Қазіргі Жамбыл обл., Жуалы ауд., Көлбастау аулы,-10 1982, Алматы қазақ совет жазушысы. 1942 жылдан кпсс мүшесі. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Панфиловшы, даңқты жауынгер, гвардия полковнигі



Дата13.06.2016
өлшемі76.97 Kb.
#133814
Момышұлы Бауыржан (4.12.1910, қазіргі Жамбыл обл., Жуалы ауд., Көлбастау аулы,—10.6.1982, Алматы) - қазақ совет жазушысы. 1942 жылдан КПСС мүшесі. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Панфиловшы, даңқты жауынгер, гвардия полковнигі. Шымкенттегі жетіжылдық интернатты бітірген (1928 ж.) соң, бастауыш мектеп мұғалімі, ауаткомның хатшысы, милиция бастығы болды. 1932 ж. Қызыл Армия қатарына шақырылды. Қызметін өтеп қайтқаннан кейін, Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде жұмыс істеді. 1936 ж. Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты бітірген соң Қызыл Армия қатарына қайта алынып, взвод, рота, командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, ал 1941 ж. Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болды. Ұлы Отан соғысы басталысымен 316-атқыштар (кейіннен 8-гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене атсалысып, сол дивизия құрамында майданға аттанды. Москва түбіндегі немістермен болған ұрыстарға қатысты. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның батальон, полк командирі болды, соғыстың соңғы жылдарында (1944-45) осы дивизияны басқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, батырлық атақ-даңқы аңызға айналды.
    Момышұлының қаһармандық ерлігі туралы белгілі орыс жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» повесінде жан жақты жазды. Б. Момышұлының, өміріне арналған Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-дилогиясы жарық көрді, «Қазақфильм» киностудиясы,«Ел басына күн туса» (1967) көркемфильмін түсірді. Москва акад.драма театры Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды.
    1952 жылы Совет Армиясы Бас штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірді. 1950—56 ж. әскери академияда сабақ берді және тұрақты әскери қызмет атқарды. «Офицердің күнделігі» (1952), «Бір түннің тарихы» (1954, орыс тілінде), «Біздің семья» (1956, орыс тілінде) атты алғашқы кітаптары сол тұста жарық көрді. Момышұлы еңбектері орыс-қазақ тілдерінде бірдей жазды. Негізінен әскери өмірбаяндық жайттарды арқау етіп, патриотизмді, адалдықты, ерлікті ту еткен шығармалар берді. Солардың бірі «Москва үшін айқас» (1959, орыс тілінде — 1958) — халқымыздың қаһармандығын, бірлігі мен туысқандығын, совет жауынгерлерінің сом тұлғасын бейнелеген. Отан үшін ұлы шайқастың үлкен бір шежіресі іспеттес күрделі шығарма. Мұнымен қатар «Жауынгердің тұлғасы» (1958), «Майдан» (1961), «Майдандағы кездесулер» (1962, орыс тілінде), «Генерал Панфилов» (1963, қазақ тілінде — 1966), «Төлеген Тоқтаров» (1965), «Куба әсерлері» (1965), «Ел басына күн-туса» (1970), «Ұшқан ұя» (1975), «Адам қайраты» (1981) т. б. кітаптар берді. Шығармалары көптеген СССР халықтары және бірнеше шетел халықтарының тілдерінде басылып шықты. ҚазССР Мемл. сыйл. лауреаты (1975), Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен наградталған.

 

Бауыржан Момышұлының бүкіл табиғатына, тұлғасына, болмысына, өмір жолдарына бір-ақ қана теңеу бар. Ол – Батыр. Қалған атақ-даңқтарының бәрі Батырдың от бейнесінің жалын шашқан шоқтары. Баукеңнің көзі тірі кезінде ол кісімен кездесу, тіпті сыртынан бір көруді жаратқан менің маңдайыма жазбапты. Бірақ, 1980 жылы желтоқсан айында, 70 жылдық мерейтойы қарсаңында теледидардан орыс тілінде берген қысқа сұхбатын тыңдап, керемет әсерге бө­лен­генім бар еді.



Ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласының терең тарихында талай батырдың аты қалып, кешегі аласапыран заманның өшпес белгісіндей болып, бүгінгі тәуелсіз таңның ақыл-есі дұрыс, көзі ашық, ел көгертер талантты да талапты ұрпағын тәрбиелеуге зор ықпалын тигізіп жатыр. Еңселі ескерткіштері жас жеткіншектерге жөн сілтеп тұрғандай. Алпамыс, Қобыланды, Қабанбай, Бөгенбайлар – қол бастаған батырлар. Осыдан жүз жылдай бұрын бол­ған кө­теріліске басшылық жасаған Амангелді де – батыр. Баукең де шыбықты аттай мінген балауса балалық шағында осы батырлардың даңқына, ерлігіне қанық болып өсті. Еліктеген де болар. Бірақ солардай жауға шауып, қантөгісте жанын шүберекке түйіп қол бастаймын деп армандамаған шығар. Арыдағы Алпамыстар мен берідегі Баукеңдердің ұқсастықтары мен ерекше­ліктерінің басты айғағы – оларға Батыр атағын халықтың өзі берді. Ешбір жарлықсыз. Халық берген атақты ешбір хан да, президент те ала алмайды. Керісінше, жарлықпен берілген атақтың халықтың басым көпшілігіне беймәлім болуы әбден мүмкін. Ұмытылып кетуі заңды құбылыс. Жарлықпен берілер атақты сұрап алады, Қабанбайлар, Баукеңдер ешкімнен ешнәрсе сұраған емес. Көреген де дана халық оларды Батыр деп өзі басына көтерді. Баукеңнің өзінен бұрын өткен Батыр бабаларынан басты айырмашылығы бар. Баукең қан төккен соғыстың салмағы да, көлемі де, маңызы да қазақ даласында ертеректе болған ұрыс-шайқастардан ерекшілігі көп. Сондықтан, сол кескілескен сұрапыл соғыста суырылып шығып қол бастау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ұлы Отан соғысы – ол тактика мен стратегияны былай қойғанда, әскери техниканың, қару-жарақтың ең үздік үлгілерінің шайқасы болды. Командирлердің әдіс-айласын әскери техниканың мүмкіншіліктерімен үйлес­тіріп, үлкенді-кішілі атыс-шабыста азуына дейін қаруланған жауға тойтарыс беріп қана қоймай, ұрыс даласының бас­ты тұлғасы қатардағы жауынгерді аман алып қалудың да амалын табу қолбасшы Б. Момышұлының негізгі қағидасы болды. Баукең осы әскери өнерді шарықтау шегіне жеткізе игеріп, меңгерген, шығыс халықтарының арасынан шыққан санаулы сардарлардың төбесінен қарап оқшау тұр. Баукеңнің шығармаларын мұқият оқысаң, көзің осыған көп ұзамай жетеді. Әрине, Баукең қалдырған асыл мұраның бәрін жиып, жүйелеп, саралап, ғылыми түрде зерттесең, талай диссертацияға тақырып болар еді. Әскери ғылымға қосқан еңбектері мұрты бұзылмай жатыр. Қанмен жазылған «За нами Москва» шығармасы - жер шарына қазақ деген сарбаз халық бар екенін паш еткен, ешқашан ескірмейтін киелі кітап. Соғыс, ерлік, жауынгерлік борыш, жанқиярлық, Отансүйгіштік туралы сан мыңдаған кітап жазылды. Қиян-кескі шайқастарға қатысқандар да жазды, соғысты кітаптан оқып, кинодан көргендер де жазып жатыр. Бірақ солардың бәрі Александр Бектің «Волоколамское шоссе» (қазақшаға «Арпалыс» деп аударылған) романының көлеңкесінде қалып қояды. Себебі, бұл шығарма Ұлы Отан соғысындағы басты шайқастың тарихы, жаны алқымға тірелген жауын­гердің жан-дүниесінің, күйзелісінің соққы берер жұдырыққа айналуының жыр-дастаны, масайраған арам пиғылды жауызды жер жастандырып, жаншудың шынайы көрінісі, қайғы-қасіретті қажыр мен жігерге жеңдіру - жеңіске апарар сара жолдың басты кепілі екеніне көз жеткізген көсем туынды. Бұл романды осы деңгейге жеткізіп тұрған, әрине, оның басты кейіпкері – Бауыржан Момышұлы. Роман авторы А. Бек бас кейіпкер арқылы қазақ халқын жорықта алдына жан салмай, бес қаруын сақадай-сай ұстайтын жауынгер етіп көрсеткен. Шығарма ә дегеннен «В этой книге я всего лишь добросовестный и прилежный писец» деп басталады. Соған қарағанда қаламы ұшқыр жазушы, кейіп­керінің ойы отты, сөзі жалын, ары таза, намысы өткір, мақсаты баянды, арманы асқақ, ісі адал, өзіне де, өзгеге де қатал, көргені көп, түйгені мол екенін мойындайды. А. Бек қайрақ бола білді, Баукең қазақтың қайқы қылышы болды, қайраған сайын жүзі өткірлене беретін. Баукең тізеден қан кешіп, бораған оқтың арасында өлім мен өмір арпалысып, аспан айналып, жер төңкеріліп жатқанда да өз ұлтының болашағынан үмітін үзген емес. Соны А. Бекке жаздырды, жазушы аянып қалған жоқ. «Волоколамское шоссе» қазақ ұлтының, осы халықтың XX ғасырдағы Бас Батыры - гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының төл құжаттарындай әлемді шарлап кетті. Осы мәңгілік ескерткіштің ірге тасын қалаған, әрине, қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы. Ақиқатын айту керек, «Волоколамское шоссенің» өмірге келуі оңай болған жоқ. Қиындатқан Баукеңнің өзі. Баукең жазушыға күнделіктерін, жазбаларын, әскери құжаттар мен схема-карталарды қолдануға беріп қана қоймай, сол кітаптың қолжазбасынан бастап баспадан шыққанша қадағалап, бақылап отырды. Кеңес берді, түзеді, күзеді, өңдеді. Әр әрпіне мән берді, сөз тіркестерін тереңдетті, оқиғаларын шиеле­ністірді, кейіп­кер­лерді келістіре суреттеуге зор ықпал етті. Кі­тап жарық кө­ріп, сыншылардың, оқырмандардың тал­қысына түс­кенде Баукең Мәскеу қаласындағы талқылаулардың басым көп­шілігіне қатысып, оқырмандардың жү­регіне жол тауып, сыншыларды сынады. Баукеңнің пәрменділігіне, сауаттылығына, парасаттылығына, қара қылды қақ жаратын турашылдығына тәнті бол­ған жазушы қауым ағынан жарылып, орталарынан ойып орын берді. Егер Баукең А. Бекке бағыт-бағдар бермесе романның әлсіз шығатыны айдан анық екен. 1990 жылы мамыр айында «Алматы ақшамы» газетінің №117-121 сандарында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жүніс Ыбыраевтың «Арпалыс арқауы» атты деректі әңгімесі жарияланды. Бұл әңгіме Баукеңнің көзі тірі кезінде 1978 жылдың 14-ақпанында өз аузынан жазылып алынған. Әңгіме қыз­ған кезде:

«- Көкейіңізде бір зіл жатқандай сезіктеніп отырмын, аға, осы кітаптың жазылу тарихынан тағы да аздап сыр қозғамайсыз ба? - деп қиылып сұрадым.

Жанға тиердей сұрақ қойып, жетекке саласың, бала, ә, - деп мырс етті қарт. - Көкіректе арыстандай арпалысып тыныштық бермей жататын сыр пернесін дөп басып отырсың. Жүректің құпиялы қылы шертілген соң аянар жөн жоқ, өзі сыздап шыдатпай жүрген күйімді тартуға іркілмей-ақ қояйыншы, - деді Бауыржан ағай. Жастыққа шынтақтай жатып бір жөткірініп алды да, майдан жырын төгіп, сырын ағытты…» Баукең «Волоколамское шоссенің» шығу тарихын, желісін үзбей айтып береді. Кітаптың бірінші әңгімесі «Панфиловшылар алғы шепте» деген атпен 1943 жылы «Знамя» журналының №5-6 сандарында жарық көреді. Жұрт жапа-тармағай қызыға оқиды. Редакцияға жүздеген хаттар келеді. Осының арқасында А. Бек броньға ілігеді. Ол енді жағдайын түзеуге асығып, Баукеңмен келіспей екінші әңгімесін жазып, «Знамя» журналына ұсынады. Бірақ, «Знамя» журналы редакторының бірінші орынбасары Екатерина Николаевна Михайлова 1943 жылдың 20-қыркүйегінде Баукеңе хат жазады. Е. Михайлова өз хатында қолжазбаны сүреңсіз, арқаусыз, бірінші бөлімнің сәтсіз қайталануы деп тауып, «Сіздің Бек жолдасқа оның жұмысының кемшілігін түзетуге, шығарманы ширата, айтылған мәселелердің мәнін тереңдете түсуге көмекте­се­ті­ніңізге өте сенімдімін» деп өтінеді. Баукең 1944 жылдың 5 сәуірінде қолжазбаға рецензия жазып, Е. Михайловаға хат жолдайды. Бұл хатта Баукең өз ойының повесте бұрмаланып бара жатқанына қатты қапаланып жазады. Баукең рецензиясын да, хатын да А. Бекке оқытып, таныстырып келісімін алады (кейіннен рецензия да, хат та қазақшаға аударылып «Қазақ әде­биеті» газетінің 1990 жылғы 21-желтоқсанда шыққан санына басылды). Деректі әңгіменің бел ортасында Жүніс Ыбыраев «Кешегі көшпелі шаруа баласының, тұла бойы әскери қызметкердің көркем әдебиет теориясын соншалықты терең біліп, повесть жанрындағы кітаптың жазылуы барысына терлеп-тепшіп талас құрып, кемшіліктерін тайсалмай, дәл айтып, түзетілуін талап етіп, сөйтіп оны іске асырғызуы қай оқушыны болсын қайран қалдырмай қоймайды» деп тебіренеді. Бұған менің алып-қосарым жоқ.



Баукеңнің өзі жазған «За нами Москва» кітабы соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың ешбіріне ұқсамайды. Әрине, бұл кітапқа баға беріп, ұрыс даласындағы айла-әдіске талдау, операцияларды жоспарлау мен олардың мін­деттерін жете ұғу, командир шеші­мінің тоқетерін түсіну қарапайым оқырманға оңай соқпасы анық. Баукең жиған-тергенін қағазға түсіргенде, кәсіби әскери адам бола тұра, осы жағдайды барынша ескерген ғой деп, әрдайым ойлап отырамын. Қар жастанып, мұз төсенген ержүрек жауынгердің жүрегіне жол тапқан батыр Баукең, болашақ оқырмандарына ой-өріс байытудың, сана-сезім оятудың, көзқарас дамытудың, ынта қыздырудың адам көзіне көрінбейтін кілтін қалдырды. Кітап бірінші жолынан бастап оқырманын баурап алады. Оқып отырып, 316-атқыштар дивизиясының 1073-полкының аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған бірінші батальонының винтовка ұстаған жауынгері болып кеткеніңді байқамай қаласың! Қайран, Бауке! Елім деп, жерім деп, Отан үшін жан беруге бар ержүрек ерендерінің еңсесін түсірмей, жау қоршауынан иненің көзіндей саңылау тауып бес рет быт-шытын шығарып, қарсы келгендерін көкке ұшырып бұзып өтіп аман-есен негізгі күшке қосылып отырды. «Неге қоршауға түсе берді?» деген заңды сұрақ туады. Оның себебі Баукеңнің табандылығында. «Табандылық – батылдықтың қалқаны, бас сауғалап қашып аман қала алмайсың», - дейді Баукең. Ұлы Отан соғысы жылдары жоғарыдан келетін бұйрықсыз бір қадам кейін шегінбеген бір-ақ командир бар - ол Бауыр­жан Момышұлы! Бұйрықсыз ше­гініп масқара болғаннан, атысып, абырой алып, намысты қолдан бермеу артық болды Баукеңе! «Қырандарым менің, еріңдер соңымнан!» деп Баукең ұран тастағанда, сұңқарлары сермегенде семсер, сілте­генде найза бола білді. Сол сұрапыл жылдары қоршауда қалып, бүкіл әс­керімен мерт болған немесе жау қолына тұтқынға түскен генералдар болды. Қоршаудың қорлығына шыдай алмай өзін-өзі атқандар да кездесті. Мәскеу түбіндегі шайқаста ентелеген жауды тоқтатқан тек қана Бауыржан Момышұлы бастаған бірінші батальон болады да тұрады маған.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет