"ӨЛЕҢГЕ ТОҚТАМАЙДЫ ШАЛ ДЕГЕНIҢ"
Шал ақын аталып кеткен Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы жерiнде Азат темiр жол станциясының маңында 1748 жылы дүниеге келген. Әкесi Құлеке қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Анасы - атақты Төле бидiң қызы. Құлеке мен оның ағасы Тiлекенiң соғыстағы ерлiгi жайлы әңгiмелер ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн айтылады.
Құлеке жайында Алматы мұрағатында нақты деректер де сақталған. Ол 1742 жылы Орта жүз атынан Россия қол астына қарау тұралы ант берушiлердiң бiрi болған. Абылай хан атынан Ресей мемлекетiне елшiлiкке барғаны туралы деректер сақталған. Ресей үкiметiнiң ресми деректерiне қарағанда Орта жүз Атығай руының Бәйiмбет, Құдайбердi тайпалары Есiл бойына қоныс аударады. Бұның iшiнде Құлеке батырдың да ауылы болады. Бұлар келгенде Есiл бойы естектердiң қарауында екен. Естектермен жер үшiн болған соғыста Құлекенiң ағасы Тiлеке батыр қаза табады. Ағасының кегiн алған Құлеке Есiлден естектердi ығыстырады.
Ауызша жеткен әнгiме бойынша Шал ақын қоян жылы, 71 жасында дүниеден өткен, бұл есеппен алғанда ақын өмiрiн зерттеушiлер 1819 жылы қайтыс болды дейдi. Қариялардың айтуы бойынша Сергеев селосының қасындағы “Аютас” деген төбенiң жанында, Есiлдiң оң жағындағы үлкен бейiт iшiне жерленген, бiрақ қабiрi белгiсiз.
Құлеке батырдың төрт әйелiнен Бәбек, Мәңке, Шардақ, Тiлеуке (Шал), Қазақбай, Жүсiп атты алты ұл туады. Осы алты ұлдан тараған ұрпақ қазiр жүз шақты үй шамасында деседi. Құлеке батырдың Айман деген қызы Сегiз серi Баһрамұлының ұлы әкесi Шақшақтың бәйбiшесi екен. Шақшақтың осы Айман бәйбiшесiнен Қаншайым есiмдi қыз, Бауыржан, Сексен (шын аты Бектемiр), Баһрам, Есенжан, Қайыржан, Шағырай, Жанат атты жетi ұл туады.
Қаншайым - академик-жазушы Ғабит Махмұтұлының бабасы Мүсiрептiң туған анасы. Қаншайым күйеуi Шақшақпен бiрге орыс отаршылдарына қарсы күресiп, керейдiң батыр қызы атанған екен. Шақшақтың Айман бәйбiшесiнен туған ұл балаларының iшiнде Бауыржан мен Сексен екеуi де би болған. Ал, Баһрам (Сегiз серiнiң әкесi), Шағырай, Жанат үшеуi де әншi, ақын әрi күйшi өнерпаз болған, Шағырай мен Жанат сал-серiлiк құрған.
Батырлық, жыраулық, өнерпаздық қасиеттер ата-бабасы Толыбай сыншы, Қожаберген жырау және Шақшақ Көшекұлының өзiнен де дарып жатса да, ұрпағының нағашы жұртына ұқсауы табиғи заңды құбылыс деу керек. Шал ақынның өзi жасының ұлғайған шағында Мәлiмбай және Мәлике атты екi перзент көредi. Мәлiмбай атты баласынан ұрпақ жоқ. Мәликенi Қостанай жағына Нұрым дегенге ұзатқан екен. Нұрымнан - Айтбай, Айтбайдан - Наушабай, Наушабайдан - Нұржан Наушабаев ақын туған.
Құлеке баласы Тiлеукенiң Шал ақын деп аталуы туралы ел iшiнде бiрнеше түрлi әнгiмелер бар. Солардың iшiнде зерттеушiлердiң ден қойғаны төмендегi әнгiме. Шал өлең шығарумен балауса жас кезiнен бастап айналысқан. Жасынан сөзге үйiр, шешен сөйлейтiн тiлге дiлмәр, ойлы жас болып көзге түседi.
Жасынан ел арасы ақындарымен айтысқа да түсiп жүредi. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуi, төрде отырып төрелiк айтқанына қарап жұрт Шал атап кетедi. Зерттеушiлердiң айтуы бойынша Шал ақынның тұңғыш өлеңi “Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң”. Бұл өлеңдi ақын шығармашылығының басы деп жүр. Өлеңнiң шығу тарихы былай екен.
Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрауға барғанда баласы Шалды ертiп барады. Хан бала Шалдың көзiнше: “Iшi боқ, сырты түк сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?” - деген сөз айтады. Шал таңертең ерте тұрған ханның табынға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап бара жатқанын көрiп қалады. Кетерiнде хан екен деп қысылмай, өлеңдетiп, малжандылығын бетiне айтады.
Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң,
Болмайды қойға пана тал дегенiң.
Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап,
Хан ата, қалай екен мал дегенiң?
Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi,
Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi.
Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен,
Хан ата, қалай екен малдың күшi? -дейдi.
Өлеңдi естiген хан Құлекеге: “Мына балаң маған үлкен адамдарша сөйледi, тумай жатып қартайған бiрдеңе ғой”, - дептi. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырдың бәйге атын қайтарған екен. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң Шал аты мен ақындық атын қатар шығарған екен.
Осыдан былай Шал ақындық жолға көшедi, дарынды суырып салма (импровизатор) ақын болады. Ертерек дәуiрлерден қалыптасып, жалғасып келе жатқан ақындық дәстүрдi ХУШ ғасырда өмiр сүрген Тәтiқара, Көтеш ақындардан кейiнгi қазақ поэзиясын дамыта түседi. Оның бұл салада қосқан үлесi үлкен. Өлең термелерi, толғау тақпақтары сан жағынан мол, сапа жағынан мазмұнды, көркем және тақырыбы да кең. Шал ақын қазақ поэзиясындағы лирикалық өлең жанрын, өз замандастарымен салыстырғанда, жан-жақты толықтыра түсiп, көркемдiгiн арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда оны толғауды көркемдiк шегiне жеткiзе бiлген Бұқар жыраумен ғана салыстыруға болады. Сондықтан да кейiнгi кезеңдерде өмiр сүрген ақындар Шал ақынды ұстаз тұтты.
Шал ақынның өлең, жырлары кезiнде ел арасына кеңiнен таралған. Қазiрдiң өзiнде де ел аузында сақталып қалғандарының өзi де бiрқыдыру. Ұқыптап ескерiлмегендiктен, оның шығармалары осы күнге дейiн зер салып жиыстырылмай келдi. Әйтсе де, ақындық қалпын анықтауға толық негiз боларлықтай шығармалары бар. Шалдың атына телiнген өлең-термелердiң, тақпақ-толғаулардың көлемi 1600 жолға жетедi.
Шалдың бiзге жеткен шығармалары негiзiнен әр жерде әр түрлi себептермен суырып салып айтқан шағын өлеңдерден тұрады. Терме-тақпақтары, нақыл сөздерi, сөз қағыстары да баршылық. Шалдың ұзақ эпикалық жырлар шығарғандығы, қазақ халқының шежiресiн өлеңмен жазғаны да Шоқан Уалихановтың еңбектерiнен белгiлi.
Шал ақын өлеңдерiн негiзiнен суырып салып шығарған десек те, өлеңдерiн хатқа түсiрерлiк сауаты болған, оны айғақтайтын өлеңдерi де жеткiлiктi, сол өлеңдерiнiң бiр шумағын мысалға алайық.
Мен өзiм талай сөздi хатпен жазғам,
Әзiлден мерт болады артық қазған.
Өткен iске өкiнсем өмiрiм зая,
Тұяғыма iлiнгендi қайта жазбан.
Шал ақынның өлеңдерi тақырыбы жағынан өте кең. Ескi қазақ ауылының алуан түрлi тiршiлiк-тұрмысына қатысты жайлар, этика, мораль мәселелерi ақын өлеңдерiнiң негiзгi объектiсi. Адамдық, арлылық, адалдық, намысшылдық ақын шығармашылығының өзектi желiсi. Өтiрiк пен өсек, еңбексiздiк әйел үшiн де, еркек үшiн де арзан, азғын қасиеттердiң басы ретiнде сыйпатталады. Шалдың өз басы кедей болған, оны мына бiр шумақ өлеңiнен де байқауға болады.
Кедейлiк, жабыстың ғой бала жаста,
Менi ұятты қылдың ғой қарындасқа.
Аш белiмнен құшақтап айырылмайсың.
Көз танысың жоқ па едi менен басқа? -
- дейдi. Сондықтан да болар ақынның көп жырлаған тақырыбы кедейлiк. Кедей тақырыбы қазақ поэзиясында тұңғыш рет Шал шығармашылығында жеке тақырып дәрежесiне көтерiле сөз болады. Кедейлiктi болдырмаудың жолын насихаттайды. Кедейлiктiң табиғатын жақсы таныған ақын бұдан құтылудың бiрден-бiр жолы ретiнде ерiншек болмай, еңбек етудi ұсынады.
Кенже ұлы кедейлiктiң ұйқы мырза,
Ерте жатып, кеш тұрса жаны ырза.
Бiразырақ бас қосып кеңесейiн,
Сәлем айт, ерiншекке, келсiн мұнда - дейдi.
Адамның жасы, жастық шақ және кәрiлiк туралы өлең-жырлар қазақтың ауыз әдебиетiнде ертеден бар. Бiрақ, дәл Шал ақындай бұл тақырыпты жерiне жеткiзе жырлаған ақын болған жоқ. Сондықтан қазақ поэзиясында жас туралы шығармалардың негiзiн салушы деуге болады.
Бiр жаста, екi жаста бесiктемiн,
Бес жаста тәңiрi берген несiптемiн,
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Жетi жаста ойпаң жер бозындаймын,
Он жасымда сүт емген қозыдаймын
Сегiзде бала болып ойнап едiм,
Тоғызда тайлы суға бойлап едiм
Он бес деген жасым-ай,
Жарға ойнаған лақтай.
- деп басталған адам ғұмыры туралы жазылған өлеңдерiнiң желiсi кәрiлiк туралы өлеңдерiмен аяқталып:
Шалыңның екi көзi жайнап жатыр,
Кеудемде нәпсi шiркiн қайнап жатыр,
Байлаулы арқаным жоқ, қазығым жоқ,
Қайтейiн, кәрiлiк шiркiн байлап жатыр, - дейдi.
Шал ақынның:
Елу жасқа келген соң,
Пiрдiң сөзiн сақтадым;
- дегенiне қарағанда, жасы ұлғайғанда ислам дiнiне берiк болған. Бұрынғы ақын-жыраулар дiн туралы сыйпай ғана айтып кетсе, Шал дiндi арнайы сөз етедi.
Жаратты Мекке менен Мәдинаны,
Жаратты иман, дұға, шын дүнияны.
Мұхаммед үшбу жүрген үмметiне,
Жаратты сынамақа бұл дүнияны.
Жаратып он сегiз мың ғалам еттi,
Бiрiсiн ғалым, бiрiсiн надан еттi.
Жаратып жын-перiнi от пен нудан,
Жаратып топырақтан адам еттi, - дейдi.
Бұл шумақтардан дiни сауатты болғанын да байқауға болады. “Мейманасы тасқан жұрт тәңiрiнi ұмытқан, құдайды-бiр, пайғамбарды-хақ деп бiлмейдi. Ораза ұстамайды, бес ұақыт намаз оқымайды” - деп қатты сынға алып:
“Жiгiттер ораза ұста, намаз оқы
Ғарасат майданы бар тергеледi” - дейдi.
Шал ақынның ислам парыздарын жетiк бiлiп, жастарды дiн жолына берiк болуға шақыруы ақын мұрасының Кеңес үкiметi кезiнде жарыққа шықпауына да әсер еткен болар.
Шал ендi бiр топ өлеңдерiнде жастарды ибалы, әдептi, қайырымды болуға шақырады. Ары, жаны таза, мәдениеттi жасты аңсаған ақын ондай абзал адамдар алдына зор мақсаттарды қоя бiледi. Бiлiм алғандар парызы елiне, халқына пайдалы қызмет ету деп ашық айтады:
Майда бол, жiгiт болсаң, тал жiбектей,
Жарамайды қатты болу тiкенектей.
Бiлiмiң болсадағы ұшан-теңiз,
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.
Адамның артықшылығы, жақсылығы көпке, туған елге пайдалы болуында - деп қорытынды жасайды. Ашқарақ, сұғанақ, арызқой, пасық адамдар тобына да ақын қадала түседi. Өзiмшiл, күншiл пасықтарға жаны таза жақсы адамдардың адал ниеттi iзгi iстерiн қарсы қоя жырлап, бiрiнен жирендiрiп, екiншiсiнен үйренiп, үлгi-өнеге алуға үндейдi. Нысапсыз адам туралы:
Айта берсе, таусылмас Шал кеңесi,
Мешкейдiң жiлiншек өтер кең өңешi.
Алдына келген асқа жаудай шабар,
Басқаның болсадағы несiбесi.
Немесе: Құр менен дуадақ шөлдi бiлер,
Қарға менен құзғын елдi бiлер.
Ұятсызға бас пенен жамбас қойсаң,
Қорқау қасқыр сияқты жеудi бiлер, - дейдi.
Үй iшiнiң берекелi, махаббатты болуын аңсаған ақын достыққа, адал махаббатқа негiзделген тату-тәттi отбасы тұрмысын, берекелi, бақытты өмiрiн көксейдi. Үй iшiнiң сәнi-жар таңдауға үлкен мән бередi:
Әйел алсаң қарап ал ақылдысын,
Сол болар басқалардан жақын кiсiң.
Ағайынға, туысқа қайырылса,
Дүниеде нағыз сол ғой мақұл кiсiң.
Ерге аю, балаға қасқыр болса,
Ондай қатын алғанның күнi құрысын.
Ақын өзi өмiр сүрген дәуiрдiң өзектi мәселелерiн жырлаған. Ол - ел басқару жүйесi, билiк айту, отбасы, адамдардың мiнез-құлқы, жақсы-жаман қылықтары, жастық, қарттық, кiсiлiк табиғаты, жалпы өмiр сүру философиясы, т.б. Осылардың бәрiн ол поэзия қуатымен әрлендiре суреттейдi. Кезеңiне ылайықты бiлiмi бар, ескiше сауаты едәуiр Шалдың өз дәуiрiнiң ой-пiкiрлерiнен, дiни ұғым - нанымынан мол хабары болғанға ұқсайды. Өлеңдерiнiң көбi мақал-мәтелдерге, нақыл сөздерге, дiни ұғым сөздерге, бейнелi сөз тiркестерiне толы. Мысалы:
“Албастыдан дию да қашады┘
Нәпсiң бiр көкжал бөрiдей,
Иманың бағлан қозыдай,
Егер тию салмасаң,
Иманыңды жеп кетер.”
“Ағайынның асқанын
Қарындас бiлмес, жат бiлер,
Артқы қастың батқанын
Қаптал бiлмес, ат бiлер”.
“Адам басы алланың добы деген
Қайда айдаса сол жаққа домалайды”.
Қорыта келе айтарымыз, Шал өз заманының беделдi ақыны. Оның өлеңдерi өз кезiнiң өзектi мәселелерiн көтерiп, халыққа адамгершiлiк ақыл-ғибрат бередi.
Ақын шығармашылығы әдебиетiмiздiң әлеуметтiк сырын айқындап, оның халықтық тенденциясын нығайтты. Әдеби тiл мен көркемдiк тәсiлдiң iлгерiлей түсуiне өз үлесiн қосты. Сондықтан, Шал еңбектерiнiң әдебиетiмiз тарихында елеулi орны бар. Өзiнен кейiнгi әдебиеттiң көркемдiк және идеялық жолында белгiлi дәрежеде ықпал етiп отырған көркем сөз шеберi.
1999 жылы Алматының “Дайк-Пресс” баспасынан “Шал Құлекеұлы” (Шығармалары. Зерттеулер) атты 364 беттiк көлемдi кiтап басылып шыққан болатын. Кiтаптың алғы сөзiн жазған филология ғылымдарының докторы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми жетекшiсi Жұмат Тiлеповтың айтуынша: “Шығармаларын үлкеннен кiшi, ұрпақтан ұрпақ жаттап, есiмi ғасырдан ғасырға өлмей жетiп отырған Шал Құлекеұлы туралы алғашқы жазба дерек Шоқан Уәлиханов еңбегiнде кездескенмен, ақынның бүкiл шығармашылық болмысын танытарлық туындыларының негiзiнен хатқа түсiп, зерттелiп қалың оқырманмен кеңiнен жүздесуi - соңғы 40-50 жылдың жүзi.” Тұңғыш рет 1929 жылы “Жаңа әдебиет” журналының 5 санында бiр ғана өлеңi басылған ақын мұрасы, 1958 жылғы 28-шi қарашада “Қазақ әдебиетi” газетiнде белгiлi қаламгер Ғалым Малдыбаев жариялаған сегiз өлең мен “Шал ақын кiм?” деген беташар мақаласына дейiн республика жұртшылығының назарын аударарлықтай болып не мерзiмдi баспасөз бетiнде, не жеке кiтаптарда жарық көрген емес.
Шалдың ақындық бiтiм-болмысын танытарлық жазбалар, ол туралы мақалалар мен зерттеулердiң жариялануы негiзiнен 1960 жылдардан басталады. “ХУШ-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындары шығармаларының жинағы”, Алматы, 1962ж; “Үш ғасыр жырлайды”, Алматы, 1965ж.; “Ертедегi әдебиет нұсқалары”, Алматы, 1967ж. 1968 жылы белгiлi жазушы,ғалым М.Мағауинның “Қобыз сарыны” және 1971 жылы “Алдаспан” атты жинақтары шықты. Оларда Шал ақын туралы көлемдi зерттеулер жасалып, оның бiрсыпыра өлеңдерi жарық көрдi. Ол өлеңдердiң басым көпшiлiгiн автор Шал ақынның ұрпағы жерлесiмiз Жантiлеуов Қошан қарттан жазып алған болатын. Осы автордың сол 1971 жылы орыс тiлiнде шыққан “Кобыз и копье” деген кiтабында да Шал ақын творчествосына талдау жасалған.
Дегенмен бұлардың бәрi де жалпы ХУ-ХУШ ғасырлар ақын, жырауларына арналған мақалалар мен зерттеулер болатын. Шал ақынға арналған жеке кiтап бұған дейiн дүниеге келген жоқ-ты. 1998 жылы туғанына 250 жыл толған арқалы ақынның өз атымен тұнғыш рет жоғарыда аталған жинақ шықты. Жинақ негiзiнен үш бөлiмнен құралған. Бiрiншi бөлiм “Шал ақын Құлекеұлының шығармалары” деп аталады. Мұнда ақынның әр жылдары жарық көрген өлең, жырлары түгел берiлген.
Екiншi бөлiмде Халықтар бiрлiгi мен ұлттық тарих жылына және Шал Құлекеұлының 250 жылдығына арналған 1998 жылы 25 қарашада Алматыда өткен “Шал ақын Құлекеұлы және ақындық өнер” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары топтастырылған. Бұл бөлiм Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигi Аманжол Қошановтың кiрiспе сөзiмен ашылады. Одан әрi сол конференцияда жасалған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкiр Ыбыраевтың, ҚРҰҒА мүше-корреспондентi Рабиға Сыздықованың, халық жазушысы Мұхтар Мағауинның, Қырғызстан Республикасының Манастану орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Абдуллажан Ақматалиевтiң, жазушы Герольд Бельгердiң, профессор Құбығұл Жарықбаевтың, ҚРҰҒА мүше-корреспондентi Өмiрзақ Айтбайұлының, ақын Кәкiмбек Салықовтың, профессор Өтеген Күмiсбаевтың, филология ғылымдарының докторы Нағима Сағындықованың, филология ғылымдарының докторы Жұмат Тiлеповтың баяндамалары және осы конференцияда оқылған ақын Есләм Зiкiбаевтың өлең-толғаулары, соғыс және еңбек ардагерi, Шал ақынның ұрпағы Уәп Латановтың естелiктерi жарияланған.
Үшiншi бөлiм “Жекелеген зерттеу, жарияланымдар, қолжазбалар, материалдар” деп аталады. Мұнда ҚРҰҒА мүше-корреспондентi Рахманқұл Бердiбаевтың “Ақындар атасы”, профессор Шариаздан Елеукеновтың “У предистоков националь-ного романа”,халық жазушысы Мұхтар Мағауиннiң “Шал ақын” атты қазақ және орыс тiлiнде жазылған еңбектерi, ҚРҰҒА мүше-корреспондентi Әнуар Дербiсәлиннiң “Шал ақын туралы бiрер сөз”, профессор Ханғали Сүйiншәлиевтiң “Сауырынан су төгiлмес боз жорға”, филология ғылымдарының кандидаты Ғали Әбетовтың “Шал ақын жайындағы жаңа деректер”, педагогика ғылымдарының кандидаты Еңлiк Жұматаеваның “Шал ақын шығармаларындағы тәлiм”, журналист Хамит Бiржанұлының “Ұлылық ұрпақ мерейi” атты мақалалары, Қазақстан Республикасына еңбек сiңген мүғалiм Сейтен Сауытбековтың “Аютас”, “Бала Шал”атты әңгiмелерi басылған.
“Жаңадан табылған ақын өлеңдерi” деген бөлiмде Шал ақынның марқұм Сейтен Сауытбековтың қолжазбасынан алынған көлемi 300 жолдан астам бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдерi берiлiптi. Сондай-ақ, белгiлi сәулетшi Шота Ыдырысұлы Уәлиханның әкесi Ыдырыстың архивiнен тауып алған Шал ақынның бiрнеше өлеңдерi және ақын Кәкiмбек Салықовтың 1953 жылы Молдахмет Тырбиевтен жазып алған Шалдың “Кереке” деген атпен сөз қағысы берiлген.
Жинақтың соңында халық жазушысы Әбдiлда Тәжiбаев бастаған 14 зиялы ақын, жазушылар мен ғалымдардың 1998 жылдың сәуiр айында Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, Мемлекеттiк хатшы Ә.К.Кекiлбаевқа, Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Д.К.Ахметовке жолдаған Шал Құлекеұлының 250 жылдық мерейтойын өз деңгейiнде лайықты атап өтудi және оның туған жерiндегi Сергеев ауданын Шал ақын ауданы деп атауға көмек-тесулерiн өтiнген “Ашық хаты”келтiрiлген. Құдайға шүкiр, бұл өтiнiштер орындалды. Облыс орталығында, ақынның туған ауданында оның 250 жылдық мерейтойына арналған әртүрлi қызықты өнер сайыстары, айтыс, т.б. шаралар өткiзiлдi.Алматыда халықаралық дәрежеде ғылыми-теорилық конференция болып өттi. Елбасының арнайы Жарлығымен ақынның туған ауданы “Шал ақын ауданы”деп аталды.
Бiр өкiнiштiсi аталған кiтап өте аз данамен (600 дана ғана) шыққандықтан, облысымыздың сауда орындары мен кiтапханаларына мүлдем түспей, көпшiлiк қолына жетпей қалды. Осыны ескерген “Асыл мұра” орталығы Шал ақынның осы кiтапқа енген және енбей қалған өлеңдерiмен толықтырып, толық жинағын шығарып отыр. Кiтап көпшiлiкке, мектеп оқушыларына арналады.
ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР: ҒАЛЫМ ҚАДIРӘЛIҰЛЫ,
ҚАЙРОЛЛА МҰҚАНОВ, СОЦИАЛ ЖҰМАБАЕВ..
Достарыңызбен бөлісу: |