Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
мемлекеттік университеті
Әбдіраманова А.Т.
Кәсiпкерлiк мәдениеттің қалыптасуындағы
этика мен нарықтық құндылықтардың ерекшеліктері
Қазақстан Республикасы тәуелсiздiк алғалы берi жиырма жыл бойы егемендi, демократиялық, әлеуметтiк, құқықтық және азаматтық қоғамы мен нарықтық қатынастары бар мемлекет құру жолында өтпелi дәуiрге тән реформаларды жүргiзiп келе жатқаны белгiлi. Бұл реформалар қоғамның бүкiл саяси-әлеуметтiк және рухани қырларын тұтастай қамтып отыр. Осы қоғамдық болмыстың үлкен бiр саласы болып табылатын экономикада нарықтық қатынастар батыстық түбiрдегi жаңашылдықтың бiрi ретiнде өмiрге ендi. Бизнес пен кәсiпкерлiктiң, ақша мен капиталдың өмiрге енуi әлеуметтiк және мәдени салада қарама-қайшылықтар тудырып отыр. Бұл, ең алдымен, ''индустриялық нарықтың қазанында қайнай қоймаған дәстүрлi ұлттық мәдениеттер үшiн'' нарықтық құндылықтардың тосындығымен түсiндiрiледi. Халқымыз кәсiпкерлiктi ''пысықайларға'', ''сарттарға'' тән құбылыс ретiнде жақтырмаса, кеңес дәуiрiнiң өзiнде де ол ''саудагерлiк'' кеңес адамына жат қылық ретiнде айыпталатын. Екiншiден, бiздiң елiмiздегi кәсiпкерлiктi дамытудың саяси-құқықтық және идеологиялық негiздерiнiң әлi де болса жетiлмегендiгiмен сипатталады. Бұл мәселе, әрине, батыстық кәсiпкерлiк мәдениеттiң қалыптасуын, оның дүниетанымдық түбiрiн пайымдауды қажет етедi және бүгiнгi күнi өзiнiң көкейтестiлiгiмен көзге түседi.
Ғасырлар бойы мораль пайдаға қарсы тұратын сана ретiнде сипатталып келдi. Әдетте альтруистiк сипатта болатын қайырымдылық табысқа жете алады ма? Көптеген этикалық әдебиеттерде сынға ұшырайтын утилитаризмдi (латынша- utilitas-пайда, немесе бағытқа жетуде алдыңғы орынға пайдалылық принципiн қоятын этикалық доктрина) терiске шығару қаншалықты дұрыс негiзделген ?
Бұл моральмен бiте қайнасып келе жатқан дәстүрлi этикалық тақырып болып саналады. Адамзат тарихында мораль кәдуiлгi өмiрге оппозиция ретiнде, яғни адамның табыс, ләззат, байлық, билiк туралы ойлай отырып, өзiнiң өмiрлiк қажеттiлiктерiн өтеу ұмтылысына қарсы құндылықтар мен нормалар жүйесi ретiнде түсiндiрiлiп келедi. Алайда бұл әлемдiк этика үшiн дәстүрлi тақырып болғанымен, кеңестiк әдебиетте жабық тақырып болды. Бұл мәселеге қатысты жазылған аз ғана жұмыстардың өзi классикалық утилитаризм өкiлдерiнiң көзқарастарын, пайдалылық принципiне негiзделген ХҮII ғасырдың аяғы мен ХIХ ғасырдың басындағы ағылшын философтары И. Бентам мен Дж.С. Милльдiң этикалық концепцияларын жаппай сынаумен ғана шектелдi.
Ал кеңестiк жүйенiң құлап, қоғамның қазiргi әлеуметтiк жаңаруы тұсында, ескi шаруашылық-экономикалық тетiктердiң бұзылып, жаңа нарықтық қатынастар өмiрге енген тұста экономикалық тұрғыдан тиiмдi, пайдалы құндылықтар моральдық тұрғыдан да ақтала бастады. Қалыптасқан дәстүрлер аясындағы бiздiң қоғамдық санамыз үшiн бұл батыстық қоғамға тән феномен тарихи-философиялық-этикалық қызығушылыққа айналды. Батыс үшiн бұл дәстүрлi этикалық тақырып өтпелi кезеңдi бастан кешiрiп отырған бiздiң қоғамымыз үшiн өзектi әлеуметтiк-этикалық, саяси-экономикалық мәселеге айналып шыға келдi.
Әдетте ғылымда „ізгілік және пайда” мәселелерінің арақатынасында „және” сөзі ажыратушылық мағынада қолданылады: мұнда әлеуметтік-практикалық, жүріс-тұрыстық алшақтықтар ескеріледі. Ал қарапайым әңгімеде бұл екі ұғым синонимдер ретінде пайдаланылады: ізгілік адам бойындағы жақсылық қасиеттерді, жағымдылықты, қажеттілікті білдіргенімен, пайда да адамға жақсылық, бақыт әкелетін игілікті білдіреді. Демек, ізгілік те, пайда да қалыпты әлеуметтік құндылықтар ретінде қарапайым кәдуілгі санада дифференциалданбаған синкреттік күйінде қабылданады. Бұл осы мағынада кейде теория саласына да өтіп кетеді.
Ал философияда болса, құндылықтарды бөліп қарастыру үрдісі айқын аңғарылады. Аристотельдің өзі әртүрлі игіліктерді тізіп шығумен шектеліп қана қоймай, өзінің „Никомах этикасы” еңбегінің негізгі өзегін жай ғана игілік емес (to agaton), ең жоғарғы игілік (to ariston) құрайтындығын айтады [70, 55 б.]. Игіліктердің айырмашылығы мен субординациясы тұрғысында адами әрекеттің әртүрлі қырлары, оның ішінде құндылықтық санада „ізгілік” пен „пайданы” білдіретін моральдық және утилитарлық қырларында қарастырылады. Кәдуілгі тілде „утилитарлық” пайда деген мағынаны білдіреді. Алайда этикалық қырында ол өзге мағынасымен де көрінеді: утилитаризм - пайда принципін, бақыттың, көп адамдардың бақытының принципі ретінде алға тартатын этикалық доктрина. Осылайша, нормативтік-этикалық тұрғыда бұл - моральдың альтруистік доктринасы. Және сондықтан да этикалық утилитаризмнің жақтаушылары өз „ілімдерін” тұрмыстық меркантизм рухында ұғынушыларға және оны моральдық тұрғыда бұрмалағандарға принципалды түрде қарсы шықты [1].
Мораль әлеуметтік-утилитаристік қатынастар әлеміне оппозиция ретінде пайда болады. Тарихи тұрғыда әуел бастан ол өзін адамдар арасындағы табиғи ынтымақтастық пен органикалық тұтастықтың жойылуын сезіну ретінде байқалды. Бұл жойылып кеткен тектің тұтастығына деген сағыныш, адамдар арасындағы қарым-қатынастың ашықтығы мен тазалығына, тұтастығына ие болуға деген үміт. Соған сәйкес моральдың императивті адамдар арасындағы бірлік идеясы (бұл кейбір діни және философиялық ілімдерде адамзаттың тұтастығы идеясы формасына ие болады), теңдік пен тұтастық идеясы түрінде көрінеді. Бұл идеялар өзінің басымдылығын (императивтілігін) тек тұтастық пен теңдіктің нақты бұзылған жағдайында ғана, партикуляризация (оқшаулану) мен әлеуметтік агенттердің (индивидтердің, отбасылардың, ал кейін кәсіби және әлеуметтік топтардың) өзара бөлектенуі және соған сәйкес қоғамның әлеуметтік дифференциациясы (теңсіздігі) жағдайында ғана көрсете алады. Бұл құбылыс, әрине, алғашқы қоғамнан ерте таптық мемлекеттік бірлестіктерге өту барысында орын алады. Моральдың пайда болуы адамдар әрекетін реттеудің ерекше механизмінің қалыптасуымен (кеңестік әдебиетте, әсіресе О.Г. Дробницкий мен А.А. Гусейнов атап көрсеткендей) ғана, адамдардың белсенділігін өзге адамдарға көңіл бөлуіне, оларға қамқорлығына бағыттауға арналған арнайы құндылықтық бағдарлардың қалыптасуымен де сипатталады. Моральдың бізге белгілі бастапқы формалары - адамгершіліктің алтын қағидасы („өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама”) немесе сүйіспеншілік өсиеті („Жақыныңды өзіңдей жақсы көр”), немесе „таспен ұрғанды аспен ұр” императиві (бұйрығы) моральдың дәл осы бағытын бейнелейді. Бұл жағдайларда бұйрықтың бастапқы объекті оқшауланған, өзіндік кемелденген индивид болса, ал бұйрықтың нәрсесі адамдардың арасындағы өзара түсіністікке негізделген қажетті, керекті, талап етілетін байланыс.
Бұл түсініктегі мораль - адамдар арасындағы қатынастарды ұйымдастырудың тәсілі емес, әлеуметтік реттеудің немесе белгілі бір функционалдық белгілерге ие әлеуметтік бақылаудың формасы емес. Бұл адамдар арасындағы өзара қатынастардың белгілі бір стандарты мен үлгісі. Бұл идеал немесе моральдың стандарты бүкіл адамзат (көбіне европалық) тарихы арқылы өтеді, ал ХХ ғасырда қиратушы жойқын әлемдік соғыстар мен ядролық қауіп-қатердің нәтижесінде интернационалданды.
Демек, ізгілік ұғымын оның идеалға қатынасындағы әлеуметтік құбылыстардың жағымды мағынасын бейнелейтін жалпы моральдық-этикалық түсінік ретінде ғана емес, адамдардың қылықтары мен қоғамдық қатынастарында іске асқан адамгершілік ретінде де анықтауға болады.
Адамзаттың бірлігі идеясы моральдың квинтэссенциясын құрағанымен жоғарыдағы анықтама оның толық мазмұнын қамтымайды. Адамгершілік идеал әртүрлі альтуристік әрекеттерде, сүйіспеншілік пен достық этикасына негізделген моральдық бағдарламаларда практикалық тұрғыда іске асады. Сүйіспеншілік пен достық белгілі бір дәрежеде осы идеалдың бейнесі бола алады. Алайда бөлектенген әлемде бірлік, теңдік және туыстық идеяларын тарихта жеке, партикулярлық мүдделердің тасымалдаушылары болып табылатын әр түрлі әлеуметтік агенттермен қабылданады, негізделеді және түсіндіріледі. Маркстік этиканың негізін құрайтын және көптеген социологиялық этикалық теорияларда әртүрлі нұсқаларда молынан ұшырасатын моральдық таптық концепциясы моральдың дәл осы қырын бейнелейді. Соған сәйкес біз тарихта да, әрбір қоғамдық жүйеде де қанша әлеуметтік агент (субъект) болса, моральдың сонша түсіндірмесін табамыз; және тек осы мағынада ғана мораль тарихи өзгермелі болып табылады.
Әлеуметтік анықталған адамгершілік жүйеде екі үрдісті аңғаруға болады. Біріншіден, әрбір әлеуметтік агент моральдық тұтастық түсінігі мен оған жету жолының өзіндік ұғымын ұсынады. Адамгершілік өсиеттер бейнеленетін жалпы форма осы интенцияны білдіреді. Екіншіден, адамгершілік шеңберінде әлеуметтік-таптық мүдделердің моральдық идеалға апелляциясы арқылы ақталуы жүзеге асады. Тарихи аренаға шыққан әрбір тап жер бетінде кемелденген патшалықты орнатуда мессиандық (құтқарушылық) рөлге ұмтылады және бұл өз мүдделерін іске асырумен қоса таңады. Таптық жүйе моральдарының апологеттік сипаты осыдан туындайды. Осылайша олар антагонистік идеологиялық жүйелерді білдіреді және өзінің осы болмысында моральдың негіз құраушы идеясы ретіндегі адамзаттың бірлігін бұзады.
Моральдың тарихилық тегінен басқа индивидуалдық та көзі бар. Адамдар арасындағы қатынастардың тұтастығының тәжірибесін әрбір адам өркениеттің тарихи шеңберінде өзекті түрде, индивидуальдық тәжірибе ретінде қабылдайды. Әңгіме қандас-туыстық байланыстар да, ең алдымен ана мен нәресте арасындағы қатынастарда болып отыр. Бұл жерде альтруизм мен өзін құрбан ету айқын көрінетін тек ананың балаға қатынасы ғана емес, эгоизммен сипатталатын баланың анаға қатынасы да маңызды. Нәрістенің қажеттіліктері әдетте, ешқандай мүддесіз, балалықпен өтеледі. Атақты психоаналитик Э. Фромм негізгі моральдық стеротиптерді осы үлгіден, осы стандарттан әкеліп шығарады [2, 443-482 бб.].
Пайда ұғымы да құндылықтық санаға жатады, бірақ ол қандай да бір мүдделерге қатынастағы әлеуметтік құбылыстардың жағымды мағынасын бейнелейді. Классикалық тарихи-философиялық дәстүрге сүйеніп, пайдаға мынадай анықтама беруге болады: пайда - бұл берілген мақсаттарға жетуге жарамды құралдардың сипаттамасы [3]. Егер адам мақсат ретінде ойластырылған нәтижеге жету барысында қажетті құралдарды орынды пайдаланса және сол нәтижеге жетсе, әдетте оның әрекетін табысты деп атайды, ал егер бұл нәтижеге барынша аз шығынмен жетсе, оның қимылы мен қолданған құралдарын тиімді деп атайды. „Пайда”, „табыс”, „тиімділік” ұғымдары практикалық (грекше praksis - әрекет, практика) ойлаудың негізгі түсініктері. Мұны арнайы қолданбалы ғылым - праксеология зерттейді.
Алайда пайданың екінші қыры бар екендігін ұмытпаған жөн. Егер пайданың қандай да бір мүдделерге қатысында анықталатынын ескерсек, онда оның ішкі мәні мақсат ретінде өтелетін мүдделердің сипатына қарай ерекшеленеді. Мысалы индивидтер мен топтардың жекелеген мақсаттары өзге агенттердің мүдделері есебінен жүзеге асуы мүмкін. Сондай-ақ индивидтер мен жалпы мүдделерінің өтелуі өзгелердің мүддесін қайшы келуі мүмкін. Алайда бұл арам пиғыл емес, жүйенің кемшілігі ретінде бағаланады. Сол сияқты топтар мен қоғамның мүддесіне жеке пайда ретінде де, жалпы игілік ретінде де бағалана алады.
Осы жерде, жалпы пайда жалпы игілікке жатқызылса, пайда мен ізгілікті бөліп қарастырудың қандай қажеттілігі бар деген сұрақ туындайды. Кезінде И. Бентам қарсыластарымен пікірталастыра отырып, былай деген: „ізгілік пайдаға еш қарсы келмейді, мүдделер әртүрлі болатындықтан ізгілік үлкен мүдде үшін кіші мүддені құрбан етуді білдіреді” [4, 21 б.]. Бұл идеяны ХІХ ғасырдағы орыс ойшылы Н.Г. Чернышевский онан ары жалғастырды: Үлкен ләззат пайда, ал тұрақты пайда жақсылық - бұл пайданың ең жоғарғы деңгейі сияқты, өте пайдалы сияқты [5, 248-249 бб.].
Утилитаризмнің осы логикасы түсінікті болғанымен ол онан ары талдауды қажет етеді. Пайдалы іс-әрекетті тек праксеология ғылымы ғана емес, келесі бір қоғамдық ғылым - саяси экономия да зерттейді. Онда пайдалылық белгілі бір қажеттіліктер мен мүдделерді өтеуге қабілеттілік тұрғысынан алғандағы заттар мен қызметтердің сипаттамасы, тұтынушы күш ретінде қарастырылады. Алайда саяси экономия тұтынушы құнды оның қоғамдық мағынасында зерттейді, яғни пайдалы нәрселер мен қызметтер өндіруші мен оның отбасының жеке тұтынысы емес, сату үшін (бұл жерде сату мен ақша алу өндірістің басты мақсаты түрінде көрінеді) өндірілетін жағдайдағы тауарлы формада зерттейді. Утилитаристердің тұжырымдарының қаншалықты моральды екендігін мынадай мысалдарымен түсіндіруге болады. Жезөкше мен жәлепхана иесі, саудагер мен наша тасымалдаушы көп ақша төлейтін тұтынушыларды оп-оңай тауып ала отырып, өз қызметтерін ұсынады. Онан да респектабельді бизнестің түрлері бар: экологиялық зиянды техникаларды, темекі өнімдерін, алкогольді сусындарды өндіру. Мұның бәрі социомәдениет, моральдық тұрғыдан алғанда „жалпы игілліке” қайшы келгенімен, едәуір кіріс келтіреді. Демек, мұны былайша түйіндеуге болады: тауарлар мен қызметтерді нарықтық қатынастарға тарту олардың кейбір түрлерінің қоғамның адамгершілік ахуалына зиян келтіргенімен, адам бойында жаман қылықтар еккенімен оны экономикалық тұрғыдан ақтайды.
Осылайша, тұтынушы құндылық түріндегі пайдалылық кейбіреулердің, кейде көпшіліктің, тіпті қоғамның мүдделерін жауап бере отырып, сонымен бір мезгілде моральдық түсініктер мен идеалдарға қайшы келеді.
Сонымен бірге, пайдалылықты саяси-экономикалық тұрғыдан талдау пайдаға бағдар ұстанған адамның өз мақсатын тек қоғамдық қатынастарға қосылып қана іске асыратынын көрсетеді. Егер пайдалылық әртүрлі тауарлар мен қызметтердің сапаларын нарықтық салыстыру процесінде айқындалса, ал адам бұл қатынастардың шеберінде өмір сүретін қатынастарды, қайталана сынақтан өткен жүріс-тұрыс страгетияларын, стандарттар мен ережелерді қабылдауға мәжбүр. Басқаша айтқанда, нарық деп аталатын әлеуметтік кеңістікте құндылық ретінде тек пайда ғана айқындалып қана қоймай, пайдаға ұмтылушы адам да осы кеңістіктегі өз орнын тапқанда ғана әлеуметтік анықталған адамға айналады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Милль Дж.С. Утилитаризм. О свободе. - М., 1966. - 167 с.
2 Фромм Э. Ситуация человека - ключ к гуманистическому психоанализу // Проблемы человека в западной философии. М., 1988. С. - 443-482.
3 Аристотель. Никомахова этика, 1090, 5; Бентам И. Исследование
основах морали и законадательства // Избр. соч. т. 1. Гегель Феноменология духа // Соч. М. 1959. Т. 4. 302 с. ; Хатчесон Ф. Эстетика. М., 1973. - 128 с.
4 Бентам И. Избр. Соч. Т. 1. - 521 с.
5 Чернышевский Н.Г. Избр. Соч. М., 1951. - Т. 3. – С. 348-249.
Достарыңызбен бөлісу: |