Кіріспе
Сіз философия кітабын қолыңызға алдыңыз, демек, сіз философияның не екенін білуге қызығып тұрсыз. Адамдар «философия» сөзін әртүрлі жағдайларда қолданады. Абстрактілі ойлау оны түсінудің бір тәсілі болуы мүмкін. Менің күнделікті өмірімді айқындап тұратын идеялар жиынтығы – оның басқаша мәні. Ал тіршілік түйткілдерінен бой тартқым келетіні – «философия» сөзін қолданудың үшінші тәсілі. Философияның осы анықтамаларының бәрі адамның өмірлік бай тәжірибесінен алынған. Философия (үлкен әріппен жазылатын нағыз философия) – ойлауға тікелей байланысты ғылым. Бірақ кәсіби мамандардың өзі мұндай анықтамамен үнемі келісе бермейді.
Философия дегеніміз не?
Бұл кітапта философияның бірыңғай қабылданған анықтамасы жоқ. Сіз белгілі философтардың осы мәселеге қай қырынан келгенін мысалдар арқылы таба аласыз. Философияның бірнеше негізгі тармағы белгілі бір кезеңдерге қатысты баяндалады.
Эпистемология – философияның заттарды қалай танып-білетіні туралы бөлімі. Біз бірдеңе білеміз деп қай уақытта айта аламыз? «Білемін» деген сөз нені білдіреді? «Білемін» сөзіне назар аударсаңыз, ол түрлі сөйлемдерде түрліше қолданылады:
Екі жердегі екінің төрт екенін білемін.
Жердің Күнді айналатынын білемін.
Джонды білемін.
Лондонды жақсы білемін.
Банкоматты қалай қолдануды білемін.
Бөлмеде он бес адам бар екенін білемін.
Кейде «білемін» сөзі әлдекіммен немесе әлденемен, мысалы, мінез-құлық ережелерімен, қандай да бір іс-әрекет машығын меңгерумен, бір сөзбен айтқанда, өзіміз тексеріп, түсінген нәрселермен жақын таныстықты білдіреді. Кейде ол тұрақты, өзгермейтін нақты дүниеге, кейде уақытша, тұрақсыз істерге қатысты қолданылады. Бұл мағыналар өте нәзік өлшемдер арқылы ажыратылады.
Логика – ойларымызды белгілі бір ретпен – мұқият және батыл түзуімізге көмектесетін ережелерге қатысты ғылым. Логика ғылымы ойлау ережелерін қашан және қалай қолдануымыз қажеттігін анықтайды.
Метафизика көз алдымыздағы болмысты зерттейді. Метафизика – болмыстың шығу, пайда болу себептері мен принциптерін зерделейтін ғылым. Ол заттарды жеке зерттей отырып, біздің санамыздан жоғары дүниелерге ақыл-ой көзімен қарап, мәнін ұғынуға тырысады. Бұл – түсінуге күрделі ұғым. Ең дұрысы, осы кітаптың әр тұсында келтірілген мысалдардың қалай және қашан қолданылғанына назар аударып отыру керек.
Этика ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінуге тікелей байланысты. Қандай іс-әрекеттер дұрыс, ал қайсысы бұрыс? Мұны қайдан білемін? Дұрыс өмірлік мақсат дегеніміз не? Соған жетудің оң жолы қандай? Мақсат-ниетім дұрыс болса, бұған қалай жететінім маңызды ма? Міндеттерім қандай? Парызым ше?
Достарыңызбен бөлісу: |