Жусупова Бота Маликовна



Дата25.02.2016
өлшемі79.37 Kb.
#21411
Жусупова Бота Маликовна

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызмет туралы заңдары: құрылу және даму кезеңдері
Кәсіпкерлік – тікелей еліміздің экономикасының дамуына ықпал ететін бірден-бір фактор. Кәсіпкерлік қызмет – еліміздің экономикасы үшін халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайының жақсаруына әрекет ететін қажетті буын. Қазақстандағы кәсіпкерлікті әлемдік деңгейге жеткізу, оның барынша қарқынмен дамуына жағдай жасау қазіргі қоғам алдындағы бас­ты міндеттердің бірі болып табылады. Бұл туралы Елбасымыз өзінің жыл сайынғы Қазақстан халықына Жолауында баса назарға алып, қойылған міндеттерді іске асыруға тапсырмалар береді. Елбасы биылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да осы мәселенің басым бағыттарын айқындады.

Кәсіпкерлік қызметті реттейтін бірден-бір құрал ол нормативтік-құқықтық актілер екені белгілі. Қазақстанның кәсіпкерлік қызмет туралы заңдарының қалыптасуы ХХ ғасырдың 80 жылдарындағы кеңес заманында-ақ, кооперациялық қозғалыстың және сыртқы экономикалық қызметтің пайда болуына жеткізген «қайта құру» деп аталатын кезеңде басталған. КСРО-ның 1986 жылы қарашаның 19-ында қабылданған «Жеке еңбек қызметі туралы» заңы және 1988 ж. мамырдың 26-сында қабылданған «КСРО-дағы кооперация туралы» Заңы шаруашылық қызметтің субъектілері ретіндегі азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке еңбек қызметін іске асырудың құқықтық негіздерін айқындап берді. КСРО Министрлер Кеңесінің 1988 жылы желтоқсанның 2-індегі № 1405-ші «Мемлекеттік, кооперациялық және басқадай қоғамдық кәсіпорындардың, бірлестіктер мен ұйымдардың сыртқы экономикалық қызметін ары қарай дамыту туралы» Қаулысы ең маңызды міндет ретінде кәсіпорындардың, бірлестіктердің, өндірістік кооперативтердің және басқадай ұйымдардың валюталық өзін-өзі ақтау, социалистік іскерлікті дамыту ұстанымдарында сыртқы экономикалық қызметтің әртүрлі нысандарына белсенді қатынасуы үшін қажетті шарттар құру міндетін белгіледі. КСРО Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы наурыздың 7-індегі №203-ші «Сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу туралы» Қаулысы арқылы сыртқы экономикалық байланыстардың қатысушыларын тіркеуді; КСРО-ның мемлекеттік шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен басқадай мүліктерді мағлұмдауды; жалпы мемлекеттік маңызы бар жекелеген тауарлардың экспорты мен импорты тәртібін; сыртқы экономикалық байланыстарды тікелей реттеу шараларын қамтыған сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттеу жүйесі белгіленді.

Жоғарыда аталған нормативтік актілер шаруашылық (оның ішінде сыртқы экономикалық та) қызмет саласындағы реформаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлік заңдар жүйесін құруға көшу мәселесін айқындады.

Шаруашылық қызметің қалыптасқан қауырт дамыған жағдайында Қазақ КСР-інің 1990 жылғы желтоқсанның 11-інде «Қазақ КСР-інде шарушылық қызметті және кәсіпкерлікті дамыту еркіндігі туралы» Заңының қабылдануы алдын ала шешіліп қойды. Аталған заң алғаш рет кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі ұстанымын жариялады және Қазақ КСР-і азаматтарының кәсіпкерлік қызметіне азаматтығы жоқ тұлғалардың, ҚР заңды тұлғаларының, шетелдік жеке және заңды тұлғалардың араласуына рұқсат берді. Қазақ КСР-нің 1990 жылғы желтоқсанның 7-індегі «Шетелдік инвестициялар туралы» Заңы Республикада ашық тұрпатты экономиканы қалыптастыруға бағытталды және ол елді тезірек әлемдік практикада жалпы қабылданған шаруашылық жүргізу ұстанымдарына көшіруге септігін тигізуге тиіс болды. Сол кезеңде Қазақстанда тараптары Кеңес Одағы және американдық «Шеврон» корпорациясы болып табылған алғашқы сыртқы экономикалық шарт жасалды (1993 ж. аталған шарт ҚР және «Шеврон» корпорациясы арасында қайта жасалды).

Кәсіпкерлік заңдар дамуының бірінші кезеңі осы уақыттарда кәсіпкерлік субъектілері қызметінің құқықтық негізі қаланғанымен сипатталды. Оған сол кезде қабылданған : 1991 жылғы маусымның 11-індегі ҚР-ның «ҚР-дағы бағалы қағаздар айналысы және қор биржалары туралы» заңы; 1991 жылғы маусымның 21-індегі «Шаруашылық серіктестіктері және акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңы; 1991 жылғы желтоқсанның 23-індегі «ҚР-дағы концессиялар туралы» Қр Заңы; 1991 жылғы желтоқсанның 25-індегі «ҚР-дағы салық жүйесі туралы» ҚР Заңы және т.б. сияқты заң актілері дәлел бола алады.

Бұл кезеңде кәсіпкерлік қызметтің өркендеуі үшін 1992 жылғы. шілденің 4-інде шыққан, жеке кәсіпкерліктің негізгі нысандарын және оны қорғау, қолдау тәсілдерін айқындаған, сонымен бірге жеке кәсіпкерлікке мемлекеттің тікелей араласудан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерліктің барынша бостандығын, коммерциялық құпияны сақтауды және мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жеке кәсіпкерлердің құқыларын бұзуға жауапты болуын бекіткен ҚР-ның «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» Заңы аса маңызды құжат болды.

Заңдардың ұлттық жүйесін қалыптастыруда азаматтық заңдарды бір жүйеге түсіру яғни кодификациялау маңызды рөл атқарды. ҚР Азаматтық кодексі (жалпы бөлім) 1994 жылғы желтоқсанның 27-інде («Шетелдік инвестициялар туралы» ҚР Заңымен бір мезгілде) қабылданды, кодекстің қабылдануы 1991 жылығы ҚР-ның «Меншік туралы» , «Кәсіпорындар туралы», «Кепілдік туралы» Заңдарының күшін жойды.

Сөйтіп, аталған кезең Қазақстан Республикасындада тұтастай алғанда тәуелсіз және егеменді мемлекеттің мүлдем жаңа заңдық жүйесін және оның ішінде Қазақстанның кәсіпкерлік заңдары жүйесін құру бойынша нарықтық қатынастар дамуының бастапқы кезеңі болып саналады.

Кәсіпкерлік заңдардың дамуындағы екінші кезеңнің басталуына ҚР-ның 1997 жылғы маусымның 19-ындағы №131-І «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы» және 1997 жылғы маусымның 1-індегі №135-І «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңдарының қолданысқа енгізілуі себепші болды. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы заң шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың төмендегідей: ҚР-да шағын кәсіпкерлікті дамытудың басымдық ұстанымы; шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау кешенділігі үстанымы; шағын кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының және шағын кәсіпкерліктің барлық субъектілері үшін іске асырылатын шаралардың қолжетерлік болуы ұстанымы; шағын кәсіпкерлікті қолдау және өркендету саласында халықаралық ынтымақтастық ұстанымын бекітті. Жеке кәсіпкерлік туралы заң ҚР Конституциясы белгілеген азаматтардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігін жүзеге асыруға, жеке кәсіпкерлік үшін мемлекеттік кепілдіктер жүйесін құруға бағытталған.

Кәсіпкерлік қатынастарға оң ықпал еткен заң актісі ретінде 1997 ж. ақпанның 28-інде шыққан мынадай заңдарды жаңа технологияларды, алдыңғы қатарлы техниканы және ноу-хауларды енгізу; ішкі нарықты жоғары сапалы тауарлармен және қызметтермен толтыру; отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру; экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы өндірісті дамыту; жаңа жұмыс орандарын құру; қоршаған табиғат ортасын жақсарту және басқа да негізгі міндеттерді айқындаған ҚР-ның «Төте инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» атауға болады. Аталған актіге сәйкес, экономиканың басымдыққа ие секторларында инвестициялацды жүзеге асыру барысында айтарлықтай артықшылықтар мен жеңілдіктер (оның ішінде инвестициялық салық артықшылықтары, кеден төлемдерін төлеуден босату, заттай грант) берілді. Экономиканың басымдыққа ие секторлары болып: 1) өндірістік инфрақұрылым; 2) өңдеущі өнеркәсіп; 3) Ақмола (Астана) қаласының нысандары; 4) тұрғын үй, әлеуметтік сала және туризм нысандары; 5) ауылшарушылығы танылды. Мемлекет дамуы басымдыққа ие болып табылытын экономика секторларын және сол жағдайда берілетін ынталандыру және қолдау шараларын айқындады. Осының бәрі кәсіпкерлердің белсенділігін тудырып, экономиканың дамуына ықпал етті.

Сонымен қатар ҚР-ның 1997 жылғы. шілденің 16- ында шыққан, шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шаралары ретінде мемлекеттік сатып алуларды іске асыру барысында тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) жекелеген түрлерін шағын кәсіпкерлік субъектілерінен сатып алу үшін, мемлекеттік сатып алудың жалпы көлемінің 10 %-ын міндетті түрде резрвте сақтауды жүктеген №163-І-ші «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңы (25-2-бабының І-тармағы) белгілі бір шамада шағын кәсіпкерлік субъектіліерінің қатысуымен жүргізілетін кәсіпкерлік қызметті ынталандырады.

Үшінші кезең өз бастауын 2006 жылғы қаңтардың 31-індегі ҚР-ның кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормаларды жүйелеген және оларды біртұтас заң актісіне біріктірген «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңының қолданысқа енген мерзімінен алады. Кәсіпкерлік құқық қатынастарын реттейтін саны көп актілердің орнына ҚР-да кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың жалпыға ортақ бастауын белгілеген бір ғана заң актісі қабылданды [1, 30б.].
Нәтижесінде, біздің елімізде нарықтық қатынастарды реттейтін Азаматтық кодекс және кәсіпкерлік туралы арнайы заң басты заң актісі болып табылды. Одан басқа Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттейтін 100-ден аса заңдар бар.

Қазіргі уақытта ҚР кәсіпкерлік заңнамасы нормативтік құқықтық актілердің орасан көпшілігінің әр түрлі салалық тиістілігін білдіреді. Көбінесе, кәсіпкерлік заңнама Конституациясы, АК және басқа да нормативтік құқықтық актілерді құрайды және мына топтарға шарттық біріктіріледі.

Бірінші топқа кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың негізгі бастауын орнықтыратын арнайы нормативтік құқықтық актілер кіреді - бұл «Шаруашылық серіктестіктер туралы» Заңы; «Өндірістік кооператив туралы» Заңы; «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңы; «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Заңы; «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы»; «Акционерлік қоғамдар туралы»; «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңы; « «Бәсекелестік туралы» Заңы; және т.б.

Екінші топ инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы актілерден тұрады -«Білім туралы» Заңы; «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы; және т.б.

Үшінші топ тұтынушылардың құқығын қорғау туралы нормативтік құқықтық актілерден тұрады - «Тұтыну кооперативі туралы» Заңы; «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі туралы» Заңы; «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» Заңы; және т.б

Төртінші топқа отандық тауар өндірушілерді қолдау туралы нормативтік құқықтық актілер кіреді - «Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы» Заңы; «Демпингке қарсы шаралар туралы» Заңы; «Субсидиялар және өтем шаралары туралы» Заңы; «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңы; және т.б.

Бесінші топты кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер құрайды - «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» Заңы;«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Заңы; «Шаруа қожалығы (фермерлік) туралы» Заңы; «Қазақстан Республикасындағы аудиторлық қызмет туралы» Заңы; «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңы; «Сақтандыру қызметі туралы» Заңы; «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» Заңы; «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңы; «Инвестициялар туралы» Заңы; «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңы; «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңы; «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заңы; «Тауар биржалары туралы» Заңы; «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңы және т. б.

Алтыншы топты жекелеген кәсіпкерлік шарттарға арналған нормативтік құқықтық актілер құрайды - «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы; «Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) туралы» Заңы; «Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы» Заңы және т.б.

Жетінші топқа кәсіпкерлік қызметтің жекелеген аспектілерін реттейтін жалпы сипаттағы нормативтік құқықтық актілер біріктіріледі. - Қылмыстық кодексі; «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі; «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Кодексі; «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» Кодексі; «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңы; «Қазақстан Республикасының патенттік заңы» Заңы; «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды және онымен жасалатын мәмiлелердi мемлекеттік тiркеу туралы» Заңы және т.б. [2, 23б.].

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. С.П. Мороз. Кәсіпкерлік (шаруашылық) құқық. – Алматы: Бастау, 2009. – 30 б.

2. А.С.Киздарбекова, Г.Б.Асетова Кәсіпкерлік құқық. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011. – 23б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет