Источник: справочная правовая система ЮРИСТ, 10.06.2008 13:05:01
«Жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мен бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі қызметін лицензиялау ережесін бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2007 жылғы 30 сәуірдегі № 123 Қаулысы
Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берілген осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес Жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мен бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі қызметін лицензиялау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулының 2-қосымшасында көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
4. Лицензиялау басқармасы (Ә.Ж. Нәжімеденова):
1) Заң департаментімен (М.Б.Байсынов) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне, жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберсін.
5. Агенттіктің халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Ғ.Н. Өзбековке жүктелсін.
Қазақстан Республикасы Қаржы
нарығын және қаржы ұйымдарын
реттеу мен қадағалау агенттігі
Басқармасының
2007 жылғы 30 сәуірдегі
№ 123 қаулысына
1-қосымша
Жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мен бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі қызметін лицензиялау ережесі
Осы Ереже «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заң), «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Бағалы қағаздар рыногы туралы Заң), «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі - Лицензиялау туралы Заң) сәйкес әзірленген және жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру тәртібін айқындайды, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру мен бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру жөніндегі қызметін лицензиялаудың талаптары мен тәртібін белгілейді (бұдан әрі - лицензия).
1-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беру тәртібі
1. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат алу үшін жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтайшылары қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеуді және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) мынадай құжаттарды тапсырады:
1) осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша рұқсат алуға арналған өтінішті;
2) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құрылтай құжаттарды төрт данада (түпнұсқа және нотариатта куәландырылған үш көшірме);
3) осы Ереженің 2 және 3-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша жасалған құрылтайшылар (заңды және жеке тұлғалар) туралы мәліметтерді, оған мынадай құжаттарды қоса береді (құрылтайшы заңды тұлғалар үшін):
соңғы екі қаржы жыл бойынша және соңғы тоқсанның аяғындағы құрылтайшының қаржылық есебін;
соңғы аяқталған қаржы жылындағы құрылтайшының қаржылық есебін тексеру нәтижелері туралы аудиторлық есепті;
құрылтайшылардың бағалы қағаз ұстаушыларының тізілім жүйесінен уәкілетті органға рұқсат алуға құжаттарды берген күннің алдындағы күні оның дауыс беретін акцияларының бес және одан астам пайызына ие болған тұлғалар көрсетілген үзіндіні;
жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы құрылтай жиналысы хаттамасының (жалғыз құрылтайшының шешімінің) көшірмесін;
4) қызметінің стратегиясын, қызметінің бағыты мен масштабын, қаржы перспективаларын (бюджет, есеп айырысу балансы, алғашқы үш қаржылық (операциялық) жылдағы кірістер мен шығыстар шоты, маркетинг жоспары, еңбек ресурстарын тарту жоспары) ашып көрсететін жинақтаушы зейнетақы қордың бизнес-жоспарын;
5) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Қазақстан Республикасының Заңының 40-бабының және Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру ережесін бекіту туралы» 2004 жылғы 12 маусымдағы № 157 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2952 тіркелген) талаптарына сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерінің лауазымына ұсынылатын тұлғалардың құжаттарын.
2. Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы сипаттарына келетін тұлға уәкілетті органға осы қордың ірі қатысушысы мәртебесін иемденуге рұқсат алу үшін осы Ереженің 1-тармағында аталған құжаттармен бірге бір уақытта Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 36-1-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар тапсырылады:
1) осы Ереженің 4-қосымшасына сәйкес Нысан бойынша рұқсат алуға арналған өтініш;
2) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы акционерлердің жалпы жиналысы шешімінің (жалғыз акционер шешімінің) көшірмесі;
3) мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулардың төрт данасы (түпнұсқа және нотариатта куәландырылған үш көшірме).
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларының барлық құрылтай құжаттарының, оның құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулардың титул беттерінің оң жақтағы жоғарғы бұрышында мынадай тұжырым: «Қазақстан Республикасының Қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу мен қадағалау агенттігі рұқсат еткен. Төраға (Төрағаның орынбасары) 20___жылғы_______________» болуы тиіс.
Осы құжаттар уәкілетті органның мөрімен бекітіледі. Құжаттардың бір данасы жинақтаушы зейнетақы қорының заңды ісіне тігіледі. Қалған даналар өтініш берушіге әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуге қайтарылады.
5. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорын, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге осы Ереженің 5-қосымшасына сәйкес нысан бойынша рұқсат береді.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорларын, сондай-ақ олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін екі апта мерзімде жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік және орыс тілдеріндегі құрылтай құжаттардың, сондай-ақ тіркеген әділет органының мөрімен құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды нотариатта куәландырылған көшірмелерін уәкілетті органға береді.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорын ашуға берілген рұқсаттың уәкілетті орган оны жинақтаушы зейнетақы қорына берген күннен бастап алты ай ішінде заңды күші бар.
8. Жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру құқығына лицензия бергенде немесе сот жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін тоқтату туралы шешім қабылдағанда, сондай-ақ осы Ереженің 9-тармағында көзделген негіздер бойынша рұқсатты қайтарып алған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қорын ашуға рұқсатты жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органға қайтаруға тиіс.
9. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге берілген рұқсатты мынадай жағдайларда:
1) рұқсат беруге негіз болған мәліметтер шынайы емес болғанда;
2) жинақтаушы зейнетақы қоры ретінде тіркелген заңды тұлға зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия алғанға дейінгі мерзімде зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асырғанда;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге берілген рұқсаттың қолданыс мерзімі өткенде қайтарып алады.
10. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорларын, олардың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат беруден мынадай жағдайларда:
1) осы Ереженің 1, 2, 3-тармақтарында көрсетілген толық емес құжаттар пакетін ұсынғанда;
2) ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенде;
3) жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшылары (акционерлері) Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңда белгіленген жарғылық капиталын төлеудің талаптары мен тәртібін бұзғанда;
4) соңғы екі аяқталған қаржы жылы жинақтаушы зейнетақы қоры құрылтайшысының (заңды тұлғаның) шығынды қызметінде;
5) құрылатын жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлері лауазымына Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 40-бабының3-тармағының талаптарына кандидаттар сәйкес келмегенде;
6) уәкілетті орган Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 36-2-бабында көрсетілген негіздер бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беруден бас тартқанда;
7) құрылтайшы - жеке тұлғаларда экономикалық қызмет саласындағы қылмыстары үшін, сыбайлас жемқорлық және мемлекетті қызмет пен мемлекеттік басқару мүддесіне қарсы басқа қылмыстары үшін заңда белгіленген тәртіпте алынбаған немесе өтелмеген соттылығы болғанда;
8) құрылтайшы директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарманың бірінші басшысы немесе оның орынбасары, уәкілетті орган қаржы ұйымын консервациялау, оның акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымының лицензиясын қайтарып алу, сондай-ақ қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейінгі бір жылдан астам емес мерзімде бас бухгалтері лауазымында болғанда жазбаша нысанда бас тартады.
11. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорларын әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат алу үшін ұсынылған құжаттарды уәкілетті орган сұратқан соңғы қосымша ақпаратты немесе құжатты ұсынған күннен бастап үш ай ішінде, бірақ өтінішті алған күннен бастап алты айдан асырмай қарайды.
12. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорларының құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтыруларды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге рұқсат алу үшін ұсынылған құжаттарды осы Ережеде көзделген толық пакет құжаттарын ұсынған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде қарайды.
2-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорын лицензиялаудың
жалпы шарттары
13. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына осы Ереженің 6-қосымшасында белгіленген нысан бойынша зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия береді.
14. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына осы Ереженің 7-қосымшасында белгіленген нысан бойынша зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті және бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия береді.
15. Уәкілетті орган лицензия беру туралы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде қарайды.
16. Уәкілетті орган лицензияны беруден бас тартуды Лицензиялау туралы Заңның 45-бабымен көзделген негіздемелер бойынша жүргізеді. Жинақтаушы зейнетақы қорына лицензияны беруден бас тартқанда, жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.
17. Лицензияны қайта ресімдеу Лицензиялау туралы Заңда көзделген негіздемелер мен тәртіп бойынша жүргізіледі.
18. Лицензия жинақтаушы зейнетақы қорының басқармасының бірінші басшысына не сенімхат негізінде оның өкіліне беріледі.
3-тарау. Зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі
қызметті жүзеге асыруға лицензия беру тәртібі
19. Жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін уәкілетті органға Лицензиялау туралы Заңның 42-бабының 2-тармағының 2), 5), 6) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ мынадай құжаттарды:
1) осы Ереженің 8-қосымшасына сәйкес лицензия беру туралы өтінішті;
2) акциялар шығарылымының мемлекеттік тіркелгендігін растайтын құжаттың көшірмесін;
3) «Жинақтаушы зейнетақы қорларының жарғылық капиталы туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банктің 2003 жылғы 21 наурыздағы № 96 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2252 тіркелген) белгіленген жарғылық капиталдың барынша төмен мөлшерін төлегенін растайтын төлем құжаттарының (төлем тапсырмасы, кассалық кіріс ордері) көшірмесін;
4) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы ережесін екі данада (ереженің бір данасы келісілгендігі туралы белгісі бар лицензияны берген кезде қайтарылады);
5) активтері инвестициялық басқаруда болатын жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесі бекіткен және Қазақстан Республикасының барлық аумағында он бес мыңнан кем емес тиражымен таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланған инвестициялау объектісінің тізбесін, мақсатын, стратегиясын, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің талаптарын және шектеулерін, хеджирлеу және әртараптандырудың талаптарын айқындайтын жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын;
6) жинақтаушы зейнетақы қорының есеп саясатын;
7) есепке алумен және құжат айналымымен қамтамасыз етуге бақылау жасау тәртібін өзіне жатқызатын жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне ішкі бақылау ережесін;
8) жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдық құрылымын;
9) үй-жайдың, ұйымдық техниканың, телекоммуникациялық жабдықтың бар екендігін растайтын құжаттарды;
10) осы Ереженің 9-қосымшасына сәйкес жинақтаушы зейнетақы қорларының автоматтандырылған ақпарат жүйесін құруға және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптардың орындалуын растайтын құжаттарды;
11) бухгалтерлік баланс, кіріс және шығыс туралы есеп, ақша қаражатының қозғалысы туралы есеп, бағалы қағаздардың бастапқы рыногында сатып алынған (аталған талап Қазақстан Республикасы Үкіметі жағынан акционерлерге таралмайды) жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларына төлем жасауға ақша енгізудің алдындағы соңғы айдың аяғына жинақтаушы зейнетақы қорының заңды тұлға - акционерлерінің капиталындағы қозғалысы туралы есепті ұсынады.
20. Осы Ереженің 19-тармағында атап көрсетілген, бірнеше парақтан тұратын құжаттар нөмірленген, тігілген және соңғы парақтың артқы жағында өтініш берушінің мөрімен куәландырылған түрде, ішінара жапсырма қағаздың үстінде тігіс түйінінде желімделіп, тігілген парақтар санын көрсете отырып беріледі. Құжаттардың берілген көшірмелерінің дұрыстығы осындай құжаттарға қол қою құқығы бар өтініш иесі лауазымды тұлғаланың қойылған қолымен және өтініш иесі мөрінің бедерімен расталады.
21. Жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беруге негіз болған Лицензиялау туралы Заңның 42-бабының 2-тармағының 2), 5) тармақшаларында және осы Ереженің 19-тармағының 4)-8) тармақшаларында көрсетілген құжаттарға тіркеуден өткен өзгерістер мен толықтыруларды алған күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде осы өзгерістер мен толықтыруларды ұсынады.
4-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорына бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия беру тәртібі мен талаптары
22. Жинақтаушы зейнетақы қоры Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның 51-бабында көзделген бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алуға өтініш береді.
23. Жинақтаушы зейнетақы қорына бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алудың талаптары мыналар болып табылады:
1) уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қоры үшін белгілеген пруденциалдық нормативтерді бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға өтініш берген күн алдындағы үш жүйелі күнтізбелік айдан кем емес кезеңде сақтауы;
2) уәкілетті органның жинақтаушы зейнетақы қорына бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшін лицензияны алуға өтініш берген күн алдындағы үш жүйелі айдан кем емес кезеңде қолданылған санкцияларының болмауы.
24. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті органның лицензиясы бар жинақтаушы зейнетақы қоры үшін бағалы қағаздар рыногындағы қызметтің қосымша түрін жүзеге асыру үшін лицензияны алу шарттары болып мыналар табылады:
1) уәкілетті органның жинақтаушы зейнетақы қоры үшін белгілеген пруденциалдық нормативтерді бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруға лицензия алуға өтініш берген күн алдындағы үш жүйелі күнтізбелік айдан кем емес кезеңде сақтауы;
2) уәкілетті органның бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар үшін белгілеген пруденциалдық нормативтерді лицензия беру туралы өтініш берген күн алдындағы үш жүйелі күнтізбелік айдан кем емес кезеңде сақтауы және бағалы қағаздар рыногында қосымша қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін өтініш берген күн алдындағы үш жүйелі ай ішінде жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты санкцияның болмауы.
25. Жинақтаушы зейнетақы қоры бағалы қағаздар рыногындағы қызметтің екі түрін жүзеге асыруға лицензиялар алған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қоры сонымен қоса Бағалы қағаздар рыногы туралы Заңның 55-бабының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
26. Бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін жинақтаушы зейнетақы қоры уәкілетті органға Лицензиялау туралы Заңның 42-бабының 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген құжатты, сондай-ақ мынадай құжаттарды ұсынады:
1) осы Ереженің 10-қосымшасына сәйкес нысан бойынша лицензия беру туралы өтінішті;
2) бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыруға қатысатын филиалдардың (осындайлар болған жағдайда) тізімін және сондай филиалдар туралы ережелердің нотариатта куәландырылған көшірмелерін;
3) құжаттарды берген күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша осы Ереженің 2, 3-қосымшаларына сәйкес акционерлер (қатысушылар) туралы мәліметтерді (қаржылық қызмет көрсету бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғаларға - жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушылары туралы мәліметтер);
4) қызметкерлердің фамилиясы, аты және болған жағдайда әкесінің аты, олардың атқаратын лауазымы көрсетіле отырып, штаттық кестенің көшірмесін;
5) бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру бойынша міндет жүктелетін құрылымдық бөлімшелер туралы ережені;
6) ішкі аудит қызметі туралы ережені;
7) құрамы туралы мәліметтерді (зейнетақы активтерін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға лицензия алуға үміттенетін жинақтаушы зейнетақы қорына) қоса отырып, инвестициялық комитет туралы ережені;
8) жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға және өзге де құрал-жабдыққа қойылатын талаптарды орындағанын растайтын құжаттарды;
9) жинақтаушы зейнетақы қорының бағалы қағаздар рыногында қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алу мақсатын, қызметтің негізгі бағыттарын және өтініш беруші бағдарға алған рыноктың сегментін, қызмет көрсету түрлерін, маркетинг жоспарын, жинақтаушы зейнетақы қорының кәсіби қызметімен байланысты тәуекелдер мен оларды азайту тәсілдерін, қаржылық перспективаларын (есеп айырысу балансы, алғашқы үш қаржылық (операциялық жылға) кірістер мен шығыстардың есебі), еңбек ресурстарын тарту жоспарын ашатын бизнес-жоспарды.
27. Жинақтаушы зейнетақы қоры осы Ереженің 23-26-тармақтарында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құжаттарды қарамастан қайтарады.
Достарыңызбен бөлісу: |