Айманбозға мінді ырғып (Манас, 295).
Ертеде хан сайлауында болашақ ханды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, хан сайлаған. Көркем шығармаларда қазақтың атақты Жәнібек, Қасым, Абылай сияқты хандарын хан көтеріп, таққа отырғызуы баяндалады. Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады (І. Есенберлин, Көшпенділер, 291). Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан ғып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты (І.Есенберлин, 181). Құрбан шалғанда ақ жылқының таңдалу себебі: ақ түс – күннің символы. Дегенмен, қазақ күнді ақ емес, қызыл дейді. Сол сияқты жылқының ақ түстілерін қызыл жылқы деп атайды. Ендеше, жылқының түсін атауда сирек қолданылатын қызыл түс те күннің түсі, Тәңірдің символы. Қызыл ат денесін қартайса майда-майда қоңырқай теңбіл басады, яғни жылқы түсі енді тарланға айналады. Кәрі тарланның кей қимылы жас тұлпарға бергісіз (І. Есенберлин, 156). Жазушы мұнда қарт адамның қимылын кәрі тарланға балайды. Немесе,
Көбіктінің Тарлан ат
Жылқы ішінде тұр екен.
Жамандатқыр Тарлан ат
Құйрығын құстай тарады ... (Қобыланды, 25)
Қазақ ұғымындағы тағы бір қасиетті түс – көк. “Көк – түгі нағыз көк емес, қоңырлау көк денені, әсіресе, бас-аяғын көкшіл қылшықтар басқан жылқы түсі, ...құлын кезінде қоңыр, күлгін, сұр болып келетін бұл түс бара-бара өзгеріп, бозара түседі”. Ертеде көк ала жылқыны да құрбандыққа шалатын: Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көк ала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді (Есенберлин, 247 ). Оған бұл арада Ахаңның жирен қасқасынан басқа ат жетпейді. Әкел бермен, қарасын үзбей тұрғанда. – Біреу белдеуден жирен қасқаны шешіп әкелді. (М. Мағауин, Бір атаның балалары, 256).
Жылқыға біткен негізгі төрт түстің бірі – ала – жылқының негізгі түгінің (торы, көк, сары т.б.) ара-арасында ретсіз орналасқан үлкенді-кішілі ақ, ақшыл дақтары бар түс. Ала сөзі екі түрлі мағынада жұмсалады: әрі әбден есейіп, күш жиған, мықты жылқы дегенді білдірсе, әрі жылқының түсін білдіреді. Жылқының түр-түсін білдіретін күрделі атаулар академик Ә. Қайдаровтың жіктеуі бойынша екі топқа бөлініп қарастырылады: 1) негізгі екі түр-түс атауының тіркесуімен жасалған атаулар; 2) негізгі түр-түс атауларының біреуі не екеуі қатысып басқа сөздермен тіркесуімен жасалған атаулар. Екінші топ компонент санына байланысты: 1) екі компонентті; 2) үш және көп компонентті атаулар деп топтастырылды [8]. Екі компонентінің біреуі ғана түр-түсті білдіретін атаулар құрамына енетін компоненттің не алдыңғысы (анықтауышы), не артқысы (анықталушысы) негізгі түстің қосалқы мән-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Олар: қасқа, төбел, танау, бақай, бас, сауыр, табан, мойын, тұяқ, бел, тайпақ, ысқаяқ, жалпақ, сұлу, кербез, шаңқан, сүлік, шал, ор сияқты жылқының мүшелерін, ерекше белгілерін, я мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, көркін т.б. сипатын білдіретін сөздер. Мысалы: мақпал қара, қан жирен, маңғаз торы, меңді жирен, әсем қоңыр, көк шолақ. Бұлар қалыптасқан тілдік бірлік ретінде саналады, соңынан бие, дөнен, бесті, байтал т.б. жылқы атауларының тұруын талап етпейді. Жылқының түр-түсін білдіретін екі компонентті атаулар негізінде үш және көп компонентті атаулар жасалады. Академик Ә. Қайдаров айтқандай, бұл тәсіл түр-түске үстеме мағына артудан гөрі, оны дәлірек айтып, анықтай түсуді мақсат етеді: ақ бақай торы, жалпақ бел жирен. Сирек кездесетін шұбар, ақбоз, қаракөк т.б. жылқылар екі ел арасындағы тарту-таралғыға тартылған дипломатиялық келіссөздерде маңызы болған.
Атбегілердің сөзіне қарағанда жылқы сыны, жүрісі, бабына байланысты үш түрге бөлінеді: 1. Ақалақ жылқы – жауға мінетін ат шығады, жауға мінетін жылқы бұқпа болады; 2. Ақсақал жылқы – жүйрік, тұлпарлар осы топтан шығады; 3. Бақал (мұзбүйрек) жылқы – ең төменгі топ, шабан, шобыр аттар. Мал қайырып мінуге, жүк тасуға, тартуға, шаруаға пайдаланылады. Ақсақал жылқы ішінара 10 түрге бөлінеді: 1. Арқар жүйрік – ой-қырға бірдей жүгіреді; 2. Жайран жүйрік – ой-қыр демей шабады; 3. Қоян жүйрік – өрге шабады, арты биік, алды аласа келеді; 4. Түлкі жүйрік – жазыққа шабады; 5. Күдір жүйрік – күшті өрге шабатын жүйрікті тауға-тасқа жүгіретін күдір аңға ұқсатқан. Екі мықын – жая мен қабырғаның ортасы бір сүйем ғана болады (сүйем бас бармақ пен сұқ саусақтың арасы), ал жазыққа шабатын жүйріктердің жая мен бұғанасының ортасы бір қарыс (бір қарыс шамамен 20 см). Күдір жүйрік құйрығын көтеріп шабады; 6. Шаңтимес – бірден шаба жөнеледі, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр; 7. Аламан жүйрік – алдыңғы атты қуып жетіп, басып озып отырады, алысқа шабады; 8. Төңірек жүйрік – бұрқырап шабады. Төңіректі кейде тесік өкпе деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының ортасындағы тесіктен, аяз күндері бу шығып тұрады; 9. Желбегей – алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді елестейді, артынан қарағанда шабынған бураның артындай төңкерілген тұрпаты ұзын, шойыннан құйғандай келісті келеді; 10. Қызбел (босбелбеу) – жайран бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек. Жал-құйрығы жұқа, құндыздай жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төбе сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танауының ауқымы тар. Қызбелдер бәйгеге келмейді, нағыз көкпардың аты.
Созақ елінің (Оңтүстік Қазақстан) атбегілері бәйге аттарын үш топқа бөледі: 1. Арынды жүйрік – шүу дегенде жарқырап алға шығады, көзге тез көрінеді. Оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады; 2. Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағып шабатын жүйрік. Ол алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеде көзге түсіп, көпшіліктің мақтауына ілігеді; 3. Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқай-шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда еліре-екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі. Қазақстанда жылқыны пайдаланылуына және жүрісіне қарай түрге бөлу кездеседі. Мұны ең алғаш байқап жазған М. Бабаджанов. Автор қазақ жылқылары: берік, жүрдек, жүйрік (жүйрікті үшке бөледі: ұшқыр, қарғыншыл, аламан-жүйрік), аяңшыл, жорға. Бұл жерде М. Бабаджановтың ұшқырын Моңғолия қазақтарының шаңтимесімен, қарғыншылды қызбелмен шендестіруге болады. Күні бүгінге дейін жүйріктердің топқа жіктелуі әлі толық қалыптасқан жоқ деп айтуға болады. Аттың сынына кіріспес бұрын жылқының сыртқы мүшелерінің атауларын (құлақ, көз, танау. т.с.с.) толық қалпына келтіру үшін Қазақстанның шығысы, оңтүстігі, батысы және Қытай, Моңғолия атбегілерінен сұрақ-жауап алған.
Қазақта жорғаны: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, көташар жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөледі. Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Күнделікті тұрмыста пайдаланатын, мініс аттары да бөлек болған: мініс ат аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, пар деп, жорықта алып жүретін атты ереуіл ат деп атаған. Қазақ халқы шабыс атын жүйрік тұлпар, күлік (осыдан сәйгүлік, сайгүдік), саңлақ, бәйге ат деп, кейде жанама атпен: тұйғын, құмай, көк тұйғын, арда, арда күрең деп атаған. Аттар жасына қарай: жас ат, кексе ат, сақа ат, сар кідір ат, сары тісті ат, кәрі ат т.б. деп бөлінеді.
Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде: Шығыс Қазақстанның Үлкен Нарын ауданы маңында жүрдек атты елпек ат деп атау да ұшырасады делінген. Талдықорғандықтар кішірек жылқыны жаба десе, моңғолдарда тай жасынан асып, құнан, құнажын жасына жетпеген тайды(жылқыны) жабайта, тұқымы нашар жылқыны жабы дейді [249]. Қытай Халық Республикасында ұзақ жорыққа шыдамды, жылқы малын желқуық деп атайды [284]. Қазақ говорларында қысқа шыдамсыз, не қыста, не жазда қоңданып бойына ет алмайтын жеті-сегіз жасар жылқы малын жөнең деп атайды [2,295]. Қарақалпақтарда қулық биені жүгілік деп те атау бар [299]. Шығыс Қазақстанда ерте туған құлынды көпей жабағы деп атайды [365]. Жамбыл облысында бәйге, жүйрік, тұлпар атты күлік десе, Оралда мінгіш көлікті осылай атайды. Құлтұғыр ат (Қостанайда) – шабан ат, қырса ат [471]. Қытай халқында салт-дәстүр бойынша құда түсе барғанда қыздың әкесіне мінгізетін атты мінт дейді [526]. Ныви (Қызылорда) – мінезі нашар, асау ат [536], өгей ат (Жамбыл) – мініс аты, суын (Гурьев) – таза тұқымды жүйрік ат, арғымақ. Әке-шешесі бірдей арғымақ болса, онан туған жылқыны суын дейміз [594], тобышақ//тобыршақ (Жамбыл, Қытай Халық Республикасында) – жылқының жүйрігі, таза арғымақтың бір түрі, топай құлақ (Қызылорда) – жұмырлау құлақ. Топай құлақ жылқы көбінесе мініс көлігі болып есептеледі [642], ұшпа (Семей) – жүйрік, шапқыш ат. Мынау бір ұшпа ат [666], шобыр (Шымкент) – мықты, тұғыр ат [729]. Сондай-ақ тілдік қолданыста дене бітімі, дене мүшелеріне, сауылуына, мінезіне қатысты атаулар да жетіп артылады: айна көз, күпшек санды, ту, ноқталы, кәртамыс, ақ кеуіл, ашаң, бедіреуік, тоқпақ жалды, майда жалды, безер, келте құйрықты және т.б.
Қорыта келе, көшпенді малшы өмірінде жылқы ерекше рөл атқарады, сондықтан болар оларға қатысты сөздер тілшілердің деректеріне сай жалпы лексиканың 46,8 % пайызын құрайды және де ХVІІІ–ХVІІІ ғасырдағы жылқы туралы мәліметтер жоңғарға қарсы соғысқан Отан соғысының батырлары туралы тарихи жырларда молынан кездеседі. Бөгенбайдың Нарқызылы, Қабанбайдың Қубасы, Абылайханның Алшаңбозы мен Шалқасқасқасы, Әбілхайырдың Ақбозы, Ер Жәнібектің Көкдөнені, Олжабайдың Телкөгі, Райымбектің Көкойнағы тарихи жырларда, эпостарда Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Тарланы, Қамбардың Қарақасқасы, Арқалықтың Көкжалы, Телағыстың Телкүреңі, Шораның Таспакері мен Қатукері, т.б. иесі мен аты қатар аталып, халық санасына сіңгені сонша, бірін-бірінсіз елестету қиын. XVIII–XX ғасырлардағы әсіресе, жоңғар шапқыншылығына және орыс отаршылдарына қарсы азаттық соғысында қазақ қолбасшылары мен батырлары мінген сәйгүліктерінің «тұтас галереясын» көруге болады. Абылайдың Алшаңбозы мен Құлаша аты, Кенесарының Кертайлағы мен Өтеуке-Шабдары, Наурызбайдың Ақауызы мен Қызылауызы, Исатайдың Ақтабаны, Махамбеттің Тарланы, Ағыбайдың Ақлағы, Жанқожаның Мәстекқарасы мен Көкешкісі, Балуан-Шолақтың Ақбозы, Оспан батырдың Қаракері мен Ақбозы т.б. иесіне берілгендігі мен ерлігі, тұлғалары мен сымбаты еліміздің тарихында мәңгілік алтын әріптермен жазылып қалды.
Халық ауыз әдебиетіндегі ертегілерде кездесетін жылқы атаулары да біршама: Қамбар батырдың Қара қасқасы, Бурыл ат (Дудар қыз ертегісі), Құлеке батырдың Құламойын тұлпары, Кендебай батырдың Кер құла аты (Кер құла атты Кендебай ертегісі), Делдаш батырдың Сары-алатегеш аты (Делдаш батыр ертегісі), Шүліңгір батырдың Алты құлаш ала байталы, Әлібек батырдың Орқызыл аты (Әлібек батыр ертегісі), Дөнен Қара Бағыс, Ақ Кірпіш батырдың Ақшұбар аты (Ханшентай ертегісі), Томаға көзді қасқа азбан (Ер Тарғын ертегісі), Қой мойынды Құлашолақ аты (жарты Төстік ертегісі), Құл шұбар ат (Байғұлан ертегісі), Көксере ат (Ер Тарғын). Сондай-ақ Маңмаңгер, Үркеккер, Шаңтимес, Желтимес, Ақмоншақ, Сандалкөк, Ақтабан сияқты атаулар жылқының түсі, үркектігі, шапшаңдығына т.б. қасиеттеріне қарай қойылған.
Достарыңызбен бөлісу: |