Кіріспе Зерттеу тақырыбының өзектілігі


«Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық роман жанры»



бет3/4
Дата24.04.2016
өлшемі0.6 Mb.
#78662
1   2   3   4

«Қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық роман жанры» атты бірінші тарауда қазақ әдебиетіндегі ғұмырнамалық формада жазылған шығармалардың түрлік, жанрлық ерекшелігінің пайда болу тарихы мен алғашқы осы жанрда жазылған шығармалардың әдеби негізіне тоқталдық. Ұлттық әдебиетімізде ғұмырнамалық (мемуарлық) жанрға жол салған С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», С. Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ. Мұстафиннің «Көз көрген» романдары, Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» повесті қазақ мемуаристикасын қалыптастырған іргелі туындылар. Әдебиеттану ғылымында аталған шығармалардың жанрлық табиғаты, образдар жасау ерекшеліктері, стильдік сипаттары, психологизм проблемалары жан-жақты қарастырылған. Ғалымдар пікіріне ден қойсақ, бұл шығармалар бір жағынан қазақ әдебиетіндегі мемуаристика жанрын қалыптастырса, екінші жағынан өзінің көркем болмысымен жалпы қазақ романының өсу, өркендеу, көркемдік шебін алуға да ерекше ықпал еткен туындылар. Әдебиетте жаңа жанр туды, қалыптасты. Енді ол дәстүр түзбекке керек. Аталған шығармалардың дәстүрін іздегенде
Ә. Нұршайықовтың, М. Мағауиннің, Қ. Жұмаділовтің ғұмырнамалық, яғни автобиографиялық романдарына ден қоямыз. Сол тұрғыда қазіргі қазақ әдебиетінде осы жанрдың бүгінгі жаңаша қалпын ғылыми-әдеби, теориялық тұрғыдан сараптау үшін, Ә. Нұршайықов, М. Мағуин, Қ. Жұмаділовтердің мемуарлық романдарын алдындағы мемуарлық шығармалармен салыстыра отырып талдау жасадық.

Зерттеу объектіміздегі үш романның да ғұмырнамалық бағдары айқын. Автор-кейіпкерлері өз аузынан баяндалатын оқиғалар тізбесінен өз өмірі мен өзі өмір сүрген қоғам шындығын өзара сабақтастырып, өзара байланыстырып суреттейді. Алайда, романда бейнеленген өмірлік материалдарының бастау арналары, даму, өрістеу, шарықтау, түйілуі әр түрлі болып келеді. Мәселен,


Ә. Нұршайықовтың «Мен және менің замандастарым» шығармасын өзінің баянсыз балалық шағынан басталмайды, көз көрген ұлы жазушылармен болған қарым-қатынасы туралы жазады. М. Мағауиннің бұл тұрғыдағы ұстанымы тіптен басқаша. Жазушы өз өмірінен гөрі, қоғам ғылым, шығармашылық мәселелерінің тек жеке басына қатысты тұстарын атап, өмірдің өзінен алып бейнелейді. Суреткер Қ. Жұмаділовтің өміріндегі алып екі империяның тұсындағы аламан өмірдің шындығын көркемдікпен игеруге дәйекті, деректі бұрын-соңды әдебиетте аз көрінген сюжетті қызықты баяндаумен ерекшеленеді

Ғұмырнамалық жанрдың үрдіс алып дамуын зерттеудегі маңызды факторларды анықтаған соң, мемуарлық шығармалардағы кейіпкер танымы мен тағдыры арақатынасын біз осылай анықтадық.

Мемуар – ғұмырнамалық әдебиеттің ішкі бір жанры. Мемуарлық туындыда да көркем әдебиеттегідей өмірлік материал көркемдік жинақтауға түседі. Кейіпкерге түп-тұлға болған адамдар мінезі белгілі бір адам (кейіпкер) бойына жинақталуы, жинақталып ірі образға айналуы мүмкін. Көркем әдебиет пен мемуарлық әдебиет арасындағы айырмашылық – бірінде автордың араласуы белсендірек те, екіншісінде әлсіздеу болмақ. Бірінде кейіпкерге еркіндік аз беріледі, де екіншісінде еркіндік молдау беріледі. Мемуарист автор «Менің мақсатым азғындық жолға түскен жүргінші әйелді бейнелеу еді, Анна Каренина менің еркімнен шығып кетті...» – деп айта алмайды. Мемуарда қамтылатын өмір шындығы, көбіне, ойдан шығарылмайды. Өмірдің өзінен алынған шындық мемуарда көркемдік шындық райында қабылданады. Мемуарлық шығармадағы өмір шындығы – автордың өмірбаян беттері. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлы жазушы Л.Н. Толстойдың өмірбаяндық трилогияны жалғап жаза түсіп, өз өмірі өз атынан баяндалатындықтан, ыңғайсызданып үшінші кітаптан кейін тоқтауы осыны аңғартады[33, 503]. Бірақ, оған қарап мемуарлық шығармада автор өмірлік материалды ірілендірмейді, екшемейді, болған қалпы сипаттай береді деген ұғым тумауы керек. Мемуар көркемдік жинақтаудан тым тысқары тұрмайды. Көркем әдебиеттегідей тым еркін жинақтау болмағанымен, өзіне лайық көркемдік жинақтауды мемуарлық шығарма да бастан кешеді.

«Ғұмырнамалық роман жанрында әдебиетте кенже қалған шығармада болған нәрсені бүкпей айту – басты шарт» десек, оған кеңестік дәуірде екінің бірі тәуекел ете алған жоқ [24, 623-624]. Бұл жерде жазушы үшін қажетті құрал – күнделік, хат, құжаттар т.б. және ең бастысы суреткердің зейін-зердесі. Адам жанынан асқан сүзгі жоқ. Қажеттісі есте қалады, қажетсізі, ұсақ-түйегі ұмтылады. Демек, бұл шығарманы естен кетпес сәттердің жиынтығы десе де болады.



2 Қазақ мемуарлық романдарының көркемдік әлемі
2.1 Мемуарлық шығармалардың көркем поэтикасы
Тарихы терең, көркемдігі талғамды, негізгі бастау арнасы ХХ ғасырдың басында пайда болып, қалыптасқан ұлттық проза бұл күнде өркендеу үстінде.

Қазіргі таңда Қазақ әдебиетінің көтерілген көркемдік биігін барша қауым түгел мойындады. Оның барлық жанрындағы идеялық-көркемдік табыстары ұлан-теңіз. Тоталитарлық жүйенің тұсында әдебиеттің кездескен кедергі, бөгесіндері де аз емес. Әдебиеттің көптеген алыптары репрессияға ұшыраудың үстінде жекелеген аса ірі көркем туындылардың көрген қиянаттары да аз болған жоқ. Осыған қарамастан қазақ әдебиеті өсіп-өркендеу үстінде болғаны – ақиқат.

«Алайда, бұл мемлекет жабық қоғамға негізделген, саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік ортада тек советтік әдебиет қана мойындалатын, ал басқа әлемдік өркениеттерде болып жатқан қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым көпшілігі күні өткен буржуазиялық қоғамның мезгілден, уақыттан артта қалған кертартпа көзқарастағы, ағымдары ретінде көрсетілетін, солай уағыздалатын. Пікірдегі, көзқарастардағы плюрализмге қысым жасау сөкеттік болып саналмайтын. Сондықтан да сол кездегі КСРО территориясындағы бірден бір билеуші күш – Коммунистік партияның басшылығымен жүзеге асырылған идеологиялық саясат ұлттық мәдени күштердің өз шығармашылық мүмкіндіктерін толығымен ашып көрсетулеріне мүмкіндік бере бермейтін. Коммунистік партияның қоғам өмірінде араласпайтын жері жоқ еді, ол тіпті адам қызметінің көркемөнер секілді шығармашылық еркін ойды ауадай қажет ететін ең бір нәзік, ең бір кінәмшіл саласына дейін қатаң бақылауға алып отырды», – деп, өткен құрсаулы заманның қайшылықтарын ғалым Серік Асылбекұлы дәл көрсетті [35, 13].

Алдарына асқақ мүдде, асыл мақсат қойған көреген жазушылардың ғұмырнамалық романдары жанр талабына не жауап бере ала ма? Көркемдігі мен танымдық тағылымы қандай дәрежеде? Авторлық ұстаным шығарма жанрымен үндескен бе? деген сұрақтар басты нысан болмақ.

Ең әуелі ғұмырнамалық романдарда жазушы авторлардың прозаның ғұмырнама жанрын жазу үшін алған деректі материал көздері қандай деген мәселелерге тоқталсақ. Ең біріншіден, жазушылар үшін басты дерегі материал болғанын, олардың суреткерлік санасы болғанын атар едік. Себебі:
Ә. Нұршайықов шығармасын жазу үшін өткен өмірдің жарқын тұстарының санада сақталған бейнесіне сүйенеді:

«Ғабең жайында не білетінімді сарапқа салдым. Ол кісіден өз өмірімде, жүрегімде қалған із барын іздедім. Маған жолдаған кейбір хаттарын қарадым. Бірге түскен суретке үңілдім. Ол туралы өз дәптеріме жазған жазуларыма көз жүгірттім. Айтатын азын-аулақ әңгімем бар екенін байқағаннан кейін, соны қағазға түсірейін деп үстелге отырдым» [25, 6].

Ал, жазушы М. Мағауиннің қаламы алдыңғы екі жазушыға қарағанда мүлде басқаша.

«Жобаның аты – «Алтын дәптер» еді. Яғни, жазу жазылған, жазу жазылатын дәптер. Алтын емес, кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз. Мұқабасы да әшекей, өрнексіз – жұқа қара дермантин. Әуел баста, мұқабадан кейінгі сыртқы бетіне «Шимайлар» деп жазылған екен. Яғни ойға келген әр түрлі шығармалардың сұлбасын таңбалауға арналған. Уақыт оза келе әуелгі атауын тарта сызып, үстіне байыппен, қалың әріптермен «Алтын дәптер» деп жазыппын.

Бұл тор көз, қалың қара дәптердің бүгінгі ғұмыр жасы отыз бес болса керек. Студент кезде басталған. Бірінші беті «Сюжеттер» – «1960-1961» деген тақырыппен ашылыпты. Ең соңғы таңба – «1996». Яғни, мен әдебиетке алғаш рет нық қадам басқаннан бергі отыз жеті жыл бойы жазуға жобаланған, жазылған және жазылып үлгермеген барлық шығармалардың сұлбасы осында» [27, 78].

Әр жазушының шығармаға да келу жолы әр қилы десек, алдыңғы екі жазушы үшін табиғи сананың қызметі басым болса, соңғы жазушы үшін қолда бар күнделіктің деректік маңызы айқын болып тұр. Тақырыптарын тапқан жазушылар үшін екінші дерек көздері қызмет атқарған еңбек ордасы, әріптестік орталарының да ықпалы аса мол болғанын көреміз.

«Адам жас кезінде жүрегіне сенеді, жүрек жетектеген жаққа ойланбастан жөнеле береді: айтқан ақыл, берген кеңес оның құлағына кірмейді. Ал қарт кісі көзі мен құлағына сенеді: өзі көріп, анық нәрсесін оймен өлшеп, көңілмен зерделейді. Содан кейін ғана ілгері аттап аяқ басады».

Қабдеш Жұмаділовтің де айтпақ ойы осы тұстан табылады: «Бастан кешкен жайларды сараптай келгенде, көзім жеткен бір нәрсе: бұл өмірді жақсы деп мақтауға да, жаман деп даттауға да болмайды екен. Өмір – сенің ырқыңа көнбейтін, ащысы мен тұщысы аралас, бас-аяғы жоқ, шетсіз-шексіз таңғажайып бір дүние. Сен оған соғып өтер қонақсың», – деп толғанады [24, 623-624].

М. Мағауиннің ғұмырнамасының бастапқы беттерінде жазылған мына жолдардан да шығармашылыққа арқау болған тағдыр – талайдың жүйесін көреміз.

«Мен Абай атам мегзегендей онша күрделі жұмбақ емеспін, бірақ біз арғы заманмен өлшегенде, соқтықпасы әлдеқайда көп, соқпағының бәрі теріс, қиғаш, айрықша бұлыңғыр кезеңде жасадық, рас, алдыңғы ағаларым – Ақаң, Мағжан, Мадияр, Мұқаңмен салыстырғанда біршама тыныш дәуірде күн кешіппін, бірақ менің де шырғалаңға түсіп, ышқынған, қиналған күндерім, ай, жылдарым болды. Бұл сөз – өнер жолында, ождан азабы, рухани қысымға да қатыссыз, оның бәрі – таңдап алған талқы, табиғи сыбағаң; менің айтып отырғаным – кәмелетке толған он сегіз, жиырмадан бұрынғы, тіпті мектеп бітірген он жетіден бұрынғы, менің он бір жасым мен он бес жасымның аралығындағы өмір кезеңі...» [27, 102-103].

Енді жазушылар үшін дерек болған үшінші нәрсе – түрлі тарихи негізі бар қызмет, мәжіліс, туындылар, қоғамдық-әлеуметтік орталар болып табылады. Алғаш шығармашылық жолдың баспалдақтары қалай басталды, кімдер және қандай факторлар қаламгерлердің шығармагерлік өнеріне ықпалы, әсері болған деген сауалдардың барлығына жауапты, төл туындылардың өз іштерінен табамыз:

«Бұрын мен жазушылар қауымынан қиыр жайлап, шет қонып жүрдім. 1957 жылы Жазушылар одағына мүше болып қабылданғаныммен өзімді журналистер жұртының бөлінбес бөлшегімін деп білдім. Бөлінбес еншім, баға жетпес мүлкім журналистер жағында деп есептедім. Қарапайым, жалықпайтын жұмыскер журналистер қауымынан мүлде қол үзіп кетуім мүмкін емес деп ойладым».

1958 жылы Павлодарда бес күн Мұхтар Әуезовтің қасына еріп жүрдім. Ол бес күн маған бес жылдық университеттен кем болған жоқ. Мұхаңның ақыл, парасат, адамгершілігіне, жұртқа деген ықылас, ілтипатына, кемеңгерге тән кішіпейілдігіне тәнті болғанмын. Бұл күнде арамызда Әуезов жоқ. Ал онымен үзеңгілес болған Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафинді сол Мұхаң іспеттес адамдар шығар деп ойлайтынмын. Әуезов әдебиеттің құдайы болса, бұлар пайғамбары ғой. Сондықтан бұлардың адалдығына, әділдігіне, туралығына, мәдениетіне шәк келтіру, бойларында мін бар деп ойлау мұсылмандардың құдайға тіл тигізуімен пара-пар болар, күпірлік болар дейтінмін. Жазушылар одағына жақын келгенге дейін қиыр жайлап, шет қонып жүрген маған жалпы жазушы қауымы адал, ақ көңіл, әділ, тура, періште жандар сияқты боп көрінетін. Ахтанов-адал, Әбдіжәміл-әділ, Сырбай-сырбаз боп танылатын. Өйткені жазушылар халықтың ұстазы, ұлттың үлгісі. Олардың бәрі де осы ұлы атаққа лайықты жандар болуы керек деп есептейтінмін. Өзім де жан-тәніммен сондай болуға тырысатынмын [24, 401].

Адам өмірі туралы шығармалардың, әсіресе, автор өз тағдырын бейнелейтін туындыларда жанұя тарихы, аға ұрпақ тарихының бүгінгі бейнесі, бұрын болған оқиғалардың сан жылдаған жылнамасы мен толықтырылуымен әрлі әрі нәрлі болып келеді. Қоғам мүшесі болып табылатын адамның өмірі халқымен бір жасаған да ғана ұнамды болмақ десек, біз талдап отырған «Мен және менің замандастарым», «Мен», «Таңғажайып дүние» романдары соның бір айғағы іспеттес.

Ә. Нұршайықов шығармашылығындағы жеке тұлғаның рухани адамгершілік сипаттары журналистік сапарлар ізінен («Талқы», «Алыстағы ауданда», «Комбайыншы»), ауызекі әңгімеден («Алтын сағат», «Жемпір», «Шешен», «Шляпа»), адалдық пен адамгершілік, жастық пен достық, мөлдір махаббат мерейінен («Махаббат,қызық мол жылдар»), жауынгер-жазушы
Б. Момышұлының өмірі мен өрлігін, елдік-ерлік жолдарынан («Ақиқат пен аңыз») айқын аңғарылады. Тегінде: «Ә. Нұршайықов шығармаларының, очерктерінің кейіпкерлерін оймен шолып қарасақ, тұлғасы, адамгершілігі жағынан бірінен-бірі асқақтап көрінетін еліміздің ардақты азаматтары көз алдымызға елестейді. Олар Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы /«Ақиқат пен аңыз»/, Мәлік Ғабдуллин /«Тоғыз толғау»/, Махмет Қайырбаев /«Батырдың өмірі»/, Мәншүк Мәметова /«Невель түбінде»/, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы /«Дала Мересьеві»/ атанған атақты шопан, /«Тағдырын жеңген адамдар»/ алтын медалінің екінші иегері Қамза Ақжолов /«Ғажап адам»/, жазушылар Мұхтар Әуезов /«Кездесу»/, Сәбит Мұқанов /«Танысу»/, Әбділдә Тәжібаев /«Ақын туралы очерк»/, Мұқан Иманжанов /«Мұқан Иманжаов туралы»/, Борис Полевой /«Борис Полевой туралы»/, Социалистік Еңбек Ерлері Алтынбек Дәрібаев /«Большевиктің бейнесі»/, Күләй Шарбақбаева /«Әйел тағдыры»/, Илияс Қыдырбаев /«Ағайынды екеу»/, Егемқұл Тастамбаев /«Оңтүстік»/, т.б. бұдан аңғаратынымыз, жазушының қалам алғандағы мақсатының бірі-өнегелі азаматтардың өмір жолын, елге еткен еңбегін жазып, бүгінгі күннің тарихын болашақ үшін айқындап беру. Сондықтан да кейіпкерлердің болмысын сөз еткенде жазушының басты назары рухани әлем мен жеке тұлғалардың қасиет саласына ауады. Бұл қасиеттерді ашып көрсетуде қаһарманымен жүздесіп, әңгіме-сұхбат құру барасында оның ішкі әлеміне енеді. Кейіпкерлері тарихи тұлға болған соң болмыс пен характерді шынайы бейнелеуге, сөйтіп оқырманды иландыруға баса көңіл бөледі. Осы тұрғыдан келгенде, жазушы шығармаларының документальдық тірегі болуы оның тарихи маңыздылығын арттырады» [37, 142].

Бұдан шығатын түйін Ә. Нұршайықов өзіндік көзқарас-қолтаңбасы бар қаламгер. Ел-жерді көп аралаған, әр алуан адамдармен кездескен, өмір оқиғаларын, кейіпкерлерді де ойдан емес, керісінше көптің ішінен іздеп, табады. Әр алуан көрініс жайттардан өзінше байлам-қорытынды шығарып, зерттеп-зерделейді. Жазушы шағын жанрдан көлемді туындыға дейін болашақ шығармасының дерек-материалын молынан жинап, естелік-сұхбат, хат жазбаларға да зор маңыз беріп, көңіл күнделігіне түсіре береді. Мұның соңы белгілі, ауызша әңгімеден роман-диалогқа дейін қалың көпке көркем қалыпта, жүйелі, жинақы тартымды сипат-үлгіде жетеді [37, 143].

Ә.Нұршайықов шығармашылығына, ондағы өмірлік-қоғамдық жайттардан, көркемдік-стильдік ізденістерден, қаһарманның рухани әлемінен, бейнелік сырларынан:

– ұлт мұраты, халық өмірі мен тағдыр-талайы терең танылады;

– жазушы ізденісі мен көзқарастарынан атамекен абыройы мен орны, ел-жер тағдыры,адам өмірі мен еңбегі , сезім сырлары кең көлемде көрініс береді;

– суреткер шығармашылығынан бейбіт өмір шежіресі, елдік пен ерлік мұраттары, жастық пен достық сипаттары кең орын алады;

– қаламгердің шағын жанрдан-көлемді туындыларға дейінгі еңбектерінен өмір мұраты,адам ақиқаты,гуманизм жеңісі салтанат құрады;

– жазушы еңбегі мен шығармашылық сырлары көркем образ жасау жолдарынан, баяндау тәсілдерінен, мінез қырларынан мақал-мәтелдер мен түрлі афоризм үлгілерінен, характер табиғатын ашатын диалогтар мен мінездеме портреттерден айқын аңғарылады;

– ең негізгі, Ә. Нұршайықов шығармашылығынан: адам әлемі, оның өмірі мен еңбегі, адамгершілік құндылықтары, достық сырлары, сыр сезім сипаттары кемел де көркем, жарқын да салтанатты суреттеледі [37, 146].

Негізінен алғанда, Ә. Нұршайықовтың шығармашылық мұрасы, ондағы жеке тұлғаның рухани-адамгершілік мұраттары (сипаттары) ізденіс іздерінен, дерек көздерінен, мол өмір тәжірибесінен, көркемдік шындықты арқау еткен «Махаббат жырлары», «Әсем», «Ботагөз», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Екі естелік», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Өмір өрнектері», «Қаламгер және оның достары» сынды танымал туындылар табиғатынан жастық-достық сырлары ерлік пен елдік салттары, ақыл-парасат мерейі, білім-ғылым нұры, адамгершілік әлемі, тәлім-тәрбие тағылымдары т.т. оңды, сенімді суреттеледі.

Жазушы еңбегінен кеше-бүгін байланысын, адалдық пен тазалықты ту еткен – қаһарманның рухани әлемінен, достық пен махаббат мерейінен, елдік пен ерлік үлгілерінен – Б. Момышұлы, М. Ғабдуллин, Х. Ақжолов,
М. Мәметова, М. Қайырбеков, т.б. көркем бейнелері нанымды көрінеді. Бұл ретте Ә. Нұршайықов шығармаларын шолып қарасақ, онда қайсарлығы мен үлкен адамгершілігімен, жан сарайының көріктілігімен оқырман жүрегінен жылы орын алатын кейіпкер баршылық. Жазушының сүйекті де кесек сомдалған қаһармандары – Бауыржан мен Мәліктей Алатаудай алып тұлғалары мен асқақтықты танытса, Ербол мен Меңтай образды инабаттылығымен, әдептілігімен оқырманын сүйсінтеді. Хамза мен Әділжанды алсақ, бірі-мүгедек, екіншісі-зағип болса да өмірге құштар, қиындыққа төзімді, еңбек сүйгіш жандар, ал Асылгүл мен Биғайша қайырымды да қамқор іс-әрекеттерімен жағымды. Мәншүк Мәметова, Ыбырай мен Сүлейменов, Төлеген Тоқтаров т.б. бір топ майдандас достарының образдары отаншылдығымен, ел сүйгіштігімен ерекшеленеді.

Кім туралы, не жайында қалам тербесе де, деректі материалдарға, өмірдің ақиқат жайларына сүйене отырып, оны көркем сөз өрнегіне түсіру-


Ә. Нұршайықов шығармашылығының бір қыры. Кейіпкерлері көбіне тарихи тұлғалар болғандықтан, оның болмысы мен характерін қаз қалпында бейнелеуге ұмтылуы, деректі материалдарға жүгінуі шығармаларының тарихи маңыздылығын да арттырған.

Құндылығын тарихшылардың өзі мойындаған. «Ақиқат пен аңыз» деректі роман-сұхбатында отаншылдығымен, ерлігімен ел аузында аты аңызға айналған халық батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының образын соны әдіспен сомдап, біртуар қаһарманның рухани әлемін жария етіп берді. Ал «Тоғыз толғау» повесть-монологінің кейіпкерлері ғұлама жазушылар


М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Майлин, М. Ғабдуллин сияқты халқымыздың сыйлы азаматтары болуы жазушы шығармаларының тарихилығын байқатады» [37,
148].

Жазушы еңбегінен тақырыптық ізденістер, көркем-жанрлық ерекшеліктер, характердің әлеуметтік-психологиялық аспектілері, қаһарманның рухани әлемі, ішкі монолог пен диалог табиғаты, лиризм элементтері т.т. кең көлемде орын алады. Басы, қаламгер мұратынан – Адам факторы, адамгершілігі мен әсемдігі, өмір-өнерге құштарлық, игілік пен ізгілік сипаттары, жастық, достық сыралы бар қырынан жарқырай көрінеді. «...Көбіне соның ішіне лиризм, психологизм басым» [37, 152].

Бұл- Ә. Нұршайықов шығармашылығының негізгі ерекшеліктерінің бірі.

Қ. Жұмаділов пен М. Мағауиннің тарихи романдарының қалай өмірге келгендігі, сипатталатын оқиға, кейіпкерлер дерегін оның «Таңғажайып дүние», «Мен» мемуарынан, жарияланған шығармаларынан іздейміз. Орайлас, ұқсас сюжет, табиғаттас кейіпкерлерді өзара салыстырып байқаймыз.

Ғұмырнамалық әдебиет қазір қазақ әдебиетінде өз алдына бір жүйе болып, әдебиеті дамыған әлем елдерінде ғұмырнамалық деректі, деректі көркем шығармалар көптеп жазылады. Қазақ әдебиетінде бірінші нышан ретінде аз да, әлсіз көрініп, енді-енді күш ала бастаған ғұмырнамалық шығармалар келешегі-кеніш. Ғұмырнамалық әдебиеттің бүгінгі саяқ кезінде де, келешектегі кемел кезінде де бірқатар, бір жүйе туындылардың жуан арасында қаншама туынды көбейді.

«Роман – үлкен жолдағы айна» дегені бар Стендальдың. Ол өмір жолын, әлеуметтік тартыстар жолын, адамдар тағдырын айтып отыр. Қ. Жұмаділов қазақ халқы өмірінің әр қырын суреттегенде, үлкен айнаны романды да жақсы пайдаланады.

Творчестволық зертханаға еніп, жеке шығармалардың қалай, қандай жағдайларда туғанын қарастыру ләзім. Жазушының жоспарлары, эскиздері, аяқталмай қалған шығармалары ғылыми тұрғыдан түгелдей тексерілген кезде ғана, біз ол туралы толық түсінікке ие боламыз. Ғұмырнамалық романдардың авторлары өз өмірінен жазған шығармаларының өмірлік дерегі мен көркемдік шешімін зерттеу – ғылымға қажетті нәрсе.

«Мен» деген үлкен философиялық маңызы, өмірлік мәні бөлек тақырыпта жазылған М. Мағауиннің бүкіл басынан кешірген, тарихтың әр түрлі кезеңін қамтитын көркем шығарманың өмірге келуі кездейсоқтықтан пайда болған жай нәрсе емес.

Бұл романның көтерген өмірлік материалдары, образ жүйелері, көркемдік тәсілдері, әдебиетіміздегі орны деген мәселелер төңірегінде бірқыдыру толымды ойлар жинақталғанмен, бүгінгі биіктен, бүгінгі өреден сол туындыларға қайта бір назар аударып, байлам жасағаны әдебиет ғылымы үшін өте мәнді мәселелердің шешімін табуына зор көмегін тигізгені анық [28, 200].

Бағамдап қарасақ, әр суреткердің еңбек стилі, шығарма жазу тәсілі әр түрлі, бұл аса ауыр, әрі қызықты жұмыс. Егер арнайы зерттесе, құнарлы тұжырым тудырар объекті болғандықтан, біз ғұмырнамалық хамсалардың шығармашылық зертханасына ерекше тоқталып отырған жайымыз бар.

Мұхтар Мағауин шығармашылығы қазақ сөз өнерінің, әдебиет ғылымының ұлттық сипатын айрықша терең танытатын ерекше тұлғалы құбылыс. Ғасырлар бойы өнерпаздардың мың сан ұрпағы жасаған шебер де әсем өрнектер, әуен – сарындар, мотив – идеялар, азуыз әдебиетіндегі тамырланып жатқан байлықтар, жазба әдебиеттегі қазыналар ұлы қаламгер шығармаларына нәр беріп, оның әсем мәдениетіне құнарлы, арналы өзен болып құйылуына жағдай жасады.

Кемеңгер жазушының сол шығармашылық жолының қалай басталып, дара жол табуы секілді зертханасының ешкім білмес құпияларына былай өндіруіне тірек болған «Мен» романы еліміз егемендік алған бақытты дәуірімен тұтаса келді.

Дегенмен, жазушы ғұмырнамалық жанрда шығарма жазуды қолға алмақ болған ниеті бұдан жиырма төрт, жиырма бес жылдай бұрын оянған болса керек [27, 203].

Шын мәнінде, М. Мағауиннің «Алтын дәптер» деп аталатын жобасының, яғни, жазу жазылған, жазылатын дәптері осы ойларға тірек болмақ. Алтын емес кәдімгі тор көз, қарапайым қағаз әуел баста кейінгі сыртқы бетіне «Шимайлар» деп жазылған екен. Яғни, ойға келген әр түрлі шығармалардың сұлбасын байыппен, қалың әріптермен «Алтын дәптер» деп жазылған екенін айтады жазушы [27, 78].

«Алтын дәптерді» қаламгер алғаш рет 1961 жылдың көктемінде ашып, алғашқы жоспарын бейнелеген. 1-ші беттегі әуелгі үздік жазу «Өмірбай бейнесі. Практикада. Қыз». «Мен оны адам сияқты үйленбеген жігіт екен деп жүрсем..». Тұсында: 1961 – «Жаңылысу» деген таңба бар. Яғни, бұл 1961 жылы жазылған «Жаңылысу» деген әңгіменің әуелгі жан-жобасы «Жаңылысу» әңгімесіне дейін бірнеше. «Бір уыс бидай», «Тіленші», «Әйел махаббаты», бірінші әңгіме жазған М. Мағауин ол кезде өзін, қалыптасқан қаламгер деп айтады [27, 209].

Жазушының шын сыры осылай ашылғанынан оның өмір жолының қиын да қилы, шуақты да шұрайлы болғанын анық байқаймыз. Сол себепті де жазушының «Мен» ғұмырнамалық романының алғашқы кітабы «Сүрлеу-соқпақ немесе жазушының жан азабы» деп аталуы жоғарыдағы ойдың мәнін ашса керек. Қаламгердің «Алтын дәптер» жобасынан бұрын жазылған «Тіленші» әңгімешінің шығармашылық жолы күрделі болады. Мұның себебі әңгіменің тақырыбы мен идеясында болса керек. Ұлттық тұнығы бұзылмаған, ұлттық ұлы үрдістерден таза табиғи тәрбие алған жас Мұхтар Мағауиннің Алматыға білім қуып келгенде, іш тартып, өшпенділіктің ұясын жүрегіне орыстандыру саясатын көзбен көріп, қорлықтың шет жағасын бастан кешіреді. Саясат пен өкіметтің сөзі мен ісі екі бөлек, аз ұлттар көрген отарлау мен рухани қанаудың бұғауынан халқын, тілін, ділі мен дінін, салт-дәстүрін сақтап, сол жолда күресуді өзіне негізгі, түпкі мүдде етіп бекітеді, сол жолда бар ғұмырын сарып етуге бекінеді. Бұлар өте күрделі мәселелер еді, әуелде нақты шешімін таппаса да керек, бірақ бұғана бекігеннен соң жиырма төрт-жиырма бесте жазылған «Қобыз сарынын» айтпағанда, таза жазушылық жолға түскен «Тазының өлімі» мен «Көк мұнардан» бастап, «Көкбалақ», «Жыланды жаз», «Аласапыран», «Шақан – Шері» және Совет дәуіріндегі қазақ прозасының ең соңғы туындысы – империясының түбіне жеткен 1991 жылғы тамыз бүлігінен үш күн бұрын «Сары қазаққа» дейінгі аралықтағы ең негізгі, ең тәуір шығармаларының бәрі де отаршылық жүйеге қарсылық көріністері болып табылады.

«Алтын дәптер» – 1964 жылғы жазбалар турасында бастаған негізгі мәселеге келсек, «Қобыз сарынына» қатысты көне әдебиетті зерделеу және монографияның өзін жазу үстінде, әуелгі балаңқы ой, үстірт әсерден туындаған тарихи трилогия сол ойда тұрған қалпы арада бір жыл өтпей мансұқ болады. Және де, ескі заман, негізінен ХІХ ғасыр мінезіне, оқыс оқиғалар, өзгеше адамдар төңірегінде құрылмақ «Ескілік көлеңкесі» деген әңгімелер кітабы да жүзеге аспайды. Жазушының ескі жыраулар мұрасына жол ашқан 64 жылы проза жасалмайды. Бірақ көңілдегінің бәрі көмескіде қалмайды. Сол жылы ойластырылған «Көк мұнар» романы 1971 жылы жазылады. «Нар – қызыл. Бәйге ат трагедиясы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен белгіленген хикаясы арада он бес жыл өткен соң, 1979 жылы қағазға көшіпті.

«Алтын дәптер» – 1965 туралы мана, жөнекей ескертумен шектелдік, «Аласапыран» аян түсті дедік, яғни, бұл тараптағы негізгі әңгіме – алда. Бұл жылдары «Қобыз сарыны» тәмам болды, талқылау – қудалауға ұласады. Жас ғалым бұл уақыттарда аспирантураны бітіріп, жұмысқа орналасады, зерттеудің негізгі деген тұстарын баспасөзде жариялауға уақыттың көбін арнайды. Мұнан кейінгі өмірдің біразын жазушы диссертация қорғау машақатына оздырады. Ол кезде тың, саяси талапқа қайшы болып табылатын ғылыми еңбекті жазып және оны қорғау М. Мағауин үшін кандидаттық дәреже алу үшін емес, қазақ хандығы дәуіріндегі жасалған белгісіз мұраны қатарға қосу, ұлттық әдебиеттің арғы тарихын негіздеу болатын. Үлкен мақсат көп кедергілерге кездесіп, ақыры тура жиырма екі ай өткенде, 1967 жылдың наурызында Қазақ университеті филология факультетінің Ғылыми кеңесінде ресми қорғаудан өтті. Аруақты бабалар қолдаған М. Мағауиннің қиын да күрделі ғылымдағы жолының даңғылы ашылғандай болып, оны әлі де күрделі мәселелер күтіп тұрған еді. Өмірде кездесетін кездейсоқтық пен салдардың нәтижесінде болып, оның көбісі қаламгердің өмірде қиналуы мен қуануына тікелей әсері болғанын да өмірде болған көптеген оқиғаларды да әсем етіп композицияға ұластыра білген. Мұның тұсында жазушы жоспарына енген «Ақжалға кеткен Сейіттің баласы» – арада жиырма жыл өткен соң, 1988 жылдың қаңтарында жазылды.

Тағы бір әңгіме мен бір хикаясы бұдан ертерек жүзеге асты. Ал әйтеуір жөн-жоба емес, нақты көрінген екі роман да тоқырап тұрады.

Мұның біріншісі – ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарын қамтитын көлемді тарихи шығарма, «Аласапыраннан» бұрын жазылуға тиіс еді, кейін шегінді, одан соң араға Ораз-Мұхамед заманындағы Қазақ Ордасы туралы тағы бір роман салып жазбақ болады, оның да орайы түспеді, сөйтіп, ерте жоспарланған, әуел бастан аса мәнді саналған ең көлемді дүниелерінің бірі әзірше жүзеге аспай жатыр. Тіршілік болса, жазармыз деген үміттен арылмайды.

Сол жылы жобаланған екінші роман күрделі ғана емес, шатақ еді. Тұспалмен белгіленген: «Бір әулеттің тарихы 1905-1975 ж. Оқыған бұтағы:
Б тағдыры; Ш тағдыры құрып бітеді. Оқымаған бұтағы: Мамай, Мұрат тағдырлары; Едіге. Роман. 30-бет» деген санаулы сөзге көп мағына жүктелген. Бұл романда ұлттық жаңа замандағы қайта ояну кезеңі, Алаш қозғалысы, террор мен репрессия, 32-жылғы ашаршылық, әлемдік соғыс зардабы, «тың көтеру» отаршылдығы-үш ұрпақ тағдыры арқылы ғасырдың әуелгі үш ширегінде болған күрделі оқиғалар, ғаламат апат сипатталуға тиіс еді; ең соңында ұлт болашағында жарық сәуле көрінбек. Көлемі отыз баспа табақ деп мөлшерленген роман, жаза қалса, елуге жетіп жығылар еді [27, 211].

Жазушының «Алтын дәптер» жобасында жоспарланған шығарманың бәрі бірдей жазылмаған. Оның себебі әр түрлі ғұмырнамасында жазушылық ұстанымына адал М. Мағауин шығармалардың өмірге келмеуінің себептерін де баяндап отырады.

Ескі жыраулар мұрасына жол ашқан 1964 жылы проза жасалмайды. Бірақ көңілдегісінің бәрі көмескі де қалмайды. Сол жылы ойластырылған «Көк мұнар» романы 1971 жылы жазылады, «Нарқызыл. Бәйге ат трагедиясы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен белгіленген хикаят арада он бес жыл өткен соң, 1979 жылы қағазға көшеді. «Алтын дәптер» – 1965 туралы жөнекей ескертумен шектеледі, «Аласапыран» аян түсті дейді, яғни, бұл тараптағы негізгі әңгіме – алда. Бұл жылы жазушы «Қобыз сарынын» тәмамдайды, талқылау – қудалауға ұласады, зерттеу еңбектің негізгі тұрғыларын жариялайды және ағымдағы баспасөз бетінде түгелге жазық әңгімелеуге негіз жасайды, – жаңа прозаға жазуға мұршасы келмейді.

Десе де, жаңа, 1968 жыл жазушының жеке өмірі мен шығармашылығына мол табыс алып келген сәтті кезең болады.

Мұның біріншісі – ХVІІІ ғасырдың 50-жылдарын қамтитын көлемді тарихи шығарма, «Аласапыраннан» бұрын жазылуға тиіс еді, кейін шегінеді, одан соң араға Ораз Мұхамед заманындағы Қазақ Ордасы туралы тағы бір роман салып жазбақ болады, оның да орайы түспейді, сөйтіп ерте жоспарланған, әуел бастан аса мәнді саналған ең көлемді дүниелерінің бірі әзірше жүзеге аспайды. Тіршілік болса, жазылар деген үлкен үміттен жазушы арылмайды.

Қаламгердің қырық жыл бойы тапқан барлық шығармашылығына өріс болған «Алтын дәптердің» 1969 жылғы алғашқы бетінде бұған айқын мысал ретінде «Тазының өлімі» әңгімесін ерекше атап өтеді.

«Алтын дәптердің» куәлігіне қарағанда, 60 жылы ойластырылған. Бір арқардың өмірі. Қазақтың даласы – табиғаты, аңы мен адамы... Өтіп бара жатқан өмірдің бір көрінісі [27, 345].

Қаламгердің алғашқы проза жинағы баспа жоспарына осы, жазылмаған хикаясы атымен ұсынылған екен.

Мұның біріншісі «Қазақ даласынан, Ноғай ордасынан Қазанға кеткен көмекке келген жасақтар. Нәзік ұлдарының тағдыры. Ұрыс қимылдары. Ең ақырғы қақтығыс. Бір адам онға қарсы соғысқан осы шайқаста Қазан хандығының тарихы, тағдыры, жалғыз Қазан ғана емес, бүкіл Орталық Азияны мекендеген түрік халықтарының тағдыры шешілген еді.

Екіншісі: «Доспанбеттің ақырғы күні. Астраханның алынуы, қала сыртындағы қырғын. Қайта бірігу туралы ойдың біржола жерленуі.

Яғни, ойластырылған, бірін – ертең емес, әйтеуір бір кезде жазылуға тиіс екі хикаят та біздің мемлекетіміздің ортағасырлық тарихындағы бетбұрыс, ауыртпашылық кезеңдеріне арналыпты.

Енді тағы бір белгі: «Абай туралы биографиялық роман. Ақын және қоғам». Бұл да замана туралы шығарма болуға тиіс еді. Мұхтар Әуезов Абайынан басқарақ бітімдегі ұмтылыс, қайраткер Абай.

«Алтын дәптер» 1971 жылдың басындағы алғашқы таңба, «Сәкеннің өмірінің соңғы сағаттары». «Болмасқа болып, қара тер», «Қорлықпен өткен өмір...»

Бұл жолдағы жоспар Сәкен Сейфуллинді итке талатып өлтіріпті деген сөзге орай жазылғанын айтады. Аяушылық сезімнен емес, Алла мен тобадан дейді. Сәкен Сейфуллиннің ұлтшыл идеяға онша көне бермейтін, пенделік тіршілігі туралы баяндағысы келген жазушы бұл шығарманы жазбайды, «Ойша жазылды» деп біліңіздер дейді [27, 362].

Қаламгердің жиырма мен отыз жасының арасында жүзеге аспаған қаншама туындыларын айтып отырады. Бұлар – әуелгі жобалар. Одан бергі ширек ғасырдағы тағы қаншама хикметтер болған. Орайымен жазыла қалған әрбір шығармада, әр түрлі себеппен жазылмай қалған он шығарманың аманаты бар. Біз сол жүзеге аспаған шығармалардың рухымен жазушы болдым дейді. Хеминуэйдің атақты Айсберг теориясын басқа тұрғыда көшірсе, жазушының жүзеге асқан шығармаларын – Мұхтардың үстіңгі, сегізден бір ғана бөлігі, оны мұхит айдынында көтеріп тұрған сананың терең түкпірінде қалған, тар заманда жарыққа жол таппаған, енді уақыттың жылы ағысымен жиектей мүжіліп жатқан кесімді сағатында еріп бітіп, жазушының өзінің ішінде кететін, жазылып үлгермейтін ең асыл туындылары деп біліңіз.

Жазушының «Алтын дәптеріне» 1974 жылы Жәлел-әд-Дин Сұлтан туралы ғұмырбаяндық роман жоспарланыпты, 90-жылға таман жазылады», – деген ескертпесі бар. Бұдан басқа екі хикаят, бір әңгіменің сұлбасы тұр.

«Шығармашылық ғұмырдың не бір сүрлеу соқпағынан сүрінбей, жығылмай, мұқалмай, шаршамай өтіп, қазақ ұлтының классикалық әдебиетінің негізін салуға аянбай тер төккен Мұхтар Мағауин шығармашылық зерханасын зерттегенде, жазушылық өнердің тың құпия-сырларына қанығамыз. Қиын- қыстау кезінде жазушыны алып шыққан не? деген сұраққа жазушы: «Мені шаршатқан, қажырымды қайтарған – өсек-аяң емес, сауатсыз сын да емес, тіпті соңғы екі кітаптың қиын тағдыры да емес, басқа нәрсе болатын. Остап Бендер айтқандай, осы шаруалардың тұсында мен адамға деген сенімнен айрылдым және сезіміме қылау түсті. Төлеміне миллион алған жоқ, керісінше, миллиондарды қоса бердім. Ал қаламгердің сабақты жіптік сезімі бар шығармасының болат арқауы, иненің жасуындай сенімі берік тұруы, боран мен тұманның өзінен көктей өтетін құдіретті сәуле, адастырмас жолбасшы-тас үстін, торапты құбыла-нама» [27, 379].

Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетінің ардақты есімдерінің бірі – Қабдеш Жұмаділов екендігі қазір көпшілікке аян шындық.

Халқымыз басынан кешкен қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген, жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы көзқарас өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік елдік ұйытқы отансүйгіштік, патриотизм сарындары-осылардың бәрі жанды түрде тұтас келіп, Қабдеш Жұмаділовтің тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын, поэтикалық, жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек [24, 353].

Кешегі социалистік режимнің қатал ұстанымдарын шет елде, шет жерде жүріп көрген, өзің туып өскен елдің өгей ұлы болып, шекараның арғы бетінде ер жетіп, ес білген Қ. Жұмаділовтің шығармашылық жолды таңдауының өзі үлкен образдар жүйесі мен қомақты өмірлік материалдарды жүзеге асырып көркем шығарма жазуында үлкен арман ізгі үміт жатқанына шүбә жоқ. Қиын-қыстау заманда қазақ жастарының көркем өнерге деген құштарлығы мен таланты терең толғаныспен шығармаларында баяндалуы қаламгердің өзі ғана емес айналасы жастардың талантынан да мол хабар береді.

Ғұмырнамалық және тарихи тақырыптарға бару Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романын жазуына алып келеді. Мұның алдында «Соңғы көш», «Дарабоз» жазылды.

Қазақ әдебиетінде болған оқиғаны суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған тарихи романдары Қабдеш Жұмаділов есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби-сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды. «Соңғы көш» романы Мемлекеттік сыйлықты алды. Тарихи тақырыпты көтерген «Дарабоз», «Сәйгүліктер» романдары. Бұл романдар «Жұлдыз» журналында жарық көріп, бірнеше тілдерге аударылды. Кітаптардың бәрі де сынның, оқырманның талқысынан түсіп жатыр, шет елдерде аударылып жатты.

Кейінгі Кеңес үкіметінің саясаты шекараның арғы шетіндегі қазақтардың өміріне әсері, екі алпауыттың Қытай мен Орыстың қысымы бұрын соңды қазақ әдебиетінде сөз болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармалар, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет еді. Суреткерлік позиция, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектіге Қабдеш Жұмаділов оңтайлы бір қырынан келген.

Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері өз тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған.

Қазақ прозасының ішкі структурасы, жанрлық формалардың дамуы, өзгеруі, жаңаруы туралы әлі айтылмаған тұжырымдар көп. Халық фольклоры мен проза ортасындағы байланыстың өзі қат-қабат. Бір қарағанда, көз шалынатын фольклордағы қалыптасқан сөйлем жүйелерін, тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді, оралымдарды пайдалану, дайын сюжеттік арнауларды, образ қалыптарын алу өз алдына, бүгінгі әдебиеттің ішкі тынысынан әсер етіп отырған іргелі фольклор бар. Қазіргі қазақ тарихи романының жанрлық формасын әдеттегі еуропалық конондармен білу, бағалау қиын, оларды деректі тарихи роман, роман-хроника дегеннен гөрі ұлттық әдебиеттегі жаңа жанрлық роман-шежіре деп тану ақиқатқа жақын келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет