Ұлытау облысы
Ұлытау облысы — 2022 жылдың 8 маусым күні құрылған Қазақстанның орталығындағы облыс. Ұлытау облысы оңтүстігінде Түркістан, оңтүстік-батысында Қызылорда, оңтүстік-шығысында Жамбыл, батысында Ақтөбе, солтүстік-батысында Қостанай, солтүстігінде және шығысында Қарағанды облыстарымен шектеседі. Халық саны 2022 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша 227 мың адамды құрайды. Яғни облыс тұрғындар саны бойынша еліміздегі ең кішкентай өңір болып саналады. Бірақ, облыстың ерекше бір айырмашылығы – ол халқының басым бөлігінің 3 қалада шоғырлануы. Урбандалу деңгейі 77,1%, яғни еліміздегі ең жоғары урбандалған өңірлердің бірі (Қарағанды облысынан кейін).
Облыс Қазақстан президентінің жарлығына сәйкес 2022 жылы 8 маусымда құрылды. Айта кетерлігі, оның аумағы бұрынғы Жезқазған облысының аумағынан кішірек (1997 жылға дейін Шет, Ақтоғай аудандары, Балқаш және Приозерск қалалары да енген). Ұлытау облысы 2022 жылдың маусым айында Қарағанды облысынан бөлінудің нәтижесінде құрылды. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы. Оның құрамына облысқа бағынатын 2 қала (Сәтбаев және Қаражал) және 2 аудан (Жаңаарқа және Ұлытау) кірді.
Экономикалық тұрғыдан өңірдің даму перспективалары айтарлықтай жоғары. Ең алдымен облыс аумағы металл кен орындарына өте бай (мыс, марганец, қорғасын, темір кендері). Яғни минералдық база мен кадрлық әлеуетті пайдалана отырып, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға болады. Екінші жағынан облыс орасан ауылшаруашылық әлеуетке ие. Туризм саласында да айтарлықтай артықшылықтары бар.
Облыс экономикасы өнеркәсіп саласында маманданған. 2021 жылы облыста 842 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Өнеркәсіп өндірісі бойынша облыс Қазақстанда 14 орын алады. Негізгі өнімдері – тазартылмаған мыс, темір кендері, марганец және барит кендері. Экономиканың негізін құрайтын кәсіпорындар металлургия алпауыттары – «Қазақмыс» және «Казцинк».
Облыстың қалалары индустриаландырылған және өнеркәсіпке маманданған болса, аудандары толықтай ауыл шаруашылығы саласына маманданған деп айтуға болады. Бұл жайттың өз себебі бар. Бұрынғы Қарағанды облысының көрсеткіштері бойынша санайтын болсақ ірі қара санының 25,5%, қой мен ешкінің 30%, жылқы басының 35%, жайылымдардың 42% Ұлытау облысына тиесілі екен. Яғни, облыста ауыл шаруашылық саласын дамытуға орасан зор әлеуеті бар. Бірақ, әзірге іске асырылмаған. Оған дәлел 2021 жылдың қорытындысы бойынша облыста 84,3 млрд теңгеге ғана ауылшаруашылық өнім өндірілген. Бұл Қазақстан өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі (16-орын).
Қазіргі таңда жаңа Ұлытау облысында өзекті болып тұрған күрделі мәселелер көп. Біріншіден халықтың басым бөлігі тұратын 3 моноқаланың әлеуметтік-инфрақұрылымының ахуалы мәз емес. Кәріз, жылу, су жүйелерінің тозу дәрежесі орта есеппен 80%-ға дейін жеткен.
Тау-кен өнеркәсібінің жұмысы экологиялық ахуалды нашарлатқан. Географиялық тұрғыдан Жазқазған қаласын басқа өңір орталықтарымен байланыстыратын жолдар дамымаған. Сондықтан бірінші кезекте Жезқазғанды Қарағандымен байланыстыратын жолды қалпына келтіру керек. Жезқазған-Арқалық-Петропавл автокөлік жолын жаңарту мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл жол өңірдің тұйықтық жағдайын шешуге зор ықпал етуі сөзссіз. Елді мекендердің ішіндегі жол сапасы да ойдағыдай емес.
Экономиканы дамыту бағытында көп жұмыс атқарылуы қажет. Бұл бағытта өңір өзінде бар әлеуетке сүйене отырып экономиканың жаңа құрылымын құруға тырысуы керек. Яғни, металлургияда бұл қосымша құны жоғары жаңа технологиялық өнімдерді өндіру, келесі технологиялық сатыларды бағындыру деген сияқты. Өнеркәсіп саласында негізгі қорларды жаңартуға басты назар аудару керек. Ауыл шаруашылығындағы әлеуетті пайдалана отырып тамақ өнеркәсібін дамыту керек. Бұның бәрін іске асыру үшін тағы да сол жаңа жобаларды, инвестицияларды тарту керек.
Жер аумағы
|
188,9 мың км² (5-ші орын)
|
Әкімі
|
Берік әбдіғалиұлы
|
Облыс орталығы
|
Жезқазған
|
Аудандар саны
|
2
|
|
Достарыңызбен бөлісу: |