қараұлынан айрықша күш жігерді, жасампаздықты ізденісті талап етті. Осының бәрі оның бойында бар еді және барынша жарқырап көрінді. Бұл туралы Сәбит Мұхановтың, Ахмет Жұбановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Қанабек Байсейітовтің және тағы басқалардың естеліктерінде молынан айтылған. Бас-аяғы 3-4 жыл ішінде республика мәдениеті тамаша нәтижелерге жетті: жаппай сауатсыздықтың беті қайтты, жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жүзеге асты, Қазақ мемлекеттік университеті шаңырақ көтерді, алғашқы қазақ орта мектептері дүниеге келді. Жаңа наркомның бастамасымен әрі қолдауымен «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Айман Шолпан», «Шұға», опералары мен пьесалары сахнаға шықты, халық өнері қайраткерлерінің бүкілқазақстандық слеті (1934), екпінді мұғалімдердің бірінші съезі (1934), мәдени құрылыс қызметкерлерінің бірінші съезі (1935) шақырылды» [4, 230 б] деп тұжырымдайды. Темірбек Қараұлының көркемөнерге деген ықыласы 1936 жылы Масквада өткен онкүндікті даярлау барысында ерекше көзге түсті. Әрбір репетиция мен концерттік номер наркомның күн сайын қатысуымен өтті. Артистер киетін киімді тігетін шеберхананы да өзі тапты. Онкүндіктің үлкен табыспен өткені белгілі. Оның қорытындысы бойынша Т.Қ. Жүргенов Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Сонымен бірге, өзінің ұстазы Сыр бойының белгілі ақыны, араб парсы тілдерінің білгірі Т. Ізтілеуовке мемлекет тарапынан жағдай жасатып, аз уақыт ішінде Қ. Фердаусидің атақшы «Шахнама» поэмасын тұтастай болмаса да қазақша тәржімалатып алды Дегенмен, 1937-1938 жылдары елімізде жүргізілген кеңестік саяси қуғын сүргін саясаты Т. Жүргеновтің өмірін құрбан етті. Жүргенов мұраларын зертеуші ғалым Бауыржан Сабитұлы Иманғалиев өзінің еңбегінде Темірбек Қараұлын Рұсқұлов, Сейфулин, Қожанов, Нұрмақовтармен бірге жалған айыппен 1938 жылы 25 ақпанда Алматы түбіндегі Боралдай маңында атылды[2, 44 б] деген деректі келтіреді. 1957 жылы 18 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының Әскери коллегиясы Т. Жүргеновті толық ақтады.

Қорыта келгенде, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы ғалым Т. Жүргеновтің есімін ұлықтау үшін біз бүгінгі студенттердің ғылыми конференциясында мынадай ұсыныстар бергенді жөн көрдік: Біріншіден, Т. Жүргенов шығармаларының тарихнамалық және деректанулық маңызын жан-жақты ашып көрсету үшін зерделі зерттеу жүргізіп, оны жарыққа шығару қажет. Ол үшін Т. Жүргеновке қатысты Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты мен Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты қорларындағы құжаттармен танысып, ғылыми негізде саралау керек. Екіншіден, Т. Жүргеновтің өмір жолы аясында деректі және көркем фильмдер түсіруді қолға алса, онда қазақ халқының рухани дүниетанымын жаңғыртуға қосылған сүбелі үлес болар еді. Үшіншіден, Қызылорда қаласында соның ішінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде және сол университет ұжымының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі Темірбек Жүргенов оқулары (ғылыми-практикалық конференция) өтсе, Т. Жүргеновтің тікелей ықпалымен өрістеген ХХ ғасырдағы білім мен ғылым, мәдениет пен өнер және халқымыздың қоғамдық-саяси өмірі қазіргі ХХІ ғасырдағы инновациялық өзгерістермен байланыстырыла ұштасатыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты 368-қор, 12-тізбе, 79-іс

2. Иманғалиев Б.С. Темірбек Жүргенов (зерттеулер, мақалалар, құжаттар жинағы), Алматы

2012, 439-б

3. Жизнь и деятельность представителей казахской национальной интеллигенции в Туркестане (Сборник документов и материалов) Часть Шымкент – 2004, 276-с.

4. Назарбаева Г, Әбжанов Х. «Қазақстан: тарих пен тағдыр», Алматы 2003, 296 б.

5. Т. Жүргенов «Орта Азия республикасындағы қазақ халқының күйлері». // Еңбекші қазақ, 1924, 8 қазан

6. Енсепов Б.Б. «Темірбек Жүргенов және Орта Азия мемлекеттік университеті. // Тағылым. №1-2, 2013.

7. Т. Жүргенов «1916 жылғы қазақ көтерілісінде қала мен ауыл арасындағы наразылық», // Еңбекші қазақ, 1926, 30 қыркүйек.

8. Т. Жүргенов «Об организации казахского госуниверситета», Советская степь, 1927, 22 апреля.

9. Т. Жүргенов «Мектептің түрі, тілі туралы» // Еңбекші қазақ, 1927, 7 наурыз.

10. Т. Жүргенов «Акыны и жыршы Казахстана // Красная газета. 1936, 16 мая.

11. Т. Жүргенов «СССР мен Қазақстанда әкімшілік-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу проблемасы Қызыл-Орда: ҚазМембаспасы, 1927.

12. Енсепов Б.Б. «Темірбек Жүргеновтің студенттік жылдарындағы ғылыми ізденістері», // Базар жырау. №2, 2013. 66-73 бб.



13. Т. Жүргенов «Политэкономика». Кзыл-Орда, 1928.

14. Оразбақов А.Ж., Енсепов Б.Б., Ибраев У.С. «Темірбек Жүргеновтің Тәжік еліндегі қызметі. // Сыр бойы, 2014 жыл, 22 наурыз.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет