КӘСІПОРЫННЫҢ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІГІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ
А.Е. Муханова
э.ғ.к., «Экономика және менеджмент»
кафедрасының аға оқытушысы
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда Мемлекеттік Университеті
Эк-11-1 оқу тобы Оңғарбеков Ғ.
Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі оның өндірістік және өнімді өткізу қызметін басқару жүйесінің нәтижелілігін, жемістілігін анықтайтын қорытынды көрсеткіш ретінде бағалануы тиіс. Мұндай көзқарас нарықтың талаптарына барынша толық жауап беретін кәсіпорынды басқарудың маркетингтік концепциясына негізделген. Бәсекелестік стратегиясын жүзеге асыру барысында кәсіпорынның ресурстарын тиімді шоғырландыруға және нарық пен макроорта факторларын икемді қолдануға мүмкіндік беретін маркетинг құралдарының жиынтығы пайдаланылады[1].
Құрылыс компаниясының бәсекеге қабілеттілігін оның мердігерлік тендерлерге қатысуының нәтижелілігі мен ұтқан тапсырыстарының саны және ақшалай көлемі көрнекі түрде айқындайды. Бірақ, тапсырыс алу оның сапалы орындалуына кепілдік бере қоймайды. Кейбір жағдайларда тапсырыс орындалмай қалуы мүмкін, кәсіпорын дағдарысқа ұшырап, жұмысын тоқтатуы немесе нарықтың басқа сегментіне ауысуы мүмкін.
Нарықтың үнемі өзгеріп отыратын конъюнктурасы, құрылыс компаниясының өндірісі пен өнімді өткізуді басқару жүйесіндегі тәуекелдер мен айқынсыздық дәрежесі жоғары болған жағдайында нарықтағы тұрақты бәсекелестік позицияға ие болудың бірқатар балама шешімдері пайда болады. Осы балама шешімдердің арасынан неғұрлым оңтайлы нұсқасын таңдау фирманы басқарудың барлық қырларын қамтитын көрсеткіштер жүйесін талдауға, меншікті әлеует факторларын кәсіпорынның нарықтағы бәсекелестік жағдайымен икемді байланыстыруға негізделген.
Нақтылы бәсекелестік стратегиясын жүзеге асыру үшін қолданылатын басқарылушы көрсеткіштердің құрамы мен маңыздылығы өзгеріп отыруы мүмкін. Соған қарамастан, кәсіпорын мәліметтерді жинаудың, талдаудың және бағалаудың, сонымен қатар оларды басқарудың барлық сатыларында қолданудың біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысты жүйесін құруға талпынуы керек[2].
Соңғы жылдары Қызылорда облысында да құрылыс өнеркәсібінің қарқынды дамуы байқалады. Тұрғын үй қоры регистрінің мәліметтері бойынша, Қызылорда облысындағы тұрғын үй қорының жалпы ауданы 9 992 806 шаршы. метрді құрайды, оның ішінде Қызылорда қаласында - 3 316 600 шаршы м. және ауылдық жерлерде - 6 676 206 шаршы м.. Көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесіне 1636 176 шаршы м. немесе 16,5%, жеке меншіктегі тұрғын үйлердің үлесіне – 8 346 630 шаршы м. немесе 83,5%-ы тиесілі [3].
2006-2010 жылдар аралығында облыста жалпы ауданы 766 732 шаршы м. тұрғын үй пайдалануға берілген, оның ішінде: 2008 жылы – 164 284; 2009 жылы – 220 431; 2010 жылы - 225 112 шаршы метр [3]
Құрылыс саласын онан әрі дамыту бағытында облыс көлемінде төмендегідей шараларды жүзеге асыру белгіленген;
- Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында күйдірілген қыш өндіруші зауыттар салу;
- Қазалы ауданындағы кірпіш және темір-бетон бұйымдарын өндіруші зауытты өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында техникалық толық қайта жарақтандыру;
- облыс көлемінде 2004-2010 жылдарда іске асырылуы тиіс құрылыс материалдарын өндіру бойынша инвестициялық жобалардың толық жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды жұмыстар жүргізу.
Өнеркәсіп саласында 774,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің дамуында өсу қарқыны байқалып, 2009 жылмен салыстырғанда 48,6 пайызға артып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 251,3 млрд.теңгені құрады немесе 2009 жылмен салыстырғанда 40,6 пайызға артып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 0,3 пайызға артып отыр. 251,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазақстанның индустрияландыру Картасына облыстан құны 45 млрд.теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба енгізілді, атап айтқанда республикалық картаға – 27,6 млрд.теңгенің 3 жобасы, аймақтық картаға – 18,2 млрд.теңгенің 10 жобасы.
Аймақта құрылыс саласының қарқынды дамуына соңғы 2-3 жылдың бедерінде іргелі негіз қаланғанын байқаймыз. Өткен жылы құрылысқа 8,5 млрд. теңге салынса, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 35 пайызға жоғарылаған. Бұл мерзімде 252 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Осылайша баспанаға қолы жетпей жүрген жүздеген адам қоныс тойын тойлады. Құрылысқа қарқын берген Қызылорда еліміз аймақтары арасында алғашқы үштіктен көрінді. Биылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында облыс құрылысшыларының тартуы сүбелі болмақ. Құрылыстың жоғары қарқыны мен құрылыс материалдарының өндірісі үшін ресурстардың болуы құрылыс материалдарының рыногын қалыптастырудың негізгі алғышарты болып табылады. Сондай-ақ саланың дамуына тұрғын үй құрылысы үшін және басқа да оларды кезеңдік қалпына келтіру, қайта жаңғырту үшін тұрмыста үй шаруашылығы құрылыстарына қажетті құрылыс материалдарына тұрғындардың қажеттілігі, сондай-ақ халық шаруашылығы кешенінің кәсіпорындар, офистер, өндірістік кешендер салу әрі мемлекеттік және қоғамдық қордың тұрғын ғимараттарын, әкімшілік, мәдени-тұрмыстық ғимараттарды, өнеркәсіптік, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу үшін құрылыс материалдарына қажеттілігі саланың дамуына айтарлықтай әсер етеді.
Соңғы жылдары сәулет, құрылыс және қала құрылысы саласы құрылыс материалдарының жаңа технологиясын пайдалану, анықтамалық-ақпараттық және нормативтік құжаттарды енгізу арқылы жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Қызылорда облысындағы құрылыс материалдарының өнеркәсібі құрамына 59-ға тарта кәсіпорын кіреді, бұл ретте олардың 13-і орта, ал қалғаны майда кәсіпорындар болып табылады.
Облыстың құрылыс индустриясы шикізат базасының нығаюына «Шалқия-Цинк» ЖШС-гінің құрылыс қиыршық тастары, «Қызылордаэкспортастық» ЖШС-гі, «СКЗ-37» ЖШС-гі, «Азат-Азамат» ЖШС-гі, «МО-1» зауыттарының керамикалық кірпіш, «Асар» ЖШС-гінің пластикалық терезелер мен есіктер шығаратын жобалардың жүзеге асырылуы ықпал етті.
Бәсекеге қабілеттілікті басқару жүйесінің негізінде экономикалық механизм қалыптасқан. Ол механизм жүйенің өзін-өзі реттеу тәртібімен қызмет атқаруына мүмкіндік беретін бәсекеге қабілеттілікті бағалау көрсеткіштеріне негізделген. Құрылыс компаниясының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған шығындардың барлығы толығымен ұсыныс бағасының құрамында есептеледі және олар фирманың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіштерінің өсуіне жағдай туғызса, тиімді деп саналады. Мұндай жағдайда әлеует факторларын жандандыруға жұмсалған қаражаттар бұрынғы уақыттармен салыстырғанда неғұрлым тиімді қызмет атқаруға мүмкіндік беретін ұсыныс бағасының төмендеуіне жол ашады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Қазыбай Н. Бәсекеге қабілетті болу индустриялық – инновациялық бағдарламаның басты бағыты // Халық. – 2006. – 9 ақпан. – 2б. (жалғасы 9б).
2.Дәулетова. А. М.Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың инновациялық факторлары.// АльПари, №4 2005. 34-40беттер
3.Қызылорда облысы индустриялық - инновациялық даму бағдарламасы // Сыр бойы. – 2006. – 14 қаңтар. 2б
Достарыңызбен бөлісу: |