Антонина Ивановна асерчева



Дата25.02.2016
өлшемі1.99 Mb.
#20969
Антонина Ивановна АСЕРЧЕВА
1950 жылы 6 тамызда Украинаның Житомир облысындағы Новоград – Волынск қалаында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін кәсіби еңбек жолын Орал (Батыс Қазақстан) облыстық адвокаттар алқасында адвокаттық қызметтен бастады. 1982 жылы Орал облыстық сотының мүшесі болып сайланып 2008 жылы доғарысқа шыққанға дейін Батыс Қазақстан облыстық сотында судья болып жасады. Антонина Ивановна сотта қызмет еткен жылдарында негізінен алқанда қылмыстық істерді қарады. Қызметтегі жетістіктері үшін алғыстар мен марапаттауларға ие болды.

Антонина Ивановна сауатты, өзінің кәсіби міндетіне адал, салқынқанды, турашыл судья болды.

Отбасылы. Жанұяда екі перзент тәрбиелеп, өсірді.

Валентина Васильевна ЕФРЕМЕНКОВА
1937 жылы 20 қаңтарда Псков облысының Невель ауданындағы Гостилов селосында дүниеге келген. Ұлты орыс.

Еңбек жолын 1958 жылы Великие Луки қаласындағы тігін фабрикасында тексерушіліктен бастап, кейін Балаково қаласындағы қосалқы бөлшектер жасайтын зауытқа лаборант болып ауысады.

1974 жылдан бастап Орал қаласындағы К.Ворошилов атындағы зауытта жұмыс жасай жүріп, 1975 жылы Саратов заң институтына түсіп оқыды. 1977 – 1985 жылдары Орал қаласы прокурорының көмекшісі, Орал қаласы прокурорының аға көмекшісі, 1985 – 1986 жылдары Орал қаласындағы мемлекеттік төрелік сотының мемлекеттік арбитрі, 1986 – 1992 жылдары Батыс Қазақстан облыстық төрелік сотының төрайымы, бас мемлекеттік арбитр болып жасады.

Гүлмаржан Дүйсенбіқызы ӨТЕҒАЛИЕВА
1942 жылы 12 желтоқсанда Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысындағы Жәнібек ауданының Торғай ауылында дүниеге келген. 1961 жылы осы облыстың Фурманов ауданындағы Пятимар ауылында орта мектепті бітіріп, «Пятимар» асыл тұқымды мал заводында есепші болып жасайды.

Оның 1963 жылы Орал қаласына келіп, Орал қалалық сотына сот мәжілісінің хатшысы болып орналасқаннан кейінгі барлық дерлік тағдыры сот жүйесімен байланысты.

Жұмыс жасай жүріп оқыды, білімін жетілдірді. 1966 жылы медбикелер курсын бітіріп, бір ауық облыстық клиникалық ауруханаға жұмысқа ауысты. Ал 1969 жылы заң институтына оқуға түсіп, сот жүйесіне қайтып оралды. 1971 жылы облыстық сотқа аға заң кеңесшісі болып орналасқаннан кейін бірыңғай заңгерлік қызметтер атқарды. 1974 жылы Орынбордағы сырттай оқытатын Бүкілодақтық заң институтын бітіргеннен кейін мемлекеттік банкте, қалалық өндірістік сауда кәсіпорынында (1975 -1976), заң кеңесшіліктерінде (1976 – 1977) заңгер, адвокаттық (1977 – 1983) қызметтерде болып, 1983 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотына судья болып тағайындалды. Нақ осы кезден бастап Г.Өтеғалиеваның құрметті демалысқа шыққанға дейінгі ширек ғасырлық тағдыры судьялық қызметке арналды.

Ал 1996 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы болып тағайындалып, өкілеттілік мерзімі аяқталғанға дейін абыроймен атқарды.

Бірінші біліктілік сыныбындағы судья дәрежесі бар.

Гүлмаржан Дүйсенбіқызы сот жүйесінде қызмет еткен жылдарында өзінің турашылдығымен, тапсырылған міндеттерді жедел және ыждағатты орындағыштығымен, істерді тез де, сапалы қарайтындығымен ерекшеленді. Өзінің қарапайымдылығымен және қайырымдылығымен, елгезектігімен және іскерлігімен ұжымда зор беделге ие болды. Адамдармен тіл табыса жұмыс жасай білетін ізгі қасиеті мен шебер ұйымдастырушылық қабілеті, үлкен өмірлік тәжірибесі мен білімдарлығы қай кезде де сот төрелігін атқару қызметіне тың тыныс беріп, әділеттің салтанат құруына жетелеп отырды.

Сот жүйесіндегі қандай қызметте болмасын оның іскерлігі мен біліктілігі басшылық тарапынан үнемі жоғары бағаланды.

Өз міндеттерін қалтқысыз атқарғаны және белсенді қоғамдық қызметі үшін Г.Өтеғалиева алғыстар мен көтермелеу сыйлықтарына, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің Құрмет Грамотасына ие болды.

Қазіргі кезде құрметті демалыстағы Г.Өтеғалиева сот саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты ардагерлердің бірі саналады. 2012 жылғы 12 желтоқсанда 70 жасқа толды. Мерейлі жасқа толуына орай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды.
Қарлығаш Наурызғалиқызы БАТАЕВА
1953 жылы 4 қыркүйекте Фурманов (кейін Жалпақтал, қазір Казталовка) ауданының Фурманов (қазір Жалпақтал) ауылында дүниеге келген.

Еңбек жолын өркениеттің киелі шаңырағы - кітапхана қызметінен бастап, кейін заңгерлікке бет бұрды. Орынбордағы Бүкілодақтық заң институтын бітіргеннен кейін Орал қалалық атқару комитетінде заң кеңесшісі, адвокат, заңгер қызметтерін атқарды. 1993 жылы облыстық төрелік соттың мемлекеттік арбитрі болып тағайындалады.

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, соттың мемлекеттік биліктің дербес тармағына айналуы заңгердің түпкілікті таңдау жасауыына мүмкіндік берді. Сөйтіп, 1996 жылы Батыс Қазақстан облыстық сотының судьялығы қызметіне тағайындалды.

Өтпелі жылдарда облыстық соттың шаруашылық алқасында судья болып жасаған Қарлығаш Наурызғалиқызы мемлекеттік құрылымдардың қоғамның бір сатысынан екінші сатысына өтуінің құқықтық негіздерін қалыптастыруға, әділеттің, заңдылықтың салтанат құруына күш – жігерін жұмсады.

Заңгерлік білімді ғажап меңгерген және оны іс жүзінде шебер қолдана алатын, азаматтық істердің қыр – сырын, терең иірімдерін дөп басып, әділ шешім алуға қабілетті цивилист судья ретінде танылды. Бірінші біліктілік сыныбындағы судья.

Любовь Петровна КАРТАШОВА
1939 жылы 28 мамырда Батыс Қазақстан облысының Казталовка ауылында дүниеге келген.

1956 жылы Ресейдің Саратов облысына қарасты Озинки ауданындағы № 30 Озинки орта мектебін бітірген соң бухгалтерлік курста оқып, республиканың жабдықтау мекемелерінде есепшілік қызметтер атқарған.

1969 жылы Саратов заң институтын құқықтану мамандығы бойынша бітіріп, Қазақтың жабдықтау және өткізу Бас басқармасына қарасты «Оралөнеркәсіпқұрылыс» тресінде заң кеңесшісі, 1972-1975 жылдары Орал қаласы прокурорының көмекшісі болды.

1975 жылы coт жүйесіне ауысып, Орал қаласындагы Промышленный аудандық халық сотының судьясы болды. 1987 жылы Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық сотының мүшесі болып сайланып, 1988 жылдың сәуір айынан 1995 жылға дейін облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі coт алқасының төрайымы болып жасады.

1995 жылғы қараша айынан бастап облыстық соттың шаруашылық істер жөніндегі coт алқасы төрағасының міндетін 1996 жылы қараша айында өз өтініші бойын­ша доғарысқа кеткенге дейін атқарды.

Л. Карташова жиырма жылдан астам уақыт бойы судьялық қызметте болып, облыстық сотың азаматтық алқа төрайымдығынан доғарысқа кеткеннен кейін де ол облыс орталығындағы жоғарғы оқу орындарының заң факультеттерінде бірыңғай педагогикалық қызметпен шұғылданды.




Нәсіпқали Қожымұлы ЖАҚЫПОВ
1942 жылы 10 қаңтарда Тасқала ауданының І Шежін ауылында дүниеге келген. спорт және дене шынықтыру жөніндегі комитеттің төрағасы қызметіне дейін өрледіңіз. Біліміңізді жетілдіріп Орынбор қаласындағы сырттай оқытатын Бүкілодақтық заң институтын бітіргеннен кейін кәсіби қызметін 1977 жылы Тайпақ аудандық прокурорасында тергеушіктен бастады.

1979 – 1987 жылдары осы ауданда сот төрағасы болып жасап дейін 1987-1990 жылдары Фурманов ( бұрынғы Жалпақтал, кейін Казталовка) аудандық сотының төрағасы болды.

1990 жылғы сәуір айынан 2005 жылғы шілде айында зейнет жасына толуыңына байланысты доғарысқа шыққанға дейін күректей он бес жыл бойы Зеленов аудандық сотының төрағасы болып жасады.

2005 – 2008 жылдары облыстық соттың ішкі қауіпсіздік қызметінің бастығы болып, кейін екі жылға тарта облыстық жұмыспен қамту, үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жасады. Қазір зейнет демавлысында. Орал қаласында тұрады



Палат Жәмешұлы ЖӘМЕШЕВ
1939 жылы 9 қазанда Орал (Батыс Қазақстан) облысының Чапаев (қазіргі Ақжайық) ауданындағы Шағатай ауылдық кеңесінің жерінде дүниеге келген. Ұлты қазақ. 1959 жылы Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеп – интернатты бітіргеннен кейін, Чапаев ауданындағы «Еңбек» кеңшарында еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан бастаған. 1963 – 1966 жылдары Кеңес Әскері қатарында азаматық борышын өтеген. 1967 – 1968 жылдары Орал қаласындағы №2 қалалық кәсіптік – техникалық училищенің киномеханиктер даярлайтын курсында оқып шығып, Тасқала ауданының Тасқала кентіндегі кинотеатрда киномеханик, 1969 – 1970 жылы осы ауданның «Екпін» газетінде тілші, 1970 – 1971 жылдары Ақжайық ауданының «Еңбек» кеңшарында киномеханик, 1972 – 1973 жылдары Алматы қаласындағы «ТЮЗ» кинотеатрында киномеханик болып жасаған.

1973 – 1974 жылдары Алматыдағы СОКП 23 съезі атындағы поршень заводында жұмысшы, 1974 – 1975 жылдары республикалық спорт мектеп – интернатында электрик болған.

1976 жылы Алматыдаға С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, Батыс Қазақстан облысына жолдамамен келіп, Орда аудандық халық сотына судья болып сайланады. 1987 – 1994 жылдары Тайпақ аудандық сотының судьясы. 1994 – 1996 жылдары Чапаев аудандық сотының төрағасы, 1996 – 2004 жылдары Ақжайық аудандық сотының судьясы болып жасады.

«1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20 жыл» медалімен марапатталған. “Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы”



Бижан Тілешұлы ИМАНҒАЛИЕВ
1927 жылы 12 қарашада Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданындағы Ащысай ауылдық кеңесінің жерінде дүниеге келген.

1944 жылы осы аудандағы Шілік қазақ орта мектебін,1948 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. Кәсіби қызметін Каменка (қазіргі Тасқала) аудандық сотында халық судьялығынан бастаған. Кейін Әділет Министрлігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының тексерушісі (ревизор) болып жасады.

1949 жылы қыркүйекте Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып сайланды. 1952-1957 жылдары партия органдарында қызметте болды.

1957 жылы Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының тергеушісі қызметіне ауысты. 1958 жылы ақпан айында облыстық соттың мүшесі болып қайта сайланды.

1963-1977 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болды.1977–1987 жылдары Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы болып жасады.

Зейнеткерлікке шыққасын 1987-1997 жылдары “Қазақгазсервис”, “Облгаз” мекемелерінде,Терең бұрғылайтын Каспий аймағы экспедициясында, облыстық қаржы бақылау басқармасында заң кеңесшілігі қызметтерін атқарды.

Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер .

Бижан Тілешұлы ұлттық заң институтының соғыстан кейінгі жылдары сот бірден облыстың сот жүйесіне келген алғашқы түлектерінің бірі. Облыстық әділет басқармасының ұйғарымымен Тасқала аудандық халық сотында судья болып қызметін бастған ол 1949 жылы жылы еліміз тарихында тұңғыш рет өткен халық судьяларының сайлауында Бижан аға Батыс Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып сайланады.

Бижан Тілешұлы бүгінде елдің, сот жүйесінің қоғамдық өміріне бел шеше араласып жүрген белсенді ақсақалдардың бірі. Соттардағы және әділет органдарындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі мен белседі қоғамдық қызметі үшін 1987 жылы алпыс жасқа толуына байланысты КСРО Әділет Министрлігінің «Қызметтегі табыстары үшін» белгісімен марапаталған. Соңғы жылдары тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің «Үш би» белгісімен марапаталды.

Вера Петровна ЛОГВИНОВА
1952 жылғы 30 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Федоровка ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Орал қаласындагы № 31 орта мектепті бітіргеннен еңбек жолын денсаулық саласынан бастап Ақтөбе медициналық институтына түсіп оқыған. Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облыстық ауруханасында медбике, Орал қаласы бойынша мемлекеттік арбитражда хатшылық қызметтер атқарды.

1978 жылы Орынбор қаласындағы сырттай оқытатын Бүкілодақтық Заң институтында оқи жүріп, Орал облыстық атқару комитетінің жанындағы мемлекеттік арбитражда уақытша мемлекеттік төреші (арбитр), қалалық азық-түлік базасында заңгер, облыстық атқару комитетінің жанындағы мемлекеттік төреші қызметтерін атқарды. 1983 жылы институтты бітіріп, жоғары білімді заңгерлік білім алғаннан кейін сот жүйесіне ауысып, 1994-1996 жылдары Батыс Қазақстан облыстық төрелік сотында судья, 1996 жылғы желтоқсан айынан 2001 жылғы шілдеге дейін Батыс Қазақстан облыстық сотының шаруашылық істер жөніндегі coт алқасының төрайымы қызметтерін атқарды.

В.Логвинова облыстық сот тарихындағы шаруашылық істер жөніндегі сот алқасының тұңғыш және соңғы төрайымы. 1996 жылғы желтоқсан айынан 2001 жылғы шілдеге дейін Батыс Қазақстан облыстық сотының шаруашылық істер жөніндегі coт алқасының төрайымы қызметін атқарған В.Логвинова Батыс Қазақстан облыстық сотының судялығы қызметіне тағайындалып, осы лауазымды 2010 жылы доғарысқа кеткенше атқарды.

Қалима Шәмілқызы ӨТЕШЕВА
1947 жылы 19 ақпанда Ресей Федерациясының Саратов облысына қарасты Ешов ауданындағы “Көшім» совхозында дүниеге келген. Еңбек жолын ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастаған ол Д.Н.Курский атындағы Саратов заң институтын тәмамдаған соң кір жуып, кіндік кескен жері Ресейден ат басын Қазақстанға, ата жұртына бұрды. Кәсіби еңбек жолын Орал қалалық атқару комитетінің әділет бөлімінде аға заң кеңесшісі болып жалғастырды. Міне, содан бері бар білімі мен тәжірибесін, қарым – қабілетін ата – баба рухы қонған тарихи отанының кәдесіне жаратып келеді.

Қалима Шәмілқызы заңгерлік қызметтің үлкен мектебінен өтті. Орал облысы прокурорының көмекшісі, Орал және Оңтүстік Қазақстан облыстарында әлілет басқармалары бастықтарының орынбасары, Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің бөлім және басқарма бастығы болып та жасады

1999-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болып жасап, Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 мамырдағы № 885 Жарлығымен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы болып тағайындалды.

Жаратылысынан өткір де өжет, сөзге шебер, іске алғыр Қалима Шәмілқызы ұйымдастыру мен басшылық жұмыстардың қыр – сырын жетік меңгерген тұлға. Ол оның ұзақ жылдар әділет және заң органдарында басшылық жұмыстарда істегенінің де де арқасы шығар.

Қ.Өтешева алқа төрайымы болған жылдарда сотта азаматтық істерді қараудың көрсеткіштері қауырт жақсарып, сот төрелігін атқарудың сапасы артты. Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері арасында орындаушылық тәртіп нығайды. Ол жеке басының талапшылдығымен кейінгі ізбасарларға үлгі, өнеге көрсете білді.


Қуаныш Сатқанұлы ӘБУОВ
1946 жылы 22 тамызда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданындағы «Бұлдырты» ауылында дүниеге келген. Заңгер.1974 жылы Бүкілодақтық заң институтының Орынбор бөлімшесін бітірген.

1976 – 2011 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болып жасаған, КСРО Әділет министрлігінің Құрмет грамотасымен, ел тәуелсіздігі жылдарында Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы құрметінде шығарылған мерекелік медальмен, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 15 жылдығы құрметіне «Ерен Еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Құрмет грамотасымен марапатталған, «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» белгісінің иегері.

Ардагер спорт шеберлері арасында бес мәрте әлем біріншілігінің жүлдегері, соның ішінде 2006 жылы Ташкент қаласында өткен халықаралық сайыста әлем чемпионы, Қазақстан Республикасы және КСРО спорт шебері, республикалық дәрежедегі төреші, “Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері”, Қазақстан біріншіліктерінде самбодан 8 дүркін республика чемпионы, көптеген мемлекеттік және спорттық наградалардың иегері, ұзақ жылдар бойы, Батыс Қазақстан облыстық сотының соты құрама командасының жаттықтырушысы, «Самбо» күресінен спорт шеберлері арасындағы Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшесі.


Маргарита Алексеевна ДОНСКОВА
1940 жылы 22 сәуірде Баку қаласында дүниеге келген. Мектеп бітіргесін еңбек жолын сот мәжілісінің хатшысы болып бастаған Маргарита Алексеевна тағдырдың бұйырмысымен Орал қаласына қоныс аударады. 1962 жылы Орал қалалық сотында сот мәжілісінің хатшысы қызметін жалғастырған ол жұмыс істей жүріп Мәскеудің Бүкілодақтық заң институтында оқып, 1969 жылы жоғары білімді заңгерлік мамандық алды.

1967 жылы қыркүйек айында Орал қаласы прокурорының орынбасары, ал 1968 жылғы тамыз айынан бастап Батыс Қазақстан облысы прокурорының көмекшісі болып жасады.

М.Донскова 1970 жылы Орал қалалық сотының судьясы болып сайланды. Ал 1987 жылғы 21 шілдеде Орал қаласындағы Ленин аудандық сотының төрағасы болып тағайындалады. 1988 жылы 24 тамызда Орал қалалық сотының төрайымы болып тағайындалып, осы лауазымда 1996 жылғы 1 шілдеге дейін жасады.

Зейнеткерлік жастағы М.Донскова бүгінде адвокаттық қызметпен шұғылданады. Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Сонымен қатар сот жүйесінің ардагері.

«Құрмет белгісі» орденімен марапаталған.

Нина Владимировна НИКУЛИНА
1947 жылы 7 қазанда Орынбор облысының Грачев ауылындағы Покровка ауылында дүниеге келген. Ұлты орыс.

Еңбек жолын 1965 жылы Орынбор облысындағы Абдуллин қалашығында аудандық мәдениет үйінің жанындағы хордың жетекшісі болып бастайды. 1967 – 1969 жылдары осы облыстағы Покров ауылдық клубының меңгерушісі, 1969 – 1973 жылдары Бузулук қалалық оқу бөліміне қарасты №7 балабақшаның тәрбиешісі, 1973 – 1977 жылдары Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысының Теректі ауданының Подстепное кентіндегі №167 ауылдық кәсіптік – техникалық училищенің оқытушысы қызметтерін атқарған. 1977 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық заң институтын бітіріп, заңгер мамандығын алып шыққаннан кейін Теректі аудандық заң кеңесшілігінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1992 – 1996 жылдары Теректі аудандық сотының судьясы, 1996 – 2002 жылдары осы аудандық соттың төрайымы, судьясы, 2002 – 2007 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы. Бірінші біліктілік сыныбындағы судья.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы құрметіне Мемлекет басшысының Алғыс хатымен және мерекелік медельмен марапаталған. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы төрағасының Құрмет грамотасына ие болған.

Татьяна Васильевна ГОРШКОВА
1953 жылы 22 маусымда Шымкент қаласында дүниеге келген. Ұлты орыс.

1970 жылы Шымкент қаласындағы №23 орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын Свердловск қаласындағы мемлекеттік байланыс бөлімшесінің хат - хабар тасымалдаушысы болып бастады. 1971 – 1973 жылдары Шымкент қалалық әскери комиссариатының құпия бөлімінде машинистка, екінші бөлім бастығының аға көмекшісі болып жасады. 1973 жылы Саратов заң институтына оқуға түсіп, 1977 жылы жоғарғы заңгерлік мамандық алып шығып, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысының Зеленов ауданындық прокуратурасында бір жыл тағылымдамадан өтеді.

1978 – 1981 жылдары Зеленов ауданы пркурорының көмекшісі болып жасаған. 1981 – 1982 жылдары Зеленов аудандық соты судьясының міндетін атқарушы, 1982 – 1987 жылдары осы ауданның судьясы, 1987 – 1991 жылдары Орал қалалық сотының судьясы болып жасады.

1991 - 1992 жылдары Орал облыстық әділет басқармасының жеткеші маманы, 1992 – 1993 жылдары халық депутаттары Батыс Қазақстан облыстық кеңесінің мемлекеттік – құқықтық мәселер жөніндегі кеңесшісі. 1993 – 1996 жылдары Батыс Қазақстан облыстық төрелік сотының мемлекеттік арбитрі болып жасады.



1996 – 2011 жылдары Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет