Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық



Дата14.06.2016
өлшемі152.43 Kb.
#135121
Шындалиева М.Б.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің доценті, филология

ғылымдарының кандидаты




Очерктегі шындық пен ойдан шығару


Очерк жанрының проблемасы туралы журналдарда алғашқы өрбіген пікірталас 1930 жылдардан басталса да, содан бері очерктегі ойдан-шығару (қиял) туралы пікірлер қайшылығы, талас-тұжырымдар толастамай келеді. Қазір ол қайшылықтар саябыр тапқан, бірақ келіспеушіліктер уақыт өткен сайын бой көрсетіп қалады. Өйткені, жалпыға ортақ, барша жұрт мойындаған тұжырым әлі де айқын емес. Қиялды қорғаушылар қиялсыз очерк жанрын елестету мүмкін емес деген өз тұжырымдарынан таймаса, ал қарсыластары очеркке ойдан шығаруды кіргізуге болмайды деп үзілді-кесілді қарсы пікір айтады. Очерктегі ойдан шығарылған оқиғаларға ең алдымен очеркшілердің өзі қарсы шығады. Мәселен, Б.Полевой өзінің журналистік тәжірибесіне сүйене отырып, “очеркке қиялды кіргізуге болмайды” [1], - дейді. Осы тәріздес тұжырымға К.Симонов [2], В.Ставский [3], Е.Кригер [4] және тағы басқалар да тоқтайды. Кейде очеркшінің өзі “бұл очеркте тек шынайы деректер жазылған” деп мәлімдейді. Бірақ кейбір қырағы сыншылар бұл мәлімдемеге кереғар келетін үзінділерді тауып алып та жатады.

1920 жылдары пролетарлық әдебиеттің деректілігінің лефовтық теориясы ойдан шығарушылық пен қиялдың (жалпы және жекелеп алғанда) очеркте болуын жоққа шығарған еді. Рапповтықтар қиялды қорғаушыларды оны өздері қозғаған тақырыпты толық білмегендіктерін бүркемелейтін қару қылмақшы деп кінәлаған. Бірақ соңғылары өз позицияларын нық ұстану арқасында қазір қатарын көбейтіп отыр, қиялды қорғаушылар айғақ ретінде М.Горький пікірлерін келтіреді.

В.Максимов 1954 жылы өткен Бүкілодақтық очеркшілер кеңесіндегі есебінде М.Горькийдің очерк жанрындағы көркемдік қиял, ойдан шығару, болжам-жорамал, әсірелеу заңдылықтары жайындағы кейбір ойларын еске алған: “қиялсыз көркемдік мүмкін емес, шынайы өнер әсірелеу құқығына ие. Поэтикалық әсірелеу мен көркемдік қиял негізіне қоғам дамуы заңдылықтарын терең сезіну, білу және социалистік теорияны меңгеру жататындығын үнемі қайталап отыратын» [5], - дейді.

1956-1957 жылдары жарық көрген очерк жайындағы кітаптарда (“Соғыстан кейінгі кеңестік очерк” және “Очерк өнері”) В.Росляков пен Е.Журбина өз позицияларын дәлел-дерекпен бекіте отырып, очерктің қиялға деген құқығын қорғайды. Алайда, осы кітаптарға рецензия жазған В.Никонов олардың осал жерін тауып алған: “Е.Журбина очеркте “курскілік, тамбовтық” образдарды біріктірген Лесковтың “қиындылардан құрап, тігілген шындығына” жүгінеді. Бұл бағытқа қадамын, әсіресе, В.Росляков батылырақ басады...”[6],- деп жазады. Онда Б.Полевойдікі дұрыс болмағаны ғой? Бірақ дерегі нақты емес деп неге очеркті сызып тастауымыз керек? Әрине, деректің нақты болмауы жаман. Бірақ бұдан роман, өлеңдер, пьесалар жойылып жатқан жоқ қой ... В.Росляков қиялды, ойдан шығаруды дерек бұрмалануымен араластыруға болмайды деп нақтылайды. “Бастық шашын алады десең, ал оның таз екенін бүкіл зауыт білсе – бұл деректі бұрмалау, ал ол айтпаған сөзді, пікірді оның сөзіне қосып жіберу – ойдан шығарушылық”, - дейді ол. Сонда критерий қайда?” [6]. Расында да, қай жерде шығармашылық қиял өмір шындығын тереңдетіп, аша алатындығын, ал қай жерде шектен шықса, очеркші өзі де аңғармай өмір шындығын бұрмалай бастайтындығын және ол үшін біз белгілеуге тиіс критерийді қалай анықтауға болады? В.Никонов мысалға алған шебер – Б.Полевойдың очерктерінің бірінің қаhарманы. Автор оның бас киімсіз жүргенін көрмепті, сондықтан оның айна алдында шашын салалай тараған жерін кіргізеді. Ал шындығында, шебер таз болатын, ол шашын тарауы мүмкін емес. Немесе кең танымал басқа оқиға: бір журналист Михайловск селосында өтетін мерейтой туралы алдын-ала очеркін жазып қояды. Онда ашық аспан, тамаша табиғат пен ауа-райы жайындағы дәстүрлі фразалар болған. Ал мерейтой күні Михайловскіден емес, Псковтан телефон арқылы редакцияға мәтінді хабарлап береді. Ал бұл күні Михайловскіде тынымсыз ақ жауын жауып тұрған. Кейін ашулы куәгерлер автордың табиғатқа мадағын теріске шығарып хат жазады. В.Росляков бұл мысалдарды қиялдан емес, деректі бұрмалау ретінде қарастырып, назарға алмайды. Бірақ бір нәрсені ұмытуға болмайды, очеркшілер деректерді ойдан шығарғандықтан, шындықты бұрмалайды.

Очерктегі шындық пен ойдан шығару (қиял) проблемасы басқа мәселелермен: типтеу тәсілдерімен, жанр түрлерін топтау, очерктегі автор рөлі және тағы басқалармен тығыз байланысты. Оны жеке бөліп алып қарастыру қиын, ал барлық аспектілерін толық талдау тіптен қиын. Сондықтан очерктегі қиял мәселесін қарастырғанда басқа проблемаларды тек өте қажет болған, не онсыз мүмкін болмаған жағдайда ғана қозғаған жөн. Алайда оларды атап өтуден толық құтылу мүмкін емес. Енді таласушылар пікірі белгілі болған соң, ақырғы шешімді шығармағанмен, қорытынды тұжырым айтуға тырысып көрейік. Егер екі жақтың дәлелдерін дұрыстап қарасақ, онда олардың қазіргі заманғы материалдарға, не газеттегі, журналдағы алған тәжірибесіне сүйенетіндіктерін көрер едік. Бірақ олар өздерінің қисындық қорытындысын жалпы очеркке негіздейді. Енді жанрдың даму тарихын еске түсіріп, өзімізге сауал қояйық: бізді қызықтыратын очерктегі қиял проблемасы тұрғысынан алсақ, адрессіз және деректі очерктер арасында қандай айырмашылық бар? Суреткер қиялы тудырған кейіпкерлер немесе аты өзгертілген шынайы адамдар қатысатын “адрессіз” очерктерде әңгіме, повестегідей қиял еркіндігі бар. Автор қаhарман мінезі мен келбет-сымбатына өзіне қажетті белгілер, қасиеттер қосуға (не алып тастауға), сипаттау барысында ойдан шығарылған деректер, не детальдар кіргізуге ерікті. Егер Б.Полевой “Динамо зауытының шебері” (қожайыны) жайындағы очеркті “адрессіз” түрде жазғанда, ол өз қаhарманын таз, қасқабас, не бұйрашаш түрінде суреттесе де, оны ешкім адам бейнесін бұрмалады деп кінәламаған болар еді.

“Адрессіз” очерктердің басқа көркем жанрларға, әсіресе, әңгімеге жақындығына байланысты оларды осы категория санатына қосып жүр. Ең алдымен очерк ретінде дүниеге келген. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жазушылар тәжірибесінде журналистің алғаш өз очерктерін газет, не журналда жариялап, кейін кейіпкерлер аттарын өзгертіп, кейбір деректер қосып, не керісінше алып тастап, “әңгіме” деген айдармен жинақ етіп шығаруын көп кездестіруге болады. Әрине бұл тек “адрессіз” очерк пен әңгіменің ұқсас белгілері көп болып келген жағдайда ғана мүмкін. Очерктегі қиялды қорғаушылар оның қажеттігін айтқанда, ең алдымен “адрессіз” очеркке арқа сүйейді. Очерктің дәл осы түрінде жоғарыда Е.Журбина еске алған Лесковтың “Курск және Тамбовтық образдар” жайындағы “қиындылардан құрастырған шындығын” тудырды. Қиялды қорғаушылар айтады: очерк-үлкен әдебиет, көркем-публицистикалық жанр, оған көркем шығарманы жазуға қажетті барлық элементтер тән, әрине, ол элементтер ішінде қиял, ойдан шығару да бар. Ал очерктегі қиялға қарсылар оны жоққа шығарғанда, “нақты адреске бағытталған” очеркке арқа сүйейді.

Сонымен мәселенің шешім таппай шиеленесу себебі, көбінесе пікірталасушылар очерктің көптүрлілігін ескермей, оны біртұтас алып қарастыруында болса керек. Өкінішке орай, тек кейбіреулер ғана оның мүмкін, не мүмкін еместігіне жауап берумен шектеле отырып очерктегі қиялдың характерін көрсете алған, ал осыны очерк түрлерін ажырата отырып жүзеге асыруға тырысқандар тіпті бірен-саран ғана. Мәселен, В.Росляков өз көзқарасын былай көрсетеді: “Мен очеркшіге шынайы өмір дерегіне терең бойлауға, деректі бұрмалауға жол бергізбейтін, оның мәнін шығармашылықпен ашып көрсетуге көмектесетін қиялдың болуын қуаттаймын” [6,260]. Зерттеушінің айтуынша бұл “анықтама” – “негізгі принцип” болып табылады, одан әрі бару, яғни, одан әрі қиял характерін анықтау мүмкін емес. Бірақ принципке берілген тұжырым мағынасы дұрыс болса да, әртүрлі түсіндірулерге жол ашады. М.Шошин одан да әрі тереңдетеді. Ол очерктің екі түрін шектей отырып, қиял характері жайында өз көзқарасын білдіреді. Рас, оның пікірі “адрессіз” очерк тұрғысынан қарастырсақ дәлелді де, нақты “адресті” очерк тұрғысынан жеткілікті түрде дәл емес, “нақты адресті” очеркте қанша, қалай ойлауға болады?,- деп жиі сұрайды. Бұл көргенділіктің, әдептіліктің, талғамның және автордың өзінің жеке ісі, мәселесі” [7,319].

Бұл анықтама тым түсініксіз, бұлдыр, өйткені, әр адамның өзіндік әдебі мен талғамы бар. Сондықтан негізгі принципті нақтылау керек. Қателеспеу, үстірт қорытынды шығармау үшін тәжірибеге арқа сүйеу қажет. Яғни, баспасөз, кітап беттерінде жарық көрген нақты адресті очерктерге жүгіну керек. Олардың көбінде кейде қаз-қалпында, ал кейде нақты көркем детальдарымен қаhарманның өткен өмірі суреттеледі. Толығымен өткенді суреттеуге арналған очерктер де кездеседі. Мысалы:



  • Астыңдағы ат кімдікі?

  • Менікі.

  • Сенікі емес, менікі болар!

  • Сенікі болса, сен мініп жүрер едің ғой!

  • Түс аттан!

  • Бұл күнге дейін мені ешкім аттан түсіріп көрген жоқ еді...

  • Мына мен түсірем ендеше!

  • Кім түскенін көрсетейін! – деп, Амангелді жетегіндегі атты сауырға бір салып қоя беріп, орап тұрған жігіттердің бірін олай, бірін бұлай аттан аудырап тастап, ойнап шетке шыға келді [8,438].

F. Мүсірепов бұл очеркте өткенді суреттейді, алайда өз көзімен көрмегендіктен, куәгерлер естеліктеріне сүйенген. Бұл олардың әңгімесіне соқыр сеніммен еріп жазғандық па?

“Себелеге дейін Амангелді Ғазизовпен жақындасып алды. Тапсырған жұмысты бұлжытпай тындырды. Түнде малға тиген ұрыларға мал бермейді. Екі ұрыны ұрып жығып, ұстап та берді. Өзі әнші, өлең айтады. Өзінің өмірін сөйлеп кетсе – ертегідей қызық” 8,439]. Мұнда да Ғ.Мүсірепов өзі көрмеген нәрсесін бейнелей отырып, кейде қажет емес нақтылықтарды алып тастап, ал кей жағдайда, керісінше, әңгімеші ауызға алмаған детальдарды қосып отырады. Бұл ойдан шығарушылық па? Шынында, очерк қисыншылары қиял, ойдан шығарушылық дәл осы өткенді суреттеуде мүмкін дегенді айтады. Алайда, бір қиял мен екінші қиял арасы жер мен көктей. Дерек, оқиғаны ойдан шығару, басқа да куәгер әңгімесін өз сөзімен дәл суреттеуімен оқырманға басқа ғылыми ақпарат көздерінен таныс оқиға көрінісін көркем түрде суреттеу – тіпті басқа.

Мұндағы сын адам ойларын берудегі қиял мүмкіндігін айтады? Ой-құжат емес, адам ол тұста олай ойламаған деп дәлелдеп көрші. Егер дәл солай ойламаса, соған жақын, не дәл сондай мазмұнда ойлауы мүмкін екені тағы бар. Адам ойын сипаттау көп очеркте кездеседі. Бірақ бәрін автор қиялы деуге болмайды. Қаhарман ойын очеркшіге айтуы да әбден мүмкін. Ойдан құрастырушылықты қаhармандар тым көп “ойға беріле берген” жағдайда ғана оңай табуға болады. Кейде қаhарман қысқа уақытта және тым қолайсыз жағдайда өте қажетті (әрине авторға) мәселелер жайында ойға батады.

Ә. Нұршайықовтың мына бір очеркіндегі басты кейіпкердің ойлауы былай берілген: “Дегенмен менің баяндамам жаман болған жоқ, - деп ойлады бөлмеде жалғыз қалған Әбілқасымов. Бұл арада ол өз-өзінен сәл жымиып та алды. Егер баяндама нашар болса, сын мұндай өрістемес еді ғой. Демек, мен олардың жанды жеріне дәл тидім...

Бар абырой болғаны маған бір де дауыс қарсы болған жоқ әйтеуір деді” [9,124]. Шынында бұлардың бәрі қаhарманның емес, автордың ойы болса керек. Мүмкін Әбілқасымов бұл ойларды ойлаған болар, бірақ басқа уақытта болған және жоғарыдағыдай канцелярлық сөздерімен емес. Қаhарман ойын бергенде ойдан шығаруды анықтау қиын. Сондықтан очеркшілер осыған жиі жүгінеді. Кейде адам сол кездері не туралы ойлағанын есте сақтамайды да, автор қаhарманның не туралы ойлауы мүмкіндігін өзі ойлап табады. Бірақ осы “мүмкіндік” жиі адастырады.

Егер очерк қаhармандары сөздеріне жүгінсек, кейбір жағдайда одан ойдан шығарушылық пен қиялды байқаймыз. В.Росляков адам сөзін стенографиялық түрде беру мүмкін еместігін айтып, мұндай тәжірибені ақтайды. Бірақ бұл ойдан құрастыруға, тұтас бір диалогты ойдан шығаруға құқық бере ме?. Біздің очерктеріміздің қаhармандары, яғни, біздің заманымыздың шынайы кейіпкерлері әрқашан өздері айтқандарын айта бермейді, керек жерінде айтпайды, тіпті автор ойластырған ойларды айтады. Бұл түсінікті нәрсе, алайда очеркші үшін қосымша қиындықтар да осында жатыр. Очеркшілер өз кейіпкерлерін романдағы кейіпкерлерден кем шықпауын қадағалау керек сияқты.

Ойдан шығарушылыққа, деректі ойдан құрастырушылыққа қарсы шығатындар қатары қалың. Бұл баспасөздің шынайылық, нақтылық туралы ұстанымына қарама-қайшы. Жанр табиғаты очерк авторларынан үнемі ақпараттың нақты, ондағы деректің тексерілген болуын талап етеді. Неге шынайы адам аттары келтірілетін очерктің осы ұстанымдардан таймауын талап етпеске? Очерк жай ғана публицистикалық жанр деген түсінік оны дерек берудегі нақтылық сақтау жауапкершілігінен босатпайды. Сонымен “нақты адресті” очеркте ойдан шығарушылық кездеседі. Очеркшілер қаhармандардың ойларын, әңгімелесулерін, кейбір деректерді ойдан шығарады. Бұл қиялдың орын алған тұрақты орны емес, бірақ ол дәл осы жерлерде айқын көрініс береді. В.Росляков, Е.Журбина, В.Солоухин секілді сыншылар ондай ойдан шығарушылықты қолдайды. Бірақ “нақты адресті” очерктегі ойдан шығарушылықты қиялдан ажырата отырып, оқырман деректерді тексеруге, қаhармандар мен куәгерлер сөзіне жүгінбей-ақ, оқу үстінде бірден аңғаруға болатын сияқты.

Егер очерктің ірі шеберлері – М.Әуезов, С.Мұқанов, F.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин т.б. шығармашылығына жүгінсек, онда шынайы адамдар жайын да “ол ойлады” формуласы болмағанын көреміз. Шеберлер қаhарман ойы жайында болжам жасамайды, жазушылар адамдардың ішкі әлемін, мінез-құлқын, оның сыртқы кейпі, түрі, сөзі, қол қимылы, әсіресе іс-әрекеті арқылы ашады. Олардың адам ойы жайында жасаған болжамы осындай.

Очеркші жапсырған сөздер мен ойларға қарсы шығушылар ісі әбден дұрыс. Мұндай жапсыру, ойдан шығарушылықтың түбі неге соғарын С.Залыгин дұрыс бағалаған: “Көбінесе автор емес, сонда суреттелген қаhарманды кінәлап жатады. Автор дәріптеймін деп кейіпкерін мақтаншақ, мадақшыл етіп көрсетеді. Қаhарман кейін өзін достары алдында да, жұмыстас қызметкерлері арасында да ыңғайсыз сезінеді” [10,384]. Қаhарманның ыңғайсыз жағдайда қалғаны аз болғандай, жапсырылған ойлар мен сөздер оның образын, мінезін бұрмаламайды, өйткені ол сол адамның аузымен емес, автордың өзіндік тілімен берілген. “Нақты адресті” очерктің мақсаты – үйреншіктіні шынымен өмір сүріп жатқан жекелік тұрғысынан көрсету екендігін ұмытпаған жөн. Сондықтан адамның жекелік (өзіндік) қасиеттеріне ерекше сақтықпен қараған жөн.

Егер ойдан қосылған кескін адамның портретін бұзатын болса, онда неге шығармада кейіпкерге бөтен ойлар мен сөздер қосып, оның характерін бұрмалауға құқық берілуге тиіс? Адамдар бұл жағдайда автордың өз идеяларын жариялауға қолданатын рупорға айналады. “Нақты адресті” очеркте ойдан шығарылған кішкентай (бөлшек) үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін.

Очеркте бір-екі рет сәттілік әкелмеген формулировкасы, түптің-түбінде жарға жығады, ойдан шығарылған бөлшектер өмір шындығынан ажырап, жалған жария болады. Олай болса, нақты адресті очеркке М.Горькийдің ойдан шығарушылық “қиялсыз көркемдік жоқ” деген сөзін қолдануға бола ма? Әрине, әбден болады, себебі очерк – көркем публицистикалық жанр. “Нақты адресті” очеркте қиял болуы мүмкін жайт. Ол аз десеңіз, қиял-бар, бірақ ол адрессіз очеркке қарағанда басқаша көрініс береді. Қиялды сипаттау тәсілдері әртүрлі.

“Адамның қиялындай жүйрік не бар?! Сол мезетте ұлы құрылыстың ертеңгі сәулетті болашағын алып келеді. Сізге жел қанат қиялыңыз ақиықтай шырқап, сіздің көз алдыңызға сол-ақ екен осыдан үш-төрт жыл кейінгі мұржалары көк тіреген неше алуан керемет заводтары, самаладай әдемі үйлері салтанат пен сән түзеген тамаша Теміртау елес береді. Бұл құрылысты салынып жатқан кезінде көріп едіңіз, енді сіз жаңадан орнаған жас қаланы таумен бірге тамашалап кете барасыз” [11,17],- деген үзінді Қ.Сатыбалдиннің “Қазақстан магниткасы” очеркінен алынып отыр. Бұл суреттелген болашақ М.Горький сөзімен айтсақ “үшінші шынайылық”, “шынайы өмір”, бірақ, қиял “нақты адресті” очерктегі қиялдың көрінуінің және кіргізілуінің басқа да анықтамалары бар. Мәселен, Б.Агапов қиялдың көрінуін былай дәлелдейді: “Авторда санды өзгертетін ерік жоқ, оның үзіндіні өзгертуге құқығы жоқ, кейде өзі кейіпкер аттарын өзгерткісі келмейді, оның тіпті қаhарманының көзінің түсін өзгертіп жазуға да құқығы жоқ... Бірақ ол сипаттау элементін таңдауда, оларды қалай орналастыруда, қалай түсіндіруде, қандай идеяны дәлелдеуге пайдалануда толық еркіндікке жолдама алып, кеткен есесін толтыра алады. Бұл жерде ол беллетрист өзінің қаhарманы мен өзінің сюжетін құрауда қандай қожайын болса, сондай еркіндікке ие” [12].

Қарастырылған мысалдар “нақты адресті” очерктегі автордың шығармашылық қиялының бәрін тауыспайды. Кейбіреуге басты тақырыптан – очерктегі қиялдан ауытқығандай, негізінен жай салыстыру жайында, метафора, не көркем сөздің образдық құралдар жайында сөз болып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ метафора да, салыстыру да қиялмен іске аспай ма?! Егер ойдан шығару - қиял мағынасында тек ойдан құрастырылған деректерді, сюжеттерді, әдеби типтерді түсінсек, онда ол тек “адрессіз” очерктерге ғана тән болуын мойындауға тура келеді. Ал егер әдеби қиял ойдан шығару мағынасында автордың шығармашылық қиялы тудыратын барлық нәрсені алсақ, онда ол кез-келген көркем шығармада айқын көрінеді. Бірақ “адрессіз” және “нақты адресті” очерктерде оның саралық айырмашылығы байқалады. Очерктің бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше түрі болуы заңды. Оларда ойдан шығарушылық - қиял характері әртүрлі, сондықтан очерк жанрындағы қиял жайында емес, әр түрдегі ерекшеліктерді анықтауға тырысуды сөз еткен жөн. Автор қиялы, шығармашылық ойдан шығарушылық шығарма идеясында айқын көрінеді. В.Овечкиннің “Екі от” очеркі автордың аудандық партия конференциясында байқаған эпизодынан басталады. Делегаттың біреуі аудандағы іс-жайын талдай келе мынадай мысал келтіреді: “Мен бірде түн ортасында өзен жағасында жағылған екі отты көрдім. Қасында балықшылар жылынып отырды. Ол кез күз болатын – күн суық. Бір от түні бойы алаулады. Отынды жеткілікті жеткізген. Түнде балықшылар кезектесіп, тұрып оттық тастап отырады. Олардың шайы шелекте қайнап жатты, киімдері кепкен. Ал екінші от айналасында балықшылар күжірейе қаумаласып, сөніп бара жатқан от шоғына қолдарын қыздырып отыр. Олар жаураса да, ешкім орманға отын әкелуге барғысы келмейді. Ал орман қол созым жерде. Еріктілер жоқ, ал мәжбүрлейтін ешкім жоқ: бригадир ұйықтап жатыр. Бұл біздің партұйымдағы іс жайын көзге елестетеді” [12,293]. Бұл эпизодтағы – екі отты Овечкин өзінің очеркінің орталық идеясын ашып көрсетуге пайдаланады. Бәріне түсінікті, оқырман сезінетін көрнекі образдан қол үзе отырып, автор екі аудандағы хал-жағдайды екі отқа теңей отырып әңгімелейді. Екі аудан жайында олардың ерекшеліктерін айтып, жәй әңгімелеуге де болар. Бірақ онда очерк идеясы айқын көрінбес еді.

Өкінішке орай, ірі шеберлердің өзінде шығарма тудыру кезінде шығармашылық ойдан шығару, қиялы жетіспеген очерктер кездеседі және бұл ең алдымен очерктің негізгі идеясының образды көрінісінде байқалады. Очеркші көп ретте соны тұжырымдама, мағынаның образды ашылуын іздеуге уақыт кетірмей орталық идеяны очерктің шешуші фразасында қалыптастырады. Әрине, шығарманың басты идеясы әр түрде, соның ішінде публицистік түрде көрінуі мүмкін, бірақ бұл жағдайда да очеркшінің шығармашылық қиялы көшірме, үйреншікті тұжырымдамалармен шектелмей, соны, жарқын фраза іздеуі қажет. “Осылай өмір сүріп, еңбек етуде немесе осылай еңбек даңқын өсіруде ”және ағы басқа сөздерді қай жерден де кездестіруге болады. Бұл-стандарт. Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін, бірнеше мысал келтірейік:

Белгілі очеркист Ә.Нұршайықов “Панфиловшылар” очеркінде мынадай фразалар бар: “Міне, мен тағы да жолға шықтым. Тағы да журналистік қызметіме кірістім.

Үйде жазушы болғанмен, түзде журналист болу менің өзгеше міндетім іспетті. Сапарда келе жатып, журналистік жолым есіме түсті”[ 13,133]. Немесе Қапан Сатыбалдиннің туындысындағы мына үзіндіде: “Міне, біз қиын күнде, майдан даласында қанды шайқастарға осы сезіммен кіріп, жауға осы сезіммен атой салған едік”[ 11, 265],-дейді.

“Кезекші” фразалардың соңында очерктің негізгі идеясын беретін басқа түрлері де бар. Мәселен “иә” формуласы.

“Иә, Советтер одағынанмын, - дедім” (Ғ.Мүсірепов. “Аспанда болған жекпе-жек” очеркінен)

“ - Иә, орыс емес, қазақпын (сонда)

“ - Иә, - дейді “аташкасы”, - растағандай”

“ - Иә, қиын-қиын сұрақтар да береді. Бұлардың заманы біздің жас кезімізден көп ілгері кетті ғой [8,273-276].

Бұл тұжырымдамалардың стереотиптілігі (көшірмелілігі) көзге ұрып тұр және бұндай “қорытынды” фразалардың үйлесімсіздігі байқалады.

Авторға осы жерде ол өзінің шығармасының негізгі идеясын публицистік тұрғыдан түсіндіріп тұрғандай көрінгенмен, бұл фраза – артық екенін айту керек.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі


  1. Полевой.Б. О работе над очерком. М.: Молодая гвардия. 1952. №6. с.307.

  2. Симонов.К. Жизнь и вымысел. // Литературная газета. 1931, №4.

  3. Ставский В. Об очерке и очеркистах. // На литертурном посту. 1931, №4.

  4. Кригер Е. Надежный спутник писателя. // Знамя. 1953, №2.

  5. Максимов В. Полноправность жанра // Альманах “Год тридцат восьмой”, вып. 19, Ленинград-Москва. 1955, с.306.

  6. Росляков В. Советский послевоенный очерк. М.: Мысль, 1956, с.257.

  7. Шошин М. Замечания молодым. // Альманах “Год тридцат восьмой”, вып. 19, Ленинград-Москва. 1955, с.319.

  8. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы. Үш томдық. Екінші том. Алматы. Жазушы, 1980.

  9. Нұршайықов Ә. Коммунист туралы сөз. Алматы. Жазушы, 1982.

  10. Залыгин С. Размышления очеркиста. // Альманах “Год тридцат восьмой”, вып. 19, Ленинград-Москва. 1955, с.317.

  11. Сатыбалдин.Қ. Таңдамалы шығармалар. 4 том. Алматы. Жазушы, 1975.

  12. Альманах “Год тридцат восьмой”, вып. 19, Ленинград-Москва. 1955, 298 с.

  13. Нұршайықов.Ә. “Мен - журналистпін”. Алматы. Жазушы, 1978.

В статье М.Б.Шиндалиевой «Вопросы «вымысла» в очерке» рассмотриваются проблемы художественного «вымысла» в очерке. Разделяя очерки на «адресные» и «безадресные», при наличии «выдуманных» сведений, сюжетов, литературных типов очерк признается безадресным. Признавая, что воображение есть плод творчества автора, автор статьи показывает пути отбора фактов из реальной жизни, их оценки, подчинении их общему смыслу и идее посредством конкретных примеров.


Shindalieva M.B. «The Problems of «fiction» in the Essay». The author considers the problems of artistic fiction in the essay. Dividing essays into «address» and «without address, in the presence of «invented» data, plot and literary types the essay is considered to be «without address». Recognizing imagination to be the result of the author’s creation, the author of the article shows the ways of selecting facts from real life, their evaluation and subjecting them to the general sense and idea by means of concrete examples.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

доценті, филология ғылымдарының кандидаты Меңдігүл

Шындалиеваның «Очерктегі шындық пен ойдан шығару» атты мақаласы туралы

ПІКІР

“Очерктегі шындық пен ойдан шығару” атты мақалада автор көптеген ғалымдардың очерк жанрындағы көркемдік қиял, ойдан шығару, болжам-жорамал, әсірелеу заңдылықтары жайындағы кейбір ойларын еске сала отырып, қиялсыз көркемдік мүмкін емес екендігін, шынайы өнер әсірелеу құқығына ие деп қорытындылайды. Поэтикалық әсірелеу мен көркемдік қиял негізіне қоғам дамуы заңдылықтарын терең сезіну, білу және осы теорияны меңгеру барысында шынайы очерктер өмірге келеді деп түйіндейді.

Расында да, қай жерде шығармашылық қиял өмір шындығын тереңдетіп, аша алатындығын, ал қай жерде шектен шықса, очеркші өзі де аңғармай өмір шындығын бұрмалай бастайтындығын және ол үшін біз белгілеуге тиіс критерийді қалай анықтауға болатынын топшылайды.


Очерктегі шындық пен ойдан шығару (қиял) проблемасы басқа мәселелермен: типтеу тәсілдерімен, жанр түрлерін топтау, очерктегі көркемдік компоненттердің қолданылуымен де тығыз байланысты екенін мақала авторы жіті аңғарған. Бұл ғылыми мақаланың ғылыми аппараты толық, тақырыбы жан-жақты ашылған, ғылыми басылымда жариялауға әбден болады деп ойлаймыз.

Академик Р.Нұрғали


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет