Жүсіп Баласағұнның және ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылығындағы замана бейнесі



Дата14.06.2016
өлшемі105.7 Kb.
#135422
Жүсіп Баласағұнның және ХІХ-ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармашылығындағы замана бейнесі

Түркі әлеміне есімі мәшһүр болып, қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны, данышпан-ойшылы Жүсіп Баласағұн өнегелі ой-толғамдарын өзінің «Құтадғу білік» атты дастанында өрнектеп кеткен. «Құтты білік» дастанының төрт принципке негізделіп жазылғаны белгілі. Біріншісі – мемлекетті әділ басқару; екіншісі – бақ-дәулеттің елге құт болып даруын Айтолды бейнесі арқылы суреттеуі, үшіншісі – Өгдүлміш бейнесі арқылы берілетін ақыл-парасат, төртіншісі – қанағат-ынсап жайында. Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған мәселеміз – ақынның замана құбылыстары, оның кейпі турасында айтқан ой-толғамдарының кейінгі ақындармен, яғни ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының поэзиясының негізгі идеяларымен ұштасатынын ашып көрсету. «Ақын өзінің «Құтты білік» дастанын сөз түсінбес парықсыздарға емес, сөз қадірін білетін ақылды жандарға арнап жазғанын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады» /1.209/. Ақын шығармасында замана бейнесі «Заманның озғаны, достардың жапасы туралы» деген тарауда анық та ашық түрде беріледі:

Бәрін таптым, тек кісілік таппадым,

Кездессе егер, жүзін көру, баққаным.

Опа құрып, жапа толды ғаламға,

Аз-маз опа қалды қандай адамда? /2.584/ - деп, өмірден түңіліп, адамдар ортасынан безініп, «киік тобымен лағайын» дейді. Шыдамының шегіне жеткені сонша, мұндай қорлықты көргенше, тағылықпен өмір сүріп, «елден жырақ өмір сүрейін», жаһан кезіп кетейін немесе «иірім кешіп, өзен болып ағайын» және сол үшін де:

Жапа шектім, ием, мұңлы сияғым,

Опалы кім, шыбын жанды қиямын /2.585/, - деп, оны түсінер ешкім қалмағандықтан, жалғыздықтан жапа шегіп, торығады. Оның түңілетіні – жан-жағындағы бауыр-туыс, ағайын, дос-жаранның қатігездігі. Адамның жанын ұқтыратын көңіл айнасы – жан мен тіл, ал:

Тіл, жан ала болды, сенсін қайтіп діл! /2.585/ - деп, тілдің де алдамшы екендігін, жүректің де таза емес, яғни адам пейілінің де тарылғанын сөз етеді. Дүниеде жалғыз қалып, өзін түсінер ешкім таппай, содан жапа шегіп:

Кімді сүйеу, кімді жақын санайын,

Кімге сеніп, кімді досқа балайын?! /2.585/ - деген жолдарда Жүсіп не үшін, неліктен жабырқауының себебін дәл, нақты көрсетпегенімен, Абайдың «көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» дегені сияқты күңіреніс байқатады :

Көңіл қалды туыстан да, жаттан да,

Бауырың – жат, құлқы жаман қастан да! /2.585/

Ақын түңілетін орта – Абай айтатын «заманға күйлеген» адам мінезі, олардың тар дүниетанымы, тоғышарлығы.

Сауда қуып, бұзылды ма маңайым,

Елес пе әлде, көзімді кең ашайын.

Заң, ізгілік кетті – ниет қарайып,

Сұмдар қалды, қайдан шындық табайын /2.586/, - деген ақын мұңы қай ғасырда да халық мұңы болып қала берді. Өйткені өмір бар жерде әлеуметтік қайшылықтар бар, әлеумет бойындағы міндер бар. Бұндай келеңсіздіктен халық үлкен өркениетке жеткенде ғана құтыла алады, оған дейін әр заман ойшылы, әр кезең ақыны сол кемшіліктерді айтуы, кесапатты қылықтардың қандай екендігіне халықтың көзін жеткізуді заңды құбылыс, сондықтан да бұл тақырып кейінгі қазақ поэзиясында өз дәстүрлі жалғасын тапқан тақырып. Мұндай замана келеңсіздіктері Ж.Баласағұн мен ХІХ-ХХ ғасыр ақындары шығармашылығында бірдей көрініс беріп отыратындығынан да себебі осыдан.

Қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ және ХХ ғасыр – халық басынан өткен қайғылы оқиғалардың өрбіп, олардың бет-бейнесі әдебиетте көрініс тауып, тарихи кезеңнің шындықпен бейнеленуі. Х.Сүйіншәлиев ХІХ ғасыр әдебиеті өкілдері турасында: «Ақын атаулы халық қайғысына үн қосып, әлеуметтік шындықты тайға таңба басқандай бейнелеп, ерлік күрес шежірелерін жазды» /3.3/, - деп көрсетеді. Сондықтан осы дәуірде азаттық рухты аңсап, ерлікке үндеген күресшіл поэзия өмірге келді. ХІХ ғасырдың І жартысында өмір сүрген «зар заман ақындары» елде отаршылдық саясат орнап, әлеуметтік-қоғамдық қатынастардың, моральдық-этикалық нормалардың бұзылып, елдің күйзеліске ұшырағанына көкірегі қарс айырылып, сол заманға көңілі толмады. М.Әуезовше айтсақ: «...Қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туды. Жақсылыққа бастасын, қайда тартса да, әйтеуір өз халқының халіне қанағаттанбай, жаңалықты іздеп, «бастаймын», «түзеймін», «қазіргі күйге қанағаттанбаймын» деген күй беріліп, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек» /6.192/. Ғасыр басындағы ақындардың бірі – Жанақ Сағындықұлы Рүстем төреге өзінің ащы да улы жырларымен шындықты жасырмай, төренің отаршыл патшаның әбден басынып, орданы өртеп, орнына дуан салып жатқанын бетіне шоқтай басып, «мықты болсаң қанекей бермеші ырық» /3.11/ деп тіке айтады:

Ұрлап, тартып қазақтың алдың малын,

Хан емессің әкімді жерге көмген /3.10/.

...Аш қасқырдай нашарды жейсің жығып,

Сырт жау келсе, кіресің шиге бұғып.

Өз еліңнің үрейін өзің алып /3.11/, - деген өлең жолдарында ел басшылығына ыза кернеген ашумен жайып салады. Ал Дулат Бабатайұлы шығармашылығында заманға сын айта отырып, әлеуметтің, халықтың мінез-құлқының, дүниетанымының тарылып, адам шошырлықтай кейпін бейнелейді. «Өсиетнама» атты жинағында қоғам тудырған мінез-бітістер, келеңсіз құбылыстарды санамалап тұрып, олардан арылудың жолын, ақылын айтады.

Бұл заманғы адамды,

Жалғаншы демей не дейміз.

Аузынан шыққан сөзінің,

Баяны жоқ болған соң /3.22/, - деген жолдарда, адам бейнесін суреттей келе:

...Мал бермеймін дегеннің,

Жалғыз тайын бөрі алды.

Үстіне шекпен кигізіп,

Ақ таяғын таянды /3.27/.

... Ардан кешкен ұятсыз,

Ойламайды ұятты,

Зар заманның ақыры,

Зарлап өтіп барады /3.27/, - деп, заманның өзгеруімен қоғамдық тіршіліктің қиындап, адам мінез-құлқының да күрт құбылғанын байланыстыра келе, сол кездегі ұл-қыздың тәрбиесі, ел басшыларының пиғылы, туған-туыстың қадір-қасиеті сияқты көптеген мәселелер турасында ой-толғамдарын жеткізеді. Ал орақ тілді ақын, жалынды жырдың жампозы Махамбет өлеңдерінде:

Исатайды өлтіріп,

Қырсық та шалғын біздің ел /3.37/.

Бір озғанмын жұртымнан.

Ер дұшпаны көп болар,

Қатын дұшпан, жігіттер,

Не демей дейсің сыртымнан /3.39/, - деген жолдарында, сонымен қатар тайсалмай Баймағамбет сұлтанға айтқан ащы өлеңдерінде заманның кейпін анық ашып көрсетеді. Жоғарыдағы өлең жолдарында Исатайды өлтірген қоғам, өз жұрты, елі дей келіп, сол заман жігіттерінің мінезінің бір қырын аңғартады. Немесе Алмажан Азаматқызы «Жетім қыз» атты дастанында билердің жауыздығын, қатыгездігін, әділдіктен безінгендігін анық та ашық суреттейді. ХІХ ғасыр ақыны Мәделі Жүсіпқожаұлы:

Бір жан жоқ болыстыққа талас емес.

Бір-бірінен көңілі аласа емес /3.73/.

Бәз болыстар қарызға батып жүрсің,

Бал деп ұрттап заһарды татып жүрсің.

Ақша шашқан адамдар болыс болып,

Бәрі де жайына жүр ақылдының /3.76/, - деп, замана түсін, оның негізгі қисапсыз әрекетін бейнелеп берді.

Шортанбай Қанайұлы – заман зарына иленіп, күңіреніп, күрсініп, налып, зарланған ақын. М.Әуезов: «...Әдебиеттегі көшпелі дәуір де осындай мұңды күйден құралған. Осы ретпен қарағанда Шортанбай жазған «Зар заман» - әдебиеттегі, тарихтағы көшпелі дәуірдің зор айнасы. Бұл өлеңнің ішінде қазақ тұрмысына жанасқан кемшіліктің айтылмағаны жоқ деуге болады» /6.291/. М.Әуезовтің «зар заман» деген терминді тудыра отырып, соның басты өкілдері ретінде Дулат, Шортанбай, Мұратты атап кеткен. Өйткені олардың шығармашылығында ашықтан ашық замана бейнесі көмкеріледі. Мәселен, Шортанбайдың «Зар заман» атты өлеңінде бір алладан басқадан қорқамын дей келіп заманның азып-тозғанын, тоқырауға ұшырап, ел іші бұзылғанын ашына суреттейді.

Ағайыны көре алмай,

Ата мен бала араз боп

Кетер енді дініміз /7.301/.

Ата менен шешенің

Айтқан сөзін ұнатпас,

Адам азар болар деп,

Сол себептен қорқамын /7.302/.

Заман кетті баяғы,

Жаның жалғыз сүйінші

Мал болыпты тамағы,

Ықылас ниет қалмады /7.306/, - деген жолдардағыдай, ұлттық қасиеттерден арылып, моральдық-этикалық нормалар бұзылып,әлеуметтік-қоғамдық, мәдени құбылыстардың өршуі халықтық күйзеліске алып келді. ХІХ ғасыр әдебиетінің тағы бір өкілі – Сүйінбай Аронұлы. Төрелерге бетің бар, жүзің бар демей:

Дәулетбақтан – Ноғайбай сен бір арсыз,

Байсүгір – Қараталдан тұтқиянсыз.

Ыстанбек төремін деп мақтанбағын,

Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз /3.93/, - деп, тағы сол сияқты Қаратал, Сарыбай, Нарбота, Атамқұл бай, Дәуітәлі билеушілерге сын айтады. Сонымен қатар, «Болыстарға баға» өлеңінде:

Бұл заманның болысы күй таңдаған.

Жек көргенін халық та сыйламайды,

Пәлеқор, ұры-қары келдің қайдан? /7.95/ - деп, болыстыққа түсушілердің өзіндік бейнесін жасайды. Ал Балқы Базар жырау (Өтемісов) Оңдасұлы:

Шалқыған айдын шалқардай

Көл тартылды көзінен.

Сандуғаштай сайраған

Тіл тартылды сөзінен.

Бұрынғы дәурен болмай жүр,

Базарыңның өзінен /7.112/, - деп, өзі өмір сүрген ортаға қанағаттанбай, көңілі толмайды. Ал Мұрат Мөңкеұлы – қоныс, жайылым жер тарылып, халық түрмесі болған отаршылдықтың езгісіне төзбей, соның кесірінен қазақ даласында пайда болған саяси-әлеуметтік, қоғамдық-мәдени, моральдық-этикалық нормалардың бұзылып, халықтың күйзеліске ұшыраған заманында патша үкіметіне қарсы күрескерлік жырды толғаған автор. Елінің аштыққа көніп, сол кезде оязной, болыс, ауылнайлар билей бастаған заманның түріне айтылған «Үш қиян» өлеңінде:

Заманда заман оралған

Дүние шіркін соны алған.

Адыра қалғыр бұл қоныс

Қайырсыз екен азалдан /7.309/.

Заман қайтып түзелсін?

Қоңсыдан туған би болды.

Заманың мұндай сұм болды /7.318/, - деп, ақын Махамбетше «Адыра қалғыр, Көк Жайық» деп, өз туған жерінің топырағы өзіне бұйырмай, басқаның жетегінде кеткеніне өкінсе, «Еділді тартып алғаны – Етекке қол салғаны, Жайықты тартып алғаны – жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны – ойындағысы болғаны» немесе өз айналасындағы танымал жер-су аттарын тізбектеген жолдардан-ақ туған жермен қоштасу, оны басқаға қимау сарыны байқалады.

Кердері Әбібәкір Боранқұлұлы «Заманның опасыз халіне Әубәкір молданың айтқан өлеңі» атты жырында:

Артылған заман болды аттан есек,

Залымның ғибадаты ұрлық-өсек /7.147/.

Қор болды бұл заманда алты нәрсе /7.148/, - дейді. Ол алты нәрсесі: билік, сопы жолы, шекер мен шай, кебіс-мәсі, сұлтан-төре, ақыл. Ақын бұлардың бәрін деталь арқылы беріп отыр. Мәселен, оның айтайын деп отырған қор болған нәрсесі мәсі емес, яғни тек молда мен қарттар киетін мәсінің сол заманда қадірі кетіп, тіпті ұрыларға дейін киюі заманның азғаны деп түсіндіреді.

ХІХ ғасырдың ІІ жартысында өмір сүрген Абай да заманға, өзі өмір сүріп отырған қоғамына сыйн айтып, одан түңіледі:

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық /8.30/.

Байлар жүр жиған малын қорғалатып,

Өз жүзін онын беріп алар сатып /8.29/. Немесе «Қалың елім, қазағым» өлеңінде:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың /8.27-28/, - деп, еліне мүсіркей қарап, оңы мен солын әлі де болса айыра алмаған қазаққа қарап мұңаяды, налиды.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек /8.282/, - деп, өмірдің ағысымен әр адам сол заманының қожайыны болады. Бірақ замана сол адамды өзіне қарай бейімдейді, оны «илейді».

Ал ХХ ғасыр - «қазақ әдебиетінің өркендеп, қанат жайып, гүлденген дәуірі еді. Ғалым Б.Кенжебаев: «Өлкеде капитализмнің дәурен сүруіне байланысты, ХІХ ғасырдың ақырынан, әсіресе ХХ ғасырдың басынан қазақ арасында оқу-ағарту жұмысы күшейді, қазақ тілінде кітаптар, газеттер шықты. Қазақ халқының сана-сезімі ояна бастады /4.3/. Сондықтан да ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармаларынан да заман кейпі, кескіні есіп тұрады.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев:

Сүрініп ат аяғы кетер болса,

Дұшпан түгіл досың да табаласқан.

Бұл жұртта сұмырай нәрсе толып жатыр,

Өтірік, өсек араласқан.

...Биге – пара, байларға - өсім болды,

Бой тартқан арамдықтан бар ма қашқан /5.6/, - деп, елдегі «өңшең сәуірік пен бұқашықтар» бірін-бірі сүзіп, жағаласқан, қоғамның бүлінген, аласапыран шағында:

«Сен кімнен қорқасың?» - деп жел береді?

Кісі жоқ «қой» дейтұғын, жұртты басқан /5.6/, - деп, осы келеңсіздіктерден қазақ арылып болмайынша, оларға өнер, білімнің ауылы алыс болмақ дегенді айтады. С.Торайғыров замана кейпін көре тұрып, жұртына зарлайды.

Білім, өнер табуды керек қылмай,

Мәз болдың ырғақ-ырғақ басқаныңа /5.242/.

Тағы да қазақ байдың шалдарына,

Алпыста қыз алатын салдарына,

Тапқызбай оқу, өнер ұрпағыңды

Бақташы өгіз қылдың малдарыңа.

Ол заман не болса өтті, кетті.

Біздерді мұндай пейіл тентіретті /5.243/ , - деп, сол замандағы әлеуметтік мәселелердің бәрін қозғап, содан арылатын уақыт жетті дейді.

«Қазақтың Есенині» атанған Б.Күлеев шығармашылығында заман бейнесі, халық тағдыры, қоғам шындығы анық көрінеді. Ақын өмірі қысқа болды. Тіпті М.Жұмабаев: «Олай болса, жас жанның мұндай жолға түсуіне өзінен бетер әлеумет айыпты. Түзу жолға сала білмеген, дұрыс тәрбие бере білмеген әлеумет» /9.4/, - деді. Тұрмыс түйткілдері, қоғамның қатыгездігі, сұрқия ата салттың сарқыншағы ақын жанын жаралаған болса керек. Б.Күлеев:

Екі жүзді ерлерім,

«Ел қорғаны» серлерім.

«Елің үшін ерінбей,

Еңбек етіп терледің».

Бүгін көрсем – тәуірсің,

Барша жұртпен «бауырсың».

Ертең өзге жел ессе,

Жан досына гәуірсің /9.62/, - деп, заман адамдарын ащы мысқыл, ирониямен жеткізеді. Сонымен бірге замана тағдырын, яғни елге келген бостандық турасында «Бостандық болғанда бір қыздың тілегі» /9.17/, «1917 жылға» /9.24/, «Бостандық күнінде» /9.25/, «Бұлт» /9.27/ т.б. өлеңдері жарыққа шықса, қоғамның негізгі мәселесі - әйел теңсіздігі турасында да «Қыздың зары» /9.13/, «Әйелдер сөзі» /9.16/, «Әкеме» /9.28/, «Сүйікті қайғылыға» /9.55/, «Қыздың зары» /9.60/ т.б. өлеңдері замана зарын сездіреді.



Қорыта келе, сонау ХІ ғасыр әдебиетінің ойшылы Ж.Баласағұнның замана турасындағы ой-толғамдары, ауыр күрсіністері қазақ әдебиеті тарихындағы ХІХ-ХХ ғасырдың өкілдерінің шығармаларында жалғастық тауып, үндесіп, сабақтасады.
Әдебиеттер

  1. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2005. – 336 б.

  2. Баласағұн Ж. Құтты білік. Аударған және алғысөзі мен түсініктерін жазған А.Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 1986. – 616 б.

  3. ХІХ ғасыр әдебиеті. (Құр. Х.Сүйіншәлиев). – Алматы: Ана тілі, 1992. – 224 б.

  4. Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – Алматы: Білім, 1993. – 248 б.

  5. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. Хрестоматия. – Алматы: Білім, 1994. – 352 б.

  6. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 240 б.

  7. Әлем: Альманах: Өлеңдер, очерктер, әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1991. – 496 б.

  8. Абай. Өлеңдер. – Алматы: Мөр, 1994. – 415 б.

  9. Күлеев Б. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Ғылым, 2000. – 284 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет