Ұстаз – ұлы есім.
Мақсаты:оқушыларға ұстазды құрметтеуге, сыйлауға, түсіне білуге, бағалауға үйрету, ұстаз мамандығының қыры мен сырларын түсіндіру.
Көрнекіліктер: мақал – мәтелдер жазылған плакаттар, гүлдер, шарлар.
Мұғалім: Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, - деп ақын Ғ. Қайырбековтың жырлағандай, сөзі маржан, ойы дана ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз. Әрине ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, жауапкершіліктің және дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» , өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
М. Ғабдуллин: «Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс – тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді» - деген.
«Ұстаз болу өзгенің бақытын аялау, өз уақытын аямау» - ұстаздық қызметтің бұдан артық анықтамасы болмас!
Бір баланың өмірге танымын, оқуға құштарлығын оятып, дұрыс бағыт сілтеген ұстаздың еңбегі сол баланың бақыты өмірімен де есептелмес! Ал біздің арамызда мұндай ұстаздар қаншама! Сондықтан да Сәбит Мұқанов:
«Мұғалім. Бұл адамның ардақты аты» - деп жыр жазған.
Ұстазын құрметтеген қаншама ақындарымыз небір өлең шумақтарын өмірге әкелді. Енді сол өлең жолдарымен ұстаздарға деген оқушылардың ықылас, пейілін тыңдайық.
1-Ілияс: Сәлем бердік ұстаздар баршаңызға,
Сіздермен тола берсін ортамыз да.
Бүгінгі ел басқарған азаматтар,
Білім алған сіздердің арқаңызда.
2 – Нұрбек:
Бүгінгі күн құшақтарың гүлге толсын,
Дендерінің саулығы мықты болсын!
Білімменен суарған шәкірттерің,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын!
3 – Әбір:
Мектеп үйім, ұстаздарым, ата –анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырланып сен тарапқа тараған.
4-Медет:
Мұғалім мен ұстазда бар айырма,
Ұстаз деген жақсы әндегі қайырма.
Мұғалім ол – бар болғаны мамандық,
Жеткенінше жеті өнерлі шайырғы.
Ұстаз деген ұлағаттың шайыры,
Қадірінің тиетұғын қайыры.
Ұстаз деген шуағы мол шапағат,
Шаршамайтын, шалдықпайтын тәйірі.
Мұғалім: Ұстаз деген ұстаз болып туғандар,
Ұлылықты ұлықтаған имандар.
Ұрпағының ертеңіне жол ашып,
Өмірінің өр шақтарын қуғандар.
Қимағандар ұстаз емес, мұғалім.
Мұғалім боп, ұстаз болмау күнә мың.
Қара тақта, ақ бор ғана қолданып,
Ұстатты ұстаз дүниенің құлағын...
Жақсы ұстаздың шын мәңгілік пайдасы,
Өзіне обал арзан дәріс, айласы.
Ұстаз болу бақыт,әрі абырой,
Ұстаз деген шәкірттердің айнасы.
Хор: «Ұстазым менің».
Мұғалім: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай атамыз қандай дана!
Жақсы адам ғана жақсы мұғалім болса, ол өз ісіңе өзі ғана сыншы, өзі ғана жауапты. Алдындағы оқушының өміріне, сана сезіміне, рухани өсуіне жауап беру, соны сезіну мұғалімнің темірқазығы.
Үйрете жүріп, ізгілікке үйренетін ұстаздарымыз көбейе берсін.
Қорытынды. Оқушылар ұстаздарына арнап өлең айтып немесе сурет салып береді.