Логика – ойларымызды белгілі бір ретпен – мұқият және батыл түзуі­мізге көмектесетін ережелерге қатысты ғылым. Логика ғылымы ойлау ережелерін қашан және қалай қолдануымыз қажеттігін анықтайды. Метафизика



бет7/9
Дата22.10.2022
өлшемі33.16 Kb.
#463216
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»

Апология
Дельфилік сәуегей Сократты өз заманының асқан данагөйі деп жариялады. Сократтың айтуынша, егер ол басқалардан ақылдырақ болса, бұл – өзінің білімсіздігінің деңгейін білгендіктен ғана. Платон жазған бұл сұхбат ақыры өлім жазасымен біткен айыптауларда Сок­раттың өзін қалай қорғағанын көрсетеді. Сократ өзі туралы жалған қауесет таратқан, бұған сенбейтін, өздерін данамыз деп есептейтіндер – оларға даналықтың кәдімгідей жетіспей тұрғанын өзі көрсете алған адамдар деп тұжырымдайды. Ол өзі араласып жүрген адамдарды (жастарды) азғындату өте ақымақтық болар еді дейді, өйткені қатыгез және жемқорлыққа батқан адамдар өзімен достасқандарға да аз зиян тигізбейді. Сократ: «Мемлекетті әлсіз де қорғансыз күйге түсірген мен болсам, ол қалай әлі өмір сүріп жатыр?» – деп сұрайды. Сократ мемлекеттегі ең мазасыз адам ретінде марапатталуы керек еді. Өлім жазасына кесілген бойда-ақ Сократ: «Адам өлімнен қорықпауға тиіс, – деді, – себебі өлім дегеніміз – тәннің жойылуы, ал одан қорқудың қажеті жоқ. Басқаша айтқанда, өлім деген тыныштық әлеміндегі өзгеріс болса, онда біз игі жандардың ортасында өзіміздің бар болуымызды жалғастырамыз.»

Платон
Сократ өз философиялық еңбектерінде өз пікірін айтудан гөрі өзгелердің пікірін сынауға бейім еді. Платон осы кеңістікте қалып қойған жоқ. Ол өз философиялық жүйесін қалыптастырған алғашқы ойшыл болды.
Өмірі
Платон шамамен б.з.д 427 жылы Афинаның маңында, ақсүйектер отбасында дүниеге келді. Ол демократиялық үкіметті сынға алды, «кеме-мемлекетті» басқару үшін мықты билік керек деген саяси көзқарас ұстанды. Шамасы, осының бәрін Платон ақсүйек тегінен шыққандықтан емес, аянышты халге түскен және қираған демок­ратиялық үкіметтің тұсында өмір сүруге тура келгенінен пайымдаған болар. Бізге жеткен деректер бойынша, Платон мығым азамат болған. Ол Пелопоннес соғысының соңғы бірнеше майданында шайқасқа түскен сияқты. Ол әуелі поэзияға, сурет өнеріне, әдебиетке құмар болды, бірақ уақыт өте оның шығармашылыққа ұмтылысы басылып қалды.
Платон – Сократтың шәкірті. Ол саясатпен айналысуға тиіс еді, бірақ оның жас кезінде Афина олигархиясы саясатта қуғын-сүргін және зорлық-зомбылық жолын ұстанды. Осы
жай болашақ ойшылдың ойын өзгерткен болуы да мүмкін. Сократты қайта өркендеген демократия билігінің өкілдері өлім жазасына кескен соң, Платонның саясаткерлерге сенімсіздігі бұрынғыдан да күшейе түсті. Ол Сократтың сотына қатысты және оны өлім жазасын қомақты айыппұлмен алмастыруға көндіруге тырысты. Платон тіпті Сократ үшін айыппұл төлеуге де дайын болды. Ауырып қалғандықтан, ол ұстазымен бақұлдаса алмады.
Сократ өлімінен кейін Платон көп саяхаттады, басқа философ­тарды оқыды, ақыр соңында Афинаға қайта оралды. Есейген ша­ғында ол Италия мен Сицилияға аттанды. Сиракузада Платон жергілікті тиранның отбасымен келіспей қалды. Олар Платонды жазалап, құлдыққа сатты. Кейінірек ақша төлеп азаттық алып, Платон қайта­дан Афинаға оралды. Осы жерде ол Еуропадағы алғашқы универси­тет – Академия­ның негізін қалады.
Платонның негізгі мақсаты – мемлекет қайраткерлері мен билеу­шілеріне білім беру еді. Оның оқу бағдарламасы бірден пайда беретіндей ғана емес, келешегі кең, көлемді болды. Академияда философия, математика, астрономия, физика ғылымдары және шешендік өнер оқытылды. Платон адамның өзі үшін білімге құныға ұмтылуын қолдап отырды. Платонның ойынша, осындай білім алған билеуші ұсақ адам болмайды. Керісінше, ондай би­леуші мәңгі және бұлжымас ақиқаттарға сүйену арқылы қорқынышсыз әрекет ететін, өзіне сенімді саясаткер болар еді. Платон Академияда дәріс оқыды, ал шәкірттері оның ойларын жазып алып отырды. Бұл дәрістер еш жерде жарияланған жоқ, жоғалып кетті. Оның біздің заманымызға жеткен сұхбаттары жарық көрді және көпшілік оқырман игілігіне айналды. Платонның ең белгілі шәкірті – Аристотель, ол Академияға б.з.д. 367 жылы оқуға түсті.
Платон Сиракузаға одан кейін де екі рет барды. Ол Сиракузаның жаңа билеушісіне ықпал ете аламын деп үміттенді. Бірақ оның «патша-философ» тәрбиелеп шығару туралы арманы жүзеге асқан жоқ. Платон б.з.д. 347 жылы Афинада дүниеден өтті. Ол үйленбеген деседі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет