Құлманов Бақтыгерей Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думалардың депутаты, шығыстанушы, алғашқы ғылым кандидаты 1888(1888)
Құлманов Бақтыгерей — Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думалардың депутаты, шығыстанушы, алғашқы ғылым кандидаты 1888(1888).
1859 жылы 22 желтоқсанда Астрахань губерниясындағы Никольск селосының маңайында (Бөкей ордасы, қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) туған. Өзі төре тұқымынан. Әбілқайыр — Нұралы — Есім сұлтаннан тарайды.
1872-1881 жылдары Орынбор ерлер гимназиясында 9 жыл оқып, оны алғашқы бітірген қазақтардың бірі, күміс медальмен марапатталған.
1881 жылы Сән-Питербор университетінің заң факультетіне түскен. Бұл факультетте 1883 жылдың желтоқсанына дейін 1-курста қатарынан 3 жыл оқиды. Таңғаларлық жайт, 1-ші курсқа өз өтінішімен қала берген. Үшінші жылы тағы қалуға университет басшылығы рұқсат бермегендіктен, ол 1884 жылдың қаңтарынан бастап университеттің Шығыс тілдері факультетіне ауысады да, 1889 жылы 9 наурызда № 877 диплом алып шығады. Араб, парсы, осман, татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы баға алып, университет кеңесінің 1888 жылғы 17-қыркүйектегі ұйғарымымен кандидаттық ғылым дәрежесіне лайық деп бағаланады.
ЖОО бітірген соң еліне келіп, 1889 жылдан бастап Астрахань губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі қызметінде болады. Әкім болып тұрғанда мектептер ашып, әр түрлі емдеу пунктерін көбейтуге күш салады.
1901 жылы Бөкей ордасының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты Бөкей қазақтарының депутациясын бастап Ресей патшасының қабылдауында болады да депутация атынан арнау сөз сөйлейді.
1903 жылғы 22 шілдеден 1906 жылғы қыркүйекке шейін Бөкей ордасының Уақытша кеңесінің кеңесшісі қызметін атқарады. 1906 жылы отставкаға шығады.
1 Мемлекеттік думаға Ставрополь және Астрахань губернияларының көшпелі тайпаларынан 2 орын бөлінеді. Астрахань губерниясының қазақтарынан Б. Құлманов, ал Ставрополь губерниясының қалмақтарынан[1] Давид Церенджиб Нойон Тундутов сайланады.
Құлманов 1907 жылы 2 Мемлекеттік думаға мүше болып сайланады. Қатарынан екі рет сайлануы, оның ел алдындағы қадірін білдірсе керек.
1917 жылы 21-25 сәуір аралығында Бөкей ордасындағы қазақ съезіне белсене араласып, онда ол баяндама жасайды. Осы съезде Астрахань өлкесі қазақтарының, яғни Бөкей ордасының комиссары болып сайланып, оны 1918 жылғы 1 сәуіріне шейін, Қызыл өкіметі орнағанша атқарады.
1917 жылы қыркүйек айында Бөкей ордасының ұлт зиялыларының съезі өтеді. Онда Б.Құлманов жер мәселесі жөнінде баяндама жасайды.
Б. Құлманов қоғамдық-саяси қимылдарға тек Бөкей ордасымен шектеліп қалмай, жалпықазақ елі бойынша атсалысады. Мысалы, патша өкіметі құлағаннан кейін 1917 жылы 24 наурызда Минскіден Ә.Бөкейханов бастаған бір топ зиялылар жер-жерге жеделхат соққанда, Астрахань губерниясындағы Шәңгерей Бөкеев пен Б.Құлмановқа арнайы жібереді.
1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен Жалпы қазақтық съезде Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа Бөкейліктен Б.Құлманов, У.Танашев, Б.Ниязов ұсынылады. «Қазақ» газеті Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылған адамдарды сипаттай келе Бақыткерей туралы: «…Университет бітірген кісі. Былтыр 25 июнь жарлығы шыққаннан кейін „Арыз айтасыз, Мәулет сөйлейсіз“ деп Астрахань губернаторы Бақыткерейді жер аударып еді. Бақыткерей Самар губерниясынан еліне бостандық туғаннан кейін ғана қайтты», деп оның күрескерлік қимылын атап өтеді.
Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезге ол арнайы шақырылып, съез президумының төрағасы болады. Съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады.
Алашорда үкіметінің төрағасының орнына Ә.Бөкейханов, А.Тұрлыбаев пен бірге Б.Құлмановтың да түсуі де көп жайтты аңғартады. Осы съезден кейін ол еліне қайтып, артынан сүзек ауруынан 1919 жылы Жаңақалада қайтыс болады. Кейбір энциклопедияда жазылып жүргендей, ол шетел асып кеткен жоқ.
Түсініктемелер
↑ Орайы келгенде айта кеткен жөн, кейбіреулер оны қателесіп, қазақ деп жүр. Ол өрескел қате. Ол қате Н. Прутанскийдің редакциясымен 1906 жылы шыққан 1 Мемлекеттік дума туралы кітаптан алынса керек. Онда қалмақ дегеннің орнына жаңылысып «киргиз» деп жіберген. Әмбе атынан да көрініп тұр ғой қазақ еместігі.