Т.Б.ТАБУЛДЕНОВА
Қостанай құрылыс колледжі, Баймагамбетов көшесі, 1, тел.: 22-05-23,
e-mail:str_col@mail.ru
Көне түркі жазба ескерткіштері– ұрпақ қазынасыҰрпақтан-ұрпакқа мұра болған
руникалық жазба ескерткіштер(V-VIII іт.) қазақ және өзге түркі халықтарының көне дәуірде мәдени деңгейінің өте жоғары болғандығын дәлелдейтін баға жетпес асыл қазына. Бүкіл әлемге танылған түркі руникалық жазбалары атақты Египет перғауындарының қорғандарынан табылған шумер жазуларымен дәуірлес болып келеді. Ұлттық ғылым тәуелсіздік алған 19жыл ішінде түркітану бағытында біршама жетістіктерге жетті. Қазақ және өзге де түркі халықтарының этносы мен мемлекетігін, тілі мен графикалық жүйесін (жазбаларын), тарихи-мәдени және этносаяси жағдайын ғылыми түрде жан-жақты әрі жүйелі зерттеу түркі тілдес халықгар үшін, оның келешек ұрпағы үшін құнды қазына болып табылады. Қазақстан мен Орталық Азия және Онтүстік Сібір жерлерін мекендеген түркі тілдес ру-тайпалар бірігіп, VI ғасырдың, орта шенінде "Түрік кағанаты" деген атпен өз алдына мемлекет қүрғаны тарихтан белгілі. Осы кағанаттың құрамына енген тайпалык, одақтар бір кездерде өз елі мен жерінің бостандығы, тәуелсіздігі үшін алапат қақтығыстар мен жойқын соғыстарды басынан кешті. Тұс-тұстан қаумалаған дұшпандардың шапқыншылығынан қорғанған түркі ру-тайпаларының жорықтары қол бастаған ержүрек, дана іскер басшылардың ерлік істерімен, оған тіреу болар ел бірлігімен жүзеге асты. Ұрпаққа өнеге болар атақты Күлтегін, Тоныкөк, Білге, Бумын кағандар әрі тарихи, әрі әдеби дастан жырлардың кейіпкерлеріне, сомды тұлғаларына айналды. Ардақты есімдерді ел жадында сақтау үшін сол заманның данагөй білімдарлары өркениеттің белгісі болып табылатын түркілік сына жазумен тас бетіне түсірді. Түркі тайпаларынан қалған бұл ескерткіштер көне дәуірдің қоғамдық-мәдени, әрі әдеби тұрмыс-салт өмірлерінен хабар беретін жәдігер қазына ретінде бүгінгі күні барлық түркі тектес халықтарға ортақ мұраға айналды. Түркінің сар даласының ішкі сырын бойына сіңірген таңбалы тастар қас батырдың ерлігіндей сан ғасырларды аттап, өз заманының шындығы мен қайгы-қасіретін, амал-әрекетін бейнелеп, еш өзгерместен күні бүгінге жетіп отыр.
Болашақ ұрпақка мұра етіп калдырылған көне түркілік жазба ескерткіштер кең байтақ Қазақстанның барлық аймақтарынан табылып, ескерткіштер саны жыл сайын өсіп жатыр
Көне түркі дәурінен, оның ішінде V-X ғасырлардан, бізге мынадай жәдігерліктер жеткені мәлім:
V ғасырға жататын руна (сына) жазулы Талас–Енисей ескерткіштері: құлпытастардағы эпитафиялар, олар 1-2 сөйлем, 5-6 сөйлем көлемінде айтылған тарих;
VIII ғасырға жататын руна жазулы Орхон ескерткіштері:құлпытасқа қашалып сызылған (жазылған ) түркі тайпаларының сол дәуірдегі атақты қағандары мен батырлары: Білге қаған, Елтірес қаған, Күлтегін, Тоныкөктер туралы тарихи шежірелер.
Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілі – қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы.
VIII- X ғасырлардағы ұйғыр жазулы жору, аян айту, діни аңыз түріндегі ескерткіштер (жазбалар) болған.
Зерттеушлердің көбі қазақ халқының өзге түркі халықтарымен ортақ тарихиның басы VI-IX ғасырларда өмір сүрген Түрік қағанаты дәуірінен, яғни VI ғасырдың ортасында гун державасының қираған жұртында қалған ру-тайпалардың дербес мемлекет құрған кезеңінен басталады деп санайды.
Ал Түрік қағанатында, жоғарыда көрсетілгендей, жазба әдебиет, поэтикалық сөз үлгісі, яғни әдеби тіл болған. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев өте дұрыс танығандай, түркілердің V- VIII ғасырлардағы көркем сөз үлгісі –түркі поэзиясының, әдеби тілінің туу басы емес, тарихи белгілі кезеңінің ғана басы, яғни түркілердің ауызша поэзиясы:тұрмыс-салт жырлары, жоқтау өлең айту салты, дидактикалық шешендік толғаулар, мақал-мәтелдер өте арғы дәуірлерде жасалған.
XI ғасырда Маһмуд Қашғари келтірген «Алп Ер Тоңа –өлді меу?» деген өлең VII ғасырдан арғы жерден келіп жеткен өлең үлгісі.
Демек, басын VI- VIII ғасырлардан көп бұрын алған сына жазулы Орхон-Енисей, Талас жәдіргерліктерінің тілі V-VIII ғасырларда Жетісу, Алтай, Орталық Азияда өмір сүрген оғыз, қыпшақ, ұйғыр, қарлұқ, т.б. тайпалардың ортақ жазба тіл болды.
Бұл ескерткіштердің тілі бірнеше дәіурлік тарихы бар жасанды жазба тіл деген де, ауызекі баяндар стилінде жуықтайтын жылнамалық (шежіре іспеттес) эпостар тілі деген де (Ә.Қоныратбаев), эпитафиялық проза тілінің үлгісі деген де (П.Мелиоранский, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбанов), VI-VIII ғасырлардағы түркі поэзиясының үлгісі деген де (Ф.Е.Корш, И.В.Стеблева) пікірлер жарыса орын алып келеді. Қайткен күнде де Орхон және Енисей жазбалары әдеби тілдік дүниеліктер, өйткені бұлардың тілінде белгілі бір нормалар, дәстүрлі үрдістер бары даусыз.
Орхон-Енисей жазба белгілері бар балбал тастар ең алғаш рет XVII ғасырдың соң кезінен бастап Сібірді зерттеушілердің көзіне түсті. XIX ғасырдың II жартысында Монголия жерінен,Орхон бессейнінен, Якутияның оңтүстігінен тасқа жазылған жазулар көптеп табыла бастады. Олардағы жазуды танып, тұңғыш оқығандар жайында, тастағы жазулардың мазмұны, тілі, стилі жөнінде В.В. Радлов, С.Е.Малов, П.М.Мелиоранский, В. Котвич, Г.Рамстед, А.Габендерден бастап шетел және орыс ғылымында соңғы жүз жылдың ішінде орасан көп айтылып, зерттеліп,жазылып келеді.
Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі жөнінде қазақ зерттеушілері де (М.Әуезов, М.Жолдасбеков, Қ.Өмаралиев, Е.Ағыманов т.б.),оның ішінде әсіресе Ғ.Айдаров, А.Аманжолов сияқты танымал ғалымдар айтарлықтай үлес қосып келеді.
Әдебиеттанушы М.Жолдасбеков: «Бір кездерде эпостық дәстүрі айрықша дамыған қазақ халқының бай мұрасы мен Орхон ескерткіштерін салыстыра ерекше мәні бар екіндігін» айтып, Орхон ескерткіштері-эпикалық шығармалардың, тарихи-ерлік жырлардың ең әдепкі үлгілері деп таниды. Ал фольклор тілін зерттеуші Е.Жұбанов ауыз әдебиеті үлгілері, жазба, әдебиеттен өрбімейді, керісінше, Орхон жазбаларына түркі тайпаларының ежелден дамып келген бай ауыз әдебиеті үрдісі негіз болған дегенді айтады. Бірақ қайткен күнде де Орхон жәдігерліктері әдеби мұра ретінде де, әдебиеттің белгілі бір жанрының үлгісі ретінде де біраз түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да әдеби тілінің тарихи бір арнасы екені дауысыз.
Казақ әдебиеттанушылары Орхон жазбаларын қазіргі түркі әдеби дәстүрлеріне ұластыра зерттеуде көбінесе жанрлық сәйкестіктерді тауып, сол жағынан жанастырады. Мысалы, қазақ фольклорындағы жоқтау, шешендік арнау жанрларының көрінісі Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінен табылады дейді.Сонымен қатар тілдік көркемдеуіш құралдардың ішінде риторикалық сұрауларға құрылған паралеллельдер (көктен тәңірі баспаса, төменде жер айырылмаса, ел-жұртыңды кім қорлайды ), антитезалы параллельдер(азды көп қылдым, кедейді бай қылдым; биікте көк тәңірі, төменде қара жер), стереотип қайтаулар (Бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды; бастыны еңкейткен, тізелені бүктірген) орын алғандығын көрсетіп, олардың қазақ ауыз әдебиетіндегі (эпостарындағы) аналогтерімен шендестіреді.
Құлпы тастардағы Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағандар жайындағы жазу-сызулар жоқтау, мадақ ретінде айтылған шешендік сөз үлгілері, өлеңдік үйқастар, мақал-мәтелді тіркестер болғандықтан, қазақтардағы ақын-жыраулық өнердің кейбір тәсілдері мен эпос жырларына тән көркемдік дәстүрдің кейбір нышандары Орхон-Енисей ескерткіштері тілінен байқалады. Мысалы, ескерткіштерде тұрмыс-салт жырлары мотиві (айталық, жоқтау мотиві) бар дегенді Жирмунский, Бертельстер атаған болатын.
Қазақ зерттеушісі әрі тіл маманы әрі әдебиетанушы Қ. Өмірәлиев «Тоныкөк» ескерткішінде дидактикалық-философиялық шешендік толғау үлгісі қазақ жыраулары айтқан толғаулардың қайнар көзі екенін дәлелдей келіп, олардағы әдеби тілге тән көркемдеуіш-бейнелеуіш модельдердің, ырғақ желісінің кейінгі қазақ поэзиясы тілінен табылатындығын көрсетеді.
Бұл зерттеушінің тануы бойынша, ежелгі түркі халықтары VII- VIII ғасырларға дейін-ақ ауызша поэзияның жетілген түрлерін жасап үлгірген, яғни оларда тұрмыс салт-жырлары, ерлік –жоқтау өлеңдер, дидактикалық шешендік толғаулар болған....
Ал бұлардың тілдік–көркемдік үлгісі қазақтың ауызша дамыған авторлары поэзиясынан да, ескі жазба дәстүрінен де табылады деген түйінге келуге болады. Ал жалпы тілдік оның ішінде әдеби тілдік белгілерді іздеуге бастысы дәстүрлілік, нормалылық болғандықтан, соларды көрсету керек болады. Және оларды тілдің барлық қаттауынан: фонетикасынан, лексикасынан, грамматикасынан, әдеби көркем құралдарынан іздеу қажет.
Көне түркі жазбалар тіліндегі қазіргі тілдерге ұқсастық, іліктестік белгілерін қазақ тіліне қатыстыра сөз етсек, мыналарды айтуға болады: дауысты дыбыстардың жуан-жіңішке болып, төрт жұп құрауы: а-э(е), ы-и(і), о-е,ұ-ү және олардың позициялық орындары қазақ тілімен бірдей болып келеді. Қазақ тілінде өзге түркі тілдеріндегі ш –мен келетін сөздер с-мен келетін болса, көне түркі тілінде екеуі де қатар келгенін көреміз: іш-іс, кіші-кісі, йаш-жас, аш-ас,барш-барыс, адаш-адас (жолдас), беш-бесинч.
Сол сияқты е мен и (і) дыбыстары да көне түркі ескерткіштері тілінде жарыса қолданылған (ел-ил, бер-бир, йеті-йіті, кет-кит ),е-мен келгендері жалғасын қазақ (және әзірбайжан, түрік, өзбек) тілінен табады. Екінші буында у (ұ) ү дыбыстарының орнына қысаң ы, і дыбыстарының келуі де (үчүн~үчін, тоқуз~тоқыз, оғлум~оғлым, буңусуз~буңсыз) бүгінгі ізін қазақ тілінен көре алады. Сонор р, л, н дыбыстарына аяқталатын сөздерге қатаң дыбыстан басталатын қосымшаның жалғануы (келті, болтым, анта, адырылтым) көне түркілерде басым болса, бұл заңдылық қазақ тілінде тек қалдық ретінде сақталған (шідерті, жиынтық).
Әрине, көне түркілік сөздердің барлығының тұлғасы (бітімі) қазіргі қазақ тілімен бірдей түсе бермейді: бұлардағы тағ, бағыр, мүгіз, өгүр сияқты ғ дыбысымен келетін сөздер қазақ тілінде бұл күнде й не у-мен келетіні мәлім (тау, бауыр, мүйіз, үйір). Сол сияқты ескерткіш тілінде д-мен келетін тұлғалар қазақ тілінде й-мен келетінін білеміз (ада ~қайақ, адырыл~айырыл, ұлғад~ұлғай).
Орхон жазбалары тілінде орын алған сингармонизм құбылысы, яғни көп буынды сөздердің алдыңғы буынындағы дауыстының жуан-жіңішкелігі соңғы буындарға әсер ететіндігі (сөздің біркелкі, бір қатарлы дауыстыларды қабылдайтыны: бäглäр, білгä, өлум сансыз, атлығ), алғашқы буынында еріндік дауысты дыбыс келетін сөздердің екінші буынында еріндік емес, езулік дауыстының келуі (бунсыз, оғлына, тутдым; буңсуз, оғлуңа, тутдум емес), сөз буындарының құрылымдық + типтері (дауысыздардың орналасу тәртібі: дауысты + дауыссыз + дауысты, дауысты + дауыссыз, дауыссыз+дауысты+дауыссыз), ғ, г, п, р дыбыстарының сөз басында кездейспейтіндігі – осылардың барлығы қазіргі қазақ тіліндегі әдеби нормаға сәйкес келеді.
Морфология саласында тәуелдік категорияның грамматикалық тұлғасы-I,II, III жақтық тәуелдік жалғаулары, септік жалғауларының (барыс септіктің – ғару/ игеру, табыстың –ығ/іг түрінен басқасы) қазақ тіліндегі көрсеткіштеріне сай келеді. Жіктеу есімдіктерінің мен, біз, ол болып, сұрау есімдіктерінің нä, анча, өздік есімдіктерінің өз, өзүм болып көрінуі де қазіргі түркі тілдерінен, оның ішінде «қыпшақтық» тұлғалардан көп айырмасы жоқ.
Әрине, бүгінгі қазақ тіліне тән емес морфологиялық тұлғалардың бұдан он екі ғасыр бұрынғы ата-бабаларымыз тілінде орын алғандығын білуіміз керек. Мысалы есімшенің –мыш/міш (-мыс,-міс), -чы (-чі) тұлғалары,көсемшенің –ы/-і,-у/ү (-башлайу-бастап, алы-алып, іті-істеп) т.б.
Лексика-тілдің өте құбылмалы қаттауы екені мәлім, сондықтан Орхон-Енисей ескерткіштері тілінің лексикасы мен қазіргі түркі тілдері арасындағы өзгешеліктердің едәуір болуы заңды. Сөйтсе тұра сына жазулы, көне түркі ескерткіштер тіліндегі жеке сөздердің көпшілігінің мағыналық және тұлғалық бітімі жағынан қазіргі бірқатар түркі тілдеріндегі, соның ішінде қазақ тіліндегі сөздермен бірдей (ұқсас) түсетіндігі байқалады. Оларды зерттеушілер: адамдарға және туыстық қатынастарға байланысты сөздер: ата, қатун, қыз, іңі, сіңлі, келін, йегін (жиен), оғұл (ұл); табиғат құбыластырына қатысты сөздер: йер, тағ, қар, құм, т.б. қазақ тіліне тән екіндігін, бірлі-жарым фонетикалық айырмасы болмаса, негізінен сол қалпында сақталғандығын көрсетеді.
Зерттеуші Ә.Құрышжанов пен М.Томанов Орхон-Енисей ескерткіштері тіліндегі қазіргі қазақ тілінен тұлғалық әрі мағыналық жағынан ұқсастығы (сәйкестігі) айқын ешқандай айырмашылығы жоқ сөздер деп 130 сөзді, ал қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кейбір фонетика ерекшелігі бар сөздер деп 397 сөзді, тұлғалықта, мағыналық жағынан да ұқсастық таппайтын сөздер 311 сөзді тізіп көрсетеді. Қай түркі тілі болмасын өздерінің лексикалық қазынасында көне сөздерді ішінара сақтап қалғандығы да байқалады.Мысалы,қазақ тілінде «мүлік» мағынасындағы көне түркілік барым, «шақыру» мағынасындағы оқу, «сөйлеу, сөз» мағынасындағы саб (сөз саптау-сөз сөйлеу), «кедей» мағынасындағы шығай (Шығайбай, Шықбермес) деген сөздер тұрақты тіркестердің құрамында немесе жалқы есімдердің аталуында сақталған.
Көркемдеуіш -бейнелеуіш тәсіл-құралдар саласына келсек, белгілі бір атаудың тұрақты эпиттермен келуі Орхон ескерткіштеріндегідей, қазақтың әдеби тіліндегі айрықша көркемдік белгілерінің бірі екендігін айту керек. Мысалы, «Күлтегіндегі» сучіг саб (тәтті сөз), йымшақ ағыс (асыл дүние), беңгу тас, еріг йер, қара йер, қызыл қан, қара тер, көрер көз, сарығ алтун, өрун күмуш сияқты тіркестердегі тұрақты эпиттеттердің өздері де, оның аналогтері де қазақтың ауыз әдебиеті тілінде, ауызша дамыған авторлы әдеби тілінде және жазба әдеби тілінде молынан кездеседі.
Түркі халықтары тіршілігі мен мәдениетінің көне (V-VIII ғ) дәуірінен кейінгі ортағасырлық кезеңінде оның ішінде X- XII ғасырларда қараханидтер мемлекеті өмір сүрді. Қараханидтер династиясы кезінде Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі халықтардың ана тілі мен әдебиеті өркендеді. Бұл кезде қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр халықтарының тілдері негізінде араб графикасындағы түркі жазуы қалыптасты, ескерткіштер дүниеге келді. Ол ескерткіштер: «Құтадғу білік» (XI ғ.), Махмұд Қашқаридың «Диван лугат ит түрк » атты еңбегі (XI ғ.), Иүгнекидің «Һибату хикайик» атты шығармасы.
IX-X ғасырларда дүниеге келген ескерткіштер де бар.Солардың бірі -«Оғызнаме» эпосын қазақ зерттеушілері, оның ішінде Қ. Өмірәлиев жан-жақты зерттеп, қазақ тіліне аударып, мынадай түйінге келеді: «Оғыз қаған» эпосы әуелде ауызша туған дүние, өте көне дәуірде жасалған».
«Қутадғу білік»-13 мың жолдан тұратын дидактикалық дастан. Авторы –Жүсіп, кейін әміршісінен Хас Хаджиб (құпия министр) атағын алған, ғылыми әдебиетте көбінесе Жүсіп Баласағун (Юсуф Баласагуни) деген атпен танымал ақын. Бірі ұйғыр жазуымен 1439 жылы, екіншісі араб жазуымен XIV ғасырдың екінші жартысында, үшіншісі араб жазуымен XVII ғасырдың аяғында көшіріліп, хатқа түскен үш нұсқасы бар.
Зерттеушілер (А.Вамбери,В.Радлов,И.Березин,В.Томпсен, Р.Арат т.б.) тарихта теңдесі жоқ бұл ескерткіштің әдеби мұра ретіндегі мәні мен орнын зерттеп танытты және тексін түпнұсқа бойынша да, транскрипциялап та жариялау, өзге тілдерге аудару (мысалы, неміс тіліне) жұмыстарын жүргізіп келді.
Махмұд Қашқаридың «Диван лугат ит түрк» (Түркі тілдерінің) сөздігі атты еңбегі XI ғасырдың (1072-1074 жылдары жазылған) ескерткіш. Бұл сөздік тұнғыш рет 1915-1917 жылдары Түркияда үш том болып жарық көрді. Кейін оның түрік ғалымы Бесім Аталай араб тілінен түрік тіліне аударып,1939,1940,1941 жылдары үш кітап етіп жариялады.1960,1961,1963 жылдары өзбек ғалымы Салих Муталибовтің аудармасымен Қашқари сөздігі өзбек тілінде жарияланды. Бұл ескерткіш тек сөздік материалы бойынша емес, ондағы келтірілген әдеби үлгілерге:300-дей өленге, 300-ге тарта (291) мақал-мәтелге, көркем теңеулерге, қанатты сөздерге қарап, көркем тілдің бұдан он шақты ғасыр бұрынғы, тіпті одан да арғы кезеңдердегі кейбір белгілерін, ол белгілердің әрі қарайғы ұластығын көруге болады. Өйткені бұл кітап-«көне түркі әдебиет ескерткіштерінің қысқаша хрестоматиясы». Қ.Өмаралиев Қашқаридағы:
Алп Ер Тоңа өлді му? Ұлышыб ерен бөрлейу,
Есіз ажун қалды му? Жыртып жақа ұрлайу,
Өзлек өгін алды му? Сықрыб үні жүрлеу
Емді жүрек жыртылур. Сықтаб көзі өртулүр
-деген өлең жолдарын келтіріп, жоқтау өлең түрінің VII ғасырдан (Тоңа Алп ер VII ғасырдан арғы жерде өмір сүрген ұлы қаған) Қашқари дәуіріне –XI ғасырға-ауызша жеткенін айта келіп,бұл жырдың XV- XVI ғасырлардағы (және одан кейінгі) қазақтың жоқтау өлеңдеріне келіп ұласқанын танытады. Және де Қашқаридағы: Тавар кімнің өкүлсе,
Беглік анар керкейүр.
Таварсызын қалып
Бег еренсізін евгейүр-
деген дидактикалық –шешендік өлең өз моделін Орхон ескерткішіндегі:
Иуйқа қалын болар,
Топлағулук алп ерміс
Иінчке жоған болар,
Үзгүлүк алп ерміс-
деген сияқты жолдардан алған және ол XV- XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының дидактикалық-шешендік сөздерінің үлгісі деп табады.
Ал зерттеуші Ә.Дербісәлиев Қашқари «Диванындағы» жырлар Күлтегін. Тоныкөк, Білге қаған ескерткіштеріндегі оқиғаларды қайталайды дей келіп, «түркілер елі әдебиетінің ренессанстық дәуірінің бас тапқы кезеңіне жататын осы екі классикалық шығарма («Құтадғу білік» пен Қашқари сөздігі) қазіргі қазақ әдеби тілінің негізін, әдебиеттік ескі арнасының көзін танытады... Құнды мұра, жазба әдебиетіміздің ең алғашқы тұлғаулы шығармасы. Қазақстанды мекендеген көптеген түркі тайпалары қалдырған орта ғасырлық ортақ мәдениет үлгісі»,-дейді.
Өз тәжірибімде көне түркі жазуларын сабақтарымда қолданып отырамын. Мысалы: қазақ тілі алфавитін өткенде руникалық алфавиттің (VII - VIII ғ.ғ) пайда
болғанына тоқтаймын. Түркі алфавиті туралы академик В.В. Бартольдтің сөзін келтіремін: («Бұл, түркі тіліне басқа алфавиттерден гөрі жақсы бейімделген күрделі жазу.Дауысты дыбыстар көп емес,дауыссыз дыбыстар дауыс гармониясы заңына байланысты екі категорияға бөлінген.Сөйтіп, түркі тіліне өте сай келетін алфавит шықты.Орхон–Енисей алфавиті түркі тіліне, оның ішінде сингармонизм заңына өте жақсы бейімделген. Бұл жағынан алғанда ол соңынан келген ұйғыр мен араб алфавиттерінен әлде қайда жетілген және құнды».
«Қазақ батырлары» тақырыбын өткенде, көне түркі ескерткіштеріне көп көңіл бөлемін. Мысалы, «Тоныкөк» жырындағы уағыз- өсиетке, нақыл сөздерге тоқтаймын: Қол қосылса күш өсер.Өлімнен ұят күшті.
«Күлтегін» жырынан : «Түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Қара терімді төктім.Қып-қызыл қанымды жүгірттім. Түркі елі үшін». Бұл сөздерде көркемділік, асқан патриоттық рух жатыр.
Осы жырлардың идеясы- түркі халқын ауыз бірлігіне, сыртқы жауға қарсы ұйымдасқан күреске, ата-баба жолын берік ұстауға шақыру қазіргі уақытта да өзекті.
Әдебиет тізімі
-
Күлтегін //Ертедегі қазақ әдебиеті. Хрестоматия.- Алматы,1967. – 75-80б.
-
Қоңыратбаев, Ә Қазақ эпосы және түркология. – Алматы. – Ғылым, 1987. – 25-31б.
-
Мыңжан, Н. Қазақтың қысқаша тарихы.- Алматы, 1994ж. – 103-124б,
-
Омарова,Г, Шарабасов, С. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Фолиант, 2007. – 250б.
-
Сыздыкова, Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы, 1993. – 61-80б.
-
Турсынов, Е Древнетюркский фольклор: истоки и становление.- Алматы. – Дайк-Пресс, 2001. – 18-37б.
Достарыңызбен бөлісу: |