Маниакальды-депрессивті психоздың клиникалық көріністерінің ерекшеліктері
Маниакальды-депрессивті психоз (МДП) өткен жүзжылдықта дербес ауру ретінде Е. Крепелинмен ажыратылды.
МДП – дың негізгі көріністері депрессивті және маниакальды күйлер болып табылады. Осы күйлердің әрқайсысының өзіне тән клиникалық көріністері бар: эмоциональды өзгерістер, интеллектуальды үрдістер ағымының қарқыны және белгілі бір психомоторлық құбылыстар. Депрессивті күйде науқастың көңіл – күйі төмен, барлық психикалық үрдістер ағымы, сондай – ақ қимылдық көріністер баяулаған, ал маниакальды күйде көңіл – күй көтеріңкі, психикалық үрдістердің ағымы жылдамдаған, іс-әрекетке талпыныстың жоғарылауы байқалады.
Бұл аталған көріністер әлсіз айқындылық дәрежесінен өте айқын дәрежеге дейін байқалуы мүмкін. Сонымен, субдепрессия жағдайында науқастар жабырқау көңіл-күйге, жеңіл қажу күйіне, ойын жинақтау қиындығына шағымданады. Әлем көңілсіз болып көрінеді. Кейде аффективті патология әртүрлі сенестопатиялар, ағза қызметінің бұзылыстары түрінде дамиды. Сандырақ идеялар, терең депрессия күйі байқалмайды. Гипомания кезінде аздап көңіл–күй көтеріңкі және психомоторлы белсенділік артады. Олар өмірге құштар, әрекетшіл, өздерін жоғары бағалайды, кейде өткір, тітіркенгіш болып келеді. Дегенмен олардың әрекеті өнімді болып қалады, және жиі қызметін жалғастыра береді. Депрессивті және маниакальды күйлер бірден пайда болмайды, олар белгілі бір кезеңдерден өтіп дамиды, дегенмен маниакальді аффект депрессивті аффектпен салыстырғанда жылдам дамиды.
МДП салыстырмалы түрде кеш басталады. Науқастанғандардың орта жасы 35 – 40 жас. МДП әйелдер жиі шалдығады. МДП – ң таралуы 5000 – 10000 тұрғынға шаққанда 1 науқасты құрайды. Бұл дерт көзге көрінбейтін себептерден немесе қандай да бір зиянды фактордың әсерінен кейін дамуы мүмкін.
Дерт депрессивті күйден де, сондай – ақ маниакальды күйден де басталуы мүмкін. Ұстамалардың ұзақтығы әртүрлі, олар бір аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Ереже бойынша, ұстама науқастың сауығуымен, психикалық бұзылыстардың жойылуымен аяқталады, бірақ арада бірнеше уақыт өткеннен кейін науқастарда аффективті бұзылыстар қайта дамиды.
Депрессивті күйлер
Депрессивті күйдің дамуы, алғашында физикалық бұзылыстар басымдылығымен, содан соң психикалық бұзылыстардың да көрінуімен жалпы дискомфорт сезімінен басталады. Содан соң жүрек аймағында, көкірек тұсында физикалық мұң сезімімен төмен көңіл – күй дамиды. Бұл сезімдер науқастармен басу, қысым, ауру сезімі ретінде суреттеледі. Кейде өздерінің эмоциялық бұлыстарын сезімсіздік күйі ретінде түсінеді. Сонымен қатар олар ойлау қабілетінің баяулағандығын, болып жатқан жағдайлар мен құбылыстарды түйсінудегі қиындықтарды байқайды. Науқастардың бет ажары мұңлы, қозғалыстары мен сөзі баяуланған.
Мұң сезімі, психикалық көріністердің баяулауы және қозғалыстық реакциялардың тежелуі, депрессияның белгілері болып табылады. Бұл кезде науқастардағы қозғалыстың тежелу күйі субступор және ступор (депрессивті ступор) деңгейіне жетуі мүмкін, бірақ кататониялық ступормен науқастардан айырмашылығы олар сұрақтарға әрқашан біртекті болса да жауап қайтара алады. Науқастар туыстарына, жақындарына деген эмоциялық үйірлігін, қоршаған ортамен эмоциональды үндестігін жоғалтқанына шағымданып, осыған аса ауыр күйзеледі. Өзінің күйін суреттуге келгенде дәрігерлерге олардың күйін түсіну қиын тәрізді көрініп, кейде көп сөйлеп кетеді.
Депрессивті күйлер басқа да психопатологиялық өзгерістермен қатар жүреді. Науқастарға қатысты жайлар көмескі бояумен қабылданады. Өз өміріндегі жеке жағдайлар мен ұсақ тірліктерді олар өзін - өзі кінәлау және өзін-өзі кемсіту идеяларын құруға қолданады. Мұндай идеялар аса бағалы, сондай – ақ сандырақ сипатын да алуы мүмкін. Науқастардың ойынша, олар өзінің жасаған қылмысы үшін сот алдында жауап беру керектігін айтады және өте қатал жаза қолдану қажет деп есептейді. Науқастардың күйінде айқын тәуліктік тербелістер байқалады. Кешкі мезгілде таңертеңгі уақытпен салыстырғанда олар жеңілдік сезінеді. Депрессивті күйлер соматовегетативті бұзылыстармен қатар жүреді: іш қатулар, шырышты қабаттардың құрғауы, тәбет бұзылыстары және т.б.
Депрессияның мұндай күрделенген түрі қазіргі таңда өте сирек кездеседі. Әдетте депрессиялық күйлерде депрессияның қандай-да бір компонентінің басымдылығы байқалады, осыған сүйеніп депрессивті синдромның белгілі бір варианты жөнінде айтуға болады. Депрессивті синдром варианттарын бөлудің ортақ белгілеріне депрессивті күйдегі психопатологиялық құрылымның типті немесе атиптілігі жатады.
Типті депрессивті күйлер ішінде ең алдымен анестетикалық депрессияны ажыратамыз. Мұндай күйдегі науқастар өздерінің сезімсіздігіне шағымданады, олардың айтуынша өзге адамдардың сезімдері қызықтырмайды, қоршаған өмірде болып жатқан жайттар оларда қуаныш та, реніш те тудырмайды, науқастар «жаным жоқ» немесе жүрегім «мұз тәрізді суық» деп есептейді. Кейде бұл сезімдер anaesthesia psychica dolorosa (жанға бататын психикалық сезімсіздік) дәрежесіне дейін жетеді. Мұндай жағдайда науқастар өз күйлеріне қатты күйзеледі. Науқастар өзінде қандай болмасын сезім тудыру үшін өз денесіне терең тілімдер немесе басқа да зақымдар жасаған оқиғалар орын алған. Дегенмен жиі анестетикалық депрессия қоршаған ортаға немқұрайлы, селқос қатынаспен көрініс береді (бұл күйді шизофрениямен науқастардағы эмоциональды кедейлену жағдайымен шатастырмау керек).
Типті депрессивті күйдің келесі варианты өзін - өзі кінәлау сандырағымен жүретін депрессия. Бұл кезде сандырақ өзін - өзі кінәлау және өзін-өзі кемсіту идеяларымен көрініс береді. Бұл аталған идеялар әртүрлі сипатта болуы мүмкін: науқастар өткен өмірінде жіберген болмашы қателіктерін еске алады. Депрессивті аффект әсерінен осы өтіп кеткен жайлар ауыр дертті, жасанды актуальдылыққа ие болады және науқастардың санасында «қатаң жазаны» қажет ететін үлкен көлемді қылмыс сипатын алады. Мұндай науқастар ешқандай негізсіз кейде өздерін туыстарының өліміне кінәлайды. Депрессивті науқастар жақын адамына қажетті күтім көрсетпедім, түсіністікпен қарамадым, осылайша оның өлімін жылдамдаттым деп есептейді. Жиі депрессивті науқастар айналадағы адамдар алдында өздерінің толымсыздықтарын сезінеді.
Типтік депрессивті күйдің келесі варианты – үрейлі депрессия. Әдетте бұл түрі аффективті бұзылыстардың әлсіз интенсивтілігімен және созылыңқы ағымға бейімділікпен сипатталады. Үрейдің күшеюі жиі кешкі мезгілде үдей түседі. Мұндай күйлер бірнеше айға, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Үрейлі депрессия тереңдей түскенде ажитациялық түрге ауысады. Мұндай күйдегі науқастар бір орнында отыра алмайды, аласұрып, қолдарын қайырып қысады. Жиі медперсонал немесе басқа адамдардың алдында суицидальды әрекет жасауға тырысады.
Сонымен қатар дисфориялық депрессияны ажыратады. Мұндай күйдегі науқастарда депрессияның басқа компоненттерінен басқа үнемі тітіркенгіштік, томағалық, өзі мен айналадағыларға көңіл толмаушылық бақыланады.
Жиі қимыл – қозғалыс бұзылыстарының басымдылығымен жүретін - ступорозды және адинамиялық депрессиялар да кездеседі. Ступорозды депрессия кезінде тежелу субступорлық деңгейге дейін немесе кейде ступорлық дәрежеге дейін жетеді. Адинамиялық депрессияда тежелу әлсіздік, сылбырлық түрінде көрінеді. Науқастар кейде айлап жатып қалады, ешнәрсеге қызықпайды, ешнәрсемен айналыспайды. Әсіресе адинамия және әлсіздік көріністері таңғы уақыттарда байқалады: науқастар ұзақ уақыт бойы орнынан тұра алмайды, жуынып, киіне алмайды. Айқын адинамиямен қатар мұндай науқастарға өзін - өзі кемсіту идеясы тән.
Және де жабысқақтықпен, соматовегетативті бұзылыстармен жүретін депрессияны ажыратады.
Достарыңызбен бөлісу: |