Жыраулар поэзиясы қазақ
халқының ұлттық коды
Жыраулар — халық поэзиясын жасаған ақылғөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан.
Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халык жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап яғни, ХV ғасырда өріс алды. XV ғасырда Асан Қайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді. Жырау деген атау «жыр» сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған.
Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары — туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау.
Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы. Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, – дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады». Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.
Жыраулар – Қазақ хандығы мемлекетіндегі қазақ халқының әрбір азаматының асыл сапаны иеленуін, сол жақсылықты ұрпақтарға жалғастыруын мұрат тұтқан қайраткерлер. Жеке адамдардың қасиеттері арқылы халықтың, оның ұрпақтарының өнегелі тұлға, үлгілі әулет құрайтындығын жыр жолдарында айғақтайды.
Асан Қайғының, Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің, Жиембеттің, Марғасқаның, Ақтамбердінің, Тәтіқараның, Үмбетейдің, Бұқардың толғауларында қазақтың ата мекендері шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік әртүрлі ерекшеліктеріне орай жырланады. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда дәуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен, қимастық сезіммен жырланады. Атап айтқанда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары, т.б. мекендер жыр арқауының негізін құрайды.
Қорыта айтқанда, Қазақ хандығы дәуірінде жыраулар поэзиясының басты тақырыбы – халықтың топтасқандығы мен бірлігі және әскери күш-қуатын нығайту мәселелері болды. Сондай-ақ, жыраулар шығармаларында әміршіге тікелей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толғаныстар да, ізгілік пен зұлымдық, жақсы мен жаман, достық пен дұшпандық туралы толғаулар молынан. Жыраулар өз туындыларын, толғауларын кейінгі ұрпақтарына мәңгілік мұра етіп қалдыру жолында көркемдігі жоғары поэзия тілімен, таптырмас теңеулер, жарқын метафоралар, синтаксистік және психологиялық параллельдер арқылы баяндаған. Бұл туындылардың Тәуелсіз Қазақстанның өркендеп дамуына тигізетін ықпалы орасан зор деп білеміз.
Орындаған: Мейрамғалиева Елжана КЯЛ-201
Достарыңызбен бөлісу: |