ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тіл білімінде әсіресе соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нәтижесі этностың байырғы тұрмыс-тіршілігінің, қазіргі болмысы мен өткендегі өмір сүру тәжірибесінің, күнкөріс мәдениетінің, өзіндік ежелгі заттық және рухани құндылықтарының түрлі тілдік көріністері тек лексика мен фразеологияда ғана емес, ономасиологияда да, фоносемантика мен перифразалық құбылыстарда да көрінетінін дәлелдеп отыр.
Осымен байланысты барша тіл байлығына этнос танымы тұрғысынан мағыналық талдау жасау – «идиоэтникалық семантикасына барлау жасау» деген сөз. Себебі «...көпшілік қауымның білетіні лексикалық бірліктердің бойына тән мағынаның толық ауқымы емес, жарым-жартысы ғана, яғни көбінесе күнделікті өмірде өзара қарым-қатынас жасауға қажетті «үстіңгі қабаттағы» лексикалық мағыналары ғана. Ал олардың екінші деңгейдегі «ауыс, туынды, келтірінді, идиомалық, фразеологиялық» мағыналар тобына келсек, олар көбінесе тілдік ортада қалыптасқан дәстүрлі «мағыналық символ» ретінде сөйлеу контексіне қарай қолданылғанымен, түп-төркіні баршаға айқын емес. Мәселен, көзіне шөп салу, шөп басын сындыру, итарқасы қиянда, көзайым болу, шөпжелке, шүйкебас сияқты тіркестердің ауыс, идиомалық мағыналары бізге түсінікті болғанымен, олардың тілде пайда болу уәждерін бірден айтып беру оңай емес, өйткені олардың астарында этнолингвистикалық факторлар жатыр. Міне, сондықтан да әр алуан лексикалық бірліктердің осы екінші деңгейдегі мағыналарын біз шартты түрде этнолингвистикалық мағыналар деп атадық» [1, 21].
Идиоэтникалық семантиканың бастау ұғымдары алғаш А.П.Комаров, Ж.Вандриес, М.М.Копыленко, Н.Н.Кириллова, З.З.Чанышеваның еңбектерінде қалана бастады. Жалпы қай тілдің де идиоэтникалық семантикасын неғұрлым тереңірек танып білуге қазір солар мұрындық болып отыр. Қазақ тіл білімінде идиоэтникалық семантика мәселесі арнайы нысанаға алынып зерттелмесе де, зат немесе құбылыс атауының шығу тегі, терминнің пайда болу уәжділігі туралы тілдік мәліметтер беретін еңбектер баршылық. Мысалы өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Ә.Қайдар, Р.Сыздық, М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов еңбектерінен бастау алған зерттеу бағыты Н.Уәлиұлы, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде нақты жалғасын тапты. Сонымен бірге Т.Жанұзақов, Б.Қалиев, Б.Сағындықұлы, Г.Смағұлова, Б.Момынова, С.Сәтенова, Р.Шойбеков, Г.Сағидолдақызы, А.Жылқыбаева, А.Ислам, Д.Керімбаев, Ә.Хазимова, Г.Әубәкірова сынды басқа да лексиколог, этнолингвист ғалымдардың зерттеулерінен де этностың рухани және материалдық мәдениетінен орасан зор мәлімет беретін деректерді молынан кездестіреміз. Осы қатарда тілдің когнитивтік қызметі жайындағы К.Хұсайын, З.Ахметжанова, Б.Әбдіғалиева, Э.Сүлейменова, т.б. ғалымдар еңбектерінің де орны ерекше.
Осы зерттеулердің нәтижесіне сүйене отырып, идиоэтникалық семантика ұғымын тілде сақталған этнолингвистикалық деректердің, қалтарыста жатқан тілдік фактілердің «сөйлеуі» деп түсінуге болады. Себебі идиоэтника сөзі (гректің идио – «өзіндік», «ерекше» және этнос – «тайпа», «халық» сөздерінің бірігуінен жасалған) «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды. Демек идиоэтникалық семантика «ұлттық-мәдени ерекшелікті, этникалық өзгешелікті, этнос болмысын танытатын семантика» дегенді білдіреді.
Осындай ұлттық немесе идиоэтникалық болмыс лексикалық бірліктер мен тілдік құбылыстардың таңбалық ерекшелігі ретінде тілдің көптеген салаларын жан-жақты қамтиды. Идиоэтника мәселесі этнология, мәдениеттану, философия, психология, әдебиеттану, тіл білімі т.б. салаларда негізгі мәселелердің бірі. Қазіргі лингвистикалық зерттеулердегі антропоцентристік бағыт тіл мен сөйлеудегі этномәдени ерекшелікті зерттеуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Осы орайда этнос туралы небір құнды дерек-мағлұматтармен толықтырып, мазмұн, тақырып ауқымын кеңейтіп, мән-мағынасын тереңдете түсетін тілдің дерек көздеріне ауыз әдебиетінің ішінде ғұрыптық фольклор шығармалары жатады. Ауыз әдебиетінің өзге жанрлары тәрізді олар халықтың ерте заманғы тұрмыс-тіршілігінің куәсі, өмір айнасы болумен қатар, таза көркемдік қасиеті мен дүниетанымдық ерекшелігі тұрғысынан да ерекше бағалы. Әсіресе идиоэтникалық сипаты айқын және көрнекті құбылыстардың бірі – ғұрыптық фольклор үлгілері. Ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу – қазақ этнолингвистикасы мәселелерін шешудің, оның табиғатын ашудың бір маңызды жолы. Осы тұрғыдан алғанда тақырыптың өзектілігі даусыз. Сондықтан осы бағытты этнолингвистикалық ізденулердің кейінгі жылдары ерекше назар аударуы да зерттеу нысанымыздың зәрулігін көрсетеді.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Ғұрыптық фольклор лексикасы идиоэтникалық семантика тұрғысынан арнайы алғаш рет қарастырылып отыр. Идиоэтникалық семантика мәселесі орыс тілінде де әлі арнайы зерттеліп, жүйелі түрде қарастырылған емес. Бұған дейін фольклорлық лексиканың жеке мәселелері, фразеологизмдік қолданыстар этнолингвистикалық сипатта әредік айтылған. Бірақ біртұтас жеке мәселе ретінде, монографиялық зерттеу деңгейінде әзір онша сөз бола қойған жоқ. Сондықтан да ғұрыптық фольклор лексикасына жан-жақты ғылыми талдау жасай отырып, тілдің идиоэтникалық семантикасына, дүниетанымдық қызмет аясына неғұрлым тереңірек бойлау, солай етіп барып этностың өзін жете тани түсу әсіресе қазіргі егемендік жағдайда айрықша мән-мазмұн алып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ фольклоры мазмұнындағы ұлттық ғұрыптың этномәдени болмысын тіл арқылы анықтауды мақсат еткен аталмыш жұмыста идиоэтникалық семантика мәселесінің теориялық және практикалық мәнін ашуға талпыныс жасалды.
Зерттеу нысаны – ғұрыптық фольклор лексикасындағы идиоэтникалық бірліктер.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Диссертацияның мақсаты – ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын ашу, тілдің дүниетанымдық қызметін қарастыру. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылады:
-
ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасын сипаттау;
-
қазақ фольклорындағы этномәдени сипаттағы тілдік бірліктерді зерттеу;
-
идиоэтникалық семантиканы қалыптастыратын негізгі алғышарттарды белгілеу;
-
ғұрыптық фольклордың идиоэтникалық семантикасын әлемнің тілдік бейнесі тұрғысында алып сипаттау;
-
ғұрыптық фольклор лексикасындағы көне тіл құбылыстарын этнолингвистикалық астарлары арқылы анықтау;
-
ғұрыптық фольклор туындыларының жалпытүркілік қабатына тән көптеген идиоэтникалық бірліктерді талдау арқылы олардың басқа туыс тілді этностармен ұқсас, ортақ жерлерін, олардан бөлек кейбір өзіндік ерекшеліктерін көрсету;
-
этнолингвистикалық, этимологиялық зерттеулер нәтижесінде бірқатар түркі-моңғол тілдеріне ортақ тұлғалар мен араб-парсы тілдерінен енген сөздерді анықтап түсіндіру.
Зерттеудің негізгі дереккөздері – тілдік және этномәдени мазмұнды-ақпараттық құрылымдағы қазақтың бай ғұрыптық фольклоры. Қосымша деректік материалдар Б.Уахатовтың «Қазақтың халық өлеңдері» (Алматы, 1974), Оразақын Асқардың жинап, құрастырумен шыққан қазақ халқының «Қара өлеңдерінен» (Алматы, 1989), Б.Абылқасымовтың «Телқоңыр» (Алматы, 1993), «Наным-сенімдер ғұрпының фольклоры» (Алматы, 2004) атты кітаптарынан, өзге де түрлі ауыз әдебиеті мәтіндерінен алынды.
Жұмыстың теориялық маңызы және практикалық құндылығы. Еңбектің теориялық маңызы – ғұрыптық фольклор лексикасындағы ұлттық нақышы бар тілдік бірліктер негізінде ғұрыптық мәдениеттің идиоэтникалық семантикасын «тіл мен ұлт», «тіл мен мәдениет» сабақтастығында түсіндіруде. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен тұжырымдары этнолингвистика, когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика сияқты ғылым салаларына қатысты өзекті мәселелерді айқындауға, осы бағытта зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді. Зерттеу материалдарын жоғары оқу орындарында «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттану», «Этнопедагогика», «Елтану» пәндерін оқытуда, фольклор мен этимология, тарихи лексикология бойынша арнайы курс пен арнайы семинарларда, түсіндірме, этимологиялық сөздіктер түзу тәжірибесінде пайдалануға болады
Зерттеудің әдістері. Диссертацияда сипаттамалы, этнолингвистикалық, семасиологиялық, тарихи-салыстырмалы және этимологиялық зерттеу әдістері қолданылды.
Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:
-
ұлттық мәдени ерекшеліктер немесе идиоэтникалық семантика этностың заттық және рухани өмірін көрсететін ғұрыптық фольклор лексикасынан айқын көрінеді;
-
ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасы әлемнің көркем-тілдік бейнесін тануда маңызды роль атқарады;
-
ғұрыптық фольклор лексикасының идиоэтникалық семантикасының алғышарттарын этномәдени, географиялық, тарихи, эстетикалық, психологиялық т.б. экстралингвистикалық факторлар белгілейді;
-
отбасылық, маусымдық, діни ғұрыптарға қатысты халық өлеңдері – ұлттық тұрмыс пен ұлттық дүниетанымға, сан түрлі салт-дәстүрге, этнопедагогикалық дағдыларға, құқықтық және қоғамдық нормаларға қатысты құнды деректері болып табылады;
-
қазақ халқының фольклорында көрініс тапқан ғұрыптар жүйесінің этномәдени мазмұны белгілі дәрежеде қазақ этносының ең көне халықтар қатарына жататынын көрсетеді.
Жұмыстың талқылануы мен жарияланымы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен материалдары бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Шоқан тағылымы – 6» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Көкшетау, 2001), С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жыл сайын өткізілетін «С.Аманжолов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Өскемен, 2003, 2004, 2005, 2006), Қазақстан-Американ еркін университетінің «Халықаралық байланыс: тіл, білім, ғылым, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Өскемен, 2005) баяндамалар жасалды. Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда 10 мақала жарияланды. Диссертациялық жұмыс А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |