Ұйымда өндірістік қызмет пен бухгалтерлік есепті ұйымдастыру



бет1/3
Дата04.07.2016
өлшемі406 Kb.
#175887
  1   2   3


МАЗМҰНЫ

Кіріспе ..............................................................................................................5




  1. Ұйымда өндірістік қызмет пен бухгалтерлік есепті ұйымдастыру.......7

1.1 Ақша ұғымы, мәні және оның есебін ұйымдастыру ерекшеліктері.....7

1.2 Ұйымның ұйымдық - өндірістік қызметіне сипаттама және негізгі көрсеткіштерін талдау....................................................................................12

1.3 Ұйымда бухгалтерлік есепті және есеп саясатын ұйымдастыру .........19
2 Ақша қаражаттарының есебі........................................................................24

2.1 Банктердегі арнаулы шоттардағы ақша есебі..........................................24

2.2 Есеп айырысу шотындағы ақша есебі......................................................26

2.3 Кассадағы ақшаның есебі.........................................................................33


3 Ақша қаражатының аудиті...........................................................................40

3.1 Ақша аудитінің мақсаты, міндеттері және бағдарламасы.....................40

3.2 Кассалық операцияларды тексеру............................................................46

3.3 Банк операцияларының аудиті..................................................................53

3.4 Ақша қозғалысын талдау...........................................................................57

Қорытынды.......................................................................................................63

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...................................................................66

Кіріспе


Нарықтық қатынастар жағдайында ұйымдардың қаржылық жағдайы, төлем қабілеттілігі тікелей ақшамен қамтамасыз етілуіне байланысты.

Ұйымның ақшасы мен олардың қалыптасу көздерінің орналасуы – оның қаржылық жағдайын сипаттайды, сондықтан қолданыстағы ресурстарды тиімді пайдаланудың әсерін жоққа шығаруға болмайды. Ол жеткізушілер, банк мекемелері және бюджет алдындағы міндеттемелерді дер кезінде өтеуге мүмкіндік береді.

Ақшаның жетіспеушілігі, есептесулердің тоқтап қалуы, тауарлы – материалдық қорлардың кем болуы ұйымның қызмет процесіне кері ықпалын тигізеді.

Ұйымда өткізілуі қиын тауарлы – материалдық қорлардың шамадан тыс көп болуы, дебиторлық қарыздардың, әсіресе, оның күдікті бөлігінің жоғары болуы, ақшаның айналымдылығын бәсеңдетіп, ұйымның қаржы жағдайына кері әсерін тигізетіні сөзсіз.

Сондықтан «Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылық тұрақтылығын сипаттайтын маңызды көрсеткіштерді – ағымдағы активтерін талдауға үлкен көңіл бөлген дұрыс, әсіресе, ақшаның нысаналы мақсаттарға тиімді жұмсалуына баса назар аударған жөн.

Осылайша, ақшаны есепке алудың басты міндеті – экономикалық шешімдерді қабылдауға қажетті ақша жөніндегі мәліметтердің нақты, әрі шынайы болуын қадағалау: осы кезде қажетті нәтиженің дәл деңгейі нақты жағдайлар мен талдаудың мақсатына тәуелді болады.

Ақшаның түсуі мен ағымдық жұмсалуы уақыт бойынша бір – бірімен сәйкес келмейді, нәтижесінде ұйымның төлем қабілеттілігін ұстап тұру үшін қосымша қаржыландыру көлеміне қажеттілік пайда болады. Сондықтан ақшаны тиімді басқару капиталға деген қажеттілікті қанағаттандыру әдістерінің бірі ретінде қарастырылуы кездейсоқтық емес.

Дегенмен де, атап өту керек, қаражаттың айналымда болу кезеңі көп жағдайда ұйым қызметінің ішкі ахуалымен, бірінші кезекте активтерді басқару стратегиясының тиімділігімен анықталады. Шынында да, қолданылатын баға саясатына, активтердің құрылымына тәуелді түрде ұйым өз қаражаттарының айналым ұзақтығына ықпал ете алады.

Ақшаның басы артық бөлігінің жеткіліксіздігі ұйымның қаржылық қиындықтарға душар болғанын көрсетеді. Сондай - ақ ақшаның шектен тыс көп болуы да серіктестің тиімсіз қызметін байқатады, бұл біріншіден, ақшаның құнсыздануына, екіншіден қаражатты пайдалы іске қоспай, қосымша табыстан қарап отырып айырылу дегенді білдіріеді.

