1-бөлім. Информатиканы оқытудың әдістемесі мен оны ұйымдастыру
1.1 Информатиканы оқыту түрлерi мен әдiстерi
Оқу-тәрбиелеу үдерісінің тиімділігі оны ұйымдастырудың (немесе ұйымдастыру түрлері) алуан түрлерін қолдану өнеріне тәуелді болады. «Оқытуды ұйымдастыру түрлері – бұл мұғалім мен оқушының өзара әрекетінің ерекшеліктері, басқару мен өзін-өзі басқарудың ара қатынасы, оқыту орны мен уақыты ерекшеліктері, оқушылардың саны, оқытудың мақсаты, мазмұны, әдісі, құралы мен нәтижелері көзқарасы тұрғысынан оқыту үдерісінің толыққанды жүйелік сипаттамасы». Оқытуды ұйымдастыру түрлерінің жіктемесінің көптеген әдістері бар.
Атақты чех педагогы Я.А. Коменскийден (1592-1670) бастау алған оқу үдерісін ұйымдастырудың сыныптық-сабақ жүйесi отандық мектептiң бүкiл тарихындағы сабақты ұйымдастырудың құрылымдық негiзi болып табылады. Мектептегi сабақ оқытудың сыныптық-сабақ жүйесiнiң негiзiн құрайды, оның ерекше белгiлерi: жастары және дайындық деңгейлері бірдей оқушылардың оқу топтарының тұрақты құрамы (сынып); әрбір сынып өздерінің жылдық жоспарларына сәйкес жұмыс істейді (оқытуды жоспарлау); оқу үдерісі, бір бөлігі келесі бөлікпен жеке өзара байланысқан түрде іске асырылады (сабақ); әрбір сабақ тек бір ғана пәнге арналады (монизм); сабақтардың үнемі кезектесіп отыруы (сабақ кестесі); оқу сабақтарының кестесiн анықтау; мұғалiмнiң жетекшi рөлi (педагогикалық басқару); оқушылардың танымдық іс-әрекеттерінің түрлері мен формалары қолданылады (іс-әрекеттің вариативтілігі). Әрбір сабақ үш бірлікті: оқыту, тәрбиелеу, дамыту мақсаттарына жетуге бағытталады. Өткізілетін барлық сабақтардың ішінде аралас сабақтардың үлесі 75-80%-ды құрайды. Практикада аралас сабақтар кеңiнен кеңiнен таралған, оның құрылымында мынадай элементтер (кезеңдер) ерекшеленеді: 1) оқытылған материалды қайталау (білімді өзектендіру); 2) жаңа білімді оқыту, жаңа біліктіліктерді қалыптастыру; 3) бекіту, жүйелеу, қолдану; 4) үйге тапсырма беру.
АКТ-ны қолдану мектептегі сабақтың сипатын елеулі түрде өзгерте алады, ол оқу-тәрбиелеу үдерісін ең жақсы түрде қамтамасыз ету үшін, оқытуды ұйымдастырудың жаңа түрлерін іздестіруді өзекті етеді. Сабақтың иннова1.циялық түрлері, дәстүрден тыс сабақ – «дәстүрден тыс құрылымнан тұратын тосын шығарылған оқу сабағы» пайда болады.
И.П.Подласый әртүрлі жіктемелерді талдау негізінде сабақтың негізгі типтерінің нақтыланған тізімін келтіреді: «1) аралас сабақ; 2) жаңа білімді меңгеру сабағы; 3) жаңа біліктілікті қалыптастыру сабағы; 4) өтілген материалдарды жалпылау және жүйелеу сабағы; 5) бiлiм, біліктілікті бақылау және түзету сабағы; 6) білім мен біліктілікті практикада қолдану сабағы».
Қазіргі заманғы сапалы сабақ жауап беретін жалпы талаптардың ішіндегі бастысы – ғылымның жаңа жетістіктерін қолдану. Компьютерлік техниканың үлкен мүмкіндіктері, дүниежүзілік желі Интернеттен алынатын ақпараттың аса зор әр алуандығы, бүгінгі күнгі бар білім беру жүйесімен терең қарама-қайшылықта. «Жаңа ақпараттық мүмкіндіктерді дәстүрлі сабақ шеңберіне бейімдеу»қажет және осы мағынада оқытуды ұйымдастырудың жаңа түрі ретінде компьютерлік сабақ жайлы айту орынды.
Информатика пәнінің маңызды ерекшелігі – оқушылардың компьютердегі жүйелі жұмыс істеуі болып табылады, сондықтан сабақтарды көлемі мен компьютерді пайдалану сипаты бойынша: демонстрация, зертханалық жұмыс, практика деп жіктеуге болады.
Демонстрация. Мұғалiм демонстрациялық экранды, интерактивті тақтаны қолдана отырып курс мазмұнының әртүрлi оқу элементтерiн (графикалық, фото-, бейнематериалдар) презентация түрінде көрсетедi. Компьютердiң көмегiмен демонстрация жасаудың дидактикалық мүмкiндiктерi мен рөлiнің өсуiн визуализациялаудың техникалық құралдары мен оқу мақсатындағы компьютерлік программалардың (мультимедиялық дәріс-сабақтары, демонстрациялық және ақпараттық-анықтама программалары) әр талдауларымен түсіндіріледі. Демонстрацияның негiзгi дидактикалық қызметi – жаңа ұғымдар мен іс-әрекет тәсілдерін қалыптастыру.
Зертханалық жұмыс. Барлық оқушылар өз жұмыс орындарында программалық құралдармен жұмыс жасайды, дидактикалық қызметi әртүрлi болуы мүмкiн: жаңа материалды меңгеру (компьютерлік оқыту ортасы, модельдеу программалары, оқу мақсатындағы сараптама жүйелері, ақпараттық-здеу жүйелері), жаңа материалды бекiту (жаттырушы-программалар, үйретуші-программалар), алынған бiлiмдi меңгеруін немесе операциялық дағдыны тексеру (бақылау және тестілеу программалары, компьютерлік оқу ойындары). Зертханалық жұмыс уақытында мұғалiмнiң ролi – оқушылардың жұмысын бақылау (жергiлiктi желi арқылы), сонымен қатар оларға жедел көмек көрсету (кеңес беру) болып табылады. Осындай сабақтар білім, біліктілік пен дағдыны жетілдіру мақсатында, оларды қалыптастыру, жалпылау, жүйелеу және мақсатқа сай қолдануда, сонымен қатар, оқушылардың оқу үлгерімдерін ағымдық бақылауда қолданады.
Практикум (немесе оқу-зерттеу практикасы). Оқушылар мұғалiмнен өздiк жұмысы (бiр-екi немесе одан да көп сабақ көлемiне тапсырмалардың жартысын сабақтан тыс уақытта, үйде орындауға) үшiн жеке тапсырмалар алады. Ереже бойынша, практикумдар практикалық және оқу дағдылары мен біліктіліктерін түпкілікті бекіту үшін, сонымен қатар курстың толық тарауының (тақырыбының) теориялық материалдарын меңгеру дәрежесін тексеру үшiн қолданылады. Осы мақсатта әр түрлі модельдеуші программалар, соның ішінде нысанның қасиеттерін зерттеудің креативті жағдайын құрушы интерактивті конструкторлар, генерациялаушы және есептеуіш программалар, оқу мақсатындағы сараптама жүйелері қолданылады. Соңғы жылдары жоғарғы сыныптарда дәрістік-семинарлық жүйе элементтерін енгізу басталды. Өткізу түрлеріне қарай ақпараттық дәрістер – материалды мультимедиалық презентациялардың, анимацияланған графикалық нысандардың, суреттердің, кестелердің, сызбалардың және т.б. көмегімен баяндау; визуальді дәрістер – материалды көбінесе техникалық құралдардың: бейне- және дыбыстық бейнебаяндар, қысқа түсініктеме беру арқылы сараптаманы мультимедиялық демонстрациялау; дәріс-кеңес беру – тақырыпты оқытуда айқын сөйлеу практикалық бағыттылығының тиімділігі. Техникалық қолдау ретінде мультимедиалық презентациялардан басқа электрондық оқулықтардың, мультимедиалық энциклопедиялардың үзінділерін, білім беру мақсатындағы интернет-ресурстарын қолдануға болады.
Семинар-сабақ сыныптың барлық ұжымын оқу материалының мазмұнын өңдеудің белсенді дербес іс-әрекетіне қосуға мүмкіндік береді, оқу материалымен алғашқы танысу дәрісте өткізіледі. Жұмыс мұғалімнің жетекшілік етуімен іске асырылады, оқушыларға жауаптары оқулықта жоқ, олардан білім, біліктілік пен дағдыны меңгерудің репродуктивтіктен шығармашылыққа дейінгі белгілі бір деңгейін талап ететін, әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) топтамасы ұсынылады. Оқушылар топтарға бөлінеді, әр топқа кеңесші-үйлестіруші бөлінеді және жеребе тарту нәтижесі бойынша тапсырмалар жиынтығын алады, оны орындауға белгілі бір уақыт (15-25 мин) бөлінеді. Материалды беру түрі алдын ала анықталуы тиіс. Семинардың сұрақтарына жауап беру үшін оқушылар дәрістердің конспектісін, әртүрлі ақпараттық-іздеу жүйелерін, электрондық энциклопедиялар мен анықтамаларды қолдануларына, мұғалімнен кеңес алуларына болады. Сосын әр топ өздерінің хабарламаларын айтып шығады, артынан семинардың барлық қатысушылары талқылауға қатысады.
Өзіндік мақсаты материалды жалпылау және курстың қандай да бір тарауының (бірнеше туыстас тақырыптардың) ең маңызды проблемасы бойынша білімді тереңдетіп оқытуды ұйымдастырудың ұтымды түрі оқу конференциясы болып табылады. Бұл семинар сабақтың бір түрі. Ол ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс істеу біліктіліктерімен байланысты, қойылған сұраққа жауап іздеу, өзіндік көзқарас туғызу, ойын ықшамды және ашық баяндау үшін өзінің баяндамасын мультимедиалық сүйемелдеуде мәтінді, графиканы, дыбысты өңдеу технологияларын меңгеруі сияқты үлкен дайындық жұмыстарын талап етеді. Оқу конференцияларының тақырыбы оқу бағдарламасының шеңберінен шығып кетуі мүмкін. Конференцияның білім беру мәні оларға дайындық кезінде оқушылар электрондық білім ресурстарымен өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланады, нақты есепті шешу үшін алған теориялық және технологиялық білімдерін қолдана алады.
Курстың үлкен тақырыбымен (тарауымен) жұмыс жасауды аяқтауда, немесе бұл тараудың материалы бұрын оқытылған жағдайда сынақ сабақ өткізіледі. Ол екі бөлімнен тұруы мүмкін: оқытушы бөлімінде (15 минутқа дейін), оқушылардан өтілген материалдың негізгі сұрақтары бойынша, олардың типтік есептерді шешудегі өзіндік жұмыстарын үйлестіре отырып әрқайсысымен жеке сұрау-әңгімелесу өткізіледі және бақылаушы бөлімінде (30 минутқа дейін) жазба жұмыстарын орындау тапсырылады. Бұл сабақта оқушылардан алған білімдерін жалпылау және жүйелеу талап етіледі.
Жеке тұлғаны оқыту, тәрбилеу және дамытуды ұйымдастырудың бір түрі сабақ уақытында және сабақтан тыс уақыттарда қолдануға болатын дидактикалық ойындар болып табылады. Ойынның негізгі түрі – компьютерлік оқыту ойындары. Ол оқушылардың оқу іс-әрекетінің мотивтеріне ынталандыру, оқыту үдерісін белсендендіру мен күшейту және оқушыларды жаңа материалды қабылдауға дайындау үшін үшін жаңа тақырыпты өтудің алдында; жаңа тақырыпты түсіндіріп болғаннан кейін, алынған білімді бекіту үшін; тарауды оқып біткеннен кейін алған білімді жалпылау, жүйелеу және бақылау мақсатында өткізілуі мүмкін. Компьютерлік оқыту ойындары оперативтік, тактикалық және стратегиялық деңгейді көрсететін белгілі бір логикалық құрылымнан тұрады. Жоғарғы мектептке оқытудың практикалық бағытын күшейту, алынған білімді шығармашылықпен қолдану мен бекіту мақсатында іскерлік ойындар қолданылады.
Оқушылардың сыныптық-сабақтық іс-әрекеттерін толықтырушы және дамытушы оқу жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне өзіндік үй жұмыстары жатады . Үй тапсырмаларының мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады: жаңа тақырыпты оқыту кезінде жаңа материалды қабылдауға бағытталған тапсырмалар; білім, біліктілік пен дағдыны бекітуге бағытталған тапсырмалар; алған білімді практикада қолдана білуге бағытталған тапсырмалар; шығармашылық сипаттағы тапсырмалар.
Жақсы педагогикалық программалық құралдармен жабдықталған компьютер мұғалімге жұмыс стилін жетілдіруге, өзінің мойнына ескішілдікке негізделген қызметтерді ала отырып және мұғалімдерге оқыту, тәрбиелеу мен дамытудың ақиқат адами неғұрлым шығармашылық есептерін қалдыра отырып көмектеседі.
Оқыту әдістері – білім беру мақсатына жетуге бағытталған, мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеттерінің тәсілдері. Педагогика ғылымында оқытудың әртүрлі жіктемелері жасалған. Оқыту әдістерін таңдап алу: оқу пәнінің мақсатына, пәннің ерекшелігіне, оқушылардың мүмкіндіктеріне, оқыту құралдарына және т.б. байланысты анықталады. Тұлғаға-бағыттап оқыту жағдайында информатиканы оқыту әдістерін таңдаудың негізгі факторы оқушылардың продуктивтік іс-әрекеттерін ұйымдастыру мәселесі болып табылады. Оқушылардың өз бетінше және ойлау белсенділіктерінің көрсеткіштері бойынша оқыту әдісінің екі: репродуктивтік және продуктивтік топтарын бөліп көрсетуге болады.
Оқыту әдістері жеке элементтерден – әр түрлі әдістерде қолданылтын әдістемелік тәсілдерден жинақталады. «Мен сияқты жаса!» қағидасы (оның негізіне репродуктивтік әдіс жатады) алгоритмдеу негіздері мен программалауды оқытуда, программалық құралдарды функционалдық толықтыруда табысты іске асырылады. Жергілікті желінің мүмкіндіктері, интерактивтік тақтаның болуы іс-әрекет тәсілдерін көшіру идеясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ бұл жағдайда білім беру үдерісінің соңғы түпкі ойы «Мен сияқты жаса!» қағидасынан «Өзің жаса!» нұсқауына өту екендігін ұмытпау қажет.
Репродуктивтік әдіс – оқушы мұғалімнің үлгісі бойынша жұмыс істейді; Оған әңгіме, түсіндіру, дәріс, демонстрация, оқулықпен, компьютермен жұмыс және т.б. жатады. Бұл әдіс информатика сабағында программалық-жаттықтырушы (пернетақталық жаттықтырушы), оқыту, бақылау программаларымен жұмыс жасағанда, кіріспе жаттығулар программалық құралмен алғаш танысқан кезде, яғни мұғалімнің жетекшілігімен жаттығу орындаған кезде қолданылады.
Мысалы, графикалық редактормен жұмыс істеуді түсіндіріп, демонстарция жасағаннан кейін оқушылар сызық, қисық сызық, шеңбер және т.б. сәйкес шартбелгілердің көмегімен салып көреді.
Мысалы, оқушылар мәтіндік редакторды жүктегеннен кейін және өз файлдарын шақырғаннан кейін меңзерді экранның нүктесіне қойып, пернелерге немесе пернелер комбинациясына баса отырып, экранның қалпын бақылайды да, өздерінше қорытынды жасап, оны дәптерлеріне жазады.
Продуктивтік оқыту әдістерінің тобына: проблемалық мазмұндау, жартылай-іздену (эвристикалық), зерттеушілік, қателер әдісі, жобалар әдісі т.б. жатады. Продуктивтік әдістердің ерекшеліктері іздеу есебі сияқты бар оқу проблемасы болып табылады, оны шешу үшін жаңа білім өнімін (креативтік нәтиже) алуда оқушыларға жаңа білім қажет.
Танымдық есеп түрінде мұғалім қойған проблеманы шешу үшін оқушылар белсенді түрде жұмыс істейді. Немесе мұғалім оқушының алдына проблема қояды және оны шешу жолдарын көрсетеді, оқушылар проблеманы шешу үшін әрекет жасайды.
Мысалы. Оқушыларға электрондық кестемен жұмыс жасағанда мынадай проблема қояйық. Мектеп жәрмеңкесінде өздерінің жасаған заттарын сату керек болсын. Сатқанда Х теңге алынуы керек болсын. Оқушылар осы ақшаны жасаған затын сату барысында қалай өндіріп ала алады?
Ол үшін мыналарды анықтап алу керек:
1) әр тауарға қандай баға қою керек;
2) тауардың қанша түрін қандай бағамен сату керек?
Алдымен оқушылар электрондық кестені толтырып алады: тақырыбын көркемдеп жазады, қажетті бағаналарды мәліметтермен толтырады (тауардың саны мен олардың бағасын енгізеді). Сосын проблеманы шешуге кіріседі. Талап етілген нәтижені алу үшін енгізілген мәліметтерді бірнеше рет өзгертеді, аралық қосынды мен соңғы нәтижені талдайды.
Информатика сабақтарында проблемалық мазмұндауды қолдану көбінесе қоршаған болмысты тануға бағдарланған оқушылардың ақпарат, ақпараттық үдерістер, жүйелер, технологиялар мен модельдер жайлы ғылыми түсініктерінің негізін құраушы білім жүйелерін меңгеруге бағытталған. Бұл әдіс бастауыш мектепте информатиканы оқыту кезеңінде бірін-бірі толықтырушы екі әдістемелік тәсілді: көңiл ортақтығы (эмпатия) (ойлау қабілетін және құбылысты әртүрлі көзқарас тұрғысынан түсінуді дамытады) және «мағыналық көріну» (нысанның мәнін түсінуге мүмкіндік береді) қолданғанда іске асырылуы мүмкін. Мысалы, компьютер үшін мәтін – символдар тізбегі екені жайлы нақты түсінік қалыптастыру талап етілгенде . Жартылай-іздену әдісі оқушылар қиын проблеманы өз беттерімен басынан аяғына дейін емес, тек жартылай ғана шешуді ұсынады. Мұғалім оқушыларды іздеудің жеке кезеңдерін орындауға қатыстырады.Оқушыларды болжам жасауға, танымдық есепті шешу үшін бақылау, эксперимент жасауға, жоспар құруға немесе алгоритм құруға қызықтыру болып табылады.
Эвристикалық сұрақтарды қабылдау оқушылардың танымдық іс-әрекеттерінің тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мынандай жеті кілттік сұрақ қойылады: кім? не? неге? қайда? немен? қалай? қашан? Сұрақтарды жұптап үйлестіре қолдануға да болады. Мысалы, компьютерді кім ойлап тапты? компьютердің көмегімен не істеуге болады? монитор (принтер, тышқан және т.б.) неге керек? компьютердің «миы» қайда орналасқан сияқты сұрақтар топтарын талқылау нәтижесінде оқушылар компьютердің аппараттық қамтамасыз ету құрылғыларымен танысады.
Формальдау және модельдеу қабілеттерін қалыптастыру мен дамыту үшін, нысан мен оның символдарының арасындағы байланысты құру, құрылған символдарды түсіндіруден тұратын символдық көру әдісін қолдану ұсынылады. Оқушылардың программалық құралдардың интерфейсін саналы түрде меңгерулерін ұйымдастыру үшін бейнелік көру әдісін қолдануға болады, ол нысан мен оның графикалық (немесе ауызша түрде) белгіленуін оқытуды ұсынады, мысалы, монитор экранындағы «шартбелгілер».
Бастауыш мектептің информатика сабақтарында оқушылардың қиялын және оймен көз алдына елестетуін дамыту орынды, осы мақсатта, белгілі бір ойлау әрекеттерінің нәтижесінде оқушыларға бұрын таныс емес өнімді жасау – ойлап табу әдісін қолдануға болады. Мысалы, шығармашылық тапсырма: қане, балалар, әдеттегіден өзгеше ақпаратты тасушыларды қиялмен жасап, ойланып көрейік.
Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын дамыту қателерге дәті шыдамайтын жағымсыз қатынасты болдырмау– қателер әдісі арқылы мүмкін, ол алгоритмдеу мен программалау негіздеріне оқытуда тиімді қолданылады.
Зерттеушілік әдіс оқушылардың білімді шығармашылықпен меңгеруін қарастырады: мұғалім оқушылармен бірге проблеманы тұжырымдайды және оларға қиындық туған кезде көмектеседі, ал оқушылар проблеманы өз беттерінше шешеді. Мұғалім бұл жағдайда оқушылардың өзіндік іздеу іс-әрекетін ұйымдастырушысы болып табылады. Оқушыларға адамның қызметінің әр түрлі салаларында қолданбалы есептерді шешу үшін қазіргі заманғы АКТ құралдарын қолдану мүмкіндігі берілген кезде, бұл әдіс ерекше мәнге ие болады.
Жобалар әдісі – арнайы ұйымдастырылған мақсатқа бағытталған оқушылардың бірлескен іс-әрекеттері, ол информатиканы оқытудың барлық кезеңдерінде табысты қолданылуы мүмкін .Телекоммуникациялық жобалардың негізінде әр елдің, әр қаланың, әр мектептің оқушыларының ынтымақтастықта бірлескен жобаларын ұйымдастырудың неғұрлым тиімді екендігін практика көрсетіп отыр, олар әрқашанда пәнаралық және мұнда жалпы проблеманы жергілікті шешумен алмасу үшін, бірлескен бақылаулар жүргізу үшін, бірлескен жарияланымдар дайындау үшін, үдерістер мен құбылыстарды модельдеу үшін және т.б. қолданылады.
Оқу жобасын жасағанда оқушы ақпаратты өз бетімен іздеп-тауып және түсініп қана қоймай, өзі жаңа идеялар туғыза алуы қажет. Бұл оқытудың (дәлірек айтсақ компьютерлік технологияға) іс-әрекеттік әдісінің мысалы болып табылады. Бұл оқытудың жаңа түрі. Жоба белгілі бір тақырыпты оқытатын компьютерлік курс, логикалық ойын, компьютерде модельденген зертханалық құралдың макеті, электрондық поштамен тақырыптық қатынас және т.б. болуы мүмкін. Жобалар әдiсiн қолданғанда нақты тәжiрибе негiзiнде алынған бiрқатар шарттарды ескеру керектiгiн көрсетемiз:
1. Оқушыларға нақты таңдау мүмкiндiктерiн iске асыру үшiн жеткiлiктi үлкен жобалар жиынын көрсетуi керек. Жоспарлау өзiндiк немесе ұжымдық болуы мүмкiн екендiгiн айта кету керек. Соңғысы, басқаларға қарағанда оқушыларды ұжымдық жұмыс әдiсiн меңгертуге машықтандырады.
2. Оқушы жұмысты жоспарлау әдiсiн бiлмегендiктен, ол жобамен жұмыс iстеу ережесiмен қамтамасыз етiлуi керек. Мұндай жағдайда әрбiр оқушының өзiндiк қабiлетiн ескеру маңызды (бiреулерi - мәтiндi оқи отырып, екiншiлерi – түсiндiргендi тыңдай отырып, ал үшiншiлерi – практикалық жұмыс барысында қателескенiн шешiмiн таба отырып материалды жақсы меңгередi).
3. Бала үшiн алған нәтижесiнiң практикалық мәндiлiгi мен айналасындағылардың берген бағасы маңызды. Сондықтан ОЖ орындаушыға iстелген жұмыстарының ойын немесе имитациялық түрде жинақтылығы мен аяқталғандығын болжауы керек. Бiткен жобаның көрсетiлуi және үлкендер мен құрдастарының назарында болуы өте маңызды.
4. Практика көрсеткендей, оқушылардың бiр-бiрiнiң жетiстiктерi мен сәтсiздiктерiн өзара талдау үшiн оларға жағдай жасау керек. Бұл жағдайда өзара оқыту үдерісі жүредi, ол оқушыға да, мұғалімге да пайдалы.
5. Жобалау әдiсi компьютермен (АКТ) жұмыс жасауды меңгеруге бағытталады.
Продуктивтік оқыту оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытудың негізгі қызметтерімен қатар, әлеуметтік белсенділікті таныту түрі ретінде информатика аумағында оқушылардың танымдық белсенділіктерін қалыптастыруға байланысты неғұрлым күрделі мәселені шешеді.
Телекоммуникация, оқытудың аудиовизуальді және компьютерлік құралдары саласындағы ілгерілеу оқытудың тиімділігін арттыру үшін жаңа құралдарына жүгінуге мәжбүр етеді. Педагогикалық технология (грек тілінен аударғанда «технология» - өнер, шеберлік), оқушылардың өз бетінше дамуын, ұжымшылдығын, оқу-танымдық іс-әрекеттерін өзі-өзі басқаруды іске асыру біліктілігін қамтамасыз етуге қабілетті. «Педагогикалық технология, соның ішінде оқыту технологиясы – тәрбиелеу және оқытудың педагогикалық заңдылықтарына, мақсаттарына, мазмұнына, түрі мен әдістеріне сәйкес, оларды кейінгі жаңғырту мен таралымын көбейтуде неғұрлым жоғары тиімділік деңгейіне кепілдік беретін нақты технологияның жобалау мен практикалық қолдану жүйесі». Жаңғырту,таралымын көбейту, оқыту үдерісін сапасының жоғары кепілдік беру қасиеттері педагогикалық технологияны оқыту әдістемесінен ажыратады.
Достарыңызбен бөлісу: |