АРДАГЕР
Ұлы Отан соғысының ардагері, торқалы тоқсан жастың төріне қадам басқан Сәрсенбай Бақтыбаев көп сөзге жоқ, өзі жайлы айтуға сараңдау жан болып шықты. Соғыс туралы, Ұлы Жеңіске өзінің қатысы туралы тіпті сараң сөйлейді. Майдан қыл суырғандай суыртпақтап отырмыз. Сәрсенбай ағаның да балалық, жастық шағы аласапыран жылдарға дөп келіпті. Елді жайлаған аштық, күнкөрістің қамы бозбаланы буыны бекімей жатып, қара жұмысқа жекті. Жасы келген әкесі Сүйкен мен анасы Аршаны бағып-қағу, отбасының өзге де тірлігі жас Сәрсенбайдың мойнына түсті. Қалада туып, жастайынан базар көріп өскенімен ыңғайлы жұмыс табу деген оңай шаруа емес-ті. Бойы келіскен бозбаланы сол кездері асау Сырдарияның бойын бойлай өскен ну орманнан отын дайындайтын Амудария кеме зауытына қарасты шағын мекеме өздеріне жұмысшы етіп қабылдады. Елсіз құм аймағында, шөлді жерде өсетін сексеуілден отын, батпақты, сор өлкеден жиде-жыңғыл кесіп дайындау, оны арбамен дария бойындағы арнайы порттарға тасып, кемеге тиеу, тиісті орынға жөнелту жұмыстары оған жалданған жұмысшылардың үзіліссіз әрі мезгілсіз жұмыс істеуін талап ететін. Еңбеккүн есептелетін, әрине, қазіргі ұғыммен қарасаңыз, болар-болмас тиын-тебен ғана. Алайда, отбасының анау-мынау қажеттілігіне жетіп жататын. Әлі есінде, алғашқы еңбекақысын әкелгенінде анасы Арша балаша қуанып, өзі ауырып жүрсе де жақын жердегі дүкенге жүгіріп кеткен-ді. Сол күні “баламның алғашқы табысы” деп көрші-көлемге жеті күлше пісіріп таратқаны, шағын дастарқан жасап, екі-үш үй әріректе тұратын үлкен кісіні шақырып, баласына батасын алдырғаны бар. Сәрсенбай сонда “өзі де болар-болмас ақшаны босқа шашқаны қалай, үнемдесе қайтеді?” деп ойлаған. Кейін ой жібере қараса, анасының бұнысы бауыр еті баласының азамат қатарына қосылып, еңбекпұл тапқанына, әке-шешесіне өзінің адал еңбегіне келген нанын жегізгеніне шүкіршілік еткені, осы сәттің жалғаса береріне сенгені екен. Қайран ана, баласының алдында аумалы-төкпелі сындарлы кезеңнің күтіп тұрғанын қайдан білсін.
Батыстан соғыс өрті лап ете қалғанда Сәрсенбай 17 жасқа енді қадам басқан бозбала тұғын-ды. Ағаш кесіп, отын дайындауға, оны кемеге тиеп жөнелтуге әбден машықтанып алған-ды. Ел қорғауға баруды, туған жерді, Отанды басқыншы жаудан азат етуге атсалысуды өзінің борышы санаған ол әскери комиссариаттың шақыртуын асыға күтті. Ол күн де келіп жетті. 1942 жылдың тамызында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, өз тұстастарымен бірге Мәскеу қаласынан бір-ақ шықты. Сыр бойынан бірге шыққан отыздан астам жігіт үш ай бойы соғыс қимылдарына жаттықты, соғыс қаруын ұстап, пайдалану, оқтан қорғану, нысананы дәл көздеу секілді әрекеттерді меңгерді. Сол жылдың желтоқсан айының қақаған суығында 33-ші дивизиясы 77-ші гвардиясының құрамында еліміздің Батыс майданына бет алды. Алыстан көздейтін минометшілердің қатарында бөлім жетекшісі ретінде соғысқа енген Сәрсенбай Бақтыбаевтың от пен оқтың арасындағы жан алып, жан беріскен күндері Великие Луки майданында бастау алды.
– Соғыстың аты соғыс, онда аяушылық деген атымен жоқ,– дейді сол күндерді еске алған ардагер.– Басқыншылардың бас көтеруіне мүмкіндік бермеуіміз керек. Майдан даласының “әншісіне” айналған “Катюша” менің айнымас серігіме айналған. Одан әрі рухтанып, “Отан үшін, ел үшін” деп жауып жатқан оққа қарамай, алға ұмтыламыз.
Иә, жаны таза, жүрегі пәк, туған жерді басқыншы жаудан қорғауды, оларды өз ұясында талқандауды мақсат еткен кеңес жауынгерлерінің қимылы ширақ еді. Олар өздерінің іс-әрекеттерінің әділетті екеніне сенді. Өйткені, соғысты бастаған өзге емес Германия, оның басшысы Адольф Гитлер болатын. Бейбіт жатқан елдің шекарасын бұзып өтіп, бейбіт елге оқ атқан да солар еді. Демек, кеңес әскерінің жан алысып, жан беріскен сәттері, соғыс өрті шарпыған аймақтардағы әскери қатал тәртіпті ұстануы соғыс заңына сай болатын. Әркім өз Отанын, кіндік қаны тамған жерін басқыншы жаудан қорғауы керек емес пе?! Он бес одақтас республиканың ортақ Отаны ол Кеңестер Одағы, содан да болар кеңес жауынгерлері әр село, әр елдің тоқымдай жері үшін жан алысып, жан беріскен. Отан үшін от кешкен Сәрсенбай Бақтыбаев өз майдандастарымен бірге Украинаның Смоленск қаласын, Белоруссияның Минск қалаларын жаудан азат етуге атсалысты.
Минск қаласын азат етуге бара жатқан сәттері Сәрсенбайдың әлі есінде. Белоруссияның астанасында немістің бір двизиясы қалып қойыпты. Оларды көп шығынсыз жаулап алу жоспары жасалды. Дивизия штабының алдын ала жасаған жоспары бойынша бұлардың полкі түн қараңғысында барып, қалаға жақын аймаққа бекінді. Азанда екі-үш танкісін алға салып, жаудың жаяу әскері Мәскеу-Минск тас жолының бойымен жолға шықты. Алаңсыз келе жатқан жау әскері өздеріне жақындай бергенде Сәрсенбай берілген бұйрық бойынша “Катюшаны” ойнатып қоя берді. Зеңбіректен үстін үсті атылған он алты оқ жауды есеңгіретіп-ақ тастады. Онсыз да майдан даласында кеңес әскерлерінің тұтқиылдан болатын шабуылдарынан зәрәзап болып, өз ұясына қарай шегініп бара жатқан жау әскері тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Көп өтпей-ақ қолдарына ақ жалау көтеріп, қаруларын тастап, берілді. Сәрсенбай Бақтыбаев осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін “Қызыл Жұлдыз” орденімен наградталды.
Грозный қаласы маңындағы кескілескен ұрыс қимылдары да жадында. “Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді” деген рас, әсілі. Ерсілі-қарсылы атылған снарядтар, қардай бораған оқ, қазылған траншеялар бойымен жүгіріп жүріп, кездескен жаумен қолма қол айқас – бәрі де бастан өтті. Жау оғы тиіп құлаған жаныңдағы жауынгердің жарасын таңуға уақыт жоқ, тек оны қауіпсіз жерге жеткізуге күш саласың, ал жарасын санитаркалар таңады. Егер қасыңдағы жауынгер оққа ұшса көзін жауып кетуге ғана мұршаң бар, өйткені, өзіңнің де оққа ұшуың ғажап емес. Жан алысып, жан беріскен алмағайып заманда көз жұмған майдандасыңды ұрыс даласынан соғыс өрті саябырсыған сәтте іздейсің. Арулап көму қайда, бет сипап қай ұлт болса да бауырластар зиратына жерлейсің де алға озасың. Соғыстың аты соғыс, кейін қарайлауға мұрша жоқ. 1944 жылдың қыркүйек айында Польшаны азат ету барысында жақын маңға түскен жау снарядынан жарақат алып, есін госпитальда жинады. Операцияға түсті, тоғыз ай бойы госпитальдан госпитальға ауысып жүріп, емделді. Жеңіс күнін емдеу палатасында қарсы алды. Үш жыл бойы майданда көрсеткен ерлігі үшін “І дәрежелі Отан соғысы” орденімен, Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың арнайы медалімен наградталды.
Ұлы Жеңістен кейін де кеңес әскерлері бірден елге қайта қойған жоқ. Соғыс өрті шарпыған аймақтардағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене атсалысты. Енді бірқатары Жапон соғысына қатысты. Мәселен, Сәрсенбай Бақтыбаев Уфа қаласында жасақталған ІІ атқыштар полкінің құрамымен Польшаға қайта жіберілді. Шамасы, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестік жолға түскен бауырлас елдің бүлінген, қираған қалаларын қалпына келтіруге жіберген болар. Алайда, бұлар мінген эшелон жары жолдан кері қайтарылды. Уфа қаласына қайта келіп, МАЙ қызметкері болды. Елге 1946 жылы оралды.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ел еңсесін езе қоймады. Төрт жылға созылған ауыр соғыстың Жеңіспен аяқталуы көптің көңілін көтеріп, оларды жаңа істерге құлшындырды. Сәрсенбай аға да жұмыс таңдап жатпады. Соғыстан әбден тұралаған ел экономикасын көтеруге атсалысу мақсатында облыстық өндірістік комбинатында ағаш кесетін станокта уақытпен санаспай еңбек етті. Абыройсыз да болмады. Алайда, соғыстан алған жарақаты сыр беріп, оның үстіне сауаты бар Сәрсенбай ауылшаруашылық техникаларына түрлі детальдар босататын қойма жұмысын қолға алды. Қойма меңгерушісі деген аты болмаса барлық жұмысы өз қолынан өтетін-ді. Араға жылдар салып, облыстық байланыс торабына жұмысқа ауысты. Ұзақ жылдар бойы байланыс саласының ыстығы мен суығына шыдай жүріп, талай белестен өтті. 1984 жылы зейнеткерлікке шықты. Омырауында өзге наградалармен қоса “Лениннің 100 жылдығы”, Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы және “Астана қаласына – 10 жыл” мерекелік медальдары жарқырайды.
Жылдар жаңғырған сайын Кеңес Одағының, оның әскерлерінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік істері айбарланып, айбаттанып келеді. Қазіргі ұрпақ көзімен қарасаңыз, төрт жылға созылған соғыс, ондағы аталар ерлігі ертегі секілді. Әр жылғы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Үкімет омырауына мерекелік медаль тақса, мектеп оқушылары, жастар кездесу кештеріне шақырып, әңгіме айтқызады. Сәрсенбай аға үшін соғыс жылдарын, майдан даласында көз жұмған қаруластарын еске алудан ауыр ештеңе жоқ. Бүгінгі және болашақ ұрпақтың ондай зұлматты бастарынан өткермеуін жан жүрегімен тілейді. Тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақ елінің аспаны ашық, адамдарының жүздері жарқын болуын, туған жерде молшылық пен бейбітшіліктің мәңгі орнауын тілейді. Алпыс төрт жылдан бері бірге өмір сүріп келе жатқан Ерік әжей екеуінің арманы ортақ. Ұрпақтарының бақытты ғұмыр кешкені – олар үшін сарқылмас бақыт.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Достарыңызбен бөлісу: |