КӘріпжанова айнұр оралқызы фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы



бет1/4
Дата09.06.2016
өлшемі0.49 Mb.
#124434
түріДиссертация
  1   2   3   4
ӘОЖ 81̉ 371 Қолжазба құқығында


КӘРІПЖАНОВА АЙНҰР ОРАЛҚЫЗЫ

Фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы

(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармалары бойынша)

10.02.02 – қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақ филологиясы кафедрасында орындалды


Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Тұрышев А.Қ.

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Қасым Б.Қ.

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Исаева Ж.Т.

Жетекші ұйым: А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты

Диссертация 2010 жылы 3 наурызды сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, кіші конференцзал) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30)

Автореферат 2010 жылы «2»наурызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.С.


КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан да осы бейнелі сөз орамдары әлем тілдерінде кеңінен зерттеліп келеді. Соның ішінде қазақ тіл біліміндегі зерттеулердің негізінде бұл құбылыс жан-жақты қарастырылуда. Алайда, фразеологизмдердің өзіне тән тілдік табиғаты, көркемдік нақышы, коннотациясы, бағалауыштық сипаты әлі де нақтылауды қажет етеді.

Фразеологизмдер коннотациясын зерттеудің лингвомәдени, прагматикалық, стилистикалық аспектілері, фразеологизмдердің тілдік бірлік ретіндегі ерекшеліктерін түсінуге және олардың концепті жасауға қатыса алуына мүмкіндік береді.

ХХІ ғасырда жаңа теориялық-танымдық әдістемеге сәйкес тілді ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмыс-тәжірибелік қызметімен тығыз байланыста қарастыру қажеттілігі туындады. Мұндай қажеттілік тіл білімінде жаңа ғылыми бағыттың және оның негізінде қалыптасқан антропоцентристік парадигманың дамуын талап етті. Осы орайда прагмастилистика қазіргі тіл білімінде және фразеологияда жаңа бағыт ретінде өзінің қалыптасу кезеңінде тұр. Оның зерттеу нысаны, теориялық принциптері мен ғылыми әдістері фразеологизмдерді жан-жақты зерттеуді талап ететін сан-салалы мәселелерді көтереді. Себебі прагмастилистика өзінің зерттеу объектісінің көп қырлы аспектісіне байланысты прагматика, коммуникативтік лингвистика, психолингвистика, мәтін лингвистикасы, лингвистикалық поэтика, логика, когнитивтік лингвистика сияқты тіл білімі салаларының зерттеу мәселелерін өзара байланыстырады. Фразеологизмдер өмір, қоғам, адамның әр алуан қасиеттерін танымдық тұрғыда тұжырымдауға негіздейді. Олардың көркем әдебиеттегі қолданысы әр ақын-жазушының халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік қолтаңбасына байланысты болса, екіншіден, сол дәуір, кезең, қоғам тынысын, адамдардың әлеуметтік жағдайын көрсетумен жиі қолданысқа түседі. Осы тұрғыда фразеологизмдер поэтикалық құрал ретінде автордың шығармашылық даралығын, дүниетанымын, көркемдік әлемін көрсетеді. Фразеологизмдердің бейнелілік қуаты, стилистикалық әсері, прагматикалық ықпалы күшті тілдік тәсіл болғандықтан кез келген мәтінде стилистикалық категориялардың жиынтығын құрайды. Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілге өткірлік сипат береді.

Көркем шығарма авторлары жалпы халықтық тілдің фразеологиялық құрамынан қажеттісін ала отырып, оларды мүмкіндігінше түрлендіріп пайдаланады, өзіндік қолтаңбаларын да жасайды. Сондықтан Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді, яғни қазақ тілі фразеологиялық қорына қосылуға толық әлеуеті жететін рухани құндылыққа ие мағыналық бірліктерді стилистикалық, бағалауыштық, экспрессиялық, эмоциялық мән туғызу қасиеттерін танымдық тұрғыда анықтау, Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді тіл білімінің жаңа бағыттары – прагмастилистика, когнитивтік лингвистикамен ұштастырып қарастыру аталған жұмыстың өзектілігін құрайды.



Зерттеу нысаны. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдер, олардың коннотациясы және танымдық, прагматикалық, стилистикалық болмысы диссертацияның негізгі зерттеу нысаны болып табылады.

Зерттеу дереккөздері: М-Ж.Көпейұлы. Таңдамалы шығармалары. 1,2 томдар. -Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005.; Көп томдық шығармалар жинағы, 1-13 томдар. -Павлодар «ЭКО» ҒӨФ, 2003-2008.

Зерттеудің мақсаты: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдер коннотациясын прагматика-когнитивтік және прагматика-стилистикалық аспектілер тұрғысынан анықтау.

Зерттеудің міндеттері:

- фразеологиялық коннотация ерекшеліктерін айқындау; тіл мен мәдениеттің белгісі болып табылатын фразеологизмдер семантикасындағы бағалауыштық рөлді анықтау;

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы фразеологизмдеріндегі концептілердің танымдық ерекшелігін көрсету;

- Мәшһүр Жүсіп фразеологизмдеріндегі ұлттық стереотип көріністерін дәйектеу;

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы символдық мәні бар компонентті фразеологизмдер коннотациясына анализ жасау;

- Ақынның көркемдік, экспрессивтік айту мәнері, адресаттың қабылдауына арнайы стилистикалық тиімді әсер ету үшін қолданылатын безендіруші стилін анықтау.



Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне орай түсіндіру, сипаттама, салыстыру, интерпретациялық талдау, концептілік талдау әдістері қолданылды.

Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеу жұмысында тіл ғылымының іргелі зерттеулері, соны бағыттары мен жаңалықтары негізге алынды. Жұмыстың ғылыми негіздері ретінде шетел ғалымдарының еңбектерімен бірге А.Байтұрсынұлы, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, Г.Смағұл, Н.Уәли, Б.Қасым, Г.Қосымова, Р.Авакова, Д.Әлкебаева және т.б. зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тіліндегі фразеологизмдердің мағыналық құрылымындағы стилистикалық, бағалауыштық, экспрессиялық, эмоциялық мән туғызу қасиеттері анықталды;

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологиялық коннотация прагматика-когнитивтік және прагматика-стилистикалық аспектілерде, олардың ішкі құрылымы мен мағынасы әлемді бірбүтін дамудың орталығы деп танитын мәдениетпен байланысты қарастыру арқылы анықталды;

- фразеологизмдер коннотациясындағы концептілердің ұлттық-мәдени сипаты танымдық тұрғыдан талданды;

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тіліндегі фразеологизмдердің символдық, бағалауыштық коннотациялары ассоциативті-бейнелі ойлауының нәтижесі ретінде танылды.

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу жұмысында алынған нәтижелер қазақ тілі стилистикасы, көркем шығарма тілін талдау, когнитивтік лингвистика туралы теориялық мәселелерді тереңдете қарастыруға көмектеседі. Сондай-ақ жұмыс тілдің лингвопоэтикалық құралдарын зерттеуге, функционалды стилистиканың дамуына қосылған үлес болып табылады және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының поэтикалық мәтіндеріне құрылымдық-мәтіндік сараптама жасауда алғашқылардың бірі болып саналады.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Көркем мәтін лингвистикасы, стилистикасы, когнитивтік лингвистика бойынша оқылатын дәрістер және арнайы курстар мен семинарларда, ғылыми-зерттеу жұмыстарында көмекші құрал ретінде пайдалануға болады. Диссертация материалдары сөз зергерлері тілін және жалпы көркем мәтінді зерттеуге арналған ғылыми базаның кеңеюіне ықпалын тигізеді; аталған жұмыстың әдістері мен нәтижелері көркем мәтінге лингвистикалық талдау жасауға негіз болады; жұмыстың нәтижелері қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бағдарламалар мен оқулықтарын құрастыру барысында қолданымға түсе алады.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- фразеологизмдердегі философиялық, психологиялық, діни, қоғамдық-әлеуметтік мән-мазмұнмен толыққан концептілер жүйесі арқылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармашылығындағы дүние бейнесі анықталды;

- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологиялық коннотация прагматикалық, бейнелеуіштік, символдық, бағалауыштық қызметтерімен ерекшеленеді;

- зерттеу объектісіндегі фразеологизмдердің символдық коннотациясы соматикалық атаулар, жан-жануар, түр-түс атаулары, сан атаулары негізінде көрініс тауып, олар мәтінде белгілі бір қосымша стилистикалық жүк арқалап, сонымен қатар халықтың дүниетанымы, мәдениеті, тарихы т.б. жөнінен мол мағлұмат бере алатын лингвомәдени тілдік бірліктер болып табылады;

- Мәшһүр Жүсіп фразеологизмдері діни нақышы басым коннотациялық жүйе ерекшелігімен танылады;

- Мәшһүр Жүсіп туындыларында кеңінен қолданылатын метафоралық тіркестер, эпитет, теңеулерден болған фразеологизмдер арқылы қалыптасқан коннотациялық жүйе көркем поэзия тілінде прагматикалық үстеме мағына таныта келе, шығарманың эстетикалық құндылығын арттырады, автордың көзқарасын танытып, дүниенің ассоциативтік бейнесін көрсетеді.



Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының нәтижелері: «ІІІ Мәшһүр Жүсіп оқулары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2003); «ҮІ Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2006); «ҮІІ Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2007); М-Ж.Көпейұлының 150-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2008); «ІХ Сәтбаев оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2009); «Ұлттық құндылық, әлемдік өркениет» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2009); «ІІІ Торайғыров оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2009); «Мәшһүр Жүсіп мұрасы: таным және тағылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Павлодар-2009); «Жаһандану жағдайындағы тілдердің дамуы мен қазақ тілінің көкейкесті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Павлодар-2009) баяндалды (9 мақала). 4 ғылыми мақала ПМУ Хабаршысы, №1 (2009); Әл-Фараби атындағы ҚазМУ Хабаршысы, №3 (2009); «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №5 (2009); ПМУ Хабаршысы, №3 (2009) ғылыми басылымдарында, сонымен қатар «Мәшһүр тағылымы» ғылыми жинағында жарық көрді. Барлығы 13 мақала жарық көрді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертациялық жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың жалпы сипаты, зерттеу нысаны, өзектілігі, негізі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар мен зерттеу жұмысының жариялануы туралы мәлімет беріледі.

Жұмыстың бірінші бөлімі «Фразеологиялық коннотацияның прагма-когнитивтік аспектісі» деп аталады. Мұнда фразеологизмдердің тілдік табиғаты анықталады және фразеологизмдер коннотациясындағы концептілердің ұлттық-мәдени сипаты танымдық тұрғыдан талданады. Сөз мағынасы мен ұғымға тән мәселелерді анықтау адам ойы, таным, қиял шарықтау деңгейімен байланысты екенін қазіргі когнитивті лингвистика дәлелдесе, прагматика оны танымдық-көркемдік тұрғыдан әсерлеп жеткізе білуді көрсететіні айқындалады.

1.1 Фразеологизмдердің лингвистикалық табиғаты

Тараушада фразеологизмдердің тілдік табиғаты, фразеология теориясына, фразеологизмдерді кең және тар мағынада түсіну принциптеріне қатысты зерттеулерге және тілші ғалымдар І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Сайрамбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қасым, Г.Қосымова, Р.Авакова, А.Байтелиев пікірлеріне сүйене отырып, «фразеологиялану» ұғымының мән-мағынасы талданады.

І.Кеңесбаев: «Фразеологизмдердің құрылым жағынан қалыптасып, компоненттерінің тіркесу амалдарында бір заңдылық бар. Өмір талабынан туған фразеологизмдер талай дәуірдің елегінен өтіп, құрамы, жасалу тәсілі жағынан, мағынасы жағынан бір жүйеге түскен»,-дейді [1, 601б.].

Фразеологизмдер кешенді белгілерінің негізінде басқа тілдік бірліктерден ажыратылатын оралымдар болып табылады. Олар тұтасқан күйінде даяр тұрған оралым ретінде, фразеологизм құрамындағы компоненттер бұрыннан тіркесіп қойған қалпында қолданылады, олардың орын тәртібі тұрақты. Десек те, жалпы фразеологизмдердің шыққан тегі сөз тіркестері мен сөйлемдер екеніне ешкім шек келтірмейді. Фразеологизмдердің мағынасы туынды, астарлы, даму барысында семантикалық өзгерістерге түсіп қалыптасқан, олар экспрессивтік қызмет атқарады.

Фразеологизмдердің шығу негіздеріне байланысты төмендегідей пікірлерді айтуға болады:

- фразеологизмдер сөздердің тіркесіп, мағыналық әрі құрылымдық жағынан тұрақтануы негізінде қалыптасады; фразеологизмдердің тууына фразеологиялану процесі себепші болады;

- фразеологизмдерден халық танымын байқаймыз және олар ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жатталып, қолдануға даяр күйінде енетін тілдік құралға айналған;

- фразеологизмдер бейнелі, астарлы ұғымды білдіреді.

Фразеологизмдердің семантикалық мағыналарынан ажырағандықтан деактуализация негізінде лексикалық мағынасы да тұрақсызданады. Компоненттердің семантикалық және грамматикалық деактуализациясы негізінде фразеологизм компоненттері өздерінің бастапқы мағынасынан айырылып, тың мағынаға ие болады. Бұл қағида Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді қарастыру барысында да дәлелденетініне көз жеткіздік.

Мысалы: Көрсетіп әлсіздерге жуан мойын (М-Ж.) дегендегі жуан мойынның номинативтік мағынасы адамның дене мүшесінің ірілігін, үлкендігін білдіретін болса, аталған мысалдағы фразеологиялық мағынасы әлсіз адамдарға күш көрсету, әлімжеттік жасау мағынасында қолданылады. Жуан мойынның номинативтік мағынасы фразеологизм бойында тұрып бастапқы мағынасын бере алмайды. Сондай-ақ,



Қайда тойса қарыны сонда тоқтап,

Бір күн өкше көтерді шаһар жаққа (М-Ж),-

деген мысалдағы өкше көтерді (дене қимылын жасау, яғни аяғын жерден көтеру) номинативтік мағынадағы тіркес пен өкше көтерді (сапарға шығу) ауыспалы мағынадағы фразеологиялық тіркестің беретін семантикасы әр басқа екені байқалады. Келтірілген мысалдардағы фразеологизмдер компоненттері деактуализация негізінде өздерінің бастапқы лексикалық мағыналарынан айырылған, яғни фразеологиялануға ұшыраған.

Зерттеу барысында дереккөз ретінде жинақталған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдерді сараласақ, еркін сөз тіркестерінің тұрақты тіркестерге ауысқанын байқаймыз. Сондықтан ақын қолданысындағы фразеологизмдердің аражігін төмендегідей тарқатуға болады:

1. Номинативтік тіркестер. Дарханына Құдіреттің қол қусырды; Және де қолы ашық, намазы көп; Молайып төрт түлігі санға жетсе; Тура жол түзу бастар оңған жаққа; Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін; Аударып ақ пейілін бұзықтыққа.

2. Фразеологиялық бірліктер. Нәрсені мойнына алды жетпес күші; Қандырады о дағы құлақ құрышын; Құр алақан жалғаннан өттің босқа; Бой тоқтатып, өз аузын баға алмайды.

3. Мақал. Дүниенің ең аяғы бір тиын ғой; Еңбексіз халал емес ішкен ас; табанды айтқан жолдан біз тайдырсақ, түбінде жібермес деп тұз бен наны; Жаманнан бөз қалады, жақсыдан сөз, Дүниенің келуі оңай, кетуі тез; Бір татқанға қанағат қылған жандар Тәңір алдына көркейіп мәз боп барған; Ай – кірсіз, Құдай – мінсіз демеді ме.

4. Мәтел. Шара не басқа түссе, пенде көнбей; Болат мәтін қанжармен – тесілген тас, «Тесік тас, - деген сөз бар, - жерде қалмас»; Алтынның шыққан жерін белден қаз; Бірдей боп бұ базарда атлас пен бөз; Жаяудан шаң шықпайды, жалғыздан – үн; Болсын да сөзім сырға құлақтыға.

5. Қанатты сөздер (Афоризмдер). Жақсының өзі өлсе де, өлмейді аты; Тойған тоқтық бұзады адамзатты; Бұл дүние жиған жанға - жылан, Көрмеген ешкім опа мұнан; Есті адам – қанағатты, Қанағатты адам тиянақты, Тиянақты адам көнтерлі, Көнтерлі адам қайғысыз, Қайғысыз адам бақытты, Ендеше есті адам бақытты болады; Не нәрсе парыз болса – ғылым парыз, Ғылым білсең, өтелер қанша қарыз.

Мәшһүр Жүсіптің шығармаларынан алынған жоғарыдағы тіркестерді құрылым мен құрылысы тиянақтылығына, сыңарларының біртұтас мағына беретініне және даяр қалпында қолданылуы белгілеріне қарап, фразеологизмдер деп атауды дұрыс деп есептедік. Бұлай атауымызға қазақ тіл білімінде бұрыннан қалыптасқан ғылыми тұжырымдар арқау болды (І.Кеңесбаев, С.Исаев, Н.Уәли, Г.Смағұлова, Г.Қосымова).



1.2 Фразеологиялық коннотацияның прагматикасы тараушасында фразеологизмдердің семантикалық құрылымындағы коннотация туралы ғылыми тұжырымдар, ұғымдар жүйеленеді. Коннотация мәселелеріне арналған ғылыми еңбектерді қарастыру барысында коннотацияның тіл бірлігіне эмоциялық, стилистикалық рең үстейтіні, кең мағынада коннотация тіл бірлігінің грамматикалық және заттық-ұғымдық мағынасы – денотатты толықтырып, оған экспрессивті рең беретін түрі, ал тар мағынада коннотация – тіл бірлігі мағынасының бір бөлігі, сол мағынаның ассоциативті-бейнелік ішкі тұлғасын түсінуден туындайтын қосымша мағына екендігі анықталды. Сондай-ақ коннотацияның прагматиканың бір мүшесі болып, мағынаға үстеме түрде әсер ете алатындығы, тілдегі экспрессиялық нұсқаны жүзеге асырушы құрал болып табылатындығы және эмоционалдылық, экспрессивтілік, бағалауыштық және образдылық категориялары коннотаттық мағынаның компоненттері болып табылатындығы айқындалды. Коннотация құбылысы адамның психологиялық және тілдік қызметінің көрінісі болуымен қатар аталған тіл білімі теориясымен және психологиямен байланысқа түсе алады және сонда түсіндіріледі. Оған эмоция, экспрессия, бағалау және стилистикалық мән енетіні белгілі.

Фразеологизмдер коннотациясы және оның прагматикасы бір-бірімен өте тығыз байланысты. Прагматиканың басты мақсаттарының бірі – сөздің қолданылу ерекшеліктерін түсіндіру және қалай түсіндірілетінін анықтау. Прагматикалық зерттеу пәні, шекаралары, оның басқа ғылымдармен байланысы, ғылыми бағыт ретінде анықталуы тіл білімінде де үнемі талқыланып келеді. Бұған қатысты мәселелер Г.В.Колшанский, И.Н.Сусов, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова еңбектерінде қарастырылды. Фразеологизмдердің қазіргі зерттелу бағытына байланысты олардың дүниенің тілдік суреті ұғымы арқылы, яғни танымдық тәсілдерді қолдана отырып, олардың тереңде жатқан құрылымдарын зерттеу, сондай-ақ, тілдің барлық деңгейлеріне енген коммуникативтік-прагматикалық қатынас фразеологизмдердің де қызметі, уәжі және қолданылу мақсатын ашуға негізделгені дәйектеледі.

Тіл біліміндегі прагматика ұғымы туралы тұжырымдардың барлығы әсер ету нәтижелерін талдауға негізделген. Онда адамның, яғни автордың қажетті тілдік бірліктерді таңдаудағы және мақсатқа жету барысында ақпаратты беру қабілетіне ерекше назар аударылады. Прагматика тілдің сөйлесім тәжірибесін халық өмірімен байланыстырып, адамның әлемді қабылдау ерекшеліктерінің когнитивтік базасын, ұлттық-мәдени дәстүрлерін, танымын тануды үйретеді.

Демек, фразеологиялық коннотация прагматикасы – бұл фразеологизмдердегі эмоционалдық, экспрессивтік, бағалағыштық, стилистикалық, ассоциативті-бейнелі компоненттердің ықпал ету, әсер ету қасиеті.

Біз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолданысындағы фразеологизмдер коннотациясын прагматикалық аспектіде қарастырғанда, ақынның коммуникативтік іс-әрекетінде өзінің ниет, пиғылын, аялық білімімен қоса белгілі прагматикалық мақсатқа құрылған ойлау стилі арқылы тілдік таңбаларды таңдай отырып, өз туындысының мағыналық-ақпараттық және эстетикалық мән-мазмұнын ашып бере алатындығына көз жеткіздік. Фразеологизмдер ақынның объективті шындық болмысты қабылдауындағы сезімдік және танымдық іс-әрекетінен туындай келіп, өмір тіршілігінің барлық саласымен ұштасып жататыны анықталды. Осындай фразеологизмдерінен ақынның өмірлік тәжірибесі, танымдық деңгейдегі қорытынды пайымдары байқалады. Мысалы, Дүниеде болсаң жақсы, ат қалады, Ұстадан – тат, молдадан хат қалады («Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді» мақалымен мағыналас фразеологизмінің ішкі формасынан ақынның өмірінен түйген қорытындысы байқалады); Түлкінің құйрығындай бұлаңдатып, Құйрығымен сәлденің тапты малды (Фразеологизм коннотациясынан адамдардың бейнесін ашудағы экспрессивтік, бағалауыштық қасиет байқалады, яғни жиіркену, жақтырмау мағынасы көрінеді); Дүние үшін жанның бәрі қайғы жеген немесе Дүние – бір бұлаңдаған қызыл түлкі (Ақынның эмоционалды күйі фразеологизм мағынасына бойлай еніп, оқырманын да сондай күйге түсуге уәждейді, адамдарда болатын дүниеқоңыздық сияқты қасиетке баға береді. Дүние үшін қайғыру өмірдегі негізгі ұстаным емес екендігін түсіндіреді, дүние – қолдың кірі, бірде бар, бірде жоқ болатынын бұлаң-бұлаң еткен түлкі жүрісіне балап, халық танымына түсінікті, образды түрде жеткізеді.); Қызыл жүз қурай болып келді күзге (Мәтел іспетті бейнелі тіркесінен экспрессивтілік, эмоционалдық байқалады.); Екі дүние – нұры ғылым, Амалдап ұстамасаң, жойылмағы (Аталған фразеологиялық оралымнан эмотивтік сема мен бағалауыштық семаның тығыз байланысты екені байқалады. Мұндағы «нұр» лексемасында әрі эмоция, әрі бағалау мәні бар.); Жатқанмен алтын жерде кір болмайды, Жай тас пен дүрдің құны бір болмайды (Фразеологизмнен астарлы ой байқалады. «Алтын» сөзінен жағымды бағалағыштық коннотация көрінеді және ол «Жай тасқа» жағымсыз бағалағыштық қарама-қарсы мәнде алынып, адамға қатыстырыла айтылғаны айқын.). Осы фразеологизмдерден бағалауыштықты, экспрессивтілікті, эмоционалдықты, ассоциацияны анық байқаймыз. Олар коннотацияның компоненттері екені белгілі.

1.3 Фразеологизмдердің когнитивтік интерпретациясы

Когнитивтік лингвистика – адам дүниетанымы туралы ғылым. Адамның когнитивті дүниесі оның ойлау әрекетінен көрінеді десек, сол әрекетті танытатын негізгі белгі – оның тілі болып табылады. Көркем шығармадағы тілдік жүйенің құрылымын, ұлттық тілдің табиғатын танудың жолы – тілдік таңбаларды, оны құрайтын элементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы – ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен байланыста қарау болмақ.

Тілдік таңбаның ерекше түрі болып табылатын фразеологиялық бірліктерде ұлттың мәдени жемістері, яғни халық ауыз әдебиеті, діни философиясы, салт дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мифологиялық дүниетаным көздерінің іздері жатыр. Осыған байланысты көркем әдебиеттегі фразеологизмдер, оның концептуалдық өрісін қарастыру тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Тілдік бірліктерді антопоцентристік парадигма тұрғысынан қарастыра отырып, көркем шығармадағы тұрақты тіркестердің семантикасынан ұлттың мәдени болмысы мен ойлау жүйесін, қоршаған дүниені қабылдаудағы ұлттың менталдық ерекшелігін, қазақ халқының салт-дәстүрін айқын аңғаруға болады. Көркем шығармадағы фразеологизмдерге концептілік талдау әлемнің тілдік бейнесі туралы білімді анықтау үшін қажет. Концептіде әрбір тілдік тұлғаның мәдени деңгейі іске асады, ол концептінің өзі сөзде ғана емес, сөз тіркестерінде, мәтіндерде жүзеге асырылады.

Осы орайда Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы фразеологизмдерді қарастыра отырып, халық дүниетанымы мен ақын дүниетанымын бірлікте айқындау және ақынның тілдік бірліктер арқылы оқырманға беретін пайдалы ғибраттарын ашу арқылы фразеологизмдердің авторлық дүниені қалыптастыратын көркем сөз атрибуты екендігін көрсету негізге алынады.

Қазақ тілінің тілдік әлем бейнесінің ерекше сегменттерінің бірі – махаббат концептісі. Аталған концептінің поэзия тілінде кеңінен қолданыс табуы оқырмандардың да әлемдік тілдік бейнесін құруына негіз болады.

Мәшһүр Жүсіптің махаббат жөніндегі таным шеңбері діни ұғым түсініктерімен астасып жатыр, ол ақын қолданысындағы фразеологизмдерді талдау барысында анықталды.



Махаббат – сәулесі зор, Құдай нұры,

Көрген жан сол сәулені қалмас құры.

Мәшһүр Жүсіп махаббат ұғымының кең екенін аңғартады. Ол махаббат концептісін ер адам мен әйел адам арасындағы сүйіспеншілік сезім ретінде түсіндірмейді. Ақын танымындағы махаббат – Аллаһ Тағаллаға, яғни Жаратушыға сүйіспеншілігі, іңкәрлігі.

Ақын дүниетанымы бойынша махаббат иесі – Алла, Алла шүбәсіз, дүниедегі бардың есімі. Сондықтан да ол өлеңдерінде адамдарды Аллаға құлшылық етуге шақырады, оның қайтарымы болатынын насихаттайды. Мысалы, Шын ниетпен бір Аллаға құлшылық қыл, Түзу түс алдыңдағы жолға таман; Тағат қыл бір Аллаға ақ ниетпен, Бұл күнде түк болмайсың жүрген бетпен; Болады кімге залал, кімге пайда, Әр істің ықтияры бір құдайда; Бір адам қылар қияс шариғатқа, Құранға, қарамайды жазған хатқа. Осындай қисық сөзден бойыңды тарт, Алланы ұқсатпаңыз ешбір затқа; Бір Алла діліне алмай, фазылына алсын, Жұмақты біз ғаріпке қылсын несіп; Махаббат күннен-күнге артады екен, Оралып шырмауықтай тартады екен. Басқаны бір Құдайдан сүйгендіктен, Бір залал ақырында тартады екен және т.б.

Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы бір Алла фразеологизмі қатысқан өлеңдерін сараптай отырып, төмендегідей ойтүйін қалыптастырамыз: ақын дүниетанымы бойынша әлем мен Алла ұғымы бірлікте жүреді. Бұл екеуі бір ғана мәннің шеңберінде топтасқан дүниелер. Дүние бір қалыпта тұрмайды, ол өзгеріп отырады. Өзгермейтін – жалғыз Алла дегенді ақын философиялық тұрғыдан басып айтады. Сондықтан да Аллаға деген махаббаттың шексіз болуы заңды құбылыс. Мәшһүр Жүсіп ұғымы бойынша Алланы сүю адамның жеке басындағы асыл қасиеттерді қастерлеу, адамгершілікті негізгі қағидаға айналдыру. Алланы сүю – ізгілікке байланысты жол. Ақынның тұжырымы бойынша, махаббат – Алланың қасиеті, құдіреті, қуаты, рухы. Алланы сүю арқылы, оның сүйген құлы – Адамды сүюге шақырады, имандылықты, мейірбандылықты, биік адамгершілікті күйттейді.

Сол сияқты ақын шығармаларындағы өмір концептісіне келетін болсақ, төмендегідей фразеологизмдердің қатысуымен дәйектелгені анықталды: Жалған дүние кеткен соң көзді жауып; Жарық дүниежалғанға келген шақта; Сұм дүние әуре қылған жұрттың көбін; Адамды жас күнінде алдайды екен, Батшаған сұм дүниенің көп апаты; Біз келдік сұм дүниеге қайдан туып, Мұздаған әлдеқашан көңіл суып; Баянсыз өтірікші дүние пәни, Көп жасап, өлмей кеткен бар ма, қане, ей?!.

Адам тіршілігінің шектеулі екендігі, фәнидің жалғандығы, дүниеде мәңгілік ештеңе жоқтығы, қамшының сабындай қысқа өмірді мәнді өткізу, күліп-ойнап, дүниенің қызығын көру керектігін баяндайды. Бұл өмір – мәңгілік мекеніне қарай жолаушылап бара жатқан адам баласының бір аялдамасы ғана. Ислам діні мұсылмандардың осы сапар барысында бұл өмірге және осы өмірдің ләззаттарына алданып қалмай, ақыретке және ақыретте оңды жетістікке жетелейтін негіздерге көңіл аударуды бұйырады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Сіз бұл өмірді қалайсыз, алайда ақырет өмірі одан да жақсы, әрі мәңгі» (Ағла сүресі, 16) немесе «Мына өмір тек қана бір ойын мен көңіл көтеру ғана, ал ақырет болса, ол – нағыз өмір» (Анкәбут сүресі, 64), - делінеді. Мәшһүр Жүсіп өмір концептісі бойынша идеяларын Құран сүрелерімен сәйкестендіреді.

Поэтикалық мәтінде концептілер дүние құндылықтарын танытады: санадағы ұғымды бейнелейді, тіл арқылы объективтенеді ұлттың мәдени болмысы мен менталитетін көрсетеді, әрбір ұлттың танымдық белгілерінің мазмұнын береді. Фразеологизмдер қатысқан суреттеулер арқылы ой бейнелі шығады. Мәшһүр Жүсіптің тілдік тұлға ретіндегі дүниеге деген көзқарастарын, тілдік құрылымын қарастыра отырып, оның өзіне тән даралық стилі ажыратылды. Ақынның шығармаларындағы фразеологизмдерде діни дүниетанымдық түсініктер мол қамтылған. Ақын қолданысындағы фразеологизмдерді саралай отырып, автордың поэтикалық санасының бірлігі іспетті индивидуалды-авторлық концептілері анықталды және олар діни ұғымдармен астасып жатқандығы байқалды.

Фразеологизмдер мағынасына интерпретациялық талдау жасау барысында: 1) әлем, дүние туралы ақпарат алмасу жүзеге асады; 2) құбылысқа баға беріліп, ол қабылданады; 3) фразеологизм коннотациясының әсер етушілік қабілеті айқындалады; 4) автор қолданысындағы фразеологизмдер оқырманның эмоцияналдық қарым-қатынасын туғызуға уәждейді.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет