Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009


Қазақстандағы индустрияландыру саясаты



Pdf көрінісі
бет55/74
Дата09.03.2024
өлшемі1.99 Mb.
#494755
түріЛекция
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   74
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты 
жəне оның қайшылықтары
Партияның 1925 жылы (18—31 желтоқсан) өткен ХІV съезі елді 
соцалистік индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін 
қойды. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны 
жағынан ірі машиналы өнеркəсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны 
бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды 


238
239
қамтамасыз ететіндей дəрежеде дамытуға бағытталды. Кеңестер 
одағының экономикалық тəуелсіздігі мен қорғаныс қабілетін 
қамтамасыз ету үшін алдыңғы қатарлы капиталистік елдерді ин-
дустриялды даму жағынан барынша қысқа тарихи мерзімде қуып 
жетіп, елді индустриялды державаға айналдыру міндетін қойды. 
Партия мұндай міндетті орындау үшін елдің бүкіл материалдық 
жəне өндіргіш күшін толығымен осы мақсатқа бейімдеу қажет деп 
шешті.
Алайда социалистік индустрияландырудың капиталистік ин-
дустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер 
өздерінің индустриялды дамуын, əдетте, пайда тез түсетін жеңіл 
өнеркəсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тəн бо-
лып келетін кəсіпорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын 
қаржының (капиталдың) айналымдылығы əуелгі кезде жеңіл 
өнеркəсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң 
ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркəсіпке ауысуына бай-
ланысты ауыр индустрия салаларын дамытуға мүмкіндік туады.
Кеңестік тарихнамаға партияның 15- съезі елді индустриялан-
дыру съезі болып енді. Көптеген кеңестік кезеңдегі зерттеулерде 
лениндік индустрияландыру саясаты республикалардың ұлттық 
ерекшеліктерін қатаң ескерді деген пікір басым болды. Алайда 
большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді 
индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, 
оның ішінде, əсіресе, Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды. 
Жалпы Қазақстанда индустрияландыру саясатының бағыты 
қандай болу керек деген мəселе сол кездің өзінде өте үлкен пікір-
таластар туғызды. Бір топ өлкедегі кеңес жəне партия қызметкерлері
көшпелі халық бірден социализмге өте алмайды деп есептеді, 
яғни қазақтың көшпелі өмір салты ұлттық ерекшелік болып та-
былады, олай болса елді индустрияландыру бағыты оның осы 
ұлттық ерекшелігін жояды деп есептеді. Мұндай пікірдегі партия 
мүшелерін большевиктер негізгі партиялық жолдан ауытқушылар, 
яғни “уклонистер” деп айыптады.
Келесі бір топтың өкілі С. Садуақасов өнеркəсіптің дамуы қазақ 
халқын ауыл шаруашылығынан алыстатып, қазақтардың дəстүрлі 
мал шаруашылығының құлдырауына əкеледі деп есептеді. Бірақ, 
ол мүлде индустрияландыру саясатына қарсы болды деуге болмай-
ды. Оның пікірі бойынша Қазақстанның өндірістік бағытта алға 
жылжуы үшін республикада индустриялық өнеркəсіптерді көптеп 
салып, оны ары қарай дамыту қажет. С. Садуақасов шикізат қоры 
көздеріне өнеркəсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол өлкеден 
шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан
дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық 
қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға 
қарсы болды. 
Қазақстанға өнеркəсіпті күштеп ендіру мүмкін емес, ол қазақ 
қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есепте-
гендер болды. Олардың пікірінше артта қалған көшпелі халық
индустрияландырудың өте жоғарғы қарқынына ілесе алмайды. Со-
нымен қатар өндіріс орындарына жергілікті ұлт өкілдерін көптеп 
тарту, яғни жергіліктендіру (коренизация) саясаты өндірісті өте-
мөте қымбаттатады, қазақтар жұмыс істей алмайды, олар бəрібір 
даланы аңсайды деген көзқарас та болды. Мұндай пікір айтушы топ-
ты большевиктер “ұлыдержавалық шовинистер” деп айыптады.
Осылайша большевиктер социалистік индустрияландыру сая-
сатының бағыттары жөнінде пікір айтушыларға əртүрлі айдар 
тақты. Ал өздері белгілеген елді “социалистік индустрияландыру” 
бағытын ешбір қатесі жоқ, толық аяқталған саясат деп қарастырды. 
Большевиктер белгілеген индустрияландыру саясатында Қазақстан 
Одақтың шикізаттық бөлшегіне айналуы керек болды. Орталық 
ұсынған бұл көзқарасты осы кезде өлкенің партия ұйымының 
басшылығына тағайындалған Ф. Голощекин де қолдады. Республи-
ка өмірімен мүлде таныс емес Ф. Голощекин өлкенің шаруашылық 
жүйесіндегі ерекшелікті мойындамады.
Қазақстанда индустрияландыру саясатын жүзеге асыру барысы 
елдің орталық аудандарымен салыстырғанда өте күрделі жағдайда 
жүргізілді. Біріншіден, өлкенің əлеуметтік-экономикалық дамуы 
Рессейдің орталық аудандарымен салыстырғанда артта қалған 
еді. Екіншіден, өлкеде соғыстан қираған шаруашылықтарды қайта 
қалпына келтіру шаралары созылып кетті. Яғни, ол уақыт жағынан
бірінші бесжылдықпен сəйкес келді. 
Осындай жағдайларға қарамай большевиктер Қазақстанды 
бүкілодақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында 
жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең 
алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. Инду-
стриаландыру жылдарында Қарағанды-Балқаш, Гурьев-Доссор, 
Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жол-
дары салынды. Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі 
түрлі-түсті металлургия, көмір жəне мұнай өндіріс орындары мен 


240
241
теміржол саласын одан əрі өркендету міндеттерін қойды. Осыған 
байланысты жаңа өндіріс орындарын салу жəне жұмыс істеп 
тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933—34 жылдары 
566,6 млн сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрия-
ны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, 
Шымкент қорғасын жəне Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе 
химия комбинаты болды. 
Екінші бесжылдық кезінде республикада Қарағанды көмір 
бассейні мен Балқаш мыс қорыту комбинатын салу жоспарлан-
ды. Республиканың сол кездегі экономикалық ресурстары мұндай 
күрделі құрылыстарды салуға мүмкіндік бермейтін еді. Алайда со-
ған қарамастан Кеңес үкіметі бұл құрылыстарды тез аяқтау міндетін 
қойды. Қарағанды көмір өндіріс орындарын да тез қарқынмен да-
мыту қажет болды. Себебі түрлі-түсті метал өндіру саласын тез да-
мыту барысы елде көмір өнімдеріне деген сұранысты ұлғайтты. Ал 
сол кездегі елдегі көмір өндіріс орындары сұранысты қамтамасыз 
ете алмады. Осыған байланысты большевиктер төтенше жағдайда 
Қарағанды көмір өндірісінің бар мүмкіндіктерін жұмылдыруға ты-
рысты.
Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл 
жəне Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-
мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында 
Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар
Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түрлі-түсті металдар-
ды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент 
зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін 
берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған 
мыстың 51 процентін берді. Осының бəрі Қазақстанды түрлі-түсті 
металдар шығарудан одақ көлемінде 2 орынға шығарды.
Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 
жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай 
өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3 орынға шықты. Ембі мұнай 
орны игерілді. Сағыз жəне Құлсары мұнай орындары ашылды. 
Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада 
Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске 
қосылды. 1928—1940 жж. темір жолдардың өсуі 50 процентке ар-
тып, оның ұзындығы 6581 км-ге жетті.
Қазақстан 20-жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа 
мерзімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Большевиктер 
өлкені индустрияландыруды өте жоғарғы қарқынмен жүргізді. Мы-
салы: Одақ көлемінде мұнай өндіру 1926—1940 жж. 3 есе көбейсе,
Қазақстанда — 5,9 есе көбейді; көмір өндіру Одақ бойынша 5,7 
есе артса, Қазақстанда ол 77,4 есеге артқан; электр қуатын өндіру 
Одақ көлемінде 23,7 есе артса, Қазақстанда — 486 есе артқан, яғни 
одақтық көлемнен 20 еседен артық болған; темір жолдар салу Одақ 
бойынша 1,4 есеге, ал Қазақстанда — 3,1 есеге артқан. 
Қазақстанда индустрияландырудың өте кең көлемде жəне 
жоғарғы қарқында жүзеге асырылуы инженер-техникалық ма-
ман кадрларды қажет етті. Əсіресе, 1933—1934 жылдары өндіріс 
орындары мен ауыл шаруашылығы жаңа құрал-саймандармен, 
машиналармен қамтамасыз етілді. Оларды игеру үшін маман кад-
рлар қажет болды. Бұл мəселені шешу үшін қысқа мерзімді кур-
стар, фабрика-зауыт мектептері, техникалық минимум үйірмелері 
ашылды. Өнеркəсіп орындары шоғырланған қалаларда орта 
мамандандырылған оқу орындары ашылды. Жоғары дəрежедегі 
маман кадрларды даярлау үшін республикада Қазақ мемлекеттік 
университеті, Тау-металлургия институты сияқты алғашқы жоғары 
оқу орындары ашылды. 1933—1937 жылдары жоғары оқу орында-
ры мен техникумдар 13 мың маман кадрларды даярлады. Соны-
мен қатар республиканың өндіріс орындары үшін маман кадрлар-
ды Рессейдің орталық аудандарындағы жоғары оқу орындарында 
даярлады. Алайда айта кететін бір жəй, Кеңес үкіметі өте күрделі 
инженер-техникалық маман кадрлар даярлайтын жоғары оқу орын-
дарын республикада ашпады. Бұл мəселеде республика орталыққа 
тəуелді болды. 
Қазақстанда өндірілген шикізаттарды өңдейтін өндіріс орын-
дары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркəсіп 
өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның 
жетекші салалары: станок жасау, автомобиль шығару, трактор, ауыл 
шаруашылығы машиналарын жасау мүлде қамтылмады. Республи-
каны индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды. 
Осындай сипатта жүргізілген өлкені индустрияландыру 
саясатының қазақ халқы үшін салдары да болды. Біріншіден, 
өлкенің экономикалық дəстүрі толық өзгерді, өнеркəсіп саласының 
өркендетілуі ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарағанда өнеркəсіп 
өнімдері үлесінің көбеюіне əкелді. Екіншіден, қала халқы 
санының артуына, қалалардың урбанизациялануы мен күшеюіне 
əкелді. Қала халқының жартысы дерлік (47,5 %) 50 мыңнан астам 
халқы бар қалаларда жинақталды. 1928—1939 жж. Қазақстан 
қалалары тұрғындарының санының көші-қонымның нəтижесін-


242
243
дегі механикалық өсуі 1,8 млн адамнан асты. Үшіншіден, көші-
қонымның нəтижесінде демографиялық өзгерістер болды, яғни 
Қазақстан көп ұлтты республикаға айналды. Большевиктер өлкеге 
жұмысқа басқа ұлттардың алдыңғы қатарлы өкілдерін əкелді 
деуге болмайды. Себебі, кеңес үкіметі əртүрлі қылмысы үшін 
сотталып, түрмеде отырғандардың еңбегін арзан жұмыс күші 
ретінде пайдаланды. Сонымен қатар индустрияландыру саяса-
ты республикада жергілікті ұлт өкілдерінің санының азаюына да 
əсер етті. Төртіншіден, индустрияландыру саясаты нəтижесінде 
өлкедегі ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісті. Оның себебі, 
Орталықтан əкелінген еуропалық ұлт өкілдерінен шыққан пар-
тия, кеңес қызметкерлері мен жұмысшылар қазақ қызметкерлері 
мен жұмысшыларына менмендікпен жоғарыдан қарады. Мұндай 
көзқарас туралы фактілерді құжаттардан көруге болады. Больше-
виктер, сонымен қатар ірі өндіріс орындарының басшылығына 
жергілікті ұлт өкілдерін жібермеуге тырысты. Орталық үкіметтің 
нұсқауын бұлжытпай орындайтын адамдарды орталықтан жіберіп 
отырды.
Қорыта айтқанда, большевиктер индустрияландыру саясатын 
жүзеге асыру нəтижесінде өлкенің экономикалық даму үрдісіне 
толық өзгеріс əкелді. Бұрынғы кезеңде жетекші орында болған ауыл 
шаруашылығы, əсіресе, көшпелі мал шаруашылығы жəне оның 
өнімдері əрі қарай дамытылмай, дағдарысқа ұшырады. Оның себебі, 
большевиктік саяси басқару жүйесі өлкенің экономикалық даму-
ының бағытын өзгертті, яғни халық шаруашылығының жетекші 
саласы етіп өнеркəсіп өндірісін белгіледі жəне оның қарқынын 
жеделдетті. Кеңес үкіметі экономикалық дамудың объективті 
заңдылықтарын мүлде жоққа шығарды. Халық шаруашылығының 
барлық саласы əкімшіл-əміршіл большевиктік басқару əдісіне
бағынышты болды. Өлкенің бұл кездегі өнеркəсіп өндірісінің да-
муы шын мəніндегі индустриялық даму жолымен жүргізілмеді. 
Кеңес өкіметі республиканы тек шикізат көзі етіп пайдаланды. 
Сөйтіп, большевиктер патшалық Ресейдің өлкені экономикалық 
тұрғыдан отарлау саясатын одан əрі жалғастырды. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   74




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет