Күркелі ауылдық округі әкімінің ауыл тұрғындарымен өткізетін есептік кездесуіндегі баяндамасының тезисі 2015 жылдың 30 қарашасында Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму»



Дата17.06.2016
өлшемі30.28 Kb.
#142396
Күркелі ауылдық округі әкімінің ауыл тұрғындарымен өткізетін есептік кездесуіндегі баяндамасының тезисі
2015 жылдың 30 қарашасында Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын жария етті. Жолдауда ең алдымен елдің жағдайы, алмағайып жағдайларда халықтың әлеуметтік тұрақтылығы басты назарға қойылып отыр.

Күркелі ауылдық округінде 5 елді мекен бар: Күркелі – орталық, Шоманкөл, Жарылғап, Қойтас, Желтау. Халық саны – 1101. Округімізде 1 орта, 2 бастауыш мектеп, 1 ФАП, 3 МП, 1 ауылдық Мәдениет үйі, 4 ауылдық кітапхана, телефон байланысы бөлімшесі, 1 шағын футбол алаңы, 1 шаштараз, 3 азық-түлік дүкені халыққа жұмыс істейді. 1 Мешіт бар. Ауыл шаруашылық нысандарына келетін болсақ, округте 61 шаруа қожалығы бар. Округіміздің негізгі саласы – мал шаруашылығы. Мал басы санын атап айтсақ: ірі қара – 5713, оның ішінде аналық – 2572 бас, жылқы – 2452, қой, ешкі – 9311, құс – 2005 бас. Ауыл шаруашылығы бойынша осы жылы біршама жұмыстар жасалды: Күркелі ауылдық округі бойынша бруцеллез ауруына қарсы тексеріліп, егілді. Бруцеллез анықталған мал түрлері залалсыздандырылды. Округ бойынша 31 бас иесіз жүрген ит атылып, өлекселері өртелді. 2015 жылы мал түрлерін асылдандыру жұмысына 23 шаруа қожалығы қатысып, 13 асыл тұқымды бұқа алып субсидияға қатысушылар артты. Бүгінгі күні тұқымдық түрлендіру жұмыстарына округ бойынша 48 қазақ ақбас бұқасы шаруа қожалықтарына алынып, асылдандыру бағытында қолданылуда. «Сыбаға» бағдарламасымен 2 шаруа қожалығы ірі қара мал санын арттырса, биылғы жылы жылқы малын көбейту үшін «Құлан» бағдарламасымен де 2 шаруа қожалығы жеңілдетілген кең көлемді несие алып, асылдандыру жұмыстары жалғасын тапты. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша 1 адам несие алып, жеке кәсіпкерлігін ашуда.

Күркелі ауылдық округі әкімі аппараты ауыл тұрғындарына, несие, субсидия алушы шаруа қожалықтарына «Жеке қосалқы шаруашылықтың болуы туралы анықтамаларын» белгіленген регламентке сай сапалы, уақтылы мемлекеттік қызмет көрсетуде.

Денсаулық сақтау. Округ бойынша 1 ФАП (фельдшерлік акушерлік пункт), 3 медпункт бар, 1 жедел жәрдем автокөлігімен жабдықталған. 7 (жеті) медицина қызметкері жұмыс атқарады. Биылғы жылы да облыстық денсаулық департаментінен «Флюкар автокөлігі» ауыл тұрғындарына қызмет көрсетті. 2015 жылы округ бойынша 8 нәресте дүниеге келіп, олардың денсаулығы әрдайым медицина қызметкерлерінің бақылануында.

Білім беру. 2015-2016 оқу жылында округ бойынша 165 оқушы білім алып, 44 мұғалім еңбек етуде. Қ.Кемеңгеров атындағы ЖОББ мектебінен шалғай орналасқан Шоманкөл ауылындағы оқушыларды тасымалдау мақсатында «ПАЗ» автокөлігімен қызмет көрсетілуде. Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Қ.Кемеңгеров атындағы ЖОББ мектебіне психолог және ағылшын тілі пәні мұғалімі келсе, Шоманкөл бастауыш мектебі бастауыш сынып мұғалімімен толықты.

Әлеуметтік сала. Күркелі ауылдық округінде 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы алушы 6 отбасы бар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының 2-бағыты бойынша және Елбасының кезекті Жолдауындағы шағын және орта бизнесті қолдау жұмысын жалғастыру мақсатында округімізде шаштараз ашылып, әрі қарай 2016 жылы кәсіпкерлігін арттырады. Осы бағдарламаның 3-бағытымен 27 адам жұмысқа орналасты. Уәкілетті органда тіркеуде тұрған 18 адам болса, олар қоғамдық жұмыстарға тартылып отырды.

Мәдениет және спорт. 2015 жылы елімізде аталып өткен мерейтойларда мәдени-спорттық іс-шараларға ауыл жастары, мектеп оқушылары, ұстаздар белсенді қатысып отырды. Ұлттық ат спорт түрлері тоқ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс, аламан бәйге түрлерінен жыл бойы жарыстар ұйымдастырылса, асық ату, арқантартыс ойындары да өткізілді. Аудандық спартакиадада округіміз 5-орын алды.

Округімізде 4 кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Жаңа кітаптармен толық жабдықталған.



Инфрақұрылым. Күркелі-Қаражар тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар көктемде су шайып кеткен Күркелі-Шоманкөл ауылы аралығындағы тас жолдағы бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру үшін қиыршық тастар төселіп жөнделді.

Округімізде ауыз су мәселесі бойынша Жарылғап ауылына ұңғыма құдық қазылды.

Күркелі ауылына волоконды кабель тартылып, байланыс жүйесі реттелуімен қатар Интернет желісімен қамтылуда. 2016 жылы Желтау ауылындағы 8 үй байланыс жүйесімен қамтылады.

2016 жылы Күркелі ауылының орталығына балалар алаңы мен демалыс орнын ашу жоспарлануда.

Округімізде аудан орталығымен жолаушыларды 2 жеке кәсіпкер КАВЗ автокөлігімен тасымалдайды.

Алдағы жылы атқарылатын жұмыстар:


  1. «Билайн» ұялы байланыс желісімен толығымен қамту.

  2. Желтау ауылындағы 8 үйді байланыс жүйесімен қамту.

3. Иесіз бос тұрған үй-қоралар орнын тазалау.

4. Ауылдың ішкі жолдарын тегістеу.



5. Балалар алаңы мен демалыс орнын ашу.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет