2.2 Қайта өркендеу дәуірі тіл білімі. Еуропа тарихы тұрғысынан алғанда, қайта өркендеу дәуірі ХІҮ-ХҮІ ғасырлар арасын қамтиды. Бұл - қоғам дамуында орта ғасырдың аяқталып, жаңа тарихтың, буржуазиялық қоғамның басталған кезі. ХІҮ ғасырдан бастап, алдымен Италияда қалыптасқан "Қайта өркендеу" деген термин феодалдық қатынастың орнына келген капиталистік қоғамдағы буржуазия мәдениетімен тығыз байланысты. Өйткені қайта өркендеу дәуірі - озық ойдың еркін дамуына мейілінше кедергі жасаған, догмалық ережелерге сүйенген орта ғасырлық керітартпа дәстүрден, мешеу мәдениеттен шынайылықты, гуманизмді уағыздайтын жаңа дәуір мәдениетіне өту. Бұл дәуірде орта ғасырда діннің қуғынына ұшырап, елеусіз қалған көне мәдени мұраларға ерекше көңіл бөлу, оларды қайта көркейту, өрлету ұраны көтерілді. Сірә, жаңа дәуірдің "Қайта өркендеу" деп аталуы да осыдан болса керек.
Қайта өркендеу дәуірі бүкіл қоғам өмірінің басқа да салалары сияқты тіл ғылымы үшін де жаңа, даму дәуірі болған. Бұл дәуірдің лингвистикалық проблемасы: а) ұлттық тілдердің қалыптасып, дамуы; ә) бұрын белгісіз, жаңадан ашылған тілдерді үйрену, зерттеу; б) ежелгі дәуірдің лингвистикалық ой-пікірін көркейтіп, қайта дамыту.
Жаңа жерлердің, елдердің ашылуы, сауданың дамуы, отаршылық жорық - Еуропа тіл ғылымының дамуына қолайлы жағдай туғызды, бұрын белгісіз толып жатқан тілдердің барлығы айқындалды. Отарлау мүддесі ол тілдерді үйрену, зерттеу, түрлі сөздіктер жасау, грамматикалық мәліметтер жинау міндетін алға қойды. Азия, Африка, Америка халықтары тілдерінен жиналған орасан мол материалдарды бір-біріне салыстырып қарау, сол арқылы олардың арасындағы ұқсастық, өзгешеліктерді айқындауға алғашқы қадамдар жасалды. Зерттеудің сипаттама, салыстырма түрлері бой көрсете бастады.
Қайта өркендеу дәуірінде ерекше қолға алынған тағы бір мәселе - орта ғасырда жөнді мән берілмеген ежелгі грек, рим жазба нұсқаларын тауып, жариялау, оларға филологиялық талдаулар жасау болды. Өз дәуірі үшін бұл саладағы күрделі істер қатарында Ж. Скалигердің 1540 жылы шыққан "Латын тілінің негіздері туралы", Р.Стефанустың 1553 жылы шыққан "Латын тілі қазынасы" және "Грек тілі қазынасы", П. де Алкаланың "Араб тілі грамматикасы" (Рейхлиннің "Еврей тілі грамматикасы" 1505 жыл) атты еңбектерді атауға болады. Осылармен қатар ХҮ-ХҮІ ғасырлар ішінде испан, корей, нидерланд, жапон, парсы, армян, венгер, ағылшын, француз, мексикан тілдерінің грамматикалары шығарылды. Сөйтіп, бірінші орынға канондық тілдерді емес, әр халықтың, әр ұлттың өзіндік сөйлеу тілін, ана тілін қоюды, соны зерттеп, соның сырын -ашуды көздеді. Осылардың нәтижесінде ХҮП-ХҮШ ғасырларда жаңа үлгіде жазылған грамматикалық еңбектер әр елде, әр жерде шығып жатты. Олардың кейбіреулері әлі де болса, латын тілі грамматикасы үлгісінен шыға алмаған, тілдік материал ретінде сөйлеу тілі фактілерінен гөрі ескі жазба тіл фактілеріне көбірек сүйенген еңбектер болса да, канондық тіл грамматикасы тіл атаулының барлығына бірдей жарамды бола алмайтынын, әр тілдің өзіндік ерекшеліктері, өзіндік грамматикалық құрылымы болатынын және осы бағытта жүргізілетін зерттеулерге жол ашқан, бастама болған еңбектер еді.
Нормативтік, практикалық грамматикалармен қатар, нормативтік сөздіктер де жарық көре бастайды. Ондай сөздіктер қатарына 1612 жылы Италияда шығарылған "Курск Академиясының сөздігі" деп аталатын түсіндірме сөздікті, 1694 жылы Францияда жарияланған "Француз Академиясының сөздігін", 1726-1739 жылдар ішінде әзірленіп жарияланған "Россия Академиясы сөздігін", түркі тілдерінің әр түрлі мақсатта жасалған бір, екі тілді сөздіктері жатады.
Әр түрлі халықтар тілдерінен жиналған материалдарды бір-біріне салыстыра қарау, бір тілдегі сөздерді екінші тілге аудару да осы кезеңде кең етек алды. П.С.Палластың басқаруымен 1786-1791 жыллдар арасында жасалған, 272 тілден іріктеліп алынған сөздерден құралған "Барлық тілдердің және наречиелердің салыстырма сөздігі" деп аталатын еңбек шығарылды. Бұған түркі тілдерінен, казақ тілінен де біраз сөздер енді. 1784 жылы испандық монах Лоренсо Эрвас-и-Пандуроның "Белгілі тілдердің каталогі және олардың өзара ұқсастығы мен өзгешеліктері туралы ескертпе" деп аталатын еңбегі шықты. Неміс ғалымы И.К.Аделунг мен И.С.Фатердің 500-ге жуық тілдердің таңдамалы сөздерінен құралған төрт томдық сөздігі жарық көрді.
Бұрын белгісіз көптеген тілдер фактілерімен және олардың тарихымен азды-көпті болса да танысу тілдің бір қалыпта қалып қоймайтынын, өзгерістерге ұшырайтынын байқатады. Бұл жағдайда кейінгі дәуірлерде тілді уақыт өткен сайын дамып отыратып тарихи құбылыс деп тануға түрткі болды.
Әр тілдерден жиналған материалдарды салыстыра қарау олардың бір-бірінен өзгешеліктерімен қатар ұқсастығы, ортақ қасиеттері де болатыны байқалды. Бұл - тілдер арасындағы жакындықты, ұқсастықты, универсалдық сипаттарды зерттеугс жол ашты. Оның үстіне бұл дәуірде логика ғылымы да едәуір дамып, логикалық категориялардың жалпы адамзаттық болатыны, оның тілдік категорияларымен байланыстылығы да айқындала түсті. Логикалық категориялар жалпы адамзаттық болған соң, тілдік категориялар да жалпы адамзаттық болу керек дейтін көзқарастар туады. Бұл іске сол дәуірдің атақты философтары да, тіл ғалымдары да қатынасады. Сөйтіп, логикалық категориялардың жалпы адамзаттық, универсалдық сипатын байқаған ғалымдар жалпы тілдерге ортақ, универсалды грамматика жазу талабын күн тәртібіне қояды.
2.3 Универсалды грамматика 1660 жылы жарияланған. Оны француз ғалымдары - логик, философ, профессор Антуан Арно /1612-1694/ мен грамматист, филолог, профессор Клод Лансло /1616-1695/ екеуі бірігіп жазған. Бұлар өз заманында Франциядағы ғылым мен халық ағарту істерінің орталығы болған Пор-Рояль монастырының ғалымдары болғандықтан және сол монастырьдан шыққандықтан, оны "Пор-Рояль грамматикасы" деп те, "Рациональды жалпы грамматика" деп те атайды.
Пор-Рояль грамматикасы ежелгі грек, еврей және француз тілдері материалдары негізінде жазылған. Бірақ ол - салыстырмалы туынды емес, логика-типологиялық грамматика. Оның алға қойған мақсаты - барлық тілдерге ортақ рационалды (логикалық) негізді және олардың арасындағы өзгешеліктерді ашу. Грамматикада екі түрлі принцип басшылыққа алынған: біріншісі - берілген грамматикалық ережелердің жалпы тілдік болуы, екіншісі - ол ережелердің логикаға негізделуі.
Универсалды грамматика екі бөлімнен тұрады: оның бірі -фонетика, екіншісі - грамматика. Алты тарауға бөлінген бірінші бөлімде дыбыс пен әріп, буын, екпін мәселелері, оқуға үйрету әдісі сөз болған, екінші бөлімі жиырма төрт тараудан құралған. Оларда морфология, синтаксис мәселелері талданған.
Пор-Рояль грамматикасы өз дәуірінде Еуропада зор беделге ие болған, көп ұзамай-ақ бірсыпыра тілдерге аударылып, әлденеше рет қайта басылған. Көптеген ғалымдар Пор-Рояль грамматикасын тіл білімі даму тарихындағы, ерекше құбылыс, жаңа сапалы тіл білімінің төл басы, жалпы тіл ғылымының алғашқы жаршысы деп жоғары бағалайды. Пор-Рояль грамматикасы барлық оқу орындарында қолданылатын, жалпы тілдік теорияда мәлімет беретін оқулық деп саналған.
Дегенмен, тіл біліміне қосқан жаңалықтарымен бірге бұл еңбектің бірсыпыра қателіктері де бар. Олардың ең негізгісі -логикалық категория мен тілдік категорияларды бір-бірінен ажыратпай, тең құбылыстар деп қарауы. Авторлар әр тілдің өзіндік грамматикасы деген болмайды, грамматика жалпы тілдік, универсалды болу керек, өйткені грамматикалық категориялар - логикалық категорияның көрсеткіштері, ал логика категориялары жеке ұлттық болмайды, жалпы адамзаттық болады дейді. Бұл тұжырымның қателігі мынада: логика категорияларының жалпы адамзаттық болатыны даусыз, бірақ тіл олай емес, ол жеке ұлттық, халықтық болады. Ойлау процесін, ой категориясын әр тіл өзінше көрсетеді Олай болатыны логикалық категория мен тілдік категориялар арасында елеулі өзгешеліктер болады, бұл екеуі арасына теңдік белгісін қою қате. Тілдік категориялар логикалық категорияларға қарағанда әлдеқайда өрісті, көп салалы. Әрине, тілдердің грамматикаларында ортақ үлгілер, универсалды сипаттар аз емес, бірақ оған қарап, дүниедегі барлық тілдерге ортақ, бәріне бірдей дәрежеде қолдануға болатын грамматика жасауға болмайды да. Тіл білімінің міндеті – барлық тілдерді бір ғана грамматикаға тәуелді ету емес, тілдер арасындағы бірлік пен ұқсастықты айқындау.
3 XIX ғасыр тіл білімі
Тілдердің бір-біріне жақын, өзара туыстас болатындығы туралы пікір салыстырмалы-тарихи тіл білімінен, яғни XIX ғасырдан көп бұрын белгілі болған.
Түркі тілдерінің өзара туыстас, бір негізден тараған тіл екендігін түркі нәсілді Махмуд Қашқари XI ғасырдың өзінде айқындады. Ол түркі тілдерін қыпшақ, оғыз, түркі деп аталатын үш топқа бөліп зерттеді.
1538 жылы Француз гуманисі Гвилсльм Постеллустың "Тілдер туыстастығы туралы" деген еңбегі жарияланады. Автор осы еңбегінде тілдерді туыстық жақындықтарына қарай жіктеуді алғаш ұсынады. Бұдан кейін 1559 жылы Нидерландия ғалымы Иозефус Скалигер "Еуропалықтар тілдері туралы пікір" деген еңбегінде бүкіл еуропалық тілдерді туыстықтарына карай 2 топқа бөледі. Тілдер туыстастығы философтар назарын да аударады. Вильгельм Лейбниц тіл ғылымдарын әлем тілдерін бір-біріне салыстыра зерттеуге үндейді. Өзі тілдерді арамей, яфет тілдері деп екі топқа бөледі де, яфет тілін скиф, кельт тілдері деп тағы екі топқа бөледі. Скиф тобына фин, түркі, моңғол, славян тілдерін, кельт тобына еуропалық тілдерді жатқызады.
ХҮШ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бас кезінен бастап ғалымдар назарын ежелгі үнді тілінде жазылған ескерткіштер мен лингвистикалық зерттеулер аудара бастайды. Үнді тілінде жазылған "Санскрит тілінің грамматикасы" Еуропа тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазуға түрткі және негіз болды. Санскрит тілінің грек, латын және еуропалық тілдерге ұқсастығы әр жерде, әр ғалымдар тарапынан жиі айтыла, жазыла бастайды. 1786 жылы ағылшын ғалымы Уильям Джонстың "Азиялық зерттеулер" деген еңбегі жарияланады. Онда санскрит тілінің грек, латын тілдеріне өте жақын екендігін көрсете келіп, бұл үшеуінің түпкі төркіні бір болуы керек, бұл топқа герман, кельт, иран тілдерін де қосуға болатын сияқты. Асылы, осылардың бәрі өзара туыстас болар деген тұжырымға келеді. Осыған ұқсас жорамалды 1808 жылы шыққан "Үнділердің тілі және даналығы" деген еңбегінде Ф.Шлегель де айтқан. Ол да Джонс сияқты санскрит тілі сөз түбірлері жағынан ғана емес, тіпті грамматикалық құрылысы жағынан да грек, латын тілдеріне өте ұқсас дегенді айтады, тілдерді бір-біріне салыстыра зерттеуді ұсынады.
3.1 Салыстырмалы-тарихи тіл білімі. Еуропалық тіл білімі дамуының жаңа дәуірі тілді дамып, өзгеріп отыратын тарихи
құбылыс деп танудан, тілдер өзара туыстас, төркіндес болады
деп біліп, сол заңдылықтарды ашуға, зерттеуге салыстырмалы-
тарихи әдісті қолданудан басталады. Тіл туралы ғылым
тарихында үлкен бетбұрыс болған бұл жәйт XIX ғасырдың
алғашқы он жылдығында орныға бастайды. Әрине, жаңа әдістің
қалыптасуы - ежелгі заманнан басталатын лингвистикалық ой-
пікір дамуының заңды, табиғи нәтижесі. ХҮШ ғасырдың соңғы
жартысы мен XIX ғасырдың алғашқы жылдарында тіл ғылымының даму қарқыны, бағыты жаңа зерттеу әдісінің қажеттігін айқын көрсетті.
Өткен ғасырдың бас кезінде әр елде салыстырмалы-тарихи әдіс негізінде жазылған бірнеше еңбек жарық көрді. 1816 жылы неміс ғалымы Франц Бопптың санскрит тіліндегі етістіктердің жіктелу жүйесін грек, латын, парсы, герман тілдеріндегі етістіктердің жіктелу жүйесімен салыстыра зерттеген еңбегі шықты. Онда аталған тілдердің туыстастығы дәлелденді. Бопп бұл тілдерден жинаған материалдарын иран, славян, балтық бойы халықтары, армян тілдері фактілерімен толықтыра келіп, 1833-1849 жылдар арасында "Үнді-Еуропа тілдерінің салыстырма грамматикасын" жазды.
Ғалымдардың айтуына қарағанда, Бопптың бұл еңбегіне үнді тіл білімінің әсіресе Панини еңбегінің әсері тиген. Панини сияқты Бопп та, негізгі зерттеу объектісі етіп морфологияны алады да, фонетиканы соған тәуелді жағдайда қарайды, синтаксис саласы тіпті сөз болмайды.
Тіл білімі тарихында Бопп салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізін салушы деп саналады. Ф.Бопп еңбектері салыстырмалы-тарихи тіл білімінің дамуына зор ықпалын тигізді.
3.2 Франц Бопп (1791-1867) Майнц қаласында туған. Гимназияда оқып жүрген кезінде-ақ санскрит, парсы, араб, көне еврей тілдерін оқып үйренген. 1821 жылы Берлин университетіндегі шығыс әдебиеті және жалпы тіл білімінің профессоры, 1829 жылдан академик. Оның ең басты еңбегі -"Санскрит, зенд, армян, грек, латын, литва, көне славян, гот, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикасы". Бұл еңбек үш томнан тұрады: 1833-1852 жылдары бірінші рет, 1856-1861 жылдарда жөнделіп екінші рет, 1868-1870 жылдары үшінші рет басылды.
Салыстырмалы-тарихи әдісті қалыптастырушылардың екіншісі - Дания ғалымы Расмус Раск. Ол өзінің 1818 жылы басылып шыққан "Исланд тілінің шығу тарихы" атты еңбегінде тілдер туыстастығын білдіретін негізгі белгілер не екендігін жан-жақты көрсетеді. Ол - тілдердің сөздік жағынан бір-біріне ұқсастығы тіл туыстастығының кепілі бола алмайды, бір тілден екінші тілге сөз ауыса береді, тіл туыстығының белгісі - олардың грамматикалық жағынан ұқсас болу, өйткені грамматикалық формалар бір тілден екіншісі тілге ауыспайды деген қорытынды шығарды. Тілдер туыстастығының екінші бір кепілі - дыбыстар алмасуындағы заңдылықтар мен негізгі сөздік қордың ұқсастығы дегенді баса айтады. Өзінің осы тұжырымына сүйене отырып, Раск көптеген еуропалық тілдер фактілерін бір-біріне салыстыра зерттейді.
3.3 Расмус Кристиан Раск (1787-1832) Копенгаген университетінде оқыған. 1823 жылдан бастап осы университеттің профессоры. Ол 20-шақты тілді білген, испан, италян, француз, көне ағылшын, швед, т.б. көптеген тілдердің грамматикасын жазған. Расктің тілдер фактілерін салыстырудан туған ең көрнекті еңбегі «Ежелгі солтүстік тілдері және неміс, исланд тілдерінің шығуы туралы зерттеулер" деп аталады. Бұл еңбегінде автор гот (герман) тілдерінің латын, грек тілдерімен туыстастығын дәлелдейді.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің тағы бір көрнекті өкілі - неміс ғалымы Якоб Гримм. Бұл ғалымның төрт томнан тұратын «Неміс грамматикасы» атты еңбегінің бірінші кітабы 1819 жылы басылады. Мұнда автор неміс тілінің қалыптасу, даму жолдарын, оның құрамындағы әр түрлі диалектілерді бір-біріне салыстыру, неміс тілін герман тіліне жататын басқа тілдермен қатар қоя қарау арқылы айқындайды.
Гримм өзінің еңбектерінде тілдің, тілдік элементтердің даму тарихын зерттеуге баса көңіл бөледі. Ол тарихи салыстырудың баспалдақты, хронологиялық жолын енгізіп қалыптастырады. Сөйтіп, тілдегі өзгеріс-құбылыстардың қай-қайсысы да оның бірте-бірте дамуының табиғи нәтижесі екенін дәлелдейді.
Гримм тіл тарихының қоғам тарихымен байланыстылығын, тілдің қоғам тарихын зерттеуде орасан зор роль атқаратынын баса айтты.
Ф.Бопп еңбектері сияқты Гримм еңбектері де салыстырмалы-тарихи тіл білімін зор беделге ие етіп, оның даму бағытына елеулі ықпал жасады. Ф.Энгельс Гриммді герман тілі салыстырмалы грамматикасының негізін салушы деп жоғары бағалады.
3.4 Якоб Гримм (1785-1863) Ганау қаласында туған. Кассель қаласындағы лицейде, кейін Марбург университетінің заң факультетінде оқыған. Бірақ ол филология мен әдебиет маманы болды. Ол Геттинген, кейініректе Берлин университтетерінің профессоры болған. Оның ең негізгі лингвистикалық еңбегі төрт томнан тұратын "Неміс тілі грамматикасы". Мұнда бүкіл герман тілдерін бір-біріне тарихи тұрғыда салыстыра зерттейді. Бұл еңбек салыстырмалы-тарихи тіл білімінің теориялық жағынан да, практикалық жағынан да ілгері дамуына зор әсерін тигізді.
Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің негізін салушылардың жолын ұстанған басқа да ғалымдар болды. Олар салыстырмалы-тарихи әдіспен үнді-еуропа семьясына жататын тілдерді жекелеп те, топтап та зерттей отырып, олардың арасындағы бірлік пен өзгешеліктерін, бір-біріне жакындық дережелерін айқындады
Салыстырмалы-тарихи әдісті қалыптастырушылардың ерекше назар аударған мәселесі - үнді-еуропа семьясына жататын тілдердің шыққан төркінін, ол төркіннің қандай сипатта болғанын айқындау болды. Ол төркін тілді ата тіл-праязык деп атады да, одан тараған тілдер тобын семья деп атады.
Дыбыс тілі жалпы адамзаттық құбылыс болғандықтан, онда бір-біріне ұқсастық болмай қоймайды. Оның себептері көп. Ұқсастық бір тілдің екінші біреуіне тигізген әсерінен, тілдік тұлғалардың, әсіресе сөздердің бір тілден екіншісіне ауысуынан болуы мүмкін. Мысалы, орыс тілінде қолданылатын колпак, алтын, баба, бак, бар, оба деген сөздер бірлі-жарым дыбыстық өзгешеліктер мен көптеген түркі, солардың ішінде қазақ тілінде де кездеседі. Бірақ соңғыларда басқа мағынада жұмсалады. Жоғарыда айтылған кездейсоқ ұқсастық дейтіндеріміз - осылар. Мұндай тіларалық омонимдер олардың туыстастығының көрсеткіші бола алмайды. Сондай-ақ, қазақ тіліне орыс тілінен және орыс тілі арқылы басқа тілдерден ауысқан: база, телефон, радио, демократия, студент, кафедра тәрізді сөздер бар. Бұлар -қазір бір-бірімен ешқандай туыстық жақындықтары жоқ көптеген тілдерде кездесетін ортақ сөздер. Жоғарыда айтылған тілдер қарым-қатынасы арқылы пайда болатын ұқсастық, бірлік дейтіндер, міне, осылар. Бұлар да тілдер туыстастығына кепіл бола алмайды. Тілдер туыстастығының, төркіндестігінің негізгі кепілі - сөз туғызушы, сөз өзгертуші формалардың бірлігі, ұқсастығы және негізгі сөздік қор мен дыбыс заңдарындағы жақындық. Сондықтан тілдер туыстастығын ай-қындау үшін кездейсоқ ұқсастықты алмай, тілдердің фонологиялық, морфологиялық, синтаксистік жүйелеріндегі ұқастықтарды салыстырған жөн. Тілдер туыстастығын тек осылардағы бірлік пен төркіндестік қана аша алады. Бірақ туыстас тілдер фактілерін салыстырғанда олардың бір-бірінен ешқандай жақындығы, бірлігі жоқ фактілерін немесе бір-біріне ешқандай өзгешелігі жоқ фактілерін салыстыруға болмайды. Мысалы, қазақ тіліндегі сөйлем, үтір, нүкте деген сөздердің - мағынасы ұйғыр тілінде жүмлә, пәш, чекит деген сөздермен беріледі. Ал енді, қазақ тіліндегі пай, ат, зиян, қызыл, қызғылт, қымыз, ақ деген сөздер башқұрт тілінде де дәл осы қазақ тіліндегідей дыбыстық құрылымда айтылады.
Салыстыру үшін алынатын материалдар, фактілер тарихи жағынан салыстырып отырған тілдерге ортақ, о баста бір негізден тарағанмен, кейін өзгерістерге ұшырап, бөлектенген болуы керек. Мысалы, қазақ тілінде: тас, тұз, баға, болат, балта, мүйіз, табан, жақсы, жат деген сөздердің, ойрот тілінде: таш, тұз, баға, болат, балта, мүйіз, табан, жат болып айтылуын немесе қазақ тілінде қосымша д,т дыбыстарынан басталып қосылатын: біздер, тілектестік, мендік, атты дегендердің қарақалпақ тілінде; біздер, тілеклестік, менлік, атлы болып, л дыбысымен ауысатындығын алуға болады. Салыстыру арқылы бұл фактілердің бастапқы түрін де, қай тілде қалай және неліктен өзгеріске ұшырағандығын да табуға болады.
3.5 Салыстырмалы-тарихи тіл білімінің кемшілітері: Салыстырмалы-тарихи әдіс тіл туралы ғылымды қалыптастырып, дамытуда зор роль атқарды, лингвистикалық жаңа дәуірдің басы болды. Бірақ соған қарамастан ғылымның кейінгі замандардағы дамуы бұл әдістің бірсыпыра осал жақтарының да барлығын айқындап берді. Біріншіден, ең алдымен, салыстырмалы-тарихи әдісті қолданушылар тілдің өткенін зерттеуге, болған-болмағаны беймәлім, жорамалдан туған ата тіл (праязык) дегенді табуға баса назар аударды. Сөйтіп, тілдің қазіргі күйін, оның жүйелік, құрылымдық сипаттарын айқындауға жете мән бермеді. Екіншіден, бұл әдіс тілдің лексикасын, семантикасы мен синтаксисін зерттеуде айтарлықтай жеміс бере алмады. Үшіншіден, туыстас тілдердің бір-біріне жақын, ұқсас келмейтін фактілері ескерусіз қалды. Анықталып, түпкі төркіні табылды деген тілдік элементтердің көпшілігінің қай тарихи кезеңге жататынын және қай тілде солай болғанын тап басып айту мүмкін болмады. Төртіншіден, бұл әдіс бірнеше тілдер фактілеріне сүйеніп қана қорытынды жасады, тілдердің басым көпшілігі, әсіресе туыстығы белгісіз тілдер зерттеуден шет қалды. Бесіншіден, туыстас тілдер фактілерін салыстыруда ол фактілердің хронологиялық жақтарына жете мән берілмеді, көп жағдайда өзара жалғаспайтын, бір-бірінен алшақ жатқан дәуірлер фактілері салыстырылды. Алтыншыдан, тілдік фактілерді салыстырғанда сол тілдердің иесі болып табылатын қауым тарихына жеткілікті мән берілмеді. Тіл тарихы қоғам тарихына, материалдық мәдениет тарихына жеткілікті шамада ұштастырылмады. Ең ақырында, салыстырмалы-тарихи әдіс тіл біліміндегі бірден-бір әдіс деп есептеліп, оның аты ғылым атына (салыстырмалы-тарихи тіл білімі) айналды. Бұл ол көтере алмайтын жүк еді. Бірақ салыстырмалы-тарихи тіл білімі мен оның зерттеу әдісі - салыстырмалы-тарихи әдіс тепе-тең емес. Салыстырмалы-тарихи тіл білімі - туыстас тілдерді зерттейтін, туыстық жақындықтарына қарай оларды түрлі семьяға, топқа жіктейтін, олардың тарихын, тараған аймақтарын айқындайтын ғылым. Бұл ғылым мен ол қолданатын әдістің проблемалары бір емес. Алдыңғының өрісі әдіске қарағанда әлдеқайда кең.
Тіл білімінің дамуына байланысты туған жаңа талаптарға сай келмейтін осындай оқулықтар зерттеудің жаңа амал-тәсілдеріне көшуге мәжбүр етті. Бірақ бұдан салыстырмалы-тарихи әдіс қолданудан біржола шығып қалған, қажетсіз тәсіл екен деп ойлауға болмайды. Ол - тіл білімінің даму тарихында елеулі роль атқарған, орынды пайдалана білсе, әлі де берері көп, қазір де зерттеудің басты бір тәсілі ретінде қолданылып жүрген әдіс.
3.6 Тіл философиясы. Тіл философиясы тіл білімінен көп бұрын пайда болған. Тіл ғылымы дүниеге келген күнінен бастап философиямен тығыз байланыста келеді. Ол туралы алдыңғы тарауларда айтылды.
Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға XIX ғасырда ғана ие болды. XIX ғасырда Еуропа халықтарының салыстырмалы-тарихи грамматикаларын жазумен қатар тіл философиясының ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына, өзіндік объектісінің айқындалуына көп көңіл бөлінді. Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты - тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін, ойлаумен, адамдардың рухани өмірімен байланысын айқындау болды. Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары - Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь, Вундт сияқты ғалымдар айналысты. Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі Вильгельм Гумбольдт /1767-1835/ болды. Тіл ғылымы тарихында оны салыстырмалы-тарихи тіл білімінің философиялық негізін қалаушы деп санайды. Гумбольдт салыстырмалы-тарихи әдістің тіл зерттеу әдісі болып қалыптасуында үлкен роль атқарды. Осы әдістің принциптері, мәселелері шеңберінен тысқары да көптеген проблемаларды көтеріп, теориялық тұжырымдар жасады. Тілдің табиғаты, мәні, құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен материалдық дүние, тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл білімінің салалары, т.б. Гумбольдт зерттеген проблемалар қатарына жатады. Оның бұл салалардағы тұжырымдары толық та, айқын баяндайтын ең-бектері - "Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы" /1827/, "Ява аралығындағы Кави тілі туралы" /1836/ деп аталатын туындылары.
Гумбольдт бірінші болып, тілдің ішкі құрылымын, оның халықтардың рухани өмірімен, ой-санасымен, мәдениетімен, тарихымен байланыс дәрежесін жан-жақты талдады, өзіндік лингвистикалық, философиялық біртұтас сындарлы жүйе құрды.
Гумбольдт тіл білімінің өзіндік философиялық қоры – тіл философиясы. Тіл философиясының негізгі принциптері - тілді адамдар әрекеті деп тану, оны халықтың ұлттық санасы де есептеу. Гумбольдтың ойынша, тіл - әрекет, ол рухтың жемісі, рухтың әрекеті. Тіл үздіксіз даму үстінде, даму - тілдің өмір сүруінің формасы. Тіл - ойлау әрекетінің шығармашылық синтезі, бірақ сонымен бірге ол - актив форма, ойлау әрекетінің құралы. Тіл мен ойлаудың бірлігі - ажырамас бірлік. "Халық тілі – оның рухы, халық рухы - оның тілі". Тіл жеке адамдардың сөйлеуі арқылы көрінеді, бірақ ол - жеке адамның табысы емес, халықтың табысы, жалпыхалықтық туынды. Гумбольдт тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысты.
Сонымен, XIX ғасырдың алғашқы жартысы - компаративистиканың /лат. салыстыру/ өз алдына дербес ғылым болып қалыптасып, өзінің зерттеу тәсілі мен әдістемесін жетілдірген, объектісін айқындай түскен кезең болды. Бұл кезеңде тіл ғылымының жалпы тілдік мәселесі ретінде тіл философиясы, жеке тілдер жөніндегі тарауы, салыстырмалы грамматика салалары қалыптасып, дами түсті. Тілдік материалдар жинау, тіл білімін теориялық жақтан дамыту да қызу жүріп жатты. Бәрінен де гөрі кеңірек етек алған мәселе - үнді-еуропа тілдерін бір-біріне салыстыра зерттеу, олардың шыққан төркін, ата тілді айқындау болды. Тілді, тілдік элементтерді тарихи тұрғыдан зерттеу ғана ғылыми деп жарияланды.
3.7 Типологиялық зерттеу. Салыстырмалы-тарихи зерттеу - өзара туыстас, төркіндес тілдер семьясын жеке-жеке зерттегені болмаса, әр семьяға жататын тілдерді бір-біріне салыстыра жинақтап қарау, сөйтіп, дүние жүзіндегі тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ типтік сипаттарды ашу ісінде дәрменсіз болды. Ал жалпы тіл білімі тек тілдер туыстастығын айқындауды ғана көздемейді, ол дүниежүзіндегі тілдердің жалпы адамзаттық сипаттарын, типтес белгілерін ашып, тіл атаулының барлығын да қамти алатын типологиялық классификация жасауды да қажет етеді. Осы мақсатты іске асыру үшін салыстырмалы-тарихи зерттеумен замандас салыстырудың екінші түрі, типологиялық салыстыру дүниеге келді. Тіл білімінде зерттеудің бұл түрі салыстырмалы әдіс, типологиялық әдіс, кейде типологиялық тіл білімі деп те аталады.
Типологиялық зерттеудің кеңірек етек алып, зерттеудің бір әдісі ретінде қалыптасуы XIX ғасырдың бас кезі болғанымен, ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда басталған көп тілді салыстырмалы сөздіктер жасау, рационалды грамматикалар жасау, - осы әдістің алғашқы нәтижелері. Екеуінде де тіл фактілерін салыстыру болғанымен, типологиялық зерттеу - салыстырмалы-тарихи зерттеуден өзгеше. Бұлардың объектісінде де, көздейтін түпкі мақсатында да өзгешелік кездеседі. Типологиялық зерттеуде туыстас тілдер ғана емес, бір-бірімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ тілдер фактілері де салыстырылады. Екіншіден, салыстырмалы-тарихи әдістегідей тілдік жүйедегі жеке элементтер емес, жүйе құрылымы салыстырылады. Үшіншіден, мұнда тілдік тұлғалардың материалдық туыстығын ашу көзделмейді, салғастырылып отырған тілдердің ортақ белгілерін, типтік сипаттарын айқындау, сөйтіп тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу көзделеді. Типологиялық зерттеудің алға қоятын мақсаты - барлық тілдерге немесе тілдердің көпшілігіне ортақ әмбебап, типтік белгілерді ашу. Бұл зерттеудің типологиялық деп аталуы да осыдан.
Ғылымда типологиялық зерттеуді сипаттама зерттеудің жалғасы, соның екінші басқышы деген пікір бар. Бұл орынды да, өйткені типологиялық салыстыру үшін, алдымен, дүние жүзіндегі тілдердің әрқайсысының құрылымдық сипаттары жеке-жеке зерттелген болуы керек. Типология сол айқындалған құрылымдық сипаттарды өзара салыстыра қарау арқылы тілдерде болатын ортақ қасиеттерді, типологиялық белгілерді айқындайды.
Типологиялық зерттеу - мәні, функциясы жағынан тілдердің барлығына немесе көпшілігіне ортақ, жалпылық сипаты бар объектілер салыстырылады. Мұндай объект тілдің фонология саласында да, семантикалық, грамматикалық салаларында да болады. Типология тілдердің осы аталған жүйелердегі жалпылық мәні бар объектілерді бір-біріне салыстыра қарау арқылы олардың арасындағы ұқсастықтар мен өзгешеліктерді ашады. Мысалы, фонология саласында дыбыстардың дауысты, дауыссыз, шұғыл, ызың болып бөлінуі, болмаса морфемалардың лексикалық, грамматикалық болып бөлінуі, т.с.с. тілдердің барлығына немесе басым көпшілігіне тән типтік белгілер. Типологиялық зерттеуде осылар сияқты әмбебап тұлғалар салыстырылады.
Типологиялық әдістің тіл білімінде қолданыла бастағанына біраз уақыт болғанымен, ол туралы әр елдің көрнекті тіл ғалымдарының көпшілігі пікір айтқандарымен, бұл меселе күні бүгінге дейін бір ізді шешімін тапқан жоқ.
Дүние жүзіндегі тілдердің типологиялық белгілерін айқындап, тілдерді сол белгілеріне қарай жіктеуді алғаш ұсынған неміс романтиктерінің көсемі Фридрих Шлегель. Ол 1809 жылы жарық көрген «Тіл және үнділердің даналығы» дейтін еңбегінде сөз тұлғасын түрлендіретін қосымшалардың бар-жоқтығына, сөздердің тұлғалық құбылысқа түсудегі сипатына қарай тілдерді флективті, агглютинативті деп екі топқа бөледі. Мұнда көрсетілген типологиялық шағын белгілер дүние жүзіндегі тілдерді қамти алмайды. Осыны байқаған Шлегельдің туысы Август Шлегель 1818 жылы шыққан "Провансаль тілі туралы" атты зерттеуінде алдыңғы екеуі үстіне аморфты тіл дегенді қосады. Аморф - формасыз деген мағынаны білдіреді. Бірақ формасыз тіл болмайды, тек оның көріну жолдары әр тілде әр басқа болады. Сондықтан бұл жіктеу де толық емес. Ағайынды Шлегельдердің біраз кемшіліктерін ашып, типологиялық зерттеуді едәуір дамыта түскен ғалым - В.Гумбольдт. Ол тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеуге екі түрлі белгіні негіз етуді ұсынады: оның бірі - тілдік тұлғалар қарым-қатынасы, екіншісі - сөйлем құрау тәсілдері. Осы белгілерге сүйене отырып, Гумбольдт дүние жүзіндегі тілдерді төрт топқа бөлді, жоғарыда аталған үш белгінің үстіне инкорпорациялы тіл дегенді қосып, оған Америка индеецтері мен палеоазиат тілдерін жатқызады.
Көрсетілген типологиялық белгілер, сол белгілер негізінде тілдерді жіктеу приициптері кейінгі замандардағы А.Шлейхер, Э.Сепир, И.Мещанинов, Т.Милевский, т.б. ғалымдар зерттеулерінде толыға, жетіле түсті.
Қазір типологиялық белгілердің негізгілері ретінде сөз құрылымын, сөздердің тұлғалық түрленісін, сөз туғызатын, сөз түрлендіретін формаларды, синтаксистік қатынастарды алады. Сөз құрылымы морфологияның негізгі объектілерінің бірі болғандықтан, ғылымда типологиялық жіктеу - морфологиялық деп те аталады. Морфологиялық белгілерге ерекше мән берілетін себебі ол тілдік ұсақ жүйелер ішіндегі ең тұрақтысы, екіншіден, морфологиялық тип тілдерде онша көп емес және оған тән тұлғалар айқын да тұрақты, сондықтан оларды жүйелеу оңай. Осы аталған белгілерге қарай тілдерді түбір тіл, жалғамалы /агглютинативті/, қопармалы /флективті/, поли-синтетикалық тілдер деп бөлу - қазіргі заман тіл білімінде көп тараған принцип.
Типологиялық әдіс тек тілдерді жіктеуге ғана қолданылмайды, сонымен бірге, салыстырмалы сөздіктер жасауда да, шет тілді оқытуда да кең қолданылады.
XIX ғасыр тіл біліміндегі ағымдар. Тіл білімі өзінің бүгінгі көтерілген сатысына ішкі қайшылықтарсыз, талас-тартыссыз бірден жеткен жоқ. Оның даму тарихында әр түрлі ағымдар, пікір таластары болып отырды және қазір де бар. Ондай ағымдардың тууына түрткі болған себептердің бірі - тілдің өзіндік табиғаты мен мәнін ашу мәселесі. Кейбір ғалымдар тілдің қоғамдық мәнін дұрыс түсініп, оны қоғамдық құбылыстар қатарына жатқызса, енді бір топ зерттеушілер тілді табиғат құбылысы деп түсініп, оны зерттейтін ғылымды табиғаттану ғылымдары тобына қосты, тілді таза психикалық құбылыс деп санап, тіл білімін психология ғылымына тәуелді етпекші болғандар да болды. Осындай көзқарастағылар өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өз алдарына лингвистикалық мектептер болып қалыптасты. Олардың қатарына натуралистік, психологиялық, жас грамматикалық деп аталатын лингвистикалық мектептер жатады.
Натуралистік немесе биологиялык көзқарас. Натурализм латынның натура (жаратылыс) деген сөзінен шыққан. Натурализм жеке ағым ретінде көркем әдебиетте, өнерде, ғылымда XIX ғасырдың екінші- жартысында Дарвин ілімінің әсерінен пайда болды.
Ғылымда натуралистер деп аталатындар - қоғамдық құбылыстарды зерттеуде жаратылыс заңдарын басшылыққа алып, мәселені соған негіздеп шешуге ұмтылушылар.
Тіл біліміндегі натурализм көрнекті неміс ғалымы, Россия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Август Шлейхер /1821-1869/ есімімен байланысты. А.Шлейхер - салыстырмалы-тарихи тіл біліміне тіл философиясын қалыптастырушылардың, тіл фактілерін салыстыруда дыбыс құбылыстарының заңдылықтарын қатал сақтауды талап етушілердің, үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілердің, тілдердің типологиялык ұқсастығы мен генеологиялық бірліктерін жан-жақты талдаушылардың ең көрнектілерінің бірі. Ол славян, балтық, неміс тілдерінің салыстырмалы грамматикаларын жазудағы зерттеулері арқылы тіл білімін теориялық жағынан дамытты, оның бағыт-бағдарына едәуір ықпал жасады. Салыстырмалы-тарихи әдісті жетілдіре, оның объектісін айқындай түсумен бірге А.Шлейхер XIX ғасырда туған тіл философиясының да көрнекті өкілі болды. Көптеген пайдалы істермен қатар ол тіл біліміне бірсыпыра концепциялар да енгізді. Оның сондай теріс көзқарастарының бірі - тіл білімінде натуралистік көзқарасты қалыптастырды.
Оның натуралистік көзқарасы "Лингвистикалық салыстырмалы зерттеу", "Неміс тілі", “Дарвин теориясы және тіл білімі" дейтін еңбектерінен толық көрінеді.
Бұл еңбектерінде А.Шлейхер тілді табиғи организм, тіл де табиғи организмдер сияқты басқаларға тәуелсіз, өз бетінше өмір сүреді, туады, өседі, қартаяды, жаратылыс заңына бағынады, сондықтан тілді зерттегенде, жаратылыс заңдарын басшылыққа алу керек, тіл білімі жаратылыстану ғылымдары тобына жатады, соның бір саласы дейді. Тіл табиғаты жөніндегі бұл тұжырым, әрине, қате. Өйткені тіл қоғамдық құбылыстар қатарына жатады да, оны зерттейтін тіл білімі қоғамдық ғалымдар тобына қосылады.
Философиялық екінші тұжырымы - тілдің мәніне байланысты. Оның пікірінше, тілдің негізгі функциясы - ойды қалыптастырып, жарыққа шығару. Тіл дегеніміз - дыбысты ойлау дейді. Тілдің ойды қалыптастыратын құрал екені даусыз, бірақ ол тілдің негізгі және бірден-бір қызметі емес, оның негізгі қызметі - коммуникативтік. Бұл жөнінде ол ештеме айтпайды.
А.Шлейхер көтерген тағы бір мәселе - тілдегі болатын өзгеріс-құбылыстарға, тіл тарихына байланысты. Ол тілдегі өзгеріс адам еркіне тәуелсіз, өзіндік заңы бойынша іске асады, сондықтан ол биологиялық организмдер тобына жатуы керек, өйткені биологиялық организмдер де басқаларға тәуелсіз өз заңы бойынша өзгереді, сөйтіп, екеуі де өзгерудің бір ғана заңына бағынатындықтан, екеуіндегі өзгерістің сипаты да бірдей, яғни тілдегі өзгеріс, қоғамдағы өзгерістер сияқты, тілдің дамуымен тарихын көрсетпейді, биологиялық организмдегі сияқты тек өсу, қартаю ғана болады дейді. Тілдік өзгерістерді А.Шлейхер тарихқа дейінгі, тарихтан кейінгі деп екі жікке бөледі де, тілдің тарихқа дейінгі өзгерісі оның дамуы, тарихи болады да, тарих басталғаннан кейінгі өзгерісі оның дамуы емес, тек өсуі ғана дейді.
А.Шлейхер тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысқан. Ол дүние жүзіндегі тілдерді түбір тіл, жалғамалы тіл, қопармалы тіл деп үш түрге бөледі. Шлейхердің пікірінше, тілдер типінің бұл үш түрі, оның дамуының үш түрлі басқышы: ең жоғарғы сатыда қопармалы тіл, ең төменгі сатыда түбір тіл тұр, бұл үш түрлі сатының үшеуі де тіл дамуының тарихқа дейінгі дәуірінің жемісі дейді. Бұл пікірлер, әрине, қате.
А.Шлейхер үнді-еуропа тілдері тараған ата тілді мүсіндеу мәселесімен де айналысты. Оның бұл саладағы теориялық тұжырымы ғылым тарихында "Тілдің тегі" /родословное древо/ деп аталады. Бұл теория бойынша баста бір тіл болған да, содан келе-келе әр түрлі тілдер бөлінген. Тіл зерттеушілер арасында бұл теорияны қолдаушылар да, қарсылар да бар.
А.Шлейхер тіл білімі мен филология арасындағы қарым-қатынасты да сөз етті. Оның пікірінше, тіл ғылымы жаратылыстану ғылымдары құрамына енетіндіктен, ол тарихи ғылым емес, ал филология - тарихи ғылым. Өйткені филология жазбалар тілін зерттейді. Жазбалар тілі дейтініміз - тарих, онда халықтың рухани өмірінің тарихы бар. Сондықтан филология тек тілді ғана емес, халықтың рухани өмірінің тарихын зерттейді.
А.Шлейхердің тіл табиғатына, мәніне, тарихына байланысты айтқан пікірлерінің қате бағытта болғанына қарамастан, оның концепцияларында ойлы, тартымды жүйелілік бар. Сол себепті көпшілік назарын аударды, қолдаушылар да, қарсылар да мол болды. Шлейхердің талантты жазылған фонетикалық, грамматикалық еңбектері де мол. Ғылымда А.Шлейхер еңбектерімен компаративистиканың I дәуірі аяқталды деп есептейді.
Психологиялық көзқарас. Натуралистерге қарсы күрес үстінде дүниеге келген бағыт-психологиялық ағым деп аталады. Тіл біліміндегі психологизм XIX ғасырдың орта кездерінен бастап қалыптаса бастады. XIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті тіл ғылымдарының көбі осы бағытты жақтады. Тіл психологиясының объектісі - адамдардың сөйлеу әрекетінде болатын психикалық үрдістер. Тіл психологиясын қалыптастырушылардың ең бастылары қатарына Берлин университетінің профессоры Гейман Штейнтальды /1823-1899/ жатқызуға болады. Кейініректе Штейнтальдың көзқарасын Харьков университетінің профессоры Александр Потебня /1835-1891/, неміс ғалымдары Вильгельм Макс Вундт /1832-1920/, Герман, Пауль, тағы басқалар қолдады. Тілдік құбылыстарды психологиялық тұрғыдан сөз ету - XIX ғасырдағы лингвистердің көпшілігінде болды және бұл бағыт тілдік философия ретінде әр түрлі көзқарастағы ғалымдардың, мектептердің басын біріктірді.
Лингвистикалық психологизм өз ішінде қайшылықтары, алалықтары жоқ, біртұтас көзқарас емес. Бұлардың басын біріктіретін, ортақ концепция бар: Ол - тіл мәселелерін шешуде психологиялық қағидаларды басшылыққа алу. Тіл психологиялық бақылаудың объектісі тіл біліміндегі логикалық көзқарастарды сынау, тілдік категориялар мен логикалық категориялар арасында қайшылықтар көп, сондықтан тіл мәселелерін зерттеуде логика заңына сүйенуге болмайды деу. Психологиялық бағыттағылар өз ішінен индивидуалистік психологизм, әлеуметтік психологизм деп аталатын екі бағытқа жіктеледі.
Индивидуалистік психологизмның ең көрнекті өкілі Герман Пауль. Бұлар тіл біліміндегі натуралистік және логикалық бағыттарға қарсы күресе отырып, тілдік құбылыстардың барлығын жеке адамдардың сөйлеу және психикалық ерекшеліктеріне, олардың ой-санасындағы өзгеріс-құбылыстарына тәуелді етеді. Жалпы халық тілі, біртұтас ұлт тілі деген - жалған сөз. Тіл жеке индивидумдікі. Сондықтан тіл білімінің міндеті - индивидумның тілін зерттеу. Индивидумның тілін, психикалық құбылысын зерттеу арқылы тұтас халықтың, ұлттың рухани өмірінің заңдылығын ашуға болады деп қарайды.
Индивидуалистік психологизм тілдің қоғамдық мәнін жоққа шығарады. Тіл білімін қоғамдық ғылымдар тобынан бөліп алып, оның дербестігін жояды, оны психологияға тәуелді, соның бір саласы деп санайды.
Ал әлеуметтік психологизм өкілдері индивидуалистердің "ақиқат бар нәрсе - индивидумдар тілі ғана" дейтін қағидаларына қарсы, олар тіл әлеуметтік, оны туғызушы да, қолданушы да жалпы халық, қоғам дегенді айтады.
Әлеуметтік психологизм теориясын негіздеуші, оның ең көрнекті өкілі Г.Штейнталь. Оның тіл мәселелерін психологияның заң-ережелеріне негіздеп шешетін концепциялары грамматика, логика, психология және бұлардың принциптері мен өзара қарым-қатынастары" (1855), "Психология мен тіл біліміне кіріспе" (1881), “Тілдің шығуы" (1851) деп аталатын т.б. еңбектерінде баяндалған.
Барлық психологистер сияқты бұлар да тілді психологиялық бақылаудың объектісі деп санайды. Индивидуалдық психология халықтық психологияға негіз болады. Халықтық психология - халық рухы жөніндегі ілім. Халық рухы - адамдардың рухани әрекетінің қайнар көзі. Халық рухы, ең алдымен, тілінен, одан кейін әдет-ғұрпынан, дәстүрінен, жалпы әрекетінен көрінеді. Осылардың бәрі, соның ішінде тіл де, халық рухының жемісі, халықтық психологияның көрінісі.
Психологизм өкілдері сөйлеу психологиясы, оның сөйлеу әрекетімен байланысы, сөйлеу әрекетінің іске асу жолдары деген мәселелерге ерекше мән береді. Психологизм көп жағдайда лингвистикалық талдау орнына психологиялық талдауды қолданады, сөйтіп, тіл білімін өзінің негізгі функциясынан айырады. Психологизм - тілдік категориялардың барлығы да тек тілдік материалдар арқылы көрінетін, соны жамылған психологиялық категориялар деп санайды.
Тіл біліміндегі психологиялық бағыт үстіміздегі ғасырдың 50-ыншы жылдарынан бастап психологиялық лингвистика /психолингвистика/ деген атпен тіл білімінің дербес саласы ретінде қалыптасты. Ол - психология мен тіл білімінің аралығында, екеуінің түйісуінен туған жаңа бағыт. Бұл бағыт алғаш Америка тіл білімінде қалыптасты да, көп ұзамай басқа елдерге тарады.
Қазірде психолингвистика - сөйлеу әрекеттерінің заңдылықтарын зерттейтін ғылым деп саналады. Мұны сөйлеу әрекеттерінің теориясы туралы ғалым деп те атайды. Кейбір зерттеулерде психолингвистиканың негізі - ақпарат теориясы дегенді де айтады. Олай дейтіні психолингвистика сөйлеу әрекетінде болатын хабар беру, хабарды қабыддау үрдістерінің қалай іске асатындығын зерттейді. Бұл - оның негізгі объектісі. Психолингвистика - өз объектісін, міндеті мен мақсатын жан-жақты және дәл айқындай қоймаған жас ғылым.
Жас грамматикалық бағыт. Жас грамматикалық бағыт (младограмматизм) XIX ғасырдың 70-жылдарынан бастап қалыптасты. Алғаш Германияда туғанымен, көп ұзамай оған тілектес, пікірлестер әр елден табылып, өте тез өркен жайды. Францияда М.Бреаль, Швейцарияда Ф. де Соссюр, Америкада Уитни, Италияда Г.И. Асколи, Россияда Ф.Ф. Фортунатов бастаған Мәскеу лингвистикалық мектебі мен Бодуэн де Куртенэ бастаған Қазан лингвистикалық мектептері болды.
Бұл ағым өкілдері салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейінгі өкілдерін "бұлар - жорамалға толы қапырық шеберханада үнді-еуропалық ата тілді мүсіндеушілер" деп кекетіп, тіл ғалымдарын сол "сасық шеберхананы" тастап, жаңа жол табуға шақырған болатын. Олардың осы қызбалықтарына, албырттықтарына қарап, неміс лингвисі Ф.Царнке оларды "жас грамматистер" деп ажуалаған еді. Осы ажуа ат бірте-бірте лингвистикалық мектептің аты болып қалыптасты.
Жас грамматистік көзқарасты қалыптастырушылар Бругман, Остгоф, Дельбрюк, Пауль, т.б. Лейпциг университетінің тіл ғалымдары болғандықтан, кейін ол Лейпциг лингвистикалық мектебі деп те аталды.
Жас грамматистер мектебі өз зерттеулеріне екі түрлі принципті негіз етті. Оның бірі - тарихи принцип те, екіншісі - психологизм принципі. Осы себептен де жас грамматикалық бағытты кейде психологиялық салыстырмалы-тарихи тіл білімі деп те атайды.
Бұлардың бағыт-принциптерін баяндайтын еңбектер көп. Олардың ішіндегі ең негізгілері деп Г.Остгоф пен К.Бругманның "Үнді-Еуропа тілдерінің морфологиялық зерттеулері" (1878) дейтін кітапқа жазған алғы сөзін, Г.Паульдің "Тіл тарихының принциптері" (1880) және К.Бругман мен Б.Дельбрюктің "Үнді-Еуропа тілдері салыстырма грамматикасының негізі" (1886-1900) атты кітаптарын атауға болады.
Жас грамматикалық бағыттың тууына тіл білімі дамуының ішкі факторлары себепші болды. XIX ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бастап компаративистік тіл білімінің жайы қанағаттандырғысыз, бағыты бұлдыр, тоқырауға ұшырады деген пікірлер туып, сол тоқыраушылықтан құтқаратын жаңа бағыт іздеу басталды. Жас грамматикалық бағыт осылайша туып, көп ұзамай-ақ әлемдік тіл ғылымындағы ғылыми ағым болып қалыптасты.
Өрісінің кеңдігі, тілдік зерттеу еңбектерінің молдығы, ғылым дамуына тигізген әсері жағынан ХІХ ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы жартысындағы лингвистикалық ағымдардың ешқайсысы да жас грамматикалық мектепке тең келе алмайды. Бұл мектеп белсенді, беделді ғылыми ағым ретінде елу жылдан астам уақыт өмір сүрді.
Әдетте, жас грамматистер дәуірін салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының екінші кезеңі деп есептейді. Өйткені бұлар өздеріне дейін қолданылып келген салыстырмалы-тарихи әдісті түбірмен өзгертуді көздеген жоқ, оның кейбір ескірген, пайдасыз деген амал-тәсілдерінің орнына зерттеудің жаңа әдістерін енгізуді мақсат етті.
Жас грамматистер тіл ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Олар салыстырмалы-тарихи тіл білімінің өздеріне дейін орын алып келген көптеген кемшіліктерін дұрыс ашып, компаративистиканы жаңа, жоғары сатыға көтерді. Туыстас тілдер семьялары жөнінде көптеген құнды салыстырмалы-тарихи зерттеулер берді. Натуралистік ағымның тілді табиғи организм дейтін, тіл білімін жаратылыстану ғылымдары тобына қосатын және тіл тарихын екі кезеңге бөлетін көзқарастарының терістігін жете әшкереледі. Туыстас тілдердің дыбыстық ұқсастықтарын айқындаудың жолдарын, амал-тәсілдерін нақтылап, жетілдіріп, Үнді-Еуропа тілдеріндегі фонетикалық заңдылықтарды тілдік фактілер арқылы талдап көрсетті. Үнді-Еуропа тілдерінен орасан көп нақтылы тілдік материалдар жинады. Бұл материалдар тіл білімінің практикалық саласының дамуына мұрындық болуымен қатар кейінгі дәуірлерде тіл білімін теориялық жағынан жетілдіре түсуге, тіл білімінде бұрын болмаған немесе тым елеусіз болып келген диалектология, лингвистикалық география, эксперименталды фонетика сияқты жаңа салалардың туып, қалыптасуына да көп септігін тигізді.
Үнді-Еуропа тілдерінің материалдары негізінде түрлі салыстырма сөздіктер, салыстырма грамматикалар жазылды. Туыстас тілдер фактілерін бір-біріне диахрондық жолмен салыстыру әдісі өзінің ең жоғары сатысына көтерілді. Осылардың бәрі жас грамматикалық кезең - салыстырмалы-тарихи тіл білімі дамуының ең гүлденген заманы болды деуге мүмкіндік берді.
Жас грамматикалық бағытта жетістіктермен қатар көптеген кемшіліктер де болды. Оларды топтап жинақтасақ төмендегідей болмақ:
1) жас грамматистердің тілдің табиғаты жөніндегі философиялық концепциялары дұрыс болмады. Олар тілді туғызатын да, дамытатын да жеке адамдар дегенге сүйеніп, тіл білімінің теориялық негізі индивидумдар психологиясы, лингвистиканың міндеті - индивидумдар тілін зерттеу деді;
2) фактіге сүйену дегенді желеу етіп, ғылыми абстракция-
ның мәнін ескермеді, нақтылы фактілермен дәлелдеуге бол-
майтын дыбыс тілінің шығуы, оның алғашқы дәуірдегі сипаты
сияқты мәселелерді тіл білімінің объектісі емес деп жариялады;
3) тілдің құрамдық бөлшектерін бір-біріне байланыссыз жеке-жеке талдаушылыққа бой ұрды. Бұл - тілдің элементтері бір-бірімен тығыз баяланыста тұратын біртұтас жүйе деп тануға кедергі болды.;
4) лингвистикалық талдау - сөйлеу тілі фактілеріне сүйену керек деген қағиданы берік ұстап, жазба тіл дәстүріне жеткілікті мән берілмеді;
5) барлық назар туыстас тілдер фактілерін өзара салыстыра зерттеуге аударылды да, туыстас емес тілдердің бір-біріне тигізетін әсеріне, тілдік контакт мәселесіне жеткілікті көңіл аударылмады;
6) тілдің өзіндік ішкі даму заңына, фонетикалық заң мен аналогияға шешуші мән беріп, тілдік құбылыстарға экстралингвистикалық жайттардың тигізетін әсерлерін ескерусіз қалдырады;
7) зерттеу істерінде бір ғана диахрондық, индуктивтік әдіс-
терге сүйенді де, синхрондық, дедуктивтік әдістерге жөнді мән
бермеді, ондай зерттеулерді ғылыми емес деп санады.
Жас грамматикалық бағыттың осындай олқылықтары XIX ғасырдың соңғы он жылынан бастап айқын байқалды. Олардың концепциясына наразы пікірлер, жаңаша бағыт-бағдар іздеушілер әр жерде, әр елде бой көрсете бастады. Тіл білімі жас грамматикалық концепцияларға қарсы күресу, зерттеудің жаңа жолын іздеу үстіне ХХ ғасырдың есігін ашты.
Мәскеу лингвистикалық мектебі. Мәскеу лингвистикалық мектебін XIX ғасырдың 70-80 жылдарында Мәскеу университетінің ғалымдары қалыптастырды. Оны басқарған сол кездегі орыс тіл білімінің көрнекті ғалымдарының бірі - академик Филипп Федорович Фортунатов (1848-1914). Ол Германияда, Францияда, Англияда болып, жас грамматикалық бағыттағы көрнекті ғалымдардың лекциясын тыңдаған, өзі де осы бағытты қуаттаған, компаративистиканың Россиядағы көрнекті өкілі болған, Үнді-Еуропа тілдерінің фонетикасын, морфологиясын зерттеп, бұл саладан біраз еңбектер берген.
Бұл мектеп құрамында орыс тілі білімінің көрнекті өкілдері академик Алексей Александрович Шахматов (1864-1920), Александр Матвеевич Пешковский (1878-1933) , т.б. болды.
Мәскеу лингвистикалық мектебі, негізінде Лейпциг жас грамматистерінің Россиядағы қолдаушылары болды. Бұлар да индивидуалдық психологизмді өздерінің әдістемелік негізгі принципі деп санады. Лейпциг мектебі сияқты бұлар да тілді фонетикалық заңын өз зерттеулерінде әрдайым есепке алып отыруға ерекше мән берді. Бұлардың концепциялары, көп жағдайда, психологизм принципіне негізделді.
Мәскеу лингвистикалық мектебі лингвистикалық бағыт ретінде үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарына дейін, Н.Я.Маррдың "Тіл туралы жаңа ілім" деп аталатын мектебі үстемдік алғанға дейін өмір сүрді.
Қазан лингвистикалық мектебі. Бұл Қазан қаласындағы университетте XIX ғасырдың аяқ кезінде қалыптасты. Оған дем беруші - поляк-орыс тіл ғалымы, Қазан университетінің профессоры Иван Александрович Бодуэн де Куртенэ (1845-1929). Ол жалпы тілдік теориялық мәселелермен көбірек айналысқан.
Бодуэн де Куртенэ жас грамматикалық бағытпен тығыз байланыста болды, көп жағдайда олардың концепциясын жақтады. Солардың ізімен бұл да индивидуалдық психологизмді қолдады, ақиқат бар тіл - индивидумдар тілі, біртұтас ұлттық тілі деген тек қиялда ғана болатын жалған нәрсе, сондықтан зерттеудің негізгі объектісі индивидумдар тілі, индивидумдар психологиясы дейді. Солай дей тұра ол, екінші жағынан, тілде даралықпен бірге жалпылық та болады, бұл екеуі бірлікте. Индивидумдағы бар нәрсе, екінші жағынан, жалпынікі, жалпы адамдық болып табылады. Олай болатыны барлық индивидумдар психикасы біркелкі болады. Бұл біркелкілік - жалпылықтың, әлеуметтіктің негізі дегенді айтады. Сөйтіп, Бодуэн де Куртенэнің психологизмі индивидуалдық қана емес, әлеуметтік те психологизм болып шығады. Бұл - бүкіл Қазан лингвистикалық мектебіне тән тұжырым. Бұлардың көтерген тағы бір мәселесі - тілдің статикалық және динамикалық күйі деген мәселе. Жас грамматизм ізімен бұлар да тілдің динамикалық күйін, яғни тарихын зерттеудің бірінші орынға қоя отырып, екінші жағынан, тілдің статикалық күйін, яғни жүйесін зерттеуге де көңіл аударды. Тілдің белгілі бір дәуірдегі күйін, жүйесін айқындауда статикалық әдіс - таптырмайтын құрал дегенді айтты. Мектептің, оның көсемі Бодуэн де Куртенэнің бұл пікірі өзінен кейінгі де Соссюрдің статикалық және динамикалық лингвистикасы дегендерімен үндес келеді.
Қазан лингвистикалық мектебі, әсіресе Бодуэн фонема мәселесіне ерекше назар аударды. Оның бұл саладағы еңбегі кейініректе Прага структуралистерінің фонема жөніндегі зерттеулеріне күшті әсерін тигізді.
Қазан лингвистикалық мектебі құрамында Н.В.Крушевский, В.А.Богородицкий сияқты көрнекті тіл ғалымдары да болды. Кейінгі кезде бұл мектептің бағытын қолдап, оны ілгері дамыта түскен ғалымдар - Л.В.Щерба мен Е.Д.Поливанов.
Достарыңызбен бөлісу: |