Майдан мен тылдың бірлігі
Ұлы Жеңіске – 60 жыл
Ұлы Отан соғысы жылдарын да қарқаралылық ер-азаматтар да отаншылдық рухтың асқақ өнегесін көрсетті. Қыран ұшқыш Нұркен Әбдіров есімін бүгінде еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін біледі. Днепр өз өнін алудағы жанқиярлық ерлігіне орай Мартбек Мамыраев Кеңес Одағының Батыры атанып, Алтын белгіні 1944 жылдың көктемінде Бүкілодақтық староста М.Калининнің өз қолынан алады. Қарқаралыда мектеп директоры болған Бөпежан Иманқұловтың тағдыры да өзгеше болды. Жаралы жауынгер жау қолына түсіп, тұтқыннан бірнеше рет қашып шығады, лагерь азабын мейлінше тартады. Ақыр аяғында Белорус орманындағы партизандарға қосылады. Бұл жөнінде жазушы Наумов «Орман соғысы» атты деректі кітабында тебірене жазады. Қарқаралыдан шыққан генерал-майор Александр Павлович Чумакин отты күндерді басынан өткеріп оннан астам жауынгерлік награда қадайды. Соғыстан кейін әскери ғылым кандидаты болған ол КСРО қорғаныс минстрлілгінің Бас штабы академиясында дәріс береді. Ел тәуелсіздігін сақтап қалуда мыңдаған қарқаралылықтар майдан даласында ерлікпен шайқасты, олардың бір бөлігі алапат ұрыста бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиды.
Екі бірдей жаһандық соғыстың қатерлі өткеліне куә болған Василий Константинович Мордовинов 1892 жылы 11 қаңтарда Қарқаралыда әскери отбасында өмірге келген. Алғашында гимназияда білім алған Василий 1909 жылы Омбы қаласындағы кадеттер корпусын бітіріп, офицер атағын алған. 1918 жылы Орлов губерниясындағы Мыцинский уезінің әскери комиссары болып тағайындалған. Азамат соғысы жылдарында батальон командирі, атқыштар дивизиясының артиллерия бастығы, 16-армияның оперативтік басқарма бастығының орынбасары, кейіннен атқыштар дивизиясының командирі болып, ақ гвардияшыларға қарсы шайқастарға қатысқан.
Азамат соғысы аяқталар шақта кеңестік тұңғыш әскери академияда (қазіргі М.Фрунзе атындағы), оқып, үздік бітіреді. Мәскеудегі артиллерия мектебіне басшылық етіп, кейіннен академияда жауапты қызметтер атқарады. Ұлы Отан соғысы жылдарында В.Мордвинов Ленинград, Закавказье майдандарында қолбасшылардың орынбасарлары болып, бірнеше жауынгерлік орденмен наградталады. Бейбіт кезеңдерде Бас Штаб академиясында жемісті еңбек етеді. Әскери ғылымның докторы, генерал-полковникті қарқаралылықтар мақтан етеді.
Ел басына екіталай күн туып, ер етігімен су кешкен отты жылдарда Қарқаралы топырағында дүниеге келген кептеген азаматтар Отан тәуелсіздігін қорғау жолында жанын шүберекке түйіп, кеудесін жаудың ажалды оғына тосады. Солардың біразы жеңіс сағаты соққанда туған жеріне оралып, күйреген шаруашылықтарды қалпына келтіруге, мәдени-әлеуметтік салаларды уақыт үрдісіне сай қайта құруға белсене ат салысты. Солардың бірі - Мақат Рымжанов.
1941 жылдың шілдесінде Алматыдағы атқыш-пулеметшілер училищесін бітіріп Волхов майданында алғаш рет от-жалынға оранған ұрысқа кірді. Батальон командирінің орынбасары ретінде ел іргесіне баспалай кірген жау жасағына талай рет ойсырата соққы берген ұрыстардың алдыңғы шебінде болды. Бірақ бір жылға созылған майдан жолы ауыр жарақаттан кейін оның елге оралып, тылдағы екпінді еңбекті ұйымдастырушылардың қатарына қосылуға мәжбүр етеді. Республиканың бірнеше облысында партия, кеңес, мәдениет салаларында табысты еңбек еткен Мақат соңында жұрты айта жүретін өнегелі еңбек іздерін қалдырды.
«Бақты» кеңшарының тумасы Тілеуберген Нұрмашев 1942 жылы Ташкент әскери училищесін бітіргеннен кейін Сталинград шайқасының бел ортасында болады. Мұнан кейінгі жорық жолы Белорус майданында жалғасады. Ауыр жарақат алып Куйбышев қаласындағы госпитальда емделгеннен кейін Қарқаралы, Егіндібұлақ аудандарында, Қарағанды қаласында комсомол, кеңес, партия жұмыстарында, көмір трестерінде табысты еңбек етіп, бірнеше үкіметтік наградаларға ие болады. 1942-1950 жылдар аралығында кеңес армиясы қатарында болған соғыс және еңбек ардагері Қали Әлібекұлы Аманбаевты облыс жұртшылығы жақсы біледі. 240 шабуылдаушы авиполкте механик болған жаужүрек сарбаз Курск доғасындағы алапат шайқастарда ерекше ерлігімен көзге түседі. Соғыстан кейін Ленинград мұғалімдер институтын, Абай атындағы педагогикалық институтты, С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітіреді. Тарих ғылымдарының кандидаты бүкіл саналы ғұмырын облыстағы идеологиялық қызметке арнап, өңірдегі телевидениенің дамуына, мәдени-ағарту мекемелерінің білікті кадрлармен нығаюына үлкен үлес қоса білді. Қазір Қалекең облыстық ардагерлер кеңесінің Құрметті төрағасы.
Ұлы Отан соғысы кезінде 1 -Прибалтика 2 және 3 Украин майдандарында кеңбайтақ кеңес еліні тәуелсіздігі жолында жауынгерлі парызын адал атқарған Рымбек Тұрғанбаев та қасиетті Қарқаралы жерінде өмірге келді. Бейбіт кезеңде Ташкенттің теміржол көлігі институтын ойдағыдай бітірген ол Алматы, Қызылорда қалаларындағы теміржол бөлімшелерін басқарды. Құрметті теміржолшы үш орден, 1 медальмен наградталды. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Ұлы Отан соғысына қатысы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Сейілхан Қашқымбеков ауыр жарақат алғаннан кейін туған топырағына оралып, колхоз құрылысын нығайтуға белсене қатысады. Ұзақ жылдар аудандағы «Бидайық», Қазақстанның 30 жылдығы, Жамбыл атындағы колхоздарды басқарады. Оның жемісті еңбегі лайықты бағаланып, өңіріне Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерін қадайды. 1928 жылы Қарқаралыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумның жанындағы бір жылдық курсты бітірген Сейсенбай Алдажұманов соғыс кезінде колхоз шаруашылығын нығайтуға ерекше үлес қосып, тылдағы еселі еңбектің Жеңіс сағатын жақындатуға тигізер шапағатын шұғылалы еткен жандардың бірі. Соғыс жылдары ол басқарған колхоз аудандағы маңдайалды шаруашылықтардың санатында болады. Озат колхоздың төрағасы 1943 жылы қараша айында облыс еңбекшілерінен жиналған бір эшелон азық-түлік пен жылы киімді Калинин майданы жауынгерлеріне табыста қайтады. Ленин, Еңбек Қызыл Ту Құрмет белгісі ордендерінің иегер колхоз құрылысының тамаша ұйымдастырушысы С.Алдажұмановты республиканың халық ақындары Ш.Қошқарбаев, Қ.Айнабеков М.Жапақовтар өзінің мадақ жырларына қосқан.
Әрине шағын мақалада бір ауданнан қолына қару ұстап, ел шебін қорғаған жауынгерлер жайлы толғап айту мүмкіндігі жоқ. Біз әңгіміе арасында олардың кейбіреулері туралы ғана шолу түрінде сыр сабақтадық. Енді сол бір отты жылдарда шалғай аудандағы тыл еңбегі жайлы аздап болса да сыр тиегін ағытқымыз келеді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарқаралы ауданының тыл еңбеккерлері де жеңіс сағатын жақындатуға еселі еңбектерімен үлестерін қосты, кеңес жауынгерлерін азық-түлік, жылы киіммен қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсады. Ел басына екіталай күн туған сол бір жылдарда ауданда білім беру, мәдени қызмет көрсету бір сәтке де тоқтамаған. 1944 жылы ауданда 17 оқу үйі, 1 кітапхана, мүғалімдер мен пионерлер клубы, колхоз-совхоз театры жұмыс жасаған. 1944-1945 оқу жылында ауданда 37 бастауыш, 6 орталау, 2 орта мектеп, 2 техникум болған.
Облыстық архив қорында сақталған мына бір құжатта 1944 жылдың 31 желтоқсанында Қарқаралы аудандық партия комитеттің әйелдер бөлімінің меңгерушісі Мұсатаева, облыстық комитетінің әйелдер бөлімінің басшысы Дәненоваға жолдаған жазба баяндамасында аудандағы мал шаруашылығында жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер жайлы мынадай деректер келтіреді: «Жөншілік», «Теңдік», «Новый путь», «Бидайық», «Шатырағаш» колхоздарындағы әйелдер кеңесінің төрайымдары Сәкенова, Қамбарбаева, Әлеева, Қабанбаева, Разбекова жолдастар және осы кеңес мүшелері мал қыстату ісінде көрнекті жұмыстар істеп отыр. «Жекежал» колхозының сауыншысы Күләнда Нығметова қарауындағы 15 сиырдан 15 бұзау өсіріп, әрбір сауын сиырдан 755 литр сүт сауды. «Жөншілік» колхозының стахановшы сауыншысы Ұмсындық Аязбаева бұзауларды шығынсыз өсіріп, оның күйлілігін арттырғаны үшін қосымша еңбекақыға бір бұзау алды. Ленин атындағы колхоздың қарт сауыншысы Әрипа Ыбыраева майданға кеткен екі баласының орнын өгейсітпей, қолына 20 сиыр күтіп, әрбір сиырдан 785 литр сүт сауды, бұзаулардың бәрін аман сақтады. Аудан еңбеккерлері көктем егісіне дайындықты да үлгілі өрістетуде.
21 колхозда әйелдер бригадасы құрылды. Мәселен Фрунзе атындағы колхоздың мүшесі Айғанша Аткелтірова биыл 56 жасқа. толғанына қарамастан өзінің еселі еңбегін Отанына қалтқысыз арнауда» деп жазады. Осыдан алпыс жыл бұрынғы бұл жазбадан кешегі сұрапыл соғыс шағында шалғай ауылдағы әйел-аналардың жанкешті еңбегінен жан-жақты ақпарат алуға болады.
Ұлы Отан соғысы аяқталатын жылы да Қарқаралы ауданының колхозшы әйелдері жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосады. Бұл жөнінде тағы да аудандық партия комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі Мұсатаева 1945 жылдың 7 сәуірінде облыстық әйелдер бөліміне төмендегіні хабарлайды: «Қазір аудандағы 45 колхоз еңбек бәсекесіне түсіп отыр. Ауданда 1382 әскер отбасы бар. Көптеген колхозда мал қыстату үлгілі аяқталып, көктем егісіне тиянақты әзірлік жасалды. Бұл науқандарда әйелдер еселі еңбектерімен көзге түсуде. Мәселен, «Новый путь» колхозының мал дәрігері Жәмила Садуақасова қоғамдық түліктердің түрлі індеттерге ұшырамауына жете көңіл бөлумен қатар, күйі төмендеген жүз қойды жеке күтімге алып, шығынсыз сақтай білді. Осындай іргелі табыстарға «Шатырағаш» колхозының сауыншысы Биған Сарымсақова, Нұркен атындағы колхоздың мал күтушісі Тұйғын Жақаева, «Совет» колхозының мүшесі Разиха Қожамбаевалар қосқан үлес үлкен. Көктем егісі шағында 33 колхозда әйелдер звенолары құрылды. Олардың алаңсыз еңбек етуі үшін 35 ясли, 5 балалар бақшалары ұйымдастырылды. Әйткенмен ауданда сауатсыздықпен күрес әлі де өз мәнінде емес, Ауданда 322 әйел хат танымайды, мұнан басқа 225 адам шала сауатты деп есептеледі. Қазір 44 әйел оқуға тартылып отыр».
Белгілі халық ақыны Нияз Ожановтың сол бір ел іргесі отқа оранған жылдарда:
Ұлдарым, сендердікі Ұлы Жеңіс,
Құриды, қансырайды қалың неміс.
Жауларды жермен жексен етесіңдер,
Майданға ұйымдасты елің тегіс,
- деп жырлағанындай қанды майдан мен тылдағы еңбек дабылын қатар өріп, жеңістің тәтті шырынын қамтамасыз етуде Қарқаралы ауданының халқы да өлшеусіз үлес қосқаны анық. Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында олардың ел тәуелсіздігі жолындағы майдан мен тылдағы өшпес ерлігі бүгінгі ұрпаққа ұлағат деп білеміз.
Ермағамбет Лұқпан,
Ғаббас Смағұлов.
Достарыңызбен бөлісу: |