Көрінген келіншектей Алпысында



Дата16.06.2016
өлшемі163.55 Kb.
#140072
Алғысөз
Актер екі өмірді қатар еншілер, өзгеше кәсіп иесі. Біріншісі өмірдегі оның өз тіршілігі болса, екіншісі – ол бейнелер сахналық кейіпкерлердің әр алуан тағдыры. Осылай қос ғұмырды қатар ұстар тынымсыз әрекет иесі – Ұлы мәртебелі Актердің ішкі жандүниесін саралау үшін айрықша нәзік талғам, өзгеше қабілет, салиқалы, зейін-зерде қажет.

Қазақ театр сахнасының патшайымы, өнер ардагері Фарида Шәріпова 2016 жылдың 16 желтоқсанында 80 жасқа толар еді.

Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Бекзадалық болмыс» атты әдістемелік ұсынысты мерейтойға тарту етіп отыр. Әдістемелік ұсыныста сахна саңлағының өмірі, ойнаған ролдері туралы және «Сахна падишасы» атты кітап көрмесінің үлгісі, арнау өлеңдері, әріптестер пікірлері, әдебиеттер тізімі беріледі.

Қазақ өнерін алға сүйреп, адал еңбек еткен актриса Фарида Шәріпованың өнердегі жолы халқына үлгі, көзге қуаныш.

Көрінген келіншектей Алпысында,

Дарынсың сен көтерген халқы шыңға.

Қазақтың жаралғансың өнері үшін,

Жаралмадың, жауығып, тартысуға!

- деген өлең жолдарының иесі Фарида Шәріпованың жарқын бейнесі халқының жүрегінде!

Осы әдістемелік құралды оқырмандарға ұсыну арқылы сахна өнерінің майталманын жастарға насихаттаймыз.


Өмірбаяндық деректеме


Фарида Шәріпова 1936 жылдың 16 желтоқсанында Шәуешек қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Шанхай киностудиясының «Хасен-Жәмилә» көркем фильмінде Жәмилә ролін орындады. Алғашқы наградасы – осы рөл үшін берілген үшінші дәрежелі медаль болды.

1955 жылы Қазақстанға оралып Өнер институтының (қазіргі Қазақ Ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясы) актерлік бөліміне түсіп, профессор Асқар Тоқпановтың шеберханасында 1959 жылы бітірді. Сол 1959 жылы Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының актерлік тобына қабылданды. Содан бері үзіліссіз осы театрда еңбек етті. Театрда көптеген, ал кинода бірталай рөл сомдады. Дубляжға көп еңбек сіңірді. Қазақ радиосы мен телевидениесінің қорында Фарида Шәріпованың қатысуымен, оқуымен жазылған шығармалар, сондай-ақ сұхбаттар сақталған.

Қазақстанның 1976 жылы, КСРО-ның 1980 жылы халық артисі деген атақтарын алды. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығын 1967 жылы Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана»қойылымындағы Толғанайдың рөлі үшін және КСРО мемлекеттік сыйлығын 1974 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» драмасындағы Ақбала рөлі үшін алды.

Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірнеше рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесі грамотасымен марапатталған. 1996 жылы Қырғызстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.

Театр құрамымен бірге Қазақстанның барлық дерлік облысында, Мәскеуде, Қазанда, Уфада, Нүкісте, Ташкентте, Бішкекте, сондай-ақ Ширазда (Иран) және Нансиде (Франция) өнер көрсетті. Халықаралық актерлер делегациясымен Грекияда болып, атақты Коринф театры сахнасында жеке өнер көрсетті.

Жұбайы Ыдырыс Ноғайбаев (1931-1989) театр-кино актері, Қазақстанның және КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты. Ұлы Шыңғыс Ноғайбаев – белгілі суретші, Мәскеудің Суриков атындағы көркемсурет академиясының оқытушысы.


Сахна падишасы

(кітап көрмесінің үлгісі)
І бөлім: Актриса әлемі

Бұл бөлімде актрисаның сомдаған рөлдері, өмірбаяны

туралы деректер қойылады.
Дәйексөз: Фариданың үлкен өнердегі тілеуі жақсы. Өйткені, оған

Алла-тағала талант берген және сол талантын аялай алатын

парасат берген

Есмұхан Обаев


П бөлім: Өнер-ғұмыр

Бұл бөлімде Фарида Шәріпованың театрдағы рөлдері

туралы мақалалар әріптестер пікірлері, зерттеулер

қойылады
Дәйексөз: Баян болдың сахнаға көрік беріп,

Тағы аңсадық сан рет көріп келіп.

Еңлік боп сен егіліп қоштасқанда

Көздің жасын көлдетті ел төгіп-төгіп

Оразақын Асқар


Фарида – образ тудырушы тұлға, образ жасаудың хас шебері. Ол жер жебіріне жететін, кез келген кейіпкерді тірілтетін, маңдайын тасқа соғатын, жеріне дейін үңгіп қаза беретін, жан үңгуші, жан қопарушы актриса. Әлемдік масштабтағы актриса.

Әшірбек Сығай

Бекзадалық болмыс

(сахна падишасы Фарида Шәріпованың өнер

жолына саяхат кеші)
Безендірілуі: сахнаның ортасына «80 жас» деген гүлдермен безендірілген портреті, экранда слайдтар арқылы актрисаның сомдаған бейнелері көрсетіліп тұрады. Музыкалық орталық, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.

Қатысушылар: жүргізуші бозбала мен бойжеткен, кітапханашылар, оқырмандар.

Қонақтар: Актрисаның өнер жолы, өмір жолы туралы сыр айтар тұстастары, шәкірттері, зерттеушілер

Ең негізгісі: ағайын-туыстары, жақындары қатысып отырса құба-құп!


(Әр кітапханашы осы өтетін шараны кітапхана мүмкіндіктеріне орай кітап көрмесінің, саяхат кешінің атын өзгертіп, түрлендіріп алуларына болады).
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!
Қазақстанның Халық артисі, КСРО-ның Халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Фарида Шәріпованың 80 жасқа толуына орай өткізіліп отырған саяхат кешіне қош келіпсіздер!

Өнер иесі – ой иесі. Оның дүниені көруі, сезінуі нәзік. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Фарида Шәріпова театр мен киноға ұшан теңіз еңбек етті.


Бірінші аялдама: өмірі мен шыққан тегі
Бозбала: Сен жасаған бар бейнеге ғашықпын,

Тағы-тағы көрсем бе деп асықтым.

Көріп құмар қанған сайын қияға

Қанаттанып қыран болып асыппын

Фарида Шәріпованың балалық шағы өз отанынан алыста, Қытай жерінде өтті. 1936 жылы 16 желтоқсанда Шәуешек қаласында дүниеге келді. Сонау 30-шы жылдары елді ашаршылық жайлап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей дүрбелең кезең туып, бір үзім нан үшін халық тоз-тоз болған заманда әке-шешесі тау асып Қытай жеріне өтіп кеткен еді. Туған жері Шәуешек қаласында ұйғыр, қытай, татар тілдерін оқытатын мектепті тәмамдады. Анасының бесік тербетіп айтар әні «Елім-ай» еді, сол ән елге деген сағынышты өрбітіп, туған жерге бастап алып келді. 1955 жылдың мамыр айының 30 жұлдызында дәм тартып атамекенге келді. Әкесі марқұмға бір уыс топырақ ата жұртынан бұйырмай жат елде қалды. Ағайынды сегіз баланың тұрмысқа шығып үйлі баранды болған екі қыздан басқасы Алматы төңірегіне келіп қоныс тепті.

Ахмет Жұбанов, Асқар Тоқпанов ағалары қамқоршы болып Құрманғазы атындағы консерваторияның жанынан ашылған актерлік бөлімге оқуға түседі. Талантты жастарды су түбінен інжу-маржан тергендей іздеп тауып алды. Осы жастардың ішінде қазақ өнерінің айтулы шеберлері Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Раушан Әуезбаева, Матан Мұратәлиев сияқты таланттар бар еді.

Екінші аялдама: Ойнаған рөлдері
Бойжеткен: Талантты, жаңашыл режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің режиссураға бой ұруы сахна өнеріне өзіндік бір жаңа леп алып келді. Ол спектакльдерде: Абайда – Ажар, Ана-Жер-Анада – Толғанай, Қобыландыда – Қарлыға, Қозы-Көрпеш-Баян Сұлуда – Мақпал, Қан мен терде – Ақбала рөлдерінде ойнады. Мұның бәрін жұрт жылы қабылдады. Бұл туындылар көпке дейін сахна төрінен түспеген, ғұмыры ұзақ шығармалар еді.

1964 жылы «Ана-Жер-Ана» сахнаға шықты. Театрдың өрлеу кезеңін осыдан бастап атаса болады. 27 жастағы жас актрисаға Толғанай рөлін сеніп тапсырды. Сәбира Майқановадай үлкен шебермен өнер жарысына түсті. Тұңғыш Мемлекет сыйлығын бірге алды. Осы тағдырлары үшін Шыңғыс Айтматов пен Әзірбайжан Мәмбетовқа алғыстары көп еді. Қазақстанның барлық облыстарында, Иранда, Мәскеуде, Қазанда, Уфада, Нүкісте, Ташкентте, Бішкекте, сондай-ақ Ширазда (Иран) және Нансиде (Франция) ойналды, барлық жерде халық тік тұрып қарсы алды.

Араға 10 жыл салып 1973 жылы «Қан мен тер» шықты дүркіреп, Асанәлі – Еламан, Ыдырыс-Кәлен, Сәбит – Сүйеу, Әнуар мен Құман – Тәңірберген, Нүкетай екеуі Фарида – Ақбала болып ойнады. Премьерасы Москвада өтті, халық театрға сыймады. Сахнада буырқанған Арал теңізі, оянған қазақ даласы, бақыт іздеп күреске шыққан Еламан, адасқан Ақбала, бір топ қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайраткерлері. Бастығы Әбдіжәміл Нұрпейісов болып, Әзекең, Ыдырыс, Асанәлі баршасы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып қайтты.
Үшінші аялдама «Образ жасау шеберлігі»
Бозбала: Актер мамандығы сырт көзге жеңіл көрінгенімен өте қиын да күрделі. Кез келген адам актер бола алмайтыны да сондықтан. Ол тек санаулы, таңдаулы адамдардың ғана үлесіне тиесілі мамандық. Актер өмірі демалыс дегенді білмейтін, өмір бойы ізденуді талап ететін жанкешті өмір. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңып шынықпай ештеңе шықпайды.

Қазіргі заман талабы ауыр, талғамы өзгеше. Бұл заманның көшіне ере алмай, кеше жарық жұлдыз болып, бүгін ұмыт болған өнерпаз аз емес. Сұлтанәлі Балғабаевтың Фарида апайға арнап жазған «Ғашықсыз ғасыр» спектаклін режиссер Әубәкір Рахимов қойды. Фарида Шәріпова бас кейіпкер Фариданы ойнауы мен өзінің актерлік өнер ауқымының кең екенін, мол мүмкіндігі бар екенін байқатты. Фарида кейіпкерінің жан дүниесін терең аша білді.

Романтикалық планда өлеңмен жазылған «Қобыланды» спектаклі идеялық бағыты мен тақырыбы тарихтық ерлік беттеріне, халықтың тәуелсіздік үшін күресіне арналған. Қобландының қарындасы Қарлығаш пен жас батыр Шуақтың тойында сахна толған халық шаттана отырып би биленетін, жыр толғанып, халық ойындары өтетін. Өнердің ұлттық бояулары басым болды. Бірінші көріністе Қобланды мен Құртқаның алғаш кездескен сәтінде Көкпан қол көтеріп әмір етсе болды, ертегі аңыздарындағыдай биік қақпа жартас қақ айырыла кетіп, ортасынан ақ жүзі айдай әмбеге бірдей болып Фарида – Құртқа шыға келеді. Бұл Қобландыны ойнаған Ыдырыс Ноғайбаевтың, Әнуар мен Фариданың шамырқанған ыстық сезімдерге толы жасаған сахналық бейнелері еді.
Төртінші аялдама «Сахнада ғажайып серіктес»
Бойжеткен: «Фариданың мінезі туралы көп айтуға болады. Ол ешкімге кеудемсоқтық жасаған емес. Бір ауыз пікірінің өзінде салмақ жатады. Бірақ, өзім осы күнге дейін оның біреуге бір қатты айтқан кезін, сөзін естімеппін» - деген еді Есмұхан Обаев.

Актриса Фарида Шәріпованың тағы бір ерекше қасиеті – ол сахнада ғажайып партнер, серіктес. Осылайша ол спектакльдің жалпы атмосферасын жасайды. Жүйрік аттар бірге шапқанда бірден суырылып шықпай, біртіндеп алға түсіп, ең соңында өзі жеке дара келетіндері болады ғой. Фариданың сахна өнері де осындай. Ол өмір-бақи өз терін өзі алып жүреді, өз көзіне құйылған ащы терді өзі сүртіп жүрген актриса.

Фариданың маңдайының жарқырағаны – Мәмбетовтей суреткерге кездескені. Мәмбетовтің бақыты – қазақ театрына сол кезде Фарида, Асанәлі, Сәбит, Әнуарлардың келуі. «Менің сахнада жыламайтын рөл ойнайтын күнім болар ма екен»,-деп күледі Фарида. Айталық, Ақбаланың Еламанды ұнатуын бір сәт көңіл-күйінің Тәңірбергенге ауытқып, іштей толқыған ой арпалысып, аталы ауылдың ортасына түскенде көрген қысымы, олардан жиреніп, жек көріп түңілуі шебер бейнеленген. Тәңірбергеннің қиянатшыл қатыгездігін көргеннен кейін барып Еламанның қадіріне жетеді. Сондай-ақ Ақбаланың басына түскен тосын оқиғаларға, небір қасіретті сәттерде шыққан жан дауысы мен шырқыраған үніне залда отырған көрермен қоса егіледі. Өмір толқынының қиыр-шиырына көп түскен Ақбала тағдыры аянышты-ақ. Толғанай, Ақбала, Жәмилә образдарын барынша шынайы, қарапайым табиғи нанымдылықпен шебер бейнеледі.

Жапон драматургі Моримота Каорудың режиссер Мен Дон-Ук қойған «Белгісіз бір бейбағы» қойылымында Фарида бас кейіпкер Нуно бике Кей образын сомдады. Талантты режиссер Мен Дон-Ук пен шығармашылық бірлікте жұмыс жасап, жақсы тіл табысты. Ол алғыр да тапқыр талантты режиссер еді. Актерлеріміздің бәрі қамшы салдырмады. Тамаша ойнап шықты.


Бесінші аялдама «Чехов қазақ сахнасында»
Бозбала: Чеховтың «Ваня ағай» шығармасы көп қырлы, әсері мол туынды. Жұмбақ сырлы Елена Андреевна рөлін Фарида Шәріпова ойнады. Тал бойында бір міні жоқ, сымбатты сұлулығына қоса ыстық шоқтай жанып, жалындап тұрған оттылық та бар. Елена Андреевнаны жұрттың бәрі сүйеді, бәрі ұнатады, бәрі қадір тұтады. Қалтқысыз беріле құлай сүйеді. Оны біз Ваняның «Бақытым да, жастығым да, өмірім де бір өзіңсің, тек жүзіңізге осылай қарап, үніңізді естіп жүруге рұқсат етсеңіз болғаны» - деп қиылып айтқан сөздерінен байқаймыз. Еленаның рөлі бір қарағанда онша керемет те емес сияқты көрінеді. Ал енді тереңірек үңілсек, тіпті де олай емес екен. Кезінде Петербор консерваториясын бітірген сүйкімді, сұлу бикеш орта жасқа келген атақты ғалым, профессорды сүйіпті. Ал Еленаның күйеуі Серебряков – қызғаншақ, қазымыр. Сонысына ерегескенде тұрмысын өзгертуге болар еді, айырылып кетуді жөн көрмейді. Елена – Фарида оған бармады. Ар-инабаты жібермеді. Ал Ваня ағай – (Әнуар) осы кесімі үшін Еленаны есі кете өлердей жақсы көрді, өмірде болып жатқан оқиғалар сахнада осылай өрнектелді.

Тағыда Чеховтың «Менің сүйікті ағатайым» спектаклі де өте табысты қойылым. Фарида мен Әнуар ойнаған сом тұлға Мәскеу жұртшылығы мен театр мамандарының алдында жоғары бағаланды. Бұл күнге дейін алуан түрлі әйел қауымының өмірін, ой арманын, мақсаты мен жан сұлулығын сахна төрінен сомдап келген Фарида Шәріпованың еңбегі зор.

Кино өнерінің дубляж саласында еңбек етті. Дубляж көркем сөз шебері, қазақ театрларының актерлері барынша қатысатын. Дубляж өнері – қайталау өнері болған мен үлкен мектеп. Фарида Шәріпованың дыбыстандыруымен талай кинофильм қазақша сайрады. Фарида апай: мен өзім құрметтейтін Л.Чурсина, Л.Гурченко, Н.Мордюкова рөлдерін қазақ тілінде сөйлету арқылы, өзім де рухани байи түстім» - деген еді.

Шәкен Аймановтың «Жол торабы», «Муслима», «Қыз Жібек», «Қала мен қалқан» фильмдері қазақ киносының тарихында елеулі орында. Қытайда жүріп түскен алғашқы қазақ киносы «Хасен-Жәмилә» киносының орны ерекше.


Алтыншы аялдама «Фарида Шәріпованың отбасы, ошақ қасы»
Бойжеткен: Толе би бабамыз: «Әйел жақсы болмай ер оңбайды, ердің бақытын кетіретін де әйел, ерге бақыт әперетін де әйел» - деген екен. Ыдырыс Ноғайбаев екеуі отау құрып өнерде қатар жүрді. Өнер жолының қызығы мен қиындығын бірге көрді. Айнымас дос, адал жар болды. Ыдырыстың көзі, өмірінің жалғасы Шыңғыстың анасы. Дастарханы мол, қолы берекелі, үйдің берекесін келтіріп отыратын жары болды. Фарида ерін ел сыйлайтын ер етті, абыройға кенелтті, атын шығарды. Фарида далада ат ойнатып, үйде құрт қайнатқан нағыз іскер, батыр ана, актриса, Ыдырыстың бақытына келген әйел. Жалғыз баласы Шыңғыс Ноғайбаев суретші. Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы Мемлекеттік академиялық сурет институтының түлегі. Аспирантураны да осы институтта бітіріп, театр сахнасын безендіру шеберханасында білім, тәлім-тәрбие алып шықты. Шыңғыс жүректі селт еткізер суреттер салумен қатар, театр суретшісі ретінде Мәскеудегі Таганка драма және комедия театрында қызмет істеді. Ол кішкентайынан театр өнерінің ішкі-сыртқы қыр-сырына қанық боп өсті, содан болар Шыңғыс Ноғайбаевтың сахна әлеміне деген құштарлығын түсінуге болар.

Қазақ театры мен кино өнерінің жарық жұлдызы Советтер одағының, Қазақстанның Халық артисі Фарида Шәріпованың қазақ өнеріне қосқан үлесі ұшан теңіз. Фарида апай өнер сүйер халқының мәңгі есінде! Сомдаған әйелдер рөлі көз алдымызда, көңіл қуанышы ретінде тарихта қалды.


Кітапханашы: Құрметті қонақтар, оқырмандар!
Талантты актриса Фарида Шәріпованың театрдағы, кино өнеріндегі сомдаған рөлдері, дубляждағы сыңғырлаған дауысы әлі жүректе. Осы саяхат кешіне келіп Фарида Шәріпованың өнер жолына жасалған саяхатқа қатысып отырғандарыңызға көптен-көп рахмет! Халқы үшін еңбек еткен Фарида Шәріпованың рухы жәннатта болсын, алдынан жарылқасын! Жастар үшін өнер адамының еңбек жолы тәлім-тәрбие, рухани азық! Сіздерге зор денсаулық, бақыт-береке тілейміз!

Саяхатымызды Әшірбек Сығай ағамыздың Фарида апамызға арналған сөзімен аяқтағымыз келеді: «Фарида – образ тудырушы тұлға, образ жасаудың хас шебері. Ол жер жебіріне жететін, кез келген кейіпкерді тірілтетін, маңдайын тасқа соғатын, жеріне дейін үңгіп қаза беретін, жан үңгуші, жан қопарушы актриса. Әлемдік масштабтағы актриса».

Көріскенше сау-саламат болыңыздар!

Жыр арнадық жүректен...

(мерейтой иесіне арналған сезім жырлары)
Тәңіртаудан ән тыңдап...
Көрінген келіншектей,

Алпысында

Дарынсың сен көтерген халқы

Шыңға.


Қазақтың жаралғансың өнері

Үшін,


Жаралмадың,

Жауығып, тартысуға!


Үн қатып Ақ теректің

Шыңдарынан,

Тәңіртауда ақ бұлттан тыңдадың

ән,


Сен жайлы өткен күндер

Күбірлейді,

Есіліп жылы самал

Жылдарынан.


Мекендеп қыран ұшқан

Жақпарларды,

Әнімен дірілдеткен шатқалдарды.

Қолында қайық құрық

Қайсар Қасен,

Есіңнен кетер ме сол шақтар

Мәңгі?!
Бөленген жоқсың, құрбым, тегін гүлге,

Қуандың, тебірендің

Төгілдің де...

Бөленіп жүрсең дағы сен бақытқа

Кім білсін

Сол күнді ойлап, егілдің бе?!


Өрледің

Өмір кештің әсем жүріп,

Осынау күткен күнге әкелді үміт.

Шыңынан Ақтеректің қарап тұр ма,

Кешегі сені ап қашқан Қасен жігіт!..

Әлемге Жәмилә боп

Танылғансың,

Махаббат сырларына малынған түн.

Тұрады Күншығыстан күнде қарап

Қасен мен Жәмиләсын сағынған

Шың!
Қарайды сені іздесе биіктерге,

Қарайды жапандағы киіктерге.

Жұлдызсың жарқыраған көк күмбезде

Табаның тұрғанымен тиіп жерге,

Нұр шашып отырсың ғой сүйікті

Елге!


Марфуға Айтхожа
Бар қазақтың ғашығы
Сені іздеумен сахнаға ынтықпын.

Сен арқылы көз бақыты гүлді ұқтым.

Сен жасаған бейне билеп жанымды

Көркемдікті ту етіппін – Біл, мықтым!


Әлде сыйлау – сыйлық болса – биігі,

Әлде сүю – сүйсе жүрек күйігі.

Әлде ғашық болып өттім өмірі

Табылмаған, танылмаған түйіні.


Сен жасаған бар бейнеге ғашықпын.

Тағы-тағы көрсем бе деп асықтым.

Көріп құмар қанған сайын қияға

Қанаттанып, қыран болып асыппын.


Осы сырды айтқанымда досыма:

Мен сырымды айтсам, өзің шошыма –

Деді-дағы балаға ұқсап жымиды,

Сүйіппіз ғой, - деді досым қосыла.


Кейін білдім, мендегі үлкен жүректі,

Талай маңғаз талғампаздар жыр етті.

Сонда барлық халық ғашық өзіңе,

Сенің шығар биігіңді тілепті.


Өнерімен табындырған талайды,

Халқың сендей жұлдыздарды қалайды.


Өріп жеткен өз биігің, өз шыңың,

Жарық күйде тұрсын биік арайлы!

Нұрғожа Оразов
Актриса
Баян болдың сахнаға көрік беріп,

Тағы аңсадық сан рет көріп келіп.

Еңлік боп егіліп қоштасқанда,

Көздің жасын көлдетті ел төгіп-төгіп.


Елендің жай киноға жанасаң да,

Қайда ойнасаң көріндің дара сонда.

Жәмилә боп аз алып көз шырымын.

Ақбала боп ояндың ала таңда.

Бір басыңа жастай-ақ жеткен атақ,

Қарагөзсің, Қарлыға деп қарасақ.

Донна Анна, Миранда, Толғанай деп

Бір сені көп атпен ел кеткен атап.


Ойын сайын өнерің еселенген,

Тағы көрер Ажарды неше көрген.

Нгуен боп ши қалпақ киіп шықсаң,

Қыз ба дерміз Ханойдан кеше келген.


Әр бейнеге қосқан көп өз үлесің,

Сазды, айқын сенеміз сөзіңе шын.

Алуан түрлі айналып кейіпкерге,

Өзің сирек өзіңе кезігесің.


Талант, білім, еңбекпен асқан бағы,

Құлай сүйген өнерді жастан жаны.

Жүрсең-дағы жер басып көппен бірге,

Аз жұлдыздың бірісің аспандағы.

Оразақын Асқар

Ойлар, пікірлер...


Фарида өзіне ғана тән тартымдылығымен, табиғи таланты, соншалықты алғырлығы, сергектігі, ізденімпаздығымен көзге түсті. Күрделі спектакльдерімде небір күрделі бейнелерді Фаридаға сеніп тапсырдым. Сенімім үнемі артығымен ақталып отырды. Фарида қойылымдарыма ерекше бір шарм берді.

Әзірбайжан Мәмбетов


Фариданың үлкен өнердегі тілеуі жақсы. Өйткені оған Алла-Тағала талант берген және сол талантын аялай алатын парасат берген. Ыдырыстай хас талантқа жар, өнерде дос бола білген.

Есмұхан Обаев


Жәмилә, Толғанай, Ақбала сияқты барынша реалистік жарқын бояулармен жазылған образдарды Фарида шынайы, табиғи, қарапайым нанымдылықпен бейнелеген болса, романтикалық планда өлеңмен жазылған эпикалық спектакльдің кейіпкері Қарлыға – Фариданың орындауында өр мінезді, қаталдығы да бар, сұсты келбетті жас батырдың бейнесін танытады.

Бикен Римова


Фарида Шәріпованың сөз саптаудағы үлгі өнегесі, тіл тазалығын сақтаудағы тәлім-тәрбиесі кейінгі жас сахна артистеріне бүтін бір мектеп деуге болады.

Әшірбек Сығай


Фариданың аттай қырық жылы сахнада өтті. Осы жылдарда жүзден астам роль ойнапты. Қазақ, қырғыз қыздарынан басқа тағы талай халықтың, ел-жұрттың айтулы арулары актриса талантына қоңсы қоныпты. Фарида әлдебір сезіммен, әлдебір өткінші көңіл-күймен шектелетін, сөйтіп бір импульсті ғана алып шығатын бір қырлы талант емес, Фарида көп қырлы талант.

Әбдіжәміл Нұрпейісов


Фарида Шәріпованың кино өнеріндегі табысы да айтарлықтай. Өнердің білікті-білікті екі саласын қатар игерген актриса «Тұлпардың ізі» картинасындағы Жауһаз, «Бұрылыста» Ғалия бейнесі, «Қыз Жібек» фильмінде Жібектің жеңгесі Кербез, «Мәншүк туралы әнде» Мәншүктің анасы болып ойнады. Бірақ оның сахналық тұлғасын экран әсте кішірейткен жоқ, қайта әртістік техникасын шыңдай түсті.

Оралхан Бөкеев

Фарида туралы айтылар жүйелі ой-пікірлер, жасаған бейнелерін талдап, тамырлап жеткізу тарихтың еншісінде. Қалай ой толғап, қалам сілтесек те Фәкеңнің аса дарынды актриса екеніне өз басым кәміл сенемін және солай деп қабылдаймын.

Асанәлі Әшімов


Фарида Шәріпова қазақ сахнасында қандай күрделі шығарма қойылмасын, бәрінде де орталық кейіпкерлерді орындады. Оларды санап шығудың өзі көп уақыт алады. Қарапайым да кішіпейіл, нәзік те талғампаз Фарида иісі қазақтың мақтанышы

Дулат Исабеков


Ақбала – Шәріпова әр оқыған сайын жаңа бір қырынан көрінетін көркем шығарма сияқты, қанша рет көрсеңіз де бояу гаммалары жалықтырмайтын, мәні төмендемейтін бейне.

Әлия Бөпежанова

Әдебиеттер тізімі
Шәріпова Ф. // Қазақ театрының тарихы.: 2 т. Қазақ СССР-інің Ғылым баспасы.-Алматы, 1978.-360 б.
Шәріпова Ф. // Бел-белестер: Құрастырған және арнаулы редакциясын жүргізген өнертану ғылымдарының кандидаты Бағыбек Құндақбаев.-Алматы: Өнер, 1987.-207 б.
Шәріпова Ф. // Сығай Ә. Сахна саңлақтары.-Алматы: Жалын, 1998.-

263 б.


Шәріпова Ф. // Құндақбайұлы Б. Заман және театр өнері.- Алматы: Өнер, 2001.-143 б.
Шәріпова Ф. // Қазақ өнері: Энциклопедия.- Алматы: Қазақстан даму институты, 2002.-741 б.
Шәріпова Ф. // Сығай Ә. Театр тағлымы.- Алматы, 2003.-152 б.
Шәріпова Ф. // Сығай Ә. Актер әлемі.: Т.1.- Алматы: Ан-Арыс, 2008.-

175 б.
Шәріпова Ф. // Қазақ сахнасының шеберлері.-Алматы: Таңбалы, 2010.-296 б.


Шәріпова Ф. // Жақсылықова М. Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері: Зерттеулер, мақалалар.- Алматы: Қаратау КБ, ЖШС Дәстүр, 2014.-95 б.
Х Х Х
Сығай Ә. Фарида Шәріпова: Тұлға //Мәдениет.- 2012.- №5.-2-8.
Сығай Ә. Фарида Шәріпова:: Кісілік келбеті //Ақ желкен.-2013.-№8.-

10-16 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Өмірбаяндық деректеме 2
Сахна падишасы (кітап көрмесінің

үлгісі) 3


Бекзаттық болмыс (өнер жолына

арналған саяхат) 4


Жыр арнадым жүректен... 9
Ойлдар, пікірлер 12
Әдебиет тізімі 14
Құрастырған: Р.Н.Пазылова – кітапхананы дамыту және

әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі


Редакторы: С.Б.Бекмағамбетова – оқу залының кеңесшісі






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет