Көсемәлі Сәттібайұлы – 1959 жылы 3 ақпанда Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ. Білімі жоғары. 1985 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (ол кезде С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті деп аталған) бітірген. Мамандығы – журналист.
Еңбек жолын 1976 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты А. А. Жданов атындағы кеңшарда (бүгінде Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров атындағы ауыл) құрылысшы-жұмысшы болып бастаған. 1979-1981 жылдары КСРО-ның Моңғолия еліндегі әскери қызметіне шақырылып, азаматтық борышын өтеген.
1981 – 86 жылдары Талас ауданындағы «Ленин жолы» («Талас тынысы») газетінде тілші, 1986 – 91 жылдары облыстық «Еңбек туы» («Ақ жол») газетінде тілші, 1991 –93 жылдары Жамбыл облыстық телерадиотарату компаниясында редактор, аға редактор болды.
1993-1994 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі, 1994 – 97 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы тілшісі, 1998 жылы Жамбыл облыстық “Ақ жол” газетінің баспа-коммерциялық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
1998 жылдан 2004 жылға дейін республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып еңбек етті.
2004 жылдан 2014 жылға дейін республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болды.
2014 жылдың 3 сәуірінен 2020 жылдың 21 мамырына дейін Жамбыл облыстық “Ақ жол” газеті ЖШС-ның Директор-Бас редакторы қызметін атқарды.
2020 жылдың 21 қыркүйегінен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.
Көсемәлі Сәттібайұлы – елімізге танымал жазушы, журналист. Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жазушы К. Сәттібайұлы 1988 жылы «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар» атты ертегі-хикаятымен “Жалын” баспасының жабық бәйгесіне қатысып, екінші жүлдеге ие болды. Содан бері қаламгердің әр жылдарда «Шеткері үйдің жарығы», «Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде», «Тараздан тәбәрік», “Шындыққа… қызығамын, Шындықты… аяймын”, “Сайқымазақ дүние”, “Шарбақтының жалғызы”, “Аран”, “Шың мен Шынар” және “Хауа Ананың көз жасы” атты көркем және публицистикалық кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, «Бастау», «Қазақ балуандары», “Елбасы”, “Кәусәр бұлақ” және басқа да ұжымдық жинақтарға әңгімелері, ертегілері, хикаяттары мен эсселері енген.
Сондай-ақ, ол балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалардың халықаралық “Дарабоз” әдеби бәйгесінің бірнеше дүркін жүлдегері, Қазақстан Жастар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталып (2009 жыл), “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағына (2014 жыл) ие болған.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2001 жыл), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен (2005 жыл), Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «10 жыл Астана» мерекелік медалімен (2008 жыл), «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен (2009 жыл), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен (2011 жыл), «Қазақстан полициясына 20 жыл» мерекелік медалімен (2012 жыл), «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен (2014 жыл) марапатталған.
БЕЙБІТШІЛІК ҚОРҒАНЫ
Мақала 2017 жылдың 11- шілдесінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің № 76 санында жарық көрген. Автор матеиалы талдамалы жанрда,мақала форматында жазылған.Стилі- публицистикалық.Мақаладағы көтеліген басты мәселе еліміздің ядролық қарудан бас тарту қимылының маңыздылығы. Аталмыш мақалада К.Сәттібайұлы 30 жыл бұрынғы Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және бұл тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атқарған ерен еңбегінің маңыздылығын қазіргі заман тұрғысынан саралап жазады.Осы орайда Тұңғыш президентіміздің қауіпсіз Қазақстанды қалыптастыруындағы атқарған қызметінің орасан екендігі шетелдік сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып отырғандығын да алға тартады.Бұған дәлел ретінде журналист К. Сәттібайұлы «Bike for Peace» ұйымының жетекшісі норвегиялық тарихшы Торе Наерландтың мына сөзін мысалға келтіреді:«Қазақстанның ядролық қаруға қарсы атқарған қыруар және жансебіл жұмысы туралы барша әлем қауымдастығы білуі тиіс».
Достарыңызбен бөлісу: |