Ойын технологиясын бастауыш сыныпта қолдану тиімділігі
Білім беру жағдайындағы инновациялық үрдіс – педагогикалық идеяның, деректер мен тұжырымдамалардың, теорияның, әдіс-тәсілдердің жаңа сапалық өзгерістерін қамтамасыз ететін үрдіс, яғни білім алушының қандай да бір іс-әрекетке құзіреттілігін дамыту. Оқушының құзіреттілігін дамытуда педагогикалық технологиялардың алатын рөлі зор.
Бастауыш сатыдағы оқытуда ойын технологиясын сабақ барысында қолдану тиімді әрі жеңіл. Ойын технологиясы сабаққа ойын түрлерін тиімді кіріктірумен жүзеге асырылады. Ойындар - оқушылардың сабаққа белсенділігін, қызығушылығын арттырады, шығармашылық қабілетін ұштайды.
В. А. Сухомлинскийдің сөзімен айтқанда: «Ойынсыз ақыл - ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімін, өзін қоршаған дүние туралы ұштастырады. Білімге құмарлық пен еліктеудің маздап жанар оты»,- деген екен. Ендеше, сыныпта және сыныптан тыс уақытта ойын технологиясын пайдаланудың нәтижесіқандай?
Ойын балалардың оқуға, еңбекке деген белсенділігін, қызығушылығын арттырудағы басты құрал. Ойын барысында балалардың белсенділігі, шығармашылығы дамиды.
Ойын арқылы оқушы нені меңгереді?
1.Оқушылар нақты қызмет тәжірибесін меңгереді.
2.Оқушылар тек бақылаушы ғана емес, өздері қатыса отырып қиын мәселелерді өз бетінше шеше білуге үйретеді.
3.Оқу процесінде алған білімді нақты әрекетте қолдана білуге мүмкіндік береді.
4.Оқушы әрекетіне негізделген оқу көлемін басқарады.
5.Уақытты үнемдеуге үйретеді.
6.Оқушылар үшін психологиялық жағымды.
7.Ойын барысында шешім қабылдау оқушылардан аса жауапкершілікті талап етеді.
8.Оқушылар үшін қауіпсіз.
9.Кейде қарапайым оқу қызметімен салыстырғанда көп уақыт мөлшерін алады.
10.Ойын материалдары дәстүрлі оқу материалдарымен салыстырғанда күрделірек.
11.Кейбір ойын түрлерінде қатысушылардың саны шектеулі
12.Ойын нәтижесі, өз жетістіктері, әсерлері, алған білімі, дағдысы жөнінде оқушылар ата-аналарымен, өзге балалармен, мұғалімдермен көбірек әңгімелеседі, кітапханада өз бетімен іздене білуге, қажетті материалдарды іріктей білуге үйренеді.
Әр сабақ үрдісінде қандай ойын қолдануға болатынын сабақтың мақсатына, жас ерекшелігіне сәйкес таңдау керек. Ойындар мынандай бөлімге бөлінеді.
1) Дидактикалық ойындар
2) Қозғалыс ойындары
3) Рөлдік ойындар
4) Грамматикалық ойындар
5) Фонетикалық ойындар
6)Лексикалық ойындар
7) Іскерлік ойындар
8) Интеллектуалдық ойындар
9) Ұлттық ойындар
Бастауыш сыныптардың тіл сабақтарында дидактикалық ойындарды жаңа тақырыпты түсіндіру барысында, қайталау, пысықтау, жаттығу сабақтарында да пайдалануға болады. Бастауыш сынып оқушылары әлі де ойын баласы, сондықтан мұғалім оларды жалықтырмай әртүрлі ойын түрлерімен сабақты қызықты өткізуге тырысуы қажет.
Ұлттық ойындар отбасы тәрбиесінен бастап, мектептегі жеке пәндерді оқыту барысында қосымша материал ретінде баланың сол пәнге қызығушылығын арттыру үшін пайдалануға болады. Сабақта ойын түрлерін пайдалану сабақ түрлері мен әдістерін жетілдіру жолындағы ізденістердің маңызды бір буыны. Ойын түрлерін оқу процесін пысықтау, жаңа сабақты қорытындылау кезеңдерінде, қайталау сабақтарында пайдалануға болады.
Педагогикалық ойынның маңызы зор. Ойын біріншіден, білу және үйрену, екіншіден, адамның ойнай отырып, өзіндік білімін өмір тәжірибесін жинақтауға көмектеседі. Ойынның кәсіптік, әуестену, оқу-жаттығу ойындары сияқты түрлері бар. Ол дем алу, көңіл көтеру бола тұра оқуға, шығармашылыққа, емдеуге, адам қарым-қатынасының типтерінің модельдеріне, еңбекте көрініс табады. Ойынды ерте заманнан үлкендердің іс-тәжірибелерін жеткіншек ұрпаққа жеткізу үшін пайдаланған.
Сабақ барысында оқушылардың қызығушылығы, зейіні, тілін дамыту үшін грамматикалық ойындардың орны ерекше. Сабақта тиімді қолданылған ойын оқушылардың грамматиканы толық меңгеріп, сауатты жазу дағдысына мол мүмкіндік береді. Оқушыларды өздігінен жұмыс істеуге дағдыландырады, ізденімпаздыққа баулиды. Грамматикалық ойындардың ерекшеліктері де бар. Бұл ойын әр түрлі жағдаяттар арқылы жүзеге асады. Ойын сабақтың әр бөлігінде, әр мақсатта жекеленіп, дараланып қолданылады. Жаңа тақырыпты түсіндіруде, өткенді қайталауда, пысықтау сабақтарында пайдаланылады. Мұғалім ойындарды қолдану үшін жете дайындық жасап, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етеді. Олар: грамматикалық лото, грамматикалық тренинг, грамматикалық гимнастика т.б.
Ойынға қойылатын талаптар мыналар:
- балаларға өзінің қабілетін көрсете білуге мүмкіндік беру
- баланы басқалармен жарыса білуге қалыптастыру
- білік пен дағдыны қалыптастыру үшін білімді өзі ізденуге қамтамасыз ету
- ойын барысында балаға жаңа білім, білік, дағдылардың қайнар көзіне жету
-баланың ойын барысында жеткен жеңісі оның жаңа алған білім, білік, дағдылармен сәйкес келетіндігі.[3, 12б ]
Ойын балалар үшін оқу да, еңбек те болып табылады. Ойын – айналадағы дүниені тану тәсілі. Ойын балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңудің жолын үйретіп қана қоймайды, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады. А.С. Макаренко: «Ойын - балалар өмірінде өте маңызы зор нәрсе, үлкендердің қайраткерлігі, жұмысы, қызметі қандай маңызды болса, балалардың ойыны да сондай маңызды. Ойында бала қандай болса, өскен кезде жұмыста да, көбінесе, сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткер, ең алдымен, тәрбиені ойын арқылы алады» - деп балалар ойынын жоғары бағалаған. [5, 36 б ] Тиімді қолданылған ойын мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, берік меңгеруіне көмектеседі. Өйткені төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез серігіп, тапсырманы ықыласпен әрі сапалы орындайтын болады.
Қорыта келгенде, бастауыш сыныптың оқу үрдісінде «ойын» түрлерін пайдалану, біріншіден, оқушылардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден, балалардың сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін арттырып, білім сапасын көтеру болып табылады. Сонымен бірге оқушы ұлттық құндылықтар туралы мағлұмат алып, халықтың өзіндік ерекшелігі мен мәдениетін құрметтеуге талпынады.
Достарыңызбен бөлісу: |