Кердань Федор Кириллович



Дата29.06.2016
өлшемі34 Kb.
#164740
Кердань Федор Кириллович
Он сегіз жасар комсомол мүшесі Федор Кердань Қызыл әскер қатарына 1943 жылдың наурыз айында Жамбыл облысының Жуалы ауданының әскери комиссариатынан шақырылды. 1925 жылдың 1-қазанында дүниеге келген. Жанұясымен бірге Жуалы ауданының Кантемировка деревнясында тұрған. Ол бауырлас Чехословакия жерін азат ету үшін болған Моравск-Остравск операциясында ерекше көзге түсіп, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры болды.

1945 жылдың наурыз айында совет әскерлері Прагаға баратын жолда мықты қорғаныс шебін жасап алған гитлершілермен Чехия қаласы Моравск-Острава қаласының маңында қиян-кескі шабуылдау соғыстарын жүргізіп жатты. 1945 жылғы сәуір айының басында біздің әскерлерге көмекке келген басқа бөлімдердің құрамында Бас Қолбасшының қорынан Станиславск Қызыл Тулы 1672 танкілерді жойғыш артиллериялық полкы көмекке жіберілді. Осы даңқты полктың құрамында жауынгерлік жолмен Берлинге қарай бет алған кіші сержант Оңтүстік Қазақстандық жиырма жасар жігіт Федор Кердань да бар еді. Ол тәжірибелі артиллерист, нысанашы Рахымжан Тоқатаевқа көмекші болып бекітілді.

Совет әскерлері сәуірдің ортасында жаудың қорғаныс шебін шабуылдап, соғыс бекінісін бұзғанымен, тек 7-10 километрге ғана алға жылжыды. Фашистер үш таңқ дивизиясының көмегімен қарсы шабуылға шықты. Ағыны тез Одраның жағасында, Фульнек деревнясының жанындағы соғыста Қазақстандық бауырластар Федор Кердань мен Рахымжан Тоқатаев секілді біздің жерлестеріміз өшпесі ерлігін көрсетті.

... Соғыс таң ата басталды. Артиллериялық қарудан атқылаған оқтың даусы алғашқы көктемгі найзағайды еске түсіретіндей еді. Сағат 2-ге таман да майдан даласындағы жағдай біздің пайдамызға шешілген жоқ. Фашистер соғысқа жаңа күштерді қосып, біздің бірнеше атыс орнын істен шығарды. Гитлершілердің танкілері мен бронетранспортері колонналары жаяу әскерлерімен бірге деревняның шетіне ілікті. Міне, осы кезде Тоқатаев пен Керданьның бекіністегі қаруы іске қосылды. Соққы кенеттен болды және деп тиіп жатты. Бірінші оқтан-ақ колоннаның тура ортасындағы машина от құшты. Екінші снаряд колоннаны бастап келе жатқан "Тигрды" істен шығарса, келесі минутта колоннаны тұйықтап келе жатқан құрыштан жасалған орасан зор машина жарылды. Жаудың машиналары болбыраған тау жолында орындарынан қозғала алмай қалды, сосын арпалысып өртенген танктерді айналып өтуге әрекет жасап, оңды-солға бей-берекет оқ ата бастады, бірақ ол ешқандай нәтиже берген жоқ...

Талдырмаш қазақ және орыс жігіттері қарауытқан қарға сырт киімдерін шешіп тастап, қызып тұрған зеңбіректен бірінен кейін бірі оқ жаудырып, алға жылжыды. Тағы да үш танк, екі бронетранпортер от құшты. Ержүректер бораға оқтың астында қалды, дәл қастарынан снаряд жарылып, айнала отқа оранды, бірақ олар өздерінің теңдессіз соғысын жалғастыра берді. Соның арқасында соғыстан жеңімпаз болып шықты! Бұл шайқаста Федор Кердань мен Рахымжан Тоқатаев тоғыз танк пен төрт бронетранспортерды жойды. Отан бұл ерлікке лайықты баға берді. Тоқатаев пен Кердань 1945 жылдың 29 маусымында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Соғыстан кейін Федор Кердань 1947-жылдың мамыр айында Челябинскінің штурмандар әскери әуе училищесін бітірді. Смоленск, Орша, Бобруйскіде әскери қызметте болды. Әскерден босағаннан кейін 1950-жылы Минск әуежайында жұмыс істеп, кейіннен Ульяновск қаласындағы жоғарғы ұшқыштар мектебіне жіберілді. 1964-жылы денсаулығына байланысты ұшқыштық қызметтен босап, Минскіге қайтты. 1981-жылы денсаулығын түзеу үшін әйелімен бірге Ялтаға көшіп келді. Оның төрт ағасы соғыста қайтыс болды. Баласы және екі немересі Минскіде тұрады. Рахымжан Тоқатаев қазір зейнеткер, Алматы облысының Есік қаласында тұрады.


Мақала кітаптан алынған.
Достанбаев Т.Ш. Жамбылдық жарық жұлдыздар (Жамбылдық Кеңес Одағының батырлары) [Мәтін]: әдістемелік құрал / Т.Ш. Достанбаев. – Тараз: «Тараз университеті» баспасы, 2007.-76б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет