Жж. ӨЗбекстан және қЫРҒызстандағЫ Қазақтардың этникалық тарихынан



Дата25.02.2016
өлшемі77 Kb.
#20308
УДК 94( 575 12.122) : 39
1920-1930 жж. ӨЗБЕКСТАН ЖӘНЕ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ТАРИХЫНАН

Т.ғ.д. Б.К. Қалшабаева

Әл-Фараби атындағы Қазақ

Ұлттық университеті (Алматы қаласы)



kalshabaeva_b@mail.ru
Абстракт. Мақалада автор 1920-1930 жж. аралығында қазақтардың Өзбекстан және Қырғызстан территориясына қоныстануының тарихи себептері, саны, орналасу аумағы, этникалық территорияны межелеу мәселелерін көрсетеді. Қазақтардың жоғарыда көрсетілген мерзім аралығында Өзбекстанға қандай себептермен келгендігі нақты деректермен берілген. Мақалада көбіне Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы шекара межелеу нәтижелері қарастырылады. Сонымен қатар қазақтардың бір тобының ХІХ ғ. ІІ жартысында Қырғызстанға келгенін, онан кейінгі Кеңес дәуірінің бастапқы кезеңдерінде Қытайға ауа көшу және ол жақтан қайта елге көшу барысында Қырғызстанда қалып қойған қазақтар жөнінде жазылады.

Түйін сөздер. Өзбекстан, Қырғызстан, этникалық территория, диаспора, ирредент, этникалық территорияны межелеу, тарихи Отан.

Абстракт. Автор в статье рассматривает исторические причины переселения казахов на территорию Узбекистана и Кыргызстана, их численность, ареал расселения и проблемы размежевания этнических территорий. История и причины переселения казахов на территорию Узбекистана в вышеуказанное время аргументируется конкретными источниками. В статье в основном показаны результаты размежевания границ между республиками Казахстан и Узбекистан. Вместе с этим автор утверждает, что часть казахов во ІІ половине ХІХ в. переехала в Кыргызстан, а позже, в начале Советского периода часть казахов переезжает в Китай, потом возвращается и тогда многие казахи остаются в Кыргызстане.

Ключевые слова. Узбекистан, Кыргызстан, этническая территория, диаспора, ирредента, размежевание этнической территории, историческая Родина.

Summary. The author of the article examines the historical reasons for the resettlement of Kazakhs to the territory of Uzbekistan and Kyrgyzstan, their numbers, and the problem of resettlement area demarcation of ethnic territories. The history and the reasons for the relocation of the Kazakhs to the territory of Uzbekistan in the above time argued specific sources. The article basically shows the results of demarcation of borders between the republics of Kazakhstan and Uzbekistan. However, the author argues that the portion of the Kazakhs in the second half of the XIXth century moved to Kyrgyzstan and later, at the beginning of the Soviet period the Kazakhs moved to China, then moved back and many of them remain in Kyrgyzstan.

 Keywords. Uzbekistan, Kyrgyzstan, ethnic territory, Diaspora, Irredenta, demarcation of ethnic territories, historical Homeland.


Қазақтардың Орта Азия елдеріне жылжуы сонау жоңғар шапқыншылығынан бастау алып, кейін келе елде жүргізілген әр түрлі саяси шаралардың нәтижесінде жат жерлік қандасымызға айналғандығы тарихтан белгілі. Оның себептері: орыс патшалығының қазақ даласын жаулауы, ХІХ ғ. аяғындағы ашаршылық, 1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс, қызыл террорлық Кеңес өкіметінің орнауы, 1924-1926 жж. этникалық территорияны межелеу, ұжымдастыру саясаты, 1932-1933 жж. нәубет, т.с.с. саясат зардаптары еді. Міне, осы тарихи оқиғалар Орта Азия елдерінде қазақ диаспорасының көбеюіне ықпал етті. Тек, Кеңес өкіметінің 1920-1930 жж. жүргізілген саясаты нәтижесінде қазақ халқының бір бөлігі, өзінің тарихи отанынан ажырап, шет жерлік отандасымызға айналды. Олардың осы кезеңдердегі тарихи тағдырына қатысты мәліметтер Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. елдердің Орталық архивтерінде әлі күнге дейін сақтаулы. Мақалада келтірілген бірнеше құжаттардың өзінен ақ, олардың жат жерлік отандасқа айналу себебін бағамдауға болады.

Өзбекстанның ішкері аудандарына қазақтардың жылжуы тек қана саяси оқиғалармен ғана емес, экономикалық қажеттіліктермен де байланысты болды. Мәселен, мыңдаған қырғыз-қазақ отбасы 1920 жылдан 1924 жылға дейін Шөл-дала (Мырзашөл) ауданына еңбек миграциясымен де барған. Ол жөнінде: «Хорезм қазақтары мен қарақалпақтары Хорезм облысының солтүстік батыс бөлігіне (”шуро” Хтай мен Қыпшақ топтары) жылжыды. Ал, Қызылқұм қазақтары Қаракөл және Бұхара оазистеріне тиіп жатқан далалы аудандарға жылжыды. Олардың көпшілігі малшы және жүк тасымалдаушылар болды. Қазақтардың Бұхара мен Қаракөлден батысқа қарай мал жайылымы ыңғайына қарай жылжуы отырықшы, қаракүл қойын өсіретін малшы өзбектермен жайылым үшін таласты да тудырып отырды. Сөйтіп, қазақтар біртіндеп өзінің көші-қонымен орталық далаға (Қаршыға), Орталық Бұхараға, Байсын ауданындағы бос жайылым кеңістіктерге, тіпті Оңтүстік Тәжікстандағы Қорған төбе уәлаяты жерлеріне дейін жетті. Қазақтардың осы аудандарға таралуы бір жағынан жайылым жерлердің сапасымен байланысты болса, екінші жағынан оазистерге тиіп жатқан кәсіпорындарға жалдануға құлшыныстың артуы еді. Сонымен бірге қандай да болмасын ирригациялық не темір жол құрылыстарында бүкіл ауыл-аймағымен, мал-жанымен келген қазақтарды көруге болады» 1, 349 п.. Бұл қазақтардың Орта Азия елдеріне таралуын көрсетсе, осы құжатта онан әрі мынандай мәліметтер беріледі: «Орталық Бұхарадағы 86 мың қоңыраттың 70 мыңы көшпелі қазақтар сияқты, олардың қысқы тұрағы далада, көктем мен жазда ауыл болып малдарымен тау биіктеріне, кейде Альпі жайылымына дейін шығып кетеді. Бұлардан басқа 6,5 мың сарай (белгісіз ру-К.Б.), 5,5 мың қатаған, 1 мыңнан аса юз, барлық көшпелі өзбектер саны 90 мыңға жетеді»,- деп көрсетеді 1, 351 п.. 1920 жылдары БКХР-ның (Бұхара Кеңестік халық Республикасында) - Керменин уәлаятында – 160 мың, Қаршыда 100 – мың, Гузарда – 100 мың, Бұхарада – 80 мың, Нұратада – 5 мың қазақтың бар екендігі архив құжатында көрсетіледі 2, 7 п. .

Ал, Қырғызстандағы қазақтардың қалыптасуының себептері сонау XIX ғасырдың аяғында жайылым ыңғайымен, 1916 жылғы көтерілістер мен Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны және ашаршылық кезінде Қытайға ауған (ел тыныштала бастағанда елге оралу барысында Қырғызстанда қалып қойған), не ол елге өте алмай, қалып қойған. Олар Қарағандыдан 10-15 үйден жақын туысқандарымен бірге көшіп отырған. 1916 жылы Жетісу облысындағы «Қазақтар көтерілісі» оқиғасы халықтың жаппай шетелдерге, көршілес елдерге оның ішінде Қытай мемлекетіне қашуына мәжбүр етті. Әсіресе Қаракөл, Нарын округінен (бұрын уезд болған) қырғыздар мен қазақтар көп кеткен. Осы жөнінде архивтен алынған деректе былай делінеді: «…Қаракөл уезінің барлығы, Нарыннан 5 болыстықтың жартысынан астамы, Пішпек уезінен Сарыбағыш болыстығы және көрші Шансы және Тыковскі халқының үлкен бөлігі Қытайға қашты. Сондай ақ, Алматы, Жаркент, Лепсі және Қапал уезінен де көптеген қазақтар ауды. 1916 ж. оқиға зардабынан қашқан адам саны шамамен 100 мыңға жеткен», - деп көрсетеді 3, 136 п.. Ал, Кеңес өкіметінен, яғни 1917-1918 жж. партизандардың қызыл отрядтары террорынан, дүние мүлкін алып қояды деген қауіппен, тағы да халықтардың Қытайға қашуы кең етек алды. Қытай елінде қазақтардың жағдайы өте ауыр болды. Уәкіл Салтанаевтың есебі бойынша 600 адам бір үзім нанға баласын әйелін сатқан. Әртүрлі қарызды мойынға ілгендер саны - 500 дей болған. Көп әйелдер қытайларды дүнген - мұсылмандар деп күйеуге шықты, ал кейін қателігін біліп, олардан кетемін деген әйелдердің тілін кесті. Тіпті олармен бірге еріп келген жас қыздарын әйелдікке алды. Кейбіреулерін жезөкше үйлерінде ұстады»,- деп көрсетеді 3, 137 п.. Бұларды қайтарып алуға Кеңес өкіметінен көмек сұралып, оған ақша бөлінеді. Бірақ олардың елге қайтуы бірнеше жылдарға 1917 ж. және 1921-1922 жж. жер реформасын жүргізуіне байланысты созылды. Соның өзінде 2300 қожалық сол жерде қалып қойды. Осындай жағдайларды басынан өткізген қазақтардың бір тобы Қырғызстан территориясында қазіргі Бішкектің маңайындағы елді мекендерде, Ыстықкөлде қалып қойған. Бұл жөнінде 2000-2001 жж. Қырғызстандағы қазақтар арасынан жиналған деректерде бірнеше информаторлар өздерінің Қытайға ауып, одан қайтарда елге оралудан үрейленген бір тобы жоғарыда көрсетілген аймақтарда қалып қойғандығын, қырғыздардың бай, манаптарынан көп жақсылық көргенін, олар алдарына мал, жер беріп көп көмек жасағандығын айтады 4. Осы кезеңдегі елге деген сағынышын былай көрсетеді:

Арғынның Ақшидегі Абланымын,

Жақсылардың артында қалғанымын.

Атадан алтау туып, жалғыз қалған

Алланың риза болдым салғанына.

Арғынның кәрсән деген елім еді.

Мекенім Сарыарқадай жүйім еді

22 болыс Қарқараға билік еткен

Дейтұғын Көппай атам бағым еді.

Сарыарқа қош аман бол туған жерім

Сол Арқаны бір көрсем қалмас еді

Ішімде қалған шерім- деп жырлаған 5.



Орта Азия елдеріндегі қазақтардың қалыптасуында 1924-1926 жж. этникалық- территориалдық жағынан межелеу саясатының да ықпалы зор болды. 1924 жылы 23-24 наурызда өткен Түркістан Компартиясының Комитеті Орталық пленумы Түркістан республикасын ұлттық-территориалдық жағынан межелеу мәселесін қойды. Бірақ бұл мәселе оңай шешіле қалған жоқ. Бұл әсіресе көршілес халықтармен ежелден жаз жайлауы, қыс қыстауы ортақ қазақтарға қиындау тиді. Соған байланысты, Қазақстанмен Өзбекстан, Қырғызстан шекараларын белгілеуде де дау-дамайлар аз болған жоқ. Қазақстан мен Қырғызстан арасында бұл көбіне жайлауларға қатысты болды.

1924 жылға дейін Орта Азия елдерінің мемлекеттілігі біртұтас бола қойған жоқ. Мәселен, Өзбекстан территориясының өзі 3 әкімшілік басқаруға: Түркістан республикасы, БКХР (Бұхара Кеңестік Халық республикасы) және ХКХР (Хорезм Кеңестік халық республикасы) біріктірілген болатын. 1924 жылы жаңадан құрылған Өзбекстандағы халықтың жалпы саны 3.963285 құрап, оның 1.319498 - Бұхара, 320023 - Хорезм республикасында, 170682- адам даулы аудандардағы халықты құрады 6, 431п.. Түркістан республикасынан Өзбекстанға Сырдария облысының оңтүстік-шығысындағы Ташкент және Мырзашөлдің бір бөлігі, даулы аймақ Зеңгіата және Ниазбек болыстықтары өтті. Мұнан басқа Бұхарадағы қазақтар басым Кенимех ауданы құрылып, ол Орталық өкіметке бағынды 7, 5 п.. БКХР-да тұратын қазақтар РКП (б) Орталық Комитеті Саяси бюросына, КСРО, ОАК (Орталық Атқару Комитеті) төрағасы М.И. Калининге, БКХР ОАК мүшелері мен БКХР қазақ делегаттарына өтініш жазып, қазақ автономиялы облысын құруды сұрайды 8, 41 п.. Қазақтардың арыз тілегін РКП (б)-ның қазақ облыстық комитетінде талқылап, шешім шығарады. Бөл жөнінде зерттеуші К.И. Қобыландин өз мақаласында РКП(б)-ның Киробком (Қазобком-К.Б.) мүшелері Бұхара республикасындағы қазақтардың тұрмысын жақсартуды, өзбек республикасынан Бұхарадан қазақтарға жеке автономиялы облысты бөлуді және Бұхара қазақтарымен Өзбекстан Республикасы тең құқықтағы қарым-қатынасты орнатуды, қазақтардың өзіндік ұлттық дербестігін сақтауды, өзбектердің қазақтарды ассимиляциялау бағытын тоқтатуды сұрағандығын мұрағат құжаттарымен дәлелдей отырып жазады 9, 62-67 бб.. Бірақ Бұхара республикасының Халық Нәзірі (комиссар) кеңесінің төрағасы Ф. Ходжаев БКХР тек 40 мың қазақ бар деп көрсетуіне байланысты, облыс емес, Кенимех ауданы құрылады 10, 42 п.. Бірақ, 1924 жылы 20 қазанда Орта Азия Кеңестік республикалары территориясының шекараларын нақтылаумен байланысты БКХР территориясы қайтадан құрылған ӨКСР-ның құрамына қосады. Сондай ақ, даулы аудандардағы қазақтардың да бір бөлігі де Өзбекстан республикасы құрамында қалады. Мәселен, Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын межелеу барысында Ташкент уезінің Болат, Зеңгіата, Ниазбек болыстықтары төңірегінде дау болды. Себебі, Ташкент қаласында негізінен өзбектер тұрғаныменде, қаланы жоғарыда аталған үш болыстық: солтүстік шығысында Ниазбек болыстығы, батысын Болат болыстығы, Оңтүстігін Зеңгіата болыстығы қоршады. Бұл үш болыстықта Шыршық өзенінің батысына қарай жатса, шығысқа қарай Шыршықтың арғы бетінде Ташкентке қарай күрішті аудандарды құрайтын алты отырықшы қазақ болыстықтары орналасты. Межелеу барысында Қазақстан республикасына өткен өзбектер мен олар мекендеген шұрайлы жерлердің төлемі ретінде жоғарыдағы 6 отырықшы қазақ болыстықтары да Өзбекстан территориясына енгізіледі 11, 20 п.. Міне, осы аудандардағы қазақтар сол кезеңдегі КСРО-ның ірі орталықтарының бірі болған Ташкент қаласын және Шыршық өңіріндегі жоғарыдағы болыстықтармен қосып, Қазақстан республикасына қосуды талап етті. Ал, өзбектер Өзбекстаннан Ташкент пен оның уезіндегі 18500 өзбектерді (құрамаларды қоса) бөліп тастау ұлттық межелеудің мәнін жоққа шығарады деп санады 11, 20 п.. Осы мәселелерді шешуде екі жақта келісімге келмейтін бағытты ұстанды. Сондықтан, бұл тығырықтан шығу үшін халық саны, ұлттық құрамы және осы үш болыстықтың экономикалық маңызы жөнінде қысқаша анықтамаларға сүйену қажет болды. Соған байланысты шекара межелеу комиссиясы осы даулы аудандарда өздерінің зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесі мына мәліметтерді берді.

1. Ниазбек болыстығында 29504 халық болды, оның 14051-і өзбектер, 11312-і қазақтар, қалғаны орыстар. Шаруашылығының негізгі бағыты суармалы егіншілікте мақта, күріш, бау-бақша өсірумен және мал шаруашылығымен қоса қосалқы кәсіппен де айналысты. Суландыру көзі Ташкентті сумен қамтамасыз ететін Бозсу магистральді арығы.



2. Болат болыстығында 32713 адам, оның 12688-і өзбектер, 19276-ы қазақтар. Ұлттық құрамы және экономикасы бойынша 2 ауданға: Кенсай селолық қауымы (13396 адам) бірыңғай өзбек болыстығынан шоғырланып, Ташкентке тиіп жатса, екінші аудан қалған барлық селолық қауымдастықпен бірге, Сулы-Келес өзені бойынан Құр-Келеске (архив дерегіндегі атау бойынша) дейін орналасқан қазақ ауылдарынан тұрды. Қазақ аудандары аралас шаруашылық егіншілікпен мал шаруашылығы және аздаған кәсіпкерлікпен айналысты. Өзбек аудандары Бозсу, Зах арықтарымен суландырылса, қазақтар суландыру көзін Келестен алды.

3. Зеңгіата болыстығында 32307 адамның, оның 20517 өзбектер, 10551-і қазақтар, қалғандары орыс-татарлар болды. Экономикалық сипаттамасы Ниазбек болыстығына ұқсайды 11, 20-21 пп.. Сонда үш болыстық бойынша өзбектер саны 33205, қазақтар 41139 санын құрайды. Тарату комиссиясы (Ликвидком) мен ОКРКП (ЦКРКП) Орта Азия елдері бюросының арнаулы комиссиясы қараған осы үш болыстықтың төңірегіндегі дау-дамай қазақтар бірыңғай қоныстанған (59200 адамы бар) Өзбекстанға өткен алғашқы станция Қауыншы тағдырымен де байланысты болды. Бұл станция қазақтардың селолық қауымдастығында болатын. Егер жалғыз темір жол магистралі бойынша станцияны Қазақстанға берсе, өзбек территориясынан Ташкент бөлініп қалар еді. Қазақтардың мақсаты станцияны алу арқылы Ташкент уезі қазақтарын біріктіретін ірі Орталық Қауыншы уезін құру болды. Осы жағдайлардың барлығын зерттей отырып, комиссия мүшелері мынандай тұжырым жасады. Егер бұл станция қазақтарға берілсе, Ташкент барлық жағынан Қазақстан территориясымен қоршалады. Сөйтіп, Ташкент қаласының өзі Қазақстан республикасына қосылу мәселесіне, не еркін қала болып жариялануы күн тәртібіне кезекке қойылады, әрі осы уақытқа дейінгі істелінген ұзақта әрі күрделі жұмыстар қайта қаралып межеленеді сондықтан Қауыншы станциясын Қазақстанға беру Өзбекстан үшін де, саяси да экономикалық жағынан да тиімсіз деп саналды 11, 22 п.. Мұнан басқа осы тығырықтан шығудағы комиссияның әртүрлі шаралары шекараны шартты түрде белгілеу екі жақ Өзбекстан мен Қазақстан тарапынан да сондай ақ саяси жағынан да тиімді емес еді. Мұндай жағдайларда шекара тек қана болыстықтарды ғана емес, селолық қауымдастықтармен кейбір қишлоқтардың үй-жай, саяжай жерлерін де бөлшектейді. Тәжірибеде мұндай межелеулер шексіз соқтығыстарға әкеліп соғады делінді. Осындай пікірлерден кейін мынандай шешімдер қабылданады: 1925 ж. 24 шілдедегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Орталық атқару комитеті Президиумы шешімімен Ташкент қаласы, оған қоса қала маңындағы барлық болыстықтар, Ниазбек болыстығы түгелімен, Ниазбек болыстығының солтүстік-шығыс селолық қауымдастығы, Тройцк, Кенсай елді-мекендері Болат, Зеңгіата болыстығы өзіне қарайтын барлық қоныстарымен пайдаланатын жер, суландыру иеліктерімен Қауыншы және Халдарма селолық қауымдастығымен түгелдей үзілді-кесілді Өзбек КСР-не беріледі 11, 23 п.. Зерттеу барысында және таратушы комиссиялардан (Ликвидком) алынған мәліметтер бойынша, әрбір болыстықтың аумағы, шекарасы анықталды. Мәселен, Ниазбек болыстығы Бозсу арығы бойымен Ивиш арығының басынан ары қарай Аққабақ селолық қауымдастығы жерінің шекарасын қоса алып жатса, мұнда Қаңлы, Дархан, Сасбұға, т.б. қазақ ауылдары екінші жағынан Бурата өзбек селолық қауымдастығы (бұған өзбектердің Чиноват қишлоғы кіреді) мен Танагүл қазақ ауылы және Чиноват, Қожақорған өзбек қишлақтарымен Красноводопад тәжірибе алқабына дейінгі жерлерді алып жатты. Болыстықтағы барлық қожалықтың жалпы саны- 6265, оның 3575 өзбек, 1906 қазақ, 679 орыс, 5 әртүрлі халықтардан құралған қожалық болды Осы 6265 қожалықтың Қазақстанға–1217 оның 919 қазақ, 200 орыс, 72 өзбек қожалығы өтті. Өзбек КСР-не кеткен қожалық саны 5048 оның 3603 өзбек, 987 қазақ, 453 орыс 12, 19 п.. Келтірілген деректерге қазақтардың өзбектерге кеткен қожалығымен (987 қожалық) салыстырғанда өзбектердің қазақтарға кеткен қожалығы (саны-72) бірнеше есе аз.

Болат болыстығының шекарасы Болат және Ақжар болыстығы бойынша Су Келеске дейін, одан темір жол бойымен, төмен Көктерек мал базарынан Зах арықтың аяғына дейін жетеді. Зах арықтың аяғындағы тәлімі жерлер нақты пайдаланған қауым арасында бөлінеді. Қожалықтың жалпы саны 7273. Оның 2803 өзбек, 4464 қазақ, 6 орыс, Қазақстанға 4826 қожалық өтті. Оның 3968 қазақ, 858 өзбек, Өзбекстанға кеткен қожалық саны –2447, оның 1730 өзбек, 717-қазақ 12, 20 п.. Зеңгіата болыстығының шекарасы Болат болыстығы шекарасынан Жар, Күркілдек арығына дейін және онан әрі Зах арығынан Шыршыққа дейін созылды. Зеңгіата болыстығы бойынша 6939 қожалық болды. Оның 4169 өзбек, 2650 қырғыз (қазақ-К.Б.) 120 орыс. Ал, 6939 қожалықтың Қазақстанға кеткені-2985, оның 1783 қазақ, 1082 өзбек, 120 орыс, Өзбекстанға 3954 қожалық енді. Оның 3097 өзбек, 857 қазақ 12, 21 п.. Келтірілген мәліметтерге талдау жасайтын болсақ, Қазақстанға өткен өзбек қожалығымен салыстырғанда (2062 қожалық), қазақтардың Өзбекстанға өткен қожалық саны көбірек (2561 қазақ қожалығы). Осы үш болыстықтың шекарасы, ондағы қожалықтардың қаншасы Өзбекстанға, қаншасы Қазақстанға өту керектігі жөніндегі комиссия мүшелерінің ұсынған жобалары жан-жақты зерттелді. Айта кету керек, жоғарыдағы дау-дамайды барынша Қазақстанның мүддесіне шешуге тырысқан қазақтың көрнекті қайраткерлері С. Ходжанов, С. Асфендияров, т.б. еңбектері зор. Мәселен, болыстықтардағы (үш болыстық бойынша) барлық қожалық саны-20477. Оның 10547-і өзбек, 9020-і қазақ, 810-і орыс, қожалық санына енбегені- 100. Осы бойынша комиссия мүшесі С. Манжара ұсынған межелеуде Өзбекстанға өзбектердің 8790, қазақтардың 3718 қожалығы, Қазақстанға қазақтардың 3638, өзбектердің 1880 қожалығы енеді делінген мәлімдемесіне 12, 18 п. С. Асфендияров Қазақстанға өзбектердің 2012 қожалығы, Өзбекстанға қазақтардың-2561 қожалығы қалатын қарсы жобаны яғни, Өзбекстанға өтетін қазақтардың қожалығын яғни 1157 қожалықты азайтып ұсынады 11, 20 п.. Нәтижеде С. Асфендияровтың ұсынысы өтіп, Манжараның ұсынған 3718 қазақ қожалығы емес, 2561 қожалығы өтеді. Үш болыстық бойынша шекара межеленіп, жоғарыдағы соңғы шешімдер қабылданғанмен қазақ арасында наразылық тоқтаған жоқ. Межеленген Орта Азия республикаларының шекарасына қатысты наразылықтар 1924-1926 жж дейін созылды. 1925 ж. 17 наурызда комиссия президиумы мәжілісінде қаралған 10 версткалық картадағы әкімшілік-бөліну тізімі қосымшасында Орта Азия елдерінің шекарасы дәлелденіп, бекітілді 13, 63 п..

1925 ж. 17 наурыздағы Орта Азия елдерінің Тарату комитеті комиссиясы президиумы шешімімен, КСРО- ның Орталық Атқару комитеті мәжілісінің № 11 хаттамасымен, 1925 ж. 5 маусымда КСРО-ның Орталық Атқару комитетінің президиумы бекіткен қаулысымен Ташкент уезінің үш даулы ауданы Шурахан уезі мәселесі былай шешіледі: 1. Зеңгіата болыстығымен барлық елді-мекендері суландыру иеліктерімен Қауыншы, Халдарма селолық қауымымен ӨзКСР-на кіреді. 2. Өзбекстанға Болат болыстығынан Кенсай, селолық қауымдастығы түгелімен (Хиован, Чуваши, Яу елді-мекендері) ал Көктерек базары Қазақстанда қалады. 3. Ниазбек болыстығы түгелімен дерлік Өзбекстанға кіреді деп шешілді.

1929 ж. 6 сәуірде ұлттық- мемлекеттік межелеу ӨзКСР-і ОАК Президиумы мәжілісінде аз санды ұлттырдың және аралас аудандардың мәселелерін қарап, мына аудандарда аз санды ұлттардың бар екендігін бекітті: 1. Ташкенттің Жоғары Шыршық ауданында 82 % қазақ, Ташкенттің Ангрен округінде- Құрамада (72,3%), Кенимех жеке ауданы – Қазақ-қарақалпақ (41,7%) қазақтар, 26,2 % қарақалпақ), 2. Аралас аудандар: Ташкенттің Орта Шыршық ауданы - қазақ-өзбек (44,4 % қазақ, 33,8 % өзбек), 3. Ташкент округі – Ташкент-құрама-өзбек (44,2 % құрама, 39,4 % өзбек) қала типтес Пскент қонысымен бірге. 4. Мырзашөл округі Ташкент- орыс- өзбек (39,1 % өзбек, 43,6 % орыс) , 5. Андижанның Қорған- Тепе округі – өзбек, қырғыз (48,1 % өзбек, 39,5 % қырғыз), 6. Андижанның Мархамад округі – түрік-өзбек (38,9 % түрік, 35,2% өзбек) , 7. Фергана округі Фергана қаласымен бірге – өзбек- тәжік (45,1 % өзбек, 26,9 % тәжік) 14, 157, 6 п..

Міне, осындай саясат нәтижесінде қалыптасқан Өзбекстандағы қазақтардың бүгінде бір бөлігін яғни Ташкент, Мырзашөл, Сырдария облыстарындағы қандастарымызды ирредент қазақтар десек, ендігі бір тобын оның ішінде Қырғызстандағы қазақтарды диаспора тобына жатқызамыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР

1 ӨРОМА –Р-1 қор. – 1 тізбе. – 721 іс. – 314-315, 349-356 пп.

2 ӨРОМА. – Р-5 қор, – 5 тізбе, –670 іс, – 7 п.

3 ҚырРОМА. – 847-қор. –1 тізбе. – 27 іс. –135-137 пп.

4 Әбдібаев Кәсеннен жазылып алынды. 1918 жылы туған, руы – арғын. Қырғызстан. Манас селосы.

5 Баймағанбетов Абылан 1907 жылы туған, руы арғын кәрсен, Баймағанбетов

Елісбай Абылан баласы, Сокулук ауданы, Ақжол селосы.

6 ӨРОМА. – 86 қор. –1 тізбе. –2550 іс. –431 п.

7 Балашев Н.И. Узбекистан и сопредельные Республики и области. – Ташкент:

Узгосиздат, 1925. – 97 с.

8 ӨРОМА. – Р–5 қор, –5 тізбе, –67а– іс, –4l п.

9 Кобландин К.И. Участие казахов в процессе на нациестроительства в

Бухарской народной советской республике //Вестник НАН РК. – 2008. –№5. –

С. 62-67.

10 ӨРОМА. – Р–30 қор, –4 тізбе, – 506 іс, –42 п.

11 ӨРОМА. – р 39 қор. –2 тізбе. –454 іс. –20-24 пп.

12 ӨРОМА. – Р-1 қор. –1тізбе. –704 іс. –18-21 пп.

13 ӨРОМА. – Р-1 қор. –1тізбе. –706.-іс. – 63-74,105-106 пп.



14 ӨРОМА. –Р–86 қор. – l–тізбе. –5266 – іс. –6 п.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет