Мақал-мәтелдер – халық қазынасы



Дата03.07.2016
өлшемі65.21 Kb.
#174148
Мақал-мәтелдер – халық қазынасы
Есназарова Рахия Мансуровна

Қорқыт ата атындағы ҚМУ

Ф.ғ.к., аға оқытушы
Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, аңыз-ертегілері, жұмбақ, мақал-мәтел, өлең-жырлары, ұлттық ойындары ерекше тәрбиелік мәні бар, баға жетпес асыл қазына.

Қазақ мақал-мәтелдері – халық шығармаларымен қатар жасап келе жатқан көне жанр. Олай дейтініміз, V-XIV ғасырлардан сақталған сирек жазба деректерде мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Мәселен, Орхон жазуларында: «Жырақ болса жаман сыйлық берер, жақын болса жақсы сыйлық берер», «Бастыны еңкейткен, тізеліні бүктірген» («Күлтегіннен»), «Жұқаны топтау оңай, жіңішкені үзу оңай», «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөктен») деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат – ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң кішік бол, халық үшін бәлік бол», «Кісі аласы ішінде, жылқы аласы сыртында», «Тай ат болса – ат тынар, ұл ер болса – ата тынар» дейтін мақалдарды [1], ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білікке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр», «Ауыздан бірде от, бірде су шығар, бірі жанса, бірі сөндірер» дейтін мақал-мәтелдерді оқимыз.

Алайда ертедегі құлпытастарда, сирек кітаптарда жазылып қалған бірен-сарандары болмаса, қазақ мақалдары мен мәтелдері, негізінде, халық жадында ауызша айтылып сақталған.

Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерге қатысты материалдарға шолу жасау барысында оларды жинақтау, сұрыптау, жүйелеу, жариялау ісінің екі кезеңнен тұратыны анықталды, оның алғашқысы – ХІХ ғасырдың екінші жартысы – Кеңес дәуірінің 1948 жылдарына дейін мақал-мәтелдерді тек халық аузынан жинап, жеке басылым ретінде шығару жұмыстары жүргізілген болса, екінші кезең – оларды тілдік тұрғыдан зерттеудің қалыптасуымен сипатталады.

Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш.Ш.Уәлиханов пен Л.И.Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтел сақталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Ақыл – дария, көңіл – дүлдүл», «Тотықұс бойын көріп сырланады, аяғын көріп қорланады» деген сияқты ондаған мақал бар. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері әр түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келеді. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге (кейде дербес) оны жинап жариялаушылар: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, Н.И.Гродеков, А.А.Васильева, П.М.Мелиоранский, А.А.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Фантусов, В.В.Катаринский т.б. болды.

Қазақ ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде мақал-мәтелдер жарияланған Орынборда 1879 жылы шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ыбырай Алтынсарин хрестоматиясының алатын орны ерекше.

Хрестоматияда қазақ мақал-мәтелдерінің ең таңдаулары іріктеліп жарияланған және адам туралы, әйел, бала, ата-ана мен туыстар, байлық пен кедейлік, достық пен денсаулық деп он шақты тақырыпқа бөліп, жүйелеп түзілген. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин тек оқу-ағарту ісіне емес, сонымен қатар халық мұрасын іріктеп, сұрыптап, реттеп жариялауға да үлкен үлес қосты.

Сол сияқты В.Катаринскийдің Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка Тургайской области на 1899 год» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақалдарының жинағын да атай кеткен жөн. Бұл жинақта оған дейін жарық көрген қазақ мақалдары мен мәтелдері жинақталған – бір мың бес жүздей мақал-мәтел жарияланған [2].

Халықтық нұсқалары таңдап алынып, тақырыптық принцип бойынша түзілген бұл екі басылым қазақ мақал-мәтелдерінің кейінгі жинақтарына үлгі болды, жол ашты.

Баспасөзі кенжелеп дамыған халықтардың тілін, тұрмысын, салтын, кәсібін т.б. зерттеп білу үшін құрылысы ерте қалыптасқан мақал-мәтел сияқты ескі әдеби мұраны өзгертпей, өз қалпында жазып жариялаудың және материалдың қайдан, кімнен жазып алынғанын көрсетіп отырудың ғылыми мәні үлкен. Оның үстіне әдеби нұсқаны қазақ тілінде жариялаумен қатар, орысша аудармасын беру де жинақтардың құнын арттыра түскен.

Қазақ фольклорының басқа түрлері сияқты мақал-мәтелдер де ұқыпты жиналып, молынан жариялана бастады.

Ташкентте 1927 жылы «Қазақ мақалдары» (құрастырушы Әбубәкір Диваев) [3], Алматыда 1935 жылы «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері» (құрастырушы Өтебай Тұрманжанов) [4], 1950 жылы «Қазақтың мақал-мәтелдері» (құрастырушы Балым Ақмұқанова) атты жинақтар басылды [5]. Содан бері мақал-мәтел нұсқалары мезгіл-мезгіл қайталап, толықтырылып басылып келеді.

Бұл жерде қазақ ауыз әдебиетінің жанашырлары Ө.Тұрманжанов, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев, Н.Төреқұлов еңбегін ерекше атау ләзім. Ол ескілі-жаңалы газет-журналдарда, жинақ-кітапшаларда бұрын-соңды жарияланған, әдеби-тарихи архивтерде қолжазба күйінде жатқан және ел аузынан өзі жинаған қазақ мақалдары мен мәтелдерін іріктеп-сұрыптап, белгілі жүйеге салып, үнемі толықтырып жариялап келді.

С.Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы, жалғасы ретінде қарайды. Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп, зерттеуші жалпы ауыз әдебиетіне ортақ бір ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, – дейді Сәкен, – сол заманның тұрмысының қандай болғанын, сол тұрмыстың әсерімен ол тұрмысқа ұсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. «Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі», «Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі» деген ерекше сөздер – әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиеті сол заманның салт-санасына, сол заманның тұрмысына, ол заман тұрмысынан туған мұратына ұсай туды деген сөзді қуаттайды» [17; 295].

Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалануға тиіс.

Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов – қазақ мақал-мәтелдерінің алғашқы зерттеушілерінің, оның ішінде ең беделді ғылыми пікір айтқандарының бірі. Ол «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген еңбегінде халық шығармашылығының бұл түрін жеке дербес тарау етіп алып, талдаған. Мақал-мәтелдердің басқа халықтарда да барын ескере келіп, М.Әуезов: «Мұның қазақтағы түрінің өзіндік ерекшеліктері мол... Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының дені өлең түрінде келеді. Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығына қайран қаласың. Мағына, мәні де мейлінше терең болады», – дейді [6; 28]. Сөйтеді де, «Сұлу сұлу емес, сүйген сұлу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сияқты мақалдардың ішкі ұқсастықтарының күштілігіне жұртшылық назарын аударады.

Зерттеуші қазақ халқының ғасырлар бойы қорланған қазынасынан жиналып, қағазға түскенінен, әлі күнге дейін ел ішіндегісі, хатқа түспегені көп екенін айта келіп, оқырман қауымға соларды жинау, жалпақ елдің жан-жақты игілігіне айналдыру парыз екенін де ескертеді.

«Қазақ мақал-мәтелдерінің екінші бір ерекшелігі, – деп көрсетеді М.Әуезов, – оларда халықтың мал баққан тұрмысына байланысты образдар мен сарындардың мол ұшырасатындығы. Үй хайуанаттарының қылығын айту арқылы адам мінезіне ишара, тұспал жасау соншалықты әсерлі де мәнді болып шығады». Автор бұл пікіріне дәлелді, нақты мысалдар келтіреді [6; 401]. Алайда қазақ фольклористикасының негізін салушылар мақал-мәтелдердің кейбір ерекшеліктерін анықтап, оған жоғары баға бергенмен, олардың жанрлық табиғатына тоқталмайды.

Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» (Алматы, 1948) басылған Белгібай Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады [8]. Онда зерттеуші қазақ мақал-мәтелдерін малшылық, аңшылық және егіншілік секілді негізгі тақырыптарға бөліп талдайды. Олардың тәрбиелік, білім берерлік мәніне, қызметіне көңіл бөледі. Мақал мен мәтелдің жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, әрқайсысына тиісті анықтама береді. «Мақал дегеніміз, – дейді Б.Шалабаев, – тағлым берерлік, ырғағы бар, тәжірибеде көп қолданылатын бейнелі, қысқа, нақыл сөйлем... Мәтел дегеніміз де өнеге берерлік бейнелі, ырғағы бар сөйлем. Мұның мақалдан айырмашылығы – мағынасы ашық болмай, ишарамен айтылатындығы, сөйлемнің толымсыз болып келуі» [8; 286-287].

Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формасы, өлшемі. Ол кез келген оқиғаның тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп ұзақ баяндауды керек ететін болмысты бір-ақ ауыз сөзбен ұғындырады. Мәселен, туған елдің қадір-асиеті, оны сүю, қорғау туралы ұзақ әңгімелемей-ақ «Ел іші – алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сияқты екі-үш ауыз сөзбен үлкен ұғымды бере аламыз.

Мақалдарда биік адамгершілік, мейірімділік, еңбексүйгіштік, адалдық сияқты қасиетер уағыздалып, оған қарама-қарсы арамдық, залымдық, ұрлық, өтірік, жалқаулық секілді теріс мінез-құлықтар батыл сыналып отырады. Мысалы: «Ұрлық түбі – қорлық», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Еріншектің ертеңі бітпес», «Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» және т.б.

Мақал мен мәтел – егіз жанр. Дегенмен құрылысы мен қызметінде өзіндік айырмашылықтары да жоқ емес. Мәтел жеке тұрып жинақты ойды бере алмайды, тек белгілі ойды ажарлау, айқындау үшін қолданылады. «Тазы ашуын тырнадан алады» – соның дәлелі.

Мақалдар мен мәтелдер – мағынасы да, формасы да әлдеқашан қалыптасқан, өзгеріске онша тез ұшырамайтын тұрақты жанр. Фольклорлық мұраның даму дәуірін белгілегенде бұл ерекшеліктерді елемеуге, ескермеуге болмайды.

Халық жазушыларының, фольклортанушылардың халық даналығына қатысты рухани мұрасын зерделеп, жүйелеу – болашақтың ісі.



Пайдаланылған әдебиет тізімі

  1. Катаринский В. Памятная книжка Тургайской области на 1899 год. Орынбор, 1899.

  2. Диваев Ә. Қазақ мақалдары. Ташкент, 1927.

  3. Тұрманжанов Ө. Қазақ мақал-мәтелдері. – Алматы, 1935.

  4. Ақмұқанова Б. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы, 1950.

  5. Әуезов М. Шығармалар жинағы. ХХ том. - 401 б.

  6. Сейфуллин С. Шығармалар, IV том. Алматы, 1964, - 295 б.

  7. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 1948. – 286-287 б.

  8. Абай. Қарасөздер. Поэмалар. Алматы: Ел, 1993.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет