Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларын бекiту туралы



Дата24.02.2016
өлшемі60.07 Kb.
#13246
"Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 1522 қаулысына толықтырулар енгiзу туралы

Қазақстан Республикасының Үкiметiнiң 2013 жылғы 15 ақпандағы № 137 қаулысы


"Егемен Қазақстан" 29.05.2013 ж. № 136 (28075); "Казахстанская правда" от 29.05.2013 г. № 181-182 (27455-27456); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 16, 282-құжат;

     Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:


      1. «Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 1522 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 8, 153-құжат) мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Жолаушыларды, багажды және жүктердi әуе көлiгiмен тасымалдау қағидаларында:
      3-тармақта:
      мынадай мазмұндағы 48), 49), 50), 51), 52), 53), 54), 55) және 56) тармақшалармен толықтырылсын:
      «48) қызмет (қызмет көрсету түрi) – пайдаланушы (тасымалдаушы) мен жолаушының өзара iс-қимылы және жолаушының қажеттiлiгiн қанағаттандыру бойынша пайдаланушы қызметiнiң нәтижесi;
      49) жолаушыларға қызмет көрсету – жолаушылардың әуе тасымалын ресiмдеуге және жүзеге асыруға және оларға қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған қызметтердiң мiндеттi ассортиментiн ұсынуға байланысты рәсiмдердi орындау жөнiндегi пайдаланушының қызметi;
      50) қызмет көрсету класы – жайлылық деңгейi және әуе тасымалының тарифiне сәйкес жолаушыларға ұсынылатын қызметтердiң көлемi;
      51) әуе кемесiнiң бортындағы жайлылық – жолаушыларға белгiлi бiр физикалық-гигиеналық жағдай және бортсерiктердiң оларға қызмет көрсету қолайлылығын жасауға арналған, жолаушылар кабинасының жайғастырылуына, интерьерiне және қажеттi жабдықтармен және тiршiлiктi қамтамасыз ету жүйелерiмен (электр, оттегi, авариялық-құтқару жүйесi, сумен жабдықтау, кәрiз, қысымды, газ құрамын және ауаны баптауды реттеу) жарақтандырылуына байланысты тұрмыстық жағдайлар, қолайлылықтар және климат жиынтығы;
      52) жолаушылар кабинасы – әуе кемесi фюзеляжының тиiстi жабдықтармен жарақталған, жолаушылар мен бортсерiктердi орналастыруға арналған жолаушылар салондарынан, тұрмыстық және қосымша үй-жайлар жиынтығынан тұратын бөлiгi;
      53) жолаушылар салоны – әуе кемесi жолаушылар кабинасының жолаушылар креслоларымен жабдықталған және жолаушыларды орналастыруға арналған бөлiгi;
      54) тұрмыстық үй-жай – әуе кемесi жолаушылар кабинасының тұрмыстық жабдықтармен жарақталған және буфеттi, асхана мен дәретханаларды қамтитын бөлiгi;
      55) жеке қызмет көрсету – жолаушыларға ұшаққа отырған сәтiнен бастап және олардың межелi пунктке келген сәтiне дейiн тiлектестiк жағдай, психологиялық жайлылық жасау;
      56) қосалқы үй-жайлар – әуе кемесi жолаушылар кабинасының қосалқы жабдықтармен жарақталған, вестибюльдi, гардеробты, багаждық және қызметтiк үй-жайларды қамтитын бөлiгi.»;
      мынадай мазмұндағы 2-1-тараумен толықтырылсын:
      «2-1. Әуе кемесiнiң бортында қызмет көрсету тәртiбi
      38-1. Тасымалдаушы әуе кемелерiнiң бортында жолаушыларға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес қызметтер көрсету тiзбесiн ұсынады.
      Тасымалдаушы жолаушылардың қажеттiлiктерiн, сұраныстарын және техникалық мүмкiндiктерiн зерделеу негiзiнде қызметтер көрсету ассортиментiн кеңейтедi.
      38-2. Әуе кемесiнiң бортында жолаушыларға қызмет көрсету:
      1) әуе кемесiнiң бортында жасалатын жайлылық деңгейiнiң жолаушылардың қажеттiлiктерiне сәйкестiгiмен;
      2) ұшуда жолаушыларға ұсынылатын қызметтердiң мiндеттi ассортиментiмен айқындалады.
      38-3. Әуе кемесiнiң бортында жолаушыларға қызмет көрсету жағдайы мен деңгейi:
      1) жолаушылар салонының жабдығымен және интерьерiмен;
      2) жолаушылардың қауiпсiздiгiн, салондағы қоршаған ортаның жай-күйi мен жайлылықты қамтамасыз ететiн техникалық құралдармен және жүйелермен;
      3) жолаушылар кабинасының санитариялық-гигиеналық жай-күйiмен, ақаусыздығымен және қажеттi жабдықпен, мүкәммал жинағымен және жолаушыларға қызмет көрсету құралдарымен жасақталуымен;
      4) өндiрушi көздеген әуе кемелерi үлгiлерiнде балалардың бесiктерiн орнату мүмкiндiгiмен баласы бар жолаушыларға арналған орындардың болуымен;
      5) өндiрушi көздеген әуе кемелерi үлгiлерiнде зембiлдегi науқастарды және мүгедектердi орналастыру мүмкiндiгiмен;
      6) жолаушылар үшiн жеке пайдалану құралдарымен (жеке жарықтандыру, желдеткiш, тамақтануға арналған үстел, байламалы қауiпсiздiк белдiктерiнiң жүйесi, құтқару кеудешелерi, оттегi немесе түтiннен қорғау маскалары);
      7) сыртқы киiмдi орналастыру үшiн гардеробтардың болуымен қамтамасыз етiлуге тиiс.
      38-4. Мүмкiндiктерi шектеулi жолаушыларға қызмет көрсету кезiнде бортсерiктер ұшуда орналастыруды, ақпараттық қызмет көрсетудi, авиациялық қауiпсiздiк қағидаларын орындау бойынша көмек көрсетудi, тамақтандыру қызметiн көрсетудi, алғашқы медициналық көмек көрсетудi қоса алғанда, әуе кемесiнiң бортында коммуникация және қауiпсiз көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларды меңгеруге тиiс.
      Мүмкiндiктерi шектеулi жолаушыларды тасымалдау кезiнде тiркеу бойынша тиiстi рәсiмдер жүргiзiлгеннен кейiн авиакомпания (әуежай) өкiлi оларды әуе кемесiне (нен) алып жүредi.
      Мүмкiндiктерi шектеулi жолаушыларды және алып жүретiн адамдарды әуе кемесiнiң бортына отырғызу жолаушылардың негiзгi бөлiгiн отырғызу жарияланғанға дейiн бiрiншi кезекте және әуе кемесiнен түсiру соңғы кезекте жүргiзiледi.
      38-5. Тасымалдаушы әрбiр ұшудың алдында мыналарды:
      1) әуе кемесiнiң жолаушылар салондарындағы тазалықты;
      2) дәретханалық бөлмелердiң тазалығын және гигиеналық құралдармен жасақталуын;
      3) жолаушылар креслолары мен багаж сөрелерiнiң ақаусыздығын;
      4) стационарлық және алмалы-салмалы жабдықтармен, қызмет көрсету құралдарымен және жұмсақ мүкәммалмен жинақталуын және олардың жарамдылығын;
      5) жолаушылар салонын жылытуды/салқындатуды қамтамасыз етедi.
      38-6. Тасымалдаушы бүкiл ұшу бойында мыналарды:
      1) өндiрушi көздеген әуе кемесi үлгiлерiндегi буфет-асхана мен дәретханаларға суық және ыстық су берудi;
      2) салондарда +18 градустан төмен емес және +25 градустан жоғары емес ауа температурасын;
      3) жолаушылар салонындағы тазалық пен тәртiптi;
      4) әуе кемесiнiң бортында жолаушылардың өзiн-өзi ұстау қағидаларын сақтауын тұрақты бақылауды қамтамасыз етедi.
      38-7. Хабардар ету жолаушымен тiкелей қарым-қатынас жасау кезiнде немесе дауыс зорайтқыш байланысы бойынша жүзеге асырылады.
      38-8. Азық-түлiк өнiмдерiмен қамтамасыз ету өнiмдердi сақтау мерзiмдерiн қатаң сақтауды ескере отырып, жүзеге асырылады.
      38-9. Тасымалдаушы ұшудың ұзақтығы мен бағытын ескере отырып, ұшаққа газеттердi, журналдарды дайындау мен жеткiзудi қамтамасыз етедi.
      38-10. Музыкалық бағдарламаларды түнгi уақытта жеке құлақшалар арқылы ғана (жолаушылар демалып жатқан кезде) трансляциялауға болады.
      Осы Қағидаларға қосымшада көрсетiлген қызмет көрсетудiң барлық түрлерi ұшу қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрiлмей ұсынылуы тиiс.
      38-11. Тасымалдаушы жолаушының талап етуi бойынша әуе кемесiнiң бортында қызмет көрсету сапасы бойынша тiлек-арыз журналын берудi қамтамасыз етедi.»;
      мынадай мазмұндағы 124-тармақпен толықтырылсын:
      «124. Халықаралық авиамаршруттарды орындайтын тасымалдаушы межелi және жөнелту пункттерiнде жолаушыларға мемлекеттiк тiлде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетудi қамтамасыз етедi. Қосымша басқа тiлдердi пайдалануға жол берiледi.»;
      көрсетiлген қағидалар осы қаулыға қосымшаға сәйкес қосымшамен толықтырылсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк жиырма бiр күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының


      Премьер-Министрi                              С. Ахметов

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң     
2013 жылғы 15 ақпандағы
№ 137 қаулысына   
қосымша       

Жолаушыларды, багажды және


жүктердi әуе көлiгiмен 
тасымалдау қағидаларына 
қосымша         

Әуе кемесiнiң бортында жолаушыларға ұсынылатын қызметтер тiзбесi

      1. Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету – әуе кемесiнiң бортында өзiн-өзi ұстау қағидалары, көрсетiлетiн қызметтер, ұшу және авариялық-құтқару жабдықтарын пайдалану шарттары туралы жолаушыларды қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде уақтылы және дұрыс хабардар ету. Ақпараттар негiзгi және қосымша түрлерге бөлiнедi:


      1) ақпараттың негiзгi түрлерi:
      сәлемдесу;
      ұшуда қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде;
      темекi тартуға тыйым салу туралы;
      ұшақтың жабдықтары туралы;
      ұшуда ұсынылатын қызметтер туралы;
      ұшу маршруты бойынша тамақтану туралы;
      биiктiк алу мен төмендеу және қону пунктi туралы;
      әуе кемесi межеленген әуежайға қонғаннан кейiн;
      қону пунктiндегi ауа-райы туралы;
      2) ақпараттың қосымша түрлерi (қажеттiлiк туындаған кезде):
      ұшу жоспарының өзгергенi туралы;
      ұшу бағытының өзгергенi туралы;
      рейстiң кiдiрiсi туралы;
      мәжбүрлi қону туралы;
      ұшып шыққан пунктке қайта оралу туралы;
      қосалқы әуеайлаққа қону туралы;
      авариялық жағдай, қону туралы;
      межелi пунктке кешiгiп бару туралы;
      турбуленттiк аймағында ұшу туралы;
      құттықтау.
      2. Жеке қызмет көрсету:
      1) бүкiл ұшу кезiнде әрбiр жолаушыға қызмет көрсету;
      2) науқас, мүгедек, егде адамдарға және баласы бар жолаушыларға ерекше көңiл бөлу;
      3) жеке жарықтандыруды және желдеткiштi қосу;
      4) жолаушылардың сұрақтарына жауап беру;
      5) бала бесiктерiн орнату және жабдықтау (өндiрушi көздеген әуе кемесi үлгiлерiнде);
      6) алып жүрушiсi жоқ балаларға қызмет көрсету.
      3. Медициналық көмек көрсету, борттық медициналық қобдишадағы медициналық құралдармен және препараттармен дәрiгерге дейiнгi алғашқы жәрдем көрсету.
      4. Жолаушыларды ұшуда жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз ету.
      5. Жолаушыларға мерзiмдi басылымдарды ұсыну (газеттер, журналдар).
      6. Мультимедиалық қызметтердi, оның iшiнде музыкалық бағдарламаларды мемлекеттiк, орыс және басқа тiлдерде (тиiстi жабдық болса) ұсыну.
      7. Әуе кемесiнiң үлгiсiне және авиамаршруттың ұзақтығына байланысты салқындатылған сусындарды, азық-түлiк өнiмдерiн ұсыну.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет