ЖҰмыс бағдарламасы семей 2013 глоссарий аллювий өзен тасығанда шығып қалған құмдар, қиыршық тастар және т б


Қазақстанның жазық территориялардың көлденең зоналық топырақтары



бет21/22
Дата09.06.2016
өлшемі1.92 Mb.
#124545
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22

Қазақстанның жазық территориялардың көлденең зоналық топырақтары

Қазақстанның жазық алқаптарында климаттың, топырақтың терістіктен оңтүстікке қарай өзгеруі табиғаттың көлденең зоналық заңына бағынса, таулы алқаптардағы топырақ, климат жағдайларының тау етегінен, таудың биік шыңына қарай өзгеруі табиғаттың тік зоналық заңына бағынады. Енді біз Қазақстан территориясында кездесетін зоналық топырақтардың қысқаша сипаттамасына және бұл топырақтарды ауыл шаруашылығында пайдалану мәселелеріне тоқталамыз.

1) Республиканың қиыр терістігінде біраз территорияны жеткілікті ылғалданған орманды-далалы зонаша алып жатыр. Бұл зонашада ауадан түсетін ылғалдың орташа жылдық мөлшері 330-350 мм, жерден буланатын ылғалдың мөлшерімен шамалас, ылғалдану коэффициенті бірге жуық. Жер беті жазық, ойпатты келеді, сондықтан бұл аймақта ылғалды-шалғынды топырақтар көп таралған, негізінен шайылған орманның сұр топырағы мен шалғынды қара топырағы және сілтісізденген қара топырақтар кездеседі. Топырақтың беткі қабатындағы қара шірінді мөлшері 8-9%. Зонаша негізінен Батыс Сібір ойпатында орналасқан. Мұнда суарылмайтын егіншілік дамыған, негізінен жаздық бидай егіледі. Картоп, көкөністер өсіріледі, етті-сүтті мал шаруашылығы дамыған. Егістікке жарамды жерлердің барлығы түгелдей игерілген. Қалған жерлері орман, шабындық пен жайылым үшін пайдаланылады. Қазақстан территориясында бұл зонаша не бары 0,4 млн (республика жерінің 0,2%) гектар, зонаның негізгі бөлігі, терістіктегі Ресей жерінде.

2) Осы зонашадан оңтүстікке қарай байтақ қара топырақты далалы зона жатады. Өзінің топырағы мен климаттық жағдайына қарай бұл зона екі зонашаға бөлінеді. Бұл аймақтың біразы Батыс-Сібір ойпатында жатыр. Солтүстік Қазақстан облысының көпшілік жері, Қостанай, Павлодар облыстарының терістік жағы, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік шеттері осы зонада орналасқан. Ылғал көбінесе күз және қыс айларында түседі, ал мамыр мен шілде аралығы біршама құрғақ болады. Егістік өніміне әсер ететін қатты құрғақшылық бұл аймақта сирек қайталанады. Оның топырақтары мен топырақ зонаның Батыс Сібір провинциясында кәдімгі қара топырақ және оңтүстіктің қара топырағы кездесетді.

Егістікке жарамды жерлердің бәрі жыртылған. Бұл аймақта негізінен суарылмайтын астық егіледі. Дегенмен, сортаң, сорланған топырақтар және комплексті учаскелер күрделі мелиорациялауды, ал жыртылған жерлер фосформен тыңайтуды қажет етеді. Бұл зонаның көлемі – 25,4 млн гектар, яғни республика жерінің 9%-ға жуығы. Бұл алқаптың көп жері 1954-1958 жылдары тың игеру кезінде астықты дақылдар үшін жыртылды.

2) Кәдімгі топырақты зонаша республиканың 11,7 млн гектарын, яғни барлық жерлердің 4,3%-ын алып жатыр. Ауадан түсетін ылғал 300-330 мм. Негізгі топырақтары – кәдімгі ортагумусты қара топырақтар. Топырақ қарашіріндісінің мөлшері беткі 0-10 см қабатында 7-8%, табиғи күйінде құнарлы топырақтар. Егістік өніміне әсер ететін құрғақшылық орта есеппен он жылда бір рет қайталанады.

3) Оңтүстік қаратопырақты зонаның көлемі 13,7 млн гектар, республика жерлерінің 5,1%-ы. Ауадан түсетін ылғал жылына 280-300 мм, оның жылы уақытта түсетіні 150-180 мм. Топырақтардың басым бөлігі азгумусты қара топырақтар. Топырақтың беткі қабатындағы қарашірінді мөлшері 4-6%. Топырақтар жамылғысында сортаңданған, әктенген топырақтар түрлері басымырақ кездеседі. Егістік өніміне әсер ететін құрғақшылық он жылда 2-3 рет қайталанады.

4,5) Қара топырақты далалы зонаның оңтүстігінде Қазақстан батысынан шығысына қарай-Шығыс Қазақстан облысына дейін созылып құрғақ және шөлді-далалы қара қоңыр топырақты зона жатыр. Оның көлемі 90,4 млн гектардай, яғни бұрынғы КСРО-дағы мұндай зонаның 70% жерін қамтиды. Бұл аймақта Павлодар облысының көп жері, Солтүстік Қазақстан облысының батыс жағынан біраз бөлігі, Қостанай, Ақмола облыстарының көпшілік жері, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының көп жерлері орналасқан.

6) Шөлді-далалы зонаша солтүстіктегі далалы аймақ пен оңтүстіктегі шөлді аймақтың аралығында жатыр. Сондықтан бұл зонашада солтүстіктегі далалы зона мен оңтүстіктегі шөлді зонаның табиғи ерекшеліктері кездеседі. Климаттың құрғақ болуына байланысты мұнда өсетін шөптердің түрлері аз, әрі сирек. Топырақтың құнарлылығы кем, әсіресе, оның құрамындағы қарашірік аз, топырақ түсі ашық қара-қоңыр, көбінесе сортаңданған. Ауадан түсетін ылғал мөлшері жылына орташа есеппен, 180-210 мм-ақ, бұл егістің өнімді шығуын қамтамасыз ете алмайды.

7,8) Жартылай шөлді зонашаның оңтүстігін кең алқапты шөл зонасы алып жатыр. Бұл зонада Батыс Қазақстан облысының біраз жері, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстары түгелімен, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының біраз жерлері, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының басым көпшілік жерлері орналасқан. Бұл алқапта ауадан түсетін ылғал мөлшері өте аз. Ылғалдану коэффициенті 0,1-0,05-ке шейін кемиді. Жылына түсетін ылғалдың мөлшері 80-150 мм-дей. Үсіксіз уақыттың ұзақтығы 170-220 күнге жетеді. Күні бұлтсыз, ыстық, 100-дан жоғары болатын күндердің температура қосындысы Түркістан маңында 4700 градусқа жетеді. Бұл аймақ нағыз шөлдің өзі. Жерге тек ерте көктем мен күздің соңғы айларында ылғал түседі. Сондықтан өсімдік тіршілігіне екі биологиялық тыныштық кезең өтеді, оның біріншісі қыстың суық, екіншісі, жаздың құрғақ кезінде болады. Өсімдіктер мен табиғаттың осындай қысымшылығына бейімделген. Онда: сирек шығатын бұташалар, жусан және кейбір сортаңданған, сорланған топырақтарға бейімделген шөптер өседі. Өсімдік сирек шығатындықтан, олардың топырақта қалдыратын қалдықтары да мардымсыз. Сондықтан топырақта қарашірік аз, оның мөлшері топырақтың беткі қабатында не бары 1-1,5%. Осының салдарынан топырақ түсі бозғылт тартып, өзін түзген тау жынысына ұқсайды. Бұл зона екі: а) сор шөпті жусан өсетін құба топырақтар, терістік шөл; б) жусанды сор шөптер өсетін сұр құба топырақтар, орталық шөл болып зонаға бөлінеді. Сонымен қатар екі зонашада, әсіресе, соңғысында тақыр түсті топырақтар мен тақырлар, үйме құмдар және сорланғар жерлер көптеп кездеседі.

Аймақ негізінен мал жайылымына қолайлы. Мұнда тек суармалы егістіктен ғана өнім алынады. Өзен бойларында орналасқан тақыртүстес топырақтар күріш егуге ыңғайлы. Топырақ құнарлылығы аз болғандықтан, суарған кезде азотты, фосфорлы және органикалық тыңайтқыштарды қолдану керек. Шөл аймағы Қазақстандағы ең мол жерді алып жатыр. Оның көлемі 119 млн гектар, яғни республика территориясының 44%-ға жуығы. Жалпы жартылай шөл мен шөл зоналарын сипаттай келіп, ол алқаптарды өнімсіз, құнарсыз деп айтуға әсте болмайды. Өйткені осы жердің ыстығына бейім, сорланған топырақтарда өсетін сор шөптерді қой малы, оның ішінде қаракөл қойлары, «шөл кемесі» атанған түйе малдары сүйсіне жейді. Ал мұнда қолдан су беріп, мелиорация шараларын қолданған кезде, шөлдің ұзақ күнін ұнататын кейбір қымбатты дақылдар, суға да қанығып мол өнімдер береді. Дегенмен осыған қарап, барлық шөл жерлерді бау-бақшаға айналдыруға болады деген қиялға берілмеген абзал. Себебі қоғам үшін шөлдер шөл күйінде де қажет. Табиғатта бір жер шөл болып бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі теңгеретін заңдылық.
Сортаң топырақтар

Елуінші жылдары басталған тың игеру эпопеясынан кейін Қазақстанда бос игерілмей жатқан жақсы жерлер қалмады. Ал қосымша күш жұмсап, жерді жақсартып пайдалануға болатындай етіп игеретін жерлер жеткілікті. Сондай жерлердің бірі – сортаңданған жерлер.

Сортаңданған жерлер – тұзданған жерлердің бір түрі. Бұл жерлердің шын мәнісінде сорланған топырақтарға қарағанда жоғары кабаттарында өсімдіктердің өсуіне зиян келтіретін ащы тұздары жоқ, олар кезінде бар болғанымен, кейін жауын-шашынмен жуылып, топырақтың төменгі қабаттарына шайылып сіңіп кеткен. Дегенмен, кезінде суға ерігіш тұздардың құрамындағы натрий катионы топырақтың құрамына еніп, барынша қанығып, сіңіп қалған. Бұл жерлерде топырақтың сіңіру құрамының 20%-дан астамы осы натрий катионының үлесіне тиеді. Мұндай жерлерді егістікке игеруге қиындық келтіріп тұрған – осы натрий катионы. Құрамында натрийі мол топырақтарда органикалық және коллоидты минералды бөліктер бірігіп, байланысу орнына, ылғалдан ісініп, ыдырап, сумен төмен шайылады. Осының нәтижесінде топырақтың жоғары қабатындағы құнарлы заттар төмен ығысып, жоғары қабаттың түсі кремиийге байығандықтан бозғылт тартады, оның есесіне топырақтын төменгі қабаты ұнтақталған коллоидты және органикалық қосылыстарға қанығып, түсі қара қонырға айналады, ал оның реакциясы сілтілі болады. Су тиген кезде бұл қабаттың көлемі ісініп, жібіп, батпаққа айналады, ал кепкен кезде құрылымы ірі кесекті, бағаналы болып, қатып қалады. Бұл қабатта суға ерігіш тұздар жоқ, ал төменгі қабатта жоғарыдан шайылып сіңген тұздар жеткілікті. Осы тұздардан жоғары жатқан сорланған қабаттың физикалық қасиеттерін алдын ала жақсартпайынша, мұндай жерлерден жақсы өнім алуға мүмкіңдік жоқ. Қазақстанда 75 млн гектардай сортаңданған жерлер бар.

Қазақстанның сортаңданған жерлерін зерттеу жұмыстары 1956 жылы басталған еді. Бұл жұмыстарды Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның Топырақтану институты негізінен үш бағытта жүргізген болатын.

1. Сортаңданған жерлерді картаға түсіріп, агромелиоративтік қасиеттерін анықтау үшін территориялық зерттеулер жүргізу. Сортаң топырақтың әртүрлі табиғи аймақтарда орналасуына, агромелиоративтік қасиеттеріне қарай оларды игеру, жақсарту жолдары да әрқилы. Сондықтан сортаң жерлерді алдымен картаға түсіріп. олардың әрқайсысының шекараларын анықтау қажет. Мұндай жұмыстарды Қазақстанның терістігі, орталық және шығысында Топырақтану институтының ғалымдары, батысында кезіндегі Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясы жайылым-шабындық шаруашылығы институтының ғалымдары жүргізді.

2. Сортаң жерлерді игерудің әдісі мен технологиясын жетілдіруде тұрақты тәжірибе жұмыстары жүргізілді. Қолданған әдістердің арқасында жақсы нәтижелер алынды.



Фитоагротехникалық мелиорация әдісі негізінен шалғынды-далалы және далалық қалдық сортаңдар кешенін игеру үшін қолданылады. Мұнда жерді сортаң қабатына дейін қайырмалы әдіспен жыртады да, одан төменгі қабатын қайырмасыз әдіспен терең қопсытады. Жыртылған жерге дәнді-бұршақты дақылдар араластыра егіледі. Бұл әдіс орта есеппен гектарынан 15 центнер шөп, ал шөпті жыртып, астық еккенде, гектарынан 10 центнер дән береді.

Агрохимиялық мелиорация. Бұл әдіс – сортаңның химиялық қасиетін жақсарту үшін арнайы өңдеу арқылы топырақтың төменгі қабатында жатқан әк пен гипсті пайдалану.

Ол үшін сортаң топырақтарды терең етіп, плантажды немесе топырақтың әр қабатын арнайы өндейді. Өнделген жерге көпжылдық бұршақты шөптер егеді. Шөп өнімі гектарына 15-22, ал шөп жыртылған жерге егілген арпа гектарына 9-12 центнер өнім береді.



Фитохимиялық мелиорация. Бұл әдіспен топырақтың жоғары және сортанданған қабатын қайырмалы етіп жыртып, оның астыңғы қабатын қопсытады да, сортаңданған қабатты жақсарту үшін оған кәдімгі гипс пен фосфогипсті енгізеді. Бұл жерге негізінен бұршақты шөп, түйе жоңышқа егіледі. Оның өнімділігі гектарына 17-25 центпер, ал оны жыртып орнына еккен астық өнімі гектарына 10-14 центнер жетеді. Ал тұзы мол сортаңға төзімді шөптер егіп, оларды шалғынға айналдырған жөн. Ол үшін сортаң қабаттың жоғары бетін қайырмалы етіп жыртып, оның астын тереңдетіп қопсыту қажет. Көпжылдық шөптердің өнімі гектарына 12-14 центнерге жетеді. Сонымен, бұл көрсетілген сортаң топырақтарды жақсарту әдістері кезінде Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 12 ұжымшарда қолданылып, 300 гектардай жерді өндірістік жағдайда сынап, жақсы нәтижеге жеткен еді. Осы әдісті қолданып, сортаң жерлерді жақсартқанда. олардан алынған өнім өңделмеген табиғи сортаң жерге қарағанда 7-10 еседей көп. Бұл жағдай сортаң жерлерді игеру мол резервтің кезі екендігін көрсетеді. Себебі аса күрделі жақсарту жұмыстарын жүргізбей-ақ, мол қаржы жұмсамай-ақ сортаң жерлердің өнімін 7-10 есе арттыруға болады. Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып, институт ғалымдары сортаң жерлерді игеру жөнінде практикалық ұсыныстар жасады. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен қолдау тауып, арнайы әдістемелік басшылыққа алынды.

Енді республикамыздың солтүстік облыстарында "Казгипрозем" және облыстық агрохимиялық зертханалары жасаған жобалар мен сортаң жерлерді игеру жұмысы қолға алына бастады. Солтүстіктің дәнді, қара топырақты жәнс қара қоңыр топырақты алқаптарында суарусыз, көп қаржы жұмсамай 15,6 млн гектар сортаң жерлерді игерудің жоспарлары кезінде жасалды. Онын ішінде фитоагротехникалық мелиорациялау арқылы 1 млн га, агрохимиялық мелиорациялау арқылы 10.4 млн, фитохимиялық мелиорациялау арқылы 1,0 млн, ал шалғындық шөп егуге 3,4 млн гектар сортаң жер әзірленді.

Сортаң жерлерді игеру жыл сайын шөп өнімін 8 млн тоннаға, малға жемдік дакылдарды – арпа, сұлы, тары өнімін 5,5 млн тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Бүл жағдай мал шаруашылығын өркендетуге көп септігін тигізбек. Ал бұрынғы жемшөп егіліп жүрген құнарлы топырақтарға бидай егіп, одан қосымша 10 млн тонна алуға мүмкіндік бар.

Сонымен, Қазақстанда көлемі мол сортаң жерлерді игеру жұмыстары кезінде жаппай басталған болатын. Ең алдымен, игеруге жеңілірек түсетін солтүстіктегі табиғи ылғалмен қамтамасыз етілген аудандардың сортаң жерлерін игеру жоспарланды. Оида біраз жерлер қазірдің өзінде игерілді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында ондаған мың гектар сортаң жерлер жоғарыда айтылған әдістер арқылы игеріліп, онда малазықтық жемшеп өсірілуде. Бұл үлкен пратикалық жұмысқа көмекті алыстан емес, тікелей өндіріске жақын жасау үшін Қазақстан Республикасы ҒА-ның Топырақтану институты Ақмола қаласындағы өзінің бөлімшесінде сортаң жерді игеру жөнінде кезінде ғылыми-әдістемелік зертхана ұйымдастырған. Бұл жұмыстардың іске асуына Шортандыдағы астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да көмек тигізген болатын. Өкінішке орай, сортаң жерлерді игеру жұмыстары соңғы жылдары тоқталып қалды.

3. Осы жоғарыда айтылған сортаң жерлерді игерудің практикалық-өндірістік бағыттарымен қатар ҚРҰҒА-ның Ө. Оспанов атындағы Топырақтану институты сортаң жерлердің пайда болуын, оны мелиорациялаудың теориялық мәселелерін де зерттеуде.

Жалпы сортаң жерлерді игеру ісі ғылыми негізделген әдісті мұқият сақтықпен қолдануды қажет етеді. Ал біздің республикада, әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сортаңды игеру қайырмалы соқамен сортаң қабатын жер бетіне шығарып жырту деп ұғып, бұрын шабындық немесе жайылым болған алкаптар қазір жарамсыз қалғанын да жасыра алмаймыз. Негізінен сортаң жерлерді тек малазықтық шөптер егуге пайдалану қажет. Ал сортаң жерлердің жалпылама жыртуға жарамсыз екенін ұмытпаған жөн.


Қазақстан топырақтарының экологиялық мәселесі, оларды шешу жолдары

Топырақ жамылғысы Жер биосферасының маңызды құрамы болып табылады. Биосферада өтетін барлық үрдістер топырақпен тығыз байланысты. Топырақтың маңыздылығы органикалық заттарды, түрлі химиялық элементтерді және энергияны жинау. Сонымен бірге топырақ жамылғысы өте қажеті. Ол ластайтын заттарды биологиялық сіңіру, бұзу, бейтарап күйіне айналдыру функцияларын атқарады. Егер биосферада осы буында күрт өзгерістер болатын болса, ол жалпы биосферадағы қалпына келмейтін үрдістер пайда болуына алып келеді.

Топырақты ластайтын заттардың бірі – пестицидтер. Бүгінгі күнде әлемде 1 гектар жерге 300 кг. химиялық заттар енгізіледі. Өте көп мөлшерде пестицидтерді (гербицид, инсектицид, акарицид, фунгицид, дефолианттар) қолдану топырақтардың негізгі қасиеттеріне  теріс әсер етеді. Сондықтан оларды химиялық, биологиялық жолдармен залалсыздандыру маңызды шаралар болып табылады.

Қазіргі үлкен проблемалардың бірі – жауын-шашындармен топырақтар қышқылдығының артуы. Қышқылды жауындар жалғыз судың ғана емес топырақтардың үстіңгі қабаттарының қышқылдылығында асырады. Азот, көміртегі, күкірт тотықтары атмосфераға көтеріліп, үлкен қашықтарға жылжуы мүмкін. Олар ауадағы сумен қосылып ерітінділерге  айналады. Соның нәтижесінде «қышқыл жаңбыр» пайда болады. Жерге түскенде, ол өсімдіктер, топырақ, сумен әрекеттестікке түседі. Топырақтың құнарлылығы  төмендейді. Топырақты ластайтын заттардың қомақты бөлігі түсті-қара металлургия, жылу энергетика, мұнай-газ өндірістерге байланысты.

Топырақ қарашіріндісінің азғантай төмендеуі оның толық экологиялық функциясын атқаруға кедергі болады. Оның қасиеттері өзгеріп бұзылады (деградация). Әсіресе, агроэкожүйелердегі топырақтар бұзылуға бейімді. Мұндай жағдайды агроэкожүйедегі фитоценоздың қарапайымдылығымен түсіндіру мүмкін.

Адамның топыраққа әсер ететін негізгі түрлері эрозия (су және жел), ластану, қайта сорлану және батпақтану, шөлдену, құрылысқа жер бөлу болып табылады.

Топырақ эрозиясы (лат erosio – жемірілу) – топырақтың құнарлы үстіңгі қабаттарының сумен шайылуы (су эрозиясы) немесе желдің әсерінен көшуі (жел эрозиясы).

Еліміздің белгілі топырақтанушы ғалымы Р. Д. Жанпейісовтың мәліметтері бойынша республикамызда жел эрозиясына (дефляцияға) шалдығу қауіпі бар жер ауданы 75 млн. 997 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 10 млн. 736 мың га карбонатты, 24 млн. 361 мың га «жеңіл» гранулометриялық құрамды топырақтар және 24 млн. га құмдар. Су эрозиясына шалдығу қауіпі бар тау беткейінің, қырат жерлердің ауданы 50 млн. гектардан асады. Бұл жерлер, әсіресе, Қазақстанның таулы аймағында мол кездеседі. Осы топырақтардың экологиялық қызметін сақтап қалу үшін оларды қатерлі құбылысқа шалдықтырмай, топырақты дұрыс пайдалануды жүзеге асыру бүгінгі күннің негізгі экологиялық мәселелерінің бірі болып табылады.

Эрозияға ұшыраған топырақтарда өсімдіктердің биологиялық өнімділігі азаяды, дақылдардың өнімі және сапасы нашарлайды, топырақтың құнарлылығы төмендейді.

Жел эрозиясы немесе дефляция. Жел эрозиясының қарқындылығы желдің жылдамдығынаң, топырақтың тұрақтылығына, өсімдік жамылғысына, бедерге және тағы басқаларға байланысты. Өсімдіктерді жою, малдарды ойламастан жаю, агротехникалық шараларды дұрыс қолданбау эрозиялық үрдістердің белсенділігін асырады.

Дефляция жергілікті  эрозияға және шаң борандарға бөлінеді. Солтүстік Қазақстанда  шаңды борандар өте күшті (20-30 м/сек асады) және ұзақ уақыт созылады.  Шаңды борандар  бірнеше сағаттың ішінде 1 гектар жыртылған жерден 500 т топырақтарды ұшырып алып кетуі мүмкін. Әрине, бұндай құбылыс атмосфера ауасының, сулардың жалпы қоршаған ортаның ластануына,  адам денсаулығына зиян келтіреді.

Топырақтың ластануы. Топырақтың  үстіңгі қабаттары ластануға бейімді. Топырақта көп мөлшерде болған түрлі химиялық қоспалар (токсиканттар) топырақта тіршілік ететін ағзаларға теріс әсер етеді.

Топырақтарды негізгі ластайтын заттарға – пестицидтер, минералдық тыңайтқыштар, өндіріс бөліп шығаратын  заттар,  мұнай және мұнай өнімдері жатады.

Жылына әлемде 1 млн тоннадан көп пестицидтер өндіріледі. Жалғыз Ресейдің өзінде жылына 100000 тонна пестицидтер шығарылады. Краснодар өлкесінде және Ростов облысында әр 1 гектар жерге 20 кг пестицид қолданылады.

Қазіргі күнде көп ғалымдар пестицидтердің адамзатқа тигізетін әсерін радиоактивтік әсерімен теңдестіреді. Пестицидтердің дақылдар өнімділігін асыруымен бірге зиянкестер түрінің көбеюі, өнімдердің  сапасы, олардың сақталу қасиеттерін төмендетеді,  топырақтардың табиғи құнарлығы нашарлауына,  т.б. теріс өзгерістерге алып келеді.

Артық мөлшерде енгізілген минералдық тыңайтқыштар  топырақты ластайды. Бұндай жағдай  азот, фосфор және басқа элементтердің  биохимиялық айналымын бұзады. Нәтижесінде экологиялық жағдай әсіресе  су ортада нашарлайды, эвтрофия құбылысы дамиды.

Нитраттардың көп мөлшерде болуы топырақтағы  оттегі  мөлшерінің  азаюына алып келуі анықталған. Өз кезегінде бұл атмосфераға тағы да екі «парникті» (азот шала тотығы және метан) газдар бөлінуіне алып келеді.  Нитраттар адамның денсаулығына  қауіпті болып саналады. Егер адам ағзасында нитрат мөлшері 50 мг/л-ден көп болатын болса, ол дененің улануына алып келеді.

Топырақ ауыр металдарды жинау қабілетіне ие. Сынап шығаратын  комбинаттардың маңайындағы топырақтарда сынап мөлшері шектелген мөлшерден жүз есе артық болады.

Жолдардың  жағасындағы топырақтарда  қорғасын мөлшері 30 есе көп болуы мүмкін (ластанбаған жерлерде -20 мкг/г- норма).

Топырақтың мұнай және мұнай өнімдерімен ластануы мұнай өткізетін құбырлар апатқа ұшырағанда, мұнай өндіретін технологиялардың нашарлығына, апат және технологиялық үрдістер нәтижесінде пайда болған  шығындарға байланысты. Ресейдегі Тюмен және Томск облыстарында топырақтағы мұнай, көмірсулары мөлшері фондық көрсеткіштерден 150-250 есе көп.

Ластанған топырақтардағы түрлі ауру қоздырғыштар адам денсаулығына өте қауіпті болып табылады.



Шөлдену проблемалары. Шөлденуге қарсы күресу БҰҰ конвенциясы мәліметтері бойынша әр жылы Қазақстан топырақтарында қарашірінді мөлшері азайғаннан келетін зияны 2,5 млрд. америкалық долларын құрайды, ал эрозиядан келетін зияны 779 млн. доллармен бағаланады.

Б. Г. Розанов айтуы бойынша, шөлдену бұл топырақтардың өсімдіктермен  қалпына келмейтін өзгеріс үрдістері және биологиялық  өнімдіктің  төмендеуі, келешекте бұндай жағдай биосфераның толық бұзылуына алып келуі мүмкін. Әлемде барлық құрлықта 1 млрд, гектар жер шөлейттенуге ұшыраған.

Шөлденуге алып келетін факторлар: табиғи (қолайсыз метеожағдайлар, топырақтың сорлануы, жеңіл топырақтар, жерасты сулардың төмендеуі, жел және су эрозиясы) антропогенді (орманды кесу, жайылымды дұрыс пайдаланбау, қарқынды жерді өңдеу, жерді дұрыс пайдаланбау). Көбінесе, шөл осы факторлардың бір қалыпты әсер етуінен пайда болады. Шөлейттену әлеуметтік – экономикалық және табиғи үрдіс болып  табылады. Ол дүниежүзі бойынша 3,2 млрд. гектар жерге, сонда тіршілік ететін 700 млн. адамға қауіп  келтіреді.

Шөлейтке ұшыраған жерлерде топырақтың физикалық қасиеттері нашарлайды, өсімдіктер жойылады, жерасты сулар сорланады, биологиялық өнімдер күрт  азаяды, соның барлығы (экожүйелердің қайта қалыптасу  қабілетін төмендетеді). Осындай экологиялық апатқа  ұшыраған аймақтарға  Қазақстан аумағында  Арал және Балхаш  өңірлері  жатады.

Қазақстанда шөлейттену қауіпі бар жерлер, жалпы жер ауданының 75%-ын құрайды. Шөлейттену және жағымсыз экологиялық өзгерістерге әкеліп соғатын басты себептердің қатарына тың игеру кезінде топырақтың жаппай жыртылуы, шабындықтар мен мал жайылымдардың жүйесіз пайдаланып, оталып тақырлануы, топырақ құрылымының  бұзылуы, суармалы жерлердің  қайтадан сорлануы, ормандардың жөнсіз кесіліп, өртенуі жатады.

Еліміздің Жер ресурстарын  басқару агентігінің  2006 жылғы мәліметі бойынша орташа және үлкен дәрежеде тапталып бүлінген жайылымдар  26,6 млн. гектарды құрайды.

Орман қорының жері елімізде онша мол емес (23,4 млн. га), ал орманды алқапты барлық  республика территориясында тек қана 3,8% қамтиды. Соған қарамай бұл жерлердің  экологиялық мәселесі өте өзекті болып отыр. Тек қана 2000 жылы 934 орман өрттері  болып, ол 27 мың 487 гектар жер ауданын қамтыды. Ірі орман өрттері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Қарағанды, Алматы облыстарында байқалған. Тек қана Павлодар облысында  кейінгі 10 жыл ішінде орман өрттері мен жөнсіз ағаштарды кесу салдарынан 45 мың гектар жерде орман жойылып, осы жерлерде шөлейттену қаупі туып отыр.

Батыс Қазақстан аймағында мұнай-газ өндіру кезінде ауыр техника мен транспорт салмағымен, мұнай-битум қалдықтарымен шамамен 4-5 млн. гектардай жер бұзылып, ластанған.

Елімізде егіншілікте көп жылдар бойы пайдаланып келе жатқан топырақтардың құнарсыздануы құбылыстары байқалуда. Павлодардың ауыл шаруашылығы  ғылыми зерттеу институты ғалымдарының (Қ. Е. Қанапиянов. С. У. Асқаров, 2004) мәліметі бойынша оңтүстік карбонатты қара топырақты егіншілікте 1965 жылдан 2003 жылға дейін пайдаланғанда (38 жыл ішінде) оның 0-22 см қабатында қарашірінді мөлшері 5,2-5,9%-дан 3,2-3,6%-ға дейін, ал 22-40 см қабатында 2,8-3,4%-дан 1,9-2,2%-ға дейін кеміген.

Топырақты қорғау іс-шаралары. Заманауи техникасының ауыл шаруашылығының ғылыми және жетістіктері топырақ құнарлылығын тұрақты деңгейде ғана емес, оны асыруға да, мүмкіншіліктерін жаратады.

Мәселен, Алмания және Францияда астық, жүзім және басқада техникалық дақылдардан жоғары өнім алғанына қарамастан, топырақтың құнарлылығын сақтап қалған.

Қымбат болса да, олар химиясыз өндірген экологиялық таза өнімдерді жақсартады.

Ауылшаруашылық өндіріс көлемі бойынша АҚШ әлемде бірінші орында тұрады. Қазіргі уақытта АҚШ ауыл шаруашылығында 3,1 млн. адам еңбек етеді, ол барлық тұрғындардың 1,7%-ын құрайды. Әр жылы онда 1 млн. гектар жер ауыл шаруашылық айналымынан шығып кетеді.

Тың игеру кезінде (1954-1955) Қазақстанда 18 млн га жер жыртылған, жалпы 25 млн гектар игерілген. Солтүстік Қазақстанның 5 облысы (Қостанай, Көкшетау, Ақмола, СҚО, Павлодар) 600000 км2 аумақта орналасқан.

Қазақстанда жел эрозиясынан қорғауды қажет ететін жерлер 12 млн. гектарды, ал сумен  шайылатын жерлер 5 млн. гектарды құрайды. Суарылмайтын  жерлер (34 млн.га) жалпы Қазақстан жер қорының (272,5 млн.га) 12,5%-ын құрайды.

Соңғы 25-30 жылда жер пайдалану нәтижесінде топырақтағы қарашірінді мөлшері 25%-ға дейін азайып кеткен.

Қазақстанда жайылым жерлер 185,7 млн. гектарды құрайды, бұл жалпы жер қоры ауданымен салыстырғанда 68%-ды құрайды. Соның 15 млн.га жері ауылшаруашылық айналымынан шығып кеткен.

1996 жылының шілде айында  американың «Файненшал таймс» газеті: «Қазіргі уақытта Қазақстан ауылшаруашылық өндірісі жылына 4 млрд доллар пайда алып келеді. Бұл ЖҰӨ (ВНП)-ның 25%-ын құрайды. Заманауи әдістерді қолдап және инфрақұрылымды жақсартып ол 20 млн көп  астықты жинап алуы мүмкін», – деп жазған.

Бүгінгі күнде  Қазақстанда астық өнім орташа 1 т/га ға тең. Ал Еуропалық бірлестігі елдерінде астық өнімділігі 3,5 т/га –ға тең. Егер Қазақстанда  осының жартысын өндіре алса, онда бидайдың өзінен ғана 25 млн. т дәнді алу мүмкіншілігі бар.

Қоршаған табиғи ортаның бір бөлігі ретінде жерді қорғауға, ұтымды пайдалануға, ауыл  шаруашылығы  мен орман шаруашылығы жерлерді негізсіз алынып қойылуын болғызбауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа іс-шаралар жүйесін қамтитын іс-әркеттер жерді қорғау жұмыстары болып  саналады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жерді қорғаудың мақсаттары мен міндеттері айқын көрсетілген. Осы кодекстің 139-бабына сәйкес жерді қорғаудың мақсаттарына:

1) өндірістің экологиялық қауіпсіз технологияларын ынталандыру, орман мелиорациясы мен мелиорация жұмыстарын және басқа іс-шараларды жүргізу арқылы жердің азып-тозуы мен бүліну, шаруашылық қызметтің басқа да қолайсыз зардаптарын болғызбау;

2) азып-тозған немесе бүлінген жерді жақсарту мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету;

3) жерді оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерін тәжірибеге енгізу жатады.

Жер Кодекснің 140-бабында жер учаскелері мен жер пайдаланушыларға жерді қорғау үшін келесідей міндеттер жүктелетіні көрсетілген:

1) жерді су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, қайталап сортанданудан, құрғап кетуден, тапталуынан, өндіріс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық биологиялық, радиоактивті және басқа да зиянды заттармен ластанудан, өзге де бүліну процестерінен қорғау шараларын іске асыруға;

2) ауылшаруашылық жерін карантиндік зиянкестер мен өсімдік ауруаларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шілік басып кетуден, жердің жай-күйі нашарлауының өзгеде түрлерінен қорғауға;

3) бүлінген жердің жаңартылуына, оның құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;

4)жердің бүлінуіне әкеліп соқтыратын жұмыстар жүргізілген  кезде топырақтың құнарлы қабатын алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған шараларды жүргізуге міндетті.

Жердің үстіңгі құнарлы қабаты – топырақтың жел және су эрозиясынан азып-тозбауы үшін оларды алдын алу шараларын, сонымен бірге бұл құбылыстарға шалдыққан жерлерде олардың әрі қарай дамымауын қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру керек.

Топырақты эрозиядан қорғау: ұйымды шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациясы және гидротехникалық сияқты топтарға жататын іс-шаралар жүйесін қамтиды.

Ұйымдық-шаруашылық іс-шаралары қатарына эрозияға қарсы қолданылатын жұмыстардың жоспарын жасап, негіздеу және оның іске асырылуын қамтамасыз ету жатады. Осы жұмыс барысында жер аумағының эрозияға төзімділігі бағаланып, топырақтың оған шалдығу дәрежесінің картограммасы жасалынады. Осы жинастырылған деректерге сүйене отырып, эрозияға төзімді болып келетін шаруашылықтың жер аумағын ұйымдастыру жоспары жасалынады.

Топырақты эрозиядан қорғаудың агротехникалық іс-шаралары қатарына топырақтың эрозияға  төзімділігін арттыратын  әдістерін қолдану, көпжылдық  шөптер мен бір жылдық дақылдардың топырақты қорғау қасиеттерін пайдалану, қар тоқтату және оның еруі қарқынын реттеу, топырақ құнарлылығын арттыру жұмыстары жатады.

Жел эрозиясына қарсы қолданылатын іс-шараларды  зерттеу жолында А. И. Бараев атындағы Қазақтың  астық шаруашылығы  ғылыми институты  және басқа ғылыми өндірістік  мекемелер  ғалымдары  мен қызметкерлері бірлесіп  үлкен жұмыс атқарды. Олар егіншіліктің  топырақ қорғау жүйесін қалыптастырып, оны ауыл шаруашылығы саласында қолданып, іске асырды. Осы жаңа егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің басты буыны – топырақты соқаның орнына, жазықтілгіш құралдармен өңдеп, топырақ бетінде аңыз, өсімдік қалдықтарын мол қалдыру. Сөйтіп, топырақ бетінің желге төзімділігін  арттыру, қыста мол қар жинап топырақтың ылғалдылығын жақсарту. Сонымен бірге топырағы қарқынды өңделетін, эрозияға  төзімсіз пар алқабында қышадан ықтырма егу және пар мен егіс алқабын әр 100-200 м сайын кезектестіріп, жолақтап оларды желдің  соғу бағытына көлдеңен келтіріп орналастыру. Ал желге өте төзімсіз жеңіл гранулометриялық құрамды (құм, құмайт, жеңіл құмбалшық)  топырақтарда  жоғарыда аталған агротехникалық шаралармен бірге  арнайы топырақ қорғау ауыспалы егісін қолдану. Яғни дәнді-дақылдар мен пар және көпжылдық алқаптарын жолақтап, 50-100 м сайын кезектестіріп орналастыру.

Жел эрозиясына өте шалдыққан топырақтарды егістіктен шығарып, оларға көпжылдық екпе шөптерді егеді.

Жоғарыда баяндалған  Қазақстан ғалымдарының қалыптастырған топырақты жел эрозиясынан  қорғау іс-шаралары жүйесі ТМД мемлекеттері ішінде  қолдау тауып, мақұлданып осы елдердің ауыл шаруашылығы саласында іске қосылған.

Топырақта су эрозиясынан қорғау үшін де оның үстінде мол өсімдік қалдықтарын  қалдырып топырақты жазықтілгіш құралдармен өңдеу қолданылады. Топырақты өңдеу, саңылаулар қалыптастыру тұқым себу, қар тоқтату жұмыстары еңістікке, яғни су ағысына көлденең бағытта жүргізілуі тиіс.

Су эрозиясы байқалып, жырашалар қалыптасқан беткейлерде жер бетін тегістеп, көп жылдық шөп егілген болуы керек.

Орман мелиорациясы (ағаштар мен бұталар егу) шаралары жыралар, сайлар жағалауына, су қоймалары, суару жүйесінің бойына жүргізілуі тиіс. Егілген ағаштар мен бұталар жыралардың әрі қарай дамуын тежеп, топырақтың су эрозиясына төзімділігін арттырады.

Егер жоғарыда көрсетілген шаралар су эрозиясын елеулі түрде бәсеңдетпесе, онда күрделі гидротехникалық шаралар қолданылады. Олар: тау беткейлерін террасалау, жыраларды бекітіп, инженерлік құрылыстар салу, ирригациялық эрозия болдырмау үшін арықтардың, каналдардың табаны мен қапталып бетондау, не басқа заттармен бекіту.

Қорыта келгенде, топырақты жел мен су эрозиясынан қорғау, оның басқа жолмен азып-тозуын болғызбау, улы заттармен, өндіріс қалдықтарымен ластануының алдын алу – үлкен маңызы бар мемлекеттік, халықтық іс, жер иелерінің, жерді пайдаланушы кәсіпорындар мен ұжымдардың, жеке тұлғалардың абройлы міндеті, келешек ұрпақ алдындағы борышы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет