Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің пайда болуы және оның ерекшеліктері. Мемлекет элементтері ежелгі және орта ғасырларда пайда болды. Монғолдардың тұсындағы мемлекеттік құрылымға дербес ұлыстық жүйе енгізілді



Дата10.11.2022
өлшемі17.63 Kb.
#464518
көшпелі мемлекет


Көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің пайда болуы және оның ерекшеліктері. Мемлекет элементтері ежелгі және орта ғасырларда пайда болды. Монғолдардың тұсындағы мемлекеттік құрылымға дербес ұлыстық жүйе енгізілді. Мысалы, зерттеуші Г.Федоров-Давыдов Шыңғыс хан империясының әскери қуатын жабайы көшпелілерден тұрғандығынан емес, ұйымдаскан мемлекеттің болғандығымен түсіндіреді. Қазақ мемлекеттілігінің пайда болу тарихын оқып-үйренгенде, көшпелілер өркениеті қағидалары тұрғысынан қарастырылады. Себебі Ұлы далада көшпелі өндіріс тәсілі үстем болды. Соңғы жылдардағы ғалымдардың зерттеулерінде қазақ халқының мемлекеттігі болғандығы толығымен мақұлданды. Мәселен, тарихшы ғалым М.Қозыбаев мемлекеттілік болу үшін кандай белгі-нышандар керек екендігін айта келіп: «Ұлы далада мемлекеттік құрылымдар, тайпа одақтары мен қағанаттар Еуропадан ерте пайда болды, — деп атап көрсетті. — Қазақ хандығында мемлекетке тән негізгі белгілер болған», — деп тұжырымдады. XX ғасырдың 30—50-жылдарында көшпелілердің феодалдық мемлекеті туралы пікір орнықты. Бұл көзқарас бойынша, «көшпелілер адамзат дамуының жалпы арнасында жүре отырып, таптық қатынастарға жетті» деген тұжырым жасалды. Кезінде ағылшын экономисі А. Смит мал көшпелілерде ертеден жеке меншікке айналғандықтан, оларда мүліктік және әлеуметтік жіктелу де, қоғамдық саяси институттардың кұрылуы да тез жүретіндігін атап көрсеткен болатын. Шынында, алғашқы еңбек бөлінісі бақташы тайпалардың бөлініп шығуынан бастау алып, маманданған көшпелі мал өсіруге ауысқан кезден-ақ (б.з.д. 2-мыңжылдықтың соңы — 1-мыңжылдықтың басы) малға жеке меншік, мүлік теңсіздігі өмірге келді. Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан аумағындағы сақ, үйсін, ғұн, қаңлыларда біздің заманымыздың шегінде мемлекеттік белгілер пайда болды. Дегенмен Батыс Еуропа елдеріндегі мемлекеттің қалыптасуы және дамуымен салыстырғанда өзгешеліктер болды. Оған шаруашылықтың даму ерекшелігі тікелей әсер етті. Шығыс елдеріндегі көшпелі коғамда ру-тайпа байланыстарының берік болғандығы белгілі. Көшпелі өркениет кезінде басқару рулық-тайпалық негізде жүрді. Ал көшпелілердің мемлекеттік құрылымына тән ерекшеліктердің көпшілігі бұл мемлекет құрамындағы халықтардың көшпелі өмір-тұрмысына байланысты. Атап айтар болсақ, көшпелі мемлекеттерде ешқашан жоғарыдан шексіз билік орнату мүмкін емес еді. Себебі орталықтан қысымшылық күшейген жағдайда халықтың басқа тайпа немесе мемлекеттік бірлестіктің қол астына, қамқорлығына көшіп кетуі әбден мүмкін болды. Сондай-ақ басқа тайпа бірлестігінің билікті басып алу мүмкіндігі үнемі төніп тұрды. Келесі бір ерекшелігі — көшпелі мемлекетте жоғары саяси билікті жүзеге асыруда әулеттік үстемдік орын алғанымен, бұл үстемдік ру-тайпа өкілдерінің билеушіні сайлап қою мүмкіндігімен шектеліп отырды. Бұл да дала демократиясының бір көрінісі еді. Сонымен бірге бұл мемлекетте тұрақты әскер болған емес. Қажет болғанда кез келген көшпелі әскер қатарына қосылатын. Бүгінгі таңда тарихи үдерістерге бұрынғы коғамдық-экономикалық формация өлшемімен қарау жөне өркениеттік тұрғыдан бағалау қалыптасып келеді. Өркениетке тән белгілердің бірі — мемлекеттің болуы. Демек, басқару ұйымының болуы өркениеттің ішкі кұрылымының бір бөлігі ғана. Егер көшпелілер өркениеті бар болса, оларда мемлекеттің болуы да заңды құбылыс екендігі мақұлданды. Мемлекет — өте күрделі құбылыс, біртұтас табиғи этномәдени және әлеуметтік организм. Демек, оны бір-бірімен байланысты экономикалық, әлеуметтік, саяси, этностық, мәдени үдерістердің жиынтығы (кешені) ретінде кең көлемде түсіну қажет. Ең бастысы — қоғамдағы этностық сана-сезімнің нығаюы ғана оның мемлекет шыңына бірігуіне алғышарт бола алады. Көшпелілер де отырықшы халықтармен салыстырғанда өзіне тән ерекшелігі бар мемлекеттік формаларды өмірге әкелді. Олар көшпеліліктен туындайтын рулық (патриархалдық) тәртіптерді дамыта отырып, мемлекеттік дәрежесіне жеткізді. Қазақ хандығы көшпелі мемлекет болды. Отырықшылық оның мемлекеттік құрылымының бір ғана элементі еді. Сол сияқты Қазақ хандығы қазақ жерінде бұрыннан өмір сүрген этносаяси бірлестіктердің заңды жалғасы болып табылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет