Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті журналистика кафедрасының
профессоры, филология ғылымдарының
докторы
Меңдігүл Шындалиева
Қалихан Ысқақов повестеріндегі өмір шындығы
Бүгінгі таңда қазақ әдебиеті өрлеу, даму процесін басынан кешіріп отыр десек те, 1960-1970 жылдары әдебиетке келген ұрпақ әртүрлі тақырыпқа терең барлау жасап, батыл еніп, ғасырлар бойғы қазақ халқының басынан кешкен санқилы оқиғаларды өз шығармаларына арқау етіп, сол заманалардың қалың қатпарларын ашып, өзі өмір сүріп отырған ортаның шындығын барынша жайып салуға күш жұмсағанына куә боламыз.
Қазақ әдебиетіне өз қолтаңбасымен келген жазушы Қалихан Ысқақов бірнеше роман жазған, әр шығармасында соны тақырып, дара тәсіл пайдаланған, тың образдар мен көркемдік ізденістерін, әр алуан бейнелер жасай алған бірегей жазушыларымыздың бірі. Алпысыншы-жетпісінші жылдары қазақ әдебиетінің қасиетті табалдырығын аттаған жазушы қазақ әдебиетінің алтын қорына тек роман жазып қана үлес қосқан жоқ, ірілі-ұсақты көптеген әңгіме-повесть, публицистикалық, ғылыми-зерттеу макалалар да жазып мыңдаған оқушыларына тарту етті.
Тарихи тақырыппен қатар бүгінгі күн туралы айтуға ұмтылу, кез-келген елдің әдебиетінің талап-тілектерінен туындап отырады. Қазақ әдебиетінде жазушы Қ.Ысқақовтың қаламынан туған әрбір шығармасы барлық уақытта да оқырман қауым назарын аударған елеулі оқиға болып отырды.
Жазушы Қалихан Ысқақовтың шығармаларында көтерген проблемалар мен қоғамдық қомақты мәселелер бір күнде, бір жылда шешіле салмайтын, кешегі арқылы бүгінгі ұрпақты ойландыруға жетелейтін терең философиялық ойларға апаратын тағлымды туындылар. Жазушының әрбір шығармасын оқығанда онда суреттелетін өмір шындығына көңіл аударып қана қоймайсың, адамдардың мұңы мен мұқтажына еріксіз ортақтасып, терең толғанысқа, сағынышты балалық шаққа, басыңнан өткен қимас сезімдерге орала бересің. Бұл жазушының шығармашылығындағы халықтық сипаттың әсері, әдеби кейіпкерінің жақын болуының себебі де өзіміздей қарапайым адамдардың өмірінен алынғандығы, олардың психологиясын өзгеше өрнектеуінен десе болғандай.
Жазушы шығармаларын оқу барысында оның ізденімпаздығы, білімпаздығы мен тағампаздығын атап айтуға болады. Қазақ жазушыларының ішінде әлемдік әдебиеттің үрдістерін меңгерген, өз ұлтының қыр-сыры мол қалтарыстарын нәзік игерген Қ.Ысқақов деуге толық болады. Өзі өмір сүрген қоғам қалай құбылса да, саясат желі қай жақтан соқса да Ысқақов туындыларының діттеген мақсаты мен темірқазығы – адам және өмірі мен тіршілігі. Оған бір мысал келтіру арқылы көз жеткізуімізге болады.
Әдебиет туралы түсініктердің құйылар сағасы, ең басты проблемасы, объектісі – адам. Яғни, көркем шығарманың негізгі нысаны – адам өмірі, оның қоршаған ортасы болып табылады. Өмірдің шындығы қай өнерде болса да адамның іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы берілетіндіктен, Қ,.Ысқақов шығармашылығындағы образ мәселесіне жан-жақты тоқтап, саралау - басты мақсаттардың бірі.
Басқа әдебиет шығармаларындағыдай, Қ.Ысқақов көркем шығармаларында да адам образының небір керемет үлгілері жасалған, образдардың қызық та, қиын тағдырлары оқырманды бей-жай қалдыра алмайды. Қ.Ысқақов туындыларында ой-сезімді тұтқындап, баурап алатын, тебірентетін образдар бар және ол образдардың өресі мен өрісі де кең. Осы шеберліктің сыры мен әдісі көп қырлылықты талап ететіні белгілі. Сюжеттік желі, композициялық бітім, образ, деталь, тіл мен стиль ерекшеліктері шеберлікті қамтиды, бұл компоненттер бір-бірімен жымдасқанда ғана, яғни қарым-қатынасқа түскенде шығарманың тынысы кеңейетіні аян.
Замана келбетін суреттеу, адамдардың тұлғасын мүсіндеу – жазушының ізгі мұраты. Әрқашан өмірмен өкшелесіп отыратын қаламгер ұлы дүбірден шет қала алмайды. Қаламгердің қырағы көзі өзінің ата-бабасының өмір сүрген дәуірі мен өз кезеңінің оқиғаларының жаршысы болуды, соларды ардақтауды өзіне мақсат тұтуы да – заңды құбылыс. Қ.Ысқақов көркем шығармаларына тән сипат - өмірдің ақиқатын жинақтап, қорыта білу шеберлігі. Бұл тұста қазақтың тұрмыс-салты мен оның тұлғалары, дәстүрлері туралы көпшілік түсінетін, жатық тілмен жазылған ғылыми-танымдық мәні бар ой қорытулары туралы да айта кеткен жөн.
Әрбір жазушының әдебиет тарихындағы орнын белгілейтін өзіне тән ерекшелігі, ол ерекшеліктің әдебиеттен міндетті түрде орын алып, мәңгілік берік негізге айналуы заңды. Қ.Ысқақовтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор және ол өз шығармаларында шын өмірде болған оқиғалар мен құбылыстарды арқау ететінімен ерекшеленеді. Өмір шындығын бұлжытпай, дәл беруімен қатар, қазақ халқының өз топырағының, өз өмірінің, өз әдебиетінің, өз ғылымының белді мүшелерін басты қаһарман етіп алады.
Қ.Ысқақов шығармалары ішінде повесть жанрында жазылғандары басым көпшілігі болып келеді. Өз повестерінде білім мен ғылым саласындағы ардақты адамдарды тақырып етіп ала отырып, ол адамның балалық шағынан бастап сол күнге дейінгі жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталады. Осылай кеңінен толғауға повесть жанрының әлі келеді екен. Повесть пен роман арасындағы айырмашылық туралы айтқанда олардың арасына шек қоймай Г.Н.Белинский: «... көлемі кішірек демесең, повесть те роман» [1, 269-б],- дейді. Оқиғаны кең қамту, персонаждарды көп алу жағынан әрине романның артықшылықтары бар. Бірақ, повесть өмір шындығының деталдарын азырақ атқарады.
Кез келген көркем шығарманы алып қарасақ, негізгі идеясын анықтау үшін сол туындыны оқып, автордың өзіндік талғам-түсінігін таразылап барып көз жеткіземіз.
„Шындық – күрделі болса, одан туған шығарма да – күрделі. Өмірдегі оқиғалар шым-шытырық болса, оны суреттеген шығарманың мазмұны да әр алуан. Тіршілік жалғасып жатқан мәселелерге толы болса, суреткердің ой өзегі де біреу емес, бірнешеу” [2, 165-б], - дейді академик З.Қабдолов.
«Әдебиеттің көкейкесті міндеті – «адамтану» [3, 484-б], - дейді М.Горький. Бұл ойды М.Әуезов былай сабақтайды: «Әдебиет адамды тану өнері деп танылғанда, әр шақта, әр дәуірде адамды оның жан дүниесінің, жаратылысының барынша шарқына жеткен шағына апара түсіп суреттеу керек болатын» [4, 395-б]. Оның себебін академик М.Қаратаев былай түсіндіреді: «Адам - әдебиеттің жүрегі, адам өмірін бейнелеу - әдебиеттің түбегейлі мақсаты.... Сондықтан әдебиеттің дүниетанытқыш және тәрбиелік құны адам өмірін қаншалықты толық, терең, нәзік суреттеуімен өлшенбек» [5, 194-б]. Қай дәуірдегі әдебиетте болсын адамды аса биік көркемдік дәрежеде суреттеген ғана сол уақытта өмір сүрген адамдардың жан дүниесі, адамгершілігі, құнды қасиеттері айқын ашылып, жан-жақты танылады. Осы ойымызды нақтылай түскен М.Базарбаевтың мына пікірінің маңызы ерекше: «Бұл күнде ... «замандас» деген ұғымның да атқарар қызметі ұлғайды. Осы сөзден бүгінгі ойлы, ақылды, саналы күрескер адам ұғылады. Оның қоғамдық, саяси, мемлекеттік сипаты аңғарылады. Қазіргі заман ұлы мақсаттың заманы болса, замандастар сол биік нысананың күрескерлері» [6, 69-б].
«Қоңыр күз еді» атты алғашқы повесі 1963 жылы жарық көреді. Бұл повесінен жазушының шығармашылық бағытындағы оң беталысты сонау ерте кезден аңғарғанына куә боламыз. Мұнда жазушының қарапайым халық арасынан шыққан Қасым атты кейіпкерінің балалық шағы, алғашқы жақсы көру сезімдерінің ұнамды жақтарын баяндауға ден қойғанын, басты бейненің бойындағы жақсы белгілерді көрсетумен бірге автор оның ой-санасындағы шектелушілікті де жасырмайды. Жазушы өз кезеңіндегі өмір шындығына иек арта отырып, Қасым атты кейіпкері арқылы сол кездегі жастардың сүйіспеншілігі, бір-бірімен қарым-қатынасы, мектеп оқушыларының басынан кешкен әрқилы оқиғаларын қиюластыра келе, бір мектепте болған жастар арасындағы қызғылықты жайларды жай ғана баян етпей, олардың шынайы сезімдерін жеріне жеткізе суреттеуінен Қалихан Ысқақовтың реалистік қырын тереңнен танимыз. Бұл повесте адам бойындағы, мінезіндегі мінді мінеу жағы басым шығып та жатқан тұстары бар. Мысалы, мектеп директоры Қалматай – лақап аты Маймұрын, оның әйелінің поддиректор аталуының себептері, интернат завхозының шын аты Зейнолланың - Беликов аталу себептерін тәптіштеп көрсеткен автор бұл кейіпкерлердің моральдық тағдырларын тартымды бейнелейді және астарлы юмаристік жолмен хал-қасиеттерін нанымды ашқан. Жазушының майдақоңыр юморы ара-тұра еріксіз күлкіге үйіреді. Мысалы, повестегі Қыдырханның Бүкір аталу себептері, тәрбиеші, мұғалім, ұстаздарға жағынып жүретін қылықтары өзіне ғана тиесілі сияқты. Қыдырхан сияқты оқушы әр мектепте де кездеседі, бірақ Қ.Ысқақов повесіндегі Қыдырхан әрбір қылығымен жағымпаз оқушылардың жинақты бейнесі есепті. Оны жазушы былай бейнелейді:
«- Сен оның айтқанына көне берме. Әрі-беріден соң төбеңе шығып алады да, ананы өйт, мынаны бүйт деп қу жаныңа қоныс таптырмайды. Есімі Қыдырхан, бүкірі біздің қосқанымыз ғой, - деп бір қойды. – Оның үстіне тәрбиеші, мұғалім, аспаз дегендерге жағынып, бірді-бірге шатыстырып қойып, майға батырған ыстық қасықша жылпылдап сумаң етіп әр жерден сүңгіп шығып жүргені» [7, 26-б]. Бұл Қыдырхан бейнесін автор оның іс-әрекетін реалистік жағдайда суреттеген және кейіпкерінің рухани әлемін, кейінгі тағдырын да жорамалдауы байқалады.
Қасым өз әкесінің туған ағасын «Шалым» деп атайды, шын аты – Ыбырай өз баласы жоқ болғандықтан Қасымға үйірсектей береді және сырттай қамқорлық танытып, тілектес ниетпен көмектесіп, қол ұшын беріп көмектесіп отырады. Повестің жалпы мазмұны достық, адамгершілік жайындағы мектеп ұстаздарының өсиеттеріне, интернат ұлдары мен қыздарының балғын жүректеріндегі сезімге, көңілде тұтанбай қалған оттың қалғанына, адам көңілінің қысы, жазы, көктемі мен шуағы бар екеніне арналған десе болғандай, бір сөзбен айтқанда бұл жайларды жазушы өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы ашып бере алған.
Балалық шаққа біршама саяхат жасаған жазушы көңілінде көп сұрақ қалғанын мына жолдардан аңғарамыз: «...Болашақтың жағасы бұлдырап қана елестейді өзіме. Қомшабай мен Алтын ше? Хал-ахуалдары қалай, тіршілігі қалай, осынау жалпақ өмірдегі аяқ алыстары қалай, өмірдегі жаңалықтары қандай, бұл жағынан хабарсызбын. Қомшабай Алтынға деген соңғы бір көңіліндегі түйткілін айта алды ма, айта алмады ма, ол да маған беймәлім»,- деген сауалдармен аяқтаған автор оқушыны ойлануға жетелейді.
Қалихан Ысқақтың «Бұқтырма сарыны» повесінің мазмұны Бұқтырманың әсем табиғатының аясында өмір сүріп жатқан адамдардың тағдырын арқау еткен. Бұл повестің кейіпкерлері де санаулы. Олар: орыс шал Жәгөр, оның немере қызы Дунька, қазақ жігіті Аян төңірегіндегі оқиғаларға негізделген. Бұқтырманың айналасындағы самаладай қалың ағаш, аспаннан түскен күн сәулесі, шапшыған ақ көбікті өзен суы келісті әрі адам характерлерімен орайластырыла суреттелген тұстары нанымды әрі шебер деуге болады.
Айдалада орман ішінде тірлік кешіп жатқан шал мен оның немересі Дуньканың өмірі басқа қарапайым адамдардан өзгеше және қазақ өміріне беймәлім сырлары бар екенін, келіп-кетіп жүрген шопыр жігіт Аянның орыс қызына ұнап қалуын, оған шал тарапынан көрсетілген қарсылықтар, орыс шалының өткен өмірінің суреттері қызғылықты баяндалады. Өзінің фамилиясын жаза алмаймын Дуньканың аңқаулығы, кісікиіктігі, табиғи мінезі нанымды беріледі. Орыс қызының бар арманы бала кезінен арғы жағаға өту. Өлмелі шалдың бакенге байланып қалған несі бар деген сұрақ қызды да мазалайды. Сол өңірдегі өзгермейтін осы бакен мен өзінің атасы екеніне қыз сенімді болып өседі. Ені жалпақ, суы мол Бұқтырманың, міз бақпайтын қалың орманы мен мұздай көкшағыр құздар ертеректе қыз көзіне биік сияқты көрінгенімен кейінгі кезде қыздың көңілі бұзылады. Әсіресе жазушы оқымаған орыс қызының психологиясын терең ашады: «Оның он алты жасына дейін өмірден бар тірнектеп түйгені, білгені – адамдардың үш-ақ сорты: бір сорты – атасы, екінші сорты – мылқаулар, үшінші сорты – бәдіктер. Әрине оның ішінде атасы ақылдылар тобына жатады да, қалған екі сорты – һарам дүниенің «құдайдан безген» пенделері. Ал, бар қиналатыны, Аянды осы екі топтың қайсысына сыйғызарын білмей дал...»[7,49-б]. Қыздың қазақ жігітіне ғашық болуы, оның ауылына Дуньканың өзі іздеп баруы, екеуінің повесть соңында қосылуы оқушысының көңіліне қонымды әсер етеді.
Повестегі көтерілген үлкен проблема қарапайым адамдардың табиғатқа деген қарым-қатынасының күн санап өзгеріп келе жатқаны, оны қорғау мен аялау адамдардың ғана қолынан келеді деген идеяға бағындырады. Соңғы жылдары орман қоры азайып, адамдардың жұмыс нарқы арзандап, елдің де өмірі тұрақсызданып, бірі бұғы савхоздарына, бірі алтын рудасын қазатын рудниктерге көшіп жатқанына жазушы көңілі алаңдап, өзі өмір сүріп отырған ортадағы өмір шындығына алаңдаушылықпен қарайтынын байқаймыз.
Қорыта айтқанда Қ.Ысқақов көркем шығармаларындағы көркемдік тәсілдер диалог арқылы жүзеге аса отырып, өмірлік шындықты жан-жақты терең ашып көрсетуге септігін тигізеді. Кейіпкердің ішкі және сыртқы сырының ашылуы, сөз саптауын, ой-толғанысын, өресі мен мінез-құлқын да диалогтардан көруге болады. Жазушы табиғат суретін кейіпкер басындағы қуанышты, шаттықты, шерлі күйлерге ыңғайлап орнымен суреттей отырып, шығарманың ішкі мазмұнын, идеялық сапасын байытады. Қ.Ысқақовтың тілі мен стиліне тән шығармашылық ерекшелігі бар қаламгер. Оған жазушының тілі, сөйлем құрауы, мәнері, оқиға дамыту үрдістері, тақырып таңдаудағы ізденісі т.б. компоненттер кіреді және автордың оқиғалар мен құбылыстарға берген бағасы мен оны сезіп-түюінен келіп, өзіндік ерекшелік туады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Белинский Г. Полное собрание сочинений. Т.4. М; АН СССР, 1954. - 354 С.
2. Қабдолов З. Сөз өнері. Екі томдық таңдамалы шығармалар. – Алматы. Жазушы, 1982.
3. Горький М. О литературе. – М: Советская литература, 1984.
4.Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы. Жазушы, 1962.
-
Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. – Алматы. Жазушы, 1974.
-
Базарбаев М. Әдебиет және дәуір. – Алматы. Жазушы, 1966.
-
Ысқақов Қ. Қоңыр күз еді. – Алматы: Атамұра, 2003.
Достарыңызбен бөлісу: |