Кең тараған паразиттік тіршілік ететін қарапайымдылар. Адамның, омыртқалы жануарлардың қан клеткаларында тіршілік етеді. Бұлардың кокцидиядан айырмашылығы спорогония кезеңі сыртқы ортада емес, қан сорғыш насекомдардың, яғни Anopheles туыстас масалардың ішегінде өтеді және масалар осы паразиттерді тасымалдаушылар болып табылады.
Адамда Plazmodium туысының төрт түрі паразиттік тіршілік етеді: РІ. vivax, РІ. malariae, РІ. falciparum, РІ. ovale. Бұлардың дамуы бір-біріне өте ұқсас. РІ. vivax-тың даму сатысын қарастырайық (9-сурет).
9-сурет. Безгек плазмодиясының даму циклi:
1 - спорозоиттар, 2-4 - бауыр клеткаларындағы өтiп жатқан шизогония кезеңi (2 - жас шизонт, З – көп ядролы өсiп келе жатқан шизонт, 4 - мерозоиттар), 5-9 - эритроцитте өтiп жатқан шизогония, 10- мерозоиттар, 11-12 - макрогамонттар, 11 а- 1 2а - микрогамонттар, 13 - макрогамета, 1 4-микрогамонт, 15 – микрогаметалардың түзiлуi, 16 - копуляция, 17 - зигота, 18 - жылжымалы зигота (оокинета), 19- оокинетаның масаның iшегiнiң қабырғасына енуi, 20- оокинетаның ооцистаға айналуы, 2 1-22-23 - өсiп келе жатқан ооциста, 24- спорозоиттар, 25 - масаның сiлекей безiндегi спорозоиттар.
Безгек масасы (Аnopheles туысынан) адамды шаққанда сілекеймен бірге адам қанына спорозоиттар түседі. Спорозоиттар өте майда 5-8 мкм, құрт тәрізді немесе орақ тәрізді. Олардың құрылысы кокцидиялардың зоит құрылысына өте ұқсас, тек коноиды болмайды. Қанға түскен спорозоиттар қан тамырлары арқылы бауырға жиналады. Осы жерде шизогония көбею кезеңі басталады. Әрбір спорозоит бауыр клеткасына еніп, жұмырланып шизонтқа айналады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, бұлардан мерозоиттар пайда болады. Осыдан кейін шизогония екі жерде жүреді: мерозоиттардың бір тобы қайтадан бауыр клеткаларына еніп, жұмырланып шизонтқа айналып, олардың ядросы бірнеше қайтара бөлініп, көптеген мерозоиттар пайда болады, ал мерозоиттардың екінші тобы бауырдан қанға шығып эритроциттерге енеді, сол жерде жұмырланып шизонтқа айналады. 2-3 сағаттан кейін шизонтта вакуоль пайда болады, сол вакуоль әсерінен шизонттың денесі сақина тәрізді болып тұрады. Кейін вакуоль жойылып, шизонт өсіп, амеба тәрізді болады. Шизонттың ядросы бірнеше қайтара бөлініп 10-20 мерозоиттар пайда болады. Бұлар эритроцитті зақымдап қанға шығады да, жаңа эритроциттерге енеді, содан шизогония кезеңі қайтадан басталады және бұл процесс бірнеше рет қайталанады. Сөйтіп, шизогония бауыр клеткасында және эритроциттерде өтеді. Шизогония кезінде адам қанындағы паразиттің саны артады, ал эритроциттердің саны азаяды. Сау адамның 1 мм3 қанында 5 млн эритроциттер болса, ал безгек аурумен ауырған кезде эритроциттердің саны азайып 1 мм3 қанында 1 млн-ға жақын эритроциттер қалады.
Шизогониядан кейін гаметогония кезеңі басталады. Бұл кезеңде мерозоиттар гамонттарға айналады. Гамонттар екі түрлі болады: макрогамонттар немесе макрогаметоциталар пісіп-жетілмеген аналық жыныс клеткалары және микрогамонттар немесе микрогаметоциттер пісіп-жетілмеген аталық жыныс клеткалары. Осыдан кейін әрі қарай даму дам қанында жүрмейді. Ендігі дамуы маса денесінде өтеді.
Анофелес (Anopheles) туысына жататын безгек маса ауру адамның қанын сорған кезде оның ішегіне қанмен бірге макро және микрогаметоциттер түседі. Масаның ішегіне макрогамонттар (макрогаметоциттер) пісіп-жетіліп макрогаметаға айналады, ал микрогамонттардың (микрогаметоциттер) ядросы көпке бөлініп, пісіп-жетіліп қозғалғыш майда микрогаметаларға айналады. Микрогаметалар мен макрогаметалар қосылып зигота құрайды. Зигота қозғалғыш келеді, сондықтан оны оокинета деп атайды. Оокинета масаның ішек қабырғасына еніп қозғалуын тоқтатады да, сыртына тығыз қабықша шығарып ооцистаға айналады. Ооцистаның ішіндегі ядро бөлінеді, мұның саны бірнеше мыңға жетуі мүмкін. Әрбір ядро жұқа цитоплазмамен қапталынып, мыңдаған (10000-ға дейін) спорозоиттар түзіледі. Ооцистаның көлемі өсіп, мыңдаған спорозоиттар пайда болғаннан кейін ооциста жарылады. Қозғалғыш спорозоиттар безгек масаның аралас қуысына түсіп, гемолимфа ағынымен сілекей бездеріне жиналады. Маса адамды шаққанда оның қанына сілекеймен бірге спорозоиттар да түседі. Даму циклы ары қарай жалғасады. Сонымен безгек плазмодиясының тіршілік циклы - өте күрделі және олар иесін алмастырып отырады, жыныссыз көбеюі адам қанында, ал жынысты көбеюі безгек масаның ішегінде өтеді. Плазмодияның негізгі иесі – безгек масасы, ал аралық иесі – адам.
Безгек плазмодиясы адамның безгек ауруын қоздырушы. Безгекпен ауырғанда безгек ұстауынан басқа анемия (эритроциттердің азаюы) байқалады және плазмодиялар қан плазмасына улы өнімдерін бөледі. Ауру адамның безгегі әр 72 сағат, немесе 48, немесе 24 сағат сайын қайталанып отырады. Осы қайталануы плазмодияның өкіліне және шизогония мерзіміне байланысты.
Безгек ауруына қарсы шаралардың бірі – масалардың сан мөлшерін азайтуға қолайлы тәсілдерін қолдану, ауырған адамды дәрілермен емдеу.
Достарыңызбен бөлісу: |