Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының 2013 жылдың 9 айындағы атқарылған
жұмыстардың қорытындысы туралы
ақпарат
Алматы қаласында жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау, халықтың күнкөрісі төмен тобы мен мүгедектерге әлеуметтік көмек пен қызметтерді көрсету және әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу бойынша іс-шаралар Алматы қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы мен Басқарманың Стратегиялық жоспарының аясында іске асырылады.
Табысы аз азаматтарға әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылар төленеді.
18 жасқа дейінгі балалары бар, адам басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінен төмен отбасыларға бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде балаларға арналған жәрдемақы төленеді (1731 теңге). Азық-түлік себетінің ең төменгі көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызын немесе 11887 теңгені құрайды (III тоқсандағы мөлшер). 2013 жылдың 1 қазанына балалар жәрдемақысы 13,8 млн. теңгеге 784 отбасына (1738 балаға) төленді.
Отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрайды (III тоқсандағы мөлшері 7935 теңге).
Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 21,04 млн. теңгеге 349 отбасыға (1179 адамға) тағайындалды. АӘК –тің отбасының 1 мүшесіне шаққандағы орташа мөлшері 2231 теңгені құрады. Атаулы әлеуметтік көмекті негізгі алушылар- балалар, жұмыссыздар, балаларды бағып-күтумен айналысатын тұлғалар, студенттер, сондай-ақ мүгедектер мен басқа да азаматтар болып табылады.
Зейнеткерлер, еңбек майданының қатысушылары, бірінші топтағы мүгедектер, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруынан жапа шеккендер, жасы бойынша мемлекеттік арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылар, арнаулы әлеуметтік жәрдемақы алмайтын адамдар 1,0 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнайы қалалық жәрдемақы алады (1731 теңге). Жыл басынан бері аталған жәрдемақы 2404,6 млн. теңгеге 161657 адамға тағайындалды.
Табысы аз азаматтарға белгіленген нормалар шегінде тұрғын үй–коммуналдық шығындардың төлемдері отбасы бюджетінің жалпы табысының 10 пайыздық үлесінен асатын жағдайда тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Жыл басынан бері тұрғын үй көмегі 63,1 млн.теңге сомасында 3582 адамға тағайындалды.
Мүгедек балаларды үй жағдайында оқытып тәрбиелейтін отбасыларға жергілікті бюджет қаражатынан тоқсан сайын 6,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде немесе 11252 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Жыл басынан бері аталған жәрдемақы 21,9 млн. теңге сомасында, 719 адамға төленді.
Өмірлік қиын жағдайға кез болған 3312 адамға 21,9 млн. теңге сомасында бір жолдық материалдық көмек көрсетілді.
Қаланың зейнеткерлері мен мүгедектерінің денсаулықтарын нығайту үшін 2013 жылға 368,0 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері 3170 адам денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алды.
ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектері қоғамдық көлікте жүрулері үшін тегін жол жүру билеттерімен қамтамасыз етілуде. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 7,9 млн. теңге сомаға 826 адамға жол жүру билеттері берілді.
Ыстық және суық суды есептейтін құралдарды сатып алу, түгендеу және орнату, сондай-ақ орнатуға кететін шығынды өтеу мақсатында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегін немесе тұрғын үй көмегін алушы табысы аз азаматтарға, жасы бойынша зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек белгіленген. Аталған көмек бір құралға төрт айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде азаматтың екінші деңгейлі банктегі жеке шотына аудару жолымен көрсетілді. Есептік кезеңде 56,2 млн. теңге сомаға 4515 адамға көмек көрсетілді.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 68 – жыл толуына орай жалпы сомасы 231,2 млн. теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек төленді, оның ішінде:
-1263 ҰОС-ның ардагерлері мен қатысушыларына 75 000 теңге көлемінде 94,7 млн. теңге жалпы сомаға;
- ҰОС-ның ардагерлері мен қатысушыларына теңестірілген 4469 тұлғаларға 30 000 теңге көлемінде 134,1 млн. теңге жалпы сомаға;
- 43 ҰОС-да қаза тапқан жесірлерге 30 000 теңге көлемінде 1,3 млн. теңге жалпы сомаға;
- 37 Ауғанстандағы қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен қайта некеге тұрмаған жұбайларына 30 000 теңге көлемінде 1,1 млн. теңге жалпы сомаға.
Ленинград қоршауында болған 3 адамға Санкт-Петербург қаласына бару және қайта оралу үшін жалпы сомасы 217,5 мың. теңге төленді.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау және оларды оңалту жұмыстары Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңдарының аясында жүзеге асырылады.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес Алматы қаласында мүгедектер арнайы жүріп-тұру құралдарымен, тифло-сурдоқұралдармен, есту-протездеу көмегімен, протездеу және ортездеу қызметтерімен, арнайы гигиеналық құралдармен және жеке көмекшінің қызметімен, сондай-ақ ыммен сөйлесу тілінің аудармашысымен қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері осынау көмектер мен қызметтердің түрімен 507,8 млн. теңге сомаға 6757 мүгедек қамтамасыз етілді.
Жүрдекше-арбашамен жүретін 239 бірінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға инватакси кызметі көрсетілді.
Сонымен қатар, 5 аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанындағы 15 бөлімшеде және екі мүгедектерді оңалту орталықтарында (Алмалы және Әуезов) 100 адамға жартылай стационар жағдайында, ал үй жағдайында 1092 мүгедек балаға қызмет көрсетілуде, соның ішінде 160 адам 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар болып табылады.
Күндізгі уақытта болу бөлімшелерінде үкіметтік емес ұйымдар (АРДИ» мүгедек балалар ата-аналарының Қауымдастығы, «Рух» ҚБ, «Мархабат» ҚҚ) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Аталған ұйымдарда 180 мүгедек балалар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарға қызмет көрсетіледі. 2013 жылға 85,7 млн. теңге бөлінген.
2012 жылдан бастап жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін психоневрологиялық патологиясы бар 50 балаға арналған күндізгі уақытта болу орталығы жұмыс істей бастады.
Есептік кезеңде әлеуметтік мекемелерде 1966 адам тұрады.
Қаланың еңбек нарығындағы хал-ахуал тұрақты күйінде сақталуда, жұмыссыздар санының өсуі байқалмады. Статистиканың мәліметі бойынша еңбек нарығында экономикалық белсенді халыққа шаққанда 788,1 мың адамды, жұмыссыздардың саны 43,9 мың адамды, ал жұмыссыздықтың деңгейі 5,6 пайызды құрайды (2013 жылдың II тоқсанындағы мәлімет).
Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш білдіргендердің саны – 5548 адам. Соның ішінен 1328 адам Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына қатысушылары атанды. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері арқылы 2005 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, соның ішінде 505 адам нысаналы топқа жататын жұмыссыздар болып табылады. Қоғамдық жұмыстарға -2328 жұмыссыз, әлеуметтік жұмыс орындарына 362 жұмыссыз, ал кәсіби даярлау курстарына- 887 жұмыссыз жіберілді.
Қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша есепке алынған жұмыссыздардың деңгейі 0,2 пайызды құрайды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 0,1 пайызға төмен.
Биылғы жылдың 2013 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде тіркеуде тұрған жұмыссыздардың саны – 1967 адам (2012 жылдың 1 қазанында 2494 адам болған).
Бұрынғысынша, жұмыссыздар құрамының басым бөлігін жас балалары бар және үлкен және зейнеталды жастағы әйелдер құрайды. 68,5 % астам жұмыссыз әйелдердің жоғары және арнаулы орта білімі бар. Әйелдердің орташа жұмыссыздық кезеңінің ұзақтағы ерлерге қарағанда жоғары. Жұмыссыздар құрамының басым бөлігін 21 жасқа дейінгі жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, зейнеталды жастағы тұлғалар, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген адамдар, сондай-ақ жалғызбасты көп балалы аналар, мүгедектер, табысы аз азаматтар мен басқа да нысаналы топқа жататын адамдар құрайды.
Жұмыссыздарға жұмысқа орналасу көмегін көрсету үшін 5 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, оған 8,5 мыңнан астам жұмыс іздеген азаматтар қатысып, 272 адам жұмысқа орналасты.
Жұмыскерлерді босату және жартылай жұмыспен қамтылу жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Жыл басынан бері 103,6 мың адам жұмыс істейтін 398 мекемеге сұрау салынды. Ондағы жұмыстан босатылғандардың саны – 1479 адам. Мәжбүрлі еңбек демалысына жіберілгендердің саны – 1065 адам.
Әлеуметтік әріптестік саласында 2013 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өтетін «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілік конкурсына төрт номинация бойынша қатысу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу жұмысы атқарылуда. 1 қазандағы жағдай бойынша 35 кәсіпорын конкурсқа қатысу үшін өтінім берді.
2013 жылға арналған «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС, «Бастау» ҚКМ, «Тоспа Су» ҚКМ, «Су желісі» ҚКМ, «Алматы жылу жүйелері» ЖШС-нда еңбегіне ақы төлеу жүйесінің параметрлері қарастырылды және келісілді.
Елбасының Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жалғастырылуда. Дәлірек айтсақ қалада бағдарламаның «жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» үшінші бағыты іске асырылуда.
2013 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 2570 адамды құрады. Соның ішінде әлеуметтік жұмыс орнында істегендер – 627 адам, жастар іс-тәжiрибесiне жіберілгендер - 765 адам, кәсіптік даярлауға жіберілгендер -437 адам, сондай-ақ оқу орындарында 2011 жылдан ауысқан контингенттен 741 адам кәсіби оқыту курстарынан өтуде.
Жұмыссыздарды кәсіптік оқыту үшін 2013 жылға республикалық бюджеттен 59,96 млн. теңге бөлінген, әлеуметтік жұмыс орындарына -73,07 млн. теңге, жастар іс-тәжірибесін ұйымдастыруға 80,39 млн. теңге бөлінді. Бағдарламалық іс-шараларды қаржыландыру көлемі – 213,4 млн. теңге. Ағымдағы жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша игерілгені – 135,4 млн. теңге.
Бағдарлама қатысушылары сантехник, газоэлектросварщик, темір ұстасы, шаштараз, кондитер, жүргізуші, есепші және басқа да мамандықтар бойынша жұмыс істеді. Жастар практикасында бітірушілер заңгер, экономист, программист, есепші сияқты мамандықтар бойынша жұмыс істеді.
Достарыңызбен бөлісу: |