Осы аталған мәселелер дипломдық жұмыстың тақырыбының өзектілігін сипаттайды.

Дипломдық жұмыстың мақсаты «Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі ақша есебінің ұйымдастырылуын зерттеу, оның қозғалысын талдау және есепке алынуын жетілдіру жолдарын анықтау болып табылады.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттерді орындау қажет:



  • Ақша ұғымын танып білу және мәнін ашу;

  • Іс жүзінде ақша есебінің ұйымдастырылуын, сондай – ақ бухгалтерлік есеп шоттарында көрсетілуін қарастыру;

  • Ұйымда ақшаның сақталу тәртібін зерртеу;

  • Ақшаны аудиторлық тексеру әдістемесін зерттеу.

Алға қойылған міндеттерді шешу үшін «Қамқоршы» ЖШС-нің 2003-2004 жылдардағы есеп мәліметтері, сондай – ақ Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп саласындағы нормативтік – құқықтық ақпараттары, арнайы әдебиеттер пайдаланылды.

1.Ұйымда өндірістік қызмет пен бухгалтерлік есепті ұйымдастыру

1.1 Ақша ұғымы, мәні және оның есебін ұйымдастыру ерекшеліктері

Нарықтық экономикада ұйымдар арасында еңбек құралдарын сатып алу, өнімдерді сату, жалдамалы жұмыс күшінің еңбек ақысын төлеу барысында «төлем құралы» ретінде ақша қаражаттары пайдаланылады. Есептесу екі нысанда жүргізіледі:



  • Банк жүйесі арқылы қолма – қол ақшасыз аудару жолымен;

  • Қолма – қол ақшамен төлеу түрінде.

Ақшаны басқару қаржылық нарықтық күрделілігіне байланысты күннен – күнге үлкен маңызға айнала бастады. Бәсекеге қабілеттілік ұйымның одан әрі дамуы үшін қажетті ақшаны жеткілікті деңгейде табуды талап етеді. Ақша есебін дұрыс ашып көрсету және ұйымның өтімділігін бағалау үшін өте қажет.

Ақша қаражаттары есебінің, тараптар арасында есеп айырысу кезіндегі орнының ерекше екенін айта отырып, «ақша» ұғымының экономикалық мәніне тоқтала кеткеніміз жөн.

Алғашқы болып ақшаның тауарлы жаратылысын дәлелдеп, ақша теориясының дамуына көп еңбек сіңірген К. Маркс. Ол айырбастың жай, ең қарапайым формасынан «көз шағылыстыратын» - ақшалы формасына дейін ұзақ даму жолдарын зерттей келіп, ақшаның жұмбақ сырын жоққа шығарды. Сондай – ақ К. Маркс ақшаның қажеттілігі жөнінде «егер ақша жойылса, біз қоғамдық өркендеудің я ең жоғарғы дәрежесінде болармыз, я қоғамдық өсудің ең төменгі сатысына (алғашқы қауымға) лақтырылып тасталармыз» деп өз ойын қорытындылаған.

Ақша – тарихи дамыған экономикалық категория. Ол қоғам дамуының әрбір сатысында өндіріс және айырбас процесінде адамдар арасында қалыптасатын экономикалық қатынастарды көрсетеді. Қоғам экономиканың әртүрлі үлгісіне өткенде ақшаның маңызы арта түседі. Орталықтанған – жоспарлы экономикада ақшаның мәні шектеулі болды. Ақша, негізінен, есеп жүргізу және бақылау құралы ретінде қосалқы қызмет атқарды.

Нарықтық экономикада ақшаның маңызы зор. Себебі әртүрлі меншік жағдайында жұмыс істейтін тауар өндірушілер өндіретін және сататын өнімнің көлемін, түрін және бағасын бекітуге дербестік алды.

Ақша нарықтық экономикада ақша – несиелік реттеуде айналыстағы ақша массасының өсуін тежеу, инфляциялық процестерді жеңу және ұлттық жалпы өнімді ынталандыру бағытында қолданылады.

Ақша адамдарға ежелден таныс. Бірақ оның қалай пайда болғандығы туралы құпия сыры және қоғам өміріндегі мәні көп уақытқы дейін беймәлім болды. Бұл сұрақтарға қоғам өмірін зерттей келіп, оқымыстылар ақшаның тауар айналымында атқаратын маңызын жан – жақты ашып, жауап берді. Ақша – тауарлы өндірістің өнімі.

Айта кететін жәйт, кез келген пайдалы зат құн бола алмайды.Себебі адам еңбегі жұмсалмаған заттардың құны жоқ. Мысалы, өңделмеген тың жер, өзендер мен теңіздер, жабайы жемістер, т.б. Сондықтан, тауарға сіңген қоғамдық еңбек тауардың құны болады. Бұл бір жағынан, ал екінші жағынан еңбек шығындары өздігінен өнімді құн ете алмайды. Құнды көруге, сезуге бола ма? Өнімнің құны болуы үшін белгілі – бір қоғамды жағдай болуы қажет – ол тауар өндірісі, яки өндірістік қатынастар, оның ішінде айырбас қатынастары болуы шарт. Ол тек тауар өндірушілердің ғана қатынастары. Айырбас кезінде олардың белгілі бір тауарды басқа тауарға теңестірулері кезінде, яғни айырбас құны арқылы көрінеді. Тауарлардың құнын зертханада физикалық, ия болмаса химиялық талдау жасап байқауға болмайды.Сөйтіп құн деген заттың қоғамдық қасиеті.

Құн - тарихи категория. Құнның негізгі – адам еңбегі. Құн – еңбектің нәтижесі, еңбек жемісі. Құн деген идея адамзат тарихында көптен бар. Ал оның еңбек теориасының негізін қалаушылар XYII ғасырдағы ағылшын экономисі У.Петти XYII ғасырда өмір сүрген шотландық А.Смит, XIX ғасырдағы ағылшын бизнесмені Д.Рикардо болды. Ал құнның еңбек теориясына байланысты үлесті XIX ғ. К. Маркс қосты. Ол тауарға жұмсалатын еңбектің екі жақты сипатын, яғни белгілі бір тұтыну құнын жасайтын нақты еңбекті және құнның сыртқы көрінісін жасайтын абстрактылы еңбекті ашып, оны жан – жақты талдады. Тауардың екі жағының – тұтыну құны мен құнының – қайшылықтары болғанымен, ол ажырағайсыз бірлік түрінде көрінеді.

Адамзат қоғамының даму сатыларында айырбас қатынастары да дамып, одан әрі жетіліп, нарықта тауарлар тек натуралды зат ретінде ғана бір – біріне айырбасталып қоймай, бүкіл тауарлар дүниесінен ерекше бір тауар, яғни тауар – ақша пайда болды. К.Маркстың сөзімен айтқанда: «Айырбас құны, тауарлардан бөлініп және сол тауарлармен қатар дербес тауар ретінде жүретін тауар, ол - ақша». Әрбір жеке тауар тұтыну құны ретінде көрінеді.Оның құны белгісіз, ол тек тауарды ақшаға теңгергенде ғана анықталады. Тауар мен ақша айырбас процесінде бірін – бірі алмастырады және біріне – бірі теңгеріледі.

Ақша дегеніміз тауарлардың тауары, оның өз бойында жасырын түрде барлық басқа тауарлар болады, егер керек болса, қызығарлық және тілеген заттың қандайына болса да айнала алатын сиқырлы құрал. Құнның ақшалай нысанасының бекуімен байланысты баға болады. Баға - құнның ақшалай көрінісі. Оның құннан жоғары да, төмен де, тең де болуы мүмкін Сонымен, ақша ерекше тауар, ол тауарлар дүниесінен жеке дара бөлініп шығып жалпы эквивалент рөлін атқарады.

Ақшаның жалпы бірдей эквивалент ретінде мынадай ерекшеліктері бар:



  • ол нақты бір заттың, қоғамдық тұтыну құнының болатындығы;

  • онда абстракты еңбек бейнелейтін құнның да болатындығын;

  • тауар өндірушінің жеке еңбегі қоғамдық еңбектің бір бөлшегі болып табылатындығын көрсетеді.

Тауар мен ақша арасындағы бірлік те, қарама – қарсы қайшылық та тұтыну құны арқылы көрінеді. Мысалы, өндіруші қоғамға бір қажетсіз тауарды шығарса, ол сатылмайды, оны ақшаға айналдыра алмайды. Өйткені ол тұтыну құны тұрғысынан қоғамдық қажетті де, оның мүшелерінің қажетін де қанағаттандыра алмаған. Егер тауар жеке қажеттілікті қанағаттандырса, ол тез арада өтіп кетеді, ақшаға айналады. Міне, тауар мен ақша арасындағы әрі бірлік, әрі қарама – қарсылық осылай түсіндіріледі. Қазіргі рынок қатынасында бұл заңдылықты қатаң ескерген жөн. Ақша тауарлы шаруашылықта адамдардың, қоғамдық қатынасын бейнелейді. Яғни ақша зат емес, адамдардың арасындағы өндірістік қатынас. Ақшаның қызметі: құн өлшеуші; айналыс құралы; төлем құралы; қазына жинау; дүние жүзілік ақшалар. Ақшаның ең бірінші және басты қызметі – құн өлшеуші. Мұнда ол жалпы эквивалент рөлін атқарады. Оның мәні барлық тауарлардың құны ақша арқылы анықталады. Мұндай қызметті өзіндік құны бар тауар ғана атқара алады. Бұдан шығатын қорытынды, барлық жағдайда құн өлшеуші қызметін алатын ғана атқарады.

Ақша кез келген тауар құнын білдіретін ерекше тауар ролін атқарады. Осыдан кейін ақшаның жаппай өтем күші пайда болды. Ақшаның қоғамдық мәнін К. Маркс «индивид өзінің қоғамдық билігін де, қоғаммен байланысын да өзінің қалтасына салып жүреді» деген афоризммен сипаттады. Ол мынадан айқын көрінеді.



Біріншіден, тек ақшаға айырбастау арқылы ғана тауарлардың қоғамдық еңбектің нәтижесі екенін анықтауға болады. Мысалы, ақшаның тауарлар айырбасында делдалдық етуі арқылы қоғамдық еңбектің сапалық деңгейі айқындалып, сандық есебі жүргізілді.

Екіншіден, әр адамның еңбектегі, яғни қоғамдық өмірдегі үлесін де ақша арқылы анықтауға болады. Себебі адамның еңбектегі үлесін жалақы ретінде алғанда ақша төлем құралы қызметін атқарады.

Үшіншіден, айырбас процесінде ақшаның делдалдық етуімен тауардың ішкі қайшылықтары да шешіледі, тек ақшаның пайда болуына байланысты бүкіл тауарлар тұтыну құндары түрінде айырбас қатынасының бір жағында тұрады да, ал екінші жағында бүкіл тауарларға қарсы құнның тұлғасы ретінде ақша қарсы тұрады.

Әсіресе халықаралық еңбек бөлінісінің тереңдеуі мен экономикалық қатынастар шеңбердің ұлғаюымен ақша төлем құралы ретінде маңызды рол атқарады. Бұл жерде қолма – қол ақшаның болулы міндетті емес. Оның қызметін кредит ақшалар атқарады. Соңғы кездерде есеп айырысу құралы ретінде тек қана банкноттар, чектер, қағаз ақшалар ғана емес, кредит карточкалары да кеңінен дамуда.

Ақшаның төлем құралы қызметі тек тауар айналысын қамтумен шектеліп қоймай, сонымен бірге ақша қаржылық және несиелік қатынастарға да қызмет көрсетеді. Барлық төлемдерді төмендегідей түрде топтастыруға болады:

а ) тауарларға және көрсетілген қызметтерге ақы төлеу;

ә ) еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы төлеу;

б ) мемлекеттік қаржы міндеттемелерін өтеу;

в ) банктік, мемлекеттік, тұтыну несиелері бойынша қарызды өтеу;

г ) сақтандыру міндеттемелерін төлеу;

д ) құқықтық – сот сипатындағы ақыларды төлеу және т.б.

Бухгалтерлік есептің Қазақстандық №4 «Ақшаның қозғалысы туралы есеп беру» стандарты бойынша ақша – бұл ұйымның кассадағы және банктегі есеп айырысу шоттарындағы нақты ақшасы болып табылады. Ақшаның ағыны ұйымға келіп түскен және шыққан ақшаның қозғалысын сипаттайды.

Ұйымдар Қазақстан Республикасы банкісімен бекітілген ережелер мен нормативтік құжаттарды негізге ала отырып ақшаны сақтау, жұмсау және есепке алуды жүзеге асырады. Осы құжаттарға сәйкес ұйым артық ақшаны банк мекемелерінде сақтауы тиіс. өзге ұйымдардың алдындағы міндеттемелері бойынша есеп айырысу банктер арқылы қолма – қол ақшасыз ҚР Ұлттық банкісінің заңдылықтарына сәйкес қолма – қол ақшасыз есеп айырысудың басқадай түрлері негізінде жүргізіледі.

Есеп айырысулар жоспарлы және тұрақты болуы тиіс. Оның негізіне келесі принциптер жатқызылады:



  • ұйымдар өздерінің ақшасын банкте сақтауға міндетті;

  • олардың арасындағы есеп айырысулар қолма – қол ақшасыз жүзеге асырылады;

  • қолма – қол ақшасыз есеп айырысулардың негізі болып табылатын барлық құжаттар банк арқылы төлем жүргізу үшін қолданылады.

Есеп айырысудың мақсаты – нарықтық қатынастарды нығайтуға, жалпы ішкі өнімнің қозғалысына ықпал ету.

Ұйымның банк мекемесі арқылы жүргізген есеп айырысуларын тауарлы және бейтауарлы деп ажыратуға болады.

Тауарлы есеп айырысулар өткізілген өнім, көрсетілген қызмет пен орындалған жұмыстар, сондай – ақ сатып алынған тауарлы – материалды құндылықтар үшін төлемдерді сипаттайды.

Бейтауарлы есеп айырысулар бюджетке төленетін міндетті төлемдер мен міндетті зейнетақы қорына төлемдерді айқындайды.

Ұйымдағы ақшаның бухгалтерлік есебнің негізгі міндеттеріне жатқызылады:


  • Ақшаның қозғалысы бойынша жүргізілген барлық операцияларды толық және мезгілінде құжаттау;

  • Ақшаның шектеуге сәйкес нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын қадағалау;

  • Ақшаның сақталуын қамтамасыз ету;

  • Кассалық және есеп айырысу төлем тәртібінің сақталуын бақылау;

  • Ақшаны түгендеуді өз уақытында жүргізу;

  • Төлемдерді қолма – қол ақшасыз есеп айырысу жолымен банк арқылы жүргізу.

1.2 Ұйымның ұйымдық - өндірістік қызметіне сипаттама және негізгі көрсеткіштерін талдау


«Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылорда қаласының орталығында орналасқан.

Ол алғаш рет 1992 жылдың 19 қарашасында ҚР азаматы Хожбанов Әріптің жеке меншігіндегі қаражаттары негізінде өз қызметін бастады.

Ұйымның екінші рет 1 қазан 1996 жылы Облыстық Әділет басқармасында №1099 куәлікпен мемлікеттік тіркеуден қайта өтті.

«Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңдылықтарына және Ұйымның жарғысына сүйене отырып атқарады. Ұйымның жеке балансы, банкте есеп айырысу шоты, өзінің толық атауы жазылған мөрі бар.

Қазіргі уақыттағы серіктестіктің атқаратын қызметтерін төмендегіше көрсетуге болады:


  • нан және нан өнімдерін өндіру

  • қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй, сауна қызметтерін көрсету

  • автокөліктерге май құю бекетінің қызметі

  • коммерциялық мақсатта тауарларды сатып алу – сату

Ұйым жоғарыда аталған қызметтерден бөлек өз жарғысында көрсетілген өзге де қызмет түрлерімен де айналысуға құқылы:

  • ауылшаруашылығы өнімін өндіру

  • көлік қызметтерін көрсету

  • заңда қарастырылған өзге де қызметтерді жүзеге асыру

«Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алғаш тіркеуден өткен кезден бастап нан пісіру цехын іске қосты, цех бір қабатты ЗФТЛ – 2 пешімен жабдықталған ғимаратта орналасқан. Бұл цехта стандартқа сай келетін жоғары сортты арнайы формадағы нан, сондай – ақ тоқаш, печенье, торт және макарон өнімдері өндіріледі.

Ұйымның негізгі шикізат көзі болып саналатын жоғары сортты ұнды Қазақстан Республикасы ұн зауыттарынан сатып алады.

«Қамқоршы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыста нан өнімдерін өндіретін ұйымдар арасында өткізілетін тендерге қатысып, қаладағы аурухана, бала – бақша, мектептерді н.ан өнімдерімен қамтамасыз етумен қатар, ұйымдарға келісім шартқа сәйкес нан жеткізіп отырады.

Ұйымның ресурстық әлеуетпен толық қамтамасыз етілуі өнім өндіру және қызмет көрсету процесіне көмегін тигізетіні сөзсіз.

Сондықтан, ең алдымен, ұйымның ресурстық әлеуетін талдауға тоқтала кеткен жөн.

«Қамқоршы» ЖШС өткен жылдары 27 жұмысшы болып бірқалыпты тұрған. Бірақ 1998 жылдың соңына қарай «Салтанат» ресторанының ашылуы қосымша жұмыс күшін қажет етті. Осылайша, жұмысшылар саны 34 адамды ғана құрап отыр. Еңбек ресурстарының осы мөлшері ұйымның толыққанды жұмыс атқаруына жеткілікті.

Материалдық ресурс ұйымның өндірістік қызметі барысында ерекше орын алады. Материалдық айналым құралдары мен негізгі құрал жабдықтар серіктестің материалдық ресурстарын құрайды.

Ұйым бойынша негізгі құралдардың басым бөлігін пассивті құралдар, ғимараттар мен құрылыстыр алады. Бұл оның қызметтік ерекшелігімен түсіндіріледі. Ұйымның негізгі қорларының орташа жылдық құны 2003 жылы 2002 жылмен салыстырғанда 1403.0 мың теңгеге жоғарылады, ал 2004 жылы өткен жылға қарағанда 81.9 мың теңгеге азайған. Бұған есепті жылы автокөліктерге май құю бекетінің есептен шығарылуы әсер етті.

Серіктестікте жоғары білікті инженерлік – техникалық қызметкерлер, кәсіпқой мамандар жұмыс істейді, олар қазіргі талаптарға сай сапалы бұйымдар шығаруға мүмкіндік береді.

«Қамқоршы» ЖШС-нің өндірістік қызметінің нәтижесі оның бөлімшелерінің қызметімен анықталады. Ұйымның жұмысының тиімділігі жұмыс процесінің дұрыс ұйымдастырылуына, технологиялық құрал – жабдықтардың пайдаланылу деңгейіне байланысты. Серіктестіктің қарамағында нан және нан өнімдерін өндіру цехы, «Салтанат» кешені, жөндеу шеберханасы, өндіріске техникалық қызмет көрсету бөлімі мен өнімнің сапасын тексеру бөлімі, материалдық – жабдықтау қызметі, есеп қисап және кадрлар бөлімі жұмыс істейді (Сызба–1 қараңыз).



Сызба-1. Серіктестіктің ұйымдық - өндірістік құрылымы.


«Қамқоршы» ЖШС - де негізгі бөлім - нан және нан өнімдерін өндіру цехы. Онда әртүрлі пішіндегі нан, тоқаш, печенье және макарон өнімдері өндіріліп, қала халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырады. Цехта орта есеппен жылына 3381 мың теңгенің өнімі өндіріледі. Серіктестікте бұдан басқа «Салтанат» кешені ресторан, қонақ үй және сауна қызметтерін ұсынып, жоғары сапалы тұрмыстық қызмет көрсетеді.

Жөндеу шеберханасында шаруашылыққа қажетті қызметтерді көрсету, атап айтқанда темірді кесу, дәнекерлеу, құралдарды жөндеу жұмыстары орындалады. Серіктестіктің жабдықтау - өткізу бөлімі мүліктердің сақталуына, өндіріс барысында материалдық қорлардың жеткілікті мөлшерде болуына, дайын бұйымдардың қордаланып қалмай, жылдам өткізілуіне және олардың сапасының дұрыс анықталып отыруына жауап береді.

Есеп - қисап бөлімі серіктестікке бөлінген мүліктердің және олардың құралу көздерінің есебін жүргізеді, жұмыс күшін жинау, кадрларды дайындау және қайта даярлау бойынша жұмыстар атқарылады.

«Қамқоршы»ЖШС қызметін басқаруды тікелей серіктестік төрағасы жүзеге асырады. Төраға серіктестік жарғысымен заңдылықтар талаптарына сәйкес мүлкіне иелік жасайды, жұмысшылардың құрылымын, еңбек ақы жүйесін бекітеді, серіктестіктің қаржылық жағдайына, оның мүлкінің сақталуына жауап береді.

Нан және нан өнімдерін өндіру цехының меңгерушісі өндіріс жұмысшыларына (қамыр илеушілер, наубайшылар) жетекшілік етіп, өндіріс процесінің ырғақты жүруіне жауап береді. Ол сондай – ақ дайын өнімнің сапасын тексеру, барлық технологиялық процестің дұрыс жүруін қадағалау жұмыстарын атқарады.

«Салтанат» кешенінің меңгерушісі осы кешен жұмысын ақсатпай алып жүруге, құрал – жабдықтарының жағдайына, осы сала бойынша еңбек және қаржылық тәртіпке жауап береді.

Материалдық жабдықтау бөлімінің бастығы жанар – жағар майдың үздіксіз болып тұруын қадағалау, уақытылы жеткізіп отыру жұмыстарын, өрт қауіпсіздігін сақтау, күнделікті отынның қозғалысын есепке алып отыру жұмыстарын жүзеге асырады.

Шаруашылық бөлімінің бастығы жөндеу және энергетикалық қамтамасыз ету, құралдардың үздіксіз жұмыс істеуіне, нан пісіретін пештердің берілістік құрылғылардың, т.б мезгілінде және сапалы жөнделуіне, күзет бөлімінің ауланы тазарту жұмыстарына жауап береді.

Кез келген ұйым үшін бүкіл шаруашылық операцияларын анықтауға, талдауға және жалпылама сипаттауға мүмкіндік беретін көрсеткіштер жиынтығы – негізгі экономикалық көрсеткіштеріне талдау жүргізу аса маңызды. Ұйымның өндірістік қызметінің жалпы сипаттамасын алу үшін негізгі технико – экономикалық жағдайын бейнелейтін көрсеткіштер жүйесіне кешенді баға беру қажет, олардың қатарына - өткізілген өнім және орындалған жұмыс көлемі, өткізілген өнімнің (жұмыстың) өзіндік құны, өндірістік әлеуетті қамтамасыз етілу деңгейі, пайдаланылу тиімділігі, еңбек ақы қоры, орташа айлық жалақы, табыс көлемі, табыстылық деңгейі, тағы басқа көрсеткіштерді жатқызуға болады. (Кесте 1)

Кесте 1-дің мәліметтеріне сүйенсек, негізгі қорлардың орташа жылддық құны 2003 жылға қарағанда 1360.3 мың теңгеге көтерілгенімен, 2005 жылы 2004 жылмен салыстырғанда 81.9 мың теңгеге азайды. Ұйым нан және нан өнімдерін өндіру сонымен қатар тауарларды сатып алып үстеме бағаны қосып қайта сатумен айналысады. Алғаш қызмет ете бастаған жылдары қаланы түгелге жуық дерлік нан өнімдерімен қамтамасыз отыратын. Бірақ тапсырыс берушілердің қарыздарын дер мерзімінде өтемеуіне байланыстыөнімді тек мекемелермен тікелей келісім шарт негізінде өткізе бастады. Осының нәтижесінде өткізу көлемі де, сәйкесмінше табыс мөлшері де азайып кетті. Тағы бір жайт, «Салтанат» ресторанының тиімсіз қызметі де табыс мөлшеріне айтарлықтай әсер етіп отыр, соның салдарынан, 2003 жылға қарағанда 2004 жылғы өнімді өткізуден түскен табыс 9613. 8 мың теңгеге, ал 2005 жылы 2004 жылға қарағанда 2409.5мың теңгеге кеміп отыр. Осыған сәйкес өткізілген өнімнің өзіндік құны да сәйкесінше 10555 және 2867.9 мың теңгеге азайды.

Ұйымның дебиторлық қарыздары 2005 жылы өткен 2004 жылмен салыстырғанда біршама жоғарылаған. Бұған тапсырыс берушілермен өтемеген қарыздарының 69.9 мың теңгеге көбеюі ықпал еткен. Ұйымның қаржылық тұрақтылығына әсер ететін көрсеткіш – ағымдағы міндеттемелер, басқаша айтқанда, кредиторлық қарыздар. Бұл көрсеткіш екі жылға қарағанда да 2652.7 мың теңгеге және 1133.8 мың теңгеге жоғары. Бұған жеткізушілер қарызының 1046.0 мың теңгеге, салық қарыздарының 88.2 мың теңгеге, басқалай кредиторлық қарыздардың 20.9 мың теңгеге көтерілуі ықпалын тигізіп отыр.

Кесте 1.


«Қамқоршы» ЖШС қаржы – шаруашылық қызметінің технико – экономикалық көрсеткіштері


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет