«Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің атына тұрғын үйді бекіту мен сақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы аймақтық семинардың ұсынымдамасы



Дата05.07.2016
өлшемі47.48 Kb.
#179262
«Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары тәрбиеленушілерінің атына тұрғын үйді бекіту мен сақтаудың өзекті мәселелері» тақырыбындағы аймақтық семинардың ұсынымдамасы

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі нарықтық экономика жағдайында ерекше мәнге ие болып отыр, өйткені тұрғын үйге конституциялық құқығы балалардың басқа құқықтарын жүзеге асыруда негізгісі болып табылады.

Тұрғын үй проблемасы жетім балаларды әлеуметтендіруге, олардың өмірден өз орнын табуына үлкен әсер етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында 48 456 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. 29 мыңнан астам бала қазақстандық азаматтардың отбасыларының қорғаншылығы мен қамқоршылығында, 17 мыңнан астам бала жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуде, 2 мыңға жуық бала патронаттық тәрбиеде.

Бүгінгі таңда балалар үйлері тәрбиеленушілері қатарынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 10 пайызға жуығының ғана өздеріне бекітілген тұрғын үйлері бар.

Жыл сайын 6 мыңнан астам ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жалпы білім беретін мектептерді бітіреді, оның ішінде 2 мыңға жуығы — балалар үйлерін бітірушілер.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында жергілікті атқарушы органдардың жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қатамасыз ету қызметі көзделсе де, аталған норма үнемі орындала бермейді. Соңғы үш жыл ішінде осы санатқа жататын балалар қатарынан тек 58 бітіруші ғана пәтер алды.

«Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдары кәмелетке толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүлкін қаттауға міндетті.

Дегенмен республикада жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың атына бекітілген тұрғын үйлерді сату фактілері жалғасуда.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, семинар-практикумға қатысушылар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүліктік құқықтарын қорғауды әрі қарай жетілдіру, облыстық, Астана, Алматы қалаларының білім департаменттеріндегі қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және балалардың құқықтарын қорғау департаменттері мамандарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұрғын үйді бекіту және сақтау, сондай-ақ оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаларды сақтауды бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында төмендегі ұсынымдамаларды қабылдау қажет деп есептейді:



1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті:

  • мүдделі министрліктер және ведомстволармен бірлесе отырып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, оларға тұрғын үйді бекіту және сақтау мәселелеріне қатысты заңнамаларды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыру.

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері бойынша алыс және жақын шетелдердің тәжірибесін зерделеу.

2. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының білім департаменттері:

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілерінің атына тұрғын үйді бекіту және сақтау бойынша барлық тиісті шараларды қабылдау;

  • әлеуметтік тұрғын үй кезегіне қою үшін дер кезінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың есебін жүргізу;

  • тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы деректер банкісін жасау;

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында жергілікті өкілдік және атқарушы органдарға аталған санатқа жататын балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру жөнінде өтініш жасау, алқалы кеңестерде, қоғамдық өкілдердің алдында осы мәселелерді көтеру.

  • қоғамдық өкілдермен жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін демеушілерді тарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

3. Облыстық, Астана, Алматы қалаларының балалардың құқықтарын қорғау департаменттері:

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңсыз тартып алынған немесе сатылған тұрғын үйлерін қайтару бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдары, құқық қорғау органдары және прокуратураның өзара іс-қимылын жақсарту;

  • тәрбиеленушілердің атына тұрғын үйді бекіту және сақтау мәселелері бойынша балалар үйлері, жасөспірімдер үйлері және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттары басшыларының қызметтік міндеттерін орындауын бақылауды жүзеге асыру;

  • қорғаншылық және қамқоршылық органдарына тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы деректер банкісін жасауға ықпал ету;

  • үнемі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарын бітірушілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мониторингісін жүргізу.

4. Облыстық, Астана, Алматы қаласы қалаларының білім департаменттері, балалардың құқықтарын қорғау департаменттері:

  • қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, қорғаншылық және балаларға көмек көрсету бөлімдерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының тұрғын үйді бекіту мен сақтау мәселесі бойынша үйлескен іс-қимылын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеп, 2008 жылғы 15 мамырға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне ұсыну;

  • тоқсан сайын есеп беру кезеңінен кейінгі айдың 10-нан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне тұрғын үймен қамтамасыз ету, бекіту және сақтау мәселелеріне байланысты атқарылған жұмыстар туралы ақпарат жолдау.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет