КІРІСПЕ. ЖАЛПЫ НОЗОЛОГИЯ.
Нозология (гректің nosos — ауру, дерт, logos — ілім) ауру туралы жалпы ілім. Бұл медицина ғылымының ең бір көне күрделі мәселесі.
Аурудың мәнін түсіну үшін денсаулықтың не екенін түсіну қажет. Бүгінгі күнге дейін денсаулық толық зерттелмеген. Дені сау адам деген түсініктің нағыз белгілері әлі жинақталмаған. Мысалы, егер 1000 дені сау деген адамды әртүрлі ағзалар мен жүйелердің қызметтерін сипаттайтын 100 көрсеткішпен тексерсе, онда тексерілгендердің 0,6% ғана сау адамдарға ілінетіні байқалған. Осыдан адамдардың барлығы бірдей ауру деуге болмайды. Егер организімнің сыртқы қоршаған орта (адам үшін әлеуметтік орта) жағдайларына бейімделу қабілеті бұзылмаса, онда олар дені сау адамдар қатарына жатады. Денсаулықтың физиологиялық өлшемі болып қалыптылық немесе белгілі бір тұрақты өлшем (норма) есептеледі. Қалыптылық (қан қысымының деңгейі, дененің температурасы, қан жасушаларының саны, қандағы әртүрлі заттардың глюкозаның, нәруыздың ж. б. деңгейі т. с. с.) көрсеткіштердің көпшілікке тән арифметикалық орташа деңгейімен анықталады. Ал, бұл көрсеткіштер әр жерде әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, таулы жерлердің тұрғындарының қанында эритроциттердің саны орташа арифметикалық деңгейден көп болуы мүмкін. Емтихан тапсырар алдында сту-денттердің қанында глюкозаның мөлшері мен қан қысымы көтерілуі байқалады. Тамақ ішкеннен кейін шеткі қанда лейкоциттердің саны көбейеді. Міне осындай ж. б. жағдайларда бұларды ауру адамның қатарына жатқызуға болмайды. Сондықтан орташа арифметикалық көрсеткіштермен денсаулық жайлы қорытынды жасау кейде ауыр қателіктерге әкеулі мүімкін.
Сондықтан денсаулыққа анықтама беруге тырысудың көптеген ұмтылыстары бар. Оның бәріне тоқталу мүмкін емес. 1946 ж. бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымы (БДҰ) денсаулық туралы мынандай анықтама берді: «Денсаулық дегеніміз ол денеде дерт пен көзбен көретін ақаулардың болмауы ғана емес, адамның көңіл-күйі мен әлеуметтік жағдайларының толық сәттілігі». Бұл анықтамада қоршаған ортамен организімнің байланысы мен өзара қатынасы ескерілмеген. Денсаулық деп организімнің сыртқы орта ықпалдарына бейімделіп, өзінің ішкі тұрақтылығын қалыпты деңгейде сақтап қалатын жағдайын айтады. Көптеген ғалымдар ауруды ұдайы өзгеріп тұратын сыртқы ортаның ықпалдарына организмнің бейімделу қабілетінің бұзылуы — деп анықтайды. Бұдан организімнің қорғану — бейімделу мүмкіншіліктері жоғары болса, ауру дамымайды деген ұғым тумау керек. Ауру туыпдатушы ықпалдың әсері тым қарқынды немесе ұзақ мерзімде болғанда организмнің бұл мүмкіншіліктері жеткіліксіз болуы немесе тез қалжырауы мүмкін. Сыртқы ортаның химиялық заттармен, радиациямен ластануларының және басқа әлеуметтік ықпалдардың қарқынын, әсер ету ұзақтығын ауру дамуында елемеуге болмайды.
Сонымен, ауру деп қоршаған ортаның ықпалдарына организімнің бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуімен көрінетін, оның қалыпты денсаулығының бұзылуын айтады. Ауру деген түсінік дерттік серпіліс (патологиялық реакция), дерттік үрдіс (патологиялық процесс), дерттік жағдай (патологиялық жағдай) деген түсініктерге жақын тұрады. Дерттік серпіліс — организмнің немесе оның кейбір жүйелерінің әдеттегі немесе ауру туындататын қоздырғыштардың әсерлеріне биологиялық мәнсіз және сәйкессіз жауап қайтаруы. Мәселен, көпшілік адамдар елей бермейтін, назар аудармайтын шаң, өсімдік тозаңдарына ж. б. заттарға кейбір адамдар түшкіріп, көзінен жас ағып жауап қайтарады.
Дерттік үрдіс — бүлінген тіндер мен ағзалардағы әрі зақымдану, әрі қорғану-бейімделу серпілістерінің біріккен жиынтығы. Ауру туындататын ықпалдың бүліндіргіш әсеріне заңды түрде пайда болатын организмдегі серпілістердің тізбегі. Мәселен, тез дамитын кейбір тіндердің қабынуы. Бұл кезде кейбір ағзалар мен тіндердің құрылымы мен қызметінің бұзылыстары жалпы организімнің ауруына әкелмейді. Мысалы, теріскен, сыздауық, пульпит (тіс ұлпасының қабынуы), шиқан. Дерттік үрдістер көптеген аурулардың даму негізінде жатады.
Дерттік жағдай — организім үшін кері биологиялық мәні бар қалыптан тыс тұрақты ауытқуы. Ол өте сылбыр дамитын дерттік үрдіс немесе оның салдары. Мысалы, тері мен шелмай өзектерінің қабынуы дерттік үрдіс болады. Осы қабынудың нәтижесінде организімде көптеген жыл сақталатын тыртық жиі дамиды. Тыртық тінінде басқа тіндердегідей зат алмасуы өтеді. Тыртық сылбыр өтетін патологиялық үрдіс, басқаша айтқанда дерттік жағдай және ол мида, жүректе, бауырда ж. б. ішкі ағзаларда қалыптасуы мүмкін. Сонымен, алғашқы іріңді қабыну — дерттік үрдіс ретінде біртіндеп тыртыққа айналып бітуінен дерттік жағдайға немесе патологиялық жағдайға ауысады.
Кейде кері бағытта ауысуы да мүмкін. Мысалы, туа біткен мең немесе қал (дерттік- жағдай) механикалық қоздырғыштардын, күн сәулелерінің әсерлерінен қатерлі ісік-меланомаға, б. а. дерттік үрдіске айналуы мүмкін.
Дерттік үрдіс немесе дерттік жағдайдың болуы әлі жалпы организімнің ауруы болғаны емес. Қосымша факторлардың әсерінен олар толық көлемді ауруға айналуы мүмкін. Мәселен, терідегі бір шаш қалтасының қабынуы (сыздауық, шиқан) дерттік үрдіс болады, бірақ тұтас адам организімінің ауруы емес. Ал, осы қабынудың көптеп бірінің артынан бірі шығуы фурун-кулез аталған қауіпті ауруға әкеледі. Бүл кезде дене қызуы көтеріледі, зат алмасулары өзгереді, ас қорыту ағзаларының, нерв жүйесінің ж. б. ішкі ағзалардың бұзылыстары байқалады.
БІРТЕКТЕС ДЕРТТТК ҮРДІСТЕР (ПРОЦЕСТЕР) - Кейбір дерттік үрдістер адам мен жоғары үйымдастырылган жануарлардың ағзаларында бір түрде, үқсас қисындастырылған түрде кездеседі. Оларды біртектес дерттік үрдістер деп атайды. Оларға қабыну, ісік, ісіну, қызба, гипоксия, стресс, шок, зат алмасу бұзылыстары ж. б. жатады. Олар жануарлар әлемі дамуында қалыптасады және әртүрлі себептерден пайда болуына қарамай бір патогенездік жолмен дамиды.
АУРУДЫҢ НЫШАНДАРЫ
Ауру деп айту үшін оның мынадай үш түрлі нышандары болуы қажет: 1. тұлғалық әйгіленімдері (субъективтік симптомдары) немесе науқас адамның өзін-өзі сезінуі; 2. дерттің дәлелімді әйгіленімдері (объективтік симптомдары); 3. қоршаған ортаның ықпалдарына науқас адамның икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуі.
Тұлгалық әйгіленімдердің негізінде адамды әлі ауру деп айтуға болмайды. Кейбір адамдар жоқ сезімді бар деп шағынуы мүмкін. Мәселен, ауыр қылмыс жасаған адам өтірік науқас болуға тырысатыны белгілі. Кейбіреулер осындай айлакерлікті соғысқа қатыспау үшін жасайды. Кейде өздерінің сезімін тым әсірелеп көрсетуі мүмкін. Сондықтан жекелеген аурулардың көріністерімен оқулық әдебиет арқылы таныса бастаудан 3 курстың студенттерінің арасында сол аурулардың белгілерін өздерінде табу жиілейді. Бұндай аурулар 3 курс студенттерінің аурулары делінеді. Кейде науқас адам өзінде бар ауруды ұзақ уақыт сезбеуі ықтимал. Артериалық гипертензиялар, бүйрек аурулары, қантты диабет, ісіктердің ж. б. көптеген аурулардың бастапқы кезеңдері науқас адамдарға білінбей өтуі мүмкін.
Аурудың дәлелімді әйгіленістері (объективтік симптомдары) медициналық аспаптармен клиникалық және лабораториялық зерттеулер арқылы анықталады. Кейде бұл әйгіленістердің болуы да өлі ауру деуге негіз бермейді. Мәселен, адамның қанында глюкозанының тамақ ішкеннен кейін деңгейі әдеттегіден жоғары болады. Таулы жерлердің тұрғындарының қанында эритроциттер көбірек болатыны белгілі. Аурудың үшінші нышаны — қоршаған ортаның ықпалдарына науқас адамның икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуі, осыдан ересек адамның еңбекке қабілетінің төмендеуі байқалады.Осы үш нышандары бірге қабаттасып адам бойында болғанда ғана оны ауру деуге болады.
АУРУЛАРДЫҢ ЖІКТЕЛУЛЕРІ
Пайда болу себептеріне қарай: туа біткен және жүре пайда болған аурулар деп ажыратылады. Туа біткен аурулар: тұқым қуалайтын тектік ерекшеліктерден немесе іштегі ұрықтың даму бұзылыстарынан немесе туылу кездеріндегі кесепаттардан дамитын болулары мүмкін. Жүре пайда болған аурулар: жұқпалы және жұқпалы емес болуы ықтимал. Даму жолдарына қарай оларды аллергиялық, қабынулық, зат алмасулық, нервтік листрофиялық т. б. аурулар деп ажыратады. Даму жылдамдығы мен көріну қарқынына қарай: қауырт, жіті, жедел дамитын, тез дамитын, баяу дамитын, созылмалы ауруларға ажыратылады. Арнайы дерттік өзгерістердің денедегі деңгейіне қарай: молекулалық, хромосомалық, ағзалық, жүйелік деп бөлінеді. Науқас адамдардың жасына қарай: жаңа туған нәрестелердің, балалардың, ересек адамдардың және қарттардың аурулары болады; жынысына қарай: әйелдердің және еркектердің ауруларын ажыратады.
АУРУЛАРДЫҢ ӨТУ КЕЗЕНДЕРІ
Қандайда болмасын аурудың өтуі үш кезеңге бөлінеді: 1. аурудың бастапқы кезеңі; 2. аурудың айқындалу кезеңі; 3. аурудың аяқталуы мен салдарлары.
Ауру алды деп қоршаған ортаның жағдайларына организімнің икемделіп-бейімделу мүмкіншіліктерінің шектелуімен көрінетін, сәйкес сауықтыру шаралары болмауынан ауруға ауысатын адамнын жағдайын айтады. Бұл кезең жасырын және аурудың басталу сатыларынан тұрады. Жасырын сатысы ауру туындататын ықпалдың әсерінен бастап аурудың алғашқы клиникалық көріністеріне дейінгі уақытқа созылады. Ол жұқпалы аурулар кездерінде инкубациялық, химиялық заттармен уланулар, сәулелік ауру ж. б. кездерінде латенттік, өспелер дамуында — өспе алды немесе обыралды делінеді. Бұл сатының ұзақтығы бірнеше секундтан (уланулар кездерінде) бірнеше жылдарға дейін (өспелер дамуы кездерінде) созылуы мүмкін және бұл кезде аурудың ешқандай көріністері болмайды. Артынан аурудың алғашқы хабаршы, бейнақты, белгілері: әлсіздік, көңіл-күйдің бей-жайлығы, ұйқының бұзылуы, тәбеттің болмауы, бас ауыруы т. с. с. пайда болады. Бұл аурудың басталу сатысын хабаршы (продромалық) сатысы дейді.
Осыдан кейін аурудын екінші айқындалу кезеңі басталады, оның барлық клиникалық әйгіленімдері (симптомдары) айқын байқалады. Олар дамыған ауруға ғана тән арнайы (спецификалық) және көптеген ауруларға жалпылама бейнақты (бейспецификалық) болып ажыратылады. Сонымен бірге, аурудың әйгіленімдері (симптомдары) тұлғалық (субъективтік) және дәлелімді (объективтік) болады. Жекелеген аурулардың әйгіленімдеріне клиникалық пәндер тоқталады.
Аурудың аяқталуы мен салдарлары көпшілік жағдайда ауру адамның сауығуымен аяқталады (1-кесте).
Аурулардың аякталум мен салдарлары.
сауығу созылмалы өлім
түрге айналу
толық жартылай клиникалық биологиялық
Сауығу — науқас адамның бұзылган ағзалары мен тіндерінің құрылымы мен әрекеттерінің және қоршаған ортаның ықпалдарына сәйкес оның бейімделу мүмкіншіліктерінің қалпына келуі. Ересек адам үшін сауығудың белгісі болып, оның еңбекке оралуы есептеледі. Бұл жағынан оны реабилитация (лат. re — қайтадан, abilitas — жарамдық)— қайтадан еңбекке жарамдық дейді.
Бұрын сауығу дерттің кері дамуы ретінде қаралды. Бұл дұрыс емес. Әрбір дерттен кейінгі сауығу адамның сапалық жаңа жағдайы, сыртқы ортаға қатынасының жаңа түрі. Мәселен, жұқпалы аурудан жазылған адамның денесінде иммунологиялық реактивтілігі өзгерген, арнайы антиденелер мен сезімталдығы көтерілген жасушалар көп уақытқа дейін сақталады.
САУЫҒУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
1. Жедел, тұрақсыз, «апаттық» қорғану-бейімделу серпілістердің қатысуымен;
2. Салыстырмалы тұрақты қорғану-икемделу механизмдердің қатысуымен;
3. Ұзақ сақталатын тұрақты механизмдердін қатысуымен;
Бұлар нервтік және гуморалдық жолдармен меңгеріледі. Жедел — қорғану-бейімделу серпілістер болып, негізінен зиянды заттарды аластайтын организімнің қорғаныстық рефлекстері (құсу, түшкіру, сілекей, шырыш шығару ж. б.) есептеледі. Сонымен қатар, бұл реакцияларға зорлану (стресс) кезіндегі адреналин мен глюкокортикоидтардың шығарылуы, артериялық қысымды, қанның және тіндердің осмостық қысымын, қандағы қанттың деңгейін ж. б. қатаң «константалар» деп аталатын құбылыстарды сақтауға бағытталған нейрогуморалдық реакциялар жатады.
Салыстырмалы тұрақты организмнің қорғану-икемделу жолдары аурудың барлық сатыларында байқалады. Оларға мыналар жатады:
1. Бүлінген ішкі ағзалардың қосымша, қалыпты жағдайларда пайдаланылмаған мүмкіншіліктерінің қосылуы. Мәселен, сау адамда өкпенің тыныстық бетінің 20—25% ғана пайдаланылады. Өкпенің қабынуы кезінде әдетте тыңысқа қатыспайтын қосымша тыныстық бет қосылып, керекті газдардың алмасуы қамтамасыз етіледі. Сау адамдарда жүрек еті қуатының 20%, бүйрек шумақтарының 20—25%, бауыр жасушаларының 12—15% ғана пайдаланылады. Әртүрлі аурулар кездерінде организімде қалыпты жағдайда пайдаланылмаған қосымша қуаттар қосылады да, сауығуға қолайлы жағдай туындатады.
2. Көптеген қосымша реттеу жүйелері қосылуы. Мәселен, термореттелудің жоғары деңгейге ауысуы, лейкоциттердің саны көбеюі.
3. Көптеген уларды бейтараптау үрдістері (қан мен тіндердің нәруыздарымен (белоктарымен) байланыстыру, тотығу-тотықсыздану, метилдеу, алкилдеу, бауыр жасушаларында микросомалық тотығу ж. б.) сергуі.
4. Бір ядролы макрофагтар жүйесінің белсенділігі артуы. Бұл жүйенің жасушалары жаралардың бітуінде, тіндердің қабынуында, иммундық және аллергиялық серпілістер дамуында маңызды қызмет атқарады.
Тұрақты қорғану-икемделу механизмдердің негізінде гипертрофия, гиперплазия, тіндердің регенерациясы дамуы жатады. Мәселен, қан кеткеннен кейінгі эритропоэздің артуы, қанның иммундық реакциялары (антидене өндірілуі, Т — және В — лимфоциттердің өсіп-өнуі), жүрек етінің гипертрофиясы кейде көп айларға және жылдарға сақталады.
Осы көрсетілген механизімдердің нәтижесінде ауру организмнің сауығуы болады. Сауығу толық немесе жартылай болуы мүмкін. Көрсетілген сауығу механизімдері жеткіліксіз болғанда, дұрыс ем тәсілдері қолданылмағанда ж. б. жағдайларда сауығу жартылай дамиды. Мысалы, ревмокардиттен кейін жүрек қақпақшаларында ақау қалыптасуы мүмкін. Қабынудан кейін ағзаның қызметін бұзатын көрнекті тыртықтар қалуы ықтимал. Кейде ауру туындататын әсер немесе оның даму жолдарында пайда болған өзгерістер тоқталмаған жағдайларда ауру созылмалы түрге ауысады. Дерттің созылмалы түрде өтуінде ремиссия, рецидив (қайталану), асқыну деген түсініктерді атай кету қажет.
Ремиссия — деп науқас адамның жағдайының уақытша түзелуін түсінеді. Бұл кезде аурудың ары қарай дамуы баяулайды немесе тоқтайды, тіпті дерттің клиникалық көріністері толық жоғалуыда мүмкін. Ремиссия организімнің сауығуы емес, ол аурудың қайталануымен ауысады.
Қайталану (рецидив) — аурудың клиникалық көріністерінің уақытша жоғалуынан кейінгі қайталануы. Ол ауруды емдеу кездерінде дертті туындатқан ықпалдардың толық аластанбауымен байланысты болуы мүмкін. Осының нәтижесінде бұл аурудың қайта дамуы мен оның клиникалық көріністері қайталануы ықтимал.
Асқыну — организмде бар ауру бойынша екінші процесс. Ол негізгі аурудың ерекшеліктерімен байланысты немесе өткізілген диагноздық және емдік шаралардың күтпеген салдарлары ретінде пайда болады. Тез қан кету тамыр ішіндегі шашыранды қан ұю синдромымен асқынуы мүмкін. Көптеген дәрілерді науқас адамның денесіне жібергенде (антибиотиктер, новакаин, витаминдерді ж. б.) анафилаксиялық шок дамуы мүмкін.
Өлім — организмдегі тіршіліктің толық тоқтауы. Табиғи және мезгілсіз немесе патологиялық өлім болады. Табиғи өлім тұлға тіршілігінің заңды аяқталуы болып есептеледі, ол организмнің әбден қартайып тозуынан дамиды. Патологиялық өлім әрқашан мезгілсіз, кез-келген жаста болуы мүмкін. Өлімнің түрлерімен патанатомия, соттық медицина кафедралары таныстырады. Олардың ішінде патофизиология пәні үшін маңыздысы өлімнің сатылары. Өлім үш сатыдан түрады:
Ақтық (терминалдық) жағдай. Бұл сатыны агония (грек. agonia — жанталасу) деп атайды. Өліп бара жатқан адам есінен айырылады, рефлекстері жоғалады, науқастың жүрек соғуы жиілеп, әлсірейді, артынан сирейді, тынысы үзілісті тыныстарға (Чейн-Стокс, Биот, Кусмауль) ауысады. Кейін тынысы, жүрек соғуы тоқтайды, б. а. ақтық үзіліс пайда болады. Бірнеше секунд-минуттан соң агониялық тыныс (ақтық дем) қозғалыстары байқалады. Бұл кезде қан қысымы қайтадан сәл (сынап бағанасы бойынша 15—20мм дейін) көтеріледі. Тыныстық қозғалыс демді ауызбен терең ішке тарту түрінде байқалады. Адам ауаны ауызбен жұтуға тырысады. Артынан тыныстық қозғалыс және жүрек қызметі мүлде тоқтайды. Осыдан өлімнің 2-сатысы клиникалық өлім дамиды, барлық рефлекстер жоғалады, қан қысымы, тамыр соғуы анықталмайды. Бұл саты 5—6 минутқа созылуы мүмкін. Ары қарай өлімнің үшінші сатысы биологиялық өлім байқалады. Ең алдымен нерв жүйесінде қайтымсыз өзгерістер дамиды. Бірінші болып мидың сыртқы қыртысының одан кейін мидың бағаналық бөлімінің және жұлынның қызметтері істен шығады. Артынан эндокриндік бездердің, ұлпалық ағзалардың және тіндердің қызметтері бұзылады. Бұл кезде өлімнің айқын белгілері болып дененің сууы, оның сіресіп қалуы және өліктік дақтар пайда болуы есептеледі. Өліктің сіресіп қалуы өлгеннен соңғы 6—10 сағаттан кейін пайда болады. Оның негізінде бұлшық ет жасушаларының ішінде Са2+ иондары көптеп жиналып қалуы жатады. Өліктік дақтардың пайда болуы, артериолалардың қатты жиырылып қалуынан, қанның көктамырларда жиналуымен байланысты. Тотықсызданған гемоглобин эритроциттерден шығып, қан плазмасына және айналасындағы тіндерге ауысады. Онда ол дақ және қара-күрең түстес жолақтар түрінде жиналады. Мұны өліктік имбибиция (лат. imbibere — сіңіру, сорып алу) деп атайды. Әртүрлі себептерден электр ағымымен жарақаттанғанда, тез қан кетуден, шоктан, наркоздан, аяқ асты жүрек тоқтап қалғанда ж.б. тез дамитын өлім кездерінде оны клиникалық және биологиялық деп білудің практикалық зор маңызы бар. Өйткені клиникалық өлім кезінде алғашқы 3—6 минут ішінде адамның тіршілікке қабілеті өлі сақталған. Сондықтан бұл кезде организмді қайта тірілту мүмкіншілігі бар. Организмді тірілту (реанимация) (лат. rе — қайта, animatio — жандандыру) — адамның немесе жануарлардың организмін арнайы шаралар қолданып клиникалық өлім жағдайынан шығару. 1805 ж. орыс ғалымы Е. Мухин өлген организмді тірілту үшін өкпеге көріктің көмегімен ауа үрлеуді ұсынды. 1902 жылы өлген адамның жүрегін жандандыруды алғашқы рет А. А. Кулябко жасады. 1913 ж. Ф. А. Андреев итті тірілту тәсілін ұйқы артериясына жүрекке қарай адреналин қосылған Рингер-Локк сұйығын жіберу арқылы жүзеге асыруды ұсынды. 20-шы жылдары С. С. Брюхоненко мен С. И. Чечулин әлемде бірінші рет жасанды қанайналым құралын жасады. Осы құралдың көмегімен тұтас организмді және организмнен аластанған иттің басын тірілту бойынша нәтижелі тәжірибелерін өткізді.
1941—1945 жж. В. А. Неговский қызметкерлерімен организмді тірілтудің кешенді тәсілдерін жетілдірді. Бұл тәсіл бойынша шеткі артерияға (мәселен, иық артериясына) жүрекке қарай глюкоза, адреналин және сутегі асқын тотығы қосылған, 38° С-ға дейін жылытылған қан жіберіледі. Бұл кезде: біріншіден, жүрекке қарай белгілі қысыммен жіберілген қан қоронарлық артерияларга өтіп, жүрек етін қоректендіреді, екіншіден, артерияға жіберілген қан жүрек пен тамыр кемерлерінің рецепторларын қоздырады. Қанды артерияга жіберген соң 30—40 секундтан кейін жүрек соға бастайды. Осыдан кейін қанды көктамыр ішіне енгізу қажет. Мұнымен оң жүректің қажетті дистолалық толуын және оның күштірек жиырылуын қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге, кеңірдекке енгізілген түтік арқылы ауа үрлеп адамды дем алдыру керек.
Қазіргі реанимациялық әдістердің нәтижелілігі экеперименттік және клиникалық зерттеулермен дәлелденген. Оның негізгі қағидалары: 1. Жүрек-қантамырларды меңгеретін мидағы орталыққа әсер ету; 2. Тыныс жүйесінің орталығына әсер ету; 3. Организмдегі зат алмасу үрдістерінің бұзылуын ретке келтіру.
Жалпы қанайналымы мен газдардың алмасуын қалпына келтіру адамды тірілтудің алғашқы және аса күрделі емес сатысы. Жүрек пен тыныс ағзаларының қызметі қалпына келгеннен кейінде организімнің барлық ағзалары мен жүйелерінде көптеген өзгерістердің тізбегі сақталады. Жаңа күрделі мәселе — «Тірілтілген организмнің ауруын» емдеу мәселесі пайда болды.
Осы аурудың негізінде ең алдымен тіндерде оттегінің тапшылығы осымен байланысты зат алмасудың бұзылыстары — қышқыл енімдердің жиналып қалуы, қышқылдық-негіздік үй-лесімнің өзгерістері жатады. Осымен қатар, қанайналымның қалпына келуінен гипоксиядан кейінгі оттегімен тез қамтамасыз етілуден (реоксигенациядан)—«оттегілік — парадокс» эффектісі майлардың асқын тотығуын тым арттырып жіберетіні белгілі болды. Майлардың асқын тотық радикалдары барлық биологиялық мембраналардың бүлінуін туындатады. Бұл кезде жасушалардың сыртқы мембраналары бүлініп қана қоймай, олардың ішіндегі органелдердің де мембраналары бұзылады. Митохондрийлардың мембраналары бұзылуынан тіндерде тотығу-тотықсыздану реакциялары нашарлап, энергиялық тапшылық жағдайы дамиды. Лизосомалардың мембраналарының бүлінуі себепті олардың протеолиздік ферменттерінің белсенділігі көтеріліп, айналасындағы тіндердің ыдырауы күшейеді. Ядроның мембранасы бүлінуінен майлардың бос радикалдары жасушаның гендік құралын бұзып, нәруыздар түзілуін бүлдіреді. Осыдан келіп барлық ағзалардың құрылымдары мен қызметтері бұзылады. Жүрек-тамыр жүйесінде жүректен шығатын қан мөлшері, айналымдағы қан көлемі азаяды, яғни гиповолемия дамиды, артериялық-веналық қан қысымы төмендейді. Көптеген ағзаларда микроциркуляция бұзылады. Мидың және өкпенің ісінуі байқалады. Бұл кезде, эндокриндік бездердің, жүректің, бауыр мен бүйректің, ас қорыту ағзаларының өкпенің бұзылыстары байқалады. Барлық бұзылыстарды түзеу өте ауыр мәселе. Оны шешу үшін патологияны терең білумен қатар, өте тез емдеу шараларын қолдану қажет. Тірілтілген организімнің ауруы үш сатыда өтеді:
1. Организм функцияларының уақытша тұрақтануы,
2. Организм жағдайының қайта құлдырауы,
3. Организм қызметтерінің қалпына келуі.
Бірінші сатысы дұрыс емдеген жағдайда организм тірілгеннен кейін 10 сағат өткен соң дамиды. Осы сатыда емдеу шараларын гомеостаздың бұзылыстарын түзеуге бағыттау керек.
Екінші сатысы — тірілгеннен соңғы 24 сағаттан кейін дамиды. Ол ішкі ағзаларда (мида, өкпеде, жүректе, бауырда, бүйректе) зат алмасу үрдістерінің және биологиялық мембраналардың бұзылыстарымен байланысты.
Үшінші сатысы — дұрыс емделген жағдайда дамиды да, организмнің функциялары біртіндеп қалпына келеді...
Достарыңызбен бөлісу: |