Мариям бегім!
Сізге Хасекең туралы естелігімді жолдап отырмын. Егер көлем жағы қинаса, «Күнделікті» қысқартуға болар. Бірақ сонда Жан жылуы болғандықтан қостым. Жылы қай уақытта, қайда болады? Ғалия апайға, Хадиша апайға барып, көңіл айтып шықсам деп ойлар жүрмін. Түбі бір ерті келер.
Жауабын электорнды почтамен жіберерсің. Амандық тілеймін.
АЛАШ ҮНДІ АЗАМАТ ТУРАЛЫ АЗ СӨЗ
Әр адам өзінің кімге қандай сүйкімі бар екенін біледі. Оның ішінде ағайынды алыстан шалатын шырмауығы мен шырматуы бар, «қарға тамырлы» қазақтың бір бармағы басулы, бір күрмеуі ішінде жүреді. Танысуымыз ұзақ, табысуымыз тез болған Қалибек хакімнің ұлы Хасен Өралтай – мен үшін сондай әрі алыс, әрі етене тұлға болды. Мүмкін, кіндігі ежелден байласып, тағдырыдың бір жібінің ұшығы күрмеліп жатқандықтан да, ата-бабамыздың аңсары тоғысқан сарынның жаңғырығы болар, бірден төс түйістіріп, алғашқы екі ауыз сөз алмасқаннан кейін, әзіліміз жарасып, ымымыз ортақтасып кетті. Жалпы олардың бостандық іздеп, Аланай мен Бұланай асқан көшінің тағдырын ес білгелі естіп өскендіктен де, аңғарым бар болғанымен, «Азаттық» радиосы арқылы естілген дауысы мен астарсыз сөзі қайым ойдың қайымын қайырып, тегі жақын, естілуі таңсық «Азаттық» деген аңсарлы жүлгеге жөргеп жіберетін. Оның бүркіттің шаңқылындай таза дауысын алпыс тоғызыншы жылдың қарашасында көз байланған кезде Рымғали Нұрғалиұлының кішкене ғана үнтартқышынан естісем керек. Алаш үнді азаматтың алғашқы дауысы маған осылай жетті.
Тұрақты тыңдаушы болдым дей алмаймын, алайда зиялылардың өзара пікір алмасуынан, сексенінші жылдары Ғалым Ахмедов дегдарың айтуымен, «Азаттықтың» әр түрлі хабарлары мен пікірлерін естіп қалып жүрдім. Чернобыль мен желтоқсан оқиғасы туралы алғашқы шындықтан да сол дегдар арқылы құлағдар болып едім. Араға сегіз-тоғыз жыл салғанда Шығыс Түркістанның тағдырына етене қанығып, сол майданда болған Жағда Бабалықұлы, Балқаш Бафин, Бұқара Тышқанбаев, Қалдыбай Қанафин, Әнуарбек Төгісов, Ахметқали Бітімбаев, Сейіт Итмеміров сияқты майдан офицерлерінің әңгімесін тыңдап, Аланай мен Бұланай асқан Қалибек хакім мен Құсайын тәйжінің, Тәкіманның көші, Оспан көтерілісі туралы бір пара мәліметтерден тәп-тәуір мағлұматым болды. Жетпісінші жылдың аяғынан сексенінші жылдардың ортасына дейін Балхаш Бафиннің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен жазысқан хаттарын оқып, Түркиядағы көшкен елдің тағдырынан хабардар болдым. Хасен ағамыздың жөнін де білдік.
Кейін Еуропаның әр қаласында Өралтаймен кездесіп, пікір алысқан адамдардың мінездеме беруінше, сымбатты, сырбаз, аңғарлы, сергек және өжет, нағыз күрескер әскери полковниктің кейпінде көз алдыма елес берді. Желтоқсан оқиғасы мен алаш туралы еңбектері жарияланды. Оның өзі келді, жұрт барды, Қабдеш Жұмәділұлымен, Мұхатр Мағауинмен, Рымғали Нұрғалиұлымен етене араласты, тіпті, біздің қатарластарымыз қарға тамырланып та кетті. Бірақ, бетпе-бет танысудың орайы келмеді. Мен ол кісімен оңаша, еш куәсіз және ашық сөйлескім келді. Неге екенін білмеймін, әйтеуір түркиялық қандастарымызбен етене танысудың, не араласудың орайы келмеді. Құрылтайлардың тұсында да ол кісілермен алыстан сыйластық. Тек Мысырдан қайтар жолда Станболдағы Бұхарбай атты елші азаматтың ырқыменен Мансұр тәйжінің шаңырағынан дәм татып шыққанымыз бар.
Содан Абайдың жүз елу жылдық тойынан қайтып бара жатқанда Күшікбайдың бұлағының басында ат шалдырып, сусап тұрғанда Рымғали Нұрғалиұлы таныстырды. Костюмін желбегей жамылған, кеудесін кере ұстаған, бәріміздің төбемізден қарап тұрғандай боп өзін паң ұстады. Рымғали ағаның еркінсіген сөзі әсер етті ме, жоқ, екеуміз екі түрлі көңіл-күйде тұрғандықтан ба, бір-біріміздің атымызды білетінімізді ғана айтып, сыпайы бұрылып кеттік. Сөз тоқтасатын жер емес, тойдың екпіні де мойын бұрғызбайды. Дегенмен, бір сөйлессем деген тілек бұрынғыдан көрі беки түсті.
Жылдар өтті. Астанаға ауыстық. Хасен ағаның мінезі мен жүріс-тұрысы, еңбегі, Ізмірдегі саяжайы, көзі тірісінде өзінің қабірінің орынын дайындап қойғаны, қымыз ұстаған, киіз үй тіккен түркиялық қандастар туралы Рымғали аға сүйсіне баяндап жүрді. Хасен аға да Астанаға бірнеше рет ат басын тіреді. «Елім-айлап өткен өмір» де қолға тиді, Рымғали аға оның Мюнхендегі архивін Ұлттық академиялық кітапхананың қорына әкеп өткізді. Сонда да жолымыз тоғыспады. Содан, ұмытпасам, осыдан үш жыл бұрын Астана қалалық тіл департаментінің бастығы Оразгүл бегім «Хабар» телеарнасында Хасен Өралтаймен бірге пікір алмасуға шақырды. Студияға кіріп келе жатқан өр тұлғасы есімде, ағамыз алғаш көрінгендей екпінді емес, өжет емес, басылып қалғандай. Сөйтсем, инфарк алып, сақтанып жүрген кезі екен. Енді шегінетін де, тосаңситын да жер жоқ, сәлемнен бастап, жөн сұрасқанға жетер-жетпестен, нағашылы-жиенді болдық та шықтық. Үш-төрт қайырымнан соң астарлай табысып, шым-шым шымшысып, жұмсақ та биязы әзілге көштік. Маған сол тұста ол сондай бір нәзік мінезімен көрінді. Жан жылуы сыртына шығып тұрғандай әсер берді. Мен: «Қазір тікелей эфирден өзіңіздің арманыңызды ашық айтыңыз», – дедім. Ол: «Мен шет елдің азаматы болғандықтан да, ішкі мәселе туралы пікір білдіргенім сыпайлыққа жатпас. Бірақ қазақ тілі мәселесі алаңдатады ... Тәуелсіздікті көрдім, енді «madeo jn kazahstan» деген өнімді көрсем, арманым жоқ», – деді әдеппен.
Сөйтіп, екеуміз студиядан қолтықтасып шығып, дәлізде жарты сағаттан астам оңаша сөйлестік. Арамызда ешқандай дық, түсініксіздік мәселе қалмасын деп келісіп алдық та, ұзақ жылғы жинақталған сауалдарымызды тез қойдық, ол да қысқа әрі түсінікті, шын жауапты берді. Сеніскен адамдардың арасында ғана айтылатын бір-екі мәселе жөнінде өзінің де қатысын білдіріп кетті. Ол жауаптарға мен сендім. Әрине, арасында «шымшыласып» отырдық. Мен Балқаш Бафиннің толық жинағын құрастырып шығарғанымды, соның ішіне ол кісінің Қалибек хакіммен, Қамза Ұшармен алысқан хаттарын жариялағанымды айтып ем, қуанып кетті. Жинақты Алматыдан, Балқаш ағаның жамағаты Никар апайдан алатынын білдірдім. Кейін Әбубәшәр жеткізіп берді. Сонда әкесінің туғанына жүз жыл толуына орай Алматыда конференция өткізіп, жинақ шығару туралы мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамедпен келіскенін, Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысы туралы үш том құрастырып жатқанымды біліп, соған орай арнайы бір басбаяндама дайындауымды өтінді. Соңына ала: «Атыңды оқып, затыңды естіп жүруші елім. Өзің бір ашық пікірлі, ертерек танысатын жігіт екенсің. Жаманнан да жақсы туады екен-ау»», – деді. Мен: «Сонау Ізмір мен Алтайгөйге сүйретіп тастамай жүрген киіз үй де ағашына тартады емес пе. Сүзіліп барып бір шыбықтың шыққан жерін қарамайсыз ба?», – дедім. Бұл сөздердің әдібін жазбай-ақ қояйын, әйтеуір, аяқ астынан нағашылы-жиенді болдық та қалдық.
Кетер-кеткенше, қайда болса да, қай үйде отырса да, шайтанқұлақпен хабарласып, бір-екі шымшып үлгереді. Кейде жауа беріп үлгерем, кейде үлгере алмай қаламын. Бірақ бір-екі сағаттан кейін тағы хабарласатынын біліп, «сыбағасын дайындап» қоямын. Ертіп жүргендер: «Хасекеңнің мұндай құрдасы жоқ сияқты еді. Кім екен?», – десіп Әбубәшәр сияқты інісінен сұрайды. Ол кезде бауырымызбен бауыр баса қоймаған кез, мені қайдан білсін... Қаржаубай Сартқожаұлы Хасекеңді Қояндыдағы қалың керейге алып барып, ондағы бесіктегі кезінде айттырып, ес білер-білместен көз жазып кеткен қалыңдығына жолықтырғанын, екеуінің дәстүр бойынша көріскенін білген соң, тілім қышып кетіп, шайтанқұлақтан: «Қалыңмалыңызға не қосайын?», – дедім. Сонда босаңсып кетіп: «Тағдыр ғой, тағдыр. Әкемнің бір аманат өмірі сияқты еді. Дәстүр бойынша әке, шешеме жоқтау айтты. ... Тағдыр ғой...», – деген босаңсыған дауысы әлі құлағымда. Екеуміздің әзілсіз қайырған бір сөзіміз осы болды-ау деймін.
Содан бастап ол кісі Түркиядан, Мюнхеннен он-он бес күнде бір «шайтанқұлақ» соғып тұрады. Екі-үш ауыз сөзден кейін: «Жә, бір керейсітіп тастадың ғой. Аман бол. Сенің шығының шықпасын, өзім хабарласып тұрамын», – деп байланысты үзеді. Хабарласудың да сырын біліп, бір рет өзім хабарласып, таң қалдырғаным бар. Сол жиі соғылған «шайтанқұлақтың» дені жоғарыда айтылған Халибек хакімнің туғанына жүз толуына орай өтетін конференция мен жинақтың төңірегінде болды. Тендер деген сол жылдары кешігіп шығатын еді де, әлгі жинақтың жоспарға енуі созылып кетті. Соның жай-жапсарын ашық түсіндіргенімде, жағасын ұстағандай боп таңдана сөйлейтін.
Ақыры іс жыл аяғына қарай сәтімен бітіп, Алматыда ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастырушыларға да, өзіме де конференцияға қатысуымды қатты қадағалап тапсырды. Конференция салтанатты, салихалы, мазмұнды өтті. Құран-хатымға, мәжіліске жиналған адамдардың саны өте көп болды. Қазақстанның, Түркияның, Қытайдың, Монғолияның, Германияның қазақтары басын қосқан алқалы алғасу деңгейінде өтті. Сол жолы түркиялық қазақтармен де, Хасен ағамыздың үйіндегі Хадиша жеңгемізбен, Ғалия апаймен, Әбуақап Қарамен, Мариям Қырымлымен, Шүкірәлимен, Әбубәшармен және өзге туыстарымен де, жеңге, келіндерімен жақындау таныстым. Бұл енді, емін-еркін алғасу, құшаққа тарту, бауырға басу, идіріп-тартып әзілдесу, ыммен де емеуірін араласқан жарасты күндер болды.
Хасекеңнің бір өжет мінезі сол конференцияда көрінді. Нәбижан жүргізіп отырды. Мәмбет Қойгелді жақсы баяндама жасады. Қабдеш ағамыз бен Мұхтар Шаханов сөйледі. Министрдің құттықтауы оқылды. Содан кейін әлдебір әнші әлдебір жаққа асығыс ұшып бара жатқандықтан да, конференцияны қысқартып, концертке орын берілетін болды. Әлгі асығыс әнші «Атамекенін» айтып болған соң Хасакең сақнаға шықты да: «Бұл – ғылыми конференция, концерт тыңдауға емес, жұрт пікір тыңдауға жиналды. Сондықтан асыққан әншілер кете берсін, бірінші ана Тұрсынға сөз беріңдер. Астанадан сол үшін келді...», – деді. Жұрт та қолдап, күнтәртібін тақырыпқа бейімдеді. Бізде кейде осындай еркінсу мен еркеліктердің жөнсіздікке бастайтыны да бар. Мен «Алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасадым, кейін оны жоғарыда аталған үш томдықтың алғысөзі ретінде жарияладым. Ондағы айтылған пікірге, көтерілген мәселеге көңілі толып, арқамнан қақты. Бұл енді білген адамға тәп-тәуір баға.
Конфернциядан кейін Мәдениет минситрлігінің Хасекең мен туыстарына арналған дастарханы бар екен. Әлдебір жақындығымызды байқап қалған Мәдениет министрлігі мен «Қазақ тілі» қоғамының жігіттері сол кешті жүргізіп беруді тапсырды. Сол мәзірді бейне бір мен ұйымдастырғандай, Хасекең мәз боп қалды. Жоғарыда аттары аталған, аталмаған түркиялық апа-жеңгелермен сонда етене таныстым. Бәрі де еркін әрі әдепті мінез көрсетті. Қазақы инабат, мұсылмандық ибаны сонда анық байқадым. Хасекең өзі қатарлас достарымен еуропалық дәстүрде еркін отырды. Сол кеште «әкелері дос болған» Балқаш ағаның жамағаты Никар бегім сөйлеп, көп өмірдің көмескі беттері ашылатындай болғасын, Хасен аға: «Біз ағаның үйіне міндетті түрде құран бағыштап шығамыз», – деді. Бұл енді бізге де бір жүктеулі міндет, құрметтей көрініп, уағдамен той тарқады.
Никар бегімнің дастарханы басында Хасен аға Башпай, Қалибек, Тәкіман, Оспан туралы көп әңгіме айтып, Балхаш аға Башбайдың хатын Құлжа қаласындағы Әлихан төреге әкелген жолғы әңгіменің ішінде Қалибек хакімнің де болғанын, сондағы уағдаластықтың соңы бостандық іздеген азаттық көшіне ұласқанын бәрімізге түсіндіріп берді: «Сондықтан да бұл үй Қалибек хакімнің де үйі, ата дастарханымыз. Сыйласып өтіңдер», – деп Ғалия апай бастаған туыстарына аманат еткендей болды. Бұл жолы Хасен ағамен кәдімгі бауыр ретінде сөйлескім келіп әзілден қашқақтай беріп ем: «Ей, қабырғалай салып қайқайып барасың ғой. Мұныңды қой. Бұрын да әзілді көп естігеміз жоқ, оған мүмкіндік болмады, енді ескі сөздер есіме түсе бастағанда, қайқаңды қой. Енді қашанғы сол сөзді естиміз», – деді. «Е, керей жапырақ, әлем тапырақты» сағынып қалған екенсіз ғой», – деп үйреншікті жорғамызға бастық. Үй-ішіміз де араласып, менің Назым атты қызымды кәдімгідей бауырына тартып, хабарласқан сайын атын атап, сәлем айтып жатады: «Екеуміз бір апталап, ай жатып оңаша әңгімелесуіміз керек екен. Мен сені өзім шақырамын. Түркияны да, Мюнхенді де аралаймыз. Ізмірде саяжайым бар, өзім хабарласамын», – деді қоштасарда.
Тағдыр содан кейін көрісуді жазбады. Бірақ айтқан уәдесінде тұрып, Түркияға шақыртып, өзі күніне үш рет хабарласып: «Әй, батыр... Мен шын ауырып қалдым. Дәрігер рұқсат етпеді. Сені күту үшін сонау Салихлыдан бауырыңды алдырдым. Еркін арала. Мұндай мүмкіндік қайтып бола бермес. Саған уәдемді орындап қалайын деп асықтым. Алдағы күннің нәсібі бір Алладан», – деді. Шындығында да бұл бір ғажайып сапар болды. Оны осы Түркістанда» жарияланған «Жолы болған жолаушы» атты күнделігімде барынша қанық әрі өзінің тірі кезіндегі лебі сақталғандықтан да, дүниеден өткеніне жыл толып қалған асыл азамат туралы Түркиядағы Қазақстан елшілігінің және зиялы қауымның ұйымдастыруымен халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғандығын қадари қауымға ескертумен еске алу рәсімін аяқтағым келеді.
ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
(Анажұрт күнделігі)
Шағын ілеспе
Сәтіне дәті сай үйлесіп, жол қарасы жөнімен ұзарып, ана жұртты аңсарынан арыла аралауға орайы келген бұл сапардың болмысын «жолы болған жолаушы» деген аталы сөз ғана толық жеткізетін сияқты. Түркі тарихын әлмисақтан бастап төстабандап шыңдап, ата күшін Алтайдан алып, ана кіндігін Қаратеңізге байлаған зиялы адамның әр қайсысы: адамзат өркениетінің бесігі, түркі дүниесінің тұтқасы – Түркияның тағдырлы жолымен бір жүріп шығуды ойластырмауы мүмкін емес еді. Тоғыз жолдың торабындағы Станбол – түркі дүниесінің жүрегі болса да, оның қан тамыры – қара жолдарды бойлап шығып, бауырыңды жылытып, бауырыңды бауырыңа баса тартқанға не жетсін. Қойындасып кетпесек те қапталдаса қатарласуға орайын келтірген оқыс сапар Малтөбе университетінің ғалым-үйлестірушісі, бейтаныс қарындасымыз Гүлжанат Құрманғалиеваның Станболдан шайтанқұлақ шалып: «Біртұтас алаш идеясы және кеңестік жазалау» саясаты туралы халықаралық конференцияда баяндама жасап берсеңіз, Токио университетімен бірігіп өткізілетіндіктен де, оның ішінде «қазақтар қалай жапон шпионы болып жүр?», соған тоқталсаңыз. Хасен Оралтай аға бұл жөнінде Сізде қауіпсіздік комитетінің құжаттары бар. Ол адамды міндетті түрде шақырыңдар. Жолын өзі көтерсін, жамбас ақысын мен көтерейін – деп ұсыныс айтты», – деген өтінішінен басталды.
Тегін жүрісті өзім де ұнатушы едім, бірақ: «Жамбасақысыз», – деген сөз шымбайыма сәл батып, қытығыма тигендей болғанымен (күніне жүз жиырма доллардан кем емес), Хас-ағаңмен құланның қасысуындай көңіл шымшымамыз бар еді әрі: «Әттең екеуміз бір-бірімізбен жас кезімізде танысатын-ақ жігіт екенбіз, сонда біраз дүниенің басын қайырып тастауымыз мүмкін еді, барлауға күдіксіз шығатын жауқағар жонды жауынгер азамат екен», – деген іштей бір дәмелі өкінішім бар еді. Соны демеуретіп бір жолын табармын-ау. Ең ыңғайсызы: дүние ғалымдарының алдында өз ұлтыңның көсемдерінің «қалай жапон шпионы болғанын» жария ету үшін соншама қиянға алып-ұшып бару. Сол арада Хасекеңнің інісі Әбубашар, жеделдетіп Хасекеңнің өзі де дегбірлете хабарласып, бейтарап аймақта – Станболда оңаша бір әңгіменің орайы келіп тұрғанын, сөзінің соңына менің жиі қымқыра қолданатын сөзімді өзіме қаратып: «Әңгіме де, пәтер де тегін!», – деп бұйымтайын бұйыра қайырды. Түсінген адамға бұл сөз, шынында да, ағалық бұйрық-наз еді. Базына-бұйрыққа бойсынып «Жапон шпиондарының» тергеу істерінің құжаттарын қайта қарастырсам, боздақтардың барлығы да «Түркия мен Жапон шпионы» боп боздап кеткен екен. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтің 1938 жылы 6 қаңтар күні КССР ішкі істер халық комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:
«Мен – Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды», – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым», – деген «мойындауы» келісуге мойынса етті.
Шындығында да, олардың бұл құрбандығының құнын халықаралық қауымдастық, оның ішінде жапондардың өздері біле ме екен? Осы көрсетіндідегі «1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін» деген сөздің астарына алашордашылардың тағдыр талқысы да тоғысып тұр еді. Жапонияның Токио, Tsukuba университтерінің оқымыстылары ұйымдастырған, оның ішінде Орталық Азияның маманы профессор Х.Комацу бар екенін білген соң, сөзіміз жерде қалмай, жеріне жететіндей, дұрыс түсінілетіндей көрінді. Сөйтіп, аға мен қарындастың қолқасы, алаш идеясының астарлы тағдыры жөні келген, жолымыз болған жолға жетеледі.
Мұндағы Хасен Оралтай – Мұстафа Шоқайдан кейін елу жыл Американың Еуропа құрылығындағы «Азаттық» радиосы мен ақпараттар жүйесінде қазақтың бостандық идеясын насихаттаған атақты қаламгер және қоғам қайраткері. Шет елдегі қазақ диаспорасының көшбасы. Елуінші жылдары Шығыс Түркістаннан өкше көтеріп, Такламакан шөлін, Тибеттің жұт жотасын, Гималайдың ысты асуын, Бұланайдың мұздауанын, Кашмирдің құрғамайтын қара жаңбырын, Үндістанның аптабын, арабтың шөлін басып түркі жұртына қоныс тепкен «азаттық іздеген көштің» (Қ.Ынтыханұлы) көсемі Қалибек хакімнің ұлы, мұхажжир. «Елімайлар өткен өмір» атты ғұмырнамалық әфсананың авторы. Қазір Мюнхенде тұрады.
Күнделік кейіпкерлері
Қазақстандық және түркиялық нағашы-жиендер: сол жақта Хасен Оралтай, Никара Мұхамеджанқызы Бафина, Хадиша Қалибеккеліні, Назым Тұрсынқызы (арт жақта) мен Тұрсын Құдакелдіұлы және .... Ғалия апай Қалибекқызы
*** *** ***
16 – 17 наурыздың дүбарасы. Астана – Станбол: Зейтұнбұрын (Зәйтұнтұмсық). Алланың бір тәулікке өлшеп берген жарық сәулесін бес сағатқа ұзартып, батқан күнмен жарысып отырып Станболдың Ататүрік атындағы әуежайына қондық. Астана алақұйын борандатып шығарып салған. Мұнда қоңыр салқын ғана. Қарсы алған ешкім көрінбеді.. Жарты сағаттан соң алаңдай бастадым. Әужайы көзтаныстау еді. Бәрібір көңілге абыржу кірді: «Әлгі тегін құрметіміз осы болып жүрмесін» – деген ұры ой да қылт ете қалды. Оқығанда ұзынырғасы түсінікті түрік тілі сөйлеуге келгенде жатырқап кетеді. Әйтеуір полицияға түсіндірдім. Жауабын өзім де түсіндім. Сөйтсем күту алаңынан жаңылыппын. Сырттағыларға тосқауыл қоятын тоспа есіме сонда түсті. Шыға келгенімде шайтанқұлағын жағына жабыстыра: «Міне, шықты!», – деп саңқылдап Шүкірәли тұра ұмтылды. Сол екі арада Хасен ағамыз Мюнхеннен екі мәрте хабарласып үлгеріпті. Енді болмаса олар да полицияға бармақ екен...
Дауысымды естіп барып Хасен ағамыздың алаңы басылды. Сонда да: «Өзі Мюнхеньде тұрып Станболдағы жолаушыны қарсы алған қазақты көргенім осы», –.деп шымшып үлгердім. Миығынан күлген шығар. Жиендері Шүкірәли мен Рамазан маған одырая қарады да: «Ой, ағамыз қатты мазасызданып, сізді күту үшін мені сонау Салихлыдан (арасы тоғыз жүз шақырым) шақыртып алды. Қашан шығарып салғанша күндіз-түні көлігімізбен мына Рамазан екеуміз қасыңыздамыз. Өзі дәрігердің әбігерінен шыға алмай қалды. Соған өкініп, сіздің әр сағат-минутыңызды кестеге түсіріп қойды. Малтөбеге ертең барасыз. Қонақжайыңызды кеше көріп, жамбасақысын төлеттіріп қойды. Қалғанын тағы да өзі бақылап отырмақ», – деді.
Сөйтіп, әмір қатты екен. Мен Хасекеңнің туған қарындасы Ғалия апайдың үйіне ұя басады екем. Қазақ – қаншыл жұрт дейді, қазақ қаншыл емес, қазақтың қыздары қаншыл. Жігіт атаулыны қырық күрмеу, мың мұқтаждықтан шығаратын ең сенімді жандар – апайың мен қарындасың. Бұл да біздің бастан кешкен тәжірибе. Деген қулық оймен Ғалия апайдың есігін ашқан бетте-ақ ... арқам кеңіп сала берді. Өзімнің-ақ апайымның үйі екен. Енді алманиялықтар алаңдамаса да болады дегенімше Хасекең де шайтанқұлақты шырылдатып қоя берді. Қатардағы рахметті қоңылтақсып тағы да бір шымшығым келгенімен, сөзімнің шынайы ризалығы сезіліп қалды. Іле Станболдағы қазақтардың «Ассалаумағалейумы» басталып кетті. Түн ортасы, тосаңсып уақыт алатын емес. Осы әулетке тиесілі «бір шымшым шымшымам» бар еді, соған салып, қойны-қоныштарына кіріп кеттім. Қанша айтқанмен атадан қалған жөн-жосық емес пе, ол қулығым өзін-өзі ақтады. Ғалия апай үрім-бұтақты, алыс-берісті, қазақтасқан түріктің, түріктескен қазақтың ұябасар жанашыры екен. Нұрғожай батырдың естелік кітабын таратып бердім. Түн белдеуінен асқанда сәлемдесушілер де тізелерін жазды.
Бізден бұрын да Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғалидың жамбасын сарғайтқан түпкі оңаша бөлмедегі жұмсақ төсекте осы күнделікті асығыс қағазға түсірдім. Таныстықтың көкесі алда деген соң көп адамның атын есте сақтауға тырыспадым. Бұл жолдарды қағазға түсіртіп отырған Ғалия апайдың қою қызыл, ыстық және ... тегін шайы ғой! Жол жүргендегі алаңым шай болушы еді, Хасекең одан да құтқарған екен. Таң қараңғысымен Малтөбеге жүрмекпіз. Шетелге келгенім сезілместен көзім іліне берді...(...)
17 наурыз. Станблол: Зейтұнбұрын – Малтөбе. Бұл бір бабымен атқан таң болды. Ал өлшемі қысқа күннің ырыздығын тіршіліктің үш күндік әсеріне баладық. Бабымен атқан таңның бабын келтірген Ғалия апайдың таңғы шайы болды. Шәйдің не төресін қанып-ақ ішіп жүрміз ғой. Бірақ мына таңғы дастарханның жөні басқа еді. Мен шешеден ерте айырылсам да әжем мен апайларымның, жеңгелерімнің алақанында өскен кесірлі жетім болдым. Олар таң атпай дастарханға барын салып, шайын демдеп, қашан керіліп оянғанша күтіп отыратын. Дауыстап емес, шәйнектегі демделген шайдың қалампыр қосқан иісімен, сондай бір мейірімді пейілімен үнсіз оятушы еді. Астафир-алла! Ғалия апай да мені тура сол «әдіспен» оятты. Ет-жүрегім елжіреп кетті... Сөйтсем, Шүкірәли мен Рамазан таңмен таласып келіп, күтіп отыр екен. Дастарханда, айттым ғой, әлгінде, тура менің бала кезімдегі ... уыз, сүзбе, қатық, кілегей, қаймақ, құймақ, ақ құрт, ірімшік, ақ тоқаш, бал, қуырдақ, сүт, айран, құрма, зәйтүн, бүлдірген тосабы, ыстық нан, сары май. Тура сол әжем Динақанның, апайларым Жабағы, Изагүл, Түбітқан, Айымхан, Рашқан, жеңгелерім Сәкеш, Күлімханның дастарханы. Әр қайсысының дәмін түгел татып шыққанда ғана тояттайтындай тәбетті, өлшемді. Ой, аллай! Мұндай да қайталау болады екен-ау! Тек Динахан әжем башпайымды уқалап-иіскелеп, Жабағы, Изагүл апайларым маңдайымнан сипап отыратын. Түбітқан мен Рашқан қазір де сирек те болса еркелетіп қояды. Енді, алпысқа келгенде олардың немерлерімен таласқым келмесе де, басым өзінен өзі соларға қарай иіле береді... Мен бұл ойымды, әрине, Ғалия апайға айта алмадым. Тек: «Ғалия апай, шешеден көрген тәліміңіз-ау! Нағшыларыңыз тәуір жерден болды ғой. Бәсе, шайыңыздың «қырықсеркештеніп тұрғаны», – деген болдым. Ғалия апай мен Сыдықан ағамыз түсініп, жымиды. Осы заманның «пәледиелері» (өкілдері) Шүкірәли мен Рамазан бір-біріне қарасты.
Бүгінгі ұзақ та жауапты күннің қарбалас қам-қаракеті асықтырып тұрса да жайбарақаттана қозғалдым. Жандүниемді тербеткен осынау бір жайлы таңда бөленген тебіренісімді, енді ғана қызғалдақтай ашылып келе жатқан шағында, осыдан алпыс жыл бұрын елінен іргесі ажыраған он үш жасар қыздың ана тәрбиесі мен өнегесін, ұлтының уызын сақтап қалған қасиетін бойыма сіңіруге тырыстым. Қазақы жұрттың өзінде ұмытылған дастархан мейірімін, елеске айналып кеткен өмір мен сағынған жандардың жан жылуын, әжем мен апайларымды еске түсірген Ғалия апай да менің өз апайым деген жолдарды күнделігіме түсірдім. Міне, түн ортасы ауып бара жатқанда да мен ол кісіні сағынып, ауанымды басу үшін, қаламнан қолымды алдым...(...).
18 науырыз. Станбол: Малтөбе. Кешегі «Күнделіктегі» ұзақ жазудың табы ма, ортан саусағым шанышқылап оятты. Арбадан бұзылған кәрі ат сияқты осындай бір үйреншікті жыны бар. Шүкірәли мен Рамазан да орнымнан тапжылтпай басты. Дүйсекеңнің ұсынысын айтып ем: «Алаңдамаңыз. Хасен аға қонағын Түркияның екінші сайын башқаны Көксал Топтан мен екі бірдей министр «тегін» қабылдап жатса, әрине қуанады. Ал Ғалия апай нағашы жұрты үшін мақтанады. Түсіндіреміз», – десті. Менің осыдан жиырма бес жыл бұрын «мәтелге айналдырып алған «тегінімді» бұлар да тегін меңгеріп алған екен. Оның өзі ащы шындықтан туған астарлы сөз еді. Енді, міне, «шайтанқұлақпен» (ұялы телефон) қоса бұл да халықаралық терминге айналды. Әттең, Оразгүл бегім мен Шерубай інім мұны мойындамайды-ау! Мен: «Олармен дәл қазір сөйлесейік» – деп тұрғанда «пәледиелерді» шығындандырмай Хасекеңнің өзі хабарласа қалды.
Бұл не деген «тегін» қамқорлық десеңші әрі ел болудан дәмесі бар жиендеріне сенсе де қадағалап қойғаны! Бұл енді қанша қазақпын десе де Хасакеңнің де «немістене бастаған» мінезі болса керек. Адамды бәріне қимайтын, бірақ ұйқының алдында әкесінің де құнын кешіп жіберетін қазақылық мінез емес. Өйткені Мюнхенде қазір сағат таңғы алты. «Баптаушысы келіссе – шаппайтын ат жоқ, шақырушысы келіссе – бармайтын жолаушы жоқ.» – деді. Айтты-ақ! Иә, екі шақырушы да мін жоқ.. Хасекең айтқандай, енді тегін дүниені есебін табу ғана қалды. Бірақ.... бүгін ілесіп кете алмаймыз. Баяндама бар және әдейілеп келген конференцияның қорытындысын естімей кету – әдепсіздік. Шүкірәли мен Рамазанға: «Сендер де жұмыссыз қалмаңдар. Бір араба жалдап, бірге барайық.», – деп ұсыныс айттым. «Ләппай» – деуін деді, бірақ Шүкірәли: «Онда мен сізді шығарып сала алмай қаламын-ау. Жиырма жеті – жиырма тоғызында сайлау. Мен қалалық веледиеге (мәслихатқа) уәкілдікке «Ақ партияның» атынан сайлауға түсіп жатыр ем. Бұл Түркиядағы үкіметтің тамыры. Қаражатты бөлетін, саясатты анықтайтын, үкіметтің мәселесін шешетін жер. Хасекеңнің бұйрығымен ғана сіздің жаныңызда жүрмін. Ол кісінің әмірін орындамасақ болмайды ғой», – деді. «Бәсе, менің нағып беделім асып кетті десем. Біз Салихлыға барған соң сен сонда қал. Түркияны дәл осындай тулақтай қағыстырып шығудың енді сәті түспес. Ал жүрістің кіріс-шығысын Дүйсекең (Дүйсен Қасейінов) тапсырған Асқармен өздерің ақылдасыңдар. Келіссе – ертең ертемен жайлы бір араба дайындаңдар. Сен қайтарда сол Салихлыда қал. Мен де Хасекеңе айтып, сені босаттыра аламын», – дедім. Табан астында шайтанқұлақпен сөйлесіп, ол тапсырманы да тындырымды аяқтады. Сөйтіп, Анкараны ғана емес, бүкіл Түркияның жетпіс пайызын арабамен аралап шығатын болдық. Қаншама тарихи жер көретінімді ойлағанның өзіне аңсарымның сусыны қанып қалды...
(...)
25 науырыз. Салихлы. Бесағаш. Таңғы салқынмен ерте ояндым. Тау іші, Өзен сарыны. Сайраған бұлбұлдар. Таңғы азан дауысы жаныңа жағымды-ақ. Өзен бойын араладым. Айналаны қоршаған сұлу шоқылар. Соның ішінде ұшар алқымдағы бес бәйтерек шайқалып тұрған ғимаратқа көзім түсті. Шіркін, таңдап-ақ салған екен! Таңды елден бұрын қарсы алып, күнді елдің ең соңынан шығарып салатын құдайдың қандай сүйген құлы екен? Әр есіктен әркім басын көрсетіп жатыр. Бір араба боп Шүкірәли, Рамазан келді. Ішіндегі аса шаққан, өзімсінгенге өкпесін емес, бауырын ұсынатын, шоқша сақалды, мырза киімді, екі бетінен қаны тамған «тақиялы періште» сиқтанған қария : «Бауырым!» – деп бас салды. Мен де онша қиналмай бауыр баса қалдым. Сөйтсем, Түркияға келгеннен бері «шайтанқұлақтан» тегін сәлем жаудырып жүрген Шүкірәли мен Рамазанның әкесі Көксеген ақсақал осы кісі екен! Шүйіркелесе кеттік. Әуеліде арыдан бір шалып, беріден бір шалып шашыраңқырап кетсек те, сәлден соң әңгіме жүйесін таба бастады. Суыртпақтың ұшы табылды. Мен: бүгін осындағы қарияларға сәлем беремін, Қалибек кәкім мен Қамза Ұшардың үйіне құран оқып шығамын, зират басына барамын. Елмен араласамын, – дедім. «Пәледилерім» келісті. Тек орталық мәдениет майданындағы тігулі киіз үйге бәрі келеді екен. Сонда бір-екі ауыз сөз сөйлеген соң тізгінімді босататын болды.
Көксеген қария: «Бәрі де дұрыс. Түркі елі жер бергенде Қалибек хакім осы араны таңдады. Екеуміз тура осы арасанның анау тұсына күрке тігіп, ем-дом алдық. Хакім ағамыз он төрт жасымнан мені қасына алды. Содан бері үйірінен шыққам жоқ. Көрегенін айтамын. Сонда; «Ей, Көксеген! Түбі түркі жұртына да ес кіреді. Жер тараяды. Күнде кеңшілік жасалмайды. Дәл қазір осы арасанның бойынан жер алайық. Сен де жан басының санын көбейт. Әр қайсың әр түрлі сой алыңдар»,– деді. Сөйтіп осы арасанның бойынан жер алып, үй салдық. Анау текшедегі бес терек егілген үй сонда алынған жерге салынды», – деді. Тура таңертең өзім қызыққан үйім! Енді сатуға бейім сияқты. «Ағайындасқанымыз рас па, менің бұйымтай сұрауыма бола ма?», – дедім. Қауқылдасып қалды. «Онда ана ағаш егілген текшеге Бесағаш деп ат қоямын. Сол ағаштың біреуін маған қиясыздар ма? Онда қисаңыздар ол ағаш мәңгілік менікі, баламның баласына мұра болып қалады және ешқашан сатылмайды. Менің ықтиярымсыз сатсаңыздар халықаралық сотқа беремін. Өйткені, ел өседі, көшеді. Жер мәңгілік қалады. Жерсіз қалсаңыздар – отансыз қаласыздар», – дедім. Көксеген ақсақал: «Уәде!», – деп қос қолын ұсынды. Төс қағыстырып сөз байластық. Бұл әңгімені біздің қыз-жігіттер қуаныса қабылдады. Сонымен, Салихлының таңы мені «помещик» жасады. Ой сала жүрсін дегенім ғой. Әйтпесе... Дегенмен де, меншіктің аты –меншік, уәденің аты – уәде емес пе. Үрім-бұтағының мұны да ескере жүргені жөн. Шіркін, балаларыма бір көрсетсем-ау!
Көксеген ақсақал Бесағаш төбесін көрсетіп тұр. Салихлыдағы наурыз мейрамы кезінде: Көксеген қария, Тұрсын Жұртбай, Мәлік қажы, Хадиша апй, Бәтима Ұшарқызы, Бекарыс ақын.
Салихлының өзі де сергек қала көрінді, соған орай адамдары да, ондағы қазақтар да сергек екен. Қалалық мәдениет майданына келгенде әлем-жәлемденген, Түркия мен Қазақстанның жалауы асқақ желбіреген, салтанатты киінген, екі қазақ үй қатарласа тігілген, ақ шатырлы шаңқан алаңқайға тап болдық. Дуылдасқан қазақтар мен түріктер аралас-құралас, әзіл-қалжыңмен айқараласып жүр. Көз қуанады. Салихлыда Қазақ ауылы бар. Ауыл дегеніңіз болмаса бәрі де екі-төрт қабатты үйлер. Қаумаласа амандастық. Қамза Ұшардың қызы Бәтима апаймен Алматыда танысып ек. Сол кісі Қалибек хакімнің бәйбішесі Хадиша апайға қарай жетеледі. Бекарыс екеуміз солай ойыстық. Керей мен найманның дәстүрін араластыра ізет жасап (ол кіслер үшін бұл аса маңызды дәстр), қолдарын маңдайыма бастым. Екі қайтара жауаптасқаннан соң-ақ әңгіме жөніне көшті де еркінсіп алдым. Көңілін де, тілін де тауып тұрсаң, иімейтін ана бола ма? Келісті, сөзі де орнықты, Абайдың немересі Ақылия апайды еске түсіретін нағыз ел анасы екен. Астарлы сөзді қалай түсініп, қалай бабымен жауап береді десеңші. Сөзге деген қыбым бір қанып қалды. Қарттар да қатарласа қалды. Жедел сұхбаттың жауабы да тез қайырылып отырды. Азаттық аңсаған көштің бұйдасын ұстаған Мәделім қажы, Көксеген, Мәлік сияқты ежелгі қарт жауынгерлердің әңгімесінің ұшығын тыңдағанда осынау шағын жұрттың қаһармандық рухына таң қаласың. Салтанатты науырыздың көтеріңкі көңіл-күйін түсіргім келмей, Бекарысты таныстырғансып, ауылдың алты ауызын сылтауратып, дауыстарыңыз құлағымызда жүрсін – дегендей уәжге көштім. Қолымды қыса ұстап отырған Халибек хакімнің жамағаты, тоқсан екі жастағы Хадиша кейуана кенет:
Ауылым – Қызыл өзен, жар басында,
Алтайдың жылқы жайдым қырқасына.
Тең болып терезесі, білімі де,
Керейдің таңдап тидім мырзасына, –
дегені. Атақты айтыскер Бекарысқа емеуірін танытқанымызда Хадиша анамыз:
Қалдың-ау, амал бар ма, мекенім-ай,
Қалдың-ау, керей, найман екі елім-ай.
Өлеңді енді айтып не қылайын,
Жасым келді тоқсанның екеуіне-ай, -
деп Бекарысқа қарап өлеңдете жөнелгенде, айтулы ақынымыздың өнебойы шымырлап қоя берді.
«Біз де көкбөрінің тұқымымыз!». Салихлының уәлиі Қазақстан елшісі Бағдат Әміреев пен «Түріксойдың» бас директоры Дүйсен Қасейінов бастатқан қазақстандықтарды ресми қабылдады.
Еруліге қарулы қайрып, батасын алды. Аз уақытқа созылған, бірақ ұмытылмайтын сәт болды. Асықтай үйіріліп ығына жығылып, идіріп-тартып: «Қай партияға дауыс бересіз? Қай сайын башқанды жақсы көресіз», – дегенімде оң қолын көтеріп, бас бармақ пен ортан теректі, шылдыр шүмекті бүге қойып, сұқ саусақ пен кішкентай бөбекті шошайта қойды да: «Башқандардың ішінде Мендерес пен Тұрғыт Өзалға жететіні жоқ. Мендерес жазықсыз атылды. Нағыз түрікшіл сол еді. Ал партияға келетін болсақ, өз басым бөріліктен жаңылмаймын. Ағарған мыналар ағара берсін», – деді. Бәріміз күлдік. Сөйтсек, бір үйдегі бірнеше адам әр партияның өкілі екен. Мысалы, Хадиша апайдың төркіндері «Ақ партияға», балалары «Бозқұртқа», тағы бір туысы демократтарға мүше екен. Бауыры Шүкірәли осы Салихлы қаласының Веледиесіне (мәслихатына) «Ақ партияның» атынан сайлауға түсіп жатыр. Соны мекзегені. Сонымен, қазақтар да демократияланып-ақ тұр екен. Мәслихатқа қазақ ілінбеген кез жоқ көрінеді. Бұл да амал! Сайлау қарсаңы болғандықтан ба, жоқ, жөн білгендері ме, қазақтың наурызына қаланың әкімдері, барлық партияның басшылары, «Түріксой» мен «Түрік дүниесінің» өкілдері, көпестер, Ізмірдегі қазақтар мен қазақ студенттері келіпті. Барлық «веледиелер» қазақтармен құшақтасып көрісіп, қал сұрасып жаты. Демек бір-бірін жақсы біледі, қазақтардың қадірі бар деген сөз. Мұнда да маған таныс өренжілер – өрендер кезікті. Кейде дәріс бергеннің де пайдасы бар екен. Әкімдер де, біз де сөйледік. «Аққудың» концерті де көңілден шықты. Әсіресе, Алтайдың әнін Меруеш тамылжыта жөнелгенде қарттардың жігіт шағы, әжелердің қыз кезі есіне түсіп, аһыласып-уһілесіп қалды. Еркін сөйлесіп, арқамыз жазылды. Анда-санда Көксеген ақсақалға тауды нұсқап: «Бесағаш осы жақта ма еді?», – деп қоямын қуланып. Көңілді тарқастық та біз қалалық зиратқа бет алдық.
Салихлы – жиырмасыншы жылдардағы еуропалық басқыншыларға қарсы майдан өткен жер. Жалпы теңіз жағалауының бәрі де майдан даласы болған. Сонда Салихлы деген жас жігіт ерлікпен қаза тауып, қала соның есімімен аталыпты. Мұнда ұлт үшін құрбан болған шаһиттер жерленеді екен. Сондықтан күтімі де ерекше. Бас қақпаның сол қапталындағы Қалибек хакімнің зиратына құран оқып, орынымнан тұра бергенімде ... төбе құйқам шымырлап кетті. Қара таста жылы көрсетілмеген «Хасен Оралтай» деп жазулы тұр. Бұл қалай? Көзінің тірісінде өзінің жер бесігін дайындатып қойған ба? Сонау Мюнхенде жүрген адамның бұл харакетіне қалай қарасақ екен? Түсінемін. Түсінемін. Қайбір еріккеннен дейсің. Оның себептерін тереңдеп сезінген сайын түнде ғана сөйлескен Хасекеңнің кеудесіне толған шердің ащылығын ұғып: «Осы мен орынсыз шымшымалап жүрген жоқпын ба?», – деген ой да келді. Бірақ бір сәтке де жымиыспен жұбаныш сыйласам, соның өзі дертіне дауа емес пе? Енді мүләйімсігенім болмас. Кейін шешесінің үйінде телефон шалдырып, әріден орағытып отырып сөз арасында: «Көрдім... көрдім» – дедім. Одан артық сөз айта алмадым. Тамағыма жас тығылып қалды. Сонда да сөздің артын әкесі марқұмға аударып, жаймашуақтатып жібердім. Қамза Ұшардың басына да бардық. Бұл кісінің хаттарын кезінде кітапқа жариялап едім. Содан шығып Қалибек хакімнің үйіне келіп, шешем аттас Хадиша апаймен қайта көрісіп, дастарханынан дәм таттым. Айқын есімді «Бозғұрт» баласы бір уыс белгіше әкеп берді. Хадиша апай екеуміз тәп-тәуір ақтарылдық. Ол әңгіменің көлемін «Күнделік» көтермейді. Жеке желінің арқауы. Тек: «Гималайдың ыс тауынан асқаннан кейін әйелдердің барлағы да бала көтере алмай қалды. Мен де алты жылдан кейін ана атандым», – деді. Осының өзі-ақ осынау аналардың жан қасіретін көрсетеді емес пе. Ақыры шешесі мен ұлының қоштасқанындай көңіл-күйде, «Көкбөрінің» белгісімен саусағымызды шошайтып тұрып қоштастық. Балалары: «Тоқсан екідегі шешемізді ұшықтап кеттіңіз. Сіз келіп едіңіз мейрамға да барды, дастарханға да отырды, қонақ шақыртып та үлгерді. Бір сергіді», – десті. Оған біз де марқайып қалдық. «Қызбала қаншыл келеді. Мәселе іздеп келген бауырға байланысты», – дедім...
(...)
26 науырыз. Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес – Шанаққала (Троя) – Станбол. Бұл күнді аңызбен аралас өткен күн десе де болады. Мың шақырымға жуық жол жүрдік және қандай жол десеңші. Кеше Ізмір арқылы Трояға соғатынымды естіген талдықорғандық қыз бала: «Ізмірге Эфес, Селжүк қалалары жақын. Мария Магдалинаның құжырасы бар», – дегенді естіген соң қалайда баруға тырысып, Рамазанға жолдың жөнін біліп алу туралы тапсырма бергем. Адамзаттың бүкіл тарихын көз алдыңнан өткізіп шығатын мұндай сапардың сәті түсе бермейді.
(...) ... Бүкіл Түркияны аралағанда маңдайымызды ұстаған Трояға бес шақырымдай жерден бетімізді бұрып өттік. Ол өзі шоқының үстінде, толық қазылмаған қала, түн ішінде күзет те кіргізбейді және мына найзағайлы нөсер ешнәрсе көрсетпейді. Өзегім шым-шым қызып, өкіне Эгей теңізі мен мәрмәр теңізін жалғастыратын мойнаққа келдік. Паромға отырып, он шақырымдай жерде жарқарап тұрған еуропалық қалаға шықтық. Содан Болғарияның шекарасын сызып отырып Тақыртас үстірті арқылы Станболға ... түн ортасында, сағат екіде жеттік.
О, кейуана! Түс ауа шайтанқұлақпен әлсін-әлі мазасыздана хабарласқан Ғалия апай ыстық, қою шайын демдеп, сорпасын дәмдеп, қабағынан мейірім төгіліп бізді күтіп отыр екен! Сонда ғана Хасекең еске түсті. Ол кісі де бірнеше рет хабарласыпты. Ес жиып барып, есеп бердік. «Жолдасын жолда тастамайтын нағыз жігіттің төресі екен» – дедім, әрине, іштей. «Таңғы ырыс – Тәңірден» деп Ғалия апайдың жайлы төсегіне жамбас тигіздім. Қаншама бойкүйезденсем де еріксіз «Күнделікке» самарқаулау қол создым. Түнгі сағат үш жарым екен.
27 науырыз. Станбол: «Түрік дүниесі» мен Станбол университеті.
(...) ... Аз уақытты қамтыған сапар нәтижелі болды деп есептеуге толық негіз бар. Сондай бір қанағаттанған сезіммен екінті ауа Ғалия апайдың үйіне келдім. Бүгін кешке осы Станболдағы қазақтарды сәлемдесуге қонақасыға шақырыпты. Бір-екі сағаттық тынысты пайдаланып жол жүгі мен «Күнделігімді» реттедім.
Отырыстың соңына ала Хасен ағамыз хабарласты. Сонау Мюнхенде отырып көрсеткен барлық сый-сияпатына, күтіміне, назардан шығармағанына алғыс айттым. Сонымен қоса біз туралы жақсы пікір білдіргенде: «Нағашылығынан басқа кемшілігі жоқ», – деген екен. Ерулісіне қарулысы сияқтандырып:: «Жиеннен көрген бір қызығым болды», – дедім астарлап. Шындығында да, Құдай қолдаған, ол кісі де, біз де риза болған бір сапар болды. Ертең кешкі сағат жетіде елге қайтамын. Кітаптарды буып-түю, күнделікті толтыру да қысқа түннің біраз уақытын алды.
Станбол –– Анкара – Недия – Алтай ауылы – Кония – Афина – Салихлы – Ізмір – Селжүк – Эфес–Шанаққала – Троя – Станбол – Астана».
.
Қайтар сәттеге қоштасу: Еренгүл Шүкірәлиқызы (Салихлы)
ХХХ ХХХ ХХХ
Міне, осындай қимас сезімдерге құрылған бауыр басқан бауырластығымыз ұзаққа созылмады. Екі-үш рет шайтанқұлақ арқылы сөйлесіп, жарияланған күнделіктерімді Әбуақап пен Мариям арқылы жіберіп, мәз болып жүргенде Мариям Хасен ағаның ауырлап жатқанын айтты. Ғалия апай да Мюнхенге кетіпті. Екі-үш рет шайтанқұлақпен хабарластым, бірақ, тіліміз әр түрлі шыққандықтан, Хасекеңнің өзімен сөйлесудің реті келмеді. Бір күні Мариям Қырымлыдан «Хасен ағай дүниеден өтті» – деген суыт хабар жетті. Салихлыға денесін әкелген күні телефон арқылы барлық туысқандарына көңіл айттым. Сөзім кімге жетті, кімге жетпеді, білмеймін.
Асыл аға, Хасен аға, қазақтың туын желбіреткен жалаңтөс жігіт, алмас қылыш сияқты өткір азамат еді. Ол туралы Р.Нұрғалидің шәкірті Қ.Байтанаева докторлық диссертация жазып бітірді. Барлық қызметі сонда айтылғандықтан да, пенде ретіндегі бір қырына тоқталдым. Үлкен әңгіме алда. Міне, Рымғали аға екеуінің бірінің дүниеден өткенін екіншісі білмей, қатарласа бақиға аттанғанына да жыл толмақ. Осы шағын сөз Хасекеңнің қабіріне салған бір уыс топырағым болсын. Алла жазса, Салихлыға қалайда бір соғып, үлкен парызымды сонда орындармын деп ойлаймын.
Тұрсын Жұртбай.
Астана.
11.01. 20117
Достарыңызбен бөлісу: